DataLife Engine / Ұлы Жеңісті жүрегімізде сақтаймыз!

Ұлы Жеңісті жүрегімізде сақтаймыз!

Садуова Мейрана
7 сынып, №12 ЖББОМ Қарағанды облысы, Октябрь ауданы
Жетекшісі: Елеусизова Акку Канатовна

Орағың өткір болса,
Қарың талмайды.
Отаның берік болса,
Жауың алмайды
Cоғыс, соғыс! Қандай қатал, қандай зілді, ауыр батпаны бар сұрапыл айқастың мағынасын ашатын ауыр сөз десеңізші. Осы бес әріптен тұратын қасіретті көп сөздің астарында қаншама тағдыр, адамның көз жасы мен талай адамның басынан кешкен елеулі оқиғасы тұр. Соғыс – адам баласы үшін ең үрейлі, ең қорқынышты сөз. Өйткені, соғыс атаулы адамзатты қырып – жоюға бағышталған. Адам, адам болғалы осылай. Талай рет үстемдік, байлық үшін адам қаны суша аққан. Кімге қажет болып, не мақсатты көздеп еді сол соғыс? Әдетте, соғысты әділетсіздік, жауыздық, қанішерлік бастайды ғой. Ол сонысымен лағынетті. Қарапайым халыққа қасірет туғызған, қарғыс арқалаған соғыс ешқашан жеңбек емес. Гитлердің жер бетінде тек асыл текті неміс халқы ғана өмір сүруі қажет деп, өркөкіректік пен шектен шыққан менмендікке бағытталған зұлым саясатының салдарынан тұтанған алапат соғысқа тек қазақ жерінен ғана аттанған мыңдаған қазақ қайтып еліне оралмады. Олар соғыс жылдарында Отанын, туған жерін жаудан асқан ерлікпен қорғай білді.
Миллиондаған боздақтар майданда шейіт болды. Біреуі әкесінен, ал біреуі жарынан, қанаты қатып, бұғанасы бекіп болмаған бауыр еті баласынан, отбасы ошақ қасынан айырған қанды айқасты ұмыту, сірә мүмкін емес. Ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген халық, ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді білмеді деп айтсам артық айтқаным емес. Көзбен көріп, жүрекке түйген адамдар үшін еске түсіру бүкіл тұла бойыңды шымырлатып, жаныңды түршіктіріп, көзіңе жас үйіретін оқиға екені айдан анық. Әрине, осындай ардагерлеріміздің де саны азайып бара жатқаны жүрегіңді сыздатады. Біздің тарихымыздағы елеулі оқиғаның бірі - Ұлы Отан соғысы. Бұл 1941 жылдан 1945 жылға дейін созылған елдің басына туған қайғылы күн еді. Соғыс киліктірген ауыр қасірет пен қайғы шер бүкіл халықтың басына түсті. Осы соғыс адамның өміріндегі ең қиын, ең ауыр жылдар болды.
Менің білуімше соғыс деген сөздің мәнінде қасірет, қиыншылық, азаматтық арнамыс тұр. Бізге бейбіт өмір сыйлаған, елі мен жерін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған ата-бабаларыма мың да бір алғысым шексіз. Бар өмірін болашақ ұрпағы үшін елі мен жерін азат ету барысында кеудесін оққа төсеген, намысты қолдан бермеген батырларымызды, аяулы да асыл қыздарымызды мақтан етемін. Олар бізге, кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге көрсетіп елдің мақтанышына айналған мықты батырларымыз біздің жүрегімізде мәңгі сақталмақ. Қасықтай қаны, шығар шықпас жаны қалғанша арпалысып, жан түршігерлік оқиғаны басынан кешірген кең пейілді адамдарды ұмыту, білмеу тарихымызға үлкен сойқан келтірумен пара –пар. Ердің ерлігін елі бағалайды. Туған Отанының тәуелсіздігі, оны мекендеген көп ұлтты халықтың бостандығы жолында аждаһадай аранын ашқан жауға қарсы тұра білген Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Талғат Бегилдинов және тағы басқа мықты батырларымыз бар.
