DataLife Engine / Намаз Мурсалы | Жақсылық жасап жарысқан

Намаз Мурсалы | Жақсылық жасап жарысқан

«Басыңа іс түссе, жақсы көмек етеді, жаман күліп кетеді» демекші, пенде атаулы қиындыққа тап болып, басына іс түскенде өзгелерден көмек күтеді. Халі мүшкіл жандарға қолдан келгенше қайырымдылық жасап, барыңмен бөлісу- имандылықтың белгісі. Мұндай қасиеттерді бойға жиған ақ пейілді адамдар айналамызда аз емес. Солардың бірі - бүгінде талай жанды қуанышқа кенелтіп, алғысын алып жүрген- «Қайырымды жандар» еріктілер тобы.

Көмекке мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша жәрдемдесуді мақсат еткен «Қайырымды жандар» еріктілер тобы 2015 жылы 22-желтоқсанда құрылған. Айдын Тоқсанбаеваның бастамасымен ұйымдастырылған бұл топ алғаш Алматы қаласынан бастау алып, уақыт өте келе Астана, Шымкент, Ақтау, Тараз, Ақтөбе, және т.б.еліміздің ірі қалалары мен аудандарында құрыла бастады. Алматыдағы «Қайырымды жандар» еріктілер тобының 80 % -ы 18-25 аралығындағы жастар болып саналады. Бұл топтың құрамында бүгінде 300- ге жуық адам бар.
Бүгінге дейін мейірімді жандар көптеген қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, талай көмекке зәру адамдарға қол ұшын созған. Соның ішінде, 2015 жылы екі бүйрегі істен шыққан алматылық Жанель Жайлауованың еміне 12 млн теңге жинап берулері- топтың ең ірі шарасы. Өздерінің айтуынша, бұл ақшаны жинау оларға оңай соқпаған, тіпті базардағы алмаларды 2-3 есе бағамен көшелерде сатқан екен. Мешіттерге барып, өздерінің пісіргендерімен жәрмеңкелер ұйымдастырған. Бұл іске тек Алматыдағы ғана емес, өзге де қалалардағы топтар, сонымен бірге, кейбір кәсіпкерлер де барынша атсалысты. Қаршадай қыздың өмірге деген ұмтылысы оларға сенім беріп, одан әрі құлшындыра түскен. Ақыры еңбектері ақталып, Жанельдің еміне қажет соманы түгелдей жинап береді.

Алматылық «Қайырымды жандар» биылғы жылдың мамыр айында Жұмабек Хафиза есімді науқас бүлдіршіннің Венгриядағы реабилитациясы үшін қала орталығы мен мешіттерде «Жақсылық жасап жарысайық!» атты жәрмеңке ұйымдастырды. Бұның нәтижесінде 233 мың теңге жиналып, Хафиза мен тағы бір Темірлан атты сәбидің еміне бөлініп берілген болатын. Ал наурыз айында өткен «Өнер қырандары» театрының концертіндегі қайырымдылық жәшігіне 760 мың теңге қаражат жиналды. Оған қоса, ҚМДБ қолдауымен «Бәйкен ата» мешітінде 200-ден астам еріктілер өздері дайындаған түрлі тағамдарды сатып, одан да едәуір пайда тапқан.

Осы тәрізді ауқымды шаралардан бөлек, кең пейілді жандар үйсіз- күйсіздерді тамақтандыру, балалар үйіндегі бүлдіршіндер мен қарттар үйіндегі ата- әжелерді қыдыртып, көңілдерін көтеру тәрізді көптеген игілікті істер ұйымдастырып жүр. Мәселен, желтоқсан айында үйсіз-күйсіздерге жылы киімдер мен ыстық тағамдар таратып, оларға аз да болса, қуаныш сыйлады. Осындай ізгі бастамадан «Алматы донерінің» де құр қалмай, 50 донерді тегін беруі- аса қуантарлық жайт.

Жақсылық жасауға әрдайым дайын тұратын «Қайырымды жандар» бір жыл бойы әр бейсенбі күні қарттар үйіне барып тұрса, топ мүшелерінің туған күндерін балалар үйінде атап өтеді. Осы жылдың 14- сәуірінде Ақсай ауруханасында жатқан сәбилерге «Наурыз» мейрамын қызықты түрде өткізіп берді. Сонымен қатар, жыл сайын қыркүйекте 60-қа жуық мұқтаж жанұялардың балаларын мектеп киімдерімен, оқу құрал- жабдықтарымен қамтамасыз етіп келеді.

Сондай-ақ, маусым айының 10- жұлдызында Арбат алаңында екі кезеңнен тұратын қайырымдылық шарасы өтіп, одан жиналған қаражат оттегі аппаратына мұқтаж Ерланов Темірланға берілді.

Міне, айналамызда көмекке зәру жандарға материалдық, рухани тұрғыдан қолдау білдіріп, ізгілікке толы сауапты істермен айналысып жүрген осындай жайсаң жандардың бар екенін біле бермейміз. Жоғарыда айтылғандар алматылық «Қайырымды жандар» жасаған игілікті шаралардың тек бір бөлігі ғана. Бар-жоғы үш жылдың ішінде бірнеше жанның өмірін сақтап қалып, талай отбасыны бақытқа бөлеген мейірімді еріктілердің алдағы уақыттарда бұдан да кең көлемдегі қайырымдылық жқмыстарын атқаратыны сөзсіз.

31.10.2018
Вернуться назад