DataLife Engine / Бөкейхан | Тәуелсіздік жаршысы ұлт көсемі

Бөкейхан | Тәуелсіздік жаршысы ұлт көсемі


Ә. Бөкейхан – Тәуелсіздік жаршысы, ұлт көсемі

Нурмагамбетова Салтанат Куандыковна

Ақтөбе қаласының

№ 51 гимназияның тарих пәні мұғалімі



Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың шығармашылық ғұмыры XIX ғасырдың 90 –шы жылдарының орта тұсынан басталып, шамамен ол репрессияға ұшыраған 1937 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Әрине, 20-30 жылдар Бөкейхановқа творчестволық еңбекпен айналысу үшін қолайлы кезең болды деп айту қиын, дегенмен бұл жылдары да ол өмірінің мазмұнына айналған үйреншікті ғылыми және әдеби тақырыптардан қол үзген емес. Ә.Бөкейханов 1913 жылдың ақпанынан бастап Орынбордан шыға бастаған «Қазақтың» негізін қалап, бағыт-бағдарын анықтаушылардың бірі болып қана қойған жоқ, сондай-ақ газеттің ыстығына күйіп, суығына тоңған ең белсенді және өндірімді авторлардың қатарында болды. Ал, «Қазақ» болса 1913-1918 жылдар аралығында ең алдымен белгілі үштік, яғни А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов және М.Дулатовтардың табан ет, маңдай тер еңбегінің арқасында жалпыұлттық басылым деңгейіне көтерілуімен бірге, ұлт-азаттық қозғалыстың баспа үніне де айналған еді. Тура осы мезгілде ол қазақ қоғамында отарлық және феодалдық езгіге қарсы күрес идеологиясының қалыптасуына қызмет етті.

1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында өткен екінші жалпы қазақ сьезі Алаш автономиясы деп аталатын Ұлттық мемлекет құрылғандығын мәлімдеп, оның үкіметін сайлады. Әлемнің алтыншы бөлігін алып жатқан Ресей империясы көлемінде бұл аса зор оқиға болмағанмен, отарлық езгідегі қазақ қоғамы үшін оның тарихи маңызы ерекше еді. Өйткені мұның бәрі қазақ елінің XVIII ғасырдан бергі өз бостандығы мен теңдігі жолында орыс империясына қарсы жүргізген азапты күресінің қорытындысы болатын.

Тарих сахнасына Алашорда – Халық Кеңесі үкіметін алып келген жалпы ұлттық күрестің басында ұлттық интеллигенция тұрды. Олардың ортақ түсінігі бойынша отарлық езгі мен феодалдық мешеулік жағдайында аяқ асты болған ұлттық мүддені қорғап, қазақ елін басқа өркениетті елдер қатарына алып шыға алатын жалқы жол – ұлттық мемлекеттік құрылымның болуы еді. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының басшылары осындай батыл қорытындыға келе отырып, қателесті ме?

Жетпіс жылдан астам уақыт жүріп өткен тарихи жолымыз көрсетіп бергендей, қазақ қоғам қайраткерлері тәуелсіз дербес мемлекет құру жолын таңдай отырып, қателескен жоқ еді. Ұлттық қанау мен ұлттық теңсіздік болған, жерде езілген елдердің табиғи талаптары мен мүддесін қорғайтын саяси институттарға сұраныс та қалыптаспақ. Ал, осы негізде пайда болған мемлекеттің саналы түрде жалпы ұлттық-мұраттарға қол жеткізуді көздейтін шараларды іске асыруы да табиғи нәрсе. Өздерінің саяси еркіндігін алған елдердің бәрінде де осылай болған. /1/ Осы тұрғыдан алғанда, әрине, Алашорданың өмірге келуі тарихи қажеттіліктен туған болатын.

Бірақ қазақ ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің бұл әрекеті ескі Ресейдің тұтастығын көксейтін ақ казактар мен патша генералдарына да, жаңа тоталитарлық жүйені орнатушы большевиктерге де ұнай қоймады. Егер алғашқылары Алаш қайраткерлеріне Ұлы Ресейсіз өз бетінше өмір сүре алмайтын бұратана халықтың ат төбеліндей сепаратистік пиғылдағы өкілдеріндей қарап, аяқтарынан шалса, соңғылары саяси сауатсыз, аңқау елді арзан ұрандармен артына ертіп, ал оның көзі ашық көш бастаушыларын «Буржуазиялық ұлтшылдар» деп жариялап, алдымен халықты оларға қарсы қойып, артынан бұларды асып- атып, рухани азапқа салып жойып тынды.

