Сүлеймен Баязитов | Иесісін жоқтаған Майлыаяқ

  Сүлеймен Баязитов | Иесісін жоқтаған Майлыаяқ

(Әңгіме)

Үлкендігі кішігірім тайшадай қара төбет құдайдың құба жонында салдыртып келе жатыр. Қайдан шықты, қайда барады оны иттің өзі білмесе білетін жан жоқ екендігі талассыз. Ара - тұра тоқтай қалып, тұмсығын көкке көтеріп, кең тыныс алады.

Сонан соң жолын онан әрі жалғайды. Күн көкжиекке жақындап барады. Асығу керек, әйтпесе түнде түртінектеп жүріп..

Оны қайдан таппақ?

Ит санасында найзағадай жарқ еткен осы оймен қанаттас шегі шұрылдап асқазаны сағзи жөнелді. Иесі қайтыс болғаннан кейін Мергеннен кетіп қалды. Содан бері оған арнайы сорпа - суан әзірлеп құятын құдайдың құлы болмағаны иттің есіне түскен.

Өзі тентіреп барған ауылдардағы үйшікте тұратын иттердің тамағына тартып ішіп, өзек жалғаумен жүр еді. Сонысын да бұл жұрт көп көргендей ме, әйелдер жағы қарғап - сілеп, итаяққа бас қойған. Мұны қолдарына түскен әлденелерді лақтыратын.

Олардың жарасы бұған жеңіл еді. Азу тісін ақситып «ыр - р» ете түскен де үйлеріне жып беретін. Ал еркектер болса айыр ала жүгіретін. Бүйіріне айыр қадатып бұл ақымақ па, тамақтан өліп пе? Табанын жалтырататын. Келесі бір аулада жылы - жұмсаққа бас қойған күшікті қағып жіберіп, іске кіріскені сол еді.

Әлдекім мылтықпен атып қалғаны. Сол сәт көрші үйлерден ата шыққан адамдар мылтық иесіне дүрсе қоя берісті. Олардың не деп уласып - шуласып жатқанын бұл қайдан ұқсын? Мылтық атылған сәтте, бұл ауладан ата шығып қара үзді.

Сол түні бұл ауылдан аулақ кетіп, биік бір төбенің басына шығып, көз жасы көлдей болып ұлыған. Мұнысы шыбын жанын аман сақтаған жаратушы иеге деген алғысы ма, жалбырыну ма, кім білсін?! Таң ата жолға шыққан. Содан қос бүйірі қабысып, тілі салақтап салдыртып келе жатқанына екінші күн. Жолда бірде – бір ауылға соқпады.

Біріншіден, төрт аяқты бауырларының сорпа – суанына ортақтасам деп ырылдасқысы келмесе, екіншіден, жыны түссе, төрт аяқты бұл түгіл екі аяқты бауырларының жоқтауын асырудан тайынбайтын қатыгез адамдардың қаһарынан қорыққан. Іші шұрқырап әкетіп барады.

Тамақ тауып жемесе болмайтынын ұғынған ол шілікке бұрылды. Онысы қоян кездесер ме екен деген дәмесі еді. Кездескен күнде оны оңайлықпен ұстап алуы... Кенет оның көзі мұны көріп ініне жып берген үлкен тышқанға түскен.

Әп – сәтте - ақ інді қазып, оның ішіндегі тышқандарды жеп, аз - маз тыныстаған ол қырға көтерілді. Айнадай жарқырап жатқан көлді көргенде, тағы да марқұм иесіне еріп, осы ауылға келгендері. Өзінің шөлдеп көлден су ішкені есіне түскен. Қара төбет иесі түскен көл маңындағы дәрі сасыған үйді бірден тапты.

Тек содан кейін иесінің ат басын бұрған үйін таба алмай көп сандалды. Енді ол жанындағы үйлердің маңайын тұтқасын иіскей бастаған. Шамы сөніп тұрған үйдің ауласынан, ақыры, іздеген иісін тапқандай еді. Жерді иіскеп отырып, сыртқы есігі жоқ бір үйдің дәлізіне келіп кірді.

Тұтқаны иіскеп еді іздеген исі аңқып тұр. Қуанғанынан ол қатты қыңсылап, есікті сояудай тырнақтарымен тырналай бастады. Есік ашқан Аманды қаға - маға ішке еніп келе жатқан итті көргенде, Алтыбай кереуетінің астына жып берген.

Дірілдеп - қалтырап қорықаннан үні шықпай қалған ол Қондыбайдың аяғына басын қойып құйрығын бұлғаңдатып жатқан қара төбетке қызыға қарап тұрған балаларды көріп, ішін әлдебір беймәлім қызғаныш меңдеді.

Оларға жақын келген ол иттің көзінен еденге тырс - тырс тамып жатқан жасты көргенде жаңа ғана таласа – тармаса Қондыбайға сауал қойып жатқан балалардың бір сәтте неге үнсіз қалғанын ұғынды. Қондыбайға көзі түскен ол, оның ерекше толқып тұрғанын аңғарды.

