DataLife Engine / Бердібек Соқпақбаев | Мен қалай үйлендім

Бердібек Соқпақбаев | Мен қалай үйлендім

Әркім өзінің, қалай үйленгенін айтып жатты. Кезек бурыл бас журналист Бекәділге келді.

— Соғыстан келген бетім, бойдақпын, - деп бастады Бекәділ, — жастар газетінде тілші болып істеймін. Мезгіл август айының аяқ кезі. Алматы — Москва жүрдек поезымен оңтүстіктің Ш. дейтін станциясына келіп, түсе қалдым.

Ш. ауданы мал өсіруден Қазақстан бойынша аты шығып дүрілдеп тұр. Озат малшылардың өмірінен очерк жазбақшымын. Бұрын мұнда болған емеспін, бірінші рет келуім.

Мезгіл кешкі уақыт. Күні бойы сіркіреп ақ жауын жауған. Қазір де басылмай, бүркіңкіреп тұр. Ауа сыз, бұлыңғыр. Былайғы жердің миы шығып жатса керек, ал станция басы асьфалтталған, саз емес. Бірақ жаңбыр суы көлкіп шылқып жатыр. Галошым да жоқ еді, судың молдау жерлерінен амалдап аяғымды өкшелей басам.

Сол арадағы жұрттан сұрастырсам, аудан станциясы басында емес, бұдан жеті километр жерде екен. «Оған қалай баруға болады?» — деп едім. Білегіне қызыл байлаған теміржолшы:

— Ана кетіп бара жатқан жұртты көрдіңіз ба? Солардың соңынан ілессеңіз, сонау мұржасы көрінген үй асхана, соған барасыз. Сол жерде автобус тоқтайтын аялдама бар, — деп жөн сілтеді.

Әлгіге рақмет айттым да, шұбырып кетіп бара жатқан он шақты адамның соңынан ілесіп жөнелдім. Жолдын батпағы ми болып жатыр. Галошсыз ботинкамның мықтап сорлайтынын сезсем де, істерге амалым жоқ. Өзі оншалық жаңа да ботинка емес еді. Әуелі қорқыңқырап басып, амалдап көрмек болдым. Бірақ бұдан ештеңе шығатын емес. Одан соң не болса да болды ғой деген оймен батылдана адымдап жүріп кеттім.

Бір кезде алдымда кетіп бара жатқан жұрт иіріліп, бөгеліп қалды. Сөйтсем әлгі арада ені екі метр шамасы, жағасы түйетайлы арық бар екен. Көпір ештеңесі жоқ. Жұрт амалдап секіріп жатыр. Қарттау бір адам арықтың ішіне тайып жығылып, үсті басын оңдырмай былғап алады.

Mен жеткенге дейін арықтан өтіп болмаған бір ғана әйел қалды. Бip қолында саквояжы, екінші қолында қомақтылау мірі бар. Қалай секіретінін білмей қиналып қорыншақтап тұр. Үстінде плащы, аяғында кең қоныш ботиы бар.

Қорықпаңыз! Секіріңіз! — дедім қасына келіп. Әйел маған жалт қарады:

— Ой, секіре алатын емеспін. Суға құлайтын шығармын.

Әйел жап-жас келіншек екен. Тұлғасы сырт жағынан жуандау көрінгенге жасамыстау болар деп жобалап едім, жоқ өзім құралыптас.

— Олай болса мен сізге жәрдемдесіп жіберейін, әуелі нәрселеріңізді беріңіз, — дедім. Әйел нәрселерін берді. Өзімнің титімдей ғана шамаданым бар. Тез ырғып, арғы жағаға топ ете қалдым. Әйел сүйінген дауыспен:

— Ой, сіз елікше секіреді екенсіз, — деді.

Нәрселерді әрменірек шөптеуін бір жерге апарып қойдым да, қайтып келіп, әйелге қайыс белбеудің бір жағын ұсындым.

— Мынадан мықтап ұстаңыз. Айрылып қалып жүрмеңіз. Қане, секіріңіз!

Әйел түйіліп, батыл секірді. Meн де тез тартып, пәрменіммен жұлып әкеттім. Жерге түсіп үлгергенше қолтығынан шап беріп ұстап та алдым. Ап-ауыр тығыз денесі менімен қауыша келіп, дік ете қалды.