Ұлттық саясатта түптеп келгенде ұлыдержавалық, империялық мақсатты көздеген бұл екі саяси жүйе де ұлттық мемлекеттік идеясынан қорықты. Сондықтан да, ұлттық шет аймақтарда бұл ойға қозғау салушылардың есімін атауға да тыйым салынды. Міне біз соңғы уақытқа дейін қазақ ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің өмір жолымен, олардың артында қалдырған творчестволық мұраларымен таныса алмай келдік. Халқымыздың өз еркіндігі үшін күрес жолында мәңгі өлмейтін терең із қалдырған сондай қайраткерлердің бірі- Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов./2/

Әлихан Нұрмұхамедұлы 1866 жылы бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының жетінші ауылында өмірге келген. Қазіргі әкімшілік-аймақтық бөлініс бойынша бұл елді мекен Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданы, «Қаратал» совхозына қарайды. Әлиханның әкесі – Нұрмұхамед, анасы – Бегімханым оқу – білімге жақын, парасатты адамдар болған. Әлиханның үлкен атасы – Бөкей, ол атақты көкжал Барақ сұлтанның ұлы. 1861 жылы бес мейрам – арғын Уәли билігін мойындамай, Орта жүзде екінші хандық құрады. Хан етіп сексеннен асқан қарт Бөкейді сайлайды. Бөкейдің тоғыз ұлының бірі – Батыр сұлтан. Батырдың ұлдары Мырзатай мен Рүстем. Мырзатайдан Нұрмұхамед туады. Бөкейден соң Қарқаралы дуанының билігі немересі Жамантайға ауысқан. Жамантай мен Рүстем, Мырзатайлардың арасында әскер және ел билеу ісіне байланысты басараздық болып, соның нәтижесінде Рүстем мен Мырзатай Қаратау жаққа ығысқан. Бірақ олар көп ұзамай қайта оралып, Кенесары қозғалысына ат салысады.

Әлихан Бөкейхановтың қайраткер ретінде қалыптасуының екі рухани негіздері бөліп айту артық емес. Біріншіден, Әлихан еркіндік пен тереңдікті жоғары бағалаған ортада өсті. Оның қоғамдық көзқарасының қалыптасуына халықтың бай ауыз әдебиетінің, ұлы Абайдың және басқа ақын-жыраулардың терең ойлы шығармаларының ықпалы болғандығы сөзсіз. Оның 1907 жылы тұңғыш рет орыс оқырмандарын Абайдың творчествосымен таныстыруды көздеген материал жариялап, ал 1909 жылы ұлы ойшылдың шығармаларының Петерборда жарық көруіне мұрындық болып, өмірінің соңына дейін Қобыланды, Ерсайын, Қозы-Көрпеш - Баян сұлу және басқа көптеген ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, зерттеп және насихаттап өтуін, әрине кездейсоқ жағдай деп айту қиын. /3/

Болашақ қайраткердің өмір жолының қалыптасуына отарлық езгіге қарсы Кенесары бастаған жалпыұлттық көтеріліс (1837-1847) туралы ел арасындағы әңгіме, аңыздардың айтарлықтай ерекше әсері болғандығын аңғару қиын емес.

Мұны біз Ә.Бөкейхановтың 1923 жылы Ташкентте жарық көрген кітапшасына алғы сөз орнына жазып, әкесіне арнаған екі шумақ өлеңінен де байқаймыз:



За годом год хромали годы,

Прошло их много с той поры,

Как, вольный сын степной свободы,

Казнен батыр Кенесары



Но дух его бунтарской воли,

Его борьбы кровавый след,

Был маяком киргизской голи

До дней свободы, дней побед.



Екіншіден, 20 ғасырдың басында озық ойлы Европа мәдениеті мен дәстүрінің ықпалынсыз Ә. Бөкейханов сияқты ірі қайраткердің қалыптасуы, әрине мүмкін еместін. Оның өмір жолын айқындауда, әсіресе Ұлы Француз революциясының және орыс азаттық қозғалысы мен гуманистік әдебиетінің орны ерекше болды./4/ 1917 жылдың жазында Уақытша өкіметтің комиссары қызметінде жүріп жазған мақаласында ол: «Бостандық, теңдік, туысқандық 18-ші ғасырдан бері жарыққа шыққан таза пікір. Мұны майданға салған Франция жұртының саяси ерлері. Осы үш түрдің бәрі біздің тарихтан, інжілден, будда оқуынан, Лев Николаевич Толстой философиясынан табылады, көзі ашық талапты ер іздесе. Бұл үш ұраннан бөлек адам баласының бақыт, махаббатына жол жоқ. Бұл жолдан шыға жайылған хайуандыққа қайтқан болады» - деп жазды.

