DataLife Engine / Тоқаш Бердияров | Ән

Тоқаш Бердияров | Ән

Жол азабынан қалжыраған Шаншархан кішкентай арық бойындағы, қою көлеңкелі тұттың түбіне отыра кетті. Тершіген әжімсіз маңдайын бет орамалымен қайта-қайта сүрткілеп, алқызыл жібек көйлегінің түймесін ағытып, рақаттана желпініп-желпініп алды. Баяу ескен көктем самалы жігіттің сәндеп тараған әдемі қара шашын бобыратып жіберді. Сылдыр қаққан арық суы әзінің салқын лебімен шаршаған жолаушының айызын қандырды.

Жігіт оң аяғының протезін шешіп, ағашқа сүйеп қойды. Тізесінен төменірек кесілген аяғының ұшы қызарып, ескі жараның аузы аздап ашылған екен. Аяқ қабының ішіндегі қан сіңе бастаған жұмсақ мақтаны қолымен түтіп жатып, ол қатты кейістік білдірді:— «Әй, айналайын инженерлер-ай, жарым аяққа темір дорба кигізгендерің дұрыс-ақ! Ал, соны жеңілірек қылсаңдар қайтер еді?..»

Күні бойы осынау етектегі ауылдың есік-терезесін қағып, нағашы апасының үйін іздеген бұл жігіт нәтижелі мағлұмат ешкімнен де ала алмады. Жұрт түрліше дерек айтты:—«Ондай адам мұнда тұрмайды». «Ол кісі бұл жерден көшіп кеткен». Ал, кейбірі кәдімгідей жол сілтеді:— «Е, сенің айтып отырғаның қыли көз Жексенбай екен ғой!.. Былай жүресің, шырағым; Сонау қызыл шатырлы үйдің сол жақ бүйірін жанай өтесің де кілт оңға бұрылып, қаз, үйрегі мол үлкен көшемен жүре бересің, жүре бересің...»

Шаншархан біраз тынығып дем алған соң, протезін қайта киіп, жылтыр қара таяғын қолына алып, қаладағы өз үйіне қайту үшін жолға шықты. Протездің бірқалыпты аянышты сықыры көңілсіз көкек үнімен үндесіп жатқандай еді.

Нағашы апасының үйін іздеп, көп сенделіп шаршаған жарымжан адам, енді қалайда, қалаға тез жетуді көздеді. Бет алысы автобус тоқтайтын үлкен жол. Үміті біржола үзілген жігіт. «Бұл ауылға сірә да қайтып оралмаспын»,— деп өзіне-өзі ант етті.

Үзіліп-үзіліп шыққан сұлу сазды ән протез сықырын кілт тоқтатты. Жігіт елең етіп, құмарлана тыңдай қалды. Манағы шаршап-шалдығу, аяқтың қақсауы тап қазір біржола ғайып болған сықылды. Апасы да, қала да, бәрі де мүлде ұмыт қалды. Әнге еліткен бозбаланың буын-буыны босап, біртін-біртін жүзі де жадырап сала берді. Сызылта салған қыз әні жігіттің кеудесіне бұлақ суындай боп құйылып жатты! Әму, Сырдарияны Арал теңізі өз арнасына еркін сыйғыза алса да, қыз әнін жігіт өз кеудесіне, тіпті, сыйғыза алатын емес. Бұлақ суын ішкенмен қайнар көзін көруді арман еткен адамдай, ол жолсыз даламен ән шыққан жаққа қарай еріксіз аяңдап отырды.

Көктемнің сұлу сәулесіне қанаты ілініп қалғандай, көк аспанда бозторғай діріл қағады. Айдың көлге төсін сүйгізіп, шықылықтаған қарлығаштар, көктем-бикештің қап-қара моншағындай баған сымдарында қаз-қатар тізіліп отыр. Зеңгір көкте үшкілдене ұшып «тырулаған» тырналар көктемнің базаршысындай еркін маңып барады. Тұтас гүлдеген алма бақтар жерге қонған ақша бұлттай көзге жырақтан шалынады. Айдалған жердің ылғал топырағының иісі қандай сүйкімді!.. Осы бір табиғи көріністер, осы бір өмір тіршілігі, қыздың сызылта салған әнінен тыныс ап тұрғандай.

Шалғыорақ, айырына сүйеніп, нәзік, сырлы әнді ұйи тыңдаған пішеншілер — «Бұл кімнің қызы екен, ә?» — деп, бір-бір тамсанысып, салқын шалаптарын қомағайлана тауыса сімірді.

Қыз әнін бар табиғат маужырап тыңдағандай. Тіпті, шөмелеге басын құныға сұғып, тойып алған ала сиыр да аузынан сілекейін шұбыртып, тырп етпей, маңқия аңырып қапты.

Домбыраның шегіндей ән кілт үзілді. Шарбақтан секіріп түскен Шаншархан кеміс аяғын ауыртып алды. Ол көгал үстіне шойтаң етіп отыра кетті.

