DataLife Engine / Асқар Алтай Кентавр

Асқар Алтай Кентавр


Қара суықты қараша. Жалтаң қырға қара күз келіп, ықтасын тауға қоңыр күз түскен.

Тарбағатайдай тарлан тартқан кәрі керінің адам аяғы жетпес, мал тұяғы тимес бір пұшпағы. Терең шатқалдың жазда жел соқпас, қыста қар алмас күңгей қолтығында жетімсіреп жалғыз үй тұр. Төбесі шатырсыз, қара тастан қаланған еңселі, тоқал там. Маңайында боз талдан тоқылған шарбақты, таспен шегенделген қора-қопсасы бар. Бұл ұры қонысты тап төбесінен түспесең, жабулаған жылқыдай тани да алмайсың, таба да алмайсың.

Тау іші — тымық. Күн көзі — шуақ. Бар дүние балауыздай балбырайды. Биік бауырына бұққан тас үйге Тәңірінің көзі түсіп, күн нұры құйылған.

Тұғырлы келген тас үйде екі жан иесі ғана бебеу қағулы еді. Бірі — құлжадай еркек, бірі — құралайдай әйел.

— ... —

— Иә, Алла! Өзің жар бола гөр! Жанын қалдыра гөр! Жылбысқаны алсаң да, жарымды алма!.. Осы тілегімді бере гөр, Тәңірім! Әумин!

Аққазы көкке жайған алақанымен жүзін сипағанда, қара терге жүзіп жатқан Моншақ шыр ете қалды.

— Олай демеші, Аққазы! Алладан алты жыл тілегеніміз осы емес пе еді?! Қайтып ал сөзіңді... «Қайтып алдым!» деші?!

— Қайтып алдым, қалқам! Қайтып алдым!

— Уһ, жаным-ай! Қиналдың-ау! О, Тәңірім, қинадың-ау!

— Шыдашы, жаным, шыдашы! Басы көрінді... басы... Иә, Алла, қолдай гөр! Бибәтима пірім қолдай гөр!

Ақша жүзі нарттанып, қызыл тер жауып кеткен Моншақ ышқына ширығып, ыңырана булықты. Бар күшін жиып, аузын жаба, ұртын бұлтита берді.

— Қиналдың-ау, қалқам! Сәл ғана қалды, жаным! Иә, аруақ, қолдай гөр! Қолы мен кеудесі де шықты... Иә, Алла!

Аққазының жарынан шығарда жаны ғана басқа еді. Міне, қазір де Моншақтың үстіне түсіп тұр.Әттең, құдіреттің күшімен бұған құрсақ бітсе, өзі-ақ босанар еді... Оған енді амалы кәміл! Онда екеуін «Еңлік-Кебек» атап жүрген елді есінен тандырар еді.

— Моншағым! Тағы бір толқышы... толғатшы! Деміңді ішіңе тарт! Міне, міне! Келіп қалды... А-а-а! Аһ!

Дауысы оқыс әрі үрейлі шықты. Орнынан шошына тұрып та кетті.

Моншақ бірақ, ерінің үнін естіген де жоқ. Жанымен қайғы болып, туыттан әлсіреп, есі кіресілі-шығасылы боп жатыр еді. Жарының жардай қарнын қос қолдап саумалаған Аққазы бір сәт тоқтап қалды. Толғақ пен туыт басталғалы аузы «әупірімдеген» сөзден құрғамаған оның көзі шекесінен шығып, үнсіз тынды. Әлден уақта ғана Моншақтың күшті ыңқылынан ес жиды. Дереу состиып тұрған тұлғасын иіп, тізерлей отырып, әйелінің әлі көтеріңкі құрсағын алақанымен басып, тарбиған саусақтарымен салалай саууға көшті. Тіксінген бойын жиып та алды.

Ол жарының шатын жарып келе жатқан құлынның қос тұяғын көріп еді... Содан шошына тұрып кеткен. Енді қайтып Моншақтың төмен жағына қарамауға тырысып, кең іш көйлегімен етегін жаба салды. Сол күйінде әлсіреп қалған әйелдің құрсағын құрсаулай қысты.

Моншақта қайыра құрсағын шиырар қуат қалмапты. Кірпіктері ғана қимылдайды. Аққазыға еріксіз бір ой келді. Жабайылау ой... бірақ басқа амал да жоқ. Бұлай жата берсе, жары көз жұмары хақ.

Ол жылдам қимылдап, Моншақ іш көйлегінің қан мен шырышқа былғанған етегін түрді. Көкірегі мен белі кәдімгі жылқы тұрқылы құлынның кеудесімен тұтаса біткен нәрестеге қол салды. Сәби тәні түкті құлын мүшемен тұтасып кеткен жылбысқаның алдыңғы сирақтарынан сескенбей ұстады. Ішінен «Бісмілла!» деп күбірлеп те жіберді. Ол жіп-жіңішке, торы түкті шырыш-шырыш сирақтарды біріктіре ұстап, еппен ғана ептеп тарта бастады. Талықсып кеткен Моншақ болса бір бүлк етті де, қимылсыз қалды. «Жарымды жұтты-ау!..» деген суық ой сумаң етіп өткен Аққазыны әлдебір салқын сезім кернеп, құлын тұрпатты сәбиді жұлқа тартқызды. Моншақ тұла бойы да селк етті.

Сол сәт жылқы жарғақты құлын-сәби жарқ ете қалды...

Әлдеқандай бір сезім ырқын билеген Аққазы құлын-сәбидің көзін аштырмаған шырышты жеңімен сүртіп, аузы-мұрнынан үшкіре үрлеп жіберді. Сонда құлын-сәби де көзін ашып, шыр ете түсті.

