Қорқыттың нақыл сөздері 3-сабақ (8 сынып, I тоқсан )

 Қорқыттың нақыл сөздері 3-сабақ (8 сынып, I тоқсан )

Пән: Қазақ әдебиеті
Бөлім атауы: Дананың сөзі - ақылдың көзі
Сабақтың тақырыбы: Қорқыттың нақыл сөздері 3-сабақ
Осы сабақ арқылы жүзеге асатын оқу мақсаттары: А/И4. Шығармашылық жұмыс
Шығармадан алған үзінділерді қайта өңдеп, креативті жазады.
Сабақ мақсаты: Шығармадан алған үзінділерді қайта өңдейді;
Креативті жазба жұмысын орындайды.
Сабақ барысы:
Мағынаны тану
Оқушылар сабақтың оқу мақсаты, бағалау критерийі, дескрипторлармен танысады.
1-тапсырма ЖЖ.
Оқушыларға Қорқыт атаның нақыл сөздері таратылады. Топ жұпқа бөлініп, сөздерді «Фишбоун» бойынша нақыл сөздерде көтерілген мәселе, негізгі түсініктері, себептерін талдап жазады.

Басы – үзіндіде көтерілген мәселе;
Үстіңгі сүйектер – негізгі түсініктері;
Астыңғы сүйектер – себептері;
Құйрығы – мәселенің шешімі.
Жұптар өз жұмыстарын аяқтағаннан кейін келесі жұптың жұмысымен танысады.
Топ «Карусель» әдісімен басқа топтардың жұмысымен танысып шығады.
1-топ.
Қорқыт атаның тұрмыстық қажеттіліктерге байланысты нақыл сөздері:
 Алла, алла демейінше іс өнбес, қадір тәңірі демейінше, ер байымас.
 Баба малынан не пайда, баста дәулет болмаса.
 Қонақ келмеген қара үйдің құлағаны игі.
 Жалған сөз бұл дүниеде болмаса игі.
 Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді.
 Тәкаппарды тәңір сүймес.
2-топ.
Қорқыт атаның ана туралы нақыл сөздері:
 Ана — ердің серігі, батырдың бағдаршысы, ұрпақтың ұлы анасы.
 Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман.
 Анасыз қыз ақылға жарымас, әкесіз ұл сыйға жарымас.
 Ананың көңілі балада болар.
 Ұлдың кімнен туғанын ана білер.
 Қыз анадан көрмейінше, үгіт алмас.
3-топ.
Тәлім-тәрбиеге байланысты қанатты сөздері:
 Қыз ақылды ескермес-ана үлгісін көрмесе,
Ұл жарылқап ас бермес-әке үлгісін көрмесе.
 Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман.
 Ақылсыз баладан ата дәулетінен қайран жоқ.
 Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді.
 Өтірік сөз өрге баспайды, өтірікші болғаннан, жарық көріп, өмір сүрмеген көп артық.
4-топ.
Туған жер, елге арналған қанатты сөздері:
 Жер қадірін ел біледі, ел қадірін ер біледі.
 Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайды.
 Ат қиналмай, жол шалмас.
 Ат жемеген ащы шөптің біткенінен, бітпегені игі.
 Су тарам-тарам болып қаншама тасып аққанымен, теңіздерді толтыра алмайды.
 Құстың қонар жерін су білер,
Малдың барар жерін ну білер.
2-тапсырма ТЖ.
Оқушыларға ғалымдар зерттеулерінен үзінділер беріледі. Оқушылар үзінділерді топта талқылайды, ментальді картаға түйінді ойларды топтастырады.

