DataLife Engine / Антон Чехов | Қасірет

Антон Чехов | Қасірет

Бүкіл Галчино облысындағы әйгілі ісмер, сонымен бірге барып тұрған қияңқы мұжық деген атағы ертеден мәлім токарь Григорий Петров өзінің ауру кемпірін земстволық ауруханаға әкеле жатыр. Екі ара отыз шақырымдай жер, ал жол дегенің сұмдық жаман, одан Григорий ұста сияқты жатыпішер көр жалқау түгіл, қазынаның пошта тасушысы да жүре алар емес. Ызғырық, суық жел қарсыдан тура бетке ұрып тұр. Қай жағына қарасаң да ауада құтырынған ақтүтек боран құйындай ұйытқып соғады? Қардың аспаннан жауып тұрғанын, әлде жерден борап тұрғаның адам біліп болар емес. Тұмандай торлаған қарлы бораннан айналадағы маңай да, жол бойындағы телеграф бағандары да, орман да көрінбейді, жел ұйтқып кеп Григорийге түтеп бір соққанда, тіпті аттың доғасы да көрінбей кетеді. Титығы құрыған көтерем бие аяғын әрең басады. Қалың күртікке қайта-қайта малтығып, басын шұлғи шірене тартумен әбден болдырған. Ұста асығып келеді. Шананың алдыңғы тұғырында қопаң-қопаң етіп, аттың сауырынан қайта-қайта шықпыртып қояды.

— Сен, Матрена, жылай берме... - деп күбірлейді ол. Азырақ шыдай тұр. Құдай бұйыртса, ауруханаға да жетеміз, сонсоң сенің мұның қас қаққанша - ақ әлгі нетіп... Павел Иваныч саған дәрі ішкізеді немесе қан құйдыра ма әлде батшағар иең спиртпен ысқылата ма әлі, кім білсін, сонсоң ол нетіп, бүйіріңнің ауырғанын тура жұлып алады. Павел Иваныч аянар дейсің бе... Ақырар, зекірер, аяғымен жер де тепкілер, бірақ ол аянбайды... Мырзаның төресі ғой, шіркін, өзі қандай кішіпейіл, тек құдай оған денсаулық берсін де... Қазір біз барған бетте-ақ ол ең әуелі пәтерінен жүгіріп шығады да, жын-сайтанды тізбектеп бажылдай жөнеледі. "Бұның не? Неге бүйтесің? - деп зіркілдейді. - Неге мезгілінде келмейсің? Немене, мен сонша итпін бе саған, күні бойы сен сайтандармен әуре болып жүретін? Ертеңгісін неге келмедің? Жоғал? Батыр қараңды! Ертең кел!" Ал сонда мен айтамын оған: "Дәрігер мырза! Павел Иваныч! Асыл текті бекзадам!" - деймін. Бассаңшы Павел Иваныч, құдай ұрсын мені, сою керек! Сіздердей жарылқаушымыз, туған әкеміздей қамқоршымыз барда біз қайтіп аяқтарыңызға бас имейік! Асыл текті бекзадам - ау! Адал сөзім... міне, құдай ақыңа... алдасам бетіме түкіріңіз. Матренам, әлгі нетіп, тәуір болып, кәдімгі өз нүктесіне қайта келді бар ғой, онда сіз не бұйырсаңыз, мен сіздің құзырыңызға соның бәрін істеймін! Қаласаңыз карель қайыңынан әдемі темекі сауыт та жасап беремін... Крокет шары дейсіз бе немесе тіпті нағыз шетелдік келгелі де ойып беремін... сіз үшін бәрін де істеймін! Сізден бір тиын ақы алмаймын! Москвада ондай темекі сауыт үшін сізден табандатқан төрт сом алар еді, мен бір тиын да алмаймын!" Сонда дәрігер жымия күліп, жылы ұшырай сөйлейді: "Ал, жарайды, жарайды... Сезіп тұрмын! Тек бір жаманы -сен маскүнемсің..."- дейді. Мен, көкетай, кемпірім-ау, білем ғой мырзалармен қалай сөйлесуді. Мен тілін таппайтын мырза бар ма, сірә. Тек әйтеуір құдайым жолдан адастыра көрмесін де. Қарашы ұйтқытуын! Тіпті, көзге түк көрінбей кетті ғой.