Аққазы енді керіскедей сәбиді тастай беріп, Моншақтың бас жағына ұмтылды. Ол пеш қасында тұрған шелектегі тұманың мұздай суынан ожаумен алып, аузына толтыра ұрттап, жарының жүзіне бүркіп-бүркіп жіберді.

Құлын-сәби болса, сирағын сермеп, шаранасын жарып, шырылдап жатты. Аққазының бірақ құлағы бітіп қалған.

Ол:

— Моншақ! Моншағым! Көзіңді ашшы, көзіңді!.. Сен аман-есен босандың, — деп айқайлап отыр еді.

Жанарынан жас парлап, еңкілдеді-ай кеп! Еркектің еңкілдегені қандай ерсі еді?! Мұның бірақ оны ойлар шамасы да жоқ. Құлын-сәбиді өзі босанғандай қалжыраған. Сәбиінің кіндігін де өзі кесті.

* * *

Қыс өтіп, көктем келді...

Тарбағатай тауларының терең бір түкпірі — Боранбай шатқалының «Қубас жусаған» атты ұры қолтығына көктем де кешігіп жетті. Кешікпей-ақ мамыр балаусасы желкілдеп, дүние жасарып шыға келді.

Көктеммен бірге құлын-сәби де көкпеңбек әлемге тұяқ тигізді. Құлындай ойнақтап, сәби күлкісімен сықылықтап, қозы-лақ қуалап асыр салды. Құлын-таймен тебісіп, жарыса шапқылады.

Көктеммен бірге Моншақ анасы да сырқатынан сауықты. Кирелеңдеген белі бекіп, бастаудан су таситын. Құлын-сәбиі болса былдыр-былдыр сөйлеп, жарық дүниеге келгеніне жарым жыл өтпей, күші судай тасып еді. Анасының суын тасысып, әкесінің отынын жарысып, ошақтың отын жағысқан.

Жылқы тұрпатты, адам тұлғалы нәресте де ширады. Ол жануардай жылдам аяқтанды. Ертегідегідей ерте тілі шығып, ерте ес кірді.Әкесі бөтенсімей бауырына басып, анасы жерінбей жанына алған, көкесі жатсынбай иығына шығарған. Жұрт көзінен жырақта — кәрі таудың қуысында, үш бірдей пенденің уысында өсіп келе жатқан. Еркін еді, ерікті еді.

Бүгін де анасы:

— Арыстай, — деген құлын-сәби Басарысына, — анау биікке шығып қайтшы! Әлгі көкең Керім көрінер ме екен? Әкең Аққазы қойды үйге қарай қаптатты ма? Күн де кешкіріп қалды.

— Жарайды, апа, — деп құлын-бала желіп жөнелді.

Құлын-сәбиінің соңынан сүйсіне қарап тұрған Моншақ болса, Басарыстың күлтеленген құйрығын көтеріп, бұлғаң-датып қойғанына күліп те жіберді.

— Құлыным! Жаным! — деп аналық мейіріммен айтқан айнымас лебізі де ауада қалқи берді.

Моншақ: «Тәуба! Тәуба!» — деп күбірледі. Жалпақ жұрттан жырылып, ел көзінен тасаға Аққазы екеуі былтыр тамызда көшіп келген. Одан бері де жылға жуық уақыт озыпты. Тәңірге тәуба, тілеу тілеген құлын-сәбиі дүниеге келіпті... Осы құлын-сәбиі үшін бар дүниені тәрк етіп, бәрінен безініп келіп еді.

Семей мен Өскеменнің қазақ-орысы аралас дәрігерлері аяғы ауыр мұны тексере келіп, «Құрсағыңда бала емес, аң мен құсқа ұқсас құбыжық жатыр» деп шошытып еді. «УЗИ» дегенге қайта-қайта түсіріп, «Бақылауға аламыз, босанғанша тірі пендеге тіс жармайсың! Ішің үлкен... Жарып алуымыз мүмкін» деп күшейген-ді. Бұл сөзді естігенде, Моншақ: «Жарылып өлгенше, жарымның қолында өлейін» деп, Өскемен емханасынан қашып кеткен.

Сол бойы ауылынан бір-ақ шыққан. Бұрында Семей қаласы мен Дегелеңдегі перзентханада екі рет нәрестесінен айырылған ана байғұс бойына үшінші рет біткен сәбиден өлідей де, тірідей де де айырылмасқа бекіді... Ай-шайға қарамастан Аягөзге көшті. Туған қайнысы Керімғазы үйіне келіп тоқтады. «Ел құлағы — елу, мал құлағы — саңырау» деп, Аягөзде де аял құрмады. Аңшы Керімғазының ақылымен Тарбағатай тауының ішіне орта жолға дейін көлікпен, ары қарай күлікпен сапарлады.

Ақыры жап-жас ерлі-зайыптылар: «Құбыжық болса да, іштен шыққан шұбар жылан болса да, өз перзентіміз!» деген арманмен келіп, түкпірлі тау ішіне жасырынған. Қайнысы Керімнің арқасында үйін де көтеріп, мал-жанын да жеткізіп алған-ды.

Алладан мойындарына бұршақ салып, нәрестелі болуды сұрады.Әулие Ырғызбай атаның басына түнеді. Ұлы Мұрын апасы мен Байыс бабаларының, Қабанбай батыр, Боранбай би, Қырықбай қажы мен өз ата-бабаларының аруағына бағыштап құрбан шалдырып, құран оқытты.

Алла алқады, аруақ қолдады!