Ой, рақмет, көп жасаңыз, сіз болмағанда мен секіре алмайтын едім. Ана жақтағы көпірді айналатын едім, — деп, әйел сүп сүйкімді қоңыр дауысымен маған алғыс айтып жатыр.

Екеуіміз қатарласа жүріп кеттік. Аянар түгім қалған жоқ. Ақаулы ботинкаларым ішерін ішіп, жерін жеп, «тойып» алған. Aяғым шылқ - шылқ, үстімде плащ емес, күздік пальто. Су сіңген сайын ауырлап барады.

Жұрт автобусқа жайғасып отырып алған екен. Кәдімгі кішкене автобус. Әйелге жол беріп, алдымен кіргіздім. Арт жақтағы ұзынша орын бос. Әйел соған түкпірлей отырып жатып: Отырыңыз, — деп, қасынан маған орын нұсқады.

Шамның жарығынан әйелдің жүзін анықтап байқап алдым. Скргек пішінді сүп - сүйкімді қара торы келіншек. Бетінің әр жерінде сия шашыраған тәрізді ноқат - ноқат секпілі бар. Онысы өзіне бір түрлі жарасып тұратын тәрізді.

Жөн сұрастық.

— Осында тұрасыз ба?

— Осында тұрамын. Өзіңіз қайдан келесіз?

— Командировкаға келе жатқан газет қызметкерімін, — дедім.

— Е-е, — деді.

— Мұнда қонақ үйі бар ма?

— Бар.

Біз аудан орталығына келгенде, қас қарайып та кетті. Қонақ үйдің қайда екенін келіншек маған түсіндіріп, нұсқап жіберді. Көшенің батпағы толарсақтан келеді. Жауын сіркіреп қайта күшейді. Итім шығып, әзер жеттім. Еті ғана бөлмелі шағын үй екен. Адам лық толы. Көкала түтін.

— Өзіңіз көріп тұрсыз ғой. Бірде-бір бос орын болса бұйырмасын, он адамдық қонақ үйде он бес адам жатыр. Аяқ басар жер жоқ, — деген сөздермен қарсы алды күтуші әйел.

Айтқанының бәрі рас. Әрі темекі түтінінен тұншығып өліп барам. Күні бойы купедегі үш темекішінің ортасында қақалып шашалып әзер шыдап едім. Енді тіпті мына үйде бос орын болған күннің өзінде де төзе алатын емеспін.

Қонақ үйдегі әйелден ауатком кеңсесінің қайда екенін сұрап алдым да, тысқа шықтым. Сонда барып, өзімнің кім екенімді айтып, ауасы таза, жылы кабинеттердің бірінде, диванның. үстінде болса да түнеп шықсам, сол рахат болар деген ойға келдім.

Жауын әлі басылмаған. Көше қараңғы. Үйлердің терезелерінен шам жарығы бозғылданып әрең жылтырап көрінеді. Көшеде бірлі-жарым атты — жаяулы адамдар ұшырасады. Солардан сұранғыштап отырып ауатком кеңсесі делінетін темір шатырлы ағаш үйге келдім.

Есігін тартсам берік. Тарсылдатып ұрып едім, ешкім үн қатпады. Бұл тәрізді үлкен кеңсенің күзетшісі болмауы мүмкін емес, күзетші бір жаққа кеткен болар деген оймен биік басқыштың үстінде тосып тұрдым.

Маңдайшаның үстіңгі жағына шам орнатылғандықтан бұл ара жарық. Әрі жауын тамбайтындай қалқима бірдеңесі бар.

Аяқ су, үстім де су, өзімнен өзім жиреніп, берекем қашып - ақ тұр. Бар арманым ішке тезірек кіріп шешініп жан шақыру.

Кенет үй бұрышының тасасынан біреудің келе жатқан аяқ дыбысы естілді. Күзетші осы болса игі еді деп, қуанып қалдым. Сөйткенше болмады, бір әйел шыға келді. Тани кеттім. Әлгінде автобуста өзіммен бірге келіп түскен келіншек. Мені көріп ол да іркіліп тоқтай қалды.

— Немене, қонақ үйді таба алмадыңыз ба?

— Жоқ, мен болдым онда, қонақ үйде орын жоқ екен.

— Иә, енді мұнда неғып тұрсыз?

Кеңсеге түнеп шығайын десем, берік тұр. Ешкім дыбыс бермейді. Сірә, күзетшісі бір жаққа шығып кетсе керек.

