Мұхтар Әуезов | Барымта

Жарық айлы түн еді, Аспан бұлтсыз ашық. Мың сан жұлдыз тұңғиықтанған түн аспанында алыстағы оттай таласып жылтылдап тұр. Июль жұлдызының аяғы болғандықтан, жайлаудағы шеткі қоныстарға өрістеп барған ел енді күзекке.таман қайта көшуге айналып бір-бір қоныс кейін шегініп келіп отырған. Қайтадан елдің бес-алты ауылы Кеңөзекке кешелер қонған болатын. Кеңөзек жайлаудағы шалқар қоныстың бірі еді. Бұның жері биік, кең төскей болатын. Терісаққанның елі жиылып көшкенде, кей кездерде Кеңөзекте он бес-жиырма ауылдай ел сыйып кететін қоныс бар еді. Қойнын ашып, төсін керген жалпақ шалғынды өзектің ортасында Кеңөзектің жіңішке суы ағатын. Бұл қоныстың өзге жайлаулардағы қоныстардың ішінде ең ерекше жері — жаздың қандай ыстық күн болса да, өзге жерден ерекше бір салқыны болатын. Солтүстіктегі биік таулардан асып келіп, үзіліп-үзіліп майысып соғып тұратын қоңыр салқын желі болушы еді. Өзектің айналасындағы төбелер ылғи жасыл шөпке оранып, мәңгі жастық түсінен айрылмайтын сияқтанушы еді. .....
Әңгімелер
Толық