Құбыжық емес, құлын-сәби дүниеге келді. Өзінің де кең құрсағы жиылып, тас емшегі жібіді. Құрсағын кернеген құлын-сәбиіне де шүкір! Әйтпесе, атаңа нәлет атом сынағынан небір сұмдық мақұлықтар туып жатыр ғой. Адамнан да, малдан да... Аңнан да, құстан да... Иә, бір Алла сақтасын! Көк тәңірінің көзі түзу түссін! Ал пенденің тілегі оң болсын!

Осы кезде биік басынан құлын-бала Басарыстың да айқайлаған зор дауысы естілді.

— А-а-па! Көкем келеді, Керім көкем... Алдынан шығайын ба?

— Жоқ, құлыным! Үйге қайт. Көкең өзі келеді.

Кешікпей Керім қайнысы да салт атпен келіп қалды. Мойнында — «отыз екі» мылтығы. Құлын бауырымен ат үсті құшақтаса амандасты. Бірер апта жылқы тұрқылы Басарысты көрмеген көкесінің кер аты да үркектеп еді, иесі зекіп тастады.

— Тәйт, пәтшағар! О несі-ай! Жон теріңді үгермін...

— Көке, қалай жеттіңіз? Көп кешіктіңіз ғой... Мен әбден сағындым! Аңға шығамыз деп едіңіз, аңшылық құрамыз ба?

— Әрине, Арыстай. Ертең аттанамыз, — деді Керім.

Басарысқа тесіле көз тікпесе де, құлын бауырын көз қиығымен сүзіп өтті. Құлын-баланың бұлшық еттері білеуленіп, қара тұяқтары да сомданып, көк желкесінен көтерілген жалы да күлтеленіп, құйымшағының дүм түбінен салаланған қыл құйрығы да төгіле түсіпті. Керім көзі тойып, жаны сүйсініп, іштей бір мақтаныш кернеді. «Бауырым! Қаным!..» — деді ар жағынан жасырын, бірақ жалтақсыз бір үн.

Мұның мына бауырындай бұл өңірде, тіпті, бұл дүниеде бірде-бір жан жоқ. Ол — қарт Тарбағатайдың тарғыл-тарлан тасындай ақиқат. Ертең-ақ ер жетіп шыға келгенде, таңданбайтын жұрт, таңдай қақпас дүние болмас. Бар әлем бауырының тұлға-тұрпатына бас иіп, маңайынан үйіріліп шыға алмас. Сонда таныр бұларды... Мұның Аққазы мен Моншақтай аға-жеңгесінің жұрт көзінен жасырын жасаған ерлігін. Сонда мойындар олар... Оған да жетер бұл. Ол күнді де көрер ел-жұрт. Тек жылқы тұрпатты жынысы аман болсын!

Кер атын тас қора қасындағы атағашқа байлап, үйге енгенде, жеңгесі ас мәзірін де даярлап үлгеріпті. Былтыр қыркүйектен бері осы «Қубас жусаған» жырақ қуыс-қолтықтан ешқайда шықпаған жеңгесінің жұртпен жүздеспей, ел жаққа елеңдеп отыратын жайы бар. Құлын-сәбиі құмарпаз адамдардың таңданар «тәлкегіне» ұшырамасын, ашқарақ көзіне түспесін, дәрігерлер секілді «сынықтан сылтау іздеуші» сыншыл адамдарға «қолды» болмасын деп, қатты қауіптенгеннен де, Аққазы екеуі алысқа ұзағысы жоқ. Көзінің қарашығындай қорып, құрбан болуға әзір!.. Содан да сыр шаш-пас қайнысы Керімғазыға ғана сенеді. Сол ғана ел-жұрттан есен-саулық жеткізіп тұрады. Керімғазы Аягөздегі әйеліне де ағасының ұлы туралы ашып айтқан емес, тек «қол-аяғы кеміс сәби туды» деп қойған. Таудың бір қуысында жатыр деген.

Моншақ:

— Сырлым, — деді Керім қайнысына жеңгелік қойған атымен, — ел қалай? Әлгі сырлас не істеп жүр?

— Елің аман, жеңге! Бәрі де жекешеленіп, жеке меншікке өтіп жатыр. Сырласың да қысқартуға ұшырап, менің «жеке меншігіме» өтті.

— Е-е, жөн екен! Азамат сен аман бол! Қиық қатындар не бітіреді дейсің?! Біздікі бала табу мен бөрінің «бір жерінше» шулау емес пе! Өзің қайттің? Ойға алған ісің оңға басатын ба?

— СТО-ны ашуын аштым ғой, тап Сергиопольдің өзінен... бірақ машинасын жөндетушілер аз. Ақшалары жоқ, қоймен, малмен есептесейік дейді.

— Е-е, Сырлым-ау, қайта сенің ернің епсек, қолың бесаспап қой! Темірден де түйін түйіп, тиын жасайсың. Ағаңды айтсаңшы, ел айтқандай, «Ақ сүйек — Аққазы» ғой. Біз ауылда отырсақ, нағыз аштан өлетіннің біріміз. Қайта Арыстайдың ризығы бар екен, ол да сенің арқаң — осы жерге жетіп, мал-жанды болып, жұрт ішінен жырақта болсақ та, өз күнімізді өзіміз көріп отырған.

— Ойбай, жеңгем-ау! «Ақ сүйек — Аққазы, ақ саусақ — Ақмоншақ» тегін атандыңыздар ма?! Жо-оқ! Нағыз бай — екеуіңіз... Жүзден астам қой, жеті-сегіз сиыр, бір үйір жылқы қашан бітіп еді? Арыстай да өсіп келеді, ертең-ақ өзі ие болады.Әлден қолыңызды ұзартып жүр ғой. Сіздердей адамды қазір «фермер» дейді.

