DataLife Engine / Жүсіпбек Аймауытов (Комплекс жүйе ме, әдіс пе?)

Жүсіпбек Аймауытов (Комплекс жүйе ме, әдіс пе?)

Орыс білімпаздарының кейбірі комплекс – «әдіс», кейбірі – «жүйе» деп жүр (әдіс – метод, жүйе – система).

«Әдіс» деп алу керек деушілердің дәлелі, комплекспен оқытқанда, құбылыстар бір-біріне байланысқан, пайда болған, дамыған, еңбек шаруаға негізделген түрінде түйдек зерттеледі. Ғылымда мәселені бұлайша зерттеуді «диалектілік әдіс» деп атайды. Бұл Гегельдік, Маркстің қолданған әдісі. Сондықтан «комплекс әдісі» деп атау керек дейді.

«Жүйені» жақтаушылардың дәлелі: төңкерістен бұрын мектепте әр пән бөлек-бөлек оқылатын (ол әлі де қалған жоқ). Пәндерді біріне-бірін араластырмау, бөлек оқыту тәртібін «пән жүйесі» деп атайтын. Комплекспен оқытқанда, бөлек-бөлек оқылатын пәндер (жағрафия, жаратылыс, тарих, ана тілі, есеп, физика) болмайды, бәрі бірігіп, түйдектеліп отырады. Ендеше, комплекс «пән жүйесі» деген ұғымға төтеп бергендей, соның орнына жүргендей ағым екен. Сондықтан «пән жүйесі» деген сөзге қарсы қоюға, «комплекс жүйесі» деп атау керек дейді.

Оған қосымша, «әдіс» дегенге қарсы тағы бір айтатыны: «әдіс» деген сөз көп жерде қолданылады, «әдістің» мәнісі уақ, тар, ана тілінің әдісі, есеп әдісі, еңбек әдісі, тәжірибе әдісі, серуен әдісі, зерттеу әдісі... деген сияқты толып жатқан әдістер бар. Комплекстің мәнісі бұл әдістің бәрінен кең, бәрінен терең. Әлгі айтылған «әдістер» комплекстің баласы тәрізді. Комплексті «әдіс» десек, балаларының атын әкесіне қойған сияқты боламыз. «Жүйе» деген кең мәнді сөз. Сондықтан да, жүйе деу керек деседі.

Әр сөздің дәл мәнісін қазақ тексеріп, салт қылмаған, пән атауларының маңызын есептей білмеген шала-шарпы сауатты. Адамға мұндай бір сөзге бола таласу – әурешілік, даукестік сияқты көрінеді. Ғылым жолына түскен елге бұл — әурешілік емес, бір сөздің мәнісінен (тәпсірінен) көп нәрсе шешіледі. Ескі молдалар «Құран», «Мұқтасар» сөздерінің тәпсіріне таласып, қастасып, кейде пышақтасып қала жаздағанын еске алу керек. Молдалардың бұл дүниеге керексіз әурешілік болса да, араб сөзінің мәнісі қиындығы, арабтың мәдениетті жұрт болғандығы кітабынан байқалады.

Бізге қайсысын алу керек: «әдісін бе», «жүйесін бе?». Еріншегіміз ұстап, енжарлансақ, «а, қойшы соңы» дейміз де, әдісін де, жүйесін де тастап, «комплекс», «комплекспен оқыту» деп жүре береміз. Ерінбесек, соңғы білімпаздардың ауқымын еске алсақ, «комплекс жүйесі» деп аламыз.
29.03.2016
Вернуться назад