DataLife Engine / Сыршы молда (Қазақ ауыз әдебиеті)

Сыршы молда (Қазақ ауыз әдебиеті)

Қолыма қалам алдым жұма күнi,
Жазып тамам әйладым күн мен түнi.
Мұсаның заманында бiр падиша
Болыпты, әлеуметтер, тыңла мұны.
Өзi патша уа және қазынасы көп,
Бұл дүния мақсұтына көңiлi тоқ.
Сексенге келген бар-дүр оның жасы,
Арманы бiр-ақ оның — перзентi жоқ.
Падиша перзент үшiн жедi уайым,
Әзелде жазбаған-дүр бiр Құдайым.
«Бiр Алла маған перзент берер ме?» — деп,
Падиша үмiт етер жыл-жыл сайын.
Сексенге келдi патша, әлi үмiтте,
Құдайым рахман ерүр һәр үмiтке.
Мұсаның бiр күн патша жолын тосты,
«Бiр дауа бола ма, — деп, — iшкi дертке».
Айтады: — Раббым менi патша қылды,
Һәм өзi жарылқағай бiздей құлды.
Құданың дәргаһына жеткiз, тақсыр,
Бере ме, иә бермей ме маған ұлды.
Жөнелдi Тор тауына Мұса Кәлим,
— Уағда бердiм, айтпасқа жоқ-дүр шарам.
Құданың дәргаһына айтқан шақта,
Жауап бердi Мұсаға Алла Тағалам.
— Махфузда оған перзент жазбадым мен,
Сұрама жазбағанды, Мұса, ендi сен.
Барша бақытын дүнияның берсем дағы,
Еткенмiн оның басын перзенттен кем.
Пайғамбар мұны естiп қайтады ендi,
Айтқанын бiр-бiр бастан айтады ендi.
«Махфузда сiзге перзент болма», — дегеш,
Мiнәжат патша Аллаға айтады ендi.
— Иләһи, бендең бар ма мендей ғарiп,
Басыма мехнат iстi қойдың салып.
Тұяқсыз мен падиша болғанымша,
Жасымда қойсаң едi жанымды алып.
Үйi-дүр перзенттiнiң гүлiстандай,
Үйi-дүр перзентсiздiң шерiстандай.
Тұяқсыз мен падиша болғанымша,
Жасымда жатсам неттi көрiстанда-ай.
Зарланып бiр күн патша тағы келдi,
Ғарiптiң көңiлiнде толған шер-дi.
— Тағы барып Құдадан сұрап көршi,
Тiптi бала бермесе, лаж бар ма?
Пайғамбар Тор тауына келедi ендi,
Айтқанын бiр-бiр бастан айтады ендi.
«Оған бала бермеймiн» дегеннен соң,
Есiтiп және мұны қайтады ендi.
Тағы да патшаға айтты үшбу жайды,
«Бермедi, — деп, — бiр бала» баяндайды.
Сiзге бала болмады дегеннен соң,
Патша ғарiп бейхал боп зар жылайды.
Үшiншiлей зарланып тағы келдi,
Баяғы сөзiн Мұсаға айтады ендi.
— Бiр тiлегiн бенденiң бермей ме Алла,
Бiз түгiл, тiлек алған шайтан, — дедi.
Аяңлап Тор тауына келдi Мұса,
Тоқсан ауыз сөз айтты ендi Мұса.
— Бұ құлың сiзге зарлық етер тiлеп,
Берсеңiз бiр ұғыл нетер? — дейдi Мұса.
Құдайым пайғамбарға бердi жауап:
— Менi ойласа тапқаны оның сауап.
Бiр ұғыл бердiм ендi оған, Мұса,
Өмiрi үш күн болар оның бiрақ.
Мұса қайтты Тәңiрiмен сөйлесiп сөз,
Алдынан тағы патша жолықты кез.
— Бiр бала бердi, — дейдi, — сiзге Алла,
Өмiрi қысқа — үш күнде алады тез.
— Шын ба екен, өтiрiк пе екен осы сөзiң,
Перзент деп сарғайды менiм жүзiм.
Бергенi маған бала рас болса,
Бермеспiн оны қайтып Аллаға өзiм.
Падиша бұл сөзiмен келдi үйiне,
Бiр қиял түсiп мұның және ойына.
Халқын жинап падиша той қылады,
Келдiлер көп халайық бұл тойына.
Той қылып, қазынаның кiлтiн ашты,
Ғарiпке мүсәпiрмен қайыр шашты.
Бiр уақта бала бiттi ханымына,
Патшаның мұны көрiп көңiлi тасты.
Күнде есiктен кетпейдi көп халайық,
Ғарiп-мiскiн жатады алтын алып.
Тоғыз ай, он күн тамам болған шақта
Ханымнан туды айдай боп бала ғарiп.
Дүнияның төрт бұрышына салды хабар,
Той тойлап, сауық құрып жатты олар.
Күн өткенiн бiлмейдi, түн өткенiн,
Жиылып халайықтар ойын салар.
Ат жетерде қалмады келмеген жан,
Танымайды бiр-бiрiн — сонша адам.
Ғарiп-мiскiн теңелдi үлкен байға,
Қайырды сонша көрiп падишадан.
Күнде той патша үйiнде, күнде сауық,
Һеш пенде жүре алмайды жолды тауып.
Жетi жыл өткеннен соң тақсыр Мұса
Патшаға келдi бiр күн көңiлi ауып.
Көредi көп халайық тойлар тойды,
Мұсаға да әкелiп тағам қойды.
Бiр бала қызмет қылып алдында жүр,
Пайғамбар мұны көрiп ойлайды ойды.
