Есей Жеңісұлы | Ғұмыр

  Есей Жеңісұлы | Ғұмыр


Бір-екі сағат бос уақытым бола қалғасын, ҚазМУ қалашығындағы Көктем өзенінің жағасына келдім. Көктем күні. Айнала тып-тыныш. Қалта телефонымдағы әдемі әуендерді тыңдап, әрі-бері өткен адамдарға қарап, бір рахат күй кешіп отырмын. Шынында да, «жұмыс-жұмыс» деп жүріп, өз атымызды ұмытып қалармыз бір күні...

Әне, өзеннің екі қапталын жағалай қыз бен жігіт жүгіріп барады. Жігіттің қимылы қызық: бір орында орғып тұрған сияқты көрінеді, жұдырықтары да түйілмеген. Қыз шаршайтын емес, жарты сағатта көз алдымнан екі-үш рет өтіп үлгерді.

Түу, мына шыбындар маза бермеді-ау... Ұсақ-ұсақ құмытылар кәстөміме қонып алып, қанаттарын сулай ма-ау, құмырсқалар балағымнан кіріп, аяғымды жыбырлата ма-ау, берекем қаша бастады. Әсіресе, жап-жасыл, кіп-кішкентай, кенеге ұқсас мына бір жәндіктің күштісі-ай! Үп етіп үрлей салғанымды елеген де жоқ. Сәл күшейте үрледім. Көзге көрінер-көрінбес аяқтарымен тұрған жеріне жабыса қалды. Енді бар күшіммен үрледім, мыңқ етер емес. Құдайдың құдіреті-ай, сонша күшті қайдан алып тұр екен?! Қолыммен қағып жібермек болғанымда, жабысып тұрған кене бөлшек-бөлшек болып шашылды да қалды. Орайсыз қимылдағаныма кәдімгідей налыдым. Тіршілік иесі тірі жүре беруі керек еді...

Сөйтсем, ондайлардың мың-миллионы жүр екен, қап-қара кәстөмімде жап-жасыл болып, анық көріне бастады.

Біржанның «Бурылтай» әніне қосылып ыңылдап отырғанымда, дәл аяғымның астынан өзінен кемі үш есе үлкен ара өлігін көтеріп бара жатқан құмырсқаға көзім түсті. Кәдімгі жұмыскер, қыпша бел, бас жағы қара, аяқ жағы қызыл құмырсқа. Сәнмен өрілген қыш тастардың арасынан жол тауып, араның салмағымен бірде оңға, бірде солға ауып, қайтсе де олжасынан айырылмай, қалың шөпке қарай тартып бара жатыр.

— Жазған-ай, қайта-қайта тастардың ортасына түсіп кететінің не, бетіне шығып алсаң, теп-тегіс қой жол деген... — деймін күбірлеп.

Не де болса, өлі ара құмырсқаға үлкен олжа. Өлермендене сүйреп, кейде арқасына тік салып, кейде бұрқ етіп астына құлап, бағытын тура ұстап барады. Маған дейін де аз болмаған, менен кейін де құмырсқа тіршілігін бақылайтындар аз болмас, әуенге тағы елтіп, ойым мүлде басқа кеңістікті шарлап кетті.

...Иә-ә, бәріміздікі де тіршілік үшін жанталас...

Бір қарағанымда, құмырсқа ұзай қоймапты. Олжасын арқалап, өзен жағасындағы темір шарбақтың түбіне таяғанын байқадым. Шаршайтын емес өзі.

Бұл кезде ұзын бойлы бозбала таяп қалған-ды. Алға тура қарап келеді. Адымы кең. Оның басы да түрлі ойларға толы, сірә, түйілген қабағы, салбыраған иығы солай дейді. Тез-ақ өте шықты. Өте шыққаны бар болсын, мен бақылап отырған құмырсқаны басып кетіпті!.. Бозбаланың сыртынан өшіге қарап қалғанымды бір-ақ аңғардым. Құмырсқа олжасымен бірге кірпіш үстінде теп-тегіс болып жатыр... «Бір ғұмыр бітті...» дедім күбірлеп.

«Қозғалар ма екен? Сәл жатып, есін жияр ма екен?» деген бір үміт санамда ойнап тұрып алды. Ол сұлық. Өткен-кеткеннің аяғына тапталып қалады-ау енді... Орнымнан тұрып, олжасымен бірге шетке шығарып тастамаққа таяғанымда, құмырсқаның алдыңғы аяқтары ептеп дірілдеп жатқанын байқадым. Демек, тірі! Бірақ менен қайран жоқ, ешқандай көмек көрсете алмаймын. Одан да аяқ асты болмай, шетте жатқаны жақсы, күш жинап, тіріліп кетер. Араның қанатынан ептеп ұстап, шетке шығарып тастадым.

Әңгімемді осымен-ақ тәмамдай салсам болар еді. Оның үстіне, бос уақытым да бітіп, дәріске жинала бастағанмын. Әуестік жеңіп, соңғы рет қарағанымда... жарадар құмырсқаны да, өлген араны да басқа бір жұмыскер құмырсқа келіп, өңгеріп бара жатыр екен. Міне, қызық! Арқасынан түсіріп алғанына қарамай, дырылдатып сүйреп кетті. Бірақ бір-екі қадам аттамай, ол бір орында митыңдады да қалды. Әрі-бері тартып көрді, бірақ қосар олжа қозғалар емес. Бұл не керемет? Білуімше, құмырсқа өз салмағынан әлденеше есе артық салмақты мыңқ етпей көтеруге тиіс емес пе еді?! Жанына таядым.

О-о, қызықтың көкесі осында болып шықты! Мен өлдіге санаған, кірпігі ғана қимылдап жатқан әуелгі құмырсқа алдыңғы аяқтарымен жерге жабысып алыпты. Айырылар емес. Әл үстіндегі бұған осынша күш қайдан бітті?

Жаңа жұмыскер қайтар емес. Шегініп-шегініп алды да, екі қолын түкіріктегендей бір-біріне ысқылап, тұра ұмтылды. Жарадар құмырсқаны өлі арамен қоса тік көтерді. Сосын сүйреді дейсің! Жарадар жауынгердің белі бүкшиіп кеткен, сірә, сол тұсынан мертіккен. Ал артқы аяқтарымен олжасын бүріп алған. Өлсе айырылмайтын ыңғайы бар. Иә, өлген ара өте құнды һәм бағалы олжа болуға керек!

Бірақ саудың аты сау, кейінгі құмырсқа екеуін де сүйреген күйі қалың шөп арасына еніп кетті.

Илеуіне барғанда, жарадар құмырсқаның жайы не болар екен? Ол олжаның өзіне тән екенін қалай дәлелдемек? Өйткені, өзі де өңгеріліп келді ғой. Белден кеткен оған көмек көрсете ме ұяластары?

Өмір қызық, ә... Кейде қарапайым жайдан-ақ көкейіңе осындай сұрақтарды көлденеңдетеді. Ойға шомып, дәріске беттедім.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі