DataLife Engine / Түркі жастарының алып қара шаңырағы немесе бағызы өркениеттің кіндік жұртындағы таңғажайып

Түркі жастарының алып қара шаңырағы немесе бағызы өркениеттің кіндік жұртындағы таңғажайып


Азия кіндігінде алаулап тағы бір таң атты. Сол таң нұрымен бірге ұлы ел оянды. Бөркін аспанға атып алпыс екі тамыры бусанып, шер мен налаға толы көкірегі қуаныштан бүр жарып, ақ түиенің қарыны жарылған, дүлдүл тұяқтың дүбіріне от беріп, көбеңсіп жеткен тәуелсіздік атты алтын бақ қазақтың басына қонды. Оң иығына күн сүйген қыранын көтеріп, сол иығына құл сүйген құранын ұстап бодандықтың уысынан шығандап барып еркіндікке қол жеткізді. Тілі, діні, ділі азат ел болды. Сүйтіп Қазақстан аты күллі әлемге жорғадай тайпала жөнелді. Желтоқсан желімен жарысып...

Маңдайына жаңадан қонған бұл тәуелсіздік бақыты аспаннан тегін май шелпек секілді жауа салмады. Жанға-жан, қанға-қан берген, елі үшін, жері үшін еркек тоқты құрбандық деп басын бәйгеге тіккен рухы өр алдаспан жарқылындай асылдардың қызыл қанымен келді. Алғашқы оттың тұтануы «1986 жылы желтоқсан оқиғасы» болып жүрегінде оты бар, ұлтын езіле, емірене сүйген қазақ жастары бүкіл комунизм дүниесіне қарсы наразылығын көрсетіп, дұшпанына жасын ойнатып, азуын айға біледі. Арыстандай айбар шегіп, барыстай атылды. Бірлігін көрсетті. Қасының десін басып көңіліне күдік орнатып жүрегіне қорқыныш атты ұя салды. Алқағаны ел, қарғағаны жер боларын ұғындырды. Шешінген судан тайынбай Қайрат Рысқұлбеков бастап ерліктің құрбаны болды. Соңғы демі таусылғанша шындық жырын шырқады. Көп ұзамай ақиқаттың ақ таңы туып соңы егемендікке ұласты. Елі тау мінезді ұлдары мен намысы алдаспан жүзіндей қыздарының ерлігін адақтап еске алып ұлықтады. Тәуелсіздіктен кейін боздақтарды еске алу күнін әр жыл сайын салтанатты әрі айбынды күллі қазақ жерінде тойлау дәстүрге айналды. Тәуелсіздік таңында туылған жас ұрпақтар ерліктеріне сүйіне қарап, таңдана жырлайтын, еске алып бой түзеп рухын оятып үлгі тұтар аңыздар тіліндей желтоқсан құрбандарының мәңгілік асқақ рухы қалды.

Сонымен күмбірлеп жеткен тәуелсіздік бар қазақтың рухын оятты. Сонау бағызы замандардан бері төрткүл дүниені ат тұяғымен таптап жауының сағын сындырып, басына дүр қамшы ойнатқан, қағанағы қарық, сағанағы сарық болып, төрт құбыласы түгелденіп, кеудесін бастырмай, еңсесін тіктеп ел іргесін жауына түргізбеген, тұлымды ұлын құл етпей, бұрымды қызын күң етпей келген ұлы хандықтың шаңырақ көтерген ұланғайыр даласы болатынды. Бабалардың қанымен қызғыштай қорыған ұлы даласы басынан қайғы мен қасірет айықпай қара бұлт торлаған жауынгер қазақтың соңғы үмітіндей, бірнеше ғасыр жат елдің бодандық уысында тұншығып, ақырында кіл жүйріктей кісінеп, бұғаулық құрсауынан босап қыл мойындағы құрығы шешіліп, апайтөс даласын қайтарып алып жас отаудың уығын қадап жатқан беті осы еді.