Баласын падишаның ендi бiлдi,
Аяңдап Тор тауына келедi ендi.
— Не себептi бұл жетi жасқа келдi? —
Деп сауал бiр Аллаға бередi ендi.
Айтады: — Неге мұнша жасар ұзақ,
Айтып едiң өмiрi үш күн — аз-ақ.
Пенде өтiрiк айтса әгар, иә, Иләһим,
Айтасыз: орның дозақ, қатты азап.
Келiптi патша ұғылы жетi жасқа,
Деп едiң үш күн өмiр әуел баста.
Иә, Раббым, өтiрiк сөз сiз айтсаңыз,
Жалған сөз нағып айтпас сiзден басқа.
Құдайым пайғамбарға жауап бердi:
— Ей, Мұса, жауабым тұр тыңлап, — дедi.
Садақа қайырменен ол падиша
Тапқан-дүр зияда үлкен сауап, — дедi.
Естiгеннен ол патша той қылып жүр,
Садақа берiп шығарды патша көп пұл.
Һәр адам ұғылының өмiрiн тiлеушi едi,
Дұға әйлап жасының ұзарғаны сол.
Мұны келiп патшаға айтты тағы:
— Ұғылыңның көтерiлдi бүгiн бағы,
Құдайым ұғылың жасын ұзақ еттi, —
Деп айтты, — көңiлiңнiң кетсiн дағы.
Падиша «шүкiрлiк» деп той қылады,
Бұл тойда Мұсаға да сый қылады.
Жетi жасар балаға оқу — парыз,
Молдаға берейiн деп ой қылады.
Бiр молданы патша алды баласына,
Сарай сап бердi шарбақ даласына.
Сегiз жылда молдаға жеттi оқып,
Қарашы бұл баланың данасына.
Молдасы бек ғалым, ахун едi,
Уа және бек зияда ақылды едi.
«Менiм бiлген өнерiм тамамлады»,
Деп бiр күнi баланы алып келдi.
Баласын падишаның алып келдi,
— Бақ бердi перзентiңе Алла, — дедi.
Менiм бiлген өнерiм тамам болды,
Табыңыз менен басқа молда, — дедi.
— Оқыт деп берiп едiм балам саған,
Мен риза, ей, молда, ендi саған.
Сенiң бiлген өнерiң бiлсе әгар,
Соған да тәубе Аллаға, болар маған.
Сен, молда, жасың үлкен, көп көрдiң жол,
Мен сенi молда ғой деп тапсырдым қол.
Патшалық салтанатын құрсын балам,
Әуелден ақырына сен басшы бол.
Он бестен он алтыға келдi бала,
Ақылы кәмiл толған уа құтты және.
Бой көтерiп аз қызық көрiп келсiн,
Шәкiртiң ертiп, молда, шық сахараға.
Бұл сөзбенен сахараға жүрдi бала,
Атына бисмилла деп мiндi бала.
Ұстазын басшы қылып нөкер алып,
Жөнелдi тәуекел деп сахараға.
Қайтады үйлерiне үш күн жүрiп,
Патшаға сәлем бердi үйге кiрiп.
Көрген-бiлген һәммасын баяндады,
Уа және келдiк дедi ойнап-күлiп.

Әлқисса, Әбдiлмәлiк шаһизада бiр күн базарға бармақ болып, ұстазын алып базарға келiп көрген нәрселерi:

Ақылды бенде азар ма,
Асылдан кисең тозар ма?!
Ақылы кең ханзада
Түстi көңiлi базарға.
Ендi келдi базарға,
Қағазым аз жазарға,
Бiр дүкеннiң iшiнде
Жолықты бала базарға.
Ол дүкенде тон көрдi,
Табылмастай жол көрдi.
Бiр суретке ғашық боп,
Табыларын зор көрдi.
Тонда сурет сайланған,
Баланың басы айналған.
Ашық оты дерт болып,
Мұнда тiлi байланған.
Молда жаман сасады,
Көңiлiн бөлiп басады.
Мұны көрген жамағат
Қорыққанынан қашады.
Молда келдi үйiне,
Хабар бердi ханына.
— Ұғылыңа пәле кез болып,
Қайғы салды жаныңа.
Бiр дүкенге келген соң,
Iшiне оның кiрген соң,
Баланың жайын бiлмедiм,
Жолықты қандай залымға.
Баланың тiлi байланды,
Менiм сорым қайнады.
«Балама не iс болды», — деп,
Ата-анасы зарланды.
Алып келдi молдасы,
Тамды жерге көз жасы.
— Ұғылымның есi кеткендей
Не бәле бердi Алласы?
Осы маған еп пе едi,
Һәр нәрсе бiреу деп пе едi?
Ұғылыма бәле кез болды,
Бiр бала маған көп пе едi?!
Падиша қып менi жараттың,
Бiр балаға қараттың.
Оны маған көп көрiп,
Өмiрiмдi тар еттiң.
Балама болған не қайғы,
Табылар ма бiр хайла.
Табылар хайла болмаса,
Не керек дүния бiр шалға.
Көзiмнен аққан қан болды,
Басыма атпас таң болды.
Опасыз жарық сұм дүния
Тұмандатқан шаң болды.
Жан-жан балам, жан балам,
Сен едiң менiм бiр панам.
Басыңа түстi не бәле,
Сырыңды айтшы, сен маған.
Сен сырыңды айтпасаң,
Мен де өлейiн, жоқ шарам.
Һеш жауап бермес бала атасына,
Көз салмас сөздiң дұрыс-қатасына.
Молдаға үкiм қылды ендi патша:
— Жанында бұл баланың жатасың да.