— Таныс ешкіміңіз жоқ па еді?

— Жоқ.

— Кеңсеге түнеймін дегеніңіз нелеу екен...— деп, әйел менің түріме бастан - аяқ қарап алды, — онда, жүріңіз біздікіне түнеп шығыңыз, — деді.

Қамқорлығыңызға мың рақмет, — дедім де, әйелге ілесіп бердім. Ойымда ештеңе де жоқ. Семьялы, үйлі - баранды адам болар. Менің түрімді көріп, аяп, қонақжайлық көрсетіп жатқан шығар деп ойладым. Әйелдің пиғылы, шынында да осы болуға керек. Ол мені маңдайшасында «Ш. аудандық кітапхана» деген жарнамасы бар бір үйге ертіп келді.Іргесі ашық веранданың қақ ортасына төбеге орнатылған жалғыз шам әрең жылтырап жанып тұр. Үйдің екі есігі бар екен. Оның біpiн сойылдай белдеу темірмен көлденең бастырып, шоқпардай қара құлып іліп қойған. Ол, сірә, кітапханаға кіретін есік болса керек. Ал екінші есіктің сыртына көкшіл клеенка қапталған. Әйел қалтасынан кілт алды да, осы есіктің ішкі құлыбын ашты.

Әлгінде жолда келе жатып әйелдің аты-жөнін, қайда істейтінін сұрағам. Атым Нағима, кітапханада істеймін деген. Япыр-ау, бұл мұнда жалғыз тұра ма?.

Әйел кіріп, шырт еткізіп шам жақты. Содан соң маған:

— Кіріңіз, — деді.

Кірдім. Айнадай жарқыраған сырлы еден, таза алаша, Батпақ - батпақ болған ботинкаларымды сол арада шешіп қалдырдым. Пальтомды да шешіп іліп қойдым. Бұл өзі о баста үлкендеу бір ғана бөлме екен. Соның алдыңғы жағын жарым - жартылай бөліп, ықшамдап ауыз үй тәріздендіріп қойған. «Қане, төрлетіңіз, жоғары шығыңыз», — деп, Нағима бәйек болып жатыр.

Төр жаққа өттім. Мүліктері жұпыны болғанымен тап-таза, Екі төсек және бір диван тұр. Төсектің бірі баланыңкі. Ортадағы дөңгелек столдың үстінде бірнеше газет, «Огонектің» жаңа нөмері жатыр.

Міне Нағима да сырт киімін шешіп, іліп қойып, бері қарай келді. Көз тояттайтындай әп -әдемі тұлғасы бар. Мен кешірім өтіндім де, оның кіммен тұратынын сұрадым. Нағима күлімсіреп:

— Өзім тұрамын.Және қызым бар, — деді.

— Ал жолдасыңыз?

Жолдасым бөлек тұрады.

Бұл сұрағым орынсыздау болды мa деп те ойлап қалдым. Өйткені Нағиманың жүзінен күйеуі туралы әңгімелеуді қаламайтындай салқын көлеңке байқалып қалды.

Соңынан әңгімелесіп отырып білдім. Нағиманың бес – алтыға келіп қалған қызы, осы маңдағы бір колхозлда тұратын қарт әке – шешесі бар екен. Кеше бұлар қарттарға қонаққа барыпты да қызы сонда қалыпты.

Шай іштік. Шайдан кейін Нағима маған диванға жақсылап төсек салып берді де:

— Шаршаған боларсыз. Жатып дем алыңыз, — деді. Өзі ыдыс-аяқ жиған боп ауызғы кішкентай бөлмеге шығып кетті.

Шайға тойып, жылынып, есті жиып алғаннан кейін көңіл құрғыр қунаң-қунаң етеді. «Нағима өзі қайда жатар екен?» деймін. Мына менің қарсымдағы төсегіме келіп жатуға тиіс. Басқа жататын жері жоқ. Тысқа шығып келдім де, теріс қарап жатып қалдым. Сыртта жауын басылып, аспан жарқырап шығып келеді екен. Тарап бара жатқан алашабыр бұлттың арасынан терезеге бірде жап - жарық болып, бірде күңгірттеніп aй сәулесі түседі.

