DataLife Engine / Сүлеймен Баязитов | Соқыр ат соғысқа қатысқан ба

Сүлеймен Баязитов | Соқыр ат соғысқа қатысқан ба

(әңгіме)

- Саған осы атты лайық көрдік, Жолдыбай. Өзгелерден бойың да, жасың да кіші екен. Алас ұрып тұрған асау атқа ие бола алмассың. Жолдыбай бригадир меңзеген атқа жүген сала тұрып, аттың бір көзінің жоқ екеніне, қабырғалары арса-арса, мейлінше жүдеулігіне, ең бастысы, арқасындағы ошақтай жауырынынан тамшылап ағып тұрған қанды іріңге назар аударған. Өздеріне тиісті аттарын жүгендеп алып, көңілдері тау бұлағындай тасқындап тұрған балалардың бірі.

- Опыр-ай, мына Жолдыбайдың асығы алшысынан түсуін қара, соқыр десең соқыр, жауыр десең жауыр. Мына атқа мінгенде, біздің Жолдыбай әлгі кім еді, диірменмен соғысатын?

- Е-е, ол жазушы Сервантестің Дон Кихоты ғой. Санчодан аумай қалатын болды тегі,- деп тұрғандарды қыран күлкіге бөлеген. Жолдыбай ел қатарлы атын ерттемек болғанда, қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсіңнің кері келіп, соқыр ат ер салғызбай мөңкіп тулап, әлек-шәлегін шығарған. Өлдім-талдым дегенде ерді салып, айылын тарта бастағаны сол еді, аспанға шапшып, тебініп, шайнап ала жаздаған.Мұны көрген шөпші балалар:

- Мынаның қасында Алпамыс Тайшық ханның темір үйін талқандап шығатын Байшұбары сір,ә аяқ артуға тұрмайтын тулақ шығар. Ха-ха, ө-өхе-хе айтпа деймін.

Жануардың тұяғы тиген жерін опырып жіберетін болар.

- Әй, әрірек тұрыңдар, «жалғанның жазымы көп» деген тұяғы тиіп кетіп, жазым болмаңдар. Балалар мұнан әрі де мазақтай берер ме еді. Үлкендердің бірі:

- Қойыңдар кәне,- деп тыйып тастады. Мұны қолтығынан демеп, соқыр атқа мінгізген. Бұл ерге қонған сәтте ошақтай жарасына ер батса керек, ышқына мөңкіп, айдалаға ала жөнелген. Тырнауышқа жегілген қос өгіздің қапталына соқыр атты жеге тұрып, балалардың мазағы ойына оралған Жолдыбай терең күрсінді. Опыр-ай осылай жалғаса берсе...сол сәт сабасына түскен ол жұмысқа кірісіп кетті. Тырнаушының соңында қалып бара жатқан тақтаға түскен шөпті қос өгіз бен соқыр аттың тырнауышты тізе қосып сүйреп келе жатқанын көргенде, көңіліңдегі күдік сейіліп, әлдебір үміт оты ұшқындағандай еді. Әлденеден соқыр атқа қарата «көрерміз» деген. Ол өзінен сәл әріректе шөп шауып, шөмелей салып, шөп сырып жүрген шөпшілердің көліктерін доғарып жатқанын көріп, түс болғанын оңғарды. Өгіздерін доғарып, соқыр атқа ер салуға беттеген.

Таңертеңгідей емес соқыр ат ер салып жатқан мұны тебуге де, тістеуге де ұмтылмаған. Басын салбыратып, бей-жай қалып танытты.

Өзара қызу әңгімеге берілген үлкендердің көзін ала беріп, Төкен «бас қамшыны» деп суырылып алға түсе берді. Балалар ғана емес, жастар жағы да соқыр атқа қамшы басты. Алғашқы да тепіректеп шапқан сынай танытқан соқыр ат, барым осы дегендей әлден соң кібіртіктеп аяңға көшті. Бұл қосқа таянғанда балалардың алды шайларын ішіп болып, көлеңкеде тыныстап отыр еді. Жырқ- жырқ күліп, әлдене деп әжуалай қарсы алған еді. Оларды Жолдыбайдың тыңдауға құлқы да, тіпті уақытты да жоқ болатын.

Бір-екі кесе шайын асыға ұрттап, есікке беттеген шөпшілер аттарына қонып жатыр еді. Кешке қарай ауылға жұрттың соңын ала кешігіп оралған мұны күш-көліктерін бағатын Бейсенбай қарт:

- Қарағым, мен сені күтіп тұрмын, атыңның ерін алып табынға қос, ат дейді ғой тулақты,- деп күңк еткен. Жолдыбай жылқыға қосар тұста күні бойғы ашуы сыртқа тепті ме кім білсін соқыр атты босата беріп қолындағы жүгенімен бастан салып-салып қалып «қартаң шірігір» деді кіжініп. Сол сәт Бейсенбай қартты: «Әй, жақсының баласы, мұның білгендік емес енді. Әкең марқұм жылқыны басқа ұрма обал болады деп сан ескерткен болар. Тек құйма құлаққа айтсаң, құйып алады, ақпа құлаққа айтсаң...». Бұл Бейсенбай қарттың сөзін аяғына дейін тыңдамай, қосқа қарай жүгіре жөнелген.