Патша балгерлердiң жиды бәрiн,
Жиып алып айтады iшкi зарын.
Қожа, молда, тәбиптi жиып айтты:
— Дауасын тапқан алсын дүние малын.
Шаһарда барша тәбип шулады,
Падиша «жаз ұғлымды» деп бұйырады.
Үш күн қарап тәбиптер жаза алмады,
Құлағы жоқ, тiлi жоқ, не қылады.
Шығармас үшбу бала һеш дыбысын,
Тамам халықтың алып тұр бала есiн.
Үш күн қарап тәбиптер таба алмады,
Қызға ашық екенiн қайдан бiлсiн.
Һәркiмнiң қайғысы бар өз басында,
Бала тiптi сөз қатпас жолдасына.
Бұл халыққа бала сөз қатпаған соң,
Сөйлетiп көр дедi ендi молдасына.
— Ұстаз хақың айтып көр, молда, оған,
Жоқ едi онан басқа мұнда туған.
Бiреуге айтса сырын сiзге айтар,
Болмаса дауа жоқ-дүр тiптi бұған.
Молда келiп шәкiртiне айтады сөз:
— Неге тiлiң байланды, айтыңыз сiз.
Ата-анаң жолынан ауырырақ,
Жоқ па едi ұстаз хақын бiлуiңiз.
Не бәле кез болды, жаным, сен балаға,
Басыңды салды Раббым не бәлеге.
Айтпасаң үшбу сырыңды, жаным балам,
Артармын ұстаз хақым мойныңызға.
Осынша молда айтса да сөз қатпады,
Баяғы өз ойынан һеш қайтпады.
Молда жалынып осынша сұраса да,
Құлағы жоқ, тiлi жоқ, сөз қатпады.
Шығармас үшбу бала һеш дыбысты,
Тамам халық баланың қамын жестi.
— Бiр себеп бұл тiлiне болар ма екен,
Шаһзада ауға шығып келсiн, — дептi.
Бұл сөзбен шаһзада мiнедi атқа,
Һеш тiл қатпас бұл бала адамзатқа.
Жол жүрiп бұлар келе жатыр едi,
Кез келдi балалы үйрек жамағатқа.
Баласын тастап үйрек аспанға ұшты,
Басына ұшқан үйрек бәле түстi.
Бiр уақта көктен кеп бiр қаршыға
Ұшып кеткен үйректi iлiп түстi.

Әлқисса, шаһизада Әбдiлмәлiк қаршыға iлiп, үйректiң өлгенiн көрген соң айтқан сөзi:

— Бой таса болса әгар құтылғаның,
Иә болмаса ажалға тұтылғаның.
Тiл таса қылсаң бәле қағас болар,
Тiлге тоқтау бермесең құтырғаның.
Деп осылай шаһзада шықты тiлi,
Есiттi нөкерлердiң бәрi мұны.
«Сүйiншi падишадан сұрайын», — деп,
Шапқылап елге қарай кеттi бiрi.
Мұны естiп падиша той қылады,
Сүйiншiге биқисап сый қылады.
Баласы сахарадан келгеннен соң,
Ал ендi сөйлетуге ой қылады.
Бұрынғыдай сөйлемес тағы да ұғылы,
Патшаның мұны көрiп қалды көңiлi:
— Сүйiншiнi өтiрiк неге алады,
Жалладтар, ас дарға қазiр мұны.
Жалладқа осылайша қылды бұйрық:
— Сүйiншi неге алады ойлап сұмдық.
Баланың тiлi шықты деп өтiрiк,
Келемеж қыламысың, яки қулық.
Жалладтар алып мұны жөнеледi,
«Тоқта» дедi хан ұғылы, бөгеледi:
— Бой таса қылсаң бәле қағас болар,
Тiлге тоқтау бермесе тек өледi.
Шаһзада бұл сөздi айтып және қойды,
Мұны да қуаныш көрiп қылды тойды.
Тағы тiлсiз болды да жатып қалды,
Падиша сөйлер ме деп ойлайды ойды.
— Бiлмедiм бұ ұғылымның пиғылын бұрын,
Айтпас па сiзге, молда, сырын ұғылым.
Сұраңыз шәкiртiңнен ендi барып,
Бiреуге айтса, сiзге айтар, — дедi, — сырын.
Молда келдi сөз сұрай шаһзадаға,
Шаһизада отыр едi оңашада.
Жалынып сырыңды айт деп қоймаған соң,
Сөйледi падиша ұғылы ендi мұнда.

Әлқисса, молда шаһизадаға келiп, хал-жайыңды айт деп сұраған соң, шаһизада Әбдiлмәлiк көрген суреттi тағриф қылып айтқан сөзi:

— Сiз бiрлән мен базарға барып едiм,
Қолыма мен бiр тонды алып едiм.
Салыпты бек тамаша бiр суреттi,
Мен соған қарап көзiм салып едiм.
Бiр қыздың суретi-дүр ай сипатты,
Бiлмеймiн мағлұм емес оның аты.
Қай жерлiк, қай шаһарлық, мен бiлмеймiн,
Жоқ екен тым болмаса жазған хаты.
Көзiме көзi оның кеттi түсiп,
Қанат болса iздер ем құс боп ұшып.
Мұны қайдан табамын деп айтар деп
Атама айта алмаймын мұны шошып.
Перi ме, я адам ба мағлұм емес,
Сипаты бар, жаны жоқ, сөз сөйлемес.
Сипаттап мың да бiрiн келтiре алман,
Ұжмақта хор қызы да ондай емес.
Бiр суреттi көрдiм мен
Ашып тонның iшiнде.
Күндiз ойдан кетпейдi,
Түнде уа һәм түсiмде.
Сiздiң сағың сындырар,
Молдеке, менiм iсiм бе?
Ашып тонның iшiнде
Бiр суреттi көрдiм мен.
Ашық оты дерт болып,
Оған мұқтаж болдым мен.
Iздеуге атам қимас деп,
Тiлсiз, сақау болдым мен.
Мұрадым хасыл болмаса,
Өмiрiмдi жойдым мен.
Тұрарым жоқ жерiмде,
Жүрерiм жоқ елiмде.
Жар-ғашығым шықпайды,
Жатсам-тұрсам көңiлiмде.
Дауасы мұның табылар,
Атам жисын елiмдi.
Жылаумен күнi өтсiн деп,
Бiр назарат көрiндi.
Ол жарымды көрмесем,
Тiрi болып жүргiм жоқ.
Хор қыздары келсе де,
Мойынымды бұрғым жоқ.
Атам ақыл таппаса,
Өткенi-дүр дүния боқ.
Молда естiп бұл сөздi қуанады,
Көңiлiнде үшбу сөздi құп алады.
«Балаңыз қызға ашық болыпты», — деп,
Патшаның құлағына сөз салады.
Падиша бұл сөзбенен жиды жұртын,
Жинап алып айтады iшкi дертiн.
«Бiр қызға ұғылым ашық болыпты», — деп,
Айтады перзентiнiң хикаятын.
— Бүгiн-дүр сiздерге, жұртым, мехнат күнi,
Сiздерге баяндайын ендi мұны.
Жиылған көп халайық, ақылын тап,
Қалайша табылады мұның жөнi.
Жиылып келген әлеумет,
Қайғыға салды Құдiрет.
Бiр суреттi көрумен
Ғашық бопты ол перзент.
Ақылы мұның болмаса,
Iшiне түсер қайғы-дерт.
Я адам ба, перi ме,
Перзентiм мұны көрер ме?
Iздеп барса перзентiм,
Аман болып келер ме?
Хан адасса ақылынан,
Жұрты ақыл берер ме?
Әлеумет, ақыл табыңдар,
Бұл қайғыны жабыңдар.
Үйде бекер тұрмаңыз,
Һәр тарапқа шабыңдар.
Жер жүзiнде бар болса,
Оны iздеп табыңдар.
Айттырып оны келiңдер,
Қалың малға сөйлесiп,
Бар малымды берiңдер.
Бар малым әгар аз болса,
Өз басымды берiңдер.
Перзентiм бiзден кетпесiн,
Қайғылы бiздi етпесiн.
Бiзге деген дұшпандар
Мұрадына жетпесiн.
Жиылып барша жұрты келiседi,
Бәрi де тонды ашып көрiседi.
«Жаһанда мұндай жанды көрдiң бе?» — деп,
Жамағат бiр-бiрiнен сұрасады.
Хан байғұс қайғы-дерттен жүре алмады,
Жиылған жұрт бiр хабар бере алмады.
Бiр адам бiлер ме деп ойлап едi,
Һеш де бiр мұрат хасыл бола алмады.
Көрмедiңiз мұндайды,
Хан сөзiңдi тыңдайды.
Болмаған соң бiр хабар,
Жалғызы үшiн зарлайды.
— Тағы да ақыл табыңдар,
Һәр тарапқа шабыңдар.
Қол астымда, халайық,
Келмеген адам бар шығар.
Келмеген адам бар болса,
Шақыруға барыңдар.
Бұл сөзiмдi ол жанның
Құлағына салыңдар.
Ол адам да есiтсiн,
Ханының қандай зары бар.
Хан сөзiн жария қылды қарындасқа,
Кiм ие, балам кетсе, мал мен басқа.
Бар екен келмей қалған бiр кәрi шал,
Қарт адам келген екен үш жүз жасқа.
Бiр жiгiт шақыруға келдi барып,
Атқа салып әрең деп келдi алып.
Хан шақырды деген соң, лаж бар ма,
Жағын байлап келiптi бұ шал ғарiп.
— Хан тақсыр, не мақсұтқа шақырдыңыз,
Келiп тұр шақырған соң пақырыңыз.
Хан сонда тонды әкелiп салды алдына,
— Мағлұм болса, айтыңыз, сiзге осы қыз.

Әлқисса, шал тондағы суреттi көрiп патшаға қарап айтқан сөзi:

— Көпке келген қарт едiм,
Дүнияны кезген сарт едiм.
Бұл заманның алдымын,
Бұрынғының арты едiм.
Һәр тарапқа жүргенмiн,
Талай жердi бiлгенмiн.
Талай шаһар кезгенмiн,
Өз елiмнен безгенмiн.
Керуен болып қыдырып,
Талай дәурен сүргенмiн.
Ханға талай барғанмын,
Талай тарту алғанмын.
Мейман болып һәр жерге,
Талай да қызды көргенмiн.
Көргенiм жоқ мұндай жан,
Көрдiм сурет, болдым таң.
Мұны менен сұрама,
Мен бiлмеймiн, тақсыр хан.
Сонда да ақыл айтайын,
Менiм тiлiм алсаңыз,
Тоғыз жолдың торабы,
Соған бiр үй салсаңыз,
Алып барып бұл тонды,
Үй iшiне жайсаңыз.
Өткен-кеткен керуеннiң
Бәрiн мейман қылсаңыз.
Келтiрсе мейман Құдiрет,
Жайылып тұрса бұл сурет,
Танымас па бiр адам.