— «Мал деген бір жұттық» емес пе?!

— Олай демеңіз, жеңеше!

— Е-е, менікі — ел-жұрт пен туыс-туғанның сағынышы... Қыс бойы белімді көтере алмадым. Аққазыға ауыр болды. Өзіңнен басқа көмектесер жан табылмады. Біреуді көмекшілікке алайын десе, менің көңіліме қарайды... Арыстайдың жайынан қорқады! Ел көзіне түсіп, яки естіп қалса, ұлымыздың тағдыры не болмақ?! Онда менің талайым талқан болады ғой деп, маған ештеңе дей алмай — бәріне де бір өзі шыдап шықты ғой... Қайтейін! Құдай қанама осындай сәбиді жазыпты! — деп кемсеңдеп жіберді.

— Қой, жеңге! Мұның не? Мұндай емес едің ғой... Мықты емес пе едің? Тәуба де, тәуба! — деді Керімғазы.

— Тәуба, Тәңірім! Тәуба! Бергеніңе шүкір, Аллам!.. Өзіңді көптен көрмей, босап жатқаным ғой.

Бұлардың бұлаулы көңіл-күйін кесіп, есікті салдырлата ашып Басарыс кірді. Торы түкті, тұлғалы құлын-баланың бойы үлкен кісідей еңселі еді, екі ауыз үйдің кіре берісі тарылып-ақ қалды. Ол кер атты отқа жіберіп, ұн мен тұз, шай секілді оны-пұны лық тола салынған қос қоржынды ала кіріпті.

Құлын-бала кірген соң, әңгіме ауаны өзгеше өрбіді.

* * *

Биыл қар қалың, қыс жылы болды.Әсіресе, түздің жан-жануарына жайлы тиді, қыстан күйлі шықты. Көктем кешігіп жетсе де, қасат қар көзді ашып-жұмғанша астынан еріп, аз күннің ішінде айыз қандыра ғайып болған. Қалған-құтқанын жылы жаңбыр себелеп, жылы жел ескектеп алып кетті.

Мұңсыз мамыр туып, мұңлы құстар шулады. Бозторғайдың боздай шырылдаған үнімен Аққазы мен Керімғазы да атқа қонды. Күн көкжиектен көтеріле қоймаған. Басарыс та бұлаң қаға ерді. Құлын-бала кіндігі кесілген қыстаудан тұңғыш рет қиянға тұяқ сермеді. Құлдыраңдай желе жортты.

— Ұлым, — деді Аққазы, — шапқылай берме, шаршап қаласың.

— Әке, — деді Басарыс, — мен шаршамаймын! Шашамды жел көтеріп келеді.

— Арыстай, — деді көкесі Керім, — әлі бұлан қуамыз. Сонда шапқан атпен жарысасың.

— Жарайды, көке! Сіздер мінген көк ат пен кер аттан қалыспаспын. Тек, әлгі бұлан деген бәлені көрсетіңізші!

— Көресің, ұлым, асықпа! — деді әкесі салмақты дауыспен.

— Анау көгерген Өкпетінің тауы, — деді көкесі де.

— Көке, алабажақ қар жатқан ба?

— Дәп өзі. Міне, соның қойнауынан бұлан қараймыз. Көктем шыға олар етектен Өкпетінің өріне өрлеген... Жол ұзақ, сондықтан асықпай жүреміз.

— Қар биыл қалың түскені жақсы болды, бөрі атаулы етектегі қыстаулар мен ауыл маңын торыды. Несібесін сол маңнан тапты.

— Иә, аға, — деді Керімғазы да Аққазыға, — сізден де шығын шыққан жоқ. Ең жақсысы қалың қар тепкен даланың бұланына азуы жетпеді...

— Лайым, шығын шықпай-ақ қойсын! Бөрі — түздің серісі... Оған тіс қайрауға болмайды, сондықтан бабаларымыз: «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» деген ғой. Қорадағы малға емес, өрістегі малға тисе, ол — Тәңірінің тілегі... Бірлі-жарым малды алғаны да артық емес, Тәңірінің жаратқан аң-құсына сауап қой.

— Әке, көке! — деді құлын-бала Басарыс та: — Өткенде қыстаудың жоғарғы жағындағы биікке үйдегі Ұшар секілді көк ит келген... Мен бірақ оны таспен атып, қуып жібердім. Апама айтқан жоқпын.

— Ой, айналайын! Азамат болған деген осы. Ол — ит емес қой, Арыстай, — деді Керімғазы көкесі. — Ол бөрі... Бөріден бірақ сақ бол! Ол жалғыз-жарым адамды да жазатайым қылады.

— Көке-ау, ол менен қорқып кетті... Мен қорықпаймын!

— Қорықпағаның — дұрыс! — деді әкесі де. — Ол да тәңірінің жаратқаны... Сені де тәңірі жаратқан.

— Тәңірі кім?

— Тәңірі деген Алла! Бәрімізді де бір Алла жаратқан. Қорықсақ — сол Алладан қорқайық... Өзгеден қорықпа, ұлым!

...Ағалы-інілі, әкелі-балалы үшеуі осылайша әңгімелесіп, желе шоқытып келе жатты.

Көкте күн көтеріліп, таңғы тау арасы шықтан бусанып, көк шегіртке шырылын үдетті. Тұяқ асты кейде тастақты, кейде жасыл жазаңды. Тағалы тұяқтардан жарқ-жұрқ от шығады. Құлын-бала да тасырқар емес. Ұзақ сонар сар желіс жайлы тиген. Барлығар да емес.

