DataLife Engine / Мен Қазақстан патриотымын

Мен Қазақстан патриотымын

Қазақ ұлтында теңіздің жағаға толқып соққан толқындары секілді ,толқын мінезді патриот ұлдары мен қыздары бар. Олар өзінің еліне отансүйгіштік ,ұлтжандылық қасиетімен «Өмірім халықтікі, өлімім ғана өзімдікі» деп халыққа қызмет етіп , отаншылдықтың, ұлтжандылықтың айнасы бола білетін азаматтар.
Қазақта ел бастаған көсем де, топ алдында сөз сөйлеген шешен де, қаламы жүйрік жазушы да, ойы асқақ данышпан ғалым да, кеудесін оққа тосқан батыр да, топтан озған спортшы, әнші де бар.
Бұлар қазақтың нағыз патриоттары!
Автор.

Қазақ ұлтының - ақ таңы арайлап атып,көгінде қыран құсы самғаған, төрінде көк туы желбіреп, бәйтерегі аспанмен сырласқан ,дүние жүзінде жерінің кеңдігі жөнінен бірінші ондықта тұратын көп ұлтты өз құшағына сыйдыра білген ауызбіршілікті, кең пейілділік пен тұрақтылықты ту еткен ұлтжанды, отансүйгіш ,дархан халық.Қазақтың шаңырағы биік, керегесі кең, терезесі тең ұлт болып қалыптасуында ең бірінші патриот ұлдары мен қыздарының орны ерекше аталып өтілуі тиіс. Ол үшін тамыры тереңге жайылған тарихқа көз жүгіртуді жөн санадым.

Біздің ең алғашқы түркілерден шыққан ел билеушіміз Білге қаған түрік еліне 19 жыл билік құрып, ұлтарақтай жерімізді атқа отырып, қолына қару алып қызғыштай қорғаған. Көшпелiлер тарихында ұлы империяның іргесін бекітіп, бейбіт дәурен орнатқан. Түркі халқы үшін түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, інісі -Күлтегінмен бірге халықты татулыққа шақырып, жалаңаш халықты тонды,кедей халықты бай, аз халықты көп қылған патриот көшбасшы.

Бұдан кейінгі жылдарда қазақ хандығы (XV ғ.) 550 жыл ішінде

Қазақтың тұңғыш ханы - Керей ханнан бастап соңғы ханы – Абылай ханның немересі Кене хан, Қасым сұлтанға дейін еліміздің өркендеуіне өмірі мен қызметін арнаған ,ұлт тұтастығын сақтаған , елге аянбай қызмет еткен патриоттар екендігін біреу білсе, біреу білмейтін де шығар.

Ал Ұлы Отан соғысы жылдар аралығындағы соғыста ұлдарымызды айтпағанда, Әлия, Мәншүк , Хиуаз сиақты батыр қыздарымыздың өзі қан майданда ерлікпен шайқасып,кеңес одағының батыры атағын алып, жеңістің туын желбіретіп ,өз аттарын алтын әріптермен жазды.

Қалмақан Әбдіқадыровтың шығармасына арқау болған ендігі бір кейіпкер - Қажымұқан атамыздың ерлігін, патриоттық келбетін шығармама қосып жазбасам жігіттігіме сын болар. Ұлтымыздың спорт тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан,тұтас ғұмырын күреске арнаған, алып күштің иесі Қажымұқан атамыз бірінші болып қазақ халқын өзге жұртқа паш еткен ,өзінен бұрынғы қазақ баспаған топырақты, бірінші басып, көрмеген елді бірінші көріп, тақпаған алтын, күміс, медальдарды мойнына бірінші ілген патриот спортшымыз. Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған. Ол 1944 жылы цирк аренасында өнер көрсетіп, түскен 100 мың сомға ұшақ сатып алып, оны Амангелді Имановтың атымен атауды өтініп, Жеңіс қорына аударады.Бұл нағыз ерлік!!!

Қазіргі кездегі эстрада жұлдыздарының орындап жүрген «Балқадиша», «Дударай», «Ағаш аяқ», «Қанапия»,«Үш дос»,«Жалғыз арша», әндерін бірінші болып шырқап ,Париж сахнасын қазақтың әншілік өнерімен мойындатқан музыка шебері , Жүсіпбек Аймаутовтың «Әнші» әңгімесіндегі Әміре Қашаубаевты ұлтымыздың патриот перзенті екенін бізде мойындаймыз.

Отаншылдықтың іргетасы – ұлтжандылық. Өз ұлтын сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын , сол жолда құрбан бола білетін азамат қана отаншыл болады. Бұндай азаматтарға Қайрат Рысқұлбеков, Асанова Ләззат Алтынайқызы, Мұхамеджанова Сәбира Есімбекқызы, Ербол Сыпатаев сынды желтоқсан құрбандарын айтар едім. Бұл жастар 1986 жылы желтоқсанда Брежнев алаңына шығып, Тәуелсіздік алу жолында Ресей үкіметінің отаршылдық ісіне қарсы наразылығын білдіріп , бостандықпен тәуелсіздікті талап етті, отан үшін отқа түсті. Бұл күн біз үшін, бүкіл қазақ халқы үшін ұмытылмас қайсар жастарын жоғалтқан қаралы күн болды.Олардың орнына өзімді қойып қарасам қорқақтығым басым түседі.

