Ерхан Болатұлы | Жетім


2007-жылдың күңіренген күзі. Мұң жамылған, тұңғиық тылсым сырға толы жапырақтар тізбегі, бейне бір сағыныш хаттары іспетті. Ақ қайыңнан саудырап түсіп жатыр...

Қаулаған гүл, қара жер қойнауына еріксіз сүңгіп, аяқ астына тапталып, кешегі жайқалған жасыл шалғын қурап жаншылған. Бейне бір, құстар үнінен еріксіз мүлгіген ауыл тынысы тарылғандай. Түнек тынған күн болатын.

Таң атып, кеш қарайған шақта, тұңғиық бір түнекке еліткен, терезе саңылауынан сұқтана төнген сәулелі нұрдан еш жылу таба алмай, жарасымы ғайыптық күй кешіп жүрмін. Себебі, ардақты асқар тау әкемнің дүние салғанына екі жылдың жүзі болған.

Аяулы, арқа сүйер анашымның, қаладағы емханадан келер күнін санап, жолын тосып жүрген кезім. Қала жақтан сыры ұшып, сүмектей сүйретілген сары автобус, аялдамадан сәл аса бере тоқтады. Үміттене, үздіккен жанарыма үш қара көрінді. Бір әйел мен екі ер кісі. «Бұл, кім болды екен» - деп, таңдана қарап тұрғанымда, қапталдан, қабырғалас көршім. «Мынау, сенің туыстарың емес пе?» - деді. Естей сала, ентіге жүгіріп, қонақтармен амандасып, қолындағы жүктерін жымыра ұстап, жәрдем етуге асықтым. Бұл үштіктің қаралы хабарды да арқалап келе жатқанын қайдан білейін...

Үйге келе сала, телефон желісінің тетігін сан мәрте бұрады да, күбірлей сөйлесті. Сәлден соң жұрт арқасы жинала бастады. Жүрегім бір жамандықты сезгендей, бір сөзді әлденеше қайталап...

— Анам. Анашым, қайда? - дедім......
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Қаскүнем

Сот тергеушісінің алдында үстінде шұбар көйлегі, бұтында қырық құрау дамбалы бар бір телтиген, ересен арық мұжық тұр. Өзінің түк қаптап, шешек шұқырайтқан бұп-бұйра беті мен салбыраған қап-қалың қасының астынан әрең көрінген көздерінде бір тұнжыраған сұсты сипат бар. Талайдан таралмай, ұйысып қалған шашы бөріктей болып, түріне бұрынғыдан да бетер, өрмекші сықылды сұстылық бере түскендей. Жалаң аяқ тұр өзі.

— Денис Григорьев! - деп бастады тергеуші - Берігірек кел де, менің сұрауларыма жауап бер. Шілденің жетісі күні таңертең теміржол қарауылшысы Иван Семенов Акинфов

141-шақырымда жолмен келе жатып, рельсті шпалға бекітетін гайканы суырып алып жатқан жеріңде сенің үстіңнен түскен. Сол гайка мынау, мінеки!.. Өзіңді ұстағанда әлгі гайка бойыңнан табылған. Осылай болып па еді?

— Немене?

— Акинфовтың айтқанындай, бәрі осылай болып па еді?

— Білемін, болған.

— Жақсы, ал енді гайканы не үшін суырдың?

— Немене?

— Сен өзің "неменеңді" қоя тұр да, сұраққа жауап бер: гайканы не үшін суырдың?

— Егер зәру болмасам, суырмас та едім, - дейді Денис қырылдап, төбеге көзінің қиығымен қарап қойып.

— Бұл гайканың саған не керегі болып еді?

— Гайка ма? Гайкадан біз салдауыр жасаймыз... .....
Әңгімелер
Толық

Мұхтар Әуезов | Үш күн

I

Оған енді көп заман болды...

