DataLife Engine / Сүлеймен Баязитов | Павлодарлық орыс қаламгерлері

Сүлеймен Баязитов | Павлодарлық орыс қаламгерлері

Сөз басы:

Жұдырықтай жүрегіңді мың сан арман аялаған қайран жастық шақ... Мені де айналып өтпегенің анық еді. Бірде түкті кілемнің түгін түсірген Қажымұқан тектес палуан болсам, бірде Бауыржан тектес қаһарлы қаһарман әскербасы болсам деп армандаумен күндер өтіп жатты. Бірақ балалармен белдесе жүріп өзімнің тіптен әлжуаз екеніме, біреу қатты ақырып қалса қалтырап, дірілдеп жүрегімді тоқтата алмай қалатын қорқақ екенімді аңғардым.

Сондай күндердің бірінде журналист жазушы болсам деген сәулелі ой санамды шарпып өткендей еді. Соған табан тіредім. Ол үшін оқу керек екендігі талас тудырмайтын. Аздап өлең жаза бастадым. Сол сәттен бастап тек әдеби көркем шығармаларға зер салумен шектелмей, «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» журналдарын қызыға, құмарта оқыдым.

Тек орыс тіліндегі газет- журналдарға көпке дейін тісім батпай, жігерім құм болды. Әскер қатарында қызмет еткен үш жылда бос уақытымның көбін «Ленин бөлмесінде», полк кітапханасында орыс тіліндегі газет-журналдарды оқуым, түсінбеген жерімді кітапханашылардан сұрап алуым, ақыр соңында, өзінің жемісін берді.

Мен енді оқығанымды толық түсінетін халге жеттім. Әскерден қайтып келген соң алғаш рет Простор журналын жаздыртып алып оқи бастадым. Сол тұста «Просторда» Республикада тұратын орыс тілді ақын- жазушылардың шығармаларымен қатар, қазақ ақын - жазушыларының шығармалары орыс тіліне аударылып басылатын. Ал номер сайын шетел жазушыларының әңгімелері, фантастикалық повестері, романдарына көлемді орын берілетін.

Сөйтіп, журнал оқырмандарын әлемдік әдебиеттің озық үлгілерін таныстыру арқылы талғамдарын тәрбиелеп, таным көкжиегін кеңейте түсетін. Арагідік болсын сол журналда Павлодарлық ақын - жазушылар Виктор Гаврилович Семерьянов, Сергей Павлович Шевченко, Воронов Николай Николаевичтердің, өлеңдері мен прозалық шығармалары басылатын. Сан алуан тақырыпты қамтыған аталған авторлардың шығармаларының көркемдік дәрежесі әр қилы болатын.

Әрине, «жүйрікте де жүйрік бар әліне қарай жүгірер» демекші бұл түсінікті еді. Тек социалистік реализм салқынына шалдыққан сол шығармаларға ортақ бір кемшілік – совет адамы, марксизм, Ленинизм идеясы, коммунистік ар-ождан, советтік патротизм толып жатқан саяси тіркестер автордың ойын тұсап, шығарма ажарының бәсеңдеуіне әкеп соғатын.

Бұл тек сол авторларға ғана тән еді деуге келмес. Қазақстанды былай қойып, одақ әдебиетіне тән сипат еді. Жоғарыда аталған авторларға ақын Ольга Никалаевна. мен жазушы Юрий Дмитриевич келіп қосылды.

«Простор» журналымен қатар 1991 жылдан Ақмола қаласында «Нива» журналы жарық көрді. Енді біздің аймақтың ақын-жазушылары осы журналда басыла бастады. Олардың Қазақстан жазушыларын былай қойып, әлем жазушыларымен қатар басылуы өз басымды асқан ризашылық сезіміне бөлейтін.

Біз де сол тұста ептеп «Сарыарқа» журналынан бой көрсете бастадық. Сондай күндердің бірінде «Сарыарқа» журналының бас редакторы Нұрғожа Оразов аға маған:

— Сен «Нива» журналының бас редакторы Гундарев Владимир Романовичке кіріп шық, таныс,— деді.

