DataLife Engine / Жаңашылдық шыңға жетелейді

Жаңашылдық шыңға жетелейді

Мұғалім оқушыға жоғары сапалы білім беруі үшін үлкен ізденісте болып, өзінің біліктілігін арттырып отыратыны секілді мен де біліктілігімді арттыру үшін Кембридж бағдарламасы бойынша білім алуға оқуға келдім. Бағдарлама курсының І бетпе бет кезеңінде үстел басына отырғаннан, тренеріміз Бадигүл апаймен, кураторымыз Ләззат апаймен таныстық. Тренеріміз ортаға түрлі - түсті қағаз, фламастер, түрлі - түсті бояулар, ақ бет парақтар, қайшы, скотч таратып бергенде бұл оқудың жай бұрыңғыдай оқу емес, ерекше екеніне көз жеткіздім. Бадигүл апай «Таныстыру» тренингінің түр - түрін өткізіп, бір - бірімізге шапалақ беру, жүрек лақтыру арқылы атымызды айттық. Одан соң есте сақтау қабілетін арттыру мақсатында неше адамның есімізде қалғанын айтып шықтық. Түрлі - түсті фигуралармен топқа бөліндік. Топтағы мүшелердің атқаратын қызметтерімен танысып, топ ережесін құрдық. Бастапқы уақытта топта бір - бірімізбен келіспеушілік көбірек болды, бірақ соған қарамастан бірте - бірте топ ережесін сақтап, топпен жұмыс жасауға бейімделдік. Күн сайын тобымыз өзгеріп отырды, бұл да бір - бірімізді достыққа, ынтымақтастыққа итермеледі. Шаршаған уақытымызда бойымызды жазып, сергіту жаттығуларын жасап, би де билеп үлгердік. Бір қызығы, тренеріміз ешқандай баяндама оқымады, тек бір тапсырма беріп, оны өзіміз қалай орындайтынымызға итермелеп отырды, бұл да оқытудың жаңа бір түрі болса керек. Бағдарлама аясында өткен жеті модульді бір - бірімен шатастыра бердік. Осы оқудан соң, басқаша ойда болып, өз тәжірибеме өзгеріс енгізгім келді. Осы енгізген өзгерістерімнен керемет әсер алдым.
Мектептегі тәжірибе кезінде мектепке бірінші барғанда әріптестеріммен кездестім. Оларға бағдарламаның мақсаты мен міндеттерін таныстырдым. Әріптестерім менің айтқандарыма қызығып, маған көмектесіп, өткізетін сабақтарыма сәттілік тіледі. Содан әрі жеті модулді сабақтарыма кіріктіріп, үш аптаға қысқа мерзімді жоспар және орта мерзімді жоспар құрдым. Дәстүрлі оқыту кезінде мұғалім өзі түсіндіретін еді, ал оқушы соны миына аз уақытқа сақтап қалып, келесі сабақта баға алған соң, ол өткен материал ұмытылып қалатын еді. Сындарлы оқытудың мақсаты –оқушының пәнді терең түсінуі қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез - келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. (Мұғалімдерге арналған нұсқаулық, 6-бет). Осы тұжырымдамаларды негізге ала отырып , тәжірибеде кездескен дәстүрлі сабақтың нәтижесіз болғанына куә болдым. Олай деуге себеп бұрынғы сабақта мұғалім сөйлеуші де, ал оқушы тек тыңдаушы ғана еді. Ол мен үшін тиімсіз болған екен. Кембридж тәсілі бойынша оқушылар сыни ойлауға , ойын ашық айтуға, еркін сөйлеуге, өз бетімен ізденуге үйренеді. Бірінші аптада ұйымдастыру кезеңінде «Психологиялық тренингтер» өткіздім. Бұл оқушылар үшін өте қызықты болды. Сонымен қатар оқушыларға топқа бөліну мен топ мүшелерінің қызметтері туралы айтып , міндеттерімен таныстырдым. Олар хабарлаушы, уақыт өлшеуші, бақылаушы, лидер . Топқа бөлуді сабақтың басынан бастадым. Алғашқы сабақтарым кезінде топқа Джигсо әдісін пайдаланып, сандық жүйемен бөлдім, топқа бөлу оң нәтиже бермеді, уақыт жетпеді, оқушылар шулап кетті. Содан топқа қызығу үшін «Не істеуім керек? Қайтсем олардың бастары бірігеді?» деген сұрақтарды өзіме