DataLife Engine / Мұхтар Әуезов | Іздеп

Мұхтар Әуезов | Іздеп


Тікшелеу жасыл беткейдің орта тұсына келе бере Несіпбай аттан түсті. Айналаға көз салған жоқ. Әлдеқандай ой басқан күңгірт жүзі бүгін бірде-бір рет көтеріліп, мынау кең дүниеге қараған емес. Көзін ылғи төмен салып, жүзі де салбырап тұқыра береді.

Сол еңсесін көтермеген бетінде атының ауыздығын алды. Құйрығын тірсегінен келтіре шорт кескен күдіс торы ауыздығы алына салысымен басты жерге салып, атқұлақ араласқан көк өлеңді борт-борт үзе бастады. Несіпбай мұны шаужайлай түсіп, тапжылтпай отырып шылбырмен тұсау салды. Аздан соң тұрып сауырынан сол жақ алақанымен ақырын ұрып қалғанда, торы ат өрге қарай секіре басып өрлей берді. Тұсаумен секірген сайын ұзындау кекілі көтеріле түсіп, желп етіп, дөң басындағы әлдекімге торы аттың "здравствуйын" айта бара жатқан сияқтанады.

Ауыздық пен үзеңгі, тұрман шылдырлап барады. Несіпбай қырын тұрған бетінде сол жақ иығына, мойнын бұрып: "Ер-тоқымын бүлдірер ме екен", — деп ойлай түсіп, ұзап бара жатқан аттың соңына қарады. Баяу басатын сылбыр ой енді жиылып кеп бір байлау жасағанша ат ұзай берді. Несіпбай дағдылы шабандықпен біраз дағдарып тұрып қалса да ойын жеңген ол емес. Еш нәрсені абайламастан бетін қайта бұрып, енді ойға қарай аяндады.

Жарқыраған, қызуы мол шағырмақ май күні мынау — Бөктер қызғалдақ атып, гүл шашып, көк майса шөбі иін тіресіп міне тұр. Мөлдіреп, жаудырап ағып жатқан көк қасқа бұраң су анау. Соны бөктер. Әлі қылшығы құрғамаған. Бір тал шөптің мұрты сынбаған деген осы-ақ.Ай, бірақ, көпірді кім біледі?

Несіпбай көңілінде күдік көп. Сене алмайды. Запыс боп, зыр қағып қалған. Аяғын төмен қарай бір басып, екі басып келе жатып, көзімен ылғи көк шөп ішін тінтіп келеді.

Көпір шытыр тағы шығып қала ма, қайтеді, сопаң етіп? Сескенгені сол.

Не де болса күдіксіз тау... Таудың өзі жақсы еді... Амал не? Көк тұман мен алыс ақ бұлттарға қоршалған ана бір айдын төскей, анау бір алып тауға көз қырын тастады.

Қарлы қыс етектен түре қуылып, қаңғып шығып, тау басына тізе бүгіп, артын малып отырып қапты. Жалынғаны меңіреу аспаны, сүйгені суық бұлт.

Қыс пенен көктемде шаруаның қиыншылығымен бірге қабаттап арқадан қысып, әлекті салып ең... "Кетші, кете түсші", дегендей боп тау жотасындағы қыс белгісіне өшпенділікпен суық қарап ап, Несіпбай қайтадан аяқ астындағы шөптерге тесіле бастады.

Бір мезгілде аяғы тайып кетті. Оң жақта бір күдікті көрінген шөпке қадалып келе жатып аяғының астындағы тікше, тайғақ кемерді байқамай қапты.

Қол-аяғы сербеңдеп аз ғана қалбақ қағып қалды да, бір мезгілде артымен жалп етіп отыра кетті. Шапанының етегі де лап етті.

Қалқайған қастекі қара бөрік басынан ұшқан бетінде ойдан ойды қуалай төмен қарай зыр қақты.

Несіпбай есін жиғанша төменгі жағында бірдеме дүр-дүр етіп, жел күнгі өрттей лаулады... Есіне сонда түсті. Кемердің астында жусап жатқан қой-қозы бар екен. Құлағанда соны үркітіп, бей-берекет қылыпты.

Несіпбай көк шалғынды уыстай жұлып, ерге қарай тырмысып қайта тұрды. Көкейін кескен өзге емес. Құлар алдында бір күдікті көзі шалып қалған. Сол араға келе бере шөге қалды.

Айтпап па ем пәле деп... Міне кәпір құзғынның өзі деп, бір топ шытырды жұлып алып жерге атты.

Сол кезде мұның ойға барып түскен бөркін алып Күзенбай келді. Оның сыбдырына бұрыла бере Несіпбай:

— Көрдің бе, қырсықты... — дегенде, өздеріне мәлім жәйді іле жөнеліп:

— Атама, бар демеп пе ем. Бар. Тек амандық берсін, — деп титығы құрыған амалсыздықпен күрсініп алды.

— Қаран қалсын, қаран қалғыр, — деп Несіпбай барлық үлкен денесі, өнебойымен бір үлкен дағдарыс белгісін білдіріп, жалаңбас басын сол қолымен сүйеп, мелшиіп қалды. Оң қолы әлдеқандай шөпті алып, қалың жирен мұртының астына кіріп, қажетсіз, себепсіз тісін шұқиды. Бұ да Несіпбайдағы дағдарыстың сырт белгісінің бірі.

Екеуінің аяқтарының астында, аз төменде ерекше мөлдір сулы Тастақ өзені жатыр. Екі жағы майысқан әдемі көк балауса. Айрықша бір жарастығы бар, біркелкі өскен алкүре шалғын. Сол екі жағада жоғары-төмен созылып, түскі жусауын өткізіп, совхоздың бір сақпан қойы жатыр. Екеуінің міндетіндегі қой. Бұлардың есі-дертін билеген, ойы мен бойын түгел жеңген жалғыз уайым, жалғыз мұң осы қойлар мұңы.

Үстінде тұнжыраған көк мөлдір күмбез май аспаны. Сондайлық көк мөлдір тұман, сағым ішіндегі қиял тауы — Алатау. Қиыршық құмды таза арнамен сыбдырлай түсіп, шалғын қуалап, жағасын желкілдетіп аққан қасқа бұлақ. Жота-жотада бұлың-бұлың етіп, жайқала түсіп, құлпыра толқып тұрған қызғалдақ торғындары. Өзектің салқын лебімен ырғала түсіп, онды-солды толқып жатқан жоғары-төмендегі көк шалғындар... Жүздеген әндер мен шырыл қаққан әлдеқайдағы торғайлар Алатау гүлдеріндей мың түсті боп, жалт-жұлт етіп ұшқан көбелектер бәрі-бәрі де бұл екеуінің қазіргі күйінде көздеріне көрінбейді. Сезілмейді.

Ақырын өсіл, өз бетімен өтіп жатқан есепсіз, әсерсіз, мағынасыз бір ағымдар.

Екеуінің көзі де қойда. Әсіресе қозыларда... Бәрінің де үстері және де, су болған. Марқа қозылар мен шуда жүн Еділбай қойларының үстері бүгін мына ашық күнде аз құрғаса да, әлі де сыбасып тұр.

Шайыры кетіп, жауынға шайылған жүн. Жаңадан жылаған көздің кірпігі жабысып жасаңсып тұрмай ма? Соған ұқсайды.

Бүгін, қазір Несіпбайдың іші де сондай жылап тыйылған, жасын іріккен іш тәрізді.

Сондықтан ол қуана алмайды. Кеше соққан сеңнен бүгін әлі серги алмайды. Үндеспей ұғысады. Күзембай күйі де сол.

Келбетті сары түсті, қырма сақал, қой көзді Несіпбайдың бет ажымдарының бәрі қазір ерекше тереңдеп тұр. Әр жерінде көкшіл көлеңке бар. Кейде белгісіз тістенген уағында шеке, самайына шейін бүлкілдейді. Басы тағы төмен. Етті қалың қабағы зорға ашылып, зорға жұмылған сияқтанады. Елестеп кешегі сурет келеді. Көз алдында келе бере іркіледі.

Ыза ма, өкініш пе, әлде өкпе ме? Не дерін білмейді. Көнгісі келмей тыртысады. Бір минутке, ішін сара тілген өткір сезім, біздей сұғып шаншып өтті. Мол денесі белдемеден оқ тигендей бүрісіп-құрыса берді. Қабағы тастай түйіліп кетті. Есіне алғысы келмей өзімен-өзі алысқан тәрізді. Бірақ болмады. Кешегінің суреттері қорғаншақ ойдың таса-тасасымен бүкшиіп, бұғып, баспалап бірі артынан бірі келе берді.

Совхоздың өндіріс кеңесі еді. Халық мол. Жауапты адамдар, директор, ферма бастықтары, политотдел, үлкен шабандар — бәрі де күйзеу. Рабочкомнен Зылиха. Өзінің Зылихасы. Талай тар кезең, тас кешуде бір өткен Зылихасы.

"Ұрғанда мені сен ұрдың-ау. Мұқатайын деп пе едің? Не кегің бар еді? Не жазып ем?.." — деген сияқты өзін ақтағысы келген өкпе аралас кіналар бірі үстіне бірі тықпалап, алғашқыда Зылиханы бұған жеңдіріп бара жатқан сияқтанды.

Жоқ... Жоқ... Ол құр ашу, қара боран ғой... Қазақшылық қой деген бір күдік тағы шығады.

— Не көрсем бірге көргенім рас. Жолдасың екенім де рас. Бірақ совхоздың міндетті қызметінде отырып, кеңестің саналы азаматының қатарында отырып, сені құр байым екен деп ақтай берейін бе? Өйтсем өлгенім артық емес пе? — десе қайтем.

Пай-пай... ащы да болса шын-ау... Несіпбай дағдарып барып күрсінді. Құр тісін шұқиды, түкіре береді.

Қасынан Күзембай да тұрып кетіпті.

— Оның рас-ақ болсын. Ал қатты айтқаның не?

— Айтпай қайтушы ем?

— Айтқанда не дедің? Не дедің? Мен жаман-жақсы болсам да Несіпбайың емес пе ем? Совхоздың жаманы мен бе едім?

— Қиялама. Оның қара дау... — дегендей болады Зылиха. Тағы күрсінеді. Несіпбай. Тағы қабақ түйіліп, іш шаншып кетті.

— Не қарап жүрдің, не қара басты, жас күніңнен көрген-баққаның қой емес пе еді? Шытыр болса, алғаш көріп отырғаның осы ма еді? Байдың қой-қозысын бағып жүргенде бір күнде үстіп он қозысын өлтірсең не көрер ең?..

— Апыр-ай, ең ащың осы болды-ау... Қамшыладың, дүреледің-ау, бәлем қатын... Осыныңа егескенде осы... — деп қажырланайын десе де Несіпбай, "пәлен етіп жіберейін бе?" — дегенді айта алады.

Қайтадан сұлық түсті... Өз-өзінен басын изеп:

— Сенікі рас... Ал жеңдің. Дегеніңе жете бер. Мейлің, мейлің...

Бірақ бұ да ауыр. Өкпе, кінә... Тағы кішкене көтеріңкіреп:

— Кінә болса кінә, ия... Ал бәрі рас. Сонда мені баяғы бай қатынынша, адуын, көкайыл, дүниеқоңыз қожайын бәйбішеше жерлегенің не? Ал... — дей бергенде Зылиха көз алдында отырғандай малдасын құрып, шаншылып, қоқиланып алды.

— Бәлем осы арада қысылмай аман қалшы, — деп сұрланып та алды.

Сырт қарағанда Зылиханың бұл әлсіз жері екені рас. Ол бұрын осы бөктердің, нақ осы Тастақ өзенінің иесі болған Дулат байы Жүсіптің қатыны болатын. Бірақ болғаны не керек. Оған да Зылиха қосылмайды... Өкпеші дәукес ой, шын жәйді еске алған сайын ұтылып, тоналып жұтай берді.

Бай болғанда қойлы бай. Бірақ сасық, дүниеқоңыз, құнсыз еді. Зылиха үш қатынның бірі. Жастай алған, малға қызықтырып, кедей сорлы әкесін әрі алдап, әрі сызын өткізіп, қорқыта жүріп алған. Кәрі бай Зылиханың жарық күнін түнге айналдырған. Жанар отын сөндіріп, тіршілігін күл беттендірген. Жар қызығының орнына көн боп кепкен кәрі шал, Зылихаға мал қызығын ұсынды. Онысы өзге емес, сол қалың қойды ертелі-кеш тынымсыз бағып-қағу. Қозы алу, қозы салу, қой сауу, құрттаған, биттегенімен алысу. Шалдың айғайымен бірге секіріп тұрып, түн ұйқыны төрт бөліп, қалғи-шұлғи жүріп, сары ала етек боп сарп ұру...

Зылиха ойлап көрсе ол бір шынымен сатып алынып, мал соңына салынған атсыз, тәңір жарылқағасынсыз малшы, күң-малшы еді. Мұның бойындағы жастық ажарын сындырып, жас қанындағы тіршілік отын өшіремін, жоямын деген есеп еді.

— Сонда шіркін, құдай кәні. бір қасқыры қатты болған қоқыста, жаңбырлы күз түнінде қой шетінде күзетте отырып, әлі күнге сырт дүниеден бүркеп тығып сөндірмей келген өмір шырағын, ыстық жас құшағымен бірге саған бермеп пе еді, Несіпбай-ау? Екі еңбекші, екі бейнетқор қолы түн қараңғылығының, өмір қараңғылығының ортасында, бірін бірі сипалап кеп таппап па еді? Шын табыспап па еді? Берік ұстаспап па еді? Көрген-баққаны сен емес пе ең?

Жирен мұрт болар-болмас күлкімен жиырылып, басы да бір-екі шұлғығандай болды.

Арты 17-жыл. Әйел бостандығы. Бұрын шеңгелдеп тұтқан ескі құрсау, енді ең болмаса босағандай боп, екеуінің етегіне кеп оралды. Бірақ 17-жылда қосшы, одан партияға кірісті. Бұлар жеңді.

Содан Зылиханың табаны тайған жоқ, Жүсіптен алғаш көргені кесел болса да, бері келе басқа нәрсеге айналды. Бейнетқордың бәрі ететін ащы тәжірибе, өмір сабағы болып, өміріне жолазық болды.

Кешегі жиын ішінде Несіпбайды бетке ұрған, қамшыдай ширықтырған Зылиха сөзі. Зылиха мінезі өзгерген, өскен; Зылиха мінезі орынды... Айтар дау жоқ, — деп аз тұнжырап отырып:

— Құрсын, — деді. Жеңілгені, көнгені...

— Арқасы шилі болған аттай шыға қап тұрасың-ау, ескінің сызы, — деп өзін өзі бір тежеді. Мойын қатып, сіресіп тұрғаныңмен, ақыры шындыққа көзің жетіп, қиын да болса енді кеп ойысып барып, соған көнудің өзі де көңілге бір медеу емес пе? Ойлап, талдап шықпаса да Несіпбай осыны көкірекпен сезді. Қалтарысы жоқ, томырыла кететін морт көңілінде ол шыншыл, әділ болатын. Бас кетсе де дұрысты дұрыс деу түп қазығы.

Кешеден ішінде дүмбілез боп, шиелеген түйіндей боп байланып бір ыза қып, бір өкпелетіп, біресе ашу шақыртып жүрген бір жай осылайша шешілді.

Қой жусап жатыр. Тоқ бүйірлері солықтай түсіп ыстық, ашық, жәйлі күннің астында көз жұмып күйіс қайырысады. Қозы, лақ қана біресе өзенге барып тамсана түсіп, бастарын жерінгендей шүлги-шүлги тастап, шулайды. Біресе енелерінің айналасында қойқақтап секіріп, ырғып ойнақ салады.

Өнген, өскеннің жарастығын даттап көрікті дүние енді ғана Несіпбайға жадырап қараған әлпетті. Сөйткенде кешегі істегінің тағы бір толқыны лық етіп, сырғып келді. Ол жиынның түйіні сол еді.

Кеше таңертең осы қойдан осы Күзембай, Несіпбай отарынан сазандай 10 қозы өлді. Көктем қалың жауынды боп, көк қаулап қатты өсті. Ол шытыр деген у шөп.

Он шақты күн болды. Сол пәле білінгеннен бері ферма-ферманың бәрі қой өлтіре бастады. Қыстан жаға жұлынып, етек жыртылғандай болса да, тіс, тырнақтай салып, малды түгел амандап шыққан қой совхозы. Енді совхоздың барлық еңбекшісі үмітті де қуанышты. Өздеріне сенім бітіп, еңбек жанғандай болып, тіршіліктері күле қарағандай еді.

Мынау өлім күтпеген пәле болып жаман ұйлықтырды. Ферма-ферма, қашар-қашар қайда барарын білмей, шытырдың бабын таба алмай сендей соғылды. Мамандар індет себебін, шытырдың бітімін, тек затын зерттеп жатыр. Бірақ не керек, қой өліп тұр.

Екі ферма шытырдан құм таза болар деп 40-50 шақырым жердегі құмға қашты...

Несіпбай өткеннің бір тәжірибесін еске алып: "бір қабат тауға кіре тұрсам не етеді?" деп, өз қашарын алып сол мына тұманды төскейге өрлеп еді. Шытыр болмады. Қой өлімі жоқ. Үш күн аман-ақ өтті. Совхоздың қысылған күнінде талай рет осындай шығыс тауып жүрген Несіпбай еді. Көңілінде қуаныш та, мақтан да кіре бастап еді.

Бұдан да қырағымен, жырындымын деген Жартыбай шабан құмды сағалап, алысқа мойын созса, бұл совхоздың жалпы жоспарын бұзбай, жақыннан-ақ шығыс тапқан сияқты еді.

Бірақ дәл кеше сол Жартыбай есебі дұрысқа шыққандай боп, бұл бір тосын апатқа ұшырап қалды.

Таңертең күн ашық болды. Тау қойны ешбір жаман ырым шеккен жоқ, меңіреу, тілсіз, дүлей әуе не бүккенін кім біледі?

Қой, қозы тыраңдап қара шаттың бір тік бетінде шашырай жайылып жатыр еді. Мал ортасында Несіпбай өзі. Және Күзембай мен басқа да екі шабан да болатын.

Тау оты қой бүйірін күн жайылса да қампита қапты. Соны тамашалап жүріп айналаға көз салмап еді. Ұлы сәске кезінде құмнан, теңіз жақтан сайтандай боп, болымсыз сұр бұлт шықты. Шығысымен бықсыған індеттей боп, сүріне-қабына асыққан тәрізденіп, тауға қарай ұмтылды. Барған сайын құрдым, шөл бітімдес жұтаң сұрлық қоюланып қалыңдай берді.

Тау ішінде жүріп бұлар байқамап еді. Бір сәтте аспанның қақа жартысын басып, жоғарыдағы биіктің басын қоршап алды. Алдамшы күні сөніп, әлдеқайда тығылып кетті. Ес жиғанша болмады, шатыр-шұтыр нажағай ойнап, алғаш соққан жел лебімен бірге нөсер де құйып берді. Секунд сайын аспаны мен тауы қоса күтірлеп, Алатау бүгін ғана қайта туып, жер астынан енді ақтарылып шығып келе жатқандай болды.

Қой-қозы біресе ыға жөнеліп, біресе дірдектеп бастарын ыққа бұрып, жонын төсеп көрді. Бишара жас қозы ене бауырына басын тықты. Кейде нақ төбелерінен жарық беріп, шарт еткенде иіріліп, ықтап тұрған қой дүрік беріп жарылып та кетеді.

Несіпбай мен барлық шабан қатты састы. Енді Несіпбай ойынан жортып өткен күдіктің бір үздігі:

— Ай, жаңылмас игі едім. Жартыбай кәпір айтып еді, сол ақыл таппаса игі еді... Бұршақ деп еді-ау, — дей берді.

"Шығасыға иесі басшы" болғаны ма? Аузын жиғаны сол-ақ екен. Нөсер шын бұршақ, мұз бұршаққа айналып сала берді.

Киіз қалпақтың сыртынан сытырлатып ұрып барады.

Барған сайын соққысы қатаң. Жерге түскені шоршып-шоршып түсе бастады. Күн де сәттің ішінде суыта берді.

— Ай, ірілеп кетті-ау, кәпір, жазым қылмаса игі еді.

— Кесектеп-кесектеп кетті-ау.

— Енді қайттік?

— Қылды-ау, қылды-ау қыласыны, — дей берісті.

Сол арада Несіпбайдың көз алдында, енесінің бауырына артын тығып, тұрған қызыл қасқа қозыға бір кесек бұршақ қара құстан сақ етті. Сол секундте жас қозы ыршып барып қалпақтай түсті. Сұп-сұр боп бір сәтте қартайып кеткен Несіпбай жүзі енді бір оймен есін жиғандай болды, жаңағы қозыға қарай тап беріп:

— Шөкем-ай, бишарам-ай, — деп кеп үстіне өз денесімен төне беріп қоршай қалды. Болмады, бұл алғашқы ғана тұяқ серпу сияқты еді.

Осыдан соң есін жиып, айғай салып, бар қойды бір араға шырық иіруге тырысты.

Орындарынан тапжыла алмай, есі шығып қалған қойлар оңайлықпен иірілмеді. Әйтсе де барды салып қарбаласып жан таласа жүріп, 4—5 жүз қойды болса да бір араға шоқтай қып иіріп алды. Жалғыз айла. Несіпбай тапқан айла осы еді.

Иірілген қойдың іші ұсақтарына — қозы, лаққа пана болды. Соққыны қатқын сіңір, үлкен қойлар ғана көретін болды.

Бірақ керегі не? Қырсықты таудың бар бұршағын бір өзінің басына алудан тартынбас еді. Дәрмен, талап бәрі ақтарылып, төгіліп қалғандай болды. Он қозы өлді. Өзге талай қозы әлсіреп, миы айналып, мүгедек боп қалды. Кешегі жиында Несіпбай басын сарапқа салдырған осы опат. Бүгін міне қайта қашып, тауды адыра тастап тағы балаққа кеп отыр. Сенбейді, шытыр мынау.

Қойдың алды өре бастады. Бір шеті өзеннің арғы жағасындағы қыраңға шығып кетіпті. Күзембай сонда жүр екен. Несіпбай орнынан тұрғанда, ойдағы қойдың бәрі өрді. Сонда көрді... ойлаған күдігі күттірмейін деген екен.

— Уа кесел, оттан қашсам, суға ұрындырдың ба? — дей берді. Әне, ана қой тулап жатыр... Жүгірді... Белгілі, іші кеуіп кетіпті. Улаған ғой, торсиып дөңбектей боп, іші шаңырақ атып кетіпті. Жүгіре басып, жанынан дәрігер берген бізді түтікті суыра келеді. Анадан Күзембай да бірдеме деп дабырлай жүгірді.. Ол алыста... жеткенше қашан.

Келісімен ана қойдың сол жақ мықын тұсын белгілеп ап бізді сұғып жіберді. Тірі қойдан қан, жын иісімен бірге пысылдап атқып жел де шығып жатыр. Бірақ тоқ қарынның жыны быршып сыртқа шыға беріп, тесікті бітей бастады. Іштен шығатын жел дыбысы басылып барады. Енді түтік орнату керек. Соны көтеріп орната берем дегенде, оң қолы сылқ етіп түсіп кетті. Бағынбайды. Өз денесі емес, жапсыра салған бөтен мүше, жансыз киіз тұлғадай. Сүлдері құрып, суынып кетті. Әлсіз боп, тарбиып ашылып қалған саусақтарының арасынан біз бен түтік қабатымен жерге түсті. Несіпбай жылағандай боп, сол қолымен бетін басып отыра кетті. Аздан соң ана қойды Күзембай келіп баурап алды. Несіпбай шөккен күйінде отырып қалды.

Қол... Оң қол... Ескінің бір сызы сенің басыңнан да кешкен еді-ау.

Жиырмасыншы жыл. Өкшелеп қуған алғыр жүйріктің тізесіне шыдамай, ақ қасқырдың белі бұраңдап, тілі салақтап, титығы құруға айналған кезі еді. Арқа мен құмнан бетін қайырып айдап шығып, қызыл қыран енді Лeпci, Қапал тауында қаусырмалап жепіріп кеп, қайраңға соққан шабақтай белін опыра бір теуіп, тояттамақ еді. Қуған, мегдеткен жайының ығы кетіп, құйрығы сөлектеп, шұбатылғаны әлдеқашан. Сол құйрық сүйретіле барып Қапал шыңына кірген-ді. Енді шығар ауызда, тасқа жаныштап, сығымдап, басып қалмақ болып, батым шеңгел лап берді.

Ол күнде қызыл партизан Несіпбай зеңбірек, пулемет, винтовка үндерін бүгінгі қойларының маңырауындай сезінеді. Ертеңгі, кешкі тіршіліктің тыныс дабылы сықылды.

Топ ішінде ақтың соңғы отрядын, тас інге кіріп бара жатқан ақшуланның құйрығындай керіп, қызыға, желіге қуып келе жатыр еді. Тұяқ серпіні тас ұшырған қызыл отряд қалың шыңның ішіне ағындап бата кіріп, жаудың алдын кесіп алмақ болды. Құйрық отряд шекараға іліне бере өкпе тұсынан үңілген қызыл сүңгіні көрді. Екі жақ асу белдің қойнауында темір болат тістерімен қарш-қарш шайнасып, жанталасты.

Күн — түн, түн — күн боп кетті. Арттан көмек жете алмады. Адасып кетті ме? Әлде басқа бір топтың таңдығын жыртып, қармалап жүр ме. Саны көп ақ отряд бөксесін тасқа тіреп алып, жота жүнін мыңдаған найза қылышпен үрпитіп ап, қатты алысты. Кетер аяқ, кетпен таяғы еді. Несіпбай эскадроны екі жүз кісі. Жау құрсауы соның алды мен артын төңіректеп, бір жазылып, бір шумақталып орай берді. Өнебойын дала-дала қылған қыран шеңгелінің ең болмаса бір өткір тұяғын шайнап кетпек еді.

Эскадрон тар шатқа бекініп алды. Жіңішкелеп аққан бұлақ суы таныс еді. Бірақ екі жақтағы кереге биік пен осы кішкене сайдан басқа таудың бәрі бұларға жау болғандай өре тұра келді. Күндіз-түні шыж-шыж етіп, өлім атойын салып жау оқтары зуылдайды. Он төрт күн ұрыс болды. "Өмірге қош болын" біржолата айтып алған партизандар қажыған, талғанын білдірмей тұрып, қалың жауға төтеп берді. Бұл шат, талай ақтың көр шаты болды.

Орнығып алған соң эскадрон екі бетке, жоғары-төмен мергендер жатқызып, жоталардың екі-үш жеріне — сезікті жерлерге пулеметтерді төсеп қойып, басы қылтиған ақ тобы болса, ұстарадай жалап түсіп тұрды. Күндіз талай қызығып келген ақтар, топ-тобымен шыбындай жусады. Бірақ күдікті, қаупі көп кесел кез, ылғи қара түн. Тау ішінің түні. Мызғымай қақап тұратын сақтық сонда керек.

Несіпбай сол он төрт күннің ішінде ұйқыны ұмытты. Анда-санда жиырма минут, жарты сағат қалғып алып баса береді. Алғашқы күн ғана ауыр боп еді. Содан әрі қабақ қатып алған соң ұйқы да дәнеңе емес екен. Не ішіп, не жегендері мәлім емес. Әйтеуір соңғы үш күндей жалғыз суды ғана нәр қылды.

Төртінші күн дегенде артынан жеткен қолдың сарыны келді. Дос зеңбіректер, тау іргесін сөгілдіріп, жөткіре-жөткіре тіл қатты.

Кірпікшешен асаймын деп қаңсылап шығатын жайын аузындай боп ақтың полкі өтесінді енді көрді. Сегіз жүз кісіні эскадрон бекінген шаттың айналасында қырғызып, селдіреген сұйқыл топпен зорға дегенде бөксесін сүйретіп барып, асудан аса жығылды.

Міне, сол он төртінші күнге қараған түнде, таң алдында ақтар тағы бір ышқынып қаусырмалап еді. "Жотаға шығармаймыз" деп жиырма кісінің ішінде Несіпбай да иек артпаға өздері шығып атысқан болатын. Сонда дәл осы оң қолына шынтақтан жоғары қалың ет пен сіңірдің арасынан оқ тиді. Апат қырғыннан жаралы боп қайтты. Ақтың арты сол, Жетісудың пәледен арылғаны да сол еді.

Қазарма, олақ дәрігер... Жүре емдеді. Оқты әлденеден ала алмады... Беріш боп қала берді.

Алғашқы бірер жыл ауырсына жүріп, ұмтылғандай да болып еді. Бірақ қосшының бір тойында серке тартып жүргенде білегінен жылымшы қан ақты. Ет қызуы қайтқан соң сезе бастады. Баяғы жараның орны енді кеп ашыды. Шешініп қараса, оқ жылжып, жара тыртығының аузына келіпті. Жолдасына пышақпен тілдіріп отырып, жау белгісін алдырып тастады... Артынан жарасы көпке дейін бір ашылып, бір бітіп, көп әуреледі. Қашан зақым келгені мәлім емес, әйтеуір содан соң сіңіріне дерт араласты. Оң қолы қайырымға келмейтін болды.

Кешегі күндер қырықтыққа араласа алмай жүргені де сол еді. Бүгін енді, міне, жанталасқан жерде мүгедек қып, кем қып отырғаны мынау... Осы қолының өзі ана сол қолынан артық. Басын шайқап...

— Ай, ескінің сызы-ай. Кәпір-ай... — деп оң жақтағы жотаға қарай мойнын бұра берді. Ат пысқырған еді...

Алаяқ керге мінген политотдел Рақым екен. Оның артынан ақ танау атқа мінген Құлжатай да көрінді.

Жүсіп қолында малшылықты бірге өткізген, жаңағы Қапал тауының шатында тағы да қасында боп, ажал лебін бірге иіскескен, партия-қосшы тобына бірге кіріп, қатар жасасып келе жатқан кәрі досы. Ол мына жердегі "Шақпақ" колхозының бастығы. Осы совхоздың шефтігіндегі колхоз.

— Бұ да бір мұңмен келді-ау... Әйтпесе мына науқан үстінде күндіздетіп бос қыдырып, уақыт өлтіріп жүретін Құлжатай ма? — дегенше жақындап келген Құлжатайдың жүзін көрді.

Шынында, оның арық жүзі сұп-сұр боп, қабақтары қалың ажыммен айғыз-айғыз боп алыпты.

Политотдел ашаң жүзді жас жігіт бұған жаңа кездескен екен. Оның көрмегені Несіпбай еді. Әдейі осының қойын көріп, енді не ойлайтынын білмек еді. Болған күйлердің түп себебін ұғынбақ. Қой-қозыны аралай жүріп, үсті-үстіне сұрақ береді.

— Не қып, не қып осы бір болымсыз бұршақтан сонша қозы қырылды? Баяғыда да өлуші ме еді?

Құлжатай Несіпбай көрген қазаны естіп бұрын да күйініп еді...

— Бұрынғының не керегі бар? Өлтірсе надан, сасық бай өлтірсін, біздікі не? — деді.

— Бәсе, оның өлтіргені сын ба екен? Жұбаныш жоқ! — деп Несіпбай өз кінәсін ауырлата түсті...

— Жоқ, сонда да білейік, білдіріңдерші, — деп Рақым қадала берді.

— Өлтіруші еді... Бірақ бұндай... — деп Несіпбай осы өлімнің себебін ойлап соза бергенде, Құлжатай:

— Бірақ, мұндай қауырт өлтірмейтін, — деді. Рақым тағы да іле жөнелді.

— Себеп не?

— Себеп? Сол себепті ойлап келем, — деп Несіпбай оң қолының оқыс ауырған жерін сипап тұрып: — Себеп — ескінің сызы ма деймін, — деді.

— О не дегенің? Қандайсыз? — деп Рақым басында түсіне алмады.

Құлжатай да аңырап қалған еді.

— Көз алдымнан өткіздім ғой. Кеше зоотехниктің бір сөзі көңіліме қона кетті. Бұрын ондайды қазақы күйде есеп қыламыз ба? Сол бір дұрыс сөз айтты...

— Не деді?

— Тақ осы қозылардың енесі совхоздың қиын күндерінде 31—32-жылдарда туған қозылар еді. Ол күнде осы совхоздағы басшымыз да, қосшымыз да тегіс қателеспедік пе, малға қырымыз болмай, түгел окот дегенді былтыр мен биыл ескеріп, "мал бар екен, жан бар екен" дегенді енді ойлағандай болдық. Әйтпесе анау кезде қашар қандай болды?

— Е, оны атап сұрамасаңшы, — деп Құлжатай да бас изеді.

— Қой жататын қораның іші шылқылдаған су. Белуардан келіп қыс бойы ойылмаған қи жатады. Астынан сыз өтіп, қыс бойы іш тастап жатты. Қозы деген туды не, өлді не, қарадық па? Артынан көктемде қи ойғанда талай қозы, жылпысқаны қимен бірге аудармадық па? Өліп, басылып, тапталып қала берген... Сонда бір суық, бір сыз ішінде тұрған осы қозылар суыққа өкпесін алдырмады ма? Зоотехник: "сол кезде туып өскен қойдың кеудесінде дымқос бар. Сондықтан оның сүті де аздау. Балалары да кейде нашар туады" дейді. Осынысы тіпті рас. Биылғы окотта түн ұйқыны төрт бөліп, ылғи фонарьмен алысып Күзембай екеуміз бар қозыны қолдан тудырдық. Окотты өзіңіз көрдіңіз, бәйге алып жақсы-ақ өткізбеп пе едік. Қозы шығыны болған жоқ, бағып-қағудан кенде емес. Бірақ сонда да тақ осы өлген қозылар тез торалып, тез тойына алмады. Кешеден Күзембай екеуміз барлық өлген қозының шеше тегін талдап шығып ек, түстеп білеміз ғой енелерін. Ылғи тұсақ қоздаған дымқостық ала туған қозылар... Енелері де өзге қойдай емес, сонша жоны жарылып семіре қоймайды. Бұл өзі қатты күтетін тұқым, бір сондай ерекше буын екен. Ескінің осылай етекке шырмалғанына кез болдық Күзембай екеуміз. Болмаса нақ кешегі бұршаққа дәл мұндай қаусай қалмас еді.

Бүгін осы әр нені ойлап-ойлап кеп тапқаным осы болды. Ескі-ескінің қитығына тиіп қалғаны сол, — дегенде таңертеңнен бері Несіпбайдың өз басын әрлі-берлі толқытқан ойдың бәрі енді жадырап, шешілген сияқтанады. Әлденеден түсі жайлап ашылып, қабағындағы кейісті серпілте беріп, күлімсіреп:

— Мал қылсақ, еңбек етсек осыған етейік. Дымқос баланы ата-ана қандай ерекше аялап, мәпелеп бағады. Күштің бәрін осыған салып, енді мұны ащыға да, соныға да шүйгітіп, ескінің бар ласын кетіреміз. Бәлемнің сүйегін ағартып, кеңестің жақсы совхозының атпал түлігі қып шығарамыз, жолдас политотдел, — деп Несіпбай қасында мейірлене күліп тұрған Күзембайын арқаға қақты.

— Япыр-ау, мынау сөзің көңілге қона кетті-ау, Несіпбай. Менің де бір түйінімді шештің-ау. Ескінің сызы дедің бе? Мен де соның зардабынан кеп тұрғам жоқ па?

— Ия, сенікі не еді? Не қып жүрсің өзің науқан үстінде? — деп Несіпбай досының шаруасын енді ғана сұрады...

— Мына жолдас политотдел екеуіңе әдейі бір баяндама істейін деп келіп едім, — деп Рақымға қарады. Несіпбай сөздеріне ойланып қалған Рақым, енді бұның жайына құлақ салды...

II

"...Шақпақ" төртінші ауылдағы бес колхоздың бірі. Тастақ суының осы сол жақ бетіндегі жердің көбі сол "Шақпақ" колхозыныкі. Егіндік жерлерін совхоз берген трактор, көлік көмегімен айдап жатыр. Бұл күнде жоспарды толтыруға жақындаған. Егуге жарамсыз тасты жотаны, ойлы-қырлы жерлері осы қой жатқан өлке. Бұны өздеріне жәрдем етіп отырған совхоздың бірер сақпан қойы уақытша жайылуға колхозшылар рұқсат етіп, совхозға берген болатын.

Түндерде осы өлкелерде колхоздың өз жылқысы да жайылады. Анау шағылдың арғы астында жіңішке өзен жағасында ұзындығы бір километрдей жерге созына орнаған 50—60 қора, сол "Шақпақ" колхозы болады.

Құлжатай жәйі Рақым мен Несіпбайға мәлім. Бұл былтырғы көктемге шейін осы қой совхозының шопаны боп келген. Бірнеше жыл істеген еңбегі совхоз жұртшылығына қанықты. Осы күнге дейін "Шақпақтағы" кіпжене үйінің қабырғасы неше алуан мақтау қағаз, грамоталарға толулы. Кеңес ісіне адал, берік, сенімді болған еңбектің куәлары. Совхоздан өзі кетем деген жоқ еді. Үй ішіне, өз басына болса да ең жәйлісі үйреніскен совхозы еді. "Шақпақтың" ол күндегі жәйі өте нашар еді. Ел аш, арық, көлік атаулыда сан да, сапа да жоқ, бар болса қыршаңқы, шолақ, жауыр. Бұрын белсенді жайлаған колхоз. Құлжатай барар қарсаңда көтеремнің күйінде. Арқа басы жауыр, ыңыршақ, тулақ боп қалған тор шолақтың күйіндей еді.

Өз қамын ойласа, бейнеттен тартынса Құлжатай онда бармас еді. Бірақ партия мен үкімет болып сондай қолхоздың адамына да, малына да ата бейілін салды. Мейірленіп, құлаш созып, "көтеремін көгертем, аш-арығын тойынтам, еңбек етем", — деді. "Соңғы жылдар қиыншылығын ұмыттырып, олқының бәрін толтырам", — деді. Ол партияның ұраны. Кеңестің саналы еңбекшісі көтерген үлкен ту еді.

Райкомның ұйғаруымен қатар Құлжатайдың өзі де "Шақпаққа" бармақ, қиындықпен алыспақ, жеңбек болды.

Міне, бір жыл, ауыр бір жыл, сыны көп, қиыншылығы көп бір жылы өтті. Құлжатай мақтануды білмейді. Білгені тынымсыз, толассыз төс-табандаған еңбек, өрге сүйреген талап, талпыну. Сонда өз тұрмысы не еді?

Оны биыл соқаның алдында үйіне бір барып, шефтікке алар алдында колхоз жайымен таныспақ болған Рақым, Несіпбай өз көздерімен көрген.

Құлжатайдың қатыны безгек. Емшектегі кішкене бала — жалғыз еркек баласы Серік те безгек. Жыл бойы үстеріне жаңа лыпа ілмеген қатын-бала да, өзі де киімнен, көрпе-жастықтан жүдей бастаған. Ержеткен қолқанат жоқ. Құлжатай үйінің бұдан соңғы жалғыз қайраткері — он екі жасар қызы Жәмила. Ac істейтін, ауруларды күтетін, әредікте әкесінің "барып кел", "шақырып келіне" жүгіретін тағы сол.

Құлжатай үйіне келе сол қызына шай қою, отын, су тасу, оны-мұны басқаруда ұдайы көмек етеді. Кішкене қызының жастығын да ұмытып кеткен сияқты. Ол бір үлкен серігі сияқты боп алғандықтан: "балам" демей, "Жәмила" демей, ылғи "Жәке" деп атандырып алыпты.

"Жәкең" әкесіне бұның кішкенелігіне қарамай кейде бір қызыққан балалық алданышын бұзып, немесе қолынан келмейтін бір қиындыққа жұмсаса, анда-санда:

— Қойшы тіпті, бармаймын, — деп серпіп те тастайды. Ондайда Құлжатай ашуланбайды. Екінші қайырып айтпайды да. "Жәкеңнің" өз мінезі бар, өзінше тұтасқан беріктігі бар. Ол соншалық жасып кеткен бала емес. Қайта ажары сынбайтын отты. Сонысына Құлжатай ешбір уақыт салмақ салып, зорлық етіп көрген емес. Әлгіндей деп ашу шақыра бастаса Құлжатай:

— Ал, ал, жарайды, өзім барайын... Қоя қой, — деп өзі бәйпеңдей жөнеледі.

