DataLife Engine / Жастар арасындағы Абай оқуларының маңызы неде

Жастар арасындағы Абай оқуларының маңызы неде

PS: Бүгінде интернет желісін ашып қалсаңыз болғаны, неше түрлі жаңалықтарға тап боласыз. Дүбірлі дүниенің дүркіреген даусы алдыңызда айдан анық шыға келеді. Приоритетті, толғандыратын, талқыға көп салынатын жастар мәселесі өріп жүр. Небір сұмдық, суық хабарлар жағаңды ұстатады. Мысалы, жастардың мейірімсіздігі, зұлымдық әрекеттері, суицид, т.б.

Жақында ғана Астана қаласында бірге тұрған дос құрбысын өлтіріп, денесін 26 жерден пышақтап, кілемге орап, кіреберіске шығарып тастаған жағдай Қазақстанның БАҚ беттерін «Азапты өлім» айдарымен шулатты. Күн сайын елімізде осы тақылеттес қатыгездікпен жасалып жатқан түрлі жағдайлар орын алуда.

Енді интернеттің жаңа бетін ашып, іздеу жолағына «Человек из очереди» деп теріңіз. Кореялықтардың түсірген бұл ролик-видеосы әлеуметтік парақшаларда ең көп дауыс жинаған туынды. Әлеуметтік желі тұтынушылары осы видеомен бөлісу арқылы барша әлемді мейірімді болуға, қайырымды істер жасауға, адамдардың бір-біріне адамгершілік, ізгілік, мейірбандылық, бауырмалдылық, жақсылық танытуға шақырады.

М.Ф. Достоевский «Красота спасет мир» деген екен өз кезінде. Біз білетін сұлулық тән сұлулығы емес, жүректегі жан сұлулығы болғанда ғана, әлемде тыныштық, бейбітшілік, ізгілік нұры сәуле шашып, мейірімділік гармониясы билік құрмақ.

Бүгін де ізігілік нұрымен сусындауыма көп септігін тигізген - Абайдың сөздері. Мейлі, мен бай болмадым, халқымды дәулетке кеңелтпедім, мейлі мен халқымның сауатын ашатын оқымысты ғалым болмадым, бірақ мен жүрегінде ізгілік нұры бар адам болайын, иманды болайын, сонда халқыма жаманым тимес. Осындай рух маған Абайды оқу арқылы берілді. Мені Абай сөздері одан әрі демеді, қажырландырды, қайраттандырды. Өмірдегі мақсат-мүддемді айқындай түсті. Өзгелер байқамаған, айтпаған адам мен қоғам арасындағы нәзік қатынастарды ұғына бастадым. Біреуге айтқан мақтаным болмасын, Абайды оқып, осал болмадым. Тығырыққа тірелсем, қандай да бір шешімін таппай айналып келгенімде Абайым еске түседі. Халқым өлең сұраса, Абайымды айтатын болдым, Абайдан келер ісіме бастау болар, тірек болар нақыл таптым. Сол себепті бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеуде Абайды көп насихат ету керек. Ал оны жүзеге асыру жалаң шұбыртпалы уағызбен емес, көрер көзге көрікті, көкейге қонымды, мағыналы һәм түсінікті жеткізу шарт.

Баланы – жастан. «Жастық шақта алынған білім – тасқа ойылған нақыш» дейді пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.). Сол себепті қазір жас өскелең буынға Абайды дәріптеу аса қажет. Бұл тек Абай өлеңдерін жатқа оқытып, бір жылда бір республикалық деңгейде Абай оқуларын өткізу емес, біз Абайды жас жеткіншектердің өміріне енгізуіміз керек. Абайдың тағылымы «жақсылық көрсең ғибратлі» - дей сезініп,һәм асықтырып өзіне баурап,еліктіріп, ойлы жасты тәрбиелерлік мәні зор болары хақ. Қазіргі «Disney», «Bacugan», «Ну,погоди!», «Tom and Jerry» секілді шетелдік мултьфильмнің қызығына әуестенбей, өзіміздің ұлттық менталитетімізді көрсететін тәрбиелік маңызы бар балаларға көркем суретті фильмдерді неге түсірмейді мемлекет деп налисың. Сұраныс не ұсыныс жоқ па ұлт қамын ойлайтын азаматтардан? Менің осы күнге дейін балаларға тәрбие берерлік қазақ мультфильмдерінен тек Асан мен Үсеннің көркем фильмдерін, сосын Әмен Қайдар атамыздың шығарған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» секілдді бірнеше туындыдарын ғана білем. Оның өзіне де талайдың жүзі болды.

