DataLife Engine / Балаларға насихат

Балаларға насихат

Тырысалық, ғазиз жас,
Балалыққа болмай мас,
Оқып сабақ, білсеңіз,
Есімің болар елге паш.

Ойыншы жалқау баладан
Үйір болмай аулақ қаш!
Ғылым білген адамдар
Кедей, мұқтаж, болмайды аш.

Болсын десең ісім оң,
Шәкірттерден қалма соң.
Май секілді жұмсақ бол,
Мұздай қатты болма тоң.

Біл сабақты, жазу жаз,
Жасыңнан бол өнерпаз.
Күні бойы жүгіріп,
Ойнағанға болма мәз.

Сабақ білсең жасыңда,
Құстар сайрар басыңда.
Отырарсың сен дағы,
Жақсылардың қасында.

Сабақ білсең жейсің бал,
Айтқан сөзге құлақ сал!
Әке-шеше, ағаңның,
Халпенің де тілін ал.

Білсең сені мақтайды,
Тәрбиелеп сақтайды,
Оқымаған білмеген,
Ешбір жанға жақпайды.

Тырысып сен де оқысаң,
Мақтайды сені барша жан.
Өзі келер сені іздеп,
Ұшқан құспен далада аң.

Тайыр Жомартбаев
05.05.2016
Вернуться назад