Алты ай қыс бойында ауру қатын мен баланы дәрігерге апарып емдетіп, көрсетіп қайтуға да уақыты болмады. Безгектері бір қиын безгек. Екеуін де меңдетіп бара жатқан сияқты. Бірақ сонда да колхоз көлігін қия алмай, не өзі босарлық уақыт таба алмай әлі күнге келе жатыр. Дәрігері құрғыр да алыста тұрады. Және мәлім ғой, бір барғанда бір-ақ ем жасап жаза қоя ала ма? Көп көрініп, ұдайы емделу керек. Оған мына қарбалас ортасында мұршасы келетін Құлжатай ма?

Осымен өз өмірі өтіп бара жатыр. Бірақ оның есебінде колхоз үшін Құлжатай қандай құрақ ұшады. Бұның кішкене жүдеу үйіне қонып отырып Рақым, Несіпбай көрген. Күн ұзын қолы да, аузы да, ой-тілегі де колхоздың жүз түрлі мұндарынан босамаудың үстіне, түн ішінде де Құлжатай тыным көрмейді екен.

Бір түн ішінде анық төрт-бес рет тұрып фонарьді алып жөнеледі. Тыным алмай қарайтыны екі бригаданың аттары. Науқан жақын.

50-60 жылқы бар. Оның түнгі қораларына кірсең тып-тыныш тұра алармысың? Бір жерінде ақырдың ішінде жем таусылып, тұқырланып қалған. Мезгіл-мезгіл үстеп салып тұрмаса шашып тастайды, жемін еселеу керек. Бір жерде азулы үлкендермен катар ұсақ жағы, тай-тулағы тұр. Оларды аналар тістеп, теуіп, жемінен қақас қалдыратыны бар.

Және әсіресе, тағы бір жерде жиырма бес шамалы буаз бие бар. Ол Құлжатайдың колхоз шаруасы ішіндегі он көз, сол көзіндей қақап күткен бір бөлімі. Бірер жыл күттіретін болса да ол шолақ қолды ұзартатын, тар тұсауды кеңейтетін келешек, колхоз келешегі. "Бас кетсе де осыларға зақым келмесе екен" дегендей Құлжатай ішкен асын жерге қояды. Күзден аман келді. Қыс та оларға зілді болған жоқ. Енді әлі тумаса да, осы биелердің ішіндегі құлындар "Шақпақтың" ат орнына санап отырған малы.

— Желіні ерте жеткендері құлындап жатыр ма? Әлде тебісіп, қағысам деп бірде-біріне зақым келді ме?

Қулық тор биенің қасына анау ақырдың шетінде тұрған көк дөнен жақын еді.

— Бір тебеген пәле еді жүдә, кісәпір... қап, болмас... — Тағы атып тұрып, жарқанат фонарьді жағып алып, тарп-тұрп басып жөнеледі.

Кейде біреуді боқтап: "Бүгін сары бауырды қан сорпа қып қайтыпты. Арқасы ісіп қала ма қайтеді. Әкесі өлді ме екен сонша шауып қинап", — деп әлдекімге лағнет оқып қайтады.

— Тілеуің бергір... Әй, саған еткен еңбегім жанды-ау, қарағым, — деп біреуге бар бейілімен алғыс айтып, дән ырза боп келеді. Бұнысы Шәріп.

Құлжатайды тұрғызған аттар жайындағы күдікті о да ойлап, бұл барғанша көбінше жайластырып, тындырып қояды.

"Шақпақ" колхозында Құлжатайдың өзіндей үлкен бейіл, ынта көрсеткен ең сенімді серігі Шәріп.

Бұл он тоғыз жасар жас жігіт. Ол осы күнде толық, дөңгелек сұр бетті, сергек жас. Бірақ, былтыр көктемде Құлжатай осы колхозға келер қарсаңда қандай екенін көрсеңдер. Несіпбай біледі. Ол уақыттағы түрін көріп: жан болмайды, өледі, деп күдер үзген. Құлжатай өз үйіне алып, асырап жүр екен. Сыртына шығарып айтпаса да Несіпбай сонда:

"Құлжатай байғұс босқа еңбек етіп жүр ғой, басқа тың тұяқтау біреуді асырасайшы. Мынау сынып кетіпті, ісік мынау. Орнынан тұрудан қалыпты. Не болар дейсің?" — деп еді. Олай болмапты, енді Шәріп міне, тепсе темір үзерлік атпал азамат болыпты, болғанда және қандай. Колхозға деген еңбегі мен бейілі Құлжатайдан да әрі өтеді.

Бұрын бұ да бір үйлі жан еді. Шетікен еңбек адамы еді. Ауыл ішіндегі жалған белсенді Жұматай деген осыларға өштесіп, бір науқан үстінде 32-жылы колхоздан тайдырып жіберіп, бәрі қаңғып кеткен. Әкесі сол жолда өліпті. Шешесі мен 5 жасар інісі Кәрімді асыраймын деп, Шәріп көп ұрыныпты. Бірақ асырай алмаған. Қала жөнін білмейді, дүние көрмеген бала жігіт. Қала дегенге анықтап барғаны да сол еді. Жол-жосықтың ештеңесін білмеген соң, даланың момын жігіті шығар жолды таба алмаған. Қызметке орналаса алмай, қаладан кетіп, азығы біте бастаған соң, шойын жол станцияларында қайыр тілеуге айналған. Сол кезде шешесі бұрын бір көңілі жақын адамымен қосылып, Ташкент жаққа кетіпті. Кішкене бала Кәрім бірге кеткен. Бірақ сол кезде Шәріптің аштыққа қатты шалдығып қалған кезі еді. Сүйретіле жүріп, бар шамасын тауысып, ақыры "Шақпақтағы" Құлжатайдың босағасына соңғы барлық күшімен сүйретіле кеп жығылған екен. Ол кезде ісініп те, тістері де түсіп, біржолата әлсіреп кеткен уақыты еді. Несіпбай сонда көріпті.

Шешесімен кеткен Кәрімді анау жаңа әке болған адам барып алған соң ауырлапты. Бір күні шешесімен сөйлеспестен, өзінен өзі байлау жасайды да титтей баланы поезға салып әлдеқайда жөнелтіп жібереді.

Кішкентай Кәрім басына күн туған соң, өз бойынан тіршіліктің болымсыз шақпақ отын тауыпты... Қалай келді? Не көрді, кім жәрдем етті, не біліп, кім іздеді? Мәлім емес. Әйтеуір осы "Шақпақтағы" Шәріптей тағы бір жігіт Әшім, о да Жұматайдан көп бейнет көрген бала еді, сол осы "Шақпақ" тұсында Жалтыр станциясына барса, қасынан бір кішкентай бала қалмай орала береді дейді. Айтар сөзі жоқ. Құр мынаған көзі жаудырап, бірдеме деметіп ілесе береді. Қозғалса ылғи артынан қалмайды. Сонан соң Әшім байқап қарап шырамытады да атын сұрайды. Анау "Кәріммін" дейді. Әшім өз басынан кешкен емес пе, көзінен жас ыршып барып, құшақтап көтеріп алады. Сол көтерген бойынша колхозға әкеледі. Міне, сонымен Шәріп інісін тауыпты. Ол осы күнде қолында. Шәріп өткен жазда әбден тойынып алып, күзде колхозға ерекше қатты еңбек етті. Сол кезде үкімет сиыр беріп, аш-арыққа жәрдем еткенде бір сиырды бәйге деп, бар колхоз боп ұйғарып, осы Шәріпке беріпті. Енді үйлерінде ағы бар және жақында Шәріп үйленді.

Несіпбай, Рақым көрген сол Шәріп, Әшім деген жігіттер Құлжатайдың барлық колхоз ішіндегі оң қолы, сол қолы еді.

Осы жайларын қысқаша ескертіп өткенде Рақым мен Несіпбай колхоз бастығының өздері білген жағдайларын түгел еске алды.

Бүгін Құлжатай сол жаңағы Әшім мен Шәріп жөнінен туған бір шатақпен келіпті. Орталау, қағылез бойлы Құлжатайдың ашаң, қызғылт жүзінде үлкен ыза, қатты кейіс бар. Онсыз да іштегісін ірікпестен сыртына шығарып тұратын шыншыл беті сақал, мұртқа тым жұтаң, көселеу болғандықтан "ренжідім, күйіндім, сендерге шаға келдім" деген сияқты жайларын Құлжатайдың тілінен бұрын жеткізіп, ап-айқын қып білдіріп тұр.

Бет ажарына қосымша қолдары мен денесі де тыным алмай көп сермеліп, көп ырғалып қозғалып, өзінше талай тұспалдар айтып жатады. Қыза сөйлегенде Құлжатайдың екі қолы бірдей көтеріліп, не қабатынан, не кезегінен сермеліп, бұны бір су ішіндей ой ішінде малтып келе жатқан кісіге ұқсататын.

Қазіргі Құлжатай әңгімесінің бас қаһарманы Жұматай. Несіпбай "ескінің сызы" дейді ғой. Жұматай қылықтарын ескінің сызы десең де, өзі десең де болар еді. Бірақ Жұматайдың өзін кім дерсің? Сыз деуге бұл еңгезердей үлкен бойлы, әдемі қара мұртты, ашушаң, бұлтиған пәлеқор көзді, кекірдей кісі. Жуандап қалған қарнында ұдайы белдік көресің, басында сусар бөрік. Бешпет, шапан қалаша, татарша тігілген. Жаяу жүргенін білмейсің. Қасында ылғи қошаметшілері болады. Құр сыз ғана деп қайтып айтарсың бұны? Ал ескінің өзі дейін десең о да партия мүшесі, ауылдағы кеңес қызметіне бұл іліккелі қашан. Айта берсең осы күнде төртінші ауылдың кеңес ағасы.

Жұматай қыс ортасынан бері бұрын мекен етіп тұрған "Калинин" колхозынан көшіп, осы "Шақпаққа" кеп орнап еді. Тегі бұдан екі жыл бұрын ол 7-ауыл кеңесі боп тұрып, осы құртып шықты деген лақап болатын.

