Нәсіреддин Сералиев | Мен баламын ба

1

— Қойшыжан, кешігіп қалмайсың ба?

— Кешікпеймін. — Мен жастығымның астындағы «штамповкі» сағатымды алып қарайым. Әлі ерте. Сағат екі жарым. Кенсе ашылатын уақытқа әлі аттай біржарым сағат бар.

— Сенің со сырқылдағың тұрып қалған шығар, үйдің іші жап-жарық қой, — дейді апам.

Тайдың тұяғындай дөңгелек қалта сағатымды жалма-жан құлағыма тосамын. Жоқ, натидың ескі моторынша тарс-тарс ұрып тұр. Жазда апам арқалап қауын сатқан ақшасына тамағынан жырып, «сабақ бергенде уақытты біліп отырасың» деп, сатып алып беріп еді. «Отқа салсаң күймейтін, суға салсаң батпайтын, тасқа ұрсаң сынбайтын, өмір бойы тұрмайтын ғажайып сағат! Алып қал! Алып қал! Алмасаң да көріп қал!» деп жылмаңдатқан бір ақсақ саудагерден алғанбыз. Қу саудагер бізді алдап соққан екен, «ғажайып сағат» базардан шыға бере сыр берді... Өмірімде түңғыш сағат ұстаған менің екі езуім екі құлағымда. Кеудем де сағатпен қосыла дүрсілдейтіндей. Қуанғанда мұп-мұздай шойында ысып кете ме дедім, біресе он уысыма, біресе сол уысыма қысып келе жатқан сағатым жаңа туған тауықтың жұмыртқасы секілді жып-жылы. Бір мезетте соғысын байқайыншы деп құлағыма тосып едім... түк дыбыс жоқ. Сағат тіліне қарасам, ол да қаңтарылған аттай сілейіп қалған. Дереу апам екеуміз ізімізше базарға жүгіріп, әлгі саудагерді іздеп шарқ ұрдық. Ізім қайым жоқ, суға батып кеткен қара тастай. Біздей ашық ауызды алдап соққан алааяқ тұратын ба еді. Сан соғып қалғанымызды көргендер мүсіркеп жұбатып жатыр. Бір шалғы мұртты қазақ: «Шырағым, бұл штамповкі деген сағат болады, мезгілсіз шақыратын тауық секілді» деп сағатымды сілкіп-сілкіп қолыма берді. Сағат «кеудесі» зырқылдап қайта соқты. Амал қанша, өкініштен ішіме шоқ түскендей кете барғанмын.:. Мынау сағат, сол штамповкі. Тоқсан бір сом төлеп сағатшыға жөндетіп алғанмын. Сөйтсем де қара басып тұрын қала береді. Талай-талай ұятқа қалдырғаны бар.

— Тоқтамап па?—дейді апам шыдамсызданып тағы да.

— Тоқтамапты, апа.

Мен анамды апа дейім. Жұрттың бәрінің анасы солай ма, әлде жалғыз менің ғана анам ба, әйтеуір оның менен тек шығарға жаны бөлек. Бір минут көз алдынан таса қылғысы келмейді. Көзінен тайсам адасып кететін құттай баладай көреді де тұрады. Маған мұрт шыққанында шаруасы жоқ. Әкемнің айтуынша, әлдеқашан отау иесі, сабаудай жігіт болдым. Апамның емшектегі нәресте құсатып өбектегенінен ұялам... Кейде кісі көзінше-ақ жүз айналып, мың толғанатынын қайтерсің. Ондайда шыным, жердің жарығы болса соған кіріп кеткім келеді. Бірақ, қанша қысылғанмен ішім жек көрмейді. .....
Әңгімелер
Толық