DataLife Engine / Жаңа жыл тілектер мен құттықтаулар

Жаңа жыл тілектер мен құттықтаулар

Жылыстаған жылдармен жылжып есен-сау жүре берейік! Көңілге қуаныш, жүрекке шаттық сыйлаған Жаңа Жыл құтты болсын. Бауырымыз бүтін болсын, жақындарымыз аман жүрсін! 2012 жыл ырыс пен ынтымақтың, береке мен байлықтың, бейбітшілік пен бақыттың жылы болғай! Аялы арманымыз орындалып, жүректер жылудан айрылмасын!

Жаңа жыл! Жаңа күн! Жаңа өмір! Бұл күн тіршіліктің барлық иелеріне жаңа үміт, қуаныш, ерекше махаббат сыйлайды.Сол махаббат, қуаныш пен үміт жыл бойы шаңырақта болсын! Мерекелік кештің қуанышқа толы көңілді сәттері жыл бойына әрбір шаңырақта сақталсын! Ескі жыл есіркеп, Жаңа жыл жарылқасын!

Жаңа жылда бүлдіршінге (балаларға) арналған құттықтау сөздер мен тілектер

Отбасымыздың ең кішкентай мүшесі- бүлдіршінім, сенің де жаңа жылың құтты болсын! Аппақ қардай көңілі пәк балапаныма келер жыл тек жақсылықтарын сыйласын. Жайнаған жүзінен күлкі кетпей, балдай тәтті қылықтарына қанбай жүре берейік!

Осы мерекені қатты күткен былдырлаған балапаным! Алыстарды көздеп, биік белестерді бағындыратын үлкен азамат бол! Өмір жолы сені адастырмай, әр басқан қадамыңа Алланың нұры жаусын. Көрер жаңа жылдарың көп болсын, жүзіңнен тек қана күндей жайнаған нұрлы күлкіні көрейік.

Жаңа жыл бүлдіршіндер үшін ерекше мереке. Олардың кіршіксіз көңілдері бұл күні ғажайыптың боларына сенеді. Пейіштен шыққандай пәк періштелердің тілегі қашан да орындалады. Сондықтан, жаңа жыл есік қақпастан бұрын, балапаным, сенің амандығыңның тілекшісімін! Қасқырдың қайратын, арыстанның айбатын, жылқының сақтығын, бүркіттің қырағылығын тілеймін. Тау суындай таусылмас қайратқа да, сыр суындай сарқылмас жігерге де, гүлдей жайқалған ғұмыр мен самал желдей тербелген өмірге балам, сен лайықсың!

Балдырғандар аналарына шуақ, әкелеріне қуат болсын! Сиқырлы мерекеде әкелер сиқыры таусылмай, өздері сенетін ертегі ғұмырды көруге жазсын! Жаңа жыл сәбилердің жарқын күлкісінен айырмасын, дендері сау болып, бал дәурен балалықтың бақытына тоймай жүре берсін!


Жаңа жылда ата-анаға арналған құттықтау сөздер мен тілектер

Тамырын тереңге жайған бәйтеректей бәрімізге сая бола білген ата-анамызды жаңа жылмен құттықтай отырып, оларға зор денсаулық, бақытты ғұмыр тілейміз.Шырайлы шапағат мен шуаққа кенеліп, арамызда аман-сау жүре беріңіздер!

Құрметті Әкем мен Анашым! Келіп жеткен 2012 жыл сіздерді қуантудан жалықпасын. Мәуелі бәйтеректей көз алдымызда жайқалып жүре беріңіздер. Ана, сіздің аялы алақаныңызға, Әке, сіздің жүрегіңіздің шексіз мейіріміне тең келер ештеңе жоқ. Сіздердің амандықтарыңызды тілеп, осы жаңа жылды бірге қарсы алу сәтіне жеткізген Аллаһқа разылық білдіремін! Талай жылды бірге қарсы алу бақыты бұйырсын деймін! Жаңа жыл құтты жыл болсын!

Әкешім! Өмірдің соқпағына қарамастан бізді өрге тартып келе жатқан, тағдырдың суығына тоңдырмай мәпелеген, бар ыстық махаббатын бізге төккен Сіз, бірінші құттықтауға лайықсыз. Жаңа жыл тек жақсылықтарымен қуантсын! Деніңіз сау болып, жарқын жүзіңізді мұң шалмай, балаларыңыздың қуанышына марқайып отыра беріңіз!