19 ғасырдың соңында Ресей империясында саясаттан тыс қалған түпкірді табу қиын болар еді. Ә. Бөкейханов сол өткен ғасырдың 80-ші жылдары империяның шығыстағы ірі саяси орталықтарының бірі Омбы қаласында техникалық училищеде оқыды. /5/ Бірақ оның шын мәніндегі үлкен саясаттың не екендігін түсінген кезі, әрине, С. –Петербургте орман-техникалық институтында оқып жүрген жылдарына тұс келеді. Мұнда ол студенттік қызу айтыстарға қатынасып, 20 ғ. Босағасынан аттағалы тұрған Ресейдің қандай жолмен дамуы тиімді болатындығы туралы қайшылықты пікірлер қақтығысына куә болды, өз ойын да шыңдай түсті. Ә.Бөкейхановтың бұл жылдардағы рухани ізденістерінен хабардар автор: «... В бытность студентом лесного института примыкал к крайней левой. Во время разгара споров о марксизме очень энергично отстаивал тезисы экономического материализма», - деп жазды./6/

Ә. Бөкейханов институтты бітірген бетте ішкі Ресейден қоныс аударушылар жағдайын зерттеу үшін ұйымдастырылған Половцев экспедициясына қатынасу үшін 1895 жылдың жазында Омбыға келіп, экспедия жұмысына лұқсат берілмеген соң сонда қалып қояды. Омбыдағы орман шаруашылығы училищесіне математика пәнінен оқытушы болып орналасқан ол, тура осы мезгілде социалистік бағыттағы «Степной Край» газетінің қызметіне белсенді түрде араласа бастайды.

«Степной край» газетін бұл кезде шығарушы қызметкерлер негізінен түрлі бағыт ұстанған социалистер болды. Ол басқа Сібір газеттерінен де сонысымен ерекшеленді. Ә.Бөкейханов Севастбянов, Соколов сияқты халықшылдармен, Беляков сияқты марксистпен бірге газеттің редакция алқасы құрамына енді. Оның осы кезеңдегі көзқарасынан жақсы хабардар ескі досы, проф. С. П. Швецовбылай жазды: «Никакой «радикальной интеллигенций», как представителя особого направления, в составе «Степного Края», какдумает т. Виноградов, не было. А. Н. Букейхан, которого он относит именно сюда, представлял собою марксисткое направление в газете и был, несомненно, наиболее ярким выразителем. Я бы сказал даже – единственно ярким. Не случайно было то обстоятельство, что Якубович – Мельшин и Гоц – Рафаилов, желая вплотную примкнуть к «Степному Краю», нашли нужным предварительно вступить в переговоры и соглашения не с кем другим, а именно с ним. Со своими единомышленниками – народниками им не нужно было никаких предварительных переговоров, так как и без переговоров все было ясно. Иное дело – представители другого, чуждого им течения социалистической мысли – марксизма: здесь нужна былаясность и полнаядоговоренность в отношениях»./8/

1896 жылы үкімет орындарының шешімімен Ақмола, Семей және Торғай облыстарындағы жер жағдайын зерттеп, қазақ даласына орыс шаруаларының пәрменді түрде қоныс аударуына қажет ғылыми негіз жасап беруге тиіс болған Ф.А. Щербина бастаған экспедиция ұйымдастырылды. Ә Бөкейханов экспедиция жұмысына қатысуға мүдделілік танытқандардың бірі болды. Оның ойы бойынша бұл жұмыс сол тарихи кезеңде қазақ жұрты үшін ең зәру мәселеге айналған – жер қатынастарын тереңірек түсініп, белгілі бір тұжырымдарға келуге жағдай жасауға тиіс еді. Экспедиция алдына мынадай міндеттер қойылды: 1. Көшпелі шаруашылықтың жер пайдалану әдіс-тәсілдерінің заңдылықтарына көз жеткізу; 2. Қазақтарды ауылдық қауымға бөліп, оларды шаруашылық жүйе бойынша жіктеу; 3 Сол жеке шаруашылықтарға қажет төрт түлік малдың көлемін есептеп шығару; 4. Әр түліктің керекті жайылым мөлшерін яки жер нормасын анықтау; 5. Этикалық жағынан жағрапиялық ерекшелігі мен тарихи даму тұрғысынан зерттеу.

Жұмыс мерзімі 1896 және 1903 жылдар аралығын қамтыған Щербина экспедициясы шын мәнінде қыруар шаруа бітіріп, аталған облыстарда он екі уезден жиналған материалдардың негізінде 13 томнан тұрған ғылыми зерттеу еңбегін бастрып шығарды. Экспедиция жұмысына қатынасу барысында Ә.Бөкейханов қазақ даласына байланысты Ресей империясының көздеген мақсатын бұрын өзі байқай бермеген жаңа қырынан көрді және орталық биліктің таяу жылдары ірі шараларды іске асыруға даярлық жасап жатқанын байқады.

