DataLife Engine / Ғабиден Қожахмет | Компьютерге басылмаған жоба

Ғабиден Қожахмет | Компьютерге басылмаған жоба

Облыстық ғылыми жоба жарысынан жүлделі орын алған оқушының ғылыми жоба жұмысы Астана қаласындағы іріктеу кезеңіне жолданатындығы, сол жұмыстың компьютерде терілуі керектігі жайлы хабар келгенде, бұлар компьютердің жоқтығына байланысты дағдарып қалды. Себебі ауылда компьютер жоқ еді. Ауданның орталығынан да компьютер таба қою қиын болатын. Енді компьютер іздеп облыс орталығына баруы керек еді.

Ғылыми жоба облыстық жарысқа компьютерге басылмаған күйі қатысқан болатын. Жарыстың аты облыстық ғылыми жобалар жарысы деп аталғанымен, жарыс ол кезде облыс орталығындағы қала мектептерінің арасында өтетін. Себебі бұл кезде облыстың басқа аудандары ғылыми жоба жұмысына әлі атсалыса қоймаған еді. Тек бұлардың ауданы ғана екінші жыл атсалысып отыр. Ал ол кезде облыста ғылыми жобамен ең мықты айналысып отырған мектеп сол кездегі облыстық гимназия еді.

Енді сол облыстан жүлде алған жұмыстарды Астана қаласындағы республикалық "Дарын" ғылыми-практикалық орталығының мамандары іріктеуден өткізеді екен. Астанадағы мамандар тарапынан мақұлданса, республикалық ғылыми жоба жарысына қорғауға жібереді, ал мақұлданбаса...

Облысқа келген соң білім департаментіне соқты. Департамент маманы бұған: "Облыстан әр пәннен жүлдеге іліккен барлық ғылыми жоба жұмыстарын Астана қаласына таңертең пойызбен алып жүремін", - деді. Сонан соң үйінің, пәтерінің нөмірін қағазға жазып беріп: "Түн деме. Мезгілсіз уақыт деме. Жұмыс қай кезде компьютерге теріліп бітеді, үйіме әкеліп бере бер", - деген еді.

Жұмыс қас қарайғанда барып компьютерге теріліп бітті. Бұл кезде қала жарқыратып шамдарын жаққан болатын. Департамент қызметкерінің үйіне жұмысты әкеп тапсырды.

Осы жұмыс әр пәннен аудандық ғылыми жобалар жарысы өтіп жатқан сәтте сейфте жатқан еді. Енді ол облыстан өтіп, Астана қаласына бара жатыр. Сонан соң да осы "Халық ақыны Байназар Өтепов шығармашылығындағы ел тағдыры және ақын өлеңдерінің көркемдік мәні" атты ғылыми жоба жұмысының Астанадағы іріктеу кезеңінен де өткендігі, республикалық ғылыми жобалар жарысына қорғауға жіберілгендігі, республикалық ғылыми жобалар жарысының қай күні, қай қалада өтетіндігі, шәкірттің сонда жұмысын келіп қорғауы керектігі жайындағы хабар келді. Бұл Астанадағы "Дарын" ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырып отырған Республикалық III Ұлттық ғылыми жоба жарысы болатын.

Енді Ақанжан ағайға барып қайтқысы келді. Бұл тақырыппен жұмыс істеген адам Ақанжан ағайға осы жұмысты қолға алған сәтте-ақ барып қайтса, құба-құп болатын. Өйткені осы тақырып жайлы бірден-бір бірдеңе айта алатын адамның бірі Ақанжан ағай еді. Бірақ бұлар қолда бар деректермен ғана жұмыс істеді. Ол деректердің негізгі көзі бұрынғы жергілікті газет парақтарында жарияланған ақынның өлеңдері еді. Бұларда кеңес беретін адам немесе ғылыми атағы бар жетекшісі жоқ болды.

Енді қорғауға жіберілген жобаға алып-қосарлары жоқ еді. Бірақ Ақанжан ағайдың батасын алып, алдынан өту - маңызды.

Ақанжан ағай облыс орталығында тұратын. Өзі ол кісіні бұрын көрген емес.

Бұл келгенде Ақанжан ағай аздап сырқаттаныңқырап отыр екен. Қыс айы еді. "Не жаздыңдар? Оқышы", - деді Ақанжан ағай. Бұл оқи бастағаннан, Ақанжан ағай серпілді де қалды: "Өй, дұрыс қой жобасы! Осылай болу керек қой!"

Ақанжан ағай мұны сонан соң дастарқан басына ертіп келді. Өзінің кішкене ғана магнитофоны бар екен. Соны қосты. "Байназар ақынның сөзі. Тыңда", - деді. Республикаға белгілі термеші әйел орындайды екен. Магнитофон сөйледі:

Лайқат туымды ердің тұлғасына,
Көк тиын ойламаса бір басына.
Жүрегі адал ердің ел деп соғар,
Сатпайды ар-намысын пайдасына.
Біреулер сырттан өсек сөз сөйлейді,
Кемітіп ердің пәсін болмашыға.
Айыбы арқалаған қап болса да,
Біреудің күлер көріп дорбасына.
Айтатын мұндайларға сөзім мынау,
Түзетсін өзін қарап айнасына.
Пенденің ойлағаны бола берсе,
Шыққысы кімнің келмес шың басына.
Дегені адамзаттың бола бермес,
Кей кезде келмейді ісі ыңғасына...

Байназар ақын осыдан кейін жергілікті өңірде өткен белгілі адамдардың ісі мен олардың да пенде екенін айта келіп:

Осылар заманында кем тумаған,
Жарайтын адамдар еді қолбасыға.
Кететін бір қалыпта пенде болмайды,
Бақ, шіркін, тұрағы жоқ, аумасуда.
Нетеміз пенделікпен босқа налып,
Тағдырға жазылған іс болмасын ба?
Ау, Шора, қағаз бенен қаламды бер,
Шектінің Байназардай жорғасына, - дейді.

Республикалық ғылыми жобалар жарысынан келе жатып, Ақанжан ағайға тағы да соқты. Ақанжан ағай шәкірттің II орын алып келе жатқанын естігенде қатты қуанып отырды.

Ауыл мектебі жаңа ғасырдың алғашқы жылын осылай өзінің 54 жылдық тарихында тұңғыш рет республикалық білім бәйгесіне шәкіртін апарудан бастаған еді. Содан бері де онда заман талабына орай, талай-талай ілкімді жұмыстар атқарылып келеді.

Сол оқиғадан бір жыл өткен соң ауыл мектебіне су жаңа компьютерлер келді. Оны облыс орталығынан арнайы мамандар келіп, қосып, мектептің компьютер маманына табыстап кетті. Енді оқушылар жарықтың шектеліп берілуіне байланысты ымырт үйіріле ғана келіп, компьютер сабақтарын оқитын.
07.11.2018
Вернуться назад