1-топ.
Қорқыт (VIII-IX ғғ.) – оғыз-қыпшақ тайпаларының ұлы ойшылы, батагөй абызы, дәулескер күйшісі, келер күнді болжайтын көріпкел данасы.
Қорқыт – оғыз бен қыпшаққа бірдей басалқылық жасаған кемеңгер. «Қорқыт батыр емес, абыз (патриарх), халық даналығын бас болып паш етуші және сақтаушы, оның парасатына дүйім жұрт ден қояды», – дейді В.В. Бартольд.
Бұл тұжырымды Қорқыттан жетті дейтін мынандай нақыл сөздер орнықтыра түседі: «Қара есектің басына жүген таққанмен, тұлпар болмас, күңге сары пай шапан жапқанмен, бәйбіше болмас», «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан өнеге алмаған ұл жаман», «Ата даңқын шығарып өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді», «Өтірік сөз өрге баспайды» (профессор Ә.Қоңыратбаевтың аудармасы).
Қорқыт туралы бірден-бір жазба дерек болып табылатын «Қорқыт ата кітабы» былай басталады: «Баят руында Қорқыт ата дейтін білікті, сәуегей адам болыпты. Тәңір зердесіне салған соң оның барлық болжамдары қатесіз болған...оғыз тайпаларында Қорқыт ата ең қиын деген мәселелерді шешкен. Қандай ғана қиын іс болмасын, Қорқыттың кеңесін алмай, ел ешбір жұмысқа қол ұрмаған. Ел оның барлық өсиетін (билігін) бұлжытпай орындаған».
Яғни, Қорқыт ата – оғыз-қыпшақ ортасындағы саяси-әлеуметтік мәселелерді шешуде жол көрсетуші бас тұлға. Ол ел ішіндегі жөн-жоралғыны, салт-дәстүрді реттеуші батагөй дана. Халықтың сыртқы жаудан, ішкі даудан аман болуын қадағалаушы ақылгөй. Дүйім жұрттың көш-қонын, мекен тұрағын, ен-таңбасын, ұран-ұжымын белгілеп отыратын білгір.
М. Жолдасбекұлы,
Қ. Салғарұлы,
А. Сейдімбек.
2-топ.
Қорқыттың нақыл сөздері
Кітаптың кіріспесінде: "Баят руынан Қорқыт ата дейтін білікті, сәуегей адам болыпты... Ел оның барлық өсиетін бұлжытпай орындаған дей келіп, Қорқыт дананың ел аузында қалған нақыл сөздерін келтіреді. Бір таңғаларлығы, осы нақыл сөздер түгелімен қазақ мақал-мәтелдерінде бүгінге дейін айтылады. Мысалы, "Құмды қанша үйгенмен төбе болмас, Қара есектің басына жүген таққанымен, тұлпар болмас". "Күңге сарыпай шапан жапқанмен, бәйбіше болмас". Бұл нақыл сөздер қазақта: "Күл жиылып тас болмас, күң жиылып бас болмас", деп айтылады. Қорқыттағы: "Тозған мақта боз болмас, ежелгі жау ел болмас", қазақ мақалында сол қалпымен жүр. Он сегізінші ғасырда өмір сүрген Махамбет бір өлеңінде Қорқыт атаның ізімен: "Ежелгі жау ел болмас, етектен кесіп жең болмас", - дегені мәлім. Қорқытта: "Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада". Сондай - ақ "Ұлдың кімнен туғанын ана білер, иесінің иісін ат білер". "Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме". "Ұл атадан көрмейінше, үгіт алмас, қыз анадан көрмейінше, үлгі алмас" - Қазақ мақалы: "Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер" немесе "Ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады", "Көп қорқытады, терең батырады", - ешбір өзгеріссіз айтылады. Бұл киелі сөздер қазақ ұғымына етене жақын, күні кеше ғана шығарылғандай әсер береді. Қорқыттың нақыл сөздері Берлин кітапханасында сақтаулы. "Қорқыт ата кітабы" арқылы аталарымыздың ежелден отбасындағы ананың рөліне ерекше мән бергендігін көреміз. Әйелдердің орта ғасырлық идеалы уақыт сынынан өтіп, бүгінгі күнге де үлгі бола алатындығы қызықты. Кітаптағы ең сүйкімді әйел - отбасының құты (тірегі) болған әйел. "Даладан қонақ келсе, ерінің жоғын білдірмей, сусын беріп, сыйлап аттандырады. Ондай әйелдер мыңдап өссе де, аз".
Алма Қыраубаева
3-топ.
Қорқыт (Дада Қорқыт) және оның нақыл сөздері
Атақты жырау ұлы күйші оғыз – қыпшақ елінің данышпаны ақылгөйі Қорқыт ата өзінің жырлары арқылы ұрпақтарын алауыздықтан аулақ болуға, еңбекті құрметтеуге, ерліктің қадірін біліп, батырлыққа бейімдейді.
"Қорқыт ата кітабында” және "Қорқыт жырларында” Қорқыт айтқан афористік қорытындылар да бар. Мысалы: "Атасыз ұл ақылға жарымас, анасыз қыз жасауға жарымас”, "Ақын тілді, ат тұяқты келеді”, "Ескі темір біз болмас, ескі мақта бөз болмас, ежелгі жау ел болмас, өткен өмір оралмас, өлген кісі тірілмес”, "есекті жүгендегенімен жылқы болмас,”, "қорқаққа қылыш жұмсаудың қажеті жоқ” т.б.
