DataLife Engine / Арапа күні туралы не білеміз?

Арапа күні туралы не білеміз?

АРАПА АНЫҚТАМАСЫ
Дінімізде «Арапа» сөзі қасиетті ұлық мерекенің бастауын білдіреді. Құрбан айт мейрамынан алдыңғы күнді «арапа» деп атайды. Ислам тарихына үңілсек, бұл күннің бастауы сонау Ибраһим пайғамбардың  өмір тарыхынан маңызды кезеңді еске түсіреді.
Яғни, зүлхиджа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа баласы Исмайылды шалып жатқанын  көреді. Әуелде бұған аса мән бере қоймайды. Көрген түсін жәй түс болар деп ойлаған Ибраһим пайғамбар ертесіне мұны тағы көреді. Осыдан кейін көрген түсін «жәй емес» Алладан келген «аян» екенін анық біледі.
Міне, осы себепті зүлхиджа айының сегізінен тоғызына қараған уақыт – «Арапа» (арафа) күні деп аталған. «Арапа» сөзінің тілдік мағынасы білу, тану, анықтау дегенді қамтиды.
Арапа күнінің артықшылығын біліп, қадіріне жете білуіміз керек. Себебі, сүйікті Пайғамбарымыз ﷺ: 
«Арапа күнін құрметтеңдер. Өйткені, арапа – Алла қадірлі еткен күн», -деген.
Арапа күнінің артықшылығын сөз етпестен бұрын Алланы тану, Пайғамбарды ﷺ тану және өзіңді тану жайында бірер ауыз сөз қозғай кетейік.  
 
АЛЛАНЫ ТАНЫСАҢ...
 
Біздің жиі оқитын «Ықылас» сүресінде: 
«Оларға айт: Ол Алла, біреу-ақ. Алла мұңсыз. (Әр нәрсе оған мұқтаж). Ол тумады да, туылмады. Әрі оған ешкім тең емес», - деген аяттар бізге көп жәйтті еске салады.
«Құдайсыз қурайда сынбайды» деген бабаларымыз. Өзімізді жоқтан бар етіп жаратып, күллі жаратылыстың ең ардақтысы еткен Алланы тану, оның бұйырғанын орындап, тыйғандарынан алыс болу – пенделік борышымыз. Пайғамбарымыз ﷺ: 
«Кімде-кім жаратушы деп Алланы, дін деп исламды, пайғамбар деп Мұхаммедті қабыл етіп, разылық танытса, жәннат оған уәжіп болады», - дейді.
Хадистен алар сабағымыз мынадай... Кім Алланы танып, жүрегімен иланып, хақ жолды іздер болса, міндетті түрде исламды танып-білер еді. Көптеген әлемнің атақты ойшылдары, ғалымдары, тағысы тағы түрлі саланың атақтылары ақиқатты іздеумен түбінде Алланы таныған. Ал шын бақыт дін исламды терең білумен болмақ. Сондай-ақ, мына әлемді қараңғылық бұлты үйіріп, адамзат қауымы надандықтың шылауына белшеден батқан сәтте Алланың ақ жолын көрсетіп, күллі ғұмырын үмметіне арнап, ақыретке дейін адами құндылықтың өшпестей ізін салған сүйікті Пайғамбарымызды ﷺ күллі нәреседен де жақсы көру - нағыз мүміннің сипаты. Жаратқан Иеміз Пайғамбарымызды ﷺ үмметіне үлгі ретінде жіберген соңғы елшісі. Қасиетті Құранда: 
«Күдіксіз Алла және ақірет күнінен үміттілер – сендерге Алла елшісінің бойында жақсы өнеге бар», - деген. («Ахзаб» сүресі, 21-аят)
Адамның құндылығын көтеріп, жанын күллі жаман әдеттерден сақтайтын дүние ол – көркем мінез. Кемшіліксіз пенде жоқ. Әйтсе де, кемшілігін көріп, оны түзесем деген адамға толық үлгілі жан – сүйікті Пайғамбарымыз ﷺ. Міне ағайын өмір қателіктерді түзеуге, күнәларға тәубе етуге берілген мүмкіншілік сәт. Ең бастысы пенде өзін таныса, яғни не үшін жаратылғанын білсе, Алланы таниды. Аллаға иман келтірген мүмін-мұсылман өміріне өнегені Алла Елшісінен ﷺ алады. Осылайша шын ақиқатты танып-білумен екі дүниенің бақытына жете түседі. Қош делік. Енді Арапа күнінің біз біле бермейтін артықшылығы мен қадір-қасиетіне тоқталсақ...
 