— Аға, мен орысша...

— Бар, сені күтіп отыр.

Қабылдау бөлмесіне енген тұста:

— Кім соңы?- дей бергенімде хатшы қыз:

— Фамилияңыз кім?-деп сұрады. Іле орнынан көтеріліп:

— Ол сізді күтіп отыр,- деп кабинетке бастады. Менің қобалжыңқырап тұрғанымды байқаған болар.

— Көршімізге келіп-кетіп жүргенде бізге бас сұқпауың қалай?— деп әзілдеді.

— Мен орысша... -дей беріп едім .

— Оның шешімін табуға болады.

— Аударма...

— Аудармашы жоқ. Сіз Асқар Лекеровті білесіз ғой. Сізге одан артық қандай аудармашы керек?— деп жымия күлді.

— Білсем не дейсіз?

— Ал ол жапон ақындарының үлгісі мен үш тармақтан тұратын өлең жазады. Орыс тіліндегі оның өлеңдерін біз осында бір келгенде Олжас Сүлейменовке көрсеттік. Өлеңнің жапон поэзиясының үлгісімен жазылғанын біз сол кісіден естідік. Сіз Асқарға шығармаңызды аудартып, бізге салып жіберіңіз.

Осы бір қас қағым сәттік кездесу мені шығармашыл орыс интеллегенциясымен бұрынғыдан да жақындастыра түскенін сезген жоқ едім. Ал «Нива» журналы біздің орыс жазушыларының шығармаларын онан әрі үзбей басып жатты. Бірде кезек Асқар екеумізге де келіп жеткен еді. Кімді де, нені де болсын орнына қоятын уақыт төреші кімнің кім екенін, кімнің неге тұратынын айқындап берген еді. Біз аттарын атаған орыс ақын-жазушылардың арасынан әр жылдары Виктор Гаврилович Семерьянов.

Поминов Юрий Дмитриевич, 2017 жылы Григорьева Ольга Никалевна Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі атанды. Бірте-бірте олар қазақстандық орыс қаламгерлері арасында өздерінің өрнекті қолтаңбаларымен танылды. Олардың ізін ала шыққан Елена Игнатовская әріптестерінің табыстарына елеулі үлес қосты.



Журналист

1977 жылы Облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің ауыл шаруашылығы бөліміне Каз МУ-дың журналистік факультетін жаңа ғана бітірген жас журналист тілші болып орналасты. Бұл Юрий Дмитриевич еді.

Өндірістік тәжірибеге келіп-кетіп жүргенде өзін болашақ әріптестеріне жазу-сызу өнеріне қаламы төселген ізденімпаз жас ретінде танытқан оны мұндағылар жылы қабылдады. Дегенмен оқырмандарға онымен жақынырақ танысу артық болмас. Ол біздің облысқа қарасты Железинка ауданының Михайловский совхозында жұмысшы отбасында өмірге келген.

Аталған ауданының «Ленинская знамя» газетінде өзінің еңбек жолын бастаған, ауыл шаруашылығымен жақсы таныс болатын. Тіпті студент кезінде Михайловский совхозының тың игеру жылдарындағы тарихи туралы материал жинап, «Тың осылай басталды» атты көлемді очерк жазып оны газеттің үш номеріне бастыртқанын айта кетсек артық болмас. Бір сөзбен, ол өзі туып - өскен өңірдің тарихын, адамдарын жақсы білді.

Олар жайлы жазып, өзгелермен ой бөлісуге құмар еді. Ал бұл оны бара-бара өзімен қанаттас, қатарлас өмір сүріп жатқан ондаған адамдардың өміріне тағдырына сергек қарауға, ал қажетті кезінде бірдің емес, көпшіліктің пайдасына шешім қабылдауға үйретті. Жастыққа тән жігер-құлшыныс тал бойында жетіп айрылатын.

Тың тақырыптарға қалам тартып, ой толғауы. Тек журналистикамен шектелмей әдеби жанрларға да еркін баруы оны бірден-ақ өзге әріптестерінен ерекшелегені талассыз. Сонымен қатар осы бір талантты жігіт кейбір жастарға тән ұшқалақтық, қызбалық ,өзім білем деушілік, асығыс шешім қабылдау сияқты түптің түбінде жарға жығатын әдеттерден ада еді.

Сондықтан да болар арада он жыл өткенде ол 1988 жылы өзі қызмет істейтін облыстық партия газетінің редакторы болып тағайындалды. Ал бұл Горбачевтің совет елінің екі тізгін бір шылбырына қолы жетіп, тоқырау кезеңі аяқталды, қайта құру басталды деп жұртты аузына қаратып тұрған шағы.

1986-1987 жылдар Горбачев және оның жақтастары өз жұмыстарын бұқараның инициативасын арттыруға жариялылықты және қоғам өмірін демократияландыруға бағытталды.

Әдетте жариялылық большевиктер партиясының дәстүрінде сөз бостандығы ретінде емес «сындарлы» (адал) сын және өзара сын ретінде қабылданатын. Алайда қайта құру жылдарында жариялылық.

Идеясы прогрессивті журналистердің және реформаның радикалды жақтаушыларының ықпалы мен сөз бостандығы ретінде дамыды, КПСС – тың ХІХ партия конференциясы жариялық туралы резолюциясы қабылданды. Ал 1990 жылы «Баспасөз туралы заң» жарық көрді.

Сөйтіп, белгілі бір деңгейде БАҚ - қа партиялық бақылау шектелген еді. Ендігі жерде орталық газеттердің беті әртүрлі әшкерелеуші, ұлт араздығын қоздыратын материалдарға толып кетті. Тбилисиде, Бакуде, Ригада, Вильнюсте ұлт аралық қақтығыстар орын алды. Қақтығыстарды күш қолдану арқылы тоқтату нәтиже бермеді. 1990 жылдың алғашқы жартысында көптеген Одақтас Республикалар өздерінің егемендіктерін жариялады.

Бұл тұста Горбачевтің қайта құру жариялылық қоғамдық өмірдің барлық саласын демократияландыру туралы бастамаларына күні кеше имандай ұйыған жұрттың наразылығы арта түсті. Өндіріс орындары тоқтап, жұмыссыздықтың етек алуы, дүкендердің қаңырап бос қалуы қайта құрудың прорабының халық арасындағы беделін қатты түсірді. Енді оны қатаң сынға алушылар саны арта түсті. Осы бір аумалы- төкпелі кезеңнен қалайда алдырмай да, шалдырмай да аман шығу үшін әрекет ету қажет екендігін жұрт жақсы түсінді.

Бұл тұста күнкөрістің қамымен шақшадай бастары шарадай болып жүрген елді өздерін тәуелсіз газет деп атап үлгерген үлкен-кіші газеттер жариялылықты желеу етіп. әшкерелеуді бастап кеткен еді. Ұлтаралық араздықты қоздыратын мақалаларды толассыз жариялады. 1991 жылы Қазақстан Егемендігін алды.

Одақтың толық ыдырауы күні кешеге дейін кеңес үкіметіне әлдебір сеніммен қарап жағдай осылай кете бермес, біртіндеп түзелер өмір бәз-баяғы қалпына келер, Үкімет өлтірер деймісің деген сеніммен келген адамдарды шоқ басқандай шошындырды. Облыста кәсіпкерлер фермерлер пайда бола бастады.

Оларды тура мағынасында «Звезда Прииртышья» қанатының астына алып, азды- көпті табыстарын жарқырата жаза бастады. Ал облыс аудандарындағы барлық шаруашылықтардың іргесі сөгіліп, ыдырап біткенде Шарбақты ауданында «Победа», Павлодар ауданындағы «Киров», «Тельман» атындағы Успенкадағы Галицкое, Ертістегі Абай атындағы шаруашылықтардың қылшығы қисаймастан уақыт дауылына төтеп беруі Юрий Дмитриевич бастаған газет ұжымында еңбек ететін журналистердің қаламына қанат бітіргендей еді. Олар жайлы жазылған материалдарды, газет оқырмандары қызыға оқыды.

Ақсу ауданының сол кездегі басшысы Қуат Есімханов облыста бірінші болып жекешелендіру ісін қолға алды. Осы ауданның Май ауданы мен шекаралас жатқан Целинный совхозы артта қалған шаруашылықтардың бірі еді. Есімханов жекешелендіруді міне осы шаруашылықтан бастады. Совхоз еңбеккерлеріне еңбек өтілдеріне сәйкес шаруашылық дәулеті үлестіріп таратылып берілді. Әркім тиісінше еңбек өтілдеріне сәйкес жекешеленген малға, техникаға ие болды.

Бұл шара осы ауданның барлық шаруашылықтарын қамтыды. Өкінішке орай, реформатор Қуат Есімхановтың үлгі болуға тұрарлық бастамасы облыстағы басқа аудандарда лайықты қолдау таппады. Талай жылдар бойы тер төгіп, тірнектеп жинаған ел дәулеті сол дәулеттің негізін қалаушыларға емес, билік тізгінін ұстаған ат төбеліндей пысықтар мен жылпостарға бұйырды. Сөйтіп, елдің ен дәулеті ұстағанның қолында, тістегеннің тісінде кетті. Газет бұл туралы сан рет дабыл қағып мәселе көтерсе де, лайықты қолдау таппады.

Одақ ыдырағанмен, жұрттың санасына сызат түсірген жариялылық «Жарасы» кейбір әсіре белсенділердің жарғақ құлағын жастыққа тигізбей атқа қондырды. Олар көтерген мәселе уақыт талабы екендігі талассыз еді. Мәселен Ермак қаласындағы казак атаманы, орыс мемлекеті үшін Сибирді жаулап алушы болып есептелетін жергілікті халықты қынадай қырған қанішер Ермактың ескерткішін құлатып, қаланың атауын өзгерту дер кезінде көтерілген шаралардың бірі еді. Бұлай етуді қолдаушылар да, қарсы шығушылар да көп еді. Солардың бірі Юрий Дмитриевичке келіп: «Газет бізді қолдайды деп сенеміз»,- дей келіп редактордың тамырын басып, тіпті дөң айбат танытуға тырысқан.

— Маған, газет редакторына, деді ол қайдағы жоқ ескерткішті қорғағаннан гөрі ел іргесінің бүтіндігін қорғау, нақтырақ айтар болсам, адамдардың қаны түгіл, көз жасының төгілмеуін қамтамасыз ету әлдеқайда маңыздырақ,- деп күтпеген қонағымен салқын қоштасқан. Бұл оның шынайы көңілінен шыққан азаматтық шешімі болатын. Әйтсе де күні ертең мәселе жұрт назарына ұсынылғанда жағдайдың қалай бет бұрарына көз жеткізе алмай біршама толқулы да еді.

Ал ескерткіш дағдырын шешуге арналған конференцияға келушілердің бір-бірімен емен-жарқын жүздесіп, салиқалы әңгіме өрбітуі Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сара саясатының өзегіне айналған бірлік, ынтымақ сынды жұрт көңілінен шыққан ұстанымын жүзеге асыруға мүдделі жандар конференцияға қатысушылардың арасында аз емес екендігі оның көңіліне үміт ұялатқан.

Олар ескерткіштің алынуын, қаланың атының өзгертілуін бір ауыздан мақұлдаған. Қарсы пікір білдірушілер де болмай қалған жоқ. Тек олардың саны аз еді. Осы конференциядан жазған есебінде Юрий Дмитриевич екі жақтың да пікірін толық берумен шектелген. Тілші түсініктемесі атымен жоқ еді. Сөйтіп, Ермак ескерткіші ың-шыңсыз алынды. 1993 жылы Қазақстан Республикасы жоғарғы Советінің жарлығымен Ермак Ақсу қаласы атанды.

1993 жылы Баянауылда Мойылды алқабында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 100 жылдығы Республикалық деңгейде аталып өтті.Оған Республика облыстарын былай қойғанда алыс- жақын шетелдерден көптеген қонақтар келді.

Бұл мына жарық дүниеде бар болғаны 27 жыл ғана өмір сүріп, артына өлмес өшпес мұра қалдырған ұлы ақынның рухына тағзым ету болса, екіншіден, сандаған жылдар бойы бір құдықтан су ішіп, бірі ауылда бірі қалада тұрып жатса да, қазақтың тарихынан, ұлы тұлғаларынан бейхабар болып келген орыс тілді Республика тұрғындарын ел есіміне ие халықтың өткенімен жақын таныстыруға негізделген шара еді.

Көз қуантып, көңіл тасытқан сол шарада Юрий Дмитриевичті көрген көрмегенім есімде қалмапты. Бір нәрсе анық еді. Ақын тойының қарсаңында жыл бойы жарияланған материалдар осы тойға қатысуға келген «Звезда Приртышьяның» жүздеген, мыңдаған оқырмандары қазақтар туралы бұрын-соңды естімеген тың мәліметтерге қаныққандары сөзсіз еді.

Газеті М.Жүсіп Көпеев, Шоң, Шорман Би, Қаныш Сәтбаев бастаған облыс өңірінен шыққан ғалымдар туралы қызықты материалдарды үзбей жариялады. Ал сол мәтіндердің орыс тілді оқырмандардың қазақтар туралы танымын арттырғаны таласыз.

Ал бұл тұста сауда- саттықтың қызығына берілген алыпсатарлар Баянауыл ауданының шалғай учаскерлерінде бір қап ұнды, бір қап қантты бір тайға, бір қашарға айырбастап, ауыл тұрғындарының қалтасына түсіп жатты. Осы хабар құлағына тиісімен Юрий Дмитриевич тілші Күлпәш Қоңырованы іссапарға жібере тұрып, мәселенің анық-қанығына көз жеткізуді қатты тапсырды.

Республикада бірі шығып, бірі жабылып жататын Тәуелсіз газеттердің бірінен ұлы Отан соғысындағы жеңіс қажет пе еді? Жеңіс күні қазақтар үшін қаралы күн емес пе? -деген сауалға толы мақаланы оқыған жерлестеріміздің бірі жоғарыдағы сауалдарға өзінше жауап бере келіп жеңіс күні қаралы күн тойланбасын деген ой түйіндеп мақала жазған екен.

Соны Юрий Дмитриевичке алып келіп, оқып беріп: «Газетке дереу басыңдар, әйтпесе...»- деп қорқыта сөйледі.

— Жоқ, баспаймыз. Сіз айтты екен деп ондаған жүздеген соғыс ардагерлерін ренжіте алмаймыз. Сіз демократиямен демагогияны шатастырмаңыз,- деп шығарып салды.

Ал бірнеше күннен соң Жеңіс мейрамын атап өтуге алаңға жиналған жеңімпаз жауынгерлердің жүздерінен шалқыған нұрды көргенде жүрегін қуаныш сезімі аялаған. Сол қуаныш сезімі қанатында үмітке сенімге толы талай жылдар артта қалды. Бірде мені осы жолдардың авторын Павлодарда өтетін журналистердің халықаралық жиынына қатысуға шақырды. Бұл тұста әлдебір себептермен «Сарыарқа самалы» газетінен кетіп, Красноармейка орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істейтінмін.

Аталған жиынға Омбы, Новосибирск, Алтай өлкесінің облыстық, өлкелік газеттерінің бас редакторлары шақырылған екен. Залға кіре бергенде топ ортасында тұрған ескі танысым белгілі ақын «Нива» журналының бас редакторы Гундарев Владимир Романовичке көзім түсті. Қалай жолықсам екен...

Сол сәт есіктен Юрий Дмитриевич кіріп келе жатты. Амандықтан кейін: «Гундарев Владимир Романовичке жолықсам деп едім»,- дедім. Ол мені жетектей жөнелді. Әлден соң Владимир Романовичпен әңгімелесіп тұрдық.

Арада сандаған жылдар өтсе де, ол мені бірден таныды. «Журналға атсалысып тұр»,- деп жатты. Жиналыс басталып кетті.

Мен бұрында ЭТЭК (Екібастуз жылу энергетикалық кешені) , «Комсомольская правда» газетіне арналған бүкіл Одақтық летучкаларға қатысқан едім. Мына жиынмен олардың арасы жер мен көктей еді. Бұрынғы летучкаларда сөз алушылардың сөздерінің жартысы коммунистік партияның совет журналистеріне жасап отырған әкелік қамқорлығына арналатын.

Бас хатшының сьезде, пленумда сөйлеген сөздерінен ұзын- сонар үзінділер келтірілетін. Ал мына жиында әр бас редактор өздері басқаратын редакцияда аумалы-төкпелі кезеңде газет пен оқырман арасындағы байланысты қалай қалыптастырып отырғандары туралы тәжірибелерін ортаға салып, нақтылы мысалдар келтіріп, қызықты әңгіме өрбітті.

Мінбеге көтерілген кезекті шешен: «Бұл жиын сіздердің облыстарыңызда екінші рет өткізіліп отыр. Бәріміздің сүйікті ақынымыз Гундарев Владимир Романовичтың, жиынның құрметті қонағы болуы біздің бас қосумыздың маңызын арттырып, мәртебесін көтергені сөзсіз»,- деген еді.

«Көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра» деген қанатты қағида Юрий Дмитриевичке арналған десе де болады екен. Олай деуге өз басым мақалаларын қызыға оқып жүретін ТЭСС ТАТЬЯНА НИКОЛАЕВНА, Песков Василий Михайлович, Жуков Юрий Николаевич, Бородин Леонид Иванович, Полторанин Михаил Никифорович сынды журналистермен Юрий Дмитриевич жүздесіп қана қоймай тілдескен.

Ал мұндай кездесулердің, москвалықтардың ұғымымен айтсақ, провинция болып саналатын павлодарлық журналистке аз олжа емес екендігі талассыз. Кезінде Юрий Дмитривич облыста Республикалық жас журналистерге берілетін Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың бірден бір иегері атанды.

Кейіннен бұл атаққа қарамағында істейтін Әсия Байғожина ие болды. Сонымен қатар Күлпәш Қоңырова, Алтынгүл Сағитова, Юрий Дмитриевич Павлодар университетінде оқытқан шәкірті Әсем Сағитова өздерін іс үстінде таныта білді.

Газет, оқырман, таралым – бұлар мен үшін газеттің оқырмандар арасындағы беделін айқындайтын бір тұтас ұғым. Юрий Дмитриевич басқара бастаған 1988 жылы газет таралымы 150 мыңға, ал 1997 жылы 165 мыңға жетті.

Бұл сол жылдарда Республикадағы облыстық газеттердің арасындағы жоғарғы көрсеткіштердің бірі еді. Осы деректерді келтірмес бұрын облысқа танымал журналист әріптесіміз Өскенбай Тастемхановқа қоңырау шалып, жоғарыда айтылған газет таралымына байланысты: «Бұл партия, совет органдарының ықпалы емес пе екен, қарындастарымыз шетінен соншалықты талапты ма еді?»- деп сұраған едім.

-Жоқ деді ол. -Бұл арада әлдебір ықпалдан гөрі газеттің оқырмандар алдындағы беделін мойындаған жөн болар. Газет өте қызықты шығатын. Ал қарындастарымызға келетін болсақ, олардың қарым- қабілеттеріне өз басым тіптен де шүбәланбаймын. Алдарында Юрий Дмитриевич сынды талантты талап қойғыш тәлімгер отырғанда жастарда талпынады ғой деген еді...



Жазушы

Оның «Живу» атты жинағының алғашқы бетінде берілген «Слово к читателю» атты арнауын оқи отырып, біршама ойға қалған едім. Оқырмандардан кешірім өтіне отырып, автордың арнауын орыс тілінде қаз-қалпында беруді жөн көрдім.

«Всю свою жизнь я пишу одну книгу о своей жизни» ,-деген екен. Сонда бұл новеллаларда таптық тартыс, өмір үшін күрес, отаншылдық, патриоттық сезім, шындық үшін күрес шығарма шырайын ашатын т. б. әдебиет теориясы талаптары сақталмай ма қызық екен деген оймен кітапты оқи бастадым. Оның әжесі Мария Петровна 14 құрсақ көтеріп, көзінің тірісінде солардың бәрін жер-ана құшағына берген екен.

Көрген қайғы-қасіреті көп болса да «анненков отряд» (өзі солай атайды екен). Совет үкіметін жақтаушыларды анненковтықтар деревняның сыртындағы орманға апарып қылышпен шауып өлтіріп, іштерін жарып оған бидай толтырып жеңдер қызыл қарындар» дегенін есінде сақтаған. 96-ға келгенше өзінің үйінде тұрып шаруасын өзі реттеген. Өзінің соңғы күндеріне дейін ақыл- есінен айрылмай, өмірге деген шексіз құштарлығын сақтаған. Ол өзінің өмір бойы қалыптасқан дағдысына мейлінше адал болған. Темекі иіскеп, рождествода рюмка арақ талап ететін.

Ал шешесінің әкесі Тимофей мен әжесі Акулинаның тағдырлары өте қиын қалыптасқан жандар. Жас кезінде ата-анасы әжесін нағашы атасына бермей көрші деревнядағы біреуге ұзатады. Ал ол Акулинаны әлдекімнен себепсіз қызғанып, екіқабат кезінде жетекке байлап, атын желдірте жөнеледі. Қыстың күні екен, бейшара тізесін үсітіп, бірнеше күннен соң айы-күніне жетпеген баласы өлі туады.

Туыстары оны күйеуінен айырып алады. Нағашым әкесіне Акулинаға үйленгісі келетінін айтады. Алайда неге екені белгісіз ол рұқсат етпейді. Сонда Тимофей қиқарланып бес жыл бойы үйленбепті. «Сөйтіп, өзінің мақсатына жеткен екен,- деп жазады автор. Ал осы келтірілген үзінділер жазушының қиялынан тумаған өмір шындығы . Бүгінгі жас ұрпақ үлгі алар жайлар бар ма? Әрине, бар.

Анненковтың қанды қырғынын көзімен көрген, көтерген бауыр еті балаларын күйеуін өз қолымен жерлеген кейуананың өміршеңдігі, өзін-өзі сақтауы, Тимофейдің Акулинаға деген шексіз махаббаты кімге де болсын үлгі-өнеге емес пе? Автордың ана туралы сөзін толқымай оқу мүмкін емес. «Барлық отбасы менің анамның арқасында тірі қапты»,- деп еске алады жазушы. Оған мына бір үзінді дәлел болатындай. Қыста «Пайдалы» жұмыс вагоннан көмір түсіру екен. Төрт әйел совхозға жақын Мыңкөлге ұзақты күн көмір түсіруге барады екен. Елу тонналық вагонға артылған көмірді түсіргендері үшін әр әйелге алты сом қырық тиын санап беретін. Бұл олардың әдеттегі үш күндік еңбек ақылары жұмыс аяқталған сәтте оларды үйлеріне жеткізетін.

