DataLife Engine / Қырық бір құмалақтың құпиясы

Қырық бір құмалақтың құпиясы

Қазақ халқының ежелден көзінің қарашығындай сақ-тап келе жатқан қасиетті гауһар дүние асылдары бар. Олар, әрине, мал-мүлік емес. Өйткені «мал бір жұттық, дүние деген құр құттық»,- дегендей, жыландай жылжыған өмір аса береді. Ал енді осы қазақ жұртының бір иіріле қалар дәстүрінің бір парамы – құмалақ ашу болса керек. Мұны көп халық әр саққа жүргізгенімен, ол негізінен орта азиялық тіпті түптің түбі шығыстағы қытайлықтардан тарады деген сөз бар.

Себебі, осы күні ауыл, қала құмартып ойнайтын карттың өзі Қытайдан тарағаны ақиқат. Ал ол жібек жолы арқылы тарап Европаға барды. Енді оны батыс ел бос жіберсін бе, оны бәлен ғасырдан (2-3 ғасыр) кейін біздікі деп қайта шығысқа атын жіберді. Тіпті Абайша айтқанда Ескендір Зұлқарнайын біздің қандас демей ме. Ал оның әскері ер-тұрман дегенді білмей, жауға солай шапқан екен. Тек кейіннен Александр Македонский өзінің қарауындағы қыпшақ, тағы басқа далалық атбегілерге біртіндеп ер салуды үйретеді. Өйткені олардың көп әскері ат арқасындағы қырына еркектік жыныс мүшелері қажалып өте зардап шеккен.

Міне, енді сол қасиетті де қадірлі қазақ халқының бір тұтынар ырым-жырымының түп аяулысы – Құмалақ болса керек. Негізі құмалақ жалпы адамды ізгілікке баулитын нәрсе. (Сіздерге мен әйелімнің бір жасырын сырын айтайын, оған білдіріп қоймаңыздар) Оның қызметтес апайы болды. Сонда ол айтады дейді гой. Көшеде келе жатсақ бір цыган құмалақ ашып отыр екен. Бәрмізде жаспыз ғой, бізге де аша сал деп, бірдеме пұлды алдындағы қаңылтыр консерге қаңғыр еткізіп сала салыпты.

Сондағы айтқаны – «Жаным-ау, сен негізі бақытты боласын, күйеуің үлкен бастық емес, ортада болады. Беделі жақсы, өз ортасына қолайлы, сыйлы болады. Бірақ оның түп ажалы судан, тек содан сақтансын»-депті .

Ойпырмай осы сөзді кезінде естіп, күйеуін суға жолатпай жүреді ғой. Әй, дүние-ай, бірақ әркімнің өз тағдыры бар екен ғой. Сонымен, осы тағдыр тамырымен, қырық бір құмалақ жайлы әңгіме шертейік.

Мұнда мен ешнәрсені ауадан қармап алмай, негізгі түйсіктерге тірестіріп Қазақстан Ғылым академиясының А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, тілші-этнограф Тоқтасын Мыштайұлы Өмірзақовтың жазбаларын және өзімнің құйттай кезімдегі көре қалған жорамал-болжамдарды айтқым келеді.

Негізі құмалақ та, карта да қай-қай адамның ойын жорамал арқылы тыныштандыру болса керек. Менің атам Төлеген де, әкем Базарбай да тас салған адамдар. Атам ашаршылық заманда етік тігумен елді аралады. Ал әкем Базарбай ағаш пен темір ұстасы, кезінде жылқышы, сиыршы, қойшы болды. Шешем Қоңыршаның ағалары Дүйсе – «Ақпышақ Дүйсе»-ге 16 ауылда адамдар түнеп жүр.

-Әй Базарбаев, сен неге тарих тауаратына кіріп кеттің,-дейді бір пенде.

-Әу, ендеше, Қырық бір құмалақ сырын ашып қарайық,-деймін мен де.

Негізі қырық бір құмалақ бір тектес болуы керек. Оны қашанда ақ киізге, не ақ орамалға шашады. Мұны құмалақ араластыру дейді. (Әрине қазір қойдың құмалағын неқылсын, ұсақ грабийден теру керек.) Оны үшке қолдың сезімімен бөледі, бұл шама келгенше тең болуы керек.