Көлбайдың бір ерекше кейіп отырған күні еді. Үш қанат қара лашығының ішінде су тезекті қоздандыра алмай, өңеші қызарғанша үрлеп отыр. Кешегі нөсерден кейін құрғақ отын тұратын Көлбай үйі ме? Әл-дәрменін жиып, от басына шөгіп ап, тағы-тағы үрлейді. Ащы түтін қолқасын атып, көзінен жас ағызады. Бірақ тұтанбайды. Түтіні құрғыр шаңырақтан шықпайды. Кішкене үйдің ішін бықсып, шалқып, мор болып, басып алды. Өзі барып шапқан тобылғысын жеткізіп алайын дегелі әлденеше күн болса да, бай үйі көлік берді ме?

— Әй, итшілеген қу дүние-ай! — деп, кішкене қол көрігін босағаға лақтырып тастап, қалаулы тұрған тезектің бірнеше томарын алып, қолымен үге бастады... Басы, көзі, қойны-қоншын ораған сасық көк түтіннен бетін бұрып босағаға қарады...

— Мына пәлесі тағы жатыр ма еді жаратқан? — деп одан да көзі тайқыды. Тесігі үңірейіп, бір жарты қазан жатыр. — "Түске шейін жамап болып, өзі алып келсін!" — деген бұйрықпен байдың үйі жіберіпті, бүгін құлқын сәріден.

— Алты ай жаздай қара күреш табыс таптырмады! Құдайдың құтты күні не өзі, не жақынының ісін жібереді де отырады. Бай үйінен келген іс болса, ол ақысыз іс деген сөз. Себеп? Себебін несіне сұрайсың? Оған бай да, Көлбай да жауап бере алмайды. Тегі қоңсылық шығар. .....
Әңгімелер
Толық

Шерхан Мұртаза | Нөсер


Самолет таңғы бесте ұшады. Аэропортқа самолет ұшардан бір сағат бұрын жету керек. Ереже солай. Бұл үшін түнгі үште ұйқыдан тұрып, жолға шықпаса болмайды. Түнгі үште аэропортқа экспрестен басқа көлік жүрмейді. Экспрестен қалып қоймау керек.

Ақиқат түнде төсекке жатар алдында осыны қайта-қайта ойлап еді. Сондықтан шығар, оның ұйқысы мазасыз болды. Түрлі-түрлі түстер көрді. Ол Күншуақ қаласы мен Боранды станциясының арасында жүретін жолаушылар пойызының ревизорынан жас күнінде жаман қорқушы еді. Каникулға шығып, жүрегі алып-ұшып, көптен сағынған үйіне асығып бара жатқанда, билетсіз Ақиқатты тікірейген жез мұртты, дөп-дөңгелек сары көзді, қалың қабақ ревизор бұра бастырмай, тамбурда тұрған жерінен ұстап алып, қатты қысушы еді-ау.

Міне, мына түнде сол жез мұртты, дөңгелек сары көзді ревизор түсіне кірді. Бір мезгіл ревизор үп-үлкен мысыққа айналып, Ақиқатты бір аяғымен басып ұстап тұрып, папкасынан айып қағазын суырып жатты.

Ақиқат осы түстен оянып кетіп, жол жүретіні есіне сап ете қалып, сағатқа қарады. Ала көлеңке үйдің ішінде кішкентай қоңыраулы сағаттың фосфорлы жасыл тілі жарқырап түнгі бірді көрсетті. Кішкентай сағаттың жарқыраған жасыл тілі томпаңдап жүгіріп бара жатты.

— Ақантай, неге ұйықтамай жатырсың? Әлі ерте ғой, — деді Ақлимаш ұйқылы-ояу еріне қарай аунап түсіп. Терезеден түскен ай сәулесінен ақ маңдайы көрінді. — Сені мен ешқайда да жібермеймін, — деді жас келіншек буынсыз ақ білегімен жігіттің мойнынан қапсыра қатты құшақтап алып.

Жұбайының жүрегінің астынан бірдеңе бүлк-бүлк етіп бұлқынып-бұлқынып қалғанын Ақиқат анық сезді. .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Анықтама


Түс кезі. Бойшаң келген, сом денелі, тақыр басты, бадырақ көз Волдырев дейтін алпауыт пальтосын шешіп, маңдайының терін жібек орамалымен сүртті де, мекемеге имене, батылсыздау кірді. Ондағылардың бәрі де сырғытып қағаз жазып жатыр екен.

