DataLife Engine / Константин Паустовский | Вагондағы әңгіме

Константин Паустовский | Вагондағы әңгіме


Егес Барнаулдың түбінде, пойыз рельс буындарын тарсылдатып, Обь көпірінен жайлап өтіп бара жатқан кезде басталды.

Сібірдің ұлы өзенін көрмек болып, жолаушылар терезелерге тұра-тұра ұмтылысты, бірақ ылғал қардан өзге ештеңені көре алмады. Жел оны ақ түтінше шаңытып айдап жатыр, тек сонау төменнен, көпір тіреуінің түбінен қорғасындай қара суды көруге болатын еді. Одан суық бу бұрқырай көтеріледі.

Ағаш балдақты жауынгер терезеден бұрылып, шырт түкірді де, шылымын орап, наразы көңілмен тіл қатты.

— Туһ, мына Сібірлеріңіздің' ауа райын-ай. Екі күннен бері көз аштырмай, жаңбыр аралас қар төпеп тұр, төпеп тұр, қарғыс атсын бұл араны!

— Мына сыншыға қараңдар! - деді күбірлеп сақалы тікірейген ұзын бойлы жауынгер. -Сібірді жақтырмайды өзі. Жер бетінде Сібірден бай ел жоқ. Ілгеріде орман ішімен кордондағы үйіме бара жатқанда, арбаның дөңгелегіне екі елі болып, езілген жидек жабысып қалушы еді.

— Қандай жидек? - деді тұлымы шолтаңдаған кішкене қыз.

— Бүлдірген де баяғы.

— Е, байғұс, чалдоным-ай. Біздің Владимирдің түбінде бір ай тұрып көрсең, басқаша әндетер едің-ау, - деді балдақты жауынгер күрсініп.

— Қағысып қайтесіндер, қарақтарым, әр тауық өз ұясын күптейді деген. Маған салсаң, ешбір уәялатта Алтайдан асқан ел болмайды. Алтайдың арғымақтары от емес пе! Қоян жүрек қорқақтар олардың маңына да жуи алмайды.

Егес етек алып барады. Аз күн демалысқа келе жатқан жаралы жауынгерлер мен жолаушылар атамекен - туған жерлерін жаппай-жарыса мақтай бастады. Мұның бір ғажабы, олардың бәрі де әділін айтып отырған. Қолын иығына асып қойған жауынгер қазақ қана үн қатпайды. Ол әуелі ұяла күлімсіреді де, сосын маған қарай ұмсына түсіп:

— Еліме келе жатырмын! - деді сыбырлап. Мен оған қарап едім, сөзін сабақтай берді.

— Жәркентке, ауылыма бара жатырмын. Табаны күректей бір айға. Кейбіреулер: сенің елің құлазыған шөл, - дейді. Енді біреулері: Ысмайыл, сенің жеріңді күн қақтап тастаған, аспаннан тамшы тамбайтын қу медиен дейді. Әй, білмейді ғой!

Ол үндемей қалды.

— Атты қазақ қарап отырмайды, өлең айтады, - деді ол, маған құпия сырын айтқандай сыбырлап. - Ол сонау шалғайда келе жатады, тіпті қарасы да көрінбейді, ал, оның әні қасында, өзімен бірге жүреді. Қалай ойлайсың, бұл неліктен, а? Өйткені бүкіл әлемде Қазақстанның ауасындай саф ауа жоқ. Мөлдір ауа мұхиты. Өлең қалықтап, алысқа кетеді, оның жолын бөгер жан болмайды. Ән - біздің елдің ғашығы.

Жауынгер қазақ дұрыс айтады. Қазақтардың өлең айтуға құмар болатын бір себебі -осынау ұлан даланың әйнектей шыңылтыр ауасы адам даусын айрықша әуезді етіп, күшейтіп жіберетін шығар? Қазақтар сияқты түл табиғатпен бетпе-бет жақын жүретін халықтар әлемде аз ғой. Қазақтардың әнге әуестігі осыдан. Қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов табиғаттың - жұлдызы ашық аспан мен шетсіз-шексіз жасыл жазықтың әрдайым көз алдында тұруы - дала халықтары рухының ән мен өлеңге, даналыққа бейім болуының дәйекті дәлелі деп бекерден-бекер жазбаса керек.

Балдақты жауынгер Ысмайылдың сөзін естісімен, қолма-қол жауап қайтарды.

— Бауырым-ау, егер сенің елің құлазып жатқан қу мекен болса, өлең қалықтап алысқа кетпегенде қайтеді? Егер сен біздің Владимир қаласының төңірегінде тұрсаң, орман тоғайдың шуылын тыңдасаң, онда ұжмақ дегеннің не екенін білер едің.

Ысмайыл ләм деп, жауап қайтармады.

Семейден кейін төменге төнген бұлт пердесінің ар жағынан жарқырап ашық аспан көрінді де, пойыз лекілдеп келіп, мүлде бір өзге өңірге кіріп кетті. Сібір шорт кесіліп қалып қойған тәрізді. Төңіректе күн көзіне елжіреп, қуаң дала жатыр. Аялдамаларда жел биік қу шөпті сыбдырлата қозғайды, көкжиекте маңқиып, сары мұғар таулар тұр. Дала үстінде ақсарылар айнала шалықтап жүр. Салқын ауадан көзге көрінбейтін бір құстардың шырылы естіледі.

Олардың кішкенелігі сондай, бәлкім, тұңғиық көк аспанда тіпті көзге шалынбайтын да шығар.

— Бозторғайлар ғой, жарықтық, - деді маған Ысмайыл

Балдақты солдат тым-тырыс тынышталып, бағанадан терезе алдында тұр, жусанды жазыққа қарап, бір ойға шомып кеткен тәрізді. Ал, Ысмайыл болса, жиі-жиі алаңшаға кетіп қалады да, вагон тепкішегіне жайғасып алып, ырғалып өлең айтады. Дөңгелектер тарсылы мен буферлер зіркілін басып, осы бір ән вагондағы бізге де жетеді.

Со мезетте балдақты солдат бір күрсініп, сөз бастайды.

— Әне, қазақ өлең айтып отыр, туған жерімен тілдесіп жатыр ғой қайтсін. Ол нені өлеңге қосып келеді, білесіз бе? Өкінішті-ақ. Одардың тіліне мен де түсінбеймін. Меніңше, ол өз жерімен амандасып, армысың айтып келе жатқан тәрізді: "Міне, біз тағы да кездестік, тағы да жүздестік, кең далам, сен мені туған ұлыңдай қарсы ал, өйткені мен майдан шебінде сен үшін қан төктім", - дейді ол.

Ақжалдан өткеннен кейін қияндағы бір разъезде пойыз ұзақ тұрды. Жауынгерлер жапырласып далаға шықты, жол жиегіндегі түрпідей шөп үстіне жата-жата кетіп, тамылжыған шөл тыныштығында паровоздың деміге тыныстап тұрғанын тыңдады. Қол созым жерде бір сұрғылт жартастар мойнын созып, сорайып-сорайып тұр. Олар жер қоңын жарып шығып, осынау тегіс жазықтан көтеріліп барып, тоқтап қалған тау шыңдары тәрізді. Жартастар беткейінде қара қойлар жайылып жүр. Олардың жүнінен ойдым-ойдым ала дақ көрінеді, бірақ сәлден кейін, қойлар пойызға таяп келгенде әлгі ала дақтар жүнге жұғып қалған жусан тозаңы болып шықты.

Қойға ілесе қойшының өзі де жетті - бұл тері құлақшынының екі құлағы белуарына түскен, қой көзі ұдайы күлімсіреп тұратын кәрі қазақ екен.

Ол жауынгердің қасына келіп, біраз қарап тұрды да, шекпенінің қойнынан ескі сиса орамалға ораған ірімшік алып, бір үрлеп, солдаттарға үн-түнсіз ұсына берді. Шалды ренжітпейік деп, жауынгерлер ірімшікті алып, оған темекі ұсынысты. Дала қысының жарқырап тұрған ақ күнінен өзге шөкімдей бұлты жоқ зеңгір аспанға қарай темекінің көк түтіні көтерілді.

— Еһ, бауырым, - деді балдақты солдат Ысмайылды иығынан бір қағып қалып, - мына жердің йен тірлігін-ай. Осы араға келіп, тұрғым келеді, білдің бе. Соғыс біткесін, осында келемін-дағы, дорбамды арқалап, мына разъезден түсемін, сосын қашан су кездескенше маңып жүре беремін - ол түскей жақты мегзеді. - Ана жақта су бар ма?

— Бар. Алакөл дейді оны. Көл болғанда қандай, сыңсыған қамыс, жыпырлаған құстар. Жел соқса болғаны, су үстімен бұрқырап құс үпелегі ұшады. Ал, сен ғой әлгіде, мұны жер емес, бос қуыс дедің-ау.

Қуыстың бәрі бірдей емес, - деді балдақты жауынгер ұяла күбірлеп.

Мен ана бір ғажайып жартастарға қарап тұрып, академик Ферсман ашқан бір жаңалықты есіме түсірдім. Ол Қазақстан жерінің беті түгелдей топырақ, құм басып қалған тау жоталарынан тұрады деген. Осынау жерасты жондары орасан зор доға сияқты иіліп, Оралдан Тянь-Шаньға, Алтайға дейін созылады. Олар жез бен мыс-мырышқа, қорғасын, күміс пен алтынға, қалайыға тұнып жатыр. Демек, осы бір жусан мен ши өскен шөл даланың астыңда алып таулар мен асыл металл қазынасы көміліп қалған.

Ысмайыл дұрыс айтады. Қазақстан мұхиттай ұлы, оның байлығы да мәңгі сарқылмайды. Тіпті соғысқа дейін Қазақстан қазынасы жер қойнынан жоспар бойынша алына бастаған, осыған орайлас Қазақ республикасы да гүлденіп өсе берген, ал, енді мына соғыс Қазақстан байлығын пайдаға асыруды бұрын ел құлағы естімеген жылдамдықпен, кең құлашпен жүргізіп жатыр.

Осы бір елдің күш-құдіретін ұту үшін, оның майданға көрсетіп жатқан көмегінің көлем-мөлшерін білу үшін, со байлықты тіркеп өтсек те жетіп жатыр. Балқаш жағалауы мен алыс Жезқазғанда мыс рудниктері мен зауыттары, ежелгі Түркістан маңындағы Ащысайдың қуаң тауларында қорғасын кені, Ақтөбе түбі мен Мұғалжар тауында никель, Қарсақпайда темір рудасы, Маңғыстау түбегінде марганец, Ембіде мұнай бар, ал, оның тұзды көлдерінің қызғылт суын кешіп мұнай мұнаралары тұрады, Қарағанды көмірі, Каспий өңірі шөліндегі фосфориттер, Торғай сүрмесі, Алтайдағы алтын мен сирек металдар тағы бар...

Лeпci станциясында жол бойындағы үйлердің іргелеріне жал-жал болып құм үйіліп қалыпты. Буфеттің есігі алдында шудасы желкілдеп, қос өркешті түйе тұр маңқиып, ол ыстық су алуға жамырай жүгіріп бара жатқан жауынгерлерге кекірейе қарайды. Сонау алыстан, құм шағылдары мен аспан арасынан көз жауын ала жалтырап, бір көк шалқар көрінеді. Ол - Қазақстанның көл-теңіздерінің бірі - Балқаш еді.

Күн шағыл төбелер тасасына қарай еңкейіп барады. Құм бұйраттары барқын тартып, жылы жарықтан маздар тұр. Семафор оты да жанды, со замат күңгірт аспанда андыздап жұлдыздар шыға келді. Олар аспан төсінде жыбырлап, жылжып жүргендей және сәт сайын жарығы артып, жарқырай түскендей болады. Сөйтіп жұлдыздар бірте-бірте жерге жақындап келе жатқандай болып көрінеді.

Ысмайыл вагон алаңшасында тұрған. Мен шылым шегуге шыққанмын, ол маған жымия қарап, тіл қатты:

— Жұлдыздардың көптігінен бе, әйтеуір, біздің жерде түн ете жарық болады. Дала жолдары сайрап жатады, кішкене тышқандарына дейін көрінеді. Олар түнде жолға шығып, шаңға аунап, ойнап жатады.

— Сен майданда жүргенде атамекеніңді жиі-жиі еске алып жүрдің бе, Ысмайыл? - деп сұрадым мен одан.

— Күн құрғатпай. Қалай ойламассың? Қалай еске алмассың? Әйтпесе, соғысу да мүмкін емес қой, - деді ол

Пойыз беймәлім бұлыңғыр қиянға қарай зулап келеді, мен сол арада тұрып, Алматы маңында, Алатау ішінде еткен бір қыс түнін есіме алдым. Жабайы алма тоғайы арасында, қарға малынған тау өзені шулайды, ұлпа қар шудаланып, Тянь-Шань шыршаларынан шаңытып, ұшып түсіп жатты. Тау шыңдарының бірде о жерінен, бірде бұ жерінен көгілдір сәуле жарқылдап, жанып-сөніп тұрды, бұл зәулім шыңдар тасасындағы шоғыр жұлдыздар жарқылы еді.

— Әйтпесе, соғыса да алмайсың, - деді Ысмайыл әлгі сөзін қайталап. Менің әкем тіленші болыпты, қожасына арнап, ұзақты күн даладан тезек теріп жүреді екен; ал, мен ақылды кітаптар оқуды үйрендім - Абай мен Пушкинді оқыдым және мотордың қайткенде жұмыс істейтінін, Жердің Күнді қалай айналатынын білемін. Әкем тіленші болған, өзім сержантпын, ал, қарындасым Алматыда артистка. Әкем бір иіні келгенде әрдайым: Біздің жеріміз көгеріп, көктейді әлі, үй-жайымыз да бақ-дәулетке толады, оны құдайы қонақтарымызға көрсетуге түнемелікте жарық жетпейді әлі, - деп отырушы еді, жарықтық. Ысмайыл үнсіз тұрып қалды. - Біздің ата-бабаларымыз бақыт үшін күрескен, сол үшін күресуді бізге де мирас еткен. Менің атам Исатай Таймановтың өзін білген, соның жасағында болып, бір күні Исатайдың жанып тұрған бомбаға бір түкіргенде - оның жарылмай, пыш етіп сөніп қалғанын өз көзімен көрген. Исатайдың көтерілісін көрген кісілер қазір аз қалды, ал, менің атам оны есінен шығармайтын. Сұлтандар жарлы-жақыбайларды талап-тонамауы үшін алысқан ғой Исатай. Сосын оның көзін құртқан. Бірақ ол өле-өлгенше қылышын қолдан түсірмеген.

Мен XIX ғасырдың бас кезінде болған Тайманов көтерілісін шала-пұла білуші едім. Көтерілісшілер қолының екі көсемі, екі дос - Исатай Тайманов пен ақын Махамбет Өтемісов болған. Ысмайылмен кездескеннен кейін, мен со көтеріліс жөнінде көне мұрағат материалдарын тауып алып, мұқият оқып шықтым.

Кедейлердің осынау көтерілісі аса батыл, қажымас қайсар іс болған. "Сұлтандар мен байлар, - деп жазыпты Исатай көтерілістен бұрын орыс өкіметіне, - кез келген жерде бізді кінәсіздан-кінәсіз қыспаққа алады, дүре соғып, азаптайды, жеке меншік мүлкімізді бас-көз демей ала береді. Бізге араша түсетін ағайын жоқ".

Исатай Кіші жүздің көшпелі қазақтарын бастап, Гурьев маңындағы Бекей ордасы сұлтанының сарайына апарады.

Небір қырғын соғыс, алапат айқас болады. Солардың бірінде Исатай мерт болады. Ол өлімші болып жараланса да, адырнасын аңыратып, садақ тартып, семсерін жалақтатып, өңмеңдеген жаулардан өшін алады. Халық көсемі мен шешені, қаһарман батырдың денесі алдында тіпті дұшпандарының өзі де бас иіп, тағзым етеді де, кейін өз естеліктерінде: "Ол өзінің көзсіз ерлігінің құрбаны болды", - деп жазады.

Исатай өзінің кейінгі жұрағаттары - Қызыл Әскердің қазіргі жауынгерлері сияқты ғажайып батыр болған. Рим папасынан Шыңғысханның немересіне елші болып аттанып, қазақ сахарасын көктей өткен орта ғасыр тахуасы Карпини қазақтар туралы: "Дұшпанын көре сала, олар ата жауларына ашықтан-ашық дүрсе қоя береді де, сұр жебелерімен боратып, олардың көзін жояды", - деп тегіннен-тегін жазбаса керек.

Сарыөзек станциясына келгенде, Ысмайыл пойыздан түсті, біз, бәлкім, онымен біржола айырылысқан шығармыз. Қоштасарда Ысмайыл жауынгерлердің, пималы кемпір мен тұлымы шолтаңдаған кішкене қыздың қолын қатты-қатты қысты. Ал, менімен шеткерірек барып, көкейіндегі бірер сөзін айтты:

— Байқап тұрсам, жолдасым, сіз менің атамекенімді жақсы көреді екенсіз және газетке сөз жазатын көрінесіз. Осынау ел мен жер туралы жазыңыз. Майдандағы жауынгерлеріміз оқысын. Сонда олардың әрқайсысы өзінің даласын, тау-тасын, орман-тоғайын, балалық шағын есіне түсірсін. Алматыны есіне алсын. Сұлу қала, кереметтей сұлу - менің әкем онда баяғыда, ағаш үйлері самсап тұрған кезде, үй қабырғаларындағы саңылауларды шөп-шаламмен бітеген кездері болған. Құс біткен әлгі шөп-шаламды шұқып, түте-түтесін шығарады екен, сол себепті де қыстың күні үйлері өте суық болады екен. Ал, хош болыңыз!

Ысмайыл жол дорбасын арқалап алып, Жоңғар тауларына апаратын жолға қарай беттеп бара жатты.

Аударған Әбілміжін Жұмабаев

03.11.2018
Вернуться назад