Әлден соң Қондыбай тамағын кенеп балалардың назарын өзіне аударды. Сонан соң: «Менің сендерге айтып жүретін Майлыаяғым осы», - деген баяу үнмен. Бұл сәтте Майлыаяқтың жүрегін ақыр соңында кіші иесін іздеп тапқанына тек итке ғана тән тасқынды қуаныш меңдеген. Көзінен тамшылай аққан сол қуаныш жас еді. Қондыбай болса мұны мойнынан құшақтап:

–Майлыаяғым - ау, осыншама уақыт қайда болдың? Мені ұмытпаған екенсің ғой?! – деп еркелете бастады. Ал Майлыаяқ үлкен иесінің өзін әлдекімге қарғы бауынан жетектетіп жібергенін, есіне алған. Үнемі қолқаны ататын әлдебір ащы иістен арылмайтын ол мұны шарбақтың қадасына байлап қойды. Ара - тұра тамақ беретін.

Бұрынғы иесін, сахара төсін сағынған бұл түн баласы жақ жаппай ұлумен шығатын. Мұндайда бірде үй иесі, бірде әйелі үйден ата шығып, әлденелерді айғалай айтып кейде тіптен құрық ала жүгіретін. Сонымен салып - салып жіберіп, жат деп үйге енетін.

Сол түні де бұл қатты ұлыды. Қолына құрық түспеді ме, мұны қысқа шыбықпен ұра берген де бұл оған бүгіле атылған. Әйел шар етіп шалқасынан түскен. Ерлі - зайыпты екеуі бұдан әрірек тұрып, бірімен - бірі айғайласып қатты ұрысты. Қой өрер сәтте әйел екі - үш кішкентай баласын ертіп үй алдындағы қырға беттеп бара жатты.

Үй иесі бұған жақындай беріп, шарбақтың ішіне қарғып түскен. Ұратын болар. Азу тісін ақситып ыр - ыр еткен мұнан үрейі ұшты ма, кім білсін? Үй иесі қолындағы қамшысын жерге тастай салып, аяқ - қолы дірілдеп, мұны байлаған жіпті шеше бастады.

Кенет мойнын бұрғызбай қимылдаса қылғындырып, тынысын әбден тарылтып тұрған жіптің босай бастағанын сезген. Атыла жұлқынғаны соншалық – түбі шірік қазық опырылып кетті.

Шарбақтың бір бөлігі жалп етіп құлап, үй иесі қорқыныштан қалтырап –дірілдеп көңге сұлай кеткен, ол әлденелерді айтып жер сабап жатқан шақта бұл алды - артына қарамай тайып тұрды. Түс әлетінде иесінің үйіне келіп жетті. Бұрын қойдың шарбағы құрылатын жер бос жатыр. Үйден әрірек жайылып жүретін ақсақ - тоқсақ қозы - қойлар да көрінбейді.

Ең бастысы, есік алдында екі иінінен дем алып, түтіні будақтап тұратын сары самаурын да ізім - қайым, жан - жағына жіті көз салып аз - маз іркілген қара төбеттің құлағы үй ішінен әлдекімнің қыстыға жөтелген дыбысын естіген.

Сол сәт әйнектен төсек үстінде сүйегіне ілініп отырған шалға көзі түсті. Бір басып, екі басып әйнекке жақындаған ол әлден соң жаңағы шалдың өзінің иесі екенін таныған. Сол сәт өз еркінен тыс арс - арс етіп үріп жіберді. Үйден жүгіре шыққан қыз мұны көре сала: «Майлыаяқ, Майлыаяқ келді!»,- деп ауылды басына көтерді.

Кемпір шалды сүйемелеп далаға шығарды. Мұны көргенде шал мұң шағып: «Халім осы, Майлыаяғым!», - деген даусы дірілдеп. Мұны сипалай тұрып: «Опыр - ай, қалай жүдеп кеткенсің?! Ит - ай, қыр соңымнан қалмай қойған соң, сені амалсыз беріп едім».

Кемпір шалының сәт санап әлсіреп бара жатқанын сезіп: «Майлыаяғым, сен мені бірде маған атылған арланды алқымнан ала кетіп, екіншіде, ит тұмсығы батпайтын ну орманда адасып әлім құрып енді өлдім - ау дегенде көк шолақ ат екеуің аман - есен алып - шығып екі рет ажалдан құтқарған едіңдер. Енді міне ...». Оның не айтып, не қойғанын бұл ұққан жоқ.

Әрине, әйтсе де шалдың еті қашқан әлсіз саусақтарының болар - болмас жылуы өн бойына таралып, тек иттерге ғана тән мерейін асқақтатқан. Күнде таң ата шалдың терезенің алдында көлденең жатып иесінің әр қимылын үнсіз бақылаумен болатын.

Бірде әлдекімдер оның бетін жауып жатқанын байқады. Көп ұзамай үй ішінен жылаған адамдардың дауыстары естілді. Ауылдан жырақтау зиратта жерленген иесінің басында бұл табан аудармай бірнеше күн болып, ол үйіне қайтатын шығар деп күткен.

Оның ойын бөлмеге сырттан кірген әлдекімнің ренішті даусы бөлді:

– Мен сендерден бұл тағы қандай бейбастық? - деп сұрап тұрмын ғой.