Бір кезде Нағима да бері кірді. Шамды өшірді. Ай жарығы түскендіктен үй іші ала көлеңке. Ұйықтамасам да ұйықтағандай болып, бірақ көзімді бақырайтып ашып жатырмын. Төсектің жұмсақ сеткасы сықырлап, құлағыма Нағиманың шешінген сыбысы келеді. Түйме ағытқаны, шұлық сыпырғаны — бәрі түгел естіліп, оның әр қимылын көңіліммен көріп, біліп жатырмын. Міне, ол да жатып қалды.

Мен жалпы, жасымнан ұйқышыл адаммын. Төсекке басым тиісімен қор ете қалам. Ал енді көзім ілінсеңші? Ұйқым шайдай ашылды да кетті. Ойымда да, көзімнің алдында да Нағима. Әлгінде шай үстінде ептеп қалжың - қақпай айтып, тамырын басып көргендей болғанмын. Сыпайы қалжыңнан арғыға аяқ аттар түр байқалмаған. Ал менің көңілімдегі елегізу немкеттілік емес. Өзіне кереметтей көңілім құлап, сондықтан да болар, шешіліп ештеңе де айта алған жоқпын. Әрқашан да солай ғой. Біреуді шынайы ұнатып құштар болсаң тілің күрмеледі де қалады. Ал немкетті, осыған бір тиісіп көрейінші десең сөзбен дөңгелетіп әкетесің.

Енді міне сол әлгіндегі оралымсыздығыма күйініп, опық жегендей болып жатырмын. Ұнатқан адамына көңіл білдіру қашан да еркектің парызы. Онда тұрған не бар деймін өзіме өзім. Бірақ бір көрген адамға бірден айтып қалдым, бүйтіп қалдым деп жату тағы да жарасымсыз. Тым құрыса бұрын бірімізді біріміз білетін болсақ екен. Үйдің оңашалығынан өзінің әдепсіздік мінезін тежей алмаған адам тәрізденіп көрінуім де мүмкін ғой. Басыма осы тәрізді ойлар оралады.

Бірталай уақыт өтті. Әлгінде тым - тырыс жатқан Нағима пыш-пыш етіп ұйқыға кетті. Қыбыр етпей жатудан менің жамбасым тала бастаған. Диванды сықырлатып алмас үшін, барынша ептеп, ақырын ғана аунап, бетімді Нағима жаққа бұрдым. Терезеден қиғаштап түсіп тұрған ай сәулесінің тап осы кезде сүттей боп жарқырай қалмасы бар ма? Өзі тағы Нағиманың тура бетіне түсіп тұр.

Ал енді Нағиманың қалай жатқанын айтып берейін. Басы маған қарай әнтек бұрылыңқырап, шалқасынан жатыр. Бір бұрымы төсектен салбырай түсіп кеткен. Мен жақтағы қолының иығы мен білегі көрпенің шетінен топ – толық, аппақ болып көрінеді. Ақ сейсепке кигізілген қызыл көрпенің кеуде тұсы томпайып, оның тыныс алуына орай бір басылып, бір көтерілгендей болады.

Mac адамша маужырап, әлгі айтқан ғажап көріністерге көзімнің алмасын сорғызып, жата бердім. Нағима қыбыр етсе көзімді тарс жұмып, өле қалмақпын. Іштегі сезім асау аттай бұлқынып, жүген салғызбайды. Ала қашып не орға, не жарға құлатпақ болады. Бірақ мен де табандап, қасарысып, тізгінді қолдап шығармаймын. Осындай арпалыспен қалжырап ұйықтaп кетіппіп.

Біреу ақырын иығымнан түртіп оятады. Сөйтсем, Нағима.Әлі күн де шықпаған, тым ерте уақыт.

Ұйқыңызды бөлгеніме кешіріңіз. Осындай ел аяғы қозғалмай тұрып кеткеніңіз мақұл болар. Жұрт дегенді білесіз ғой, мұнда қонып шыққаныңызды біреу көріп, білсе, өсек қылады, — дейді.

Тұрып киіндім де, кете бардым.

— Түнде халіңізді көрдім де, аяп кеттім. Әйтпесе үйге еркек әкеп қондырар жағдайым жоқ екенін өзіңіз көрдіңіз. Тaң aтпастан қуды деп айыпқа бұйыра көрмеңіз, — деген сөздермен шығарып салды Нағима.

— Менің қазіргі халім түндегіден де мәз емес, — дедім мен кетіп бара жатып. Қандай мағынада айтқанымды Нағима бірден түсінді:

— Жәрдем ету қолымнан келмейді.