Машина келмей қалды. Қай-қайсының болмасын үйлерінде жас балалары қалған болатын. Күні бойы жұмыстан қалжырағандарын, отыз градус аяз екенін қарсы алдарынан азынап соққан желді есепке алмастан олар осы арадан 15 шақырым жердегі үйлеріне жаяу-жалпы бет алады. Жарты жолға жеткен тұста өне бойларынан әл кеткенін, қалжырай бастаған олар өздерінің жете алмаулары мүмкін екенін түсінгенімен, кері қайтуға кеш еді. Құлап қалмау үшін бірін-бірі қолтықтап, демеп еңірегенде етектері толып, шама- шарықтары жеткенше алға жылжыды.

Таң атар тұста ақыры үйлеріне келіп жетті-ау. Жоғарыда айтылған өмір үшін күрес, отаншылдық (отан отбасынан басталады). Ақыр соңында, «адам-адамға дос және бауыр» деген ұғым еске түседі. Мен жоғарыда атап өткен көркем шығармаға қойылатын талаптарды Юрий Дмитриевичтің өзі жайлы жазып отырған жалғыз кітабына басылған шағын ғана новеллаларынан тапқан сайын өзімізбен қатар өмір сүріп жатқан адамдар жайлы осыншалықты әдемі, ең бастысы, терең мазмұнды қоспасыз шынайы шығарма жазуға болады екен-ау деген ойға қалдым.

Әкесі Дмитрий Ұлы отан соғысын Шығыс Пруссияда аяқтап, жеңістен соң елге үш басты олжамен оралған екен. Олары атына берілген пистолет, артиллеристік биноклі және қынапқа салынған сабы әшекейлеген финка. Міне, осы аталған сыйлықтар оның қандай барлаушы болғанын айқындап –ақ тұрса керек.

Миналанған аймаққа байқаусызда шығып кеткен генералды аман-есен алып шыққан. Ол үшін Жуков ұлы Сардар, ал полковник Брежневтің сіңірген еңбегі ауызға алып айтуға тұрғысыз. Тіпті ауызекі әңгімеде Брежневті «Орденпросец» деп атаған.

Бірде үлкен ұлы: «Әке, сіз неге барлығына көңіліңіз толмайды? Әлемде бізге қарсы тұра алатын Америкадан басқа бірде-бір қарсыласымыз қалды ма? Әлдебір жағдай бола қалса, біз жеңе алмайды деп ойлайсыз ба?»- деп кейіп сұрағанда: «Иә, ұлым, олар бізді ешқандай соғыссыз- ақ дамбалсыз қалдырады»,- деген еді. Жазушы кейіпкерінің соғыс қаһарманы ғана емес, ісіне де, сөзіне де жауап бере алатын оның өз тұрғысында тұлға екені талас тудырмайды.

Біз сөз еткен шағын новелладағы шағын детальдар жазушыны проза айдынына алып шығар қуатты құралға айналған. Ал оның ерте ме, кеш пе жазушыны прозалық тың биік белестеріне алып шығары сөзсіз.

Сонымен Юрий Дмитриевич журналист, бас редактор, жазушы туралы азды- көпті ойымызды қағаз бетіне түсірдік.

Сол сәт «Юрий Дмитриевич қандай адам?!» деген сауал тіл ұшыма оралғаны. Кенет есіме Мәскеу, күні ертеңгі ауыр операция, толғаныс үстіндегі Юрий Дмитревич...

Ертеңгі күні не боларын білмей қатты толқып сенделіс үстінде, Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне еніп келе жатты. Ол бірден әр жылдардағы Павлодар облысының көрмеге қойылған жетістіктерін теріп жазып ала бастады. Кенет операция жасатпай Павлодарға қайтып оралуға шешім қабылдағаны туралы оның қаламынан туған ғажап очеркі есіме түсті.

Ол өмірді, жанұясын шексіз сүйіп, қызметтестерімен тіл табыса білетін жеке басын ел құрметтеген азамат.

Сүлеймен Баязитов

05.11.2018
Вернуться назад