БІЗ ОЛ КҮНДІ БІЛЕМІЗ
 
Мына тарихи оқиға арапа күнінің қадірін бағалауға үндеп тұрғандай. Әділетті халифа Омар ибн Хаттабқа яһудидің бірі келіп: «Иә, Омар! Сендер бір аят оқисыңдар. Егер сол аят бізге түскенде, біз оның түскен күнін мереке етіп атар едік», - дейді. Бұл Құрандағы «Мәида» сүресінің үшінші аяты болатын. Аяттың мазмұны мынадай: 
«Міне, бүгін сендердің діндеріңді кемеліне жеткіздім және өздеріңе арнаған нығметімді тұтас етіп толықтырдым. Сондай-ақ, Исламның сендерге дін болуына разы болдым». («Мәида» сүресі, 3-аят)
Аталған аят һижреттің 10-жылы ардақты Пайғамбарымыздың ﷺ қоштасу құтбасы кезінде, қасиетті жұма күніне сәйкес келген арапа күні түсірілген. Аят түсіп жатқанда сүйікті Пайғамбарымыз ﷺ Адба дейтін түйесінің үстінде Арафа тауында тұрған еді. Алладан түскен уахидың салмағына шыдай алмаған түйе шөгіп кетеді.
Міне, осының бәрінен хабардар хазіреті Омар: «Біз ол күнді де және сол күні бұл аяттың Пайғамбарымызға ﷺ түсірілген жерін де білеміз», - деп әлгі яһудиге жауап қайырған екен.
 
БҰЛ КҮННІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?
 
Арапа – жақсы амалдардың топтас күні десек болады. Бұл күні бес парыздың бірі қажылық парызын өтеу үшін қажылар Арафат тауында болып, Аллаға мінәжат етеді. Кімде-кім Арафатта тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болады. Пайғамбарымыз ﷺ: 
«Қажылық дегеніміз – Арафат, кімде-кім Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады», – деп бұл күннің қадір-қасиетін атаған.
Әбур Хурайрадан жеткен хадисте Зүлхиджа айының он күндігі жайында Алла Елшісі ﷺ былай деген:
«Алла алдында Зүлхиджа айының алғашқы он күнінде жасалған ізгі амалдардан асқан сүйікті амал жоқ»
Алғашқы он күннің ішінде біз сөз етіп отырған Арапа күні де бар. Зүлхиджа айының алғаш күнін ізгі амалдармен өткізген секілді «Арапа» күні сауап амалдарды молынан жасаған дұрыс.
 