Жөнiн айтса бiр адам,
Сонда қайғың кетпес пе,
Жұрт иесi, тақсыр хан!
Хан кәрiнiң бұл сөзiн қабыл алды,
Баласы баяғыдай жатып қалды.
Хан тапсырғаш молдасы алтын алып,
Жолына шалдың айтқан бiр үй салды.
Көп керуендi тоқтатып мейман қылар,
Керуеннiң жолын тосты ендi бұлар.
Өткен-кеткен һәммасы тек кетпейдi,
Атты-жаяу болса да мейман болар.
Бұл бойменен молда бiр жыл жатты,
Қолынан талай керуен тағам татты.
Бiр жыл болды, бермейдi һешкiм хабар,
Молдаға бұл суреттiң дертi батты.
Бiр күнi үш жүз түйе келдi керуен,
Мейманхана үйiне кiрдi керуен.
Жаюлы тұрған тонның суреттерiн
Баршасы ғажап етiп көрдi керуен.
Суреттен көз айырмас керуенбасы,
Өтпейдi тамағынан iшкен асы.
Қойған тағам алдында тек қарап тұр,
Суретте баршасының тамашасы.
Астарын iшiп тамам болды керуен,
Молда айтты: — Үйге әкелiп қылдым мейман,
Қойған тағам бәрi де текке қалды,
Суретке қарайсыздар сiздер неден?
Керуенбасы сөйлейдi iшкi сырын:
— Қалмасын көңiлiңде, молда, кiрiң.
Жаны болса, хан қызы дер едiм мен,
Суретi-дүр құр жасалған жаман жерiң.
Бар едi патшамызда осындай қыз,
Себебi үшбу ерүр тамашамыз.
Һеш бұзығы жоқ, тұрар тап осындай,
Құдайым айттырмасын өтiрiк сөз.
Сол қыздың қырық кәнизагi қасында тұр,
Алтын тәж, бақ-дәулетi басында тұр.
Көрген жан мүптала боп кетушi едi,
Жаны жоқ сол ханшамыз осында тұр.
Қуанып молда сөйлер тiл мен жақтан:
— Сұрап, мейман, күтемiн иман Хақтан,
Шаһарың не-дүр, керуен, жерiң қайда,
Уа және келесiздер қай тараптан?
Керуен басы сөйлейдi: — Тыңла сөзiм,
Сапар әйлап ашылған менiм көзiм.
Тоғыз айлық жол болар үшбу жерден,
Ирияның керуенiмiн менiм өзiм.
— Үшбу қыз, керуен, бар ма, яки жоқ па,
Бар болса, және айтқыл қай тарапта?
Күйеуге берiлген бе, бермеген бе,
Керуенбасы, тағы да мұны анықта.
— Ирия шаһарында патша қызы,
Дүнияда бар, тиген жоқ күйеуге өзi.
Күйеуге тимеймiн деп уағда қылған,
Шарт қылған бiр уақытта бар-дүр сөзi.
— Не шарты бар, күйеуге неге тимес?
Серт екен мынау өзi пенде сүймес.
Күйеуге тимейтұғын себебi не?
Қыз ерге тимей ме екен, еркек емес.
Керуенбасы сөйлейдi бастан-аяқ:
— Нетейiн мен сырымды сiзден аяп,
Қызы үшiн патша салып алтын сарай,
Орнатқан айналасында бiр бақ шарбақ.
Айтайын ол бақшаның мен сипатын,
Көрсе ғажап қыла-дүр жамағатын.
Сандуғаш, бұлбұл, тоты — бәрi сонда,
Келтiрмен мыңнан бiрiн сөзбен шартын.
Кiрсең, шыққың келмейдi ол бақшадан,
Бiр тоты ол бақшадағы салыпты ұя.
Балапан ұшар мезгiл болған шақта,
Ол бақтан бiр өрт шықты, тыңда және.
Күйдiрдi ол бақшаны өрт шыққан соң,
Сөндiрдi көп халайық өрт шыққан соң.
Ханыша қарап сол кезде тұрған екен,
Жалыны терезеден кеп шыққан соң.
Ханыша сол уақытта тұрды қарап,
Ой ойлап көңлi болып һәрбiр тарап.
Ұясы ағашымен күйгеннен соң,
Тоты құс төбесiнде жүрдi зарлап.
Ағаштың төбесiнде жүрдi тоты,
Шалады бұл тотыны өрттiң оты.
Еркек тоты жоламай қашып кеткен,
Ханшаның мұны көрiп кеттi құты.
Балапаны үшiн ұрғашысы өлiп қалды,
«Аһ» деп ханша сол кезде ойына алды.
«Бала үшiн ана ғарiп өледi екен,
Мен де осындай болармын, не етем байды.
Тимеймiн, не қылсам да ендi байға,
Өтсе дәурен айналып, келу қайда».
Ханышаның қылған шарты осылайша,
Келдi ме көңiлiңiз, молда, ендi жайға.
Молда есiтiп бұл сөздi қуанады,
Көңiлiнде үшбу сөздi құп алады.
Патшаға алып барып керуендердi,
Бәрiне алтын-күмiс сый қылады.
Патша керуенге көп бердi малды,
Берiп барша сырларын тамамдады.
«Бұ алтын, күмiспен кестiм тiлiң,
Жерiңе айтып барсаң не лаж бар-ды».
«Айтпаймыз» деп керуендер ант iшедi,
Бiрқатар сол арада күн кешедi.
Қырық қашырға азық пен алтын артып,
Молдекең керуенменен жол түседi.
Жүрмекшi керуенмен болды молда,
Шаһзада бұл халдi бiлдi сонда.
Молдасымен сапарға бiр баруға
Атасына хабарды бердi сонда.
Атасы рұқсат бердi баласына,
Көзiнiң ағы менен қарасына.
Алтын шатыр, арымас ат, тон алып,
Қырық қызметкер және алды өз қасына.

Әлқисса, Әбдiлмәлiк керуенмен жүрмекшi болып, шаһардан шыққан соң, атасына, ел-жұртына айтқан сөзi:

— Қайран атам, жан атам,
Айрылмас едiм, жан атам.
Басыма қайғы түскен-дүр,
Өрт болып iшiм пiскен-дүр.
Кетемiн деп ойлап па ем,
Қоймады үйге бұ қапа.
Бұл суретке дос екен
Не Раббым-дүр, не шайтан.
Сурет тонға сызылған,
Көрiп көңiлiм бұзылған.
Көрiскенше күн жақсы,
Қош, аман бол, атажан.
Қай уақытта келермiн,
Жүзiңдi қашан көрермiн.
Өзiм туып көрмеген
Жерлерде, ата, жүрермiн.
Ата, аман бол көргенше,
Және айналып келгенше,
Жыл он екi ай болғанда
Бiр хабарды берермiн.
Зар жылап шаһизада жолға түстi,
Зар жылап елiн қимай зорға түстi.
Алты ай жүрiп келедi сапар шегiп,
Талай жердiң дәмiн татып, суын iштi.
Келдiлер тоғыз ай сапар жүрiп,
Көрмеген ғажаптарды жолда көрiп.
Қадам басса жер-суы бәрi бөлек,
Қабылан, шерi, жолбарыс жүр жүгiрiп.
Киiк пен арқар, бұғы, маралдары,
Жағында жүгiрiп жүр балалары.
Неше түрлi құс, аңның бәрiн көрiп,
Айтысып кеттi естен сәналары.
Бұл сипатпен тоғыз ай жүредi жол,
Ат арымас, киiм көп, тамағы мол.
Тоғыз ай тамам болған уақытында
Ирия шаһарына айрылды жол.
Керуен мен шаһизада уа һәм молда,
Ирияның шаһарына келдi сонда.
Керуенге алтын-күмiс берiп айтты:
— Һеш жан келдi демеңiз ерiп мұнда.
— Айтпайық, — дедi керуен, — тiрi жанға.
Жатқызып шаһзаданы сол араға,
Сыршы тонын үстiне киiп алып,
Керуенмен кiрдi молда Ирияға.
Шаһарды қыдырады бастан-аяқ,
Бiр қолында шелегi, бар-дүр таяқ.
Жолықты бiр бай бұған келген жерден,
Үйiм бар, сырлаймысың, ей, сен саяқ?
— Сырлаймын мен үй, жанмын сырлай жүрген,
Талай үйдi мен бұрын сырлап көргем.
— Ақына не аласың, сыршы, айтқыл,
Аласың оның үшiн қанша менен?
— Ақымақсың ба, ақылың бар ма сенiң,
Аласың қанша баға дейсiң менен.
Әуел менiм өнерiм көрiп баға қой,
Алмаймын жақпаса ақы сенен.
— Жарайды, олай болса, сырла үйiм,
Берейiн жақса өнерiң, көп бұл-бұйым.
Бұл сөзбенен сырлады үйiн молда,
Алмайынша сол байдан жалғыз тиын.
Бiр уақта үйiн сырлап молда болды,
Әуелi бiр үй сырлап салды жолды.
Сонан соң бiрден-бiрге кеттi алып,
Бiрiнен-бiрi бередi артық пұлды.
Бiрiнен-бiрiн сырлар молда артық,
Болмайды хатқа жазып, тiлмен айтып.
Бұл хабар естiледi падишаға,
Үйi бар, шақырмасын о да қайтiп.
Шақырғаш молда келдi падишаға,
— Бiр үй салып берiп едiм ханшаға.
Сол үйiмдi сырлап бер, сыршы, маған,
Аласың оның үшiн қанша баға?
— Ақылсыздың айтасыз сөзiн, патша,
Аласың дейсiз маған баға қанша.
Мен һеш нәрсе алмаймын сiзден бұрын,
Бiрақ маған нөкермен келсiн ханша.
Ханшаңыз жолдасымен маған келсiн,
Боларсыз, патша, разы сырлап берсем.
Бұл сөзбен қызын шақыртып алды патша,
— Ал, сыршы, қызым мынау, — дедi, — көрсең.
Сыршы көрдi бұл келген ханышаны,
Қырық кәнизак келiп тұр бұған бәрi.
Ғажайып мұндай дидарды пенде көрмес,
Тағат қып тұра алмас адам жаны.
Һәрқайсын сипаттап көредi анық,
Адам қызы болды екен бұлар неғып.
Киiмдерi хале тон деп ойлайсың,
Дидарлары хор қызы тұрса бағып.
Көрiп болып молда «жарар» дедi,
«Бар ма адам үйге алып барар», — дедi.
Үйдi сырлай бастады келгеш молда,
Крилсадан әуелi сырлайды ендi.
Сырлайды әуелгi үйге молда кiрiп,
Сипатын жаза алмадым мен келтiрiп.
Қанша өнерi болса да аямайды,
Қайсыбiрiн жазайын мұның терiп.
Бiрiнен-бiрiн сырлар бұл зияда,
Көрген адам қылғандай жанын пида.
Ең төр үйiне келген соң ханышаның,
Суретiн қыздарымен жасайды ендi.
Бойындай әрқайсының бойы бар-ды,
Ханшаның қырық қызымен нұры бар-ды.