Ұста осылай тынымсыз күбірлеп келеді. Ол өзінің ауыр сезімін аздап болса да басу үшін, аузына не түссе соны сөйлейді. Тілінің ұшында сөз көп, басында құжынаған ой мен неше түрлі сауалдар одан да көп. Ұстаның басына бұл қасірет ойда-жоқта тап болды, сондықтан ол есін жиып, ақылға келіп, ешнәрсенің байыбына бара алмай қалды. Бұл күнге дейін ол қасіретті де, қуанышты да білместен, ешбір уайым-қайғысыз бір қалыппен есеңгіреген шала мастықта өмір кешіп еді, енді, міне, жанына батқан бір сұмдық дерт барын сезеді. Қаннен-қаперсіз жүрген жатыпішер маскүнем ойда-жоқта шаруа қуған, бір нәрсенің қамын ойлаған, асығып-үсіккен, тіпті керек десең, табиғатпен алысқан адамның қалпына түсті де қалды.

Ұстаның есінде, бұл қасірет кеше кешкісін басталып еді. Кеше кешке ол үйіне күндегісінен мас күйінде келді де, күнделікті әдеті бойынша жанжал салып, жұдырығын ерсілі-қарсылы сермей бастаған, сонда кемпір өзінін есерсоғына бұрын болмаған бір тосын көзбен қарап еді. Кемпірінің нұры қашып, жанары сөнген кәрі көзінде, кәдімгі таяқты көп жеген, өмірінде тоя тамақ жемеген бұралқы иттің көзіндей көнбістік рең болушы еді, енді ол икондағы қасиетті әнбиелер сияқты ма, әлде жантәсілім кезіндегі адам сияқты ма, көзін қимылсыз қадап, біртүрлі қатал зілмен суық қарады. Бар пәле осы бір ұнамсыз суық көзден басталып еді. Есінен айырылып, зәресі ұшқан ұста көршісінің бір жаман атын сұрап алды да, енді, міне, кемпірін ауруханаға, Павел Иваныч ұнтақ дәрілерімен, неше түрлі майларымен оның бұрынғы көзқарасын қалпына келтірер деген үмітпен әкетіп барады.

— Сен бар ғой, Матрена, нетіп... - деп күбірлейді ол - Павел Иваныч сенен ұрды ма деп сұрай қалса, айт: тіпті де ұрған жоқ де. Мен сені ендігәрі ұрмаймын. Міне, мойнымда крест. Немесе, мен сені қастықпен ұрды дейсің бе? Жәй, әншейін ұрдым ғой. Мен сені аяп, мүсіркеп келемін. Басқа біреу болса мұны, тіпті, елең қылмас еді, ал мен болсам, міне, әкеле жатырмын... Жанымды салып келемін. Түу, ұйтқуын қарашы, ұйтқуын! Құдай-ау, бәрі өз құдіретің! Әйтеуір құдайым тек жолдан адастыра көрмесін... Немене, бүйірің ауыра ма? Матрена, сен неге үндемейсің? Мен сенен сұрап келем ғой: бүйірің ауыра ма деймін.

Бұған бір жат көрінетін нәрсе, кемпірінің бетіне жауған қар ерімейді, тағы бір ғажабы, оның бетінің өзі бір түрлі сопайып кеткен, өңі сұрланып, сарғыш тарта сазара қалыпты, түсі суып, бір түрлі сұстана бастаған секілді. - Әй, ақымақсың – ау! - деп күбірлейді ұста. Мен саған ағымнан жарылып, құдай алдындағы сөзімді айтып келем... Ал сен, нетіп... Әй, ақымақсың - ау! Ендеше, Павел Иванычқа апармай қоярмын!

Ұста делбені босатып жіберіп ойға шомады. Кемпіріне бұрылып қарауға жүрегі дауалайтын емес, қорқады! Оған бір нәрсені сұрап, жауап ала алмау да қорқынышты. Ақыр аяғында, осы дүдәмалдықтан құтылайын дегендей, кемпіріне қайырылып қарамастан, оның сап-салқын қолын ұстап көрді. Көтеріп алып қоя беріп еді, сылқ ете түсті.

— Өлген деген осы. Комиссия!

Енді ұста еңіреп қоя берді. Оған аянышынан бұрын өкініші өтіп барады. Сонда мынадай ой келді: бұл дүниенің көзді ашып-жұмғанша өтіп кетуі қалай оп-оңай! Басындағы қасіреті, тіпті басталып та үлгерген жоқ, енді, міне, болары болып тынды. Бұл кемпірімен өмір сүріп те үлгерген жоқ, оған айтар сөзін де айта алған жоқ, оны мүсіркеп аяй да алған жоқ, кемпірі өлді де қалды. Бұл онымен қырық жыл өмір сүрді, ал сол қырық жылының өзі кәдімгі бір тұман ішінде жүргендей көмескі күңгірттікте өтті де кетті. Мастықтан, төбелес пен жоқшылықтан өмірдің бар-жоғы тіпті сезілмей өтті де кетті. Енді, міне, әдейі қасақана істегендей, бұл оны аяйтынын, онсыз өмір сүре алмайтынын, оның алдында адам айтқысыз кінәлі екенін енді ғана сезіне бастағанда, кемпірі өлді де қалды.

— Шіркін-ай, бүкіл өмірі жұрттан қайыр тілеумен өтті - ау ! - дейді ол өткен күнді еске алып. Жұрттан нан сұрауға мен оны өзім жұмсадым – ау, комиссия! Ол, ақымақ, әлі де бір он жыл тұра тұратын кісі еді, кім біледі, бәлкім, ол Мені шынында да сондай екен деп ойлап кеткен шығар. Жасаған ием - ау, енді мен қайда лағып барамын? Енді оны емдету керек емес, жерлеу керек қой. Тарт кейін!

Ұста аттың басын кейін қарай бұрып, атты шықпыртып айдай бастады. Жол сағат сайын ауырлап, қиындай түсті. Ат құлағы енді мүлде көрінбей кетті. Шанасы анда-санда бір жас шыршаға килігіп, қараңдаған бірдеңе ұстаның қолын жырып кетеді, көз алдынан анда-санда әлде бірдеңе бұлаң етіп қалады да, көз ұшы әп-сәтте қайтадан ақтүтек бұрқасынға толып кетеді.

"Өмірді қайтадан бастаса, шіркін..." деп ойлады ұста.

Ол Матренаның бұдан қырық жыл бұрын өрімдей жап - жас, сылаңдаған сұлу болғанын, бай үйден шыққан жарқын мінез жайдары қыз болғанын еске түсіріп келеді. Әке -шешесінің бұған берген себебі, мұның шеберлігіне қызыққан еді. Жақсы үй болған, әп-әдемі өмір сүріп кетуге барлық жағдай бар еді, бірақ бар пәле мұның үйлену тойында араққа тойып алып, пештің үстіне гүрс етіп құлаған кезінен басталып еді, міне, содан бері бұл әлі оянып, есін жимаған тәрізді. Үйленгені есінде, ал үйленгеннен кейін не болды -өлтірсең де мейлің, түгі есінде қалмапты, бар білетіні - арақ ішті, омалып үйде жатты, ойран салып төбелесті.

Ақ түтек қарлы боран аз-аздап қоңырқай қаракөлеңке тарта бастады. Ымырт түсуге айналды.