Анашым! Жүрегімді жарып шыққан бар ізгі тілектерім өмірдегі ең қымбатты да ардақты жан – ана, өзіңе арналады. Бізді өмірге әкеліп, ақ сүт беріп, аялап өсіріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, осы күнге есен-сау жеткізгенің үшін алдыңда мәңгі қарыздармыз. Әр жаңа жыл кеші тек өзіңмен ғана көңілді. Анашым, жүзіңізден шуақ кетпей, біздің ортамызда күліп-ойнап, шаттыққа кенеліп, бақытқа бөленіп жүре беріңіз. Жаңа жыл бар тілектеріңізді орындасын!

Әкем, анам! Аяулы асылдарым! Сүйенсем, тірегім, құласам, сүйеуім сендерсіңдер. Сіздерді Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын. Дастарханымыз әрдайым осындай мол, шаңырағымыз берекелі болсын! Сіздердің жанымызда болғандарыңыз біз үшін үлкен бақыт! Ұзағынан болғай!


Жаңа жылда досқа арналған құттықтау сөздер мен тілектер


Тіреуім досым! Қуанышым мен қайғымның куәсі, өмірімнің бөлшегі болған аяулы жан. Жаңа жылда сені құттықтап, қуантуға асығудың өзі қандай бақыт! Жыл бойы кірпігіңді мұң шалмасын, жасыма, тек қуанып, жадырап, аман-есен жүре бер.

Достар! Жан-жағыма көз салсам, жаңа жылды қарсы алу кешіне әсем де сұлу, көркіне көз тоярдай сүйкімді қыздар мен жігіттер жиналып отыр екен. Жүздеріңе қарасам, мезгілдің қыс екенін ұмытып, қып- қызыл қызғалдағы жайқалған көктемнің сұлулығын, жаздың жылулығын көремін. Ендеше достар, лайым осылай құлпырып жүре беріңдер. Жаңа жыл әрқайсысыңа бақыт пен шаттық сыйласын! Жылдар бойы жалғасып келе жатқан достығымыз бұл жылы да әдемі жалғасын тапсын!

Жаңажылдық дастархан қандай тәтті болса, сен барда менің өмірім сондай тәтті. Нұрлы жүзіңнен тек қана күлкі көріп, қуанышымды өзіңмен бөлісе жүрейін. Бақытты бол, құрбым!

Аяулы дос! Санаулы сағаттардан соң кіретін жаңа жыл саған бар жақсылығын төксін! Жаңа жылда жаңа табыс, денсаулық, сәттіліктер тілеймін! Жылдан- жылға аманшылықпен, зор қуанышпен жете бер!

Әніміз де, сәніміз де жарасқан, тілегіміз де, жүрегіміз де бір болған асыл дос! Өзіңді жаңа жылмен құттықтауға асықпын! Бар қиындықтар мен өкпе-наздар ескі жылмен есіркеп кетсін! Жаңа жылда жаңа белестерді бағындырып, жаңа табыстарға жете бер! Жаңа жыл құтты болсын!

Айналамды өздеріңдей керемет жандар қоршаған мен ең бақытты жанмын! Жаңа жылдың жылтыраған ойыншықтарындай жүздері жайнаған достарым мәңгі жанымда болсын! Достар, мереке құтты болсын! Дастарханымыз мол болсын! Көңіліміз даладағы аппақ қардай таза болсын!


Қажетті сілтемелер:

  1. Жаңа жылға арналған әндер, тақпақтар, өлеңдер
  2. Жаңа жылға арналған әзіл құттықтаулар
  3. Жаңа жыл тілек пен құттықтау (сурет)
  4. Сүйіктілерге арналған жаңа жылдық құттықтаулар
  5. Досқа арналған жаңа жылдық құттықтаулар, тілектер
  6. Ата-ана жаңа жылдық құттықтаулар, тілектер
  7. Бүлдіршін, кішкентай балаларға жаңа жылдық тілектер, құттықтаулар
  8. Жаңа жылға арналған өлеңдер
  9. Жаңа жылға арналған тақпақтар
  10. Жаңа жыл туралы құттықтау, тілек өлеңдер
29.11.2020
Вернуться назад