Көктен бе, яки жерден бе, әлдеқайдан сықылық атқан қыз күлкісі естілді.

— Жігітім, бақ гүлдегенде ұрлыққа түсуіңіз қалай, әлде алма пісетін мерзімді ұмытып қалғансыз ба?

Шаншархан жүзіндегі күйзеліс нышанын сездірмейін дегендей жалма-жан түсін өзгертіп, бойын сергек ұстап, ақ жарқындықпен жан-жағына қарады. Ешкім жоқ. Ол көзін уқалап, аңтарылып тұрып қалды. Бұ несі?..

Қатқылдау бір зат Шаншарханның басына топ етіп тигендей болды. Ізінше қолдың басы ғана сиярлықтай әйел баланың қызғылт әдемі туфлиі алдына домалап түсті. «Бұл туфли көтерген, шіркін, қандай қыз екені» — деген оймен ол төбесіне қарады. Алма ағашының аша бұтағында бір қыз отыр. Ақшыл сәтен көйлегінде алма гүлінің реңіне ұқсас әлеміш құламыш түрлі түсті өрнектер көп-ақ. Келісті қыз мүсіні гүлдін абат көбігіне шомылып, астасып кеткен. Тек қана оның қызыл шырайлы жүзі ақ қағазға тамған қызыл бояудай көзге жылдам шалынады. Қара көзі төңкеріліп, қиыла қарап түр. Тізесінен едәуір жоғары ысырылған көйлегінің етегін қымсына қымтып қояды. Сөз басын әзілмен бастаған қыз, бейтаныс жанға абайсызда туфлиін түсіріп алғанды. Өзінің мұндай дөрекілік қылығына іштей қатты налыды. «Басы жарылып қалса масқара ғой»,— деген оймен ол секіріп жерге түсті. Жәбір көрген жаннан кешірім сұрауды мақұл көрді.

— Сіз кешіріңіз, замандас!.. Мен байқаусызда...

Жеңіл туфли басқа дәл тигенімен, көпті көрген көмбіс құйқа теріге оншама әсер етпеген еді. Екінші туфлидің де төбесіне дәл түсуін бағып отырған жігіт, қыз кешіріміне тіпті, мән берген жоқ.

— Біз сияқты бойдақтарға осы бастан көндігіп, шыныға берген жөн, қарындас. Ертең күн зәуі кеп семьялы бола қалсақ, кім біледі...— деп ол жымия күлді.

Олар танысты. Қыз бағбаншының қызы болып шықты. Аты — Динара.

Аспандағы үлпілдек ақша бұлтты, айдын көл, тау, орманды, астық даласын балбыратып, қойдың күйісін тоқтатқан ән, осы бір қыздың мына оймақтай аузынан ағытылып, тамылжи шартарапқа шарықтады-ау, шіркін! Ақ торғын үлбіреген қыз тамағын, сұлу әнді ұзатып салған нәрлі қызғылт ерінді рұқсатсыз өпкісі келіп-ақ тұрды Шаншарханның.

— Сіздің ләззәтті әніңіздің торына мен құмырысқадай шырмалдым,— деді ол жүрек сырын сездіріп.— Сіздің торыңыздан сытылып шығу, маған қиынға соғып тұр. Сізге мен бағыныштымын.

— Қалай, сіз әнді жақсы көресіз бе?— деп Динара бозбаланың ниетін білгісі келді.

— Әнді де, әншіні де сүйемін!

Қыз ұялғандай төмен қарады.

— Динара мен қатты қорқып отырмын.

— Кімнен?

— Тағдырдан.

— Неге?

— Бүгін ғой, міне, ойда жоқта екеуміз бір-бірімізбен кездесіп отырмыз. Өте жақсы! Ал, бұдан былай, тәкаппар тағдыр бізді өле-өлгенше кездестірмесе не істейміз? Қайдан таппақпын мен сені?..

«Мен сені қайдан табамын»,— дегендей қалың жыныс дүр сілкініп, жапырақтар сыбдыр қақты. Тоқымдай қара бұлт біртін-біртін молая түсіп, «сен оны таба алмайсың»,— дегендей, алма бақтың бүр жарған аппақ аршын төсіне ызғарлы тізесін батыра түсті. Ызыңдаған жел, сыбдыраған қайың, сабалаған нөсер бүкіл табиғат бір-ақ сөз айтып тұрғандай еді. Ол сөз — «Мен сені қайдан табамын?..»

Динара таң сәріден алма ағаштың басына шығып алып, әрдайым ән салып отыратын-ды. Оның екі көзі, биыл көктемде ғана пайда болған даланың ирек соқпағынан айрылмайтын. Қыз жүрегіне тік тартылған сол соқпақпен бір жігіт күнде кеп тұрады. Ол — Шаншархан. Әнші қыз өлеңінің атын «Махаббат көктемі» деуші еді.

Еседі баяу ғана көктем лебі,

Табиғат қандай ғажап, көркем еді!

Неліктен айлы түнде ұйқы қашып,

Неліктен жүрек тулап, өртенеді?