Сондағы тапқан дағдысы болу керек; өз қоластына қараған ауылдың бір колхозында ұдайы орнап тұрмайды. Мына төртінші ауылда да соны істеді. Жыл жарым ішінде осымен төртінші колхозға ірге аударып отыр. "Калинин", "Қызыл жұлдыз", "Қызыл шығыс". Енді міне "Шақпақ" — барлығы да, бұған бірі қыстау, бірі жайлау. Әлді колхоз болса қыстау есепті, ұзақ мекен. Бірақ әлдеқандай есеппен немесе істеп қойған былықпен енді онда тұру ыңғайсыз болса ірге аударады. Сонымен екінші бір колхозға тебіндеп, жайлау ете жүреді. Арада күзеу, көктеу болып, өзге колхоздар да құрығынан аман болмайды. Әрине, біреуінен кетерде "үзілдім, болдым, енді сені көрмеймін" деп кетпейді. "Кеңес өкіметінің арқанды босатқаны" дейді. Бұл өзі істейтін жақсылы-жаманды істің бәрін ылғи "кеңес өкіметі, кеңес қызметі, өкіметіңнің тапсырғаны" деп, әбден аузы үйреніп алған. "Қамын жейтін өкіметің болған соң, азын-аулақ салмағы болады ғой. Бірақ, енді соны ылғи сенің колхозыңа сала беруге бола ма? Кішкене арқа-басыңды босата тұралық", — деген болады. Өзінің бұл колхозда істеген шикіліктерінің бәрін осылайша "кеңес өкіметі айт" деп тапсырып жіберген базыналықтай қып, майдалап жуып-шайып айтады да, екінші колхозға ауысады. Іргені бір колхоздан екіншіге неге аударатынын ауданға барып, әбден мәлімдеп, дәлелдеп болған. Және аралары жақын колхоздар. Сондықтан бұның бүйтіп жүргендерінің ішкі жағын сырт кісі байқамайтын да. Екіншіге келерде тағы да момын колхозшыға талай жылғы сыр мінез жақынындай, тайтаңдап күле кіріп:

— Осы бәрінен де сен жақсысын. Аналар үкімет қадірін, кісі қадірін білмейтін, еңбегіңді бағаламайтын құнарсыз көрінеді. Тапқан-таянғанды сендерге салып бір сүйрейін... Уа, мал ма? Малды өсірем. Соқа-сайманды молайтам. Аудан білесіңдер, өзіміздің аудан ғой. Барын бізден ірікпейді бишаралар... Исполком, прокурор бәрі де "үй деген, бүй деген" боп жатыр. "Әйтеуір өзің біле берсеңші, Жұматай, десіп жатыр байғұстар", — деп барлық аудан басшылығын әлі қарым-қатысы үзілмеген құдандалы ескі көз, сүйек шатысындай түсіндіреді. Қасында мүше, хатшы, жәй жігіт болып жүрген тобы бар. Бәрі де бұл жөнде әбден тіс қаққан ептілер. Жұматай әдейі іріктеп алған.

Қайда барса тастамайды. Тіпті арасында аразы, аңдысқаны Жетпісбай сияқты бұзар болса, оны да ерте жүреді. Бұл екеуі бір сәтте араздасып, бір сәтте қайта табысып, көлденең қараған кісіге араларының шыны не екенін білдірмей, үнемі шаңқаптырып отырады. Бірдемеден ілік шығарып, жік жасаған сияқтанып, колхозшылардың наразы, ренішті жайлары болса колтықтарына кезек тартып, шегінің қырындысына шейін білісіп ап, артынан табысқан күндерінде соларын ашып салысып, бір-ақ ойын жасайтыны тағы бар. Әйтеуір қасына ерген топтың бәрі мұны құлатып тастауды түп мақсат қылмайды. Қайта ауданға барса, не өкіл-мөкіл келсе айналасын шырмауықтай орап алып, Жұматайды ылғи "Жұмекең" атандырып қойып, соны үнемі даттаумен болады.

Көп колхозшы Жұматайдың ауданда не істеп жүргенін біле алмайды. Бірақ білгені әйтеуір аудан ішінде бұны сүйейтін екі-үш кісі үнемі болып отырады. Оларды кейде дұшпан көзі қып, өзі тұрған колхозға қонаққа әкеп, сыйлап жіберіп те отырады. Кей-кейде сол азаматтардың үйіне осы колхоздардан сойылған бірен-саран сиыр, қой, тай сияқтылардың еттері барып қалатыны да болады. Бірақ ондай көп жарыққа шықпайды, бірер күн сыбыр есепті айтыла жүреді де жабылып қалады.

Осы Жұматай кешеден бері "Шақпақ" колхозына бір әлек кіргізді. Пәленің басы Шәріп бағып жүрген биелерден басталған. Жиырма бес биенің бұл кезде көбі құлындады, төртеу-бесеуі әлі құлындаған жоқ. Кенже құлындауға айналғандар еді. Соларды Құлжатай мен Шәріп ешбір қатты қайырым жұмысқа салдырмай, барынша қорғаштап жүрген.

Кеше таңертең сол ауыл кеңесі ауданға тығыз бір ақпар жіберем деп, өз бетімен бұйрық етіші де, жаңағы буаз биенің қолда тұрған біреуін өзінің жігіті Шәлтікке мінгізбек болыпты. Құлжатай егін басында екен. Шәріп: "бермеймін, мінген соң тағы шабады. Бұны беріп кісі мал көре ме?" — деп қарсылық еткен екен, Жұматайдың өзі келіп ақырып, боқтапты. Шәріп сонда да болмай тізгінге оралып жабысқан екен, хатшы мен Шәлтік бұны сабарман боп, жер-жебіріне жете жүріп тартып әкетіпті.

Қайда барғаны мәлім емес. Әйтеуір түсте қан сорпа қып әкеп, Құлжатай үйінің жанына байлап кетеді. Аздан соң бие аунақшып, жаталақшып, шиыршық атады. Биыл қулық құлындайтын еді. Шабдар байтал шабысты көтере алмапты. Аздан соң мезгілі жетпесе де құлындап жіберген. Бір сәтте күйіп қалған кішкентай жылбысқа құлын басында тірі туды. Бірақ Құлжатай мен Шәріп кұрақ ұшып неше түрлі ем-дом істесе де болмайды, өледі.

— Туғалы тұрған биені неге мінгізеді. Мінгізері бар неге мұнша қинайды. Осы колхоз жайы мәлім емес пе еді өздеріне. Шеттен келген лаушыдай қай қылғандары? Осының бәрін жаны күйген Құлжатай білемін деп зерттемей ме?

Байқаса, бұл күнде Жұматай мен Жетпісбай арасы бас қатарлық шытырман күйлер тудырып тұрған екен.

Бұдан бұрын араздасып жүрген екі бөрі дәл осы күндерде татуласып, табысатын болыпты. Тегі алдымен Жетпісбай бейіл берген болу керек. Ол өзі Жұматайдан әрі өткен сарқынды болатын. Өзі орысша, қазақшаға бірдей. Мынадан жасы да жасырақ. Қолынан келмейтін пәле жоқ. Оны да ауданның бәрі біледі. Өзі күлдіргі де, ер де. Бірақ сол қалпында бір тәуір жерге орнығып жұмыс істемейді. Неге екені белгісіз, ұдайы мысық пен күшіктей боп жүрсе де осы Жұматайдың соңынан қалмайды. Бірде араз, бірде татуына екеуі де үйреніскен. Көп уақыт бірін бірі көрсетіп, пәле жаудырудан тартынбайды. Бірақ түбі ағайын және екеуі де: "осы өңірде бұрын әрі саудагер, әрі жуан болған Бердібектің делдалы, пысық жігіті боп жүрген" деген сөздер бар. Түбі бір шарлаған іздері бар. Сыр мінез де, үйреніскен де. Сондықтан бірде араз болса, бірде табысқысы кеп тұратын да өздері болу керек.

"Шақпаққа" кеп орнағаннан бергі соңғы араздықтың кінәлісі Жұматай болу керек. Сондықтан Жетпісбай жағынан емеурін болса табысуға бұл әзір еді.

Ақыры көктемнің егіс уағы өтіп барады. Қамбадағы тұқым болса далаға шашылып құритын. Және араздық уақытында бірде-бір сауық көрмей, көңіл сергіте алмай өлер болды Жетпісбай. Сондықтан ауыл кеңес хатшысы арқылы қабақ сездірген, және: "ауыл кеңесі мені мына қамба маңындағы жұмысқа қойсын", — деген бір кеште.

Содан кейін Жұматай олай шарлап, бұлай шарлап кеп, ақыры бір есебін тапты.

Бұрын колхоз сайлаған охран басы Әшім еді. Ол адал, епті, нағыз қайраткер жас колхозшы. Бірдеме қып соны орнынан тайдыру керек болды. Қыс бойы Жұматай мен Жетпісбай бұрынғы колхоздарда істеген машық бойынша бұндағы қамбаны да көп жағалап еді. Бірақ Әшім аяғына отыртпаған. Мыналар ниетін ылғи серпіп тастап, соңғы кездерде тіпті ашу шақыратын да болған. Жұматайдың кім екенін біліп, әбдеп жиреніп, жек көріп алған еді. Бұрын Шәріптің үй ішіндей қып бұның әке-шешесін де тентіреткен бір мінезі тағы бар еді Жұматайдың. Ол өз бетіне Әшімнің ішінде қатудай байланып жатқан бір дерт болатын.

— Есті жинайық, колхоз ісі оңалсын. Түбі Жұматайдың ініне су құямыз, — деп өздеріне сенген көңілмен жүре беруші еді. Содан арғыға қол да тиіп жатқан жоқ. Жақсы колхозшының көбі шаруаның маңында емес пе? Сасық күзендей түн жамылып, көп жортатын Жұматай, Жетпісбайдың барлық шиірін біле бере ме?

Әшімнің түпкі шырайы басына жақсы емесін хатшы да, Шәлтік те Жұматайға жеткізген болатын. Бұл өзі көзге көрініп, өсіп келе жатқан жас жігіт. Құлжатай да аса жақсы көреді. Бүгін-ертең ілгерілеп, үлкейіп кетсе ғажап емес. Онда Жұматайларға тынышсыз да болуы мүмкін. Ескі пәленің бәрін жете оқыған Жұматай бұндай жастардан қатты сақтанатын. Әлгі әкелерін қудалау, өздерін кеудеге қағып, тартпалап өсірмеу талай колхоз ішіндегі нық саясаты.