Бағдарын-бағытын бекемдеп жаңа көшбасшы сайлап, әлемде өз орынын алуға ұмтылған тәуелсіз Қазақ елі күрес жолын бастап кеткен болатын. 1991 жылғы 1 желтоқсанда алғашқы бүкілхалықтық сайлауда барша халықтың толық қолдауына ие болған Нұрсұлтан Назарбаев ел тізгінін тұңғыш болып қолға алды. 1991 жылы 16 желтоқсанда ел егемендігі жария етіліп ертесі атар тағы бір таң үшін қызыметтер басталып кетті. Жаңа дәуір басталып ұлағатты ұлтын өркендеу мен дамуға бастаған ұлт көсемі ерінбей еңбек етті. Табан ет маңдай терін төкті. Ең дамыған әлем елдер қатарына кіру мақсатында жұмыстар жасалды. Ел экономикасы өсті. Тың жобалар, тарихи оқиғалар дүниге келді. Қазақ тарихы шыт жаңа алтын әріптермен ойылып жазылып жатты. Азаттық таңы тұмса өркениеттің ірге тастарын қалап жатты. Бағыз топырақта егемен елдің ерен еңбектері дүние есігін ашып жатты. Сан мыңдаған немесе милион еңбектер жүріп жатты. Мыңы емес сол батпан бақтың бірі туралы ой толғап көрейікші.

Аңызға толы ерліктерімен тамсандырған, төрткіл дүниені ат тұяғымен таптап еңкуде-еңку жер шалған өзінің борықты жұрты үшін басын бәйгеге тіккен, бауыр басқан ұйық жұрты үшін күресе жүріп не бір толағай заманның, кер заманның дәмін татқан, айдарынан жел есіп, десінен дұшпан қаймыққан, жауынгер халық біздің бабаларымыз ер түріктер-тұғын. Ер түріктің көне қонысында елдікке жетіп бүгінде түркі тілдес халықтар көшінің басында тұрған Қазақ халқы еді.

Безбендей бақ болып қонған ұланғайыр өлкені ен жайлап отырған Қазақтар жүрегіндегі бағызы Түркістан, ер түріктің көне қонысы, ең құйқалы һәм киелі мекені болатынды.

Бүгінде күллі түркі тілдес халықтардың басын қосуды мақсұт етіп, үлкен оқу ордасының ірге тасын қалап көсегесін көгертіп түркі жастарының басын қосып бір төбеге жинаудың мәні де терең мағыналы еді. Сондай-ақ Түркістан шаһарында түркі жұртының келешегі, нұрлы болашағы, шат-шадыман ертеңі, үмітке толы күрес жолдары, шым-шытырман сүрлеулері, сан тараулы соқпақтары бүр жарып жатқанды. Алшындап бой көтеріп келе жатқан. Замананың заманынан, ертеңінің ертеңінен тон пішіп ойлы пішінмен толғап көрсек. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік универиситеті тәуелсіз қазақ елінің көшбасшысы жасаған таңғажайыптардың бірі әрі түркілік бірігудің бірегей жобасы болатын.

Алғашында өркениеттің бағызы кіндік жұртында қайта өркендеп қанат қағуды мақсат етті. Апай төс бабалардың аяқ ізі қалған ұлы өлкеде рухани өсуді арман етті. Сөйтіп 1991 жылдың 6 маусымында «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Түркістан Мемлекеттік Университеті» болып қаланды. 1992 жылы 31 қазанда Түркия және Қазақстан Республикаларының үкіметтері арасында қол қойылған келісім негізінде «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ–Түрік Университеті» деген атаумен екі елге ортақ халықаралық мемлекетаралық университетіне айналды. 1993 жылы 30 маусымда Алматыда қол қойылған Ынтымақтастық келісім мен қосымша жарғыға сәйкес университеттің басқару қызметі Үкіметаралық Өкілетті Кеңестің құзыретіне беріліп, 1994-1995 оқу жылынан бастап жаңа атаумен студенттер қабылдана бастады. «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университеті» жоғары білім беру саласында үкіметаралық және трансшекаралық, ынтымақтастықтың туын желбіретіп, құрылуы туралы келісімге және халықаралық заң шеңберінде өз жұмысын жалғастырып келе жатқан дербес жоғары оқу орны болып табылады. 2008 жылғы Өкілетті Кеңес құрамындағы өзгерістерден кейін, 2009 жылы 22 қазанда ҚР Үкіметі мен ТР Үкіметі арасында екіжақты қол қойылып, екі елдің Парламентінде бекітілген соң, 28 наурыз 2012 жылы күшіне енген «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қызметінің шарттары туралы» келісім негізінде университеттің дербес әрі халықаралық мәртебесі екі ел үкіметінде бекітілді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Жарғысы қос ел Үкіметімен 1993 жылдың 30 маусымында бекітілді және 2012 жылы қайтадан жаңартылып бекітілді. 2010 жылы Болон Декларациясының негізі болып табылатын университеттердің Ұлы Хартиясының мүшесі болды. 2012 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметтері арасындағы «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қызмет шарттары» туралы келісімі бекітілді. 2014 жылы Мемлекеттік аккредациядан 30 мамандық толығымен Қазақстанда танылатын Білім беру сапасын қамтамасыз етудегі Қазақстандық тәуелсіз агенттігінің аккредациясынан өтті. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Қазақстан мен Түркия Республикаларының халықаралық дәрежеге ие ортақ мемлекеттік университет. Университет халықаралық мемлекетаралық трансшекаралық жоғары білім беру жүйесіндегі ынтымақтастықтың көрінісі болып табылады. Қазіргі таңда әлемде мемлекетаралық дәрежеге ие университеттер саны санаулы ғана. Трансшекаралық жоғары білім беру жүйесі, негізінен жекеменшік жоғары оқу орындары тарапынан жүргізілетін ұлттық заңнамалары аясында білім беретін болса, ал, мемлекеттердің екі жақты өзара келісімдері бойынша ашылған «мемлекетаралық университеттер» халықаралық құқық пен арнайы келісім шеңберінде қызмет атқаратын дербес мекеме болып табылады. Университет халықаралық келісімге сәйкес Түркия және Қазақстан Үкіметтері тарапынан жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер арасынан тағайындалған 10 (он) мүшеден құрылған Өкілетті Кеңес тарапынан басқарылады. Кеңес мүшелерінің 1 (біреуі) Түркия Республикасының Президенті тарапынан Өкілетті Кеңес Төрағасы болып, ал 1 (біреуі) Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан Өкілетті Кеңес төрағасының орынбасары болып тағайындалады.

