DataLife Engine / Отанға деген сүйіспеншілік пен мемлекеттік рәміздерге деген құрметпен қарау сезімдерін қалыптастыру

Отанға деген сүйіспеншілік пен мемлекеттік рәміздерге деген құрметпен қарау сезімдерін қалыптастыру

2007 жылы 4 маусымда Астана қаласында Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 15 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» атты республикалық жастар форумында Президент Н.Ә.Назарбаев сөйлеген сөзінде: «Мемлекеттік рәміздер-еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Бұл рәміздер біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі.

Мемлекеттік рәміздер - халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Желбіреген аспан түстес байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатып, қыран бүркіттей елімізді аспан әлемінде қалықтатып тұр» -деп атап көрсетті.

1992 жылы 4-ші маусымда тұңғыш рет тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл жылдар ішінде біздің көк байрағымыз Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінің алдында дүние жүзіндегі басқа мемлекеттер туларының арасында желбіреп тұрды. Атлантта өткен олимпиадалық ойындарда жеңіске жеткен қазақстандық спортшылар құрметіне шырқалған әнұран есімізде. Ұлттық валютамыз-теңгенің банкнотында тұңғыш елтаңбамыз көрініс тапты. Тұңғыш қазақстандық ғарышкерлермен бірге ғарышта болған мемлекеттік рәміздер еліміздің тарихының бір беттері.

Мемлекеттік рәміздер:

- Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігіміздің нышандарының бірі;

- Ежелден еркіндік,бостандық және егемендік аңсаған ата-бабаларымыздың биік мұраты;

- Қазақстанның дүние жүзіндегі жетістігі мен беделінің артуы;

- Еліміздің жастарын өз еліне деген терең сүйіспеншілік пен шынайы патриотизмге тәрбиелеу құралы;

- Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет өз еліне, жеріне, тіліне деген мақтаныш, оның рәміздеріне деген құрмет-деген ұғым қалыптастыру;

Болашақ ұрпақты жалпы адамзат құндылықтарын қастерлеу мен қатар өз еліне, ұлтына, тіліне, салт-дәстүріне деген отаншылдық сезімін тәрбиелеудің маңызы зор. Қазақстан Республикасының конституциялық заңының Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы бапта:

«Азаматтыққа және отансүйгіштікке, өз Отаны - Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарын құрметтеуді қалыптастыру, сондай-ақ олардың мәні мен маңызын түсіндіру мақсатында оларды оқыту жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру ұйымдарының негізгі жалпы білім беру бағдарламаларына енгізіледі»-деп атап көрсетілген.

Мектепте мемлекеттік рәміздерді оқып-үйрену бастауыш білім беру сатысында «Дүниетану», «Ана тілі» пәндерін оқыту барысында басталады. Бастауыш мектепте оқушылар еліміздің мемлекеттік рәміздері туралы алғашқы түсініктер алып, өз елінің туы, елтаңбасы мен әнұранына деген құрмет сезімдерінің қалыптасуына негіз жасалды. Ал жоғары сыныптарда осы бастауыш мектепте алған мемлекеттік рәміздер туралы білімдері одан әрі толықтырылып, оны құрмет тұту сезімдері тереңдей түсуге мүмкіншілік мол.

«Ана тілі» мен «Дүниетану» пәндерінің «Тәуелсіз Қазақстан», «Туған ел. Отан» сабақтарында және сабақтан тыс тәрбиелік-танымдық жұмыстарды жүргізгенде оқушыларға арнап мемлекеттік рәміздерге қатысты бейнефильмдерді және арнайы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» электронды оқулықтан үзінді пайдаланған тиімді. Бейнекөріністен рәміздерді қабылдау тарихынан елімізді әлемге танытқан Олимпиада чемпиондары Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов, Ольга Шишигинаның жеңіс тұғырына көтерілген сәттегі еліміздің желбіреген туы, көк байрақты ғарышқа алып шыққан ғарышкер Талғат Мұсабаев, Тәуке ханның тұсындағы таңбалар мен Абылай ханның мөріне дейінгі кезең бейне фильм арқылы көрсетіліп, өткен мен бүгінге шолу жасау, оқушылардың рухын, салт-санасын, болашаққа үмітін, өз еліне деген мақтаныш сезімін тәрбиелеуге көмектеседі. Мұндай тәлімдік-тәрбиелік мәні бар әсерлі бейне көріністер шәкірттерге ерекше әсер етіп, мемлекеттік рәміздерді танып білуге септігін тигізеді. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы-ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы-1:2» деп жазылған.

Біздің мемлекеттік туымыздың түсі аспан текті зеңгір көк. Бұл түс-адалдықтың, тазалықтың, ынтымақ пен бірліктің көрінісі, ашық көк аспанның нышаны. Күн бейнесі өмірдің, береке-байлықтың белгісі, кеңістік пен уақытты білдіретін, бағдар ұғымы да, шеңбер өмір, тіршіліктің нышаны. Есік қорғанынан табылған сақ патшасының бас киімінің алдында күн белгісі күллі әлемнің тұтас бейнесі. Қыран бүркіт- күш-қуаттың, қырағылықтың, биіктің, көрегендіктің көрінісі. Күлтегін ескерткішінде қанатын керіп қойып самғап ұшқан қыран бүркіт - биліктің нышаны ретінде көрініс тапқан. Ұлттық өрнек «қошқар мүйіз» жолақ-қазақ халқының қолданбалы өнерінің жарқын бейнесі, ұлттық ерекшеліктің айқын белгісі, бүгінгі күні сәулет өнер туындыларында ерекше көрініс тапқан. Біздің еліміздің мемлекеттік елтаңбасындағы шаңырақ бейнесі - қазақ халқы және республиканың басқа халықтарының ортақ Отанының көрінісі. Татулық пен береке-бірлік еліміздің әр азаматының іс-қимылына, оның әрі гүлденуі үшін адал қызмет жасауына байланысты. Қазақстан Республикасы мемлекеттік Туының авторы-суретші Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы- дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғары күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде - бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төмендегі бөлігінде- «Қазақстан» деген жазуы бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу-алтын түстес».

Тәуелсіз Қазақстанның елтаңбасының авторлары архитекторлар Ж. Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Киіз үй ата- бабаларымыздың басты баспанасы. Киіз үй тек қазақ халқының ғана емес, түркілердің және көптеген көрші елдердің киелі тұрақ- мекені болғаны мәлім. Қазақтың киіз үйі - оның қастерлеп ұстаған, киелі тұтқан тұрағы, мекені, баспанасы, мақтанышы болған. Мемлекеттік Елтаңбадағы ақ мүйізді, алтын қанатта қос пырақ-жылқы бейнесі батылдықтың, күш-жігердің, көркемділіктің, адалдықтың нышаны болып табылады. Қазақ ұғымында жылқы адамның өмірлік серігі, азығы, сұлулықтың, тектіліктің, еркіндіктің, жылдамдықтың күш-қуаттың нышаны. Мүйіз-айбындылықтың, күштіліктің, беделдіктің белгісі. Қазақстан ұғымында «мүйіз» күш-қуат, ерлік, батырлық, айбаттылықты да білдіреді. Еліміздің мемлекеттік Елтаңбасындағы бес бұрышты жұлдыз-мемлекетіміздің бес құрлыққа да ашықтығын, еркін еліміздің ертеңінің биік нысанасы.

Мемлекеттік Елтаңбамыздағы «Қазақстан» ел аты ретінде этно – мәдени рәміз болып саналады. XV ғасырдың екінші жартысында қазақ халқы құрылған соң, «қазақ» атауы этникалық маңызға ие болады.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні - осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда орындалатын музыкалық поэтикалық туынды». Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны-мемлекеттің тәуелсіздігі мен егемендігін паш ететін қайрат пен салтанаттылық сипаттағы әуен мен сөзден құралған музыкалық шығарма.

1944 жылы Қазақ КСР-нің мемлекеттік әнұраны пайда болды. Оның сөзін: Ғ.Мүсірепов, Х.Мұхамеджанов, Ә.Тәжібаев, ал әнін Е.Брусиловский, М.Төлебаев, Л.Хамиди жазды. Оның мазмұнында жеңістің рухы, халықтар достығы,фашизімге қарсы күрес, еңбек бастамасы көрініс тапты.

1992 жылы 16 желтоқсанда Мемлекеттік Әнұран қабылданды. Әнұранның сөзін (мәтінін) М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ж.Дәрібаева шығарды. Музыкасын сазгерлер М.Төлебаев, Е.Брусиловский, Л.Хамиди жазған. Осы мәтінмен жазылған әнұран егемендіктің алғашқы 10 жылдан астам уақыт аралығында елімізді еңселі етуде елеулі үлес қосты.

2006 жылы 7 қаңтардағы конституциялық заңға сәйкес ҚР-ның Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы мен мәтіні жаңа редакцияда жазылды. Мемлекеттік гимінің музыкалық редакциясы әннің авторы: Шәмші Қалдаяқов. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимінің (мәтінін) сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл әнұранның сөзі республикамыздың барлық халықтарының жүрегіне жақын, жұрттың бәрінің көңілінен шыққан, терең отаншылдық сезімдегі ән.

Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу-елді, халықты, әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді қастерлеу болып табылады.

ҚР-ның жас ақыны

Гүлсана Тилеубекова Анарбекқызы
07.11.2018
Вернуться назад