DataLife Engine / Шерхан Мұртаза | 41 жылғы келіншек

Шерхан Мұртаза | 41 жылғы келіншек

— Сен мені танымай қалдың ба, неге үндемейсің Мақсұт?

Ол тіл қатпады. Босағада тұрды да қойды.

— Бір-бірімізді көрмегелі отыз жылға жуық болды, Мақсұт. Сен соғысқа кеткенде, мен жиырма сегізде едім ғой.

Ол үндемеді.

— Қартайдым, Мақсұт. Ал сен дәл осыдан отыз жыл бұрынғы қалпыңда қалыпсың.

Ол үндемеді.

— Танымадың ба, Мақсұт? Мен Хадишамын ғой! Сені әне келеді, міне келеді деп отыр едім. Жұрт көрсе, сені менің балам дер. Сен, сірә, сол сөзден қорқып тұрсың ғой.

Ол үндемеді.

— Босағада тұрғаның қалай, Мақсұт! Төрге шық, өз үйің ғой.

Хадиша Мақсұтты қолынан ұстап төрге алып шықпақ болып,ілгері аттайын деп еді — орнынан қозғала алмады. Арада екі адым жер, бірақ алынбас асу сияқты. Жілік-жілігіне қорғасын құйып, жерге қағып қойғандай тырп етуге дәрмен жоқ.

Ал Мақсұт табалдырықта әлі тұр.

— Сенің келгенің жақсы болды, Мақсұт, — дейді Хадиша. — Туысың Шалабайдың қорлығына шыдай алмай, сені айқайлап тұрып шақырып ем, естіген екенсің... Шалабайдың былтыр күйеуге тиген қызы төркініне түсе келіпті. Ол қызды сен көрген жоқсың, мұнда туған бала ғой. Қағынып, былтыр байға қашып кеткен. Шалабай қызына: «Енді сенің өлігіңді ғана көрейін», — деп еді, бәлені ме, құдасы бақуат неме екен. Шалабайдың көмейіне тас тығылған қасқырдай болды да қалды. Тас қауып, тапқаныңды ит жегір. Мейлі ғой, қыз – жат жұрттық. Күләй тұрмақ, сенің жалғыз қызың Жанат та әлдеқашан тұрмыс құрып, балалы-шағалы боп кеткен. «Қолыма көшіп кел, жалғыздан-жалғыз қайтіп отырасың» деп мың айтып жалынды — бармадым. — «Мақсұттың үйінің түтіні өшпесін — отырамын осында»,—дедім.

Oй, алжыған басым, бірді айтып, біріне кеткенім... Бәрі анау Шалабайдың қызы Күләйдан шықты ғой. Күләй күйеуімен келіп түсті. Ауыл болып жиылдық. Күйеу мен Күләй алып келген қоржынның аузын өзім ашамын ғой деп отырғанмын. Ата жағынан алғанда, менен жақын кімі бар Шалабайдың? Аталастан осы Мақсұттың үйінен жақын ешкімі жоқ қой, біле-білсе. Білмеді. Айдаладағы Ақшай кемпір ұстады қоржынның аузын. Ақшай кемпірдің бүгінде мұрнынан есекқұрт түседі. Шалы қасында, үш бірдей келіні қызметін істеп тұр. Шифрлеп сегіз бөлмелі үй салдырған, балаларының бас-басына мотоциклі бар. Шалабай шіркін, сенің інің, менің қайным ғой, қайын болмай қата қалғыр, қоржынды маған ұстатуға жарамады.

Бұрын бір құдайдың басқа салғанына көніп, жоқшылықты да, тоқшылықты да көріп, көндіккен бас қой мына бас. Бірақ анау қорлыққа шыдамадым:

— Әй, шырақ, — дедім Шалабайға, — аруақ атып кетпесін, — дедім. – Егер Мақсұт болса, мен кіммін? Хадиша болар едім, алдымнан көлденең жүрмес едің сен шірік, — дедім. — Мақсұт жоқ болған соң, мен сияқты жетім кемпірді елемейсің,—дедім. — Аруақ атқыр болмасаң анау Ақшай кім, мен кім?—дедім.—Жөн білмейтін қандай көргенсіз едің,—дедім.—Тұқшиып, төмен қарап, жер шұқылайды, жерге кіргір.

Ал, әлгі Ақшай құтырсын.

— Алды-артының бәрін жалмаған қақбас, — деді мені. — Өліп қалмай жападан-жалғыз неғып отырсың. Қоржынның аузын ұстаған сенің не теңің, қақбас, — деді.

— Әй, Ақшай,—дедім мен де. Қаным қарайып кетті. — Алды-артымды жалмап, жалмауыз болайын деп құдайдан тілеген жоқпын, дедім. — Мақсұт көппен бірге әскер кетті. Сенің байың Құрақбас құсап әскерден қашып, үш жыл бойы тауда тағы боп жүрген жоқ дедім. Қызым Жанат болса, тұрмысқа шықты, құдайға шүкір, қазір балалы-шағалы, — дедім. — Өзім болсам, Мақсұттың отын өшірмей, түтінін түтетіп отырмын. «Қырық жыл қырғын болса да—ажалды өледі». Кебенек киген, әйтеуір, бір келеді. Мақсұт үйден кебін киіп аттанған жоқ қой, — дедім. — Оны мен семіз деп сойған жоқпын, етті деп сатқан жоқпын, мен қайдан қақбас боламын,—дедім.

Сөйтіп ем:

— Сорлысың, сорлы, — деп Ақшай ернін шығарды, ерніңе күйдіргі шыққыр. — Тағы отыз жыл күт, келеді Мақсұт, — деп кекетті.

— Күтемін,—дедім. — Жүз жыл күтемін,—дедім.

Сөйттім де, ызаға шыдай алмай, айқай салып далаға атып шықтым.

— Қайдасың, Мақсұт! — деп айқайладым. Үйге енді кіріп отырғаным да осы еді, сен келіп қалдың, Мақсұт. Ақшай енді не бетін айтар екен, бәлем. Кісімсіп, қыздан келген қоржынның аузын ұстап, дәрежеге жетіп, жетісіп еді, енді қарабет болды, қараң қалғыр...

Ол үндемеді. Бәрін үнсіз тыңдап босағада әлі тұр:

— Heгe үндемейсің, Мақсұт?! — деп Хадиша сонда шыңғырып жіберді.

* * *

Хадиша өз даусынан өзі шошып оянды. Кәдімгі үйі. Үйде жалғыз өзі. Таң атып қалыпты. Сиырды сауып, табынға қосатын уақыт болыпты.

— Шыннан тағы да түс пе?—деді өзіне-өзі. — Шыннан Мақсұт бір тіл қатпады ма?—деді өзіне-өзі.

Ал, шындығында, Хадиша Ақшайдан көрген қорлығын арыз етіп айтқанда, сол түсте Мақсұт сай-сүйегі сырқырап егіліп еді. Қаншама жұбату сөздер айтып еді Хадишаға.

Бірақ өлгендердің көзінен еш уақытта жас шықпайды. Өлгендердің сөзін тірілер еш уақытта есіте алмайды.

Ал Хадиша болса:

— Мақсұт тым болмаса түсімде көргенде неге бір тіл қатпады?— деп әлі аң-таң.

31.10.2018
Вернуться назад