Әуел бастағы жоспарым аудандағы басшы мекемелерге кіріп жолыққаннан кейін бүгін малшыларға шығып кету болатын. Енді ол қараң қалды. Күні бойы шиырлап, аудан орталығында жүрдім де қойдым. Түстен кейін кітапханаға кірдім. Нағима мұнда кітапханашы болып істейді. Отыр екен. Қасында және бір әйел «Сәлеметсіздер ме» деп амандаса келдім.

Нағима күлімсіреп:

— Төрлетіңіз, — деді. — Колхозға шықпадыңыз ба?

— Ертең шығатын болдым

Осымен әңгімеміз бітті.

Бүгін ақыр мұнда қонатын болғаннан кейін түстен кейін барып, қонақ үйден орын алып қойдым. Кешке клубқа киноға келдім. Адам аздау екен. Залға кірсем, Нағима отыр екен. Дәл бір уәделескен адамдай кездесе кеттік.

— Қасыңыздағы орын бос па? — деп едім, бос деді. Отырдым.

Кинодан бірге шықтық. Кешегідей емес кеш бүгін мөлдіреп, ай жарқырап тұр. Аспанда ине шаншар бұлт жоқ. Кинодан алған әсерімізді ортаға салып, қатарласып келеміз. Бет алысымыз әлгі кітапхана, Нағиманың үйі.

— Бүгін қонақ үйде орын барма екен? — деді Нағима.. Жоқ екен деп айта алмадым.

— Маған әйтеуір бір орын уәде еткендей болды, — дедім. Үйге кеп қалдық.

— Ал енді қоштасайық. Шығарып салғаныңыз үшін үлкен рақмет, — деді Нағима.

— Бүгінгі кеш сондай тамаша екен. Біраз сейілдеп қайтсақ қалай болады? Ұйықтар алдында бой жазып жүру пайдалы деп айтады ғой.

Нағима ойланып қалғандай болды. Төңірегіне қарады. Содан соң:

— Жарайды, — деді,

Екеуміз жүре сөйлесіп, поселоктің шетіне шығып кеттік. Алдымыз жазық дала. Жайылып жүрген тұсаулы аттар қараңдап көрінеді. Қайтадан кейін қарай бұрылдық. Біраз cыpлар ақтарылды. Meн өзімнің майданнан жуырда оралғанымды, өмірдің қиыншылығын көп көріп, жетім өскенімді, қазір бойдақ екенімді айттым.

Нағиманың өмірі де кедір - бұдырсыз емес екен. Күйеуі осы ауданда бірнеше жыл прокурор болып істепті. Әуелгі кезде ісіне тыңғылықты, беделді екен. Бірақ арақ әзәзіл кімді жолдан тайғызбаған. Жүре-келе ішімдікке салынып, адамшылық қасиетінен жұрдай бола бастапты. Жұрттан пара алатын, мас болып келсе, үй ішінің берекесін ұшыратын болыпты. Сөйтіп жүріп қызметінен қуылыпты. Нағиманың онымен отаса алмауына осындай себептер болған.

Бірақ екеуі үзілді-кесілді ажырасып кетпепті.

— Қанша дегенмен мен онымен сүйіп қосылдым. Біраз жыл жолдас болдым, Әрі одан балам бар. Сондықтан оны аяймын да, егер ішуден шын тыйылса, аулақ кет демес едім, — деген сөздерді айтады Нағима.

— Нағима, — дедім батылдығының барлығын жиып - теріп, — егер сен келісер болсаң, мен сені Алматыға әкетер едім.

— Е-е, мені онда апарып не істемексің?

Не істеуші ем. Құсым етіп төріме қойғызып қоям.

— Жә, ондай сөзді айтып қайтесің. Сен деген әлі гүлің ашылмаған жас жігітсін. Өз жолың бар. Менің өз жолым бар. Саған қарағанда мен бұл мәселеде тәжірибелірек болып қалдым. Сондықтан ешқашан да шұғыл шешім жасамау керек.

— Мен бәрін де болжап, әбден ойланып, толғанып айтып тұрмын. Сен мендік болсаң, өмір бойына мен сендік.

— Қой, Бекәділ, албырт сөйлеме. Керек десең біз әлі бірімізді біріміз аз білеміз. Одан соң менің есейіп қалған балам бар. Оны да ұмытуға болмайды.

— Балаңды ұмытып тұрған мен жоқпын.

