Балғабек Қыдырбекұлы | Бауырымның бас терісі

Көптен көрмеген ауылыма сағынып жеттім. Колхоз іріленгелі бері мұнда келе алмай жүргенмін. Арасы тай шаптырым екі ауыл бұрын екі коллективтік шаруашылық болып, қысқа жіптері байлауға келсе де, күрмеуге келмей, былай тартса арба сынып, былай тартса егіз өліп дегендей болып жататын. Осы ауылдың бірінен мен оқуға аттанып едім. Енді міне, екі ауыл бірігіп бір үлкен колхоз болған. Мына бір төбесі қызыл қаңылтырлы еңселі үлкен үй бұрын жоқ еді, әлгі колхоз председателі Айтбай салғызып алды деп менің туысқандарым шағым айтып есігімді тындырмайтын. Жұрттың көзіне сүйелдей батқан, арыз қоздырушы құрылыс шамасы осы болды. Оған жалғас мына бір қыштан тұрғызылған ғимарат ауылдық совет председателі Көбектікі болса керек.

Қысқасын айтқанда, бәрін де біліп келе жатырмын. Келмесем бұл ауылға өзім келген жоқпын, ал менің көзім бұл ауылды талай сыртынан шолған. Қай шұңқырдан үй салғызуға Айтбай қанша қап топырақ қазып алғанын, оған дөңгелек күпшегінің ұңғысы желініп кеткен елуінші жылдар ішіндегі колхоздың шиқылдақ өгіз арбасының қай жолмен қанша рет барғанын естіп, талай көз алдыма елестететінмін. Ал менің миым да бұл ауылда талай болып қайтты. Кімнің үйінде қандай өзгеріс бар, қайсысы баласын қай күні сүндеттеткені, қай шеше қызын қай күні әкесінен жасырып, түн жамылтып күйеуге қашырып жібергені, олардың арасына кімнің жеңгетай болғаны, қашқан қыздан кімнің көйлек кигені, «өлі-тірісін» қай күні, қалай, кімдердің әкелгені, құдалыққа құйрық-бауыр асаса келгендерді тұнжырап, әлде қуана қарсы алғаны бәрі маған белгілі. Өсек-аяңды жақсы тыңдағыш менің журналистік құлағымның жайын жақсы білгендіктен ауыл адамдары маған Көпенбайдың есігінің алдында жатқан жұдырықтай тасты Шөпенбайдың алдарына. .....
Әңгімелер
Толық