Түскі шайын ішіп отырған мұны шөпші балалардың бірі: «Сені Бейсенбай ата шақырады»,- деп сыртқа алып шықты. Бұл сөзімді аяғына дейін тыңдамай кеттің деп ұрсатын болар деп бір түрлі қауіптеніп келген.

Бейсенбайдың: «Уай, жақсының баласы»,- деп, жайдары қарсы алғанына бір түрлі таңданулы еді.

- Атыңның ерін ал кәне. Енді сәл әрірек тұр,- деп атқа жақындаған ол аттың арқасындағы ошақтай жараны қос қолымен қысып іріңін ағызды, жара орнына өзімен бірге ала келген әлдебір дәріні септі. Сонан соң бұған қарап: «Шипасы Алладан, енді бірер рет сепсек, жараның ізі де қалмайды»,- деген жымия күліп.

Таңға жақын ол жұрттың шулаған үні мен абыр-сабыр жүргенінен оянған далаға шықса, баданадай ақ бұршақ қыр төсін жауып-ақ тастаған екен. Төбеден тамған тамшы, қос еденінен ішке кіре бастаған су тізеден жоғары көтеріліп, шөпшілердің төсек орындары су үстінде қалқып жүр еді.

- Апыр-ай, мұндай лайсаңды кім көрген? Бір-ақ сәтте суға кетіп қала жаздадық-ау! Бейсенбай қарт күш көлігін қосқа қарай беттеті ме екен?

- Аға! - деген балалардың бірі бригадирдің сөзін бөліп, -күш көліктері әне қосқа жақындап келеді.

- Жер дегдігенше аттарыңды ерттеп ауылдарыңа беттеңдер. Күн әлі де бір жауып, бір ашылып тұрған. Бұл таза бұлаққа келгенде, неге екені белгісіз Жапар ата бағатын колхоз қойы әлі де шарбақта қамаулы тұр еді.

Аттан түсіп жатқан мұны Жапар атаның кішкене немересі:

- Аға, сізді атам шақырады, тез келсін,- дейді деген соң Жапакеңнің балағанына бас сұққан еді. Үнемі түнеріп, айналасына ызбар шашып жүретін Жапар атасы бұған мән-жайды баяндап: «Аттан құлап, аяғымды сындырып алдым. Сен қойды шығарып дөңгелете тұр. Апаң атқа мініп, ауыл орталығына хабарлауға кеткен. Сен қойды өз атыңмен баға тұр». Шарбақтың аузын ашқан сәтте, отар далаға лап берді.

Сәл ересектеу балалардың бірі ат үстіндегі мұның қолына атасының мылтығын ұсынған. Ала бергені сол еді, соқыр ат осқырына үркіп , қанша тартса да болар емес. Жайшылықта қадамын санап басатын соқыр аттың құйындай ағыза жөнеліп, тебіне жан ұшыра шұрқырай кісінеді. Жолдыбайдың төбе шашын тік тұрғызған қолындағы мылтық сусып жерге түсіп бара жатты. Сонда ғана соқыр ат мөңкіді де, жан ұшыра кісінеуді де қойып, қалыпты аяңға көшкен.

Бұл жай балалар түгіл үлкендердің назарынан тыс қалмаған. Қабыш сақалын салалай отырып: «Қалай десеңдер де бұл жай емес, жануар әлде соғысқа қатысты ма екен? Бәлкім, соғыста көзіне оқ тиген болар»,- деп бір бұлыңғыр әңгіменің ұшын шығарды.

Бірі болса болар десе, екіншісі қой әрі Украина қайда, біздің Таза бұлақ қайда. Сол жылдары жылқы баққандардың біразы біле алмадық десті. Ақыры мектептегі тарихшы ағайға дейін әңгімеге тартылды.

- Әбден мүмкін. Соғыс жылдарында Совет армиясы құрамында атты әскер болды ғой. Ал сол атты әскерді жасақтауға біздің өңірден жылқы алынды ма деген сауалға ол: «Тайбурыл, Байшұбар шыққан қазақ жеріне соғысқа ат алынды ма деп сұрауларыңның өзі надандық емес пе?!»- деп бір-ақ қайырды.

Бір таңқаларлығы, Жолдыбай «Соқыр ат соғысқа қатысты ма?» деген таласқа араласпады. Әркім өзінің сөзін дәлелдеуге тырысып жақ-жақ болып, қаншама айтысса да, тиянақ табуы екіталай. Алып- қашпа әңгімеге бас ауыртуды артық санаған болар. Жоқ, әлде Бейсенбай қарттың: «Әкең марқұм сөзге жоқ, ісіне мығым адам еді.

Жарықтық, жан-жануарға, әсіресе жылқы малына ерекше құрметпен қарайтын. Астына мінген Торшолағын мәпелеп күтіп, қанатым менің»,- деп отыратын деген сөзі ой салды ма... Соқыр атты мезгілінде суарып, азды- көпті жем беріп, Бейсенбай қарттың көмегімен арқасындағы жарасын емдеп жазуға ден қойған.

Ақыры, оқуға аттанар тұс та келіп жетті. Жолдыбай әдеттегідей соқыр аттың жалын тарай тұрып:

-Сен мені қамшымен бас- көзге сабағанымды, басыңнан жүгенмен салып қалғанымды кешір, жануарым ,бір білместік болды,- деді мойнынан құшақтап. Үнінде өткенге өкініш лебі бар еді.

Сүлеймен Баязитов

07.11.2018
Вернуться назад