қойдым. Содан топқа бөлер алдында , оқушылардың қызығушылық танытатын нәрселермен бөлуді ұйғардым. Ол үшін оқушылардың өздеріне топқа бөлуді ойлап келулерін өтіндім. Жазира деген оқушым әр түрлі аңдардың даусына салып бөлінейік, деп ұсыныс жасады. Оқушыларым қуана келісіп, топқа осылайша бөліндік. Содан оқушыларымның қызығушылықтары бірте - бірте икемге келе бастады. Содан оқушыларымның топқа бөлудегі ой - пікірлерін білу мақсатында «Мен» социограммасын толтыруға бердім. Сыныптағы жақсы оқитын оқушылар өздерінің сыныптағы достарын жазса, үндемейтін, өздерімен өздері оқшау жүретін оқушылар жақсы оқитын оқушылармен дос болғылары келетіндері туралы өз пікірлерін жазған. Жас ерекшеліктеріне сәйкес оқушыларды топқа бөлер алдында Риза, Айгүл, Айбек деген оқушыларды басшылыққа алдым, себебі олар сабақ айтуға, қол көтеруге, сұрақ қоюға ұялатын оқушылар болатын. Топ басшыларына да осы оқушыларды сабақ кезінде ортаға тартып, бақылап отыруды тапсырдым. Соңғы сабақтарымда қадағалап жүрген оқушыларым ойын ашық айтып, сұрақтарға «менің жауабым дұрыс емес» деген ойдан арылып, еркін жауап беріп , өз бетімен жұмыс жасауға бейімделгенін байқадым. Сондықтан топқа бөлу сабақта өте тиімді әдіс болып табылады. Мен физика пәні мұғалімімін. Жетінші сыныпта физика сабағы аптасына екі рет болады. Сонда да болса, оқушылардың көзқарастары, психологиясы маған өте таныс. Өйткені, өз ойын еркін, ашық айта алатын, өз бетімен жұмыс жасай алатын оқушылар бұл сыныпта бар. Өткізген сабақтарымда сын тұрғысынан ойлауға үйрету, оның ішінде Венн диаграммасын, Семантикалық картаны, Ассоциация, бес жолды өлең - синкуейн, «Ойлан, бірік, бөліс» әдісін, блиц - кездесу, Жадыны дамытуға арналған ойындар, диалогтік оқыту, оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау, ақпараттық коммуникативтік технологияны пайдаландым. Сыни тұрғыдан ойлау – бақылаудың, тәжірибенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға, бағалауға , талдауға және синтездеуге бағытталған пәндік шешім. (Мұғалімдерге арналған нұсқаулық 49-бет). Мектептегі тәжірибе кезінде алғашқы сабақтар өткізу кезінде сыни тұрғыдан ойлауға үйрету стратегияларын пайдалану оң нәтижесін бермеді. Себебі оқушылар өз ойларын толық жеткізе алмай, жауаптарына күдікпен, сенімсіздікпен қарап, бір - бірінен именіп отырды. Бұл оқушыларды қалай ұялмайтындай, толық сөйлейтіндей, өз ойын еркін жеткізе білетіндей дәрежеге жеткізем деп ойландым. Содан сабақ басталар алдында, оқушылардың көңіл - күйлерін байқау үшін өздеріне көңіл - күйлерін смайликтер арқылы көңіл - күй экранына белгілеттіріп отырдым. Бұл да бағалаудың бір түрі болып табылады. Сондағы мені ойландыратын жағдай топқа қосылмайтын , өзімен - өзі жүретін оқушыларды топқа қосу, ойын жеткізе білуге шақыру болатын. Сол себепті топта жұмыс жасаған кезде, жаңа тақырыпты меңгеру барысында постер құрау кезінде оқушыларға «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» ұранын сақтауды айттым. Жаңа тақырыптарды талдаған кезде, Айгүл, Риза деген оқушыларымның белсенділіктерін байқадым. Сыныптағы бағалау тек қана техникалық тәсіл емес. Мұғалімдер жазбаша немесе ауызша түрде баға қою жолымен бағалайды. Олар қолданатын кез - келген нысанның артында обьективті емес нормалар мен стандарттар ғана емес сондай - ақ баланың дамуы, оқуы және ынтасы туралы түсінік , сонымен