Жоқ аттың жалы, түйенің қомында мен саған жауап бере алмаймын. Одан да үйге қайтайық. Бip талай уақыт болып кетті. Түнде жөндеп ұйықтай алмадым. Қош!

Екеуміз қош айтыс!

* * *

Ілгері аттап жүре алсамшы. Жүре алмаймын. Кежегем кейін тартып, бастырмайды. Артында құлыны қалған бие тәріздімін. Қонақ үйдің іргесіне келіп, қайта қайттым. Кітапхана мен бұл екі ара бірқауым жер. Түн ортасы болып қалған. Тағы да кітапханаға келдім. Терезеде жарық жоқ. Жатып қалса керек. Оятуға бата алмай, бірқауым тұрдым.

Iзіммен қайта қайттым. Қонақ үйге келдім. Енді мұндағылар жатып қалыпты. Егер ел жатқанша келмесем, онда келмегенім, маған деген төсекті басқа адамға бере беруіңізге болама деп кеткен едім. Ол төсекте қазір, сөз жоқ, тырайып басқа біреу ұйықтап жатыр. Көшеде тырс еткен бір жан жоқ.

Міне мен тағы да кітапханаға келе жатырмын. Қалайда енді Нағиманың есігін қағып оятпақшымын. Енді менің басқа барып қонар жерім де жоқ.

Верандаға көтеріліп келе жатырмын. Аяғымды ұшынан басамын. Жүрегім лүп - лүп. Тынысым тоқтап қалып, тоқтап қалып, қайта ашыл.андай болады. Бейсауат жүре қалған біреу - міреу байқап қоймайды. Батылым жетпей бір сағаттай тұрдым. Аяғым талды. Қолымды есікке он рет апарып, он рет қайта алдым.

Сонау шеттен тауықтың шақырған даусы естілді. Таңғы тауық па? Немене?

Жүрексіздігім үшін өзімді жерден алып жерге салып сөге бастадым. Қайрадым. Соның арқасында мінеки тық – тық етіп қақтым есікті. Үн жоқ. Сәл тоқтап, қайта қақтым. Әлгіндегіден гөрі қаттырақ:

— Бұл кім деген, — өзіме таныс дауыс естілді.

— Мен...

Әйел даусы жым болды. Менде үндемедім. Әлгіден басқа ешқандай дыбыс жоқ. Тағы қақтым тықылдатып. Тағы тостым.

Әлден уақыттан кейін табалдырықтық түбіне жұмсақ басып келген аяқ дыбысын естідім.

— Сіз неге келдіңіз.

Бағана сенімен сөйлескен Нағима енді сізге көшіп тұр.

— Кешір, Нағыш, қонақүйдегілер жатып қалыпты, маған орын қалдырмапты.

Тағы да орын қалмапты. Есіктің ол аржағында, мен бер жағында тым – тырыспыз.

— Сіз әлі тұрсыз ба?

— Тұрмын.

Ілгешек темір ақырын сылдыр ете қалды. Содан соң жаймен ашыла берді.

— Бекәділ, мұныңыз қалай, беймезгіл уақытта...

Мен жауап беру орнына бойынан жып - жылы төсек иісі бұрқыраған Нағиманы құшырлана құшақтап, қаттым да қалдым...

* * *

Арада үш жылға тарта уақыт өтіп кетті. Нағимамен содан кейін қайтып кездескен жоқпын. Сол жолы Ш. ауданында төрт-бес күн болып, әр кешті, әр түнді онымен бірге өткізіп едім. Мен үшін нағыз естен кетпес бақытты күндер еді. Сөйткен Нағимамен хабар -қатынасым біржола үзілгендей болған.

Бірақ бұған мен кінәлі емеспін. Кейін Алматыға келген соң бірнеше рет хат жаздым. Жауап бермеді. Соған қарап, әлде бір жаққа ауысып кетті ме? Немесе күйеуімен қайтадан табысып, мені мүлдем ұмытқысы келді ме деп те ойладым. Хат жазуды сонымен доғарып едім. Бірақ әр кезде есіме алған сайын көңілім күншуақтай құлпырып, «ойхай, дәурен -ай» деген тәрізденіп, бір желпініп қалатынмын.

Тірі адам бәрін көреді дегендей бұл үш жылдың ішінде менің басымнан да біраз жәйттер кешіп үлгірді. Бір сұлу официанткаға, шