DataLife Engine / Антон Чехов | Қараңғылық

Антон Чехов | Қараңғылық


Земство дәрігері қабылдауын аяқтап, ауруханадан үйіне қарай беттей бергенде, оның жанына үстіндегі тоны қырық жамау, аяғында үлкен қара байпақ, жасқана басып жақындай берді.

— Құзырыңа құлдық, өзіңе кеп едім, - деді ол

— Иә, не жағдай?

Жігіт таңқы танауын алақанымен жоғары қарай жапыра бір сүртіп, аспанға қарап алды да, сонан соң барып жауапқа көшті:

— Жоғары мәртебеңе бас ұрып кеп тұрмын... Өзіңнің қарамағыңда, тұтқындар палатасында, мәртебелі тақсыр, менің ағам Васька, яғни варвариндік ұста жатыр еді...

— Ал жатса қайтеміз?

— Жалынамын, жіберші оны!

— Түһ, кеңкелес екенсің ғой! Менің қандай қақым бар? Мен түрме қызметкері емеспін. Оны ауруханаға әкелсе, емде деп әкеледі, мен емдеп жатырмын, сені түрмеге жабу қолымнан қалай келмесе, оны босату да солай қолымнан келмейді.

— Оны тектен-текке қамап отыр. Соты болам дегенше, білесің бе, бір жыл тергеуде жатты, енді кеп қарасақ, неге жатқанын өзіміз де білмейді екенбіз. Егер кісі өлтірсе немесе ат ұрласа бір сәрі ғой, жазықсыздан-жазықсыз күйіп барады.

— Солайы солай шығар, бірақ менің бұл іске қандай қатысым бар?

— Адамды не үшін қамағандарын өздері де білмейді. Ол ішіп алған болатын, құрметті мырза, ес-түсі жоқ мас боп кеп әкемді құлақ шекеден қонжитқанын, өзі шекесін жарып алғанын да білмейді, ал біздің тағы бір екі жігіт кеп - әлдеріне қарамай, қарасаңызшы, түрік темекісіне құмарта қапты - сол екеуі оның басын айналдырып, түнде армян әйелдің дүкенінен темекі ұрлауға алып кетеді. Ол ақымақ мастықпен көне кеткен.

Олар келеді де, әлгіні, қалай еді, иә, құлыпты сындырады да, ал кеп ойрандайды ғой. Бәрін астан-кестең ғып, терезені қиратады, ұнды шашады. Несін айтасың - мастың аты мас.

Со кезде урядник те кеп қалады... үшеуін желкелеп отырып тергеушіге жеткізеді ғой.

Бір жыл қамауда ұстап - ұстап келді де, осыдан бір жеті бұрын қалада сот болды. Мылтығын кезеп желкесінде солдат тұрады екен...

Халық та қара құрым. Олардың ішінде қылмысы ең азы Васька еді ғой, бірақ присяжный мырзалар бәленің бәрін бастаушы сол деп тапты. Ана екеуін абақтыға жауып, Васьканы үш жылға арестанттар ротасына жіберді. Сонда не үшін? Төрелігін өзің айтшы!

— Бұл араға да менің қатысым жоқ. Бастықтарға бар.

— Мен оларда да болып шықтым. Сотқа да бардым, арыз берейін деп едім, арызымды алған да жоқ әуелі. Содан становойға1, одан өтіп тергеуші бардым, бәрінің айтатыны "Онда менің ісім жоқ" деген бір-ақ сөз. Сонда кімнің ісі? Бұл ауруханада сенен үлкен адам жоқ. Не істеймін десең, құрметті тақсыр, соны орындай аласың.

— Қап, мына ақымақты - ай! - деді дәрігер күрсініп. - Сот үкім шығарды екен, оған губернаторың да, тіпті министрің де түк істей алмайды, бұ қай-қайдағы становойды айтады ғой маған келіп. Жарқыным, сен босқа әуре болма, білдің бе?

— Ал соттаған кім сонда?

— Заседатель мырзалардағы.

— Қайдағы мырзалар! Өзіміздің - ақ мұжықтар еді ғой. Андрей Гурьев болған, Алешка Хук болған.

— Әй, сенімен бас қатырып тұратын жайым жоқ... Аулақ жүрші!..

Дәрігер қолын бір сілтеп есік тұтқасына қолын созды. Кирила оның соңынан ілеспек боп орнынан қозғала беріп еді, есіктің сарт ете қалғанын көріп, мелшиіп тұрып қалды. Құлақшынын қолына ұстаған бойы ол аурухана ауласында он минуттай қимылсыз тұрды да, дәрігердің пәтеріне қарап терең күрсінді, сөйтті де желкесін асықпай бір қасып қойып, қақпаға қарай жылжыды.