– Қондыбайдың жоғалып кеткен иті іздеп келді, мұғалім.

– Шығарыңдар кәне, тез шығарыңдар. Ешкім орындарынан қозғала қоймады. Майлаяқ есікке беттеп бара жатты. Қондыбай соңынан ілескен.

– Кәне, балалар, дем алыңдар, - деген Рахаң өзгелер шешіне бастағанда, Рахаңды төңіректеп Алтыбай қала берген.

– Сен неғып тұрсың селтиіп?

– Мұғалім! – деді, – анау сізді ана иті құрғыр қауып ала ма деп?

Жатайын деп жатқан балалар ду күлді. Рахаң біртүрлі қолайсызданып:

– Сен өзі неткен жағымпазсың !

Жат, кәне орныңа, - деп жекіп тастады. Қондыбай сол түні көз ілмей шықты. Қайта - қайта далаға шығып, Майлыаяқты еркелетіп, құшақтаумен болған. Шіркін - ай, үйге апамдарға алып барсам ғой!

Үйдегілер қандай қуанар еді! Әсіресе Майлыаяқты кішкентай күшік күнінде тауып әкелген Нүрпән қандай қуанар еді. Бұл есейгенге дейін Майлыаяққа сол иелік етті ғой.

Қазір ол бойжеткен қыз. Бұлардың үйі бұрынғы тұрған жерлерінен көшіп кеткен. Содан ғой Майлыаяқтың таба алмай жүргені. Қанша ойласа да, Майлыаяқты ауылына қалай жеткізудің жолын таба алмады.

Қалжырап барып көзі ілінген. Таң ата үлкен ауылдың Майлыаяққа бейтаныс тірлігі басталып кетті. Абыр - сабыр біреулері малдарын өріске айдап бара жатса, енді біреулері балаларын жетектеп кеше түнде өзі тұтқасын иіскелеп, шыр айналған үйге қарай алып бара жатыр.

Мұның кіші иесі де мұны мойынан құшақтап сәл - пәл еркелеткен соң, солардың соңынан ілесті. Жол үстінде состиып тұрып қалған мұны көрген бала жетектеген бір әйел көшені басына көтере әңгірлеп бұған тас лақтыра бастады.

Бұл да қарап қалмай, әлгі әйелге сояудай азу тісін ақсита «ыр - р» еткен. Сол - ақ екен жұрт бұған назар аударып, әркім әр түрлі сес көрсетті. Көшеде жатқан тастарды алып лақтыра бастады. Бұл олардан қашып құтылып, көл жағасына жақын орналасқан құлаған үйдің ішіне зып берген. Осы арадан кіші иесі кіріп кеткен еңселі үйдің есігін бағумен болған. Ақыры, оның қарасы көрінді.



– Мені күтіп жүрсің бе? Қазір.

Ішке кірген ол әлден соң ескі тегешке буы бұрқыраған тамақ құйып әкеліп, мұның алдына қойды. Иісі танау жаратын ыстық сорпаны бұл құныға жалады.

Майлыаяқ иесінің өзімен ауылдағыдай дала кезіп, тауға шығып асыр салып ойнау түгіл аз да болса бірге болуға мұршасы жоқ екенін байқаған.

Тіпті әлдеқалай сытылып шықанның өзінде сол түні иесінің бөлмесінде кездескен үлкен кісі іле артынан іздеп шығып, алдына салып алып кететін. Мұнымен қатар ауыл адамдары мұны әлдеқалай көре қалса жындарын көргендей әлдене деп әкіреңдеп кет - кеттің астына алатын. Бұған ауыл иттерін айтақтайтын.

Мұның тісі батқан иттер қыңсылап безе қашқанда, олардың иелері бұған жұдырықтарын түйіп, көшеден тас, таяқ іздей бастайтын. Тіпті кейбірі мұны трактормен, машинамен тұра қуатын.

Мұндайда бұл ашық алаңға шықпай үй - үйдің қора - қораның арасымен зытып құтылатын. Ақыр соңында, бұл жердің өзіне қоныс болмасын сезген ол қырға беттеген.

Ертеңгісінде Қондыбай Майлыаяқты таба алмай дал болды. Кешке қарай келіп қалар деп үміттенді. Бірақ Майлыаяқ бұл күдер үзбей қанша іздесе де, күтсе де, қара көрсетпей кеткен. Бір күні кешке қарай бөлмеге асыға енген интернат тәрбиешісі Рахаң:

– Қондыбай, сенің итің Қара жырада... Осылай қарай шығатын жолдың жиегінде өліп қалыпты. Кеше табынан бөлініп қалған тайшамды іздеп барғанда көрдім. Сенімен қоштасып кетуге келген екен. Кім біліпті?..- деді мұңая тіл қатып. Бөлме ішін көңілсіздік меңдеді.

«Атам жақсы ит өлімтігін көрсетпейді деуші еді, рас екен - ау», - деді балалардың бірі. Қондыбайдың көкірегі қарс айрылып бара жатқандай еді.

Сүлеймен Баязитов



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі