Асқар Алтай | Альпинист


Шың басына шығыпты...

Шың басы — шыңылтыр аяз. Қар беті — қабыршақ мұз. Көк пен жердің арасы — кілкіген кілегей мұнар. Сол мұнар дүниеде таутекедей сексиіп жалғыз өзі қалыпты. Сол мұнар әлемде кеменің желкенсіз жалаңаш мачтасындай жетім шың жүзіп келеді.

Көлкіген мұнар ішінде, шаншылған шынар ұшында қарақшыдай қалқиып тұрған мұны мұң иеледі. Іле үрей биледі. Бойын суық тер басты. Ұлы биікте ауа жетпей, қос өкпесі қысылды.

Бұғалық түскен жылқыдай бөбежігі буындырып, жанары жарылардай шатынай бере оқыстан оянып кетті.

Қараңғы бөлмеде қара терге түсіп жатыр екен. Демін тереңнен тартып, көз үйретіп ұзақ жатты. Әлгінде ғана шың басын торлаған шаңыт әлем сансыраған санасынан жалқаулана сейілді.

Таң қараңғысы селкеу тартып, балкон жақтан бозғыл сәуле білінеді. Барыстай жымып балконға шықты. Көктемнің таңғы ызғары тәнін қарып, сергіп сала берді. Ол әлден уақта ас үйден апыл-құпыл ауқаттанып, тысқа шықты. Алматы ояныпты. Бір сәтке көк мұнар ішінде кемедей жүзген мұзарт шың мен шың басында жетімсіреген жұмбақ күйін есіне алды. “Бұл қай шың? Неге жалғыз? Түске де түрлі жайлар кіреді-ау!” деп автотұраққа қарай асыға адымдады.

Көктем туғалы, көңіліне жеңілтек қыздай жел кірген-ді. Алғашында жаз шықпай алаңдағанына жол болсын деп, өз-өзін тыйып тастауға тырысса да, алаң кірген сезімі асаусып, бастықпай-ақ қойған. Мамыр туып, жер жылысымен қарғын судай лықсып, алып-қашпа алапат сезімге ұласты. Бүгінде жар төсегін суынтқан таңғы сезім кешікпей байырқалы ойға бекіді. Өзін таудың шақырғанын түйсінді. Түйсінді де тіксінді...

Тап қазір құз кесіп, шыңға шырға салар мезгіл емес. Мазаң мамыр. Жылдың бұл айында күн қақтаған Африканың Килиманджаро төбесіне де адам атаулы аяқ баспайтын. Ал мұның асық көңілі қайда тартып тұр? Жер ананың төсіндегі Монблан мен Эверест тектес қос анарына да, ақ жал мен қара жал түсті жылқының шоқтығындай Аляска мен Кавказдың жалама жондарына да табаны тиген еді. Перғауынның пирамидасы іспетті Алатаудың Хантәңірісі мен боз бөрінің иесі текті Алтайдың Ақтауына да қонышы қажалған. Ендігісіне не жорық? .....
Әңгімелер
Толық