DataLife Engine / Латын әліпбиіне көшу

Латын әліпбиіне көшу


Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуы.

«Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білу керектігі одан да артық»

Ахмет Байтұрсұнов

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді.Бүгінгі күнгі бұқаралық ақпарат құралдары мен зиялы қауым өкілдері арасында кеңінен талқыланып жатқан мәселелердің бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру үрдісі. Себебі жазу – белгілі бір әріптердің жиынтығы ғана емес, ұлттың өзіндік болмысын танытатын таңбалар жүйесі, сол ұлттың тарихы, мәдениетінің таңбаланған жәдігері. Әр халықтың рухани, мәдени өсуін, ғылымы мен білімінің, барлық саладағы даму деңгейін көрсететін маңызы зор әлеуметтік-мәдени құбылыс. Жазу арқылы өткен мен бүгінгі және болашақ өміріміз жалғастық табады. Ол – ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін алтын көпір. Ал, жазудың өзгертілуі сол халықтың қоғамдық өмірінің барлық саласына, рухани әлемі мен мәдени деңгейіне, тіпті, әлеуметтік психологиясына әсер етеді.

Бүгінгі таңда қоғамда әліпбиді ауыстыруға байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер латын әліпбиінің оңтайлы тұстарын алға тартса, енді басқалары бұл істе асығыстық жасамайық деп сақтандырады.

Мұндай пікірлердің орын алуы өте заңды. Соның арқасында көпшілік осы бір күрделі мәселеге орай өзінің көзқарасын қалыптастырады.

Бұқаралық ақпарат деректеріне сүйенсек, бүгінде әлемнің 70% елдері латын жазуы арқылы білімді игеріп, ғылыми зерттеулермен танысуда . Бұл дегеніміз – білім, ғылым, саясат пен техника, мәдениет пен өнер, спорт т.б. қатысты жазбаша ақпараттың барлығы дерлік латын графикасымен беріледі, қоғамдық өмірдегі жаңалықтардың басым бөлігі осы графиканың негізінде таралады дегенді білідерді. Демек, латын әліпбиінің біздің отанымыздың әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу талабының орындалуы жолында маңызды роль атқаратыны сөзсіз.

Түркітектес халықтар тілінде латын әліпбиі 1926 жылдан бастап қолданылады. Латын әліпбиін алғаш қолданысқа енгізгендердің бірі – Түркия мемлекеті. Біздің елде ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақ зиялылары латын әліпбиіне көшу мәселесін көтерді. Қазақ тілінің табиғатына сай әліпби үлгісін жасап, қолданысқа енгізген болатын.

Бұл – ХХ ғасырдың басындағы қоғамдағы коммуникациялық үрдістерді зерделеуден туған ой болатын. Қазір адамзат баласы ХХІ ғасырға аяқ басып отыр. Жазудың маңызы бұрынғыдан бірнеше есе өскен заман. Сондықтан, әлемдегі елдердің басым бөлігі, соның ішінде туыстас түркі халықтары қолданатын латын әліпбиіне көшу – жаһандану дәуіріндегі рухани жаңғырудың алғашқы да маңызды сатысы болмақ...

Алдымен бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындауымыз керек. Бәріміздің электрондық поштамыз бар. Ол поштамыз кирил, араб, немесе басқа емес, латынмен жазылған. Астымыздағы көлігіміздің нөміріндегі әріптер латынмен берілген. Куәлігіміз бен паспортымызда латын әліпбиі тұр.

Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Яғни латын әліпбиі бізге таңсық емес.

Ол біздің қоғамға еніп кеткен. Оны еліміздегі кез келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Ал латынның бізге берері дегенде толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз төмендегідей: Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол да табиғи іс екендігін айтқым келеді.

Латын әліпбиіне көшудің айтарлықтай кедергілер жоқ. Негізінен, осы мәселеге байланысты халықтың көзқарасы, ниеті бір болса, қиындықтарды жеңіл шешуге болады. Жастар жағы, орта буын өкілдері компьютерді толық меңгергендіктен латынды дереу үйреніп алады деп санаймын. Ал аға буынға сәл күрделі болуы мүмкін. Осы жағдайда психологиялық фактор дегенді де ескеруіміз керек. Үкіметтің қаражаты белгіленіп, нақты бағдарламасы бекітілген соң, Қазақстан халқы латынды көп қиындықсыз меңгеріп кететіндігіне сенім білдірем

05.11.2018
Вернуться назад