Содан кейін оң жақтағыны «оң қабақ», сол жақтағыны «сол қабақ» деу керек. Ортасы «жау жүрегі» болады. Осы ретпен бөліне береді, сөйтіп үшке жіктелген орамды жіктеу арқылы ойын айтады.

Негізі Қырық бір құмалақтың түрлері көп. Біреулері шашып жіберіп, келіп отырған тағдыр иесіне лезде жауап беріп жатады дейді. Құмалақ, сірә да, үш рет ашылуы керек дейді білімпаз салтгерлер.

Негізі құмалақтың бір түрі – ырым құмалақ. Бұл Қызырдың қамшысына арнап тасаттық берер күні (ақпанның-15-і) таңертең қар үстіне құмалақты шашып тастайды. Егер қар үстінде құмалақ қыдырып қалса, онда көктем кеш туады, жартылай бойлап кетсе жаз ерте шығады,-дейді. Әрине, қазір оның бәрін дәлелдеу мүмкін емес.

Бір тартар құмалақ (Көтібар батырдың біртартары). Жаугершілік заманда құмалақты үшке бөліп жатпай тек екіге жарып, оң қол жақтағы бөлікті төртке бөледі екен. Егер соңында бір сан қалса, онда жорыққа аттанады, ал екі сан қалса жорыққа шықпайды.

Шашпа құмалақ, асығыста оларды мүшелеп жатпай, есіктен төрге дейін шашып жібереді екен. Бірақ мұны көбі істемепті, өйткені әбден дайындаған құмалақты қайдасын деп іздеп жатуды қиынсынған.

Негізі құмалақ жөнінде көп сөздер бар. Мысалы, Құмалақ қабағы – яғни оң және сол қол жағындағы бірінші және үшінші мүшелері.

Қысқарта айтсақ құмалақтың басындағы оң жақтағысы «оң қабақ», «оң шеке», сол жағы «сол қабақ», «жау шеке», «дұшпан басы» аталады. Одан әрі тастың аз не көп түсуіне орай келген адамға жорамал жасалады. Оның да сыры көп.

Оң қабағы жарылу – құмалақтың мүшелеріне қарай бір құмалақтан түсуі.

Оны – талайы жоғары, яғни дұшпаннан мерейі үстем дейді.

Оң қабақ қарысу – оң шекеге екі талдан келсе құмалақ тарттырған кісі ашуланып келген, үйде ұрыс болған.

Оң қабақ тарту – оң қабаққа үш тал болса бәрі де орнында, бақытты, дұрыс өмір сүре беруге болады.

Оң қабағы қату – оң шекеге төрт құмалақ орналасады.

Дұшпан басы - құмалақтың сол жақ шекеге бір тал не үш тал болып түсуі. Онда дұшпан мықты.

Осы айтып жатқан нәрсенің бәрінде құмалақ атаулары өте көп. Оны тек игеріп қана білу керек.

Мысалы Құмалақ маңдайы - ортасы десе, маңдайы қарысы құмалақ тартысының маңдайына екі тал құмалақтың бөлінуі. Ондайда ауыр ой қинап жүреді, алдында кедергі бар дегенді білдіреді.

Маңдайы ашық - үш талдап мүшелеу, көңілі хош.

Маңдайы жабық – төрт талдан мүшеленуі,- болашағы қиындау, көмек керек дегенді білдіреді.

Құмалақ бүйрегі – оң қол және сол қол жағындағы мүшелері, егер екі жақ бірдей болса ағайын-туысқандарының бірлігін балгер парасатты түрде әңгімелеп, ынтымаққа меңзеу керек.

Аш бүйрек – оң бүйіріне бір тал құмалақ келуі, үмітің қиналсаң да ашылады деген сөз.

Енді оң бүйрек тоқ - аш бүйірден қадалу, құмалақ жүрегі, жүрегі сүйінішті деген бар. Жүрегі күпті - дегенге құмалақ жүрегіне екі не төрт құмалақ бөлінеді. Көбіне бұл ауыр ойлы адамдарға түседі.