— Ойбай-ау, мен қайда бара жатырмын? - деді бір кезде ұста сасқалақтап - Кемпірді жерлеу керек емес пе, менің ауруханаға бара жатқаным қалай... Естен айырылған шығармын, сірә!

Ұста аттың басын тағы кейін бұрып, тағы айдай түседі. Биесі шірене тартып, қайта-қайта пысқырып, қыбыр - қыбыр бүлкілге басады. Ұста оның сауырынан шыбыртқымен осқылап келеді... Артында тарсылдаған бір дыбыс естіледі, ұста артына қарамаса да, бұл шанаға соғылып, сартылдап келе жатқан өліктің басы екенін біліп келеді. Айнала барған сайын қарауытып, жел бұрынғыдан да қатая, ызғарықтана түскен...

"Өмірді қайта бастар ма едім... - деп ойлады ол.- Жаңадан аспап жинастырып, көп тапсырыс алсам... ақшасын кемпіріме беріп отырсам... иә!".

Сөйтіп отырып ол делбені қолынан түсіріп алды. Айнала қарманып іздейді, көтеріп алғысы келеді, бірақ тіпті көтере алмайды, қолдары илікпейді.

— Ә, мейлі, - деп ойлады ол,- ат өзі де барады, жолды біледі ғой. Енді бір ұйықтап алар ма еді... Әлі алда жерлеу қамы бар, әлде жаназа бастала ма, соған дейін кішкене жатып алар ма еді.

Ұста көзін жұмып, қалғып кетті. Сәлден кейін аттың тұрып қалғанын сезді. Сонсоң көзін ашып еді, алдында үй ме, әлде мая ма, бірдеме қарайып тұр екен...

Шанадан түсе қалып, мұның не нәрсе екенін білетін жөні - ақ бар еді, бірақ тұла бойы дел-сал болып, зауқы болмады, орнынан қозғалғанша, үсіп өлгені жақсы сияқты көрінді... Сөйтіп, ол алаңсыз ұйқыға шомды.

Ояна келсе, қабырғаларын сылаған үлкен бөлменің ішінде жатыр екен. Терезеден аппақ күн сәулесі төгіліп тұр. Ұста алдында бір адамдар тұрғанын көріп, соларға ен алдымен өзін байсалды, парасатты адам етіп көрсеткісі келді.

— Туысқандар - ау, кемпірге жаназа оқыту керек қой!- дейді ол, Пірәдарға хабар берсеңдерші...

— Иә, жарайды, жарайды! Жат енді! - деген бір дауыс мұнын сөзін бөліп жіберді.

— Әкетай! Павел Иваныч! - деді ұста өзінің алдында тұрған дәрігер екенін көріп, таңданып,- Асыл тектім! Жарылқаушым!

Ол орнынан атып тұрып, дәрігердің аяғына құлап түскісі келеді, бірақ өзінің қол-аяғы еркіне көнбей жатқанын сезеді.

— Асыл тектім! Менің аяқтарым қайда кеткен! Қолым қайда?

— Қол-аяғыңмен қоштас... Үсітіп алдың! Ал, ал... неменеге жылайсың? Біраз өмір сүрдің, енді құдайға тәубе! Құдай біледі, бір алпыс жыл өмір сүрген шығарсың - саған сол да жетеді!

— Қасірет!.. Асыл тектім - ау, мынау қасірет қой! Кең пейіліңізбен кешірім ете көріңіз! Енді бір бес-алты жыл өмір сүрейінші...

— Не үшін?

— Ат кісінікі еді, қайтарып беру керек... Кемпірді жерлеу керек... Япыр-ай, бұл дүниеде барлығы қалай оп-оңай бола қалады! Асыл тектім! Павел Иваныч! Карел қайыңынан ең тамаша темекі сауыт! Әсем крокет ойып берейін...

Дәрігер қолын бір сілтеп, палатадан шығып кетті. Ұстаға да құдай өзі жар болсын!

Аударған Ж.Ысмағұлов
31.10.2018
Вернуться назад