Ердің ері шыдайтын, жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында олардың нәзік жүректері тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті. Ел басына күн туған қиын – қыстау күндерде азамат жүгін арқалап мыңдаған қыз келіншектері уақыт сынынан, тарих талқысынан сүрінбей өтті. Аяғына солдат етігін киіп, Отанымыздың астанасы Мәскеуден Берлинге дейін шеру тартты. Рейхстагта желбіреген Қызыл Туда қазақ әйелдерінің де даңқ жолы, ерлік дастаны бар. Оны бір мақала, бір кітапқа да сыйғызу мүмкін емес. Қазақ даласының қос сұңқары Әлия мен Мәншүкті бүгін кім мақтан етпейді. Бүкіл дүниежүзі жырына қосып, ерлігіне бас иді. Сол сұрапыл соғыста менің нағашы апамның анасы болған. Өз көзім үлкен әжейді көрмесем де естіп, білгенімді жазу жөн деп санадым. Аты жөні: Имангулова Шәмшінахар Менғызы. 1914жылы Уфа қаласындағы Чичменский ауданында дүниеге келген. Шәмшінахар әжей 1941 жылы соғысқа аттанып кетіпті. Ол кезде әжем Бауыржан Момышұлын таниды екен. Шәмшінахар әжем сол Бауыржан ағаның қол астында жұмыс істеп, қолынан келген көмегін аямаған. Әжемнің мамандығы дәрігер болса керек. Содан Бауыржан ағай оны жарақаттанып алған адамдарға көмектес деп міндет жүктейді екен. Әжем өзінің міндетін жақсы атқарып,бәріне көмектесіп жүргенде бір күні қасында жүретін құрбысына оқ тиеді. Сосын әжем құрбысына ем-домын көрсетіп жатқанда ойда жоқ жерден оң жақ көзінен жарақат алады. Бұл тұтқиылдан келген оқ жаудыру болатын.
Осы жерде екеуі де бірдей ауыр халде жатып, әжем өз-өзін қолға алып, Бауыржан ағай жүктеген міндетін атқара бастайды. Осы кезден бастап,әжем бәріне көмектесіп,қолдау көрсетеді екен. Мен Шәмшінахар әжемнің осындай ерен еңбегін мақтанышпен айтамын. Өзі ауыр халде болса да өз қара басының қамын ойламай, басқаларына көмектесіп, барынша қолдау көрсетіп жүректеріне үміт отын жаққан бірден бір адам ол менің әжем. Әжем өзінің ауыр халде жатқанына қарамастан Бауыржан Момышұлымен бірге Мәскеу, Балакарзан қалаларында бірге соғысқа аттанған. Мен осындай әжем бар болғанына, ерлігі үшін, тірлігі үшін мақтанамын. Әжем өз міндетін адал атқарған деп, бәрін маған атам әңгімелеп берді. Соғыс 1945 жылы бітсе, ал менің әжем сол жақта тағы да бір жыл қалып, жарақаттанып, ауырып ,ауыр халде жатқан адамдарға көмектесіп жүрген екен. Әжем сол жерде барлық адамға бірдей қарап, қамқорлық танытқан ақ халатты абзал жан болды деп айтсам артық емес деп ойлаймын. Осы Шәмшінахар әже 1980 жылы 76 жасында қайтыс болды. Соғыс зардабын көрген әжемнің жаны жәнатта болсын демекпін. «Отан үшін отқа түскүймейсің» деген осы болар...
Міне, Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 71 жыл толып, бейбітшілік заманда өмір сүріп отырмыз. Бірлігі мен татулығы жарасқан елде өмір сүргенге не жетсін. Біз бақытты ұрпақпыз. Барлық адамзат мейірімді, бір – біріне түсіністік танытып, қанағатшыл болса соғыстың ұшқыны байқалмас еді. Жеңісті күнге жеткізген намысшыл ерлерге, жаны нәзік жандарға бүкіл болашақтың туын биік тұғырға жеткізетін жастардың атынан тағзым етемін. Әрқашан еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
22.01.2020
Вернуться назад