Аспанда ала бұлт бар. Көгерген дүние марғау. Көз ұшы мұнарлы. Басарыс үшін бұл жүріс соны, сондықтан да сәби санасына таң. Түздік тек-тағайына бірақ жақын. Көктеммен жасарған таулы, далалы табиғат жанына жұғысты. Құлын-баланы қымсынбастан өзіне шақырады. Етене жан иесі де еліге түседі.

Түске тарта бұлар өгіздің бүйрегіндей кесек бітімді Өкпетіге де ілікті. Жеңіл-желпі сүр қазымен түстеніп алысымен, бұлақ басынан аттанысты. Биік жондарды жалдай жүрді. Керім биіктен дүрбі салды. Кешікпей-ақ бұлан да көзге шалынды.

— Арыстай, — деді Керім көкесі, — мына селебені беліңе байла. Біз бұланды атып жығысымен, сен селебемен бауыздайсың.

— Қой бауыздағандай, — деп қойды әкесі Аққазы да.

— Адал бауыздап алам, — деді Басарыс та, беліне жеңді білектей келген, араның асыл темірінен жасалған, тері қынды селебені белбеуімен байлап жатып.

— Ал абай болайық!

Көкесі алдыға түсті.

Бұланға аңшылық құрған үшеу биікті қиялай кесіп, жылғамен терең сай табанына тез ілінді. Боз тал мен ақ қайың аралас өскен өзен бойымен жоғары өрледі. Басарыс бұланды көрсем деп, тағаты таусылып-ақ келеді, бірақ әкесінің айдынынан қаймығып, көкесімен қатарласа қоймады. Әкесімен құйрық тістесе аяңдайды.

Әудем жер жүрген соң, көкесі қолын көтеріп, бұлар тоқтасып қалды да, Керімғазы озып кетті. Әкесі екеуі ілбістей ілби жүрді. Шоқтанған боз талды айнала бергенде, Басарыстың өткір жанары әлдеқандай жануарды шалып қалды. Ол да үдірейе қарап тұр екен.

Әкесі де қалт тоқтады. Басарыс та жалпақ келген қысқа мүйізді жануардың бұлан екенін анық сезінді. Бұлан да бірақ көк шалғынды жапыра шауып жөнелді. Осы бір сәт мылтық дауысы да гүрс етіп, таулы өңірді жаңғырықтырып әкетті.

Серпіле жөнелген бұлан оқыс омақаса жығылып, бұлардың көз алдында қайта тұрып, қалың боз тал мен балапан шыбық балалаған қалыңға ақсаңдай ұмтылып, қойды да кетті. Енді Басарыс та шыдай алмады білем, бұлан соңынан ол да «А-аһ!..» деп, айғайлай ұмтылды.

Аққазы құлын-ұлының жүрексінбестен ұмтылғанына іштей сүйсініп, өзі де тебіне берді. Бүйірдегі боз тал ішінен шыға берген Керім інісі де:

— Аға, Басарыс өзі алсын! Мен бұланды әдейі алдыңғы аяғынан жаралап жібердім, — деді айқайлап. Екеуі де желдірте жөнелді.

Бұл шақта Басарыс та қолымен сусоқты боз тал арасын аша, балапан шыбықтарды кеудесімен қаға кетіп, желіп бара жатқан. Ол сол бойда қалыңды жапыра бұланды бастырмалата қуды. Ақсақ бұлан қуаты тасыған құлын-баладан құтыла алмады. Қанша бұлтарса да, жарадар жануар бұрын өзі көрмеген жұмбақ жанға тұтылды.

Бұланды түре тиген Басарыс қапталдаса беріп жануарды жалпақ мүйізден алып, алдыңғы сау сирағынан шалды. Бейшара жануар оңбай құлады. Құлын-бала да мойнынан тізелей басып, қара танауынан сіргелей саусақ сала басын көтере беріп, шалт қимылдады. Селебені суырған күйде сағақтан орып-орып жіберді. Қызыл-күрең қан атқып-атқып кетті де, құлын мүсін баланың тізесі астында тыпырлаған бұлан қорқырай қысылды.

Қолы жеңіл Басарыстың қасабынан бұла бұлан жайлап қана жан тапсырды...

Әкесі мен көкесі келгенде құлын-бала да көк шөпке сүрткен селебесін тері қынына салып жатты.

* * *

Арада айлар ауып, жылдар жылжыды...

Түзде тағы өскен құлын-бала құнан-жігіт шықты. Тұрқы зорайып, қуаты толысты. Бұла көркі көз тартып, бұғанасы бекіді. Тарлан Тарбағатайдың тағы аюын да алды, бұла бөрісінің белін де үзді.

Тұнық табиғатта Басарыстың санасы сараланды... Өзінің тірі пендеге ұқсамайтын жалғыз екенін түсінді. Жат екенін сезінді. Әкесі мен көкесі ескерткен, шешесі көз жасын төгіп айтқан: «Тірі пендеге жолама! Көздеріне түспе!» деген сөзді берік ұстанды.

Құла түзде еркін өскен құландай құнан шығар жасқа келді.

* * *

Желсіз желтоқсан еді. Тау мен даланы шыңылтыр аяз қысқан. Қар бекіген.

Төрт сирақты өзіндей тұяқты емес, екі аяқты пенденің табаны тие бермес таулы өңірге әлдебіреулер қараң-құраң пайда болды. Жай пайда болмады, қалың түскен қасат бетінде жорғалаған шанаға мініпті. Шаналары да шарқайрақтай зыр-зыр қағады. Иен тау ішін басына көтере дүрілдейді, дүниені төңкерердей дарылдайды. Оның даусынан таудың шағыл тасы құлайтындай, ұлпа қары сырғанайтындай.