Һәрқайсысын өзiндей жасап қойып
Тағы да бiр қиял iс ойына алды.
Қарсы алдынан жасайды ханның ұғылын,
Қырық жiгiтi жанында салар ойын.
Алтын тақтың үстiне отырғызып,
Көрсең, жаққа таянып отыр қолын.
Алдына орнатады бақ шарбақты,
Iшiнен ағызады бiр бұлақты.
Неше түрлi шарбақтың құсын жасап,
Төрт киiк бұлаққа әкеп және орнатты.
Орнатты төрт киiктi су басына,
Екеуi ерген лақ анасына.
Бiрi — ата, бiрi анасы лақтардың,
Жасады шаһизаданың дәл қасына.
Су iше келген киiк лақтардың,
Ағыны қатты екен бұлақтардың.
Суға кетiп барады екi лақ,
Жамағат, салғыл бұған құлақтарың.
Байқамай суға кеттi екi лақ,
Соңынан еркек киiк түстi жылап.
Ұрғашысы анадай жерге барып,
Ғажаптанып тұрады шыдап қарап.
Осылай сырлап болып бердi хабар,
Үйдi көре болған соң келдiлер.
Бiрiнен-бiрi артық сырланғанын,
Баршасы тамаша етiп көрдiлер.
Ең төр үйге келедi бұлар ақыр,
Көрiсiп бастан-аяқ келе жатыр.
Бөренеге жабысып тұрған өзiн,
Көредi қырық қызымен ханша пақыр.
Шошып бiраз тұрды да келдi жақын,
Ғажайып дәл өзiңдей көрдi қалпын.
Бiрақ сурет, жаны жоқ демесеңiз,
Тап өздерi, ұқсасты екен, халқым.
Ханша ғажап болмасын бұған нағып,
Тағы да оңды-солға тұрды бағып.
Дидары өздерiнiң порымындай,
Жүргiзiп, сөйлетпеген нағып жан қып.
Тағы ханша қарайды оңды-солға,
Тағы да ғажап сурет көрдi сонда.
Алтын тақтың үстiнде бiр шаһзада,
Көрсе, жағын таянып отыр қолға.
Алдында қырық өнерпаз бар жiгiтi,
Көрген адам ақылы қалмас тiптi.
Ханның ұғылын көрген соң, ханышаның
Ақылы қалмай басында сауал еттi.
— Мұның кiм, сыршы, айт маған,
Болайын разы мен саған.
Суретiн ғажап жасапсың,
Айтқыл жайын, не адам?
Сауалына ханышаның,
Сыршыдан шықты бұл кәлим.
— Сүйедi һәркiм өз елiн,
Өз елiмде гөзәлiм.
Жақсыға жақсы әуес деп,
Шаһзадамды көрсiн деп
Жасап едiм, жақпаса,
Өшiрейiн, жоқ шарам.
— Рас па, сөзiң жалған ба,
Бойдақ па, қатын алған ба?
Шаһзада ма, қара ма?
Айтшы жайын сен маған.
Сыршы жауап әйлайды:
— Қатыны жоқ, алмайды,
Өзiне-өзi серт қылған,
Басына бәле салмайды.
— Қатыннан еркек ұялмас,
Себебi не-дүр, неге алмас?
Серт екен мынау бек жаман,
Сырыңды бiзге айтпасаң,
Дертке түсер ғарiп бас.
Сыршы сонда айтады:
— Менен сауал қылғанша,
Сүгiретке, ханыша, көзiң сал.
Шаһзада бiр бақ жасатқан,
Ысырап етiп бек көп мал.
Ғажап бақша едi ол,
Iшiнде аққан бұлақ бар.
Дағды алып бұлақтан
Су iше-дүр киiктер.
Бiр уақытта бiр-екеу
Су iшерге келiптi.
Жанында екi лағы бар,
Су iшiп олар тұрғанда,
Iлiп алып кетiптi
Ағыны қатты бұлақтар.
Шығарып судан алам деп
Екi лақпен бiрiгiп,
Атасы кетiп барады,
Аллаға әйлап зар-зар.
Анасы көрiп оларды,
Үркiп барып бой таса,
Қылды олардан қаша,
Кең дүниясы болып тар.
Сайранда едi хан ұғылы,
Көзi көрiп ол мұны,
Ақылы болды оның дал.
«Тiптi қатын алмайын,
Басыма бәле салмайын.
Ендi маған тауфиқ бер,
Айналайын, Хақ Жаппар.
Қатын алып не етейiн,
Елiмнен безiп кетейiн.
Киiктей болып өлермiн,
Менен бала туса әгар».
Деп осылай, ханышам-ау,
Қатын алмас шаһзадам,
Осындай қылған шарты бар.
Ханша айтты сыршыға: — Тыңла сөзiм,
Мен де шарт қылып едiм өзiме-өзiм.
Мен дағы «ерге тимен» деп уағда қылып ем,
Күйген тоты көрiп көзiм.
Мен бұздым бүгiн ендi уағдамды,
Ол қабыл жұптылыққа көрсе менi.
Жақында болса, сыршы, айтқыл маған,
Келейiн барып көрiп, келсе жөнi.
— Алыс емес, шаһизада жақын жатыр,
Тұсында қақпаңыздың алтын шатыр.
Жанында қақпаңыздың, шаһ жаһан
Елден безiп, жолаушы болып жатыр.
— Олай болса шаһыңа айтқыл менi,
Барайын бүгiн оған жарым түнi.
Барып айт, шаһзадаңа келедi деп,
Айтамын өз кiсiмдей көрiп сенi.
