Әбіш Кекілбаев | Бәйгеторы

Бәйгеторы Сейісті бірден таныды. Сейіс бірақ осы ауылдың бота-тайлағына таланып, жал мен құйрықтан атымен ада боп сүңкі кеткен бұны қапелімде тани алмай қалды. Жалтыр сауыры көк масатыдай күлің-күлің еткен көк ала дөненді көлеңдетіп ортадағы ақ үйге барып түсті. Сосын баяғы әдетінше, тұсап жатып, атының тірсегін, шашасын, тұяғын түгел тінтіп қарап шықты. Көлеңкеде қарш-қарш шыбын қағып жатқан қара ала төбетті қуып жіберді.

Арса-арса қабырғасындағы қатпар жарасына тиісіп, қара ала төбетті діңкелеткен көк шыбын енді көк ала дөненнің мазасын алар деп сескенді. Асыққа таласып қызыл шеке болып жүрген екі баланы да: «Қасына бармаңдар, асау, теуіп кетеді», — деп қорқытып қойды. Ақ үйге сосын барып кірді. Жаулығының ұшын толарсағына жеткізіп, шұбата тартқан ақ үйдің әйелі қолына қара шәйнек ұстап, жерошақ басына беттеді. Бәйгеторы Сейістің шамалы уақытта шыға қоймасын білді.

Жерге басын салып еді, жаншылып қалған кесірткедей жер бауырлаған тарамыс жусан арасы сиреп селдіреп қалған тісіне ілікпеді; өзінін бір түрлі көңірсіген сілті иісі бар екен. Бәйгеторы басын көтеріп алды. Екі көзінің арасында ұшып-қонып жүрген сары пәлені көрді, мүкіс тартқан құлағы ызыңын да естімепті. Басын шұлғыса, ту сыртына барып қонады. Өне бойын дір-дір шіміріктіріп, тызылдатып шағады. Құйрығын бұлғап еді, бар қылынан айырылған бір тұтам қылта ауада ербеңдеп қалды. Одан бөгелек қайдан үріксін? Бәйгеторы шыдай алмай шапшып көрді. Шапшығанда да қайда барарын білмеді. Ауылдың желкесіндегі машинамен су әкеліп құятын тоғанның қасына барса, темір астаудан опыр-топыр су ішіп жатқан қозы-лақ бұған бәрібір жол бермейді, осы ауылдың бар бота-тайлағы да со маңда жүр. Боталары мен қозы-лағына су жеткізе алмай жаны күйіп жүрген қатындардың қақ маңдайдан салып қалуы да мүмкін. Әне бір екі-үш бөшкені қалқалап қойған тақтай күркенің көлеңкесіне барып тұрар еді, құжынаған көк шыбынын шұбыртып қара ала төбет жатып алыпты. .....
Әңгімелер
Толық