қатар өзін - өзі бағалау қабілеттілік және күш - жігер сияқты ұғымдарға қатысты құндылықтар жатады. Александр 2001, (Мұғалімге арналған нұсқаулық 56-бет). Бұрынғы сабақтарда бағалауды тек ғана біз, яғни мұғалімдер бағалайтын едік. Ал Кембридж тәсілі бойынша оқушылар менімен бірге өз - өздерін де, топты да, көршісін де бағалай біледі. Баңалаудығ да екі түрі бар: формативтік және жиынтық. Формативтік бағалау оқыту үшін бағалау болғандықтан оқушыларды ынталандырып отыру өте қажет болып табылады. Ынталандыру арқылы бағалауға үш шапалақ, «Екі жұлдыз, бір тілек», отшашу әдістері жатады. Балаларды осы бағалау арқылы ынталандырып отырсақ, баланың сабаққа деген ынтасы да артады. Ал жиынтық бағалау оқуды бағалау, яғни оқыту қорытындысын шығару болып табылады. Сол үшін бағалаудың ашық журнал, критерий бойынша бағалау, жетон арқылы бағалау түрлерін пайдаландым. Бағалау кездерінде оқушыларда қызығушылықтар болды, себебі смаиликтер арқылы көңіл - күйді бағалағанда, көздеріндегі қуанышты көрдім, бағалау экранын пайдаланғанда да жарысып, қуана бағалады, бастапқы уақытта өз - өздерін, достарын артық бағалаған кездері де болды. Сондықтан өз - өздеріңді, достарыңды бағалағанда әділ бағалау керек деп ескерттім. Ал «Екі жұлдыз, бір тілек» арқылы бағалағанда бұрын қолданып көрмегендіктен бір - біріне тілектер ғана айтты. Сонымен қатар оқушыларды өзім де бағалап отырдым. Ғылыми зерттеу нәтижелері сабақта диалогтің маңызды роль атқаратынын көрсетті. Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатындығын атап көрсетеді. Зерттеулерде ересектермен интерактивті қарым қатынас пен достарымен бірігіп жүргізілген жұмыстың балалардың оқуына және когнитивті дамуына әсер ететіндігі айтылған. (Мұғалімге арналған нұсқаулық, 39 – бет). Диалог арқылы оқыту сабақтың кез келген жерінде қолданылады. Сұрақ қою арқылы диалогқа түсірудің өзі оқушылардың сабаққа деген ынтасын, қызығушылығын арттырады, білімдерін кеңейтеді, ой өрістерін, құштарлығын дамытады, сындарлы сөйлеуге ынталандырады, білімін қалыптастырады, сыни тұрғыдан ойлауға көмектеседі. Оқушылардың тақырыпты меңгеруі үшін мұғалім оқушыларға төмен дәрежелі және жоғары дәрежелі сұрақтар қояды. Төмен дәрежелі сұрақтар тек қана бір жаттанды жауаппен шектелетін болса, жоғары дәрежелі сұрақтар кезінде оқушылар өз ойларын кеңейтіп, бағалап, талдауы қажет. Сонымен қатар сұрақ қоюдың түрткі болу, сынақтан өткізу және қайта бағыттау сияқты түрлерін де пайдаланған тиімді. Түрткі болу сұрағы оқушының жауабын түзету үшін қолданса, сынақтан өткізу сұрақтары оқушылардың неғұрлым толық жауап беруін талап етеді, өз ойларының дамуына ықпал ететіндей болуы тиіс. Ал қайта бағыттау кезінде оқушыларға «Айгүлдің жауабын қалай толықтырар едің?» немесе «Қорғанға көмектесе алатындар бар ма?» деген сияқты сұрақтар қоя отырып, өздеріне қайта бағыттап отырамыз. Сонымен қатар бейнероликтер көрсету арқылы да оқушыларды диалогқа түсіруге болады. Бейнероликті қарай отырып, оқушыларға сұрақ қойып, олардың бейнероликке деген өз ойларын ортаға салу арқылы пікірлестіру, бір – біріне қайта бағыттау сұрақтарын қою да оқушылардың ой өрісінің кеңеюіне жол ашады. Осы бейнеролик қарау арқылы ақпараттық коммуникативтік технологияларды да қолданамыз. Ақпараттық коммуникативтік технологиялар арқылы оқушыларға ғылым ұғымдарды түсіндіруді, және