Ұлтымыздың қандай да бір қиын проблемасы болсын арасында араласып, ұлты үшін шырылдап жүретін ұлтжанды азаматымыз бар. Оның атын айтпасақ та белгілі. Бұл азамат жайлы Қасым Қайсенов атамыз өз пікірінде: «Қалай десеңдер, олай деңдер, Мұхтар Шаханов- ұлт қорғаушылардың ең алдынғы сапында келе жатқан қайсар, тұлғалы биік ақын. Кешегі Желтоқсан көтерілісі кезінде, ел ерге, ер жерге қараған сын сағаттарда сонау Мәскеудегі қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйенің алпауыттарына басын бәйгеге тіге отырып қарсы шыққан, сөйтіп, ұлтымызды үлкен әділетсіздіктен қорғап қалған осы жігіт еді ғой. Арал қасіретіне күллі әлемнің назарын бұрған да-Шаханов. Ұлтымыздың ірілі-ұсақты проблемаларының маңында ылғи да осы ақын келе жатқан жоқ па?! Тіпті, қазіргі өздерінің тойлап жүрген Наурыз мерекесінде Колбинмен жағаласып жүріп осы бала тірілтпеп пе еді? Елдік мазмұндағы ерен істері үшін бұл азаматқа дұрыстап та алғыс айтпаппыз –ау.

Алғыс түгілі, оның әлем , ЮНЕСКО мойындаған шығармалары төңірегінде өз ішіміздегі кейбіреулер жалдамалы жазғыштар арқылы әртүрлі дау-дамайлар ұйымдастырып, кедергі жасаумен келеді...

Енді тіл мәселесі ауқымында «ертең ұлт боп қаламыз ба, қалмаймыз ба?» деген зарлы күдік алдымызды ораған сәтте тағы да Шаханов орнынан көтерілді. Бұл істе де біз оны қолдамасақ, ұтылатынымыз айқын»,-деп Мұхтар Шахановты Желтоқсан оқиғасындағы батырлығын, Арал проблемасына деген жанашырлығын, қазақтың төл мерекесі Наурызын, салт-дәстүр,тілге деген ұлтжандылығын жан-жақты қырынан ашып тайға таңба басқандай етіп айтады. Қолда барда алтынның қадірін біліп, ұлтжанды азаматымызды ерен еңбегіне бағалауымыз керек.

Шын жыласа соқыр көзден жас шығады демекші тәуелсіздік алғаннан кейін қуанғанбаған қазақ жоқ. Елбасшымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың арқасында Қазақстан әлем картасынан ойып тұрып орын алды. Елбасы мен Астана қаласы егіз ұғым тәрізді. Астананың салынуы ,гүлдей жайнауы елбасының қажырлы еңбегінің арқасында жүзеге асты. Аз жылдың ішінде әлемнің «менмін» деген қалаларымен тең түскен әдемі қаламыз күннен –күнге өркендеп дамуда. Дамау жолына түскен Астана қаласында әлемдегі шешілмеген ұлт пен діннің арасындағы даулы мәселелер шешіліп, бейбітшілік пен келісім сарайында өз шешімін табуда.

Елбасшымыз қазіргі қиын қыстау заманда елдің тұрақтылығымен ауызбіршілігін сақтап, халыққа жолдаулары арқылы ,шешілмеген түйіндерді шешіп Түріктің патшасы Білге қаған секілді түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, халықты татулыққа шақырып, жалаңаш халықты тонды,кедей халықты бай, аз халықты көп қылып ,шет елге тарыдай шашылған қандастырамызды өз отандарына оралуға мүмкіндіктер жасауда.Бұның барлығы халқын, отанын сүйетін патриот, ұлтжанды көшбасшы бейнесінің дәлелі.

Әрбір ұлттың ұлтжандылық негізі - сол ұлттың сүтпен берілген ана тілінде.Ұлтқа қызмет істеудің бүгінгі үлгісі – қазақтың тіліне қызмет жасау болып табылады.Қазақ тілінің тағдырына қайғырған Асылы Әлиқызы Осман: «Қазақтың наны тәтті де, тілі жаман ба?! Олай емес, қазақтың нанын жеген адам, тілін де үйренсін!!!»-десе, « Қазақ тілінің тағдыры шырылдап емшек сұраған баладай болып тұр.Жетпіс жылда үстемдік алып қалған орыс тілі қазақ тіліне оп-оңай ысырылып орын ұсынбайды»- деп қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханда ұлтының тіліне шыр-пыр болып жаны ашып жүрген азаматтың бірі. Қазақ қазақпен қазақша сөйлессе, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұдырықтай жұмылсақ алынбайтын қамал жоқ.

Сөзімді қорытындылай келе ұлттың айбынын асырып, айдынын тасытатын отаншылдықтың белгісі–ұрпаққа үлгі, ұлтқа ұран болатын ұлы тұлғалар екендігі даусыз. Қазақта сын сағатта сыналып елге билік ете білген елбасшы да , топтан озған спортшы да , әнімен әлемді әлдилеген әнші де , ұлтқа жанашыр қоғам қайраткері де, ақыны да бәрі бар.Бұндай азаматтардың аттары ұлттың жүрегінде патриот ретінде алтын әріптермен жазылары сөзсіз.

07.11.2018
Вернуться назад