Енді сол бетте ойлай-ойлай келіп, Әшімнің де бір есебін табатын болды. Осыдан екі-үш ай бұрын Әшімнің жасындағы жігіттер қызыл әскер қатарына шақырылған болатын. Әшім соған кетпек боп қатты талпынып еді. Бірақ, бұның бейілін көре салысымен Жұматай өз басына қауіп ойлады білем:

"Әуелі жөнін біліп қайтайын", — деп қалаға барды. Барды да бірдеме істеп келді. Не қылғаны дәлді мәлім емес. Бірақ әйтеуір ол жолдан Әшім және тағы бір-екі сол сияқты өзге колхоздағы пысық жігіттер қалып қойды. Жұматай мұндай жігіттердің қызыл әскер болып, жол көріп, жөн біліп қайтқанын мақұл көрмейді. Сол есебіне ыңғайлап, бір нәрсе істеген болу керек.

Енді мына Жетпісбай ұсынысы шыққан соң осы Әшімді тайдыра тұру керек болды да, ауданға тағы бір барып қайтып, Әшім мен анау екі жігітке: "қалаға военкоматқа барасың", — деп хабар білдірді. Жұрт Әшімді "әскер қатарына кетеді екен" деп ойлайды. Сонымен бір-ақ күн ішінде Жұматай момын колхозшылардың үстінен құс ұшырып, астынан ит жүгіртіп, Жетпісбайды уақытша охран қылып сайлатып қойды.

Енді азын-аулақ тұқымнан басқа запасы қалмаған қамба, әйтеуір келіп, Жетпісбай қолына көшті. Соңғы күндердің бір уақиғасы осы еді.

Жетпісбай өз қолына қамба кілті тиісімен енді бір ақтарылып, тазармақ болыпты. Тазарғанда Жұматай басына өзінің татулық, достығын дұрыстамақ. Сонымен Шәлтікті және ауыл кеңес хатшысын салып, соңғы бірнеше жыл бойындағы Жұматаймен екі арасында жүрген кикілжіңнің бәрін бір-ақ таратуға байлайды. "Оның емі не?" — дескенде Шәлтік:

— Тура Жұмекең екеуің құда бол, — деген ұсыныс жасаған. Осыған Жетпісбай ойыса бастаған соң, Жұматайға келіп:

— Жетпісбай осылай-осылай дейді. Іштегі даттың бәрін жою үшін құда болам, дейді. Шетке шығып жатқан жоқ. Осынысы тілек-ақ. Дәл осы жолғысы шын көрінеді. Осыған көнген мақұл, — деген. Сонымен байлау болып, Жұматайдың 10 жасар Қабдешіне Жетпісбайдың 7-8 жасар қызы атастырылады.

Енді соның бәрі текке өте ме?

— Құрғақ қасық ауыз жыртады, Жетеке, қалған есебін өзің тап, — деп Шәлтік те, Жұматай да қалжың айтқан.

Сол күні кешке Жетпісбай Федоровкаға шауып барып 15 пұт бидай сатуға таныс саудагермен келіседі. Ол ертең жіберетін кісіге бір четверть арақ пен қант, шай әперіп жібермек болады.

Кеше түсте шабдар биені міне шапқан Шәлтіктің ділгер жұмысы осы нәрселер еді. Қадалған жерінен қан алатын Шәлтік бос келе ме? Және Жетпісбай уәде қылса, саудагер астықсыз қалмайды. Оны бірнеше жыл бойында сыр мінез болысқан жемтіктестер біледі.

Осымен кеше түнде Жетпісбай үйінде бір тәтті мәжіліс болмақ болды. Ана жақта "шабдар биенің құлыны өліп жатыр. Құлжатай күйініп есеп сұрап жатыр", — дегеннің бәріне Жұматай мен Жетпісбай онша қайыса қоймай, бар хабарды жүре тыңдап:

— Қойсын, құрысын, қоя тұрсын, — дескендей жауап жіберіп жатқан. Өйткені Шәлтік келген соң четвертіге төртеуі де бір-бір рет бас қойысып алған еді.

Түстен бері бұлардың бастарында тұман, езулерінде табысқан достар күлкісі бар еді. Соның нашасын еш нәрсеге бұздырмақ емес.

Бірақ Шәріппен қоса күйіп, тыным таба алмай Құлжатай бұлардың мазасын ала берді. Бір рет Жетпісбай үйіндегі достар Құлжатайға ызаланып, кіжінісіп те алды.

— Қызыл тақтаға ілінеді бұл Құлжатай, — деп Шәлгік күлді.

— Адыра қалсын, біз іліндірсек ілінер... Болмаса өзің білетін кім бар? Далақтап жүргенмен далада қала берер, — деп Жұматай кекеткен. Жұрттың бәрінен өте масайыңқырап алған ауыл кеңес хатшысы:

— Ой, ол политотдел болады. Совхоздың политотделі болады, — деді... Бұл Жетпісбай, Жұматайларға шын бататын сөз.

Құлжатайдың осы совхоз жұртшылығымен және әсіресе политотделмен нық байланысып, көмек алып жүргендерін білгеннен бері асқақ қарап жүрген Жұматайлар: "енді бұның да сүйеніші бар екен, ол политотдел екен. Осы кәпір ұлғайып, өсіп кетпесе игі еді" деп іштен қауіп қыла беретін. Бұрын оны кемсітіп, өздерін жоғары санағанда:

"Аудандағы пәлен бар, түген бар", — деп күпілдесіп және соларды атаумен бірге аудан Құлжатайды жете білмейді, деп сенетін. — Енді бұған дос шығыпты. Өзі политотдел. Соған бар жөнді мәлім етіп тұра ма, қайтеді? — деп анда-санда күдік ойласатын. Жаманатты сыртқа көп таратпас үшін Жетпісбай, Жұматай боп бір бас, бір тас боп алу да, іштей осындайдың орайына істеген қарсы қамының бірі еді.

Бұлар бірігіп сөйлесіп, енді мына Құлжатай мінездерін талқылаған сайын тіпті сонау политотделге де сырттан теріс қарау, дәрмені жетсе одан да ештеңені аяп қалмайтын тәрізденеді.

— Политотдел тірегі бар екен ғой. Уа шіркін-ай. Өйте берсең аяғынды аспаннан келтіреміз, — деп бір кіжініп алды Жұматай.

Сонымен бұл күні Құлжатайға жауап бермей: "ауыл кеңесінің тығыз шаруасы бар, ауданға жіберетін ақпары бар", — деп құйрықты сыртқа сала келіп түнге жетті.

Мәжілістері енді қызбақ болатын. Жалғыз-ақ енді Федоровкедегі саудагердің кісісін жөнелту керек. Ол келіп отыр. Күндіз жөнелтуге болмайды. Ең болмаса алакөлеңке қоюлансын. Күн батқаннан бері Жетпісбай тыным алмай, қамба жаққа бір барып, бір қайтып, маңайлаған кісі болса айбар шегіп:

— Тара, бар, тыным ал. Ертең тағы ұйықтап қалмай жұмысыңа мезгілімен шық, — деп себепсіз жазғырып, айдап салып жүрген.

Жұрт аяғы басылды. Ерте жататын еңбек адамының көбі ұйқыға да кірісті. Үйінде тықыршық атып, шыдай алмай қонақтар отыр. Сонымен бір кезде Шәлтік, ауыл кеңес хатшысы және Жетпісбай мен саудагер кісі болып, төрт адам қора-қораның тасасымен ербең-ербең етіп қамбаға қарай басқан еді.

Бұлар келіп тұқымның аз ғана астығын кішкене қамба ішінде ақтармалап қапқа салып жатты. Түн меңіреу. Бөтен сыбдыр жоқ. Енді қапты толтырып алып, төртеуі бірдей сыртқа шыға берді. Дәл сол кезде қамбаның екі жақ бұрышынан төрт-бес кісі тап беріп, ақырып, дүрсе қоя берді.

Оңайшылықпен шошымайтын сырқынды Жетпісбай алдыңғы келген жігіттер ішінен Әшім мен Шәріпті танып қойып, пәленің қай жақтан шыққанын ұғып, қарсы ақыра қоя берді. Таза бейілмен шын ашуланған кісі боп:

— А, сендер ме едің? Жақсы келдіңдер. Мына бидайды қаптап әкеткелі қойған кім екен деп, әдейі акт жасап, аңдып жүр ек, жақсы келдіңдер... Ә, кісапырлар... Астық ұрлайсың, ә? Міне, міне, жолдастар, көрдіңдер ме? — деп қасындағыларды екі жағына кезек-кезек қойғылады. Аналар да естерін тез жиып ап, енді шу-шу етті.

Әшім мен Шәріп мына сұмдықты көргенде не дерін білмей естері шығып қалды.

Сол-ақ екен:

— Протокол, протокол, — десіп хатшы мен Жетпісбай, Шәлтік қапты бір-бір арқалап алып, қамбаны жауып тарта берді.

Әшім осының алдында ғана ауданнан қайтып, қамбаны айналдырып жүрген суық қолды сезіп еді. Қасындағыларды әдейі ертіп алған болатын. Енді міне, істің беті былай ауды.

Жетпісбай бәрібір артының не болатынын қараған жоқ. Саудагер кісіні жөнелтіп жіберіп, әуелі Жұматай мен ауыл кеңесі хатшысына протокол жазғызып. қойды. Сөйтті де олар отыра берді.

Бірақ Әшім тына алмай Жұматайды іздеп салып еді. Оны Жетпісбай үйіне келе бере тыста көрді. Көргенін, күйгенін айтпақ еді. Жұматай мұны тыңдауды былай қойып, даусын суытып, қатайып алып:

— А, келдің бе, ұры. Көрің қазылған кулактың баласы. Көзіңді көгертермін, — деп беті шімірікпестен қарсы алды.

Сол-ақ екен, сөзге келіп жауаптасудың орнына Әшім:

— Ай, қуарған кеңес жауы, залым-ай, — деп Жұматайға тап беріп, есін жиғызбастан жамбасқа мінгізіп "дұрс" дегізіп, бір-ақ соғып, ішке-ішке тепкілей бастады.