Шелегiн сыршы қарға iлiп алды,
Көңiлiн ханышаның бiлiп алды.
Тәмамдап барша жайын шаһзадаға,
Баяғы өз киiмiн киiп алды.
Түн ортасы болғанда келдi ханша,
Қасында нөкер қыздар ерген қанша.
Көрiсiп екi ғашық бiр-бiрлерiн,
Ғажап емес биһұш боп талып қалса.
Көрiсiп екi ғашық талып қалды,
Жүзiне бiр-бiрiнiң есi ауды.
Жанындағы жолдастары екеуiн де
Су бүркiп таң сабахта әрең алды.
Екеуi бiр-бiрiне жаяр құшақ,
Көзiнен жасы ағады селге ұқсап.
Сөз орнына көздерiнен жас ағады,
«Ғашық жарым» деседi, сөздерi осы-ақ.
Бойымен сөз қатпаған ханша қайтты,
Барды да өзi жайын патшаға айтты.
— Мен таптым өзiме тең бiр шаһзада,
Менi соған берсiн, — деп хабар айтты.
Келiптi қақпаңызға ханның ұғылы,
Мен қабыл жұптылыққа көрдiм соны.
Оған атам бермесе менi әгар,
Қайтейiн, баяғымдай болдым сорлы.
Атасы естiп бұл сөздi қабыл алды,
Той қылып биқисап көп сойды малды.
Сүннетi Пайғамбардың осылай деп,
Шақырып шаһзаданы жанына алды.
Сүннетiн Пайғамбардың қылды патша,
Көп жасаумен ұзатып қызын патша.
Қырық түйе, қырық қашырға жүгiн артып,
Және қырық пiл, қырық қыз күң бердi патша.
Падиша сексен нарға жүгiн артты,
Ұзатып қызын бұлай арызын айтты.
Суретi ғашық болған қолға тиiп,
Шаһзада шад хиррам елге қайтты.

Әлқисса, патша қызын ұзатып, жолға шығарып, артынан жылап айтқан сөзi үшбу-дүр:

— Япырым-ай, шын айырылдым жалғызымнан,
Жалғызым, жаным нұры, бар қызымнан.
Кiм көтерер айырылмақ заһарын,
Басыма орнатылды ақырзаман.
Жылармын сенi ойласам күн мен түнi,
Иләһи, күнәлi етпе, мен құлыңды.
Жыламаймын десем де тiрi айырылғаш,
Жатырмын көтере алмай ендi мұны.
Күнәға жазылмасын менiм мұным,
Iшiмде үшбу ерүр барша мұңым.
Отыз қызым болғанша, ә, дариға-ай,
Аяқ-қолы жоқ жалғыз болмады ұғылым.
Ұғылым болса ол менен кетер ме едi,
Орны құрып қалыпты бүгiн ендi.
Бiр перзентiм бар едi айырылдым мен,
Сүйермiн қуаныш құрып ендi кiмдi?
Патша жылап, зарлап кеттi қайтып,
Бар сөзiн уа һәм сырын бәрiн айтып.
Ғашық болған суретi қолға тиiп,
Шаһзада жөнеледi шеру тартып.
Шаһзада қырық құл, қырық күң бәрiменен,
Сексен нар, алтын-күмiс жасауларыменен,
Ойын-күлкi, сауықтың бәрiн көрiп,
Көңiлiнiң келедiлер нәрiменен.
Келедi баршалары күн-түн қатып,
Болмайды шаттықтарын тiлмен айтып.
Ойын-күлкi, сауықпенен ендi бұлар
Салған мейманханаға келдi қайтып.
Сайлады жерiне бiр жiгiттi,
Сүйiншi сұрай жiгiт озып кеттi.
Жол екен үш айшылық екi арасы,
Болғанда бiр ай он күн жетiп кептi.
Падиша отыр екен, келсе, жылап,
«Ұғылымды есен көрсет» деп Хақтан сұрап.
Сабырсыздық қылғанмен келер жоқ деп,
Падиша отыр екен тағы шыдап.
Бiр жыл, он ай болмаған хабарлары,
Падиша оның үшiн етер зары.
Көңiлi қапаланып отырғанда,
Көредi келген патша бiр адамды.
Қараса, өз шаһарының адамы екен,
Сүйiншi барша сөздiң кiлтi екен.
«Сөз көтерер көңiлдi» деген бар-ды,
Алдың жар болса дағы, етер бекем.
Хабарын естiп патша талып қалды,
Қуанып бiр Аллаға налып қалды.
Сүйiншi деп алдына келген жiгiт,
Патшадан дүние-малын алып қалды.
Падиша көп жұртымен шықты алдына,
Сапар ұзақ болмайды бар малдыға.
Көрiсiп ұғылыменен амандасып,
Келiнiн алып келдi шаһарына.
Қуаныш той падиша етедi ендi,
Баршасы мұрадына жетедi ендi.
«Мен қартайдым, ұғылым таққа мiнсiн», —
Деп патша жұртқа үкiм етедi ендi.
Ақыры патша болды жалғыз ұғылы,
Шат болды баршасының тегiс көңiлi.
Молданың себебiмен һәм қарияның
Ақылыменен таптылар олар мұны.
Баршасы жеттi ақыр мұрадына,
Қосылып ғашық болған суретiне.
Үмiткер бiз де жүрген ғарiп құлмыз,
Алланың қиын емес құдiретiне.
Ақыры бұл дүниядан олар да өттi,
Бiр-бiрлеп бiзге ақыр нәубет жеттi.
Халайық, қол көтерiп бiр дұға қыл,
Ақыры осылайша тамам бiттi.
10.02.2020
Вернуться назад