Арадан өтсін күндер, көп жыл мейлі,

Жүрегім саған ғана «кеп жүр» дейді.

Қылт етсе сенің төбең анау сайдан,

Неліктен тұла бойым елжірейді?!

Мақта өңіріндегі колхозшылар, түбекте сиырларын жусатқан малшылар, тезек терген кемпірлер, өзеннен су әкеле жатқан қыз-келіншектер асқақтай көтерілген сұлу әнге тамсана, жаппай құлақтарын тосқан. «Тамаша ән!»

Етік тігіп отырған зор денелі, бурыл шашты Динараның әкесі қалың ұлтанға бізін шанши салып, бар ықыласымен әнге назарын аударды. Аз сәттік мүдірістен кейін, кір жайып жүрген бәйбішесіне ажырая қарады.

— Мәртебелі кемпірім, қызың не дейді?

— Біздің Динаш әнді жақсы салады.

— Сөзін айтам, сөзін... «Жүрек өртенеді» дей ме, немене?

— О, байғұсым, жүректе нең бар? Тезірек мәсімді жама, суға барам,— деп адуын әйел еріне зірк-зірк етті.

Орта жасқа келген колхоз бағбаны ныммен жіпті ысып-ысып қойып, аузы-басы жыбырлап, өзінің құпия тәсіл мақсатын іштей сақайтқандай, аласа сәкіге мықшия отырып, жай ғана езу тартты.

— Бойжеткен екен. Ым.. Солай де!..

Қалпағынан айырылған күнбағыстар егінжайда сидиып тұр. Қураған жапырақтары бір-бірімен сүйкенісіп, сылдыр-сылдыр етеді Күз мизамдары ұшып барады. Кейбірі ұзын шөптердің басына шырмала кетеді. Сүмбіле түсіп су суып қауын-қарбыз болған шақ. Арадан айлар өткізіп Шаншархан Динараға бүгін ғана соғып отыр. Алма бағына апаратын соқпақты таба алмай, оның әбден ит рәсуәсі шықты. Жалғыз аяқ жолды шырмауық, құмай басып кеткен. Ол кейде тоқтай қап, құлағын қаншама тосса да ешбір әуез есіте алмады. Тек қурап кеткен түздегі жүгерінің беймаза сыбдыры ғана құлаққа шалынады.

Шаншарханды әрдайым қош алатын әннің ыстық құшағы күл келе суынғанға ұқсайды. Өзіне таңсық сұлу ән, өзіне таныс сүйкімді бейне бұл маңнан кеткендей, айнала тым-тырыс. Көктемгі көркі — гүлінен, жазғы қырмызы алмасынан айрылған алма бағы қуқыл тартқан, өңсіз, өмірсіз. Сабағынан үзіліп, шайқала жерге түскен сарғылт жапырақтар үміт отын сөндіргендей. Күні кеше азан-қазан боп жататын құзар терек басы бүгін жым-жырт. Ұзақ қарғалар да балапандарын ұшырып кетсе керек.

Қалың бұта арасынан Шаншархан Динараның көгілдір шатырлы үйіне көз тастады. «Анау сыпа үстінде Динара үнемі шай ішіп отыратын-ды... Койкасы бар, бірақ көрпе-жастығы жоқ... Ия, мына бір тартылған жіңішке жіпке жуылған ішкиімі, көйлектері жаюлы тұратын еді?.. Ал, қазір о да жоқ... Мә саған, шал үйден шықты, қолында шоқпар таяғы бар»...

Бұдан кейін Шаншархан үй жақтан мынадай өктем дауыс есітті.

— Керім-ай, Керім! Атымды ертте, құдалардың ауылына барып, Динара жанды көріп келейін!..

Көңілсіз қиял тұманына шомған жігіт ауыр күрсінді. Бақ ішін тынымсыз кезіп, үлкен алма ағаштың түбіне сұлқ отыра кетті. Динара осы дарақтың басына шығып алып ән салатын-ды. Төбесіне түскен қыз туфлиі!.. Алғашқы танысу... «Мен сені қайдан табам»,— деген өзінің аянышты сөзі, бәрі де есінде Шаншарханның.

Ән мекені құлазыған. Шырқалған әнге телміре қарап тұратын көгілдір аспан қазір төмен салбырап түсіп келе жатқан секілді. Сақал-шашы ескен пендедей, жалғызаяқ жолды шөп басқан. Сіркіреген жаңбырдан тайсақтап, ала сиыр мая қуысын паналап тұр. Судырлап түскен сарыала қаз табан жапырақтар ой-сезімді қажап, көңілді қамықтырады. Бұлбұлынан айрылған бақ тым көңілсіз.

Сазбалшыққа түскен ізге Шаншархан тесіле қарады. Динараның ізі. Башайына дейін анық түскен. Ол етпетінен із үстіне құлады. Протездің тізе тұстағы бүкпе темірі сықырлап, жігіттің солқылдап жылағанын аңғартқандай еді...

28.10.2018
Вернуться назад