Басарыс күн ұзақ биік-биіктен бақылады. Күн ұзақ сай-саланы тінткілеп, аңғар-құламаны арылтқан әлгі шаналылар да шарлап бақты. Олар алыстағы аңғар аузына қи домалататын қара қоңыздай дөңкиген-дөңкиген қос қара көліктерін («Джип» машинасы еді) қаңтарып, осы бір тушаша бақырған моторлы шаналарға мініп алысқан-ды.

Екі аяқты пенделердің әрекетіне алғашқыда алыстан таңданса да, еті үйрене келе құнан-жігіт те жақын келіскен. Қауіпті де ұмытқан... Адамдарға деген ақ сезімі сабыр сақтатпады.

Қара жартасты, қалың ұшқатты қабырғалары заңғар биік боп біткен тар шатқалдың түпкіріне дендеген сайын, Басарыс та жауын баққан жыртқыштай, тасадан бой жасырып, қылта-қылыдан қыдия қарады. Көз жетер жер ғана емес, тіл жетер тұстан құлағын тігіп, жанарын тіктеді.

О, жасаған! Құнан-жігіт өзіне-өзі сенбеді...

Үш шанаға мінгесіп-ұшқасып жүргендердің арасында Керім көкесі де жүр. Бес адамның үшеуінің мойнында мылтығы бар. Қалған екеу — құр қол. Киімдері — кілең тон, аязды елер емес.

— Әй, жезде, — деді ішіндегі еңселі келген, балуан тұлғалы жігіт, — бізді әбден шаршаттың. Сенің аңшылығың апайымның қасында ғана ма деймін, былай шықсаң басың ауып қалады-ау!

— Е-е, айтасың-ау, Дулат балдыз! — деп Керім көкесі де күлді. — Мен апайыңа түнде аңшылық құрсам, күндіз түзде аңшылық құрам... Одан да әлгі мың «баксыңды» дайындай бер... Тап осы арадан Тарбағатайдың тайдай аюы шықпаса, мұрнымды кесіп берейін!

— Сенің тәмпіш танауың кімге дәрі? Мұрын деп мына біздікін айт!

— Мұрның мұрын ғой, шіркін! Құлақты бірақ қайтеміз? Үйдегі әлгі жиендерің «тұшпара депутат» деп тағы күлетін болды ғой.

— Әп, бәлем, саған ерегескенде, қоң етімді кесіп берсем де, құлақ жасатармын, — деп Дулат сөзден жеңілгенін мойындады. — Давай, жезде, тездет! Күн ауып барады... Жігіттерге айтсаңшы!

— Жігіттерің сенің не білет? Қолдарын өзің секілді жылы суға малып жүргендер. Сенің Астанада депутат болғаныңнан, Алматыда балуан болғаның артық еді...

— Жә-жә, жездеке, қоздата берме! Өзің қатын өсекке үйірсің ғой, ана магнитофонды жоғарырақ қой. Әйтпесе маймақ таптап кетіп жүрер... Айтпақшы, сенің айта беретін үңгір аузындағы жылымың қайда?

— Дәукесі, — деді Керім жездесі, — бұл — тас үңгірді пана қылған аюдың апаны, сондықтан да аюдың демі үңгір тастың жықпыл-жықпыл жарығынан шығып жатыр. «Жылым» деген, аю жерден ойып үңгір қазса ғана аузының жоғарғы ернеуі тұсынан ыстық демі тесіп, буланып жатады. Алтай жағы мен Сібір жағының аюларының апанының аузында кездеседі. Былтыр мен Күршім-Марқакөл жағына аңға барғанда, сонда сол жақтың аңшы жігіттері көрсетті. Олар жылымды «аюдың көзі» деп те айтады екен. Пәтшағар, содан сырттағы барлық жағдайды сезіп, тіпті «көріп» жатады дейді.

— Е, онда жақсы болды, өздері де біздің келгенімізді біліп жатыр екен ғой, — деді Дулат.

Өзгелер ат шалдырым жерге қалдырған шаналар қасында жүр еді. Бағана-ақ Керім көкесі мен Дулат деген оларды шана қасында қалдырып кеткен. Шамасы, үңгірдегі аюды дабырлап оятып жібереді десе керек.

Құнан-жігіт Басарыс бар жайды енді түсінді. Бұлар аю аулауға келіпті... Аюды Басарыс та аулаған.

Ол оқиға осы жазда ғана болып еді. Тамыз айында қарақатқа әбден тойып, жүрегі қарақаттың қышқыл суынан қарайған әлдебір сары аю іңірде сиырға кеп шапқан.

Жылқы тұрқы мен адам тұлғасы толысып, алыптана түскен Басарыс бұл кезде үйге сыймай қалған еді. Жылқыдай жұлдызды түнде жусап, үй маңындағы көгалда аунап-қунап жататын. Қызыл іңірде сары аю келіп қызыл сиырды соққанда, бұл да «мал ашуы — жан ашуы» деп ұмтылып, жыртқышпен жекпе-жек қалып еді. Үйден қосауыз «он алтымен» жүгіре шыққан әкесі де ұлыма оқ тигізіп алармын деп, мылтық кезене алмады.

Басарыс өзіне жетеқабыл жырындыны бірақ оп-оңай жер жастандырды. Керім көкесі құлын-бала күнінде беліне байлаған сом селебе аюдың көкірегіне қолтығы астынан қарш-қарш қадалған. Сары аю адамша өкіре барып жығылған.

Ал енді мыналар қалай алмақ?

— Василий, — деп шақырды Дулат: — мұнда кел!

Жирен мұртты жігіт ағасы жылдам жетті. Қолында — орыс бесатары.

— Вася, — деді Дулат оған бұрыла қарап, — қазір анау Америкадан алып келген аляскалық аюдың дауысын қосамыз... Сен де сақ бол!

— Мен дайынмын, — деді Василий де қазақша қайырып.

— Өй, мынауыңның төбесі тесік қой, — деді Керім көкесі.

— Әрине, Семейдің орысы емес пе... Өскемендіктер ғой өгіз секілді «өлдім» демейтін!

— Көке, мен казак емес, қазақ боп кеттім ғой... Дәуке, мен бүйір жақта тұрайын.

— Алтайлықтар аюды құрықтай ұзын, басында ілмек темірлі вагормен түртіп оятып, үңгірінен шығарады екен. Балдыз, аюды аляскалық аюдың даусымен шығарам дегенді қайдан тапқансың? Тарбағатайдың тағысы көне қояр ма?

— Жезде, америкалық индеец аңшылардың әдісі бұл... Олар бұрын даңғыра соғып шығарыпты. Әдейі алдырттым... Оны қайтесің, одан да үңгірдің аузын күрей түс, кеңірек ашылсын! Күн еңкейіп барады.

Күн түстен ауып кеткен еді. Ызғар күшейе түскен.

— Е-е-еһ, балдыз! Қолың ұзын ғой...Әйтпесе Сібір аюының дауысын Аляскадан іздетпей-ақ, өзім-ақ таптырып берер едім, — деп Керім көкесі тас үңгірдің қардан аршыла түскен аузын кеңіте, тереңдете берді. Қолында — алюминий қаңылтырдан жасалған жалпақ күрек. — Ақысын берсең, боқысын шығарамыз ғой...Әттең!

— Жезде, босқа налый бермеші! Сен ренжитін жөнің жоқ. Жазда ғана сұңқар басын бес жүз доллардан бағалап алмап па едім...

— Олар қалай болды?

— Тю-тю!.. Олар — Сауд Арабиясының «қымбат қонақтары», — деп, Василий Дулат жауабын орап кетті.

Дулат жақтырмай қалды білем, Василийді оқты көзімен ата қарады. Ол жым болды. Енді Керім көкесі де үндемеді, депутат балдызының шамына тиіп алармын десе керек.

— Ділмарсыма! — деді Дулат баяғы бір балуандық мінезіне басып.

Түйе жартастың иығынан көз салып, құлағын тіккен құнан-жігіт Басарыс та Дулат өңінен тіксініп, сөзіне сүйсініп қалды. Төменіректе тұқжыңдаған олар мұны бірақ байқар да, сезінер де емес. Өзді-өзі әуре.

Ойда-жоқта оқыс үн шықты. Ақырған аю дауысы естілді...

Дауыс жаңа ғана тас үңгір желкесінен жылыстай берген Керім көкесінің қойып кеткен магнитофонынан шығып жатыр екен. Магнитофонның құдіретін Басарыс сәби күнінен білетін, Моншақ апасы таспаға жазылған «Бесік жырымен» әлдилеуші еді... Қазір бірақ жанға жұғысты «әлди» үні емес, ашынған айқай дауыс.

Аляскалық аюдың зорапат үні магнитофоннан аса төгіліп, Аршаты шатының ішін де керней жөнелді. Қар көшкінін тудырардай ышқынған дауыс құлақты тұндырды. Басарыстың да бойы шымырлады. Ол құлағын жапты.

Аю үні арқырай азынап, кейде қинала зарлап, кейде шыңғыра шошынып, әйтеуір азан-қазан қыла өкіріп жатты. Бұл сұмдық дауыс апандағы ұйқылы-ояу аюды емес, ақымдағы өлі аруақты да атып тұрғызардай еді... Іле үңгір аузындағы күртік қасатты қопара қоңыр қорбаңбай да көрінді. Ол да өгіздей өкірулі еді.

Құнан-жігіт Басарыс бұл аюды бірден-ақ таныды. Осы Аршаты шатқалына тамыздың ішінде қарақат теруге бірнеше мәрте келгенде, қоңыр түсті ана аюды қос қонжығымен қайта-қайта ұшыратқан. Күйлі қонжықтары дөңнен домалап, ал кірекей анасы күнге қыздырынып, қарақат теріп жеп жүрген. Мұны көре-сала бой да жасырысқан. Басарысқа ойын қуа ойнақ салған сүйкімді мамалақтары қатты ұнап еді... Өзі де бірге ойнағысы келген.

Қоңыр кірекей аласұра шыққанда, анандай жерде қасқайып қарсы тұрған Дулат сасып та қалды, бірақ абдыраған жоқ. Ол өзіне қарай адамша тік түрегеп, айқайлай адымдаған аюды американдық шолақ бесатармен тап кеудеден басып-басып қалды. Бейшара хайуан екі аттамай етпетінен сұлады.

Сөйткенше болмай, арқырап тұрған магнитофон дауысын баса үңгір аузынан тағы бір бай-байлаған кішірек аю көрінді. Бұл — қос қонжықтың бірі болатын. Артынша екіншісі де атып шықты. Олардың мынау ақ кіреуке әлемге көздері қарықты ма, әлде алдарында созыла жатқан аналарынан секем алды ма, болмаса, өре түрегеліп тұрған үшеуден сескенді ме, бөрідей ғана бойларын күжірейте ақырды. Ақырған бойы екеуі де есік пен төрдей тұрған Дулатқа қарай атылды.