— Бір жұмыстың жайын кімнен білуіме болар екен? - деді ол подностағы стақандарды көтеріп төр жақтан келе жатқан швейцарға. - Осында бір істің жайын біліп, журналдан қаулының көшірмесін алуым керек еді.

— Былай қарай. Сонау, терезенің алдында отырған адамға барыңыз! - Швейцар қолындағы подносымен терезе жақты нұсқады.

Волдырев тамағын бір кенеп алып, терезеге қарай беттеді. Ол жерде, бояу сүзек ауруының белгісі сияқтанып теңбілденген жасыл үстелдің жанында, басында төрт тұлым шашы бар, солпиған ұзын мұрынын безеу басқан, үстінде көнетоз мундирі бар бір жас жігіт отыр екен. Сорайған тұмсығын қағазға тірей үңіліп жазып отыр. Оң жақ танауын маңайлап бір қара шыбын айналшықтап кетпей жүр, соны қуғысы келіп әлсін-әлі астыңғы ерінін бір жағына қарай қисайта шығарып танауына үріп қояды, мұнысы оған аса бір шұғыл жұмыспен отырған түр береді.

— Осында... сізден бір жұмыстың анығын білуіме болар ма екен? - деді Волдырев қасына барып, - Мен Волдыревпін... Сонымен қатар, журналдан екінші наурыздағы қаулының көшірмесін де алуым керек еді.

Чиновник қаламын сияға батырып алды да, коп малынып кеткен жоқ па дегендей, қаламының ұшына қарады. Сия тамып кетпейтініне көзі жеткен соң қайта сырғытып жаза жөнелді. Ернін тағы да шығара түсіп еді, бірақ енді үрлеудің керегі болмай қалды, өйткені шыбын оның құлағына барып қонған болатын.

— Осында бір істің анығын білуіме болар ма екен? - деді тағы да Волдырев бір минуттан кейін. - Мен Волдырев болам, жер иесі...

— Иван Алексеевич! - деді чиновник бейне алдында Волдырев тұрмағандай, бет алды дауыстай сөйлеп, - Ялыков көпес келсе айта салшы, арызының көшірмесін полицияға куәландырсын! Мың мәртебе айтқанмын өзіне!

— Мен княгиня Гугулинаның мұрагерлерімен дауым туралы келіп едім, - деді Волдырев міңгірлеп. - Өзіңізге белгілі жұмыс қой. Менің сөзіме құлақ салуыңызды қатты өтінер едім. .....
Әңгімелер
Толық

Агата Кристи | Мұрагер


— Ең бастысы жоқтан өзгеге ренжіп, абыржушы болмаңыз, — деді дәрігер Мейнелл өз әріптестеріне тән сабырлылықпен.

Көңілдің хошы үшін айта салған дәрігердің жаңағы сөздеріне Гартер ханым құлай сеніп, илана қалған жоқ, кайта кез келген науқастың көңілін аулау үшін айтылатын жаттанды әңгімеге жүрегі сенбей, екі ойлы болып отырып қалды.

— Сөз жоқ, жүрегіңізде ақау бар, — деді дәрігер сөзін қайта сабақтап, — бірақ соншалықты абыржитындай ештеңе жоқ. Бұған кәміл сеніңіз. Әйткенмен үйіңізге лифт қондырып алғаныңыз артық болмайды. Бұған қалай қарайсыз?

Гартер ханым дәрігерге мазасыздана қарады.

Дәрігер Мейнелл өзіне дән риза сияқты. Ол қалтасы жұқа кедейлерден гөрі ауқатты адамдарды көбірек жағалайтын. Себебі, қалтасы қалыңдар оның аузынан шыққанын екі етпей, не айтса соған көне кететін.

— Иә, лифт қондырып алыңыз, — деді ол бұдан басқа лайықты еш нәрсенің орайын келтіре алмай, — оны орнаттырып алсаңыз, шамадан тыс қимыл жасап қиналмайсыз. Күн сайын жазық жерде ғана серуендеп, ойлы-қырлы жерден аулақ болғаныңыз жөн. Бәрінен бұрын — көңіл-күйдің тыныштығы керек, алайда денсаулығыңызды көп ойлап сарыла бермеңіз.

Чарлз Риджуэйге жасы ұлғайған нағашы апасы туралы дәрігер тым мылжыңдап кеткен сияқты көрінді. .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Хирургия


Земство ауруханасы. Дәрігер үйленбекші болып жолаушылап кеткен. Сондықтан ауруларды жасы қырықтардағы фельдшер Курятин қабылдап жатты. Үстінде көнетоз ақсары, жібек жеңді қамзолы, бұтында сілікпесі шыққан трико шалбары бар-ды. Жүзінде жауапкершілік сезімі мен сүйкімділіктің сипаты бар жуан денелі адам. Аңқыған иісі адамның қолқасын қабатын сигарды сол қолының сұқ саусағы мен қолының арасына қыстырып алыпты.

Қабылдау бөлмесіне кең жеңді, шұбалаң қызыл қоңыр желең киіп, беліне жап-жалпақ былғары белдік буынған, ұзын бойлы, еңгезердей шал Дьякон Бонмигласов кіріп келді. Ақ түскен оң көзі қысыңқы, танауына шыққан сүйелі шыбыннан аумай қалыпты. Дьякон бірер секундтай көз жүгіртіп иконаны іздестіріп еді, бірақ ондай ештеңені көре алмағасын, карбол ерітіндісі құюлы тұрған жуан бөтелкеге қарап шоқынып қойып, қызыл орамалынан тарту - таралғысын алды да, фельдшердің алдына әкеп қойды.

— А-а-а... сәлем бердік! — деді фельдшер есінеп. — Не шаруамен кеп қалдыңыз? .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Хористка

Бір жолы, бұдан гөрі жастау, көркемірек және даусы да күштірек кезде, оның саяжайында, антресольде, сыйлы танысы Николай Петрович Колпаков отырды. Ауа райы адам төзгісіз ыстық және қапырық болатын. Колпаков жаңа ғана тамақтанып, бүтіндей бір бөтелке нашар портвейнді ішіп, өзін әрі көңілсіз, әрі сырқаттанғандай сезініп отыр еді. Екеуінің де іші пысып, серуендеуге шығуға күннің қайтуын күтісті.

Кенет күтпеген жерден, кіреберіс бөлмеде қоңырау соғылды. Үстінде сүртігі жоқ, аяғына туфли киіп отырған Колпаков атып тұрып "бұ не?" дегендей Пашаға қарады.

— Тегі, пошташы немесе менің дос әйелім болуы керек, — деді әнші әйел

Колпаков Пашаның дос әйелінен де, пошташыдан да именбейтін, бірақ сақтықта қорлық жоқ дегендей, киімдерін құшақтап алып, көрші бөлмеге кетті, ал Паша жүгіріп барып, есік ашты. Оның шексіз қайран қалуына босағада пошташы да, дос әйелі де емес, жас, сұлу, таза киінген, сырт пішініне қарағанда инабаттылардың қатарынан болу керек, бейтаныс бір әйел тұрды.

Бейтаныс әйелдің өңі қашқан, биік басқыш бойымен жүргендей ентігіп, ауыр дем алады.

— Сізге не керек еді? — деп сұрады Паша.

.....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Святкиде

— Не деп жазайын? - деді де Егор қаламын сияға малды.

Василиса қызын көрмегеніне төрт жыл болған. Ефимья дейтін қызы ерте тұрмыс құрған соң күйеуімен бірге Петербургке кеткен еді, барғаннан кейін екі-ақ рет хат жазды да, сонан соң тап бір су түбіне батқандай із-түзсіз, зым-зия боп жоғалды да кетті. Кемпір сорлы таңертең ерте тұрып сиыр сауып жүрсе де, пешке от жақса да, түнде ұйқылы-ояу жатса да. Ефимьям не болды екен, аман-есен жүр ме екен деп қызын ғана ойлайтын. Хат жазып хабарын білу керек еді, бірақ шалым хат танымайды, басқа жазып бере қоятын адамы да жоқ.

Сөйтіп жүргенде святки келіп қалды да, Василиса шыдай алмай трактир2 иесінің інісі Егорға барды. Ол өзі бір әскери қызметтен қайтып оралғаннан кейін түк бітірмей үйде, трактирде қарап отырған адам еді. Ақысын жақсылап төлесе хатты сол оңды жазады деседі жұрт Василиса ең әуелі трактирдегі аспазшы әйелмен сөйлесті де, сонан соң иесімен, сонан соң Егордың өзімен сөйлесті Сөйтіп он бес тиынға келісті. Міне, енді бұл оқиға мейрамның келесі күні, трактирдегі асхананың ішінде болып отырған оқиға еді. Егор қолына қаламын ұстап, үстел басында отыр. Василиса терең бір ойға шомып, шаруашылықтың қамы деп жабыққан адамдай боп Егордың алдында тұр. Өзімен бірге шалы Петр де ере келіпті. Шалы маңдайының қасқасы күреңітіп тұратын өте жүдеу, ұзын бойлы бір ашаң адам екен; Ол тап бір соқыр адамша қыбыр етпестен мелшиіп алдына тура қарап тұр. Плита үстіндегі кәстрөлде шошқа еті қуырылып жатыр. Ет быж-быж етіп, тіпті, "флю-флю-флю" дегендей боп та қояды. Кухня іші қапас.

— Не жазайын? — деді тағы да Егор.

— Немене бастырмалатып кеткенің! — деді Василиса Егорға ашулы пішінмен күдіктене қарап. Бастырмалатпа! Текке жазып отырған жоқсың ғой .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Сүргінде

Заманында Толковый деп атанған Семен қарт пен атын ешкім де білмейтін жас татар жігіті жағада, оттың басында отыр, қалған үш қайықшы үй ішінде. Жасы алпыстарға келген, арық, тістері түскен, жауырынды, сырт қарағанда әлі де мығым Семен қарт мас ол үйге барып жатып ұйықтайтын еді, бірақ қалтасында жарты штофы бар, соны үйдегі жігіттер сұрап ішіп қоя ма деп қауіптенгендіктен ғана бармай отыр. Татар ауру. Қиналып, шоқпытына оранып, Симбир губерниясы жақсы екенін сонда, үйінде, сұлу, ақылды келіншегі қалғанын айтып отыр. Жасы жиырма бестен аспаған, бірақ қазір оның бозғылт, мұңды жүзі оттың жарығында жас баланың әлпеті сияқтанып көрінеді.

— Әрине, бұл жақ пейіш емес, - деп отыр Толковый. - Өзің де көріп жүрсің ғой өзен жағалауы жап-жалаңаш, төңірегінің бәрі саз балшық, басқа түк те жоқ...

Жарықтық пасха мейрамы өткелі қашан, сең әлі жүріп жатыр, мана ертеңгісін қар да жауды.

— Хал мүшкіл! Хал мүшкіл! - деп татар төңірекке үрейлене қарап қойды.

Бұлардан он қадамдай жерде ызғарлы өзен қарауытып ағып жатыр, суы гүрілдеп, жырмаланған жардың балшығына шолпылдай соғып, әлдеқайда алыстағы теңізге қарай асыға ағып барады. Тап жағада үлкен баржа қарауытып көрінеді, оны қайықшылар "қарбас" дейді. Арғы бетте, алыста, біресе өшіп, біресе шалқып, айдаһардай ирелеңдеген оттар көрінеді, олар - қау шөпке салынған өрт. Сол айдаһар оттардың арғы жағы тағы да меңіреу қараңғылық. Ұсақ сеңдердің баржаға дүңкілдеп соғылғаны естіліп қалады. Ауа дымқыл, суық... .....
Әңгімелер
Толық