— Енді кімге барсам екен? - деді ол жолға түскен соң өзіне-өзі күбірлеп. - Біреуі бұл менің ісім емес дейді, екіншісі мұнда менің шаруам жоқ дейді. Сонда бұл кімнің шаруасы? Әсте, біреуінің шекесін майламасаң іс бітпес - ау. Дәрігер сөйлеп тұрғанда екі көзін жұдырығымнан бір алмады ғой, салып қалып сайдан бір-ақ шығарар ма екен деп қорықты білем. Ал, бәлем, көр де тұр, губернатордың тура өзінен шықпасам, неғыл дер екенсің.

Ол аяқтарын әрең дегенде ілби басып, қажеті болмаса да жан-жағына ауық-ауық қарап қойып, қара жолмен ілгері жылжи берді, шамасы, қайда бару керектігін ойлап келе жатса керек. Қарсы алдында, жарты шақырымдай жердегі төбеде осыдан аз ғана бұрын ағасын соттаған деревнялық шағын қалашық шашырай көрініп тұр. Оң жағында бұрыш-бұрышына қарауыл будкасы қойылған қызыл шатырлы абақты көзге ұрады, ал, сол жағын қырау көмген қалалық тоғай қоршап апты. Маңай жым-жырт, тек алдыңғы жақта кеудесіне нымша, басына елден - ерек үлкен картуз киген шалдың жөтелгені мен айдап бара жатқан сиырына әлдене деп айғайлағаны ғана естіледі.

— Хал жақсы ма, атай, - деді Кирила онымен қатарласа беріп.

— Жақсы, жақсы...

— Сатқалы айдап барасың ба?

— Жоқ, ерігіп... - шал самарқау жауап берді.

— Мещансың ба, немене, өзің әзер тіл қатасың ғой?

Көп ұзамай екеуі шүйіркелесіп кетті. Кирила ауруханаға барғанын, дәрігермен сөйлескенін айтып берді.

— Оның расы рас, дәрігердің бұл іске қатысы жоқ, - деді шал екеуі қалаға кіре бергенде -Ол қанша құзырлы болса да, тек әртүрлі амалмен адамдарға ем-дом жасауды ғана үйренген, ал саған пәлендей ақыл-кеңес беруге, немесе, айталық, протокол толтыруға келгенде, жоқ, оның шамасы жетпейді. Оның өз алдына бастықтары бар. Бітістіруші сот пен становойда болып кепсің. Сенің ісіңе бұлар да араласа алмайды.

— Енді қайда бару керек?

— Сендердің, шаруалардың мәселелеріне бас-көз болсын деп арнайы мүше етіп қойған ең дәу бар. Соған жолық. Синеоков деген мырза.

— Золотоводағы ма?

— Иә, Золотоводағы. Ең дәулерің сол. Мәселен, сендердің істерің жайлы болғанда, оған исправнигің де қарсы келе алмайды.

— Е, жердің түбіне барасың десейші!.. Он бес шақырымнан көп болмаса аз болмас, сірә.

— Қажет болса жүз шақырымға да жүгіріп кетерсің.

— Ол рас қой... Сонда, өтініш берем бе, қайтем?

— Барғасын білерсің. Өтініш бергің келсе, писарь ғып өткізіп жазып бере қояды. Тұрақты өкілдеріңнің жазып отыратын арнайы адамы бар.

Шалмен айрылысқаннан кейін Кирила алаң ортасында ойланып біршама үнсіз тұрды да, қаладан шығып жүріп кетті. Не болса да Золотоваға барып қайтуға бел байлады.

Арада бес күн өткенде ауруханадан үйіне қайтып келе жатқан дәрігер өзінің ауласында тұрған Кириланы тағы көрді. Бұ жолы жігіт жалғыз өзі емес, жанына басы қалтаңдаған, екі ерні тынымсыз жыбырлап тұратын, өңі боп-боз, тыриған арық шалды ертіп апты.

— Құрметті тақсыр, сенің алдыңа тағы келіп тұрмын, - деп бастады Кирила. - Мына әкемді де ерте келдім, рақым жасап, Васьканы босатып бер! Тұрақты өкіліміз сөйлеспей де қойды. "Жоғал әрмен!" деді. Бар айтқаны осы.

— Құзырыңызға құлдық! - деді шал көмейінен ысылдай сөйлеп, дір-дір еткен қолын көтеріп, - рақым ете көріңіз! Сіңірі шыққан кедей адамдар едік, қайырымдылығыңызды қайтара алар жайымыз да жоқ, бірақ жақсылығыңызды атаусыз қалдырмаспыз, Кирюшка немесе Васька жанын салып жалданар. Босатсаңыз аянбас.

— Аянбаймыз! - деді Кирила ант беріп тұрғандай қолын жоғары көтеріп, - Тек босата гөр! Үйдегілердің аштан қырылатын түрі бар. Еңірегенде етектері жасқа толып отыр!

Жанары жылт етіп, жігіт әкесіне көз тастады да, оның жеңінен түртіп қалды. Сол сол-ақ екен, екеуі апыр-топыр дәрігердің аяғын құшып, қатарласа құлай кетті. Дәрігер қолын бір сілтеді де, артына да қарамастан тез-тез басып есікке қарай беттеді.

Аударған Д.Исабеков

31.10.2018
Вернуться назад