АРАПАДАҒЫ ІЗГІ АМАЛДАР
 
 Бірде Алла Елшісінен ﷺ Арапа күні ораза ұстау жайында сұрағанда: 
«Арапа  күнгі ораза өткен жылғы және келер жылғы күнәлардың өтемі болады», - деп жауап берген екен. 
Олай болса, Зүлхиджа айының тоғызыншы күнін, яғни Арапа күнді оразамен өткізу күнәларға кешірім болмақ. Арапада жасалатын ізгі амалдардың ең маңыздысын тізбектеп кетейік:
1.Ораза ұстау: Жылына бір-ақ рет келетін Арапа күнін оразамен өткізу Алла Тағаланың кешіріміне бөленуге берілген мүмкіндік. Ораза ұстау – сауап іс. Ораза нәпсі тәрбиесінің негізі. Сондықтан, Алла Елшісі ﷺ арапаны жәй ғана амалдармен емес, оразадай ұлық ғибадатпен өткізуге шақырған. Сүйікті Пайғамбарымыз ﷺ бір хадисінде: 
«Арапа күні ораза тұтушыға Адам пайғамбардан қиямет сырнайы үрленгенге дейін өмір сүрген бүкіл адамдар санының екі есесіндей сауап жазылады», - деп арапа күні тұтылған оразада мол сауап бар екенін білдірген.
Таудай күнәларымыздың кешірілуіне, мол сауаптың амал дәптерімізге жазылуына мұқтаж екенімізді ескерейік. Ораза ұстаудың  жақсы амал екенін жақындарыңызбен бөлісіп, сауап істерді жасауына ықпал етіңіз. Сонда сауаптың бір ұшы өзіңізге де жазылмақ.
2. Дұға-тілек жасау: Арапа – дұға-тілектер жасауды арттыратын күн десек болады. Кім бұл күні Аллаға жалбарынып дұға жасаса, тілеуінің қабыл болуына себін тигізеді. Бұл жайында Пайғамбарымыз ﷺ:
«Арапа – артықшылығы мол күн. Арапа артықшылығы жағынан қасиетті жұма күніне ұқсас. Ол жұмадан басқа күні жасалған жетпіс қажылықтан артық. Дұғалардың ең жақсысы да – арапа күні жасалған дұға», - деп айтқан. 
Сондықтан мұндай сәтті уыстан жібермей, өзіңізге дәл арапа күні күллі жақсылық тілеңіз. Отбасыңызға бақ-береке, ел-жұртыңыз үшін амандық тілеп, алақан жайып, Алладан жәрдем сұраудан шаршамаңыз.
3. Тәкбір ташриқ айту: Арапа күні таң намазынан бастап, Құрбан айтынынан кейінгі төртінші күннің екінті намазы біткенге дейін әрбір бес уақыт намаздың парызынан кейін айтылады. Бас-аяғы жиырма үш намаз бойы парыз намаздардан кейін
 «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар. Лә иләһа иллаллаһ, уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уә лилләһи хамд» деп тәкбир тәшриқ айтылады.
Ханафи мәзһабы бойынша бұл күндері тәкбір тәшриқ айту – уәжіп амал.
 
АРАПАНЫ ҚҰРМЕТТЕ, ҚАДІРІН БАҒАЛА!
Арапа күні қандай жақсылық жасасақ та, ізгі амалдарды арттырсақ та, оның ешбірі көптік етпейді. Пайғамбарымыздың ﷺ мына хадисін тағы бір еске түсіріп кетейікші: 
«Арапа күнін құрметтеңдер. Өйткені, арапа – Алла қадірлі еткен күн», - деген.
Біздің қазақ халқы бұл күнді әуелден қадірлеп, құрметтей білген. Арапа күні құрбан айт мерекесіне ерекше дайындық жасап, дәмді тағамдарына әзірлік жасап, үйдің іші-сыртын тазалап, әдіме де жаңа киімдерін киіп, ұлық мейрамның келгеніне ерекше шаттанып қуанысқан. Аллаға шүкір, бұл үрдіс бүгінде жалғасын тауып жатыр.
Олай болса, Алла тағала қадірлі еткен арапа күнді біздерде қадірлеп һәм қадіріне жете білейік. Құлшылық та, жақсылық та жарысу – қандай көркем көрініс. Арапа күні құлшынып қылған құлшылық пен шынайы жасалған жақсылық Алладан қарымта болып қайтары сөзсіз.
Сүйікті Пайғамбарымыз ﷺ айтады: 
«Арапа күні құлағын, көзін және тілін харамнан сақтағанға кешірім болады», - деген.
Осындай берекесі мол Арапа күні құлағымызды өсек-аяңнан, тілімізді ғайбаттан, көзімізді харамнан сақтайық, ағайын!
Арапа күнінің ертесі құт дарыған – қасиетті Құрбан айт мерекесіне ұласады. Алла Елшісі ﷺ: 
«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, қонағын қадірлесін», - деген.
Қонағын қуана қарсы алып, Ибраһим бабамыз секілді алдына ас ұсынбай жібермейтін дархан халық емеспіз бе?! Көңілі кең, пейілі дариядай әр қазақтың Арапа күнінен бастап жайған дастарханы Құрбан айт күндері еш жиылмайды. Мұндай шаңырақ тек шаттыққа, жақсылыққа жетері ақиқат. Келе жатқан Құрбан айт мейрамы құтты болсын! Үйлеріңізден бақ-береке кетпесін! Арапа күнгі жасайтын ізгі амалдарыңызды сауаптан етсін! Құрбандықтарыңыз қабыл болсын!

дереккөз
30.04.2020
Вернуться назад