20 ғасырдың басы, анығырақ айтқанда 1905-1910 жылдар Ресейдің переселен саясатында, сол арқылы Оралдың шығыс бөлігін отарлау саясатында жаңа кезең болды. Оған мыналай фактілер арқылы көз жеткізу қиын емес. Егер 1864-1885 жылдар аралығында Оралдың шығыс жақ бетіне қоныс аударушылардың саны 300 00 адам болса, бұл сан 1885-1910 жылдары – 2,5 миллионға өсті.

Қоныс аударушылардың үлкен бөлігі қазақ жерлеріне ұмтылды. Егер 1896-1905 жылдары Қазақстанның Ақмола , Торғай, Орал және Семей облыстарына 294296 адам келіп қоныстанған болса, 1906-1910 жылдары 770 000 адам көшіп келіп орын тепті.

Қалай болғанда да Ә. Бөкейхановтың көзқарасының Щербина экспедициясына қатысқанын кейінгі кезеңде үлкен өзгерістерге ұшырағандығы анық. Дегенмен, Бөкейханов сияқты қазақ оқығандарының саяси көзқарасының мүлдем жаңа сапаға көтерілуіне тұңғыш орыс революциясы ерекше ықпал етті. Патшалық отарлау аппараты өзіне қызметке даярлаған түрлі мамандық иелері арасынан шыққан қазақ зиялылары елде жаңа сипат, жаңа өрлеу ала бастаған ұлттық қозғалысқа саналылық, ұйымдасқан сипат беру жолдарын қарастырды. Осы бағытта газет шығару, күреске шақыратын кітаптар бастырып тарату, көкейкесті қоғамдық-саяси талаптар қойған петициялар ұйымдастыру сияқты бұрын қазақ тарихында болмаған саяси күрес құралдарын игере бастады. Сан жағынан аз, әлеуметтік-саяси күресте жинаған тәжірибесі мардымсыз ұлттық интеллигенция үшін бұл жеңіл-желпі емес істерді көтеріп алып кету оңайға түспегендігі анық.

Ол Ресей жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің делегаты, Ресейдің I Мемлекеттік думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, IV Мемлекеттік Думаның мұсылмандар фракциясының Бюро мүшесі болды.Алаш Орда төрағасы Ә. Бөкейхановтың Жаза кесімі./7/

Ол Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күтеді. Бірақ ол үміті ақталмайды. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады. Оның үстіне олармен жер мәселесі жөнінде де ымыраға келе алмайды да, ол бұл партиядан шығып, қазақтан сайланған тоғыз өкілді бастап барып, Томск қаласында Сібір автономистерінің құрылтайына қатысады. Осында болашақ Сібір республикасының құрамында Қазақ автономиясы құрылмақ болады.

Құрылтайдан оралысымен Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі. Артынша, 1917 ж. желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Алаш автономиясы жарияланып, Ә. Бөкейханов сол алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы (президенті) болып сайланады. Ә. Бөкейхановтың қуғын-сүргін кезеңінен 2 жыл алдындағы мен ату жазасының күніндегісі./4/

1919 ж. большевиктер өкіметінің бұрынғы алашордашыларға жасаған кешірімнен кейін Ә. Бөкейханов қалған өмірін ғылыми зерттеушілікке арнады.

Иә, Әлихан Бөкейхановтың кейінгі ұрпаққа өмірі үлгі болып мәңгілікке қалады.

Әлихан Бөкейханов - Хакім Абай айтқандай «Құйрықты жұлдыз секілді, туды да көп тұрмады» деген сөзбен айтсақ, бір мезетте жарқ етіп жанып,сәулесі әлі күнге дейін жарқырап тұрған жарық сәуле.





Пайдаланылған әдебиеттер.

М.К. Қозыбаев Тарих зердесі, Алматы,2001.

М.Қ.Қойгелдиев Қазақ элитасы. Алматы, 2005.

Т.Омарбеков 20 ғ. Қазақстан тарихы. Алматы, 2001.

М.Қойгелдиев Әлихан Бөкейханов. Алматы, Қазақстан 1994 ж.

Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. Алматы, 1995ж.

Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Алғы сөз. 1 том. А., 2004;

Дулатов М. «Тарихи жыл» мақаласы. 8 қаңтар, 1917 жыл.

Тынышбаев М. Ұлы мәртебелі мырзаға. Дәуірдің жарық жұлдызы. «Ұлы тұлғалар» ғылыми-биографиялық серия. А., 2002.

07.11.2018
Вернуться назад