Бүгінде күллі дүниеде шашырап жүрген жүз жетпіс милионға жуық түркі тілдес халықтар жастарының басын қосып ілім-білімге тәрбиелеп келе жатқан алып қара шаңырақ болған ғылым-білім ордасы ширек ғасырдан бері сандаған түлектер ұшып үлгерді. Ел өркениетінің оқу-ағарту саласында өз сеңгірін жасап келеді. Оқу ордасы құрылғаннан бері басшылық қызмет атқарып бірінен кейін бірі еңбек етіп әр-алуан жұмыстар атқарып тындырды. Үлестерін қосты. Ой-жемістерінің еңбегі сіңді. Өз биіктерін жасап кетті. Білім сапасы жоғары оқу орыны алты құрлықты тамсандыра өркен жайды.(1991 – 2001) Жұрынов Мұрат;(2001 – 2003 ) Сәбден Оразалы; (2003 – 2007 )Пірәлиев Серік Жайлауұлы; (2008 – 2013 Тәшімов Лесбек Тәшімұлы; 2013 жылдың мамыр айынан бастап – Әбдібеков Уәлихан Сейділдәұлы қатарлы серкелер көшбастап қызмет етіп келеді. Бүгінде өзіндік сара жолы бар. Талпынысы бөлек. Құс қанатындай тұлғалы қызымет етуде. Оқу орданың бүгінін бөлекше етіп гүлденіп-көркейуге бастап жатқан Әбдібеков Уәлихан мырзаның: «Түркі халықтары жастарының бір шаңырақ астында толық қанды білім алуларына жан-жақты жағдайлар жасалынған. Қазіргі ззаманның технрлогиясымен жабыдықталған оқу орынында білім алу-көп мүмкіндіктерге қол жеткізуге жол ашады» деген ой жемісі оқу ордасының кемел келешегі һам нұрлы ертеңі туралы ақиқат болмақ.

Әрине, көне ескілік топырағында орын тепкен егей білім ордасы туралы мадақ та, мақтауда артық етпейді. Бағызы өркениеттің кіндік жұртында бой көтерген бұл таңғажайыпты тәуелсіздіктің еғңбегінен бөле қарауға болмас. Тәуелсіздік силаған жеңістің тұщымды жемісі. Қысқасы тәуесіздіктің мәні зор. Әр қазаққа берер бағыты сенім. Бас иіп, бір ұранға тоқтал, тізе қос. Бірлік мәңгілік елге апарар ұлы жол сол бағытта күрестер жүрілсін. Күллі дүниені таңқалдырып көк туыңды биік көтеріп жүретін кез келді. Қадірін білер сәт осы. Тәуелсіздік жасай берсін. Рухы биік қасаң тағалы пырақ ел...



Пайдаланған әдебиеттер:

ХҚТУ-нің ресми сайты (http://iktu.kz/)

ХҚТУ-нің электронды кітапханасы (http://lib.iktu.kz/)

ХҚТУ – әлеуметтік желілерде: (http://iktu.kz/index.php/talapkerge/140-talapkerge/953-leumettik-zheliler)

«Қас-Сақ» командасы: Үмітбек Бағдатұлы
06.11.2018
Вернуться назад