Дулат қана емес, депутат «шефіне» сырттай қалқан боп тұрған Василий де енді қарап қалмады. Қос қонжыққа екеуі де қатарлата оқ шығындады. Бойлары арлан бөрідей аюлар «аһ» ұра барып мерт болды.

Тап осы бір мезетті күткендей, бұл зор зобалаңға шыдай алмаған, екі құлағы тас бітіп, тек қос шырағы шырадай жанған, долы ашу кернеген Басарыс ақыра шапқан. Ол түйетайлы биіктегі түйе жартас иінінен қарды омбылай ұмтылды.

Алғаш айқайлаған баяғы қырағы Василий болды.

— Кентавр!.. О-о-о!.. Кентавр!

Құнан-жігіт Басарыс бірақ ештеңе естіген жоқ. Құлағы керең тартып, көзіне қан толып кетіп еді. Ол қасат қарды жебелей жете бере, бүйірлей тұрған Василийге ұмтылды.

Тақыс Василий оқ шығарып үлгерсе де, жылқы бітімді жігіттен тайқып кетіп, алдап соға алмады. Басарыстың алапат күшті қарулы қолына ілікті. Долылық пен әлдеқандай кек қысқан ол, жирен орысты мылтығымен көтеріп алып, аю үңгірінің тас желкесіне томарша соқты.

Ол ет қызуымен жарасын да елемеген. Қайыра бұрылып, Дулатқа қарай жөнеген. Өңі құп-қу Дулат та көздеместен басып қалды. Оқ ұлы кеудеден тиіп, жылқы-жігіт жете алмай жығылды. Бір сәт құнан-жігіт сұлқ қалды.

Магнитофон таспасы да таусылса керек, тыныштала қалыпты. Мылтықтың гүрсілі мен аюдың ақырысынан жарыла жаңғырған Аршаты шатқалы да тыным тапқан. Құлаққа ұрған танадай, тыныштық орнады.

Төменіректегі шана басында түкке түсінбеген екі жігіт те мелшиюлі, Керімғазы да қатып қалған. Кенет аңырай жылаған әйел дауысы естілді. Биік басынан белуардан қар кешіп, ебіл-себіл жылап, етегін қасат астынан қылтиған қараған мен бүрген сыдырған жеңгесі де көрінді. Ол да әп-сәтте жетті.

Моншақ жеткен бойда құнан-ұлының басын құшып жығылды. Ол талып та кетті...

Аңыраған анасын сезінді ме, қимылсыз жатқан жылқы-жігіт тізесін бүгіп, кеседей тұяқтарымен қарды сиыра қимылдады. Ақ қар мен қара тас жаныған тағалары бесін ауған күннің сәулесіне шағылып, жарқ-жұрқ қақты. Сонда ғана есін жиып алған Дулат мылтығын көтеріп, беліндегі оқшантайынан оқ алып, оқтай бастады.

Шаншыған қарақшыдай қаңқиып тұрған Керімғазыға да осы сәт жан бітті. Ол адымдай келіп, Дулат балдызының әмірқан бесатарына жармасты.

— Атпайсың! Бұл — менің бауырым... Ақ... Аққазының ұлы... — деді асыға-аптыға, тілі күрмеле тұтығып.

Дулатта үн жоқ. Тілін жұтып қойғандай жұтына да алмайды.

Дәп осы шақ Басарыс та бас көтерді. Ол талып жатқан анасын ақырын ғана сырып тастап, қан ұйыған түкті кеудесін қос қолдай басып, төрт аяқтай орнынан тұрды. Үрейден үңірейе үңіліп, естері ауып тұрған Дулат пен Керім көкесіне тесіле қарады, бірақ тіл қатқан жоқ. Қара көзіне қан толып кеткен еді.

Мұндай мал текті мақұлықты естімесе, ешқашан да көрмеген төменіректегі екеу жемтік аңдыған қарға-құзғындай жан-жаққа далбақтай қашты. Көкесі мен Дулат қана есік пен төрдей жерде состиып тұр.

Бір сәт жым-жырт тыныштық орнады.

Анасы ажал құшқан деп шешкен құнан-жігіт бойын қалшылдаған қасіретті ыза-кек билей жөнелді.

— А-а-аһ!... — деген ақыра ышқынған дүлей дауыс пен алапат қимыл қат-қабат ұласты.

Қарсы қарап қасқайып тұрған Дулатқа атылған жебедей жарқ етіп келіп-ақ қалғаны. Жануар тәнді, адам ойлы жұмбақ құбылыс қос аяқтай көкке шаншыла қарғыды. Дулат сілейген күйі селт ете алмады.

Осы бір асыл сәтте жанұшыра қимылдаған Керімғазы қолындағы бесатардың шүріппесін қалай ғана басып-басып қалғанын өзі де білмеді. Құнан-жігіт қандасы қарғи шапшып, сом тұяқтары Дулаттың төбесінде найзағайдай ойнап, адам жанды, хайуан тәнді ұлы денесі қиялай құлады. Қар-мұзды қаршылдата оятын, тас-тастақты күтірлете қиятын алмас тұяқтары қиыс кетті. Қарақшыдай қатып қалған Дулат аман қалды.

Бесатардың егіз дар оғы бастан тиген Басарыстың миы шашылып кетті. Ол қайтіп тұяқ серіппеді. Боранбай бидің ұлы Майлы шаты оқыс күн күркірегендей жаңғырып кетті. Қиядан қар көшкіні сусып, тас қиыршығы құлады.

Ал шер толы жүрегі тулаған, қан толы көкірегі қинаған құнан-адам қыл шашақты құйрығы мен шашасын жел көтеріп, қасат қардың үстінде тыныш тапты.

2002 жыл, қаңтар
23.10.2018
Вернуться назад