Қарап отырсам шетелдің мультфильмдерін көрген қазақ баласында сол кейіпкер ерлігіне еліктеу, одан бос қиялдау туындайды. Мысалы,«Bakugan» мультфильм топтамасын тапжылмай көрген 7-8 жасар есті баланың санасында оның геройы сияқты жерден аспанға ұшып, аспанда түсініксіз қалықтап жүріп компьютердің кнопкасымен басқарылатын жекпе-жек, атыс-тартысты көрген бала енді соны ерлік көріп, күні бойы жолдастарымен «батырлық» танытып әлек болады да жатады. Әрине, бұдан ол жеңіске жету үшін өзіндік күш-қайратын,талпынысын оятатын шығар. Бірақ, ол бала сол өмірдегі «жеңісінің» мәнін түсіне алмай кетеді ғой. Ал оны тікелей ұғындыратын ұлы дана ұлағаты – Абай сөздері. Біздің қазақ халқы ата-бабаларымыздан салмақты сөз айтып, салихалы ой айта білді, одан тараған ұрпақ текті болса, неге ата сөзін түсінбеске? Екінің бірі, егіздің сыңары айтатын «Абайдың тілі қиын, философиясы терең, сөзі ауыр» дегеннен жауыр боп биттім. Сөз жоқ, Абай астарлап пайымдаған, олай демесе, ол қандай ақын, қандай ойшыл, қандай кемеңгер? Оның тілі қиын болатыны, басқа тілге аударылуынан деп білем, бірақ өз қазағым өз тілін ауыр десе, оны басқа ешкім қажет етпейді. Осылай тілі қиын екен деп жүре берсек, ұрпақ ұлттығын жоғалтады. Сол себепті менің жасағым келетін ұсынысым – Абай сөздерін жас жеткіншектердің келешегіне қажеттілігін көрсету, дұрыс нақылды керек жеріне жарату. Ол үшін Абайдың ғақлиялық қара сөздеріне сүйене отырып, балаларға арналған көпсериалы қысқа уақытты, бірақ өнегелі, түсінікті етіп мультфильм түсіру. Мұның өзіндік «плюстары» бар. Біріншіден, бұл – қазақ отбасындағы ата-әженің тәрбиесінен кем емес, екіншіден, ол көркем суретті болғандықтан, жеткіншектерді өзінің бейнелігімен, кейіпкерімен тартатын болады, үшіншіден, «шетелдікімен» еміздіктеніп жалаң жасанды рух алғанша, өз елінің «Абай былай дегенді» айта алатын бір-бір ұланы боп жүрсе, қандай тамаша! Бұның ең бір тағылым аларлық пайдасы – ұлы дананың, ұлы кемеңгердің сөзін естіп жетілген ұрпақ саналы, өз келешегіне, Отанына, тіліне, дініне бей-жай қарамайтын азамат болары сөзсіз, себебі өнегесі жақсы елдің өскелең ұрпағы жерде қалмайды!

Біздер, жастар қоғамның белсенді интеллигентіміз, сондықтан өзімізден кейінгі іні-сіңлілеріміздің санасына дұрыс бағыт беруіміз керек. Аға буын өкілі жеткізе алмай жатқан тың жолды, тың идеяны біз айтып жарыққа шығаруымыз керек. Құрметті ағайын! Сіздерден өтіне сұраймын, менің осы ұсынысыма ашық ойларыңызды жазып, қолдау көрсетіңіздер. Жұмыла істеген жүк жеңіл емес пе, бәріміз осы істің бастамасын қолға алып, оның кеңшілігі болмаса кемшілігі болмайтынын жоғарыдағы ел ағаларына жеткізейікші. Кішкентай қазақ балаларына ұлы дана сөзі арқылы үлгі-өнеге көрсетіп, адамгершілік жолына үгіттейік! Себебі, олар ел келешегінің тұтқасы. Кезінде Құнанбай он жастағы Абайды ел ісіне алдыртуы тегін емес. Қалай десек те бүгін Елбасы болғанымен, ел тізгіні ертеңгі күні жастардың қолында! Күнделікті болып жатқан оқиғаларға зер салып қарасақ, алдыңғы буын кейінгі буынға мін артады. Үлкендердің кішілерге айтатыны: Жастар Абайды оқымайды дейді. Иә, оқитындар қатары сиреп бара жатыр. Себебі, бүгінгі таңда ақпарат қоры мол. Жастарды қызықтыратын да дүние көп. Бұл жерде осындай жағдай орын алған екен, аға буын Абайды оқытуды күштеп емес, заман талабына сай үйрету керек. Ол дегеніміз Абайды өзгерту емес, (себебі Абай айтқан «толық адамның» адмгершілік қағидасы өзгермек емес), Абай сөзі арқылы оқырман ойын өзгерту. Абайдың 45-қара сөзін нысанаға алып, әр сөзіне өмірден мысал ретінде оқиға көрсетіп көп сериялы балаларға арналған заманауи көрнекті фильм түсіруіміз керек. Көк экран арқылы жететіндіктен қазіргі жеткіншектер тез қабылдайды деп білем. Әрі бұл данышпан сөзін білмейді деген мінге қарсы тойтарыс болар еді.

Жайнагүл Тамбайқызы
Рентабельный орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Чапаевка ауылы
05.11.2018
Вернуться назад