DataLife Engine / Ұлы Жеңіс - ұлы жетістікке жетелейді

Ұлы Жеңіс - ұлы жетістікке жетелейді

Жанатова Данагүл
8 сыныбы Хамидолла Наубетов атындағы орта мектеп
Атырау облысы, Исатай ауданы, Жанбай ауылы

Жеңіс күні- аға ұрпақтың ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Ұлы Отан соғысы аяқталып,Жеңістің туы желбірегеніне биыл 71 жыл! Жеңіс күні-бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке біз үшін де ұлы мереке! Ұлы Отан соғысы біздің әрбіріміз үшін ұмытылмастай ізін қалдырды. Бүгінде Ұлы Жеңісті алып берген аға буынның алдында әр уақытта қарыздармыз.Ұлан-байтақ даланы найзаның ұшы,білектің күшімен қорғаған аталарымыздың игі дәстүрін бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді. 1945 жылдың 9 мамыр күні өтсе де,жұртшылық жадында халықтың ерлігі мен даңқының мызғымас символы болып келеді. Тарихқа Ұлы Жеңіс болып енген айтулы күнді жақындатуда майданда да,тылда да жанқиярлықпен күрескен аға буын ерлігі ешқашан да ұмытылмайды. Өйкені, олар алып берген Жеңіс бүгінде бізді небір жетістіктерге жігерлендіріп,жанымызға қуат беруде,қиындықтарды жеңіп,алға ұмтылуымызға көмектеседі.
Осы соғыста қаншама адам қаза тауып,қаншама адам мүгедек атанды. Қаншама ана жесір,балалар жетім қалды. Оңай келмеген жеңіске ерен ерлігімен көзге түсіп,ерекше сый-құрметке ие болған сан мыңдаған жауынгерлердің ішінде қазақ аталарымыз бен апаларымызда көп. Ерлігін жыр қылып айтатын әрбір қазақ батырларымызды ешбіріміз ешқашан ұмытпаймыз. Біздің парызымыз сол алапат сұрапыл соғыстағы Жеңістің қалай келгендігін ұғыну,қаза тапқандарды қадір тұтып,арамызда жүрген ардагерлерге құрмет көрсету. Олар қан майданда ерлік танытып,елді жаудан қорғады. Ал,бейбіт өмірде туғандар жердің игілігіне адал еңбек етті.Қандай шаруаға да белсене қатысып,кейінгі буынға жол көрсетті.Сол зұлмат соғыстағы жеңіс болмаса,жарқын болашаққа сеніммен ұмтылған Тәуелсіз Қазақстан болмас еді. Бүгінде біз елмен бірге тыныстап,келер болашақты нұрлы ету жолында шынайы патриотизм мен қаһармандықтың үлгісін көрсетіп келеміз. Осы Ұлы Жеңісте өшпейтін ерлік үшін ардагерлерімізге шынайы алғысымызды білдіруіміз қажет. Елімізде орнаған бостандық пен тәуелсіздік үшін күрескен қан майдандағы ерліктерге мың алғыс!
Ұлы Жеңіс! Қаншама ардақты азаматтарымыздың өмірін қиған,талай отбасының шаңырағын шайқап,қайғы-қасіретке душар еткен соғыс өртінің өшкеніне ел қуануда. Уақыт өткен сайын сол кезеңдер бізден қашықтап бара жатқанымен,оның халық тағдырында қалдырған ізі көңілден кетіп,жүректен өшпек емес. Соғыс басталған сәттен-ақ,қазақстандық жауынгерлер Бөгенбай мен Қабанбайдың,Наурызбай мен Райымбектің, Махамбет пен Исатайдың ұрпақтарына лайық ұрыс салды. Сондықтан да Жеңіс күніне жете алмай,қанды шайқастарда қаза тапқан батырларымыз бен соғыстан аман оралған жауынгерлерімізді дәріптеп,есімдерін ұлықтаубүгінде тек мемлекеттің ғана емес,әрбір адамзаттың үлкен парызы. Деректерге сүйенсек соғыс қимылдары әлемнің қырық мемлекетінің аумағында жүріп,110 миллион адам солдат шинелін киді.