Тыста Жұматай жалғыз екен. Шаң-тұңға үйдегілер шығып жеткенше Әшім айтарын айтып, істерін де бірталай істеп алды. Қыстығып, булығып жүріп үздік-үздік айтқаны:

— Мен қашан кулак баласы едім. Сенен кетіп, маған жетіп пе. Қызыл әскерге кіргізбей, кулак деп резервке неге жазғызасың... Енді мені тағы ұры қылмақсың... Қай әкеңнің көз құны бар еді менде, еңбекші баласында, — дей жүріп, күйе келе басқа да бір-екі теуіп кеткен болатын. Қасына ере келген Шәріптер арашалаған жоқ.

Әшімді күйдірген жалғыз жаңағы арамдық емес. Одан басқа да ыза барын олар жаңа сезді. Шынында, Әшім военкоматқа барып, өзі турасында Жұматайдың не қып жүргенін енді біліп кепті.

Ол алғаш барғанда жалпы еңбекші балаларының қатарына алғызбай, "бұлар кулак балалары" деп бір рет қалдырған екен. Кейін барғанда бұларды резервке алғызатын болыпты. Әшім кеше барып, бар қастықты өз көзімен көріп, Жұматай ініне су құйып келген екен. Жол бойы зығыры қайнап, өртене жеткен еді. Оның үстіне мынау. Сонымен алды-артын ойламай жаңағы істі істеп салды. Жұматайды үйдегілер кеп тұрғызып алған, аузы қан, маңдай тісінің бірі түсіп қалған екен. Алғашқы ашуын Жұматайды сабаумен шығарып алған Әшім енді жолдастарын ертіп кете берді.

— Қу, ұста, өлтір иттерді, — деп Жұматай бажылдағанмен мас болып тәлтіріктеп қажан Шәлтік пен хатшы қумады. Орындарынан көп ұзамай аз-маз аңқалаңдап болысты да, Жұматай мен Жетпісбай қасына қайта келісті.

Осымен бұлар түн бойы ішеді. Ішкен сайын бар колхозға және әсіресе Құлжатайға өшіге береді. Сонымен бүгін таңертең тұрысымен Құлжатайды үйлеріне шақыртады. Бұл Әшімдерді ертіп барған.

Жұматай бұлар келер қарсыға бірталай кісі жиып апты. Олар көрші колхоз, ауыл советтердегі өжеттестері. Бір жағы ақсақалсымақ, бір жағы белсенді деп аталатын, бәрі де осы Жұматайша кесіп етіп келе жатқан төрт-бес ысқаяқтар.

Сөзді бірі бастап, бірі қостап әлденеше саққа айдады. Қазақша қара сөз, арам сөз болса да май тамыза сөйлейтін жырынды сарқындылар.

Құлжатай оңдап майдалап, майпаздап, ащы шектей шұбатқан сөзді ежелден жақтырмайтын. Өзі еш уақытта олай сөйлемейтін де. Ойында не бар, бәрін кесіп-кесіп, сарт-сұрт еткізіп бір-ақ айтатын да тастайтын. Сонысына салып: биенің құлынын жоқтайды. Тұқым ұрлаттың дейді. Жазықсыз адал еңбекшіні, кеңес бейнетқорларын күйдірдің, қараладың дейді. Оның бәріне Жұматай, Жетпісбай, Шәлтіктер дауы талай-талай бақан тіреу салып алыпты.

Бұны біресе "жікшіл қып шығарды". Біресе кеңес мекемесі, ауып советінің авторитетін түсіретін "бұзар" қып шығарды. Ұрыны, бай-кулакты сүйейтін де қылды. Аяғы Құлжатай жаны күйіп:

— Әке, не қыл дейсің? — дегенде:

— Әшімді, Шәріпті протоколға қол қойысып айда. Және қазақ жолымен айып әпер. Жұматайдан өзің кешу сұра. Бие-мие деген бос сөзді қой, доғар... — деген сияқтыларды бықсытып, бұрынғыдан әрі күйдірді. Сонан соң Құлжатай шыдамай:

— Осыны сотқа берем, тергетем... — деп келтесінен қайыруға айналғанда, Жұматай нығыздалып кеп:

— Ендеше, сен кеңес жауы, үкімет дұспанысың. Сені алдымен партиядан айдатам, — депті.

Соған шыдамай Құлжатай:

— Мен жасымнан еңбек баласымын. Қайда жүрсем де кеңеске адал бейілім мен өзімнің қайратыма жалынғамын. Маған қылмағың сол болса, — деп не қыларын білмей бұлқынып кеп, өзінің партбилетін қойнынан алып, пішен төбесіне лақтырып жіберіп, тулап, күйіп жөнеле беріпті.

Бұны неге істеді, онымен кімді мұқатпақ? Әсіресе сондай жаны ашымас аярдың алдында соны істей ме екен? Оған Құлжатай ойланып-толғанып қарамаған; Жұматай тобы да, әсіресе, өзінің жолдастары да аң-таң болып, бұның кете берген сыртына қарап тұрып қалған. Құлжатай содан тыным таппай енді осында кеп отыр...

Болған жайдың бәрін баян ете кеп Құлжатай ең аяғында:

— Қайтейін, жаным күйді, — деп келіп Несіпбайға қарап:

— Сен ескінің ізі дедің, осының ең тура кеп, көрші, міне баяғыда аластап айдалатын кәпір, арам сирақ, әлі күнге партияны да, колхозшыны да алдап, аяққа шырмалып жүргенін... — деп тоқтап қалды. Рақым Құлжатайға қарап, әңгімесін тыңдап отырып, тереңдеп ойланып қалып еді.

...Әлі жеңіліп болмаған меңіреу табиғаттың шытыры мен бұршағы Несіпбайды күйдіреді... Ескінің кейбір ізі бұл бағып-қағып өсіріп келе жатқан төлден, жаңаның төлінен әлі түгел арылып болмай, анда-санда жотасын көрсетіп қалады.

Әлі көзі түгел жоғалып болмаған ескі адам мынадай момын колхозшының момындығы арқасында, қаға берісте отырып, көз бояп, ескі қырсық мінездерін жасайды. Совхоз қойына уақытша залал келтіріп тұрған шытырдай о да маңайын улатып, Құлжатайларды күйдіреді.

Ескі тарих, ескі салт, ескі мінездер, ескі дүлей табиғат енді жеңілерін, жоғаларын білсе де, кетуге айналса да, әлі де Несіпбай, Құлжатайдың аяқтарына шырмала береді. Бірақ "біз жеңеміз, жеңілсін шытыр мен Жұматайлар", — деп сергіп алып, Рақым екі досына байыстады. Мағыналы өсиеттер айтты. Несіпбай, Құлжатай бұған: барлық ескі тондарды жыртып, күшті кеуде нық-сеніммен мықтап өсіп келе жатқан жаңалық тұлғасындай көрінді. Олардың нанымы берік. Шын кеңес баласы. Бұл жағаға келгенде өздерінің еңбегі, санасы, үміт тілегі бар-барымен бір-ақ қопарыла келген. Артқа, бөтенге ешбір алаңы жоқ. Кеңесінен басқа тілеуі де жоқ. Міне, өсіретін, сүйейтін жаңа адам, біздің адам...

Жолдастарына әбден әсерлі, түсінікті болған мәжілісінің аяқ кезінде Рақым даусын өзгертіп, айрықша бір жұмсақ, сезімтал жүзбен:

— Мен кеше Алматыда Крайкомда болып, біз істейтін іс, міндеттер жөнінде үлкен басшылық өсиет есіттім. Дана өсиет — "Жаңа адам", жақсы адам, біздің тәрбиенің адамы бар, сол совхоздарың мен колхоздарында. Соны таба біл.

Тапқан соң баулып өсіріп бастай біл. Алға сүйреп, бойына екпін, қайрат бітіріп, сол адамды жарыққа шығар, көтер, — деді. — Ондай адам еңбегін сүйеді. Өзіне тапсырылған социалды түлікті сүйеді. Сол сүюін өшіріп алмай өз басы емес, маңын да жарқырататын үлкен жарыққа, төңкеріс жарығына айналдырып үлкейте біл, нығайта біл сол сүюін, — деді. — Ол адамның еңбегін де бағалай біл. Жүз қойға жүз бес қозы аман сақтаса биылғы жылдарымызға жететін сый. Содан арғының еңбегін, жаңағыдай адамның өз басын сыйла, еңбегін бағалай біл, тұрмысын, күйін түзе, — деді дейді де, екі досына қарай отырып:

— Міне сендермен мен істейтін істің мағына, мазмұны осымен шешілді, ашылды деп білемін, түсіндіңдер ме, жолдастар? — дегенде:

— Түсіндік, — деді Несіпбай.

— Ұғындық, бұдан артық не керек? — деп Құлжатай бар бейілімен ырза болды.

Екеуінің көңілінде де бағана Несілбайдың жас қозылар жөнінде: "Ата бейілі керек, сүйегін ағартып атпал түлік ету керек", — деген сөзі, енді бір жаңа үлкен мағынамен тереңделген, нық орныққан сияқтанды. Бұлардың өз жайын да ата бейілімен, шын дос басшы мейірімен нық ойлайтын қамқордың барын ұғынды. Ұғынған сайын тіршіліктері қазіргі май күнінің гүл атып тұрған көк майса жарастығындай боп, гүл-гүл жанып кеткен сияқтанды.

Осы кезде бұлар аттарына мінісіп еді. Анау өзеннің аржағындағы жотаға тағы бір шабанның қойы шыққан екен. Бұлар таныды. Еркімбек шабанның қойы. Несіпбай үлкен дос көңілімен қарайды. Жүз қойға жүз он тоғыз қозысы бар Еркімбек сол және қозылары қандай ірі, дөп-дөңгелек семіз. Ескінің сызын да, ізін де басқа теуіп, шын сенімді бағытпен өрге өрлеген түлік сол. Социалды түлік...

Несіпбаймен социалды жарысқа түсіп жүрген шабан да сол.

Құлжатайды Рақым "Шақпағына" қайырды. Екі күннен кейін ауданнан жолдастар келіп, бұның партбилетін өзіне қайырып, біраз ұялтты. Жұматай, Жетпісбай, Шәлтік, ауыл кеңес хатшысы деген ұя, бұдан былай бұл өңірде жоқ болды.

Ендігі ауыл кеңесі Әшім еді.

31.10.2018
Вернуться назад