Қорқыт ата өз ел-жұртының аянышты ауыр халін көріп, одан елді құтқаруды, мәңгі бақи өлмейтін бақытты өмірді аңсайды, төңіректің төрт бұрышын кезеді. Бірақ көктемде жапырағы жайқалып шешек атқан шөптердің қүз келісімен сарғайып солғанын, бір заманда аспанмен тілдескен асқар таулармен мыжырайып шөгіп бара жатқанын, мәуелі ормандардың жапырағы төгіліп, қайғымен қамығып бас шайқағанын көреді; адамзат, жан-жануардың мұң-зарын естиді. Ол қайда барса да көр қазып жатқандарға жолығады, ең ақырында: дүниеде өзгермейтін еш нәрсе жоқ, "сынбас темір жоқ, өлмес өмір жоқ” деген қорытындыға келеді де, өлмейтін өмірді халықтан іздейді. Қорқыт жырының қорытындысы: "өмір барда өлім бар, өзгеру бар, өлмес өмір жоқ, сынбас темір жоқ, бәрі де өледі, өзгереді, ұмыт болады, тек мәңгі-бақи өлмейтін, ұмтылмайтын нәрсе адамның өмірінде істеген игілікті ісінің нәтижесі” дегенді аңғартады.
Қорқыт атадан қалған бір сөз мынадай: ”Тәңірге сиынбаған адамның тілегі қабыл болмайды. Тәңірісі құрамаса, ешкімнің бәрі екеу болмайды. Тәңірі пендесінің маңдайына не жазса, сол болады. Оның жазуынсыз адам жамандық көрмейді, ажал келіп, өлмейді. Өлген тірілмейді, кеудеңнен жаның кетсе, ол қайтып келмейді. Жігіт тірісінде қаратаудай қылып, бір күн тыным көрмей дүние жияды, байды. Бірақ соның ішінен ол өзіне тиісті үлесін ғана жейді. Су тарам-тарам болып қаншама тасып аққанымен, теңіздерді толтыра алмайды. Менмен, тәкаппар адамды тәңірі сүймейді. Басқалардан өзін жоғары ұстаған адамға тәңірі бақ бермейді. Баланы балғын шағынан бастап оқытып, жақсылап тәрбиелеу, яғни кішкентайынан тіл алғызу, үлкендерді сыйлауға, ата-ананы қастерлеуге үйретуді көздейді. Қорқыт атаның асыл сөздерінің көбінде тәлімдік идеялар ұшырасады. Өскелең ұрпаққа ақыл-ой, адамгершілік тәрбиесін беруге ерекше көңіл бөледі.
4-топ.
https://egemen.kz/article/159640-qorqyt-ata-tulghasy
Қорқыт Ата тұлғасы туралы
Ұлт тарихындағы кемеңгер, мү¬бә¬рәк тұлға Қорқыт мұрасы, ой қа¬зы¬насы халқымыздың шығар¬ма¬шылық даналығын, философиялық дү¬ние¬танымын, таңғажайып күйшілік қабілетін терең танытады. «Қорқыт Ата кітабы» – ұлт тарихы мен мәде¬ниетінің Бас кітабы.
Ә.Науаи «Бетіне нұр жауғыр Қор¬қыт ата еді, түркі ұлысы арасында одан даңқты, одан асқан кісі жоқ еді. Оның даңқы ешкімге жеткізбейтін еді. Өзгешелігі, данышпандық атының көп шығуы, неше жыл өзінен бұрынғыны білуі, неше жыл өзінен соңғыны, келешекті айтып беруі, оның таңқаларлық нақыл сөздері осы күнге дейін бар» дейді. Расында, осынау ұлы шығармада Қорқыт зама¬нында жасаған 366 алып, 24 би, 32 біл¬гір, ел басқарушы туралы нақыл сөздер бар. Солардың кейбіреулерін келті¬рейік: «Қаратаудай мал жиса да, кісі көзі оған тоймас», «Кекірейгенді тә¬ңір сүймес, көкірегін көтергенге бақ қон¬бас», «Жас өседі, жарлы байиды», «Өш¬кен келмейді, өлген тіріл¬мейді», «Қыз анадан көрмейінше үлгі алмас, ұл ата¬дан көрмейінше үгіт алмас», т.с.с. Адам баласының сан ғасырлық тәжіри¬бесі¬нің қорытындысы, ақыл-ой сүзгісінен шық¬¬қан ғибратты, мағыналы асыл сөздер ғой. Естінің жан-жүйесін, ой-сезім дүние¬сін дүр сілкіндіретін күйлі-қуатты ұлы тілектер де мол. Мәселен, Үйірлі Қаратауың жығылмасын, Зәулім бәйтерегің кесілмесін. Ту¬лап аққан мөлдір суың сарқыл¬масын. Қанаттарыңның ұшы қырқылмасын. Шабар болсаң, ақбоз атың арымасын. Шапқаныңда қара болат қылышың кетілмесін. Шаншарыңда ала найзаң мұқалмасын. Ақ жаулықты анаңның тұрағы пейіш болсын, Ақсақалды бабаңнаң тұрағы жұмақ болсын. Хақ жандырған шырағың сөнбесін, Қадір Тәңірі сені арамызға мұқтаж етпесін! Қорқыт мұрасында жер-су, мал атаулары, әскери өнердің басты ұғымдары жөнінде ел тарихы мен тіл төркіні деректер жеткілікті. Қорқыт Ата – түркі рухания¬ты дүниесіндегі таңғажайып бір құбылыс. Оның тұлғасы мен мұрасы, өнері мен өрендігі – адамзатқа ортақ игілік.
Серік Негимов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
3-тапсырма Ж.
Бейнематериал, нақыл сөздер, зерттеу еңбектерден алған үзінділерді қайта өңдеп, «Қорқыт Ата – түркі рухания¬ты дүниесіндегі таңғажайып құбылыс» екенін дәлелдеп, креативті жазба жұмысын жазады.
4-тапсырма ТЖ.,Ж.
«Автор орындығы»
Оқушылар бір-бірінің жазбаларын оқып танысады. Ең үздігін (әр топтан бір оқушы) сынып алдында оқиды.
Қалыптастырушы бағалау......


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 1 940



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!