олардың қабылдауын, түсінуін жеңілдетуге мүмкіндік беріп, мұғалімдерге сабақ беруде көмектесетін маңызды құрал болып табылады. Сондықтан оқыту барысында осы технологияларды тиімді қолдану маңызды құрал болып отыр. (Мұғалімге арналған нұсқаулық, 61-бет). Интерактивті тақтадан презентациялар көрсету кезінде де оқушыларда қатты қызығушылықтар болды. Ақпараттық коммуникативтік технологияларды сабақта тиімді қолдану маңызды болып саналады. «Мұғалімдерге арналған нұсқаулықтағы» «Оқу пирамидасы» Ұлттық оқу зертханалары, Бефель, АҚШ, Мэн штаты оқушылардың алған ақпаратты сақтауының орташа пайызы бойынша көрсетілім арқылы қабылдау 30 пайызды көрсетеді. (Мұғалімдерге арналған нұсқаулық, 34 – бет). Сондықтан да оқушыларға жаңа тақырыпты бейнеролик арқылы талдатып, презентациялар арқылы көрсетсе, оқушылардың ойларында ұзақ уақытқа сақталады. Барлық мұғалімдер балаларға білім беруде барынша жоғары жетістіктерге қол жеткізу үшін қолайлы орта жасауға тырысады. (Мұғалімдерге арналған нұсқаулық, 72 - бет). Дарындылық әр баланың бойында бар қасиет, біз мұғалімдер қауымы сол балалардың жүрегінен жол таба білуіміз керек. Мектептегі тәжірибе кезіндегі өткізген сабақтарымда топтық таныстырылым кезінде Жазира деген оқушымның сурет салуға бейімділігін, Нұрсәуленің есеп шығарудағы шапшаңдығын, Қорғанның сұрақтарға ұтқыр жауап берудегі шеберліктерін байқадым.
Сабақ беру кезінде осы жеті модулді өз деңгейінде пайдалансақ, сапалы білім беріп, саналы бала тәрбиелейміз. Ал мұғалімдер жаңашыл, білікті, білімді ұстаз болады деп ойлаймын. Жаңа оқу жылында осы өзім үйренген Кембридж тәсілінің жеті модулі бойынша жұмыс жасауды жалғастырып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуді көздеп отырмын, бұл жұмыс тек қағаз жүзінде қалмай, мұғалімдерден қолдау табады деп ойлаймын, себебі сабақ жоспарының өзі келесі сабақ туралы ойландырады. Мысалы, бұрынғы дәстүрлі сабақтар кезінде тақырыпты өзім түсіндіріп, оқушылардың ойлануы мен сөйлеуіне аз уақыт бөлсем, оқытудың жаңа тәсілдері арқылы мен оқушыларды ойлануға, ізденуге талпындырамын. Сондықтан алдағы уақытта осы әдістермен өткізген сабақтарым нәтижелі мағыналы болады деген ойға келдім. Сонымен қатар сыни тұрғыдан ойлау, диалогтік оқыту, оқытуды басқару және көшбасшылық, оқытуды бағалау және оқыту үшін бағалау, ақпараттық коммуникативтік технологиялардың тиімділігін өз тәжірибемде көрдім. Өз ұсынысым осы жаңа бағдарлама идеяларын жүзеге асыру бойынша оқытудың тиімділігі мен артықшылығын көріп, сабақ беруде батыл енгізуге болатынын, яғни бір сөзбен айтқанда осы бағдарламаның идеяларын қолдаймын. Осының нәтижесін төмендегідей көрсеткім келеді:
- оқушыларда пәнге деген қызығушылық пайда болады.
- ақпараттық коммуникативтік технологияларды пайдаланғанда заман талабына сай қашықтан білім алады.
- диалогтік оқытуда оқушылар арасында қарым - қатынас пайда болады, сұрақ қоя білуге, сұраққа жауап бере білуге, өз ойын еркін жеткізе алуға үйренеді.
- дарынды және талантты оқушылармен жұмыс та өз деңгейінде қамтылды, себебі бұрын біз тек жекелеген жақсы оқитын оқушыларға ғана жиі көңіл бөлсек, қазіргі жаңа бағдарлама негізінде барлық оқушыға бірдей назар аударамыз.
Осы курстан алған білімді өмірде қолдана отырып, тәжірибемен ұштастыра білу, жан - жақты дамыған тұлғаны тәрбиелеу деп ойлаймын.
03.10.2018
Вернуться назад