Соңғы деректер бұл апатта 60 миллион адамның қаза тапқанын айтады. Кеңес Одағының адам шығыны ресми түрде 27 миллион адам деп есептелді.Ең қанқұйлы соғыс ретінде тарихқа енген екінші дүниежүзілік соғыс және Ұлы Отан соғысы болып танылды. Сондықтан біз Жеңістің өзіндік мән-маңызын аша түсуге тиіспіз. Туған жерден топырақ бүйырмай,жат жерде қалған жауынгерлеріміз жау лагеріне кісенделіп,кейінгі тағдыры белгісіз болып қалған сарбаздарымыз қаншама?!
Жеңіс бізге миллиондардың қанымен,мыңдаған аналардың көз жасымен келді. Соғыс жылдарында талай бала әкесіз өсті. Талай шаңырақ шайқалып,берекесінен айырылды. Талай ана майданға кеткен жарын жоқтаумен өтті. Мұның барлығы соғыс салған жараның жазылмағанын,қанды жылдар қасіретінің қаншалықты ауыр болғандығын көрсетеді. Соғыс тарихын қажет ететін дүниелер әлі көп.
Берлиннің төріне Қызыл Ту тіккен екі қазақ бар. 29 сәуірде бірінші болып Мәденов Ратуша қаласына ту тікті.Ал,отызыншы сәуір күні Қошқарбаев Рейхстагқа ту тікті. Желбіреген Қызыл Ту осылайша көптеген жауынгерлерге рух берді. «Кеңес Одағының Батыры» атағын алғандарды айтпағанның өзінде,Ұлы Отан соғысы жылдарында 201 қазақстандық Социалистік Еңбек Ері атағын алған екен. Осындай ерліктер ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Рас,біз жаһандық тарихтан бөлініп кете алмаймыз. Дейтұрғанмен, Ұлы Отан соғысы тарихына біздің де жаңаша көзқарас танытатын уақытымыз жетті. Бастысы өскелең ұрпақ соғыстың дүниежүзін фашизмнің «обасынан» құтқарғанын білуі тиіс.
Соғыс тарихы зерттеліп бітті деуге болмайды.Ашылмай жатқан сырлар, айтылуы тиіс ақиқаттар өте көп. Ендігі жерде әлемде мұндай қанқұйлы соғыс болмасын! Бірақ, бүгінгі буын қандай қиын жағдайда да жән-тәнімен Отанымызды қорғайтын жағдайда болуы керек.Сол себептен де, соғыс тақырыбын патриоттық тәрбиеде пайдаланудың маңызы зор.
Қазір қазақ елді мекендерінде көптеген көшелер,ғимараттар,оқу орындарына Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақтардың есімдері де берілді. Қазіргі кезде сол батырларымыздың қатары сиреп,азайып қалды. Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған жүз қазақтың Кеңестер Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді. Олар біздің мақтанышымыз.
9 мамыр бұл мереке ғана емес,бұл халықтың батырлығы. Біздің парызымыз бұл күнді ешқашан ұмытпай есте сақтау!
Ендігі біздің міндетіміз бүгінгідей бейбіт күнді сыйлаған майдангерлерімізді,тыл еңбеккерлерін көзі тірісінде ұлықтап,зор құрмет көрсету. Тәуелсіз еліміз өркендеп,өсе берсін. Еліміздің көк аспанында бейбітшіліктің,тәуелсіздіктің,азаттықтың туы әрқашан желбірей берсін.Тарихта қалған сабақ баршамызды ойландыруы тиіс! Өйткені,ерлік даңқы өшпеуі тиіс!
16.01.2020
Вернуться назад