Құмалақ босағасында – бұл да ерекше нәрсе.

Оң босағасы берік – құмалақтың оң босағаға екі не төрт талдап келуі. Онда үй-ішің аман болады, ауру-сырқаудан саусын. Әзірше жолаушы жүрмейсің.

Құйысқаны берік деп – екі босағаға тең бөлінуін айтады.

Ал құйысқаны көтерілуі - сол босағаға көп жиналса жол жүресің, тынымсыз боласын дейді.

Құмалақ басы - шаршысының көлденеңнен ең бірінші үш мүшесі. Жұп не дақ болса бәрі оңды.

Пешенесі бестен түсу – құмалақтың қос қабағын бір-екі талдап және маңдайына бір талдап, яғни бес құмалақ түсуі. Ондайда екі езуің құлағыңда.

Пайғамбардың қара қасқасы – бұл құмалақтың кос шекеге бір-бір талдан және маңдайға үш тал болып бөлінуі. Құмалақ санының жалпы саны бес. Бұл құмалақ өзінің дәрежесі жағынан – «апшас әліппен» тең саналады. Ашпай доғара қоюға болады. Бәрі де – «Оо, керемет»

Үй тұйық – бұл құмалақтың қос шекеге үш-үштен, маңдайға екі тал болып, құмалақ басына жалпы саны сегіз тал құмалақтың бөлінуі. Ондайда сары уайым, есеңгіреп жүргені айтылады.

Ашпас әліп (қарт құмалақ) – құмалақ басының әр мүшесіне үш-үштен «ашпас әліп» түссе, жорамалшы құмалақты ары қарай тартпай, «бәрі жаксы болады» деп жинап алады.

Құмалақ жүрегі, құмалақтың кесе түсуі.

Құмалақ өкшесі – оның жайылып түсуі.

Оразаның он екі құмалағы – оң қанаты сияқты атаулары көп. Бұл құмалақ аяғының әрбір мүшесіне төрт-төрттен он екі құмалақтың жіктелуі. Бұл кез-келген адамға түспейді. Әрқашанда жолы ашық деген сөз.

Албары - жетіскеннің жетеуі, оң қанатқа жетеуден, ойыңдағы болу. Оң қанатқа он мүшеден, құмалақтың өзегінде ортаңғы үш мүшесінің аталуымен, жол бас, сол қанаты, оң кез, сол кез, тоғысу, қос табан, шаң тимес, жеті әліп сияқты болып өрнектеле береді.

Сонау ықылым заманда теледидар, телефон жоқ кезде қазақтың ұланғайыр даласын мекен еткен бацырлар осындай жорамалдар жасай берген ғой.

Мысалы тоғыз құмалақтың арифметикасы неге тұрады. Салт-дәстүрді айтпай-ақ қояйын

Ал енді жорамал жасаудың бір түрі құмалақ бүгінгі заманға жетіп отыр. Ол бір емес үшке дейін ашылады, және ол адамның ой жүйесінде қортылады. Мұның бәрі де жақсылыққа бағышталуы керек, келген адамның көңіл-күйін орнықтыру да қажет.

Бәріңіз де білетін шығарсыз, бірінде ат қоржынындағы жылан шағуға аз уақыт қалғанда оны құмалақшы құтқармады ма. Әрине, бәрі де аңыз дерсіз, бірақ аңыздың да ақиқаты бар екені сөзсіз. Мен бұл мақаламда жаңағы айтқандай ғалым Т.Мыштайұлының жазбасын пайдаландым және өзімнің ата-бабадан қалған түйсігімді бірге өріп отырдым.

Бұл бүгінгі ұрпаққа қырық бір құмалақты үйрету емес тек қызыл қанымыз тектес болған ұлы халқымыздың осындайда індеті бар екендігін сездіру еді.

Сонымен қырық бір құмалақты да еске ала жүрген мақұл-ау дейміз.

Сансызбай Базарбаев, дереккөз
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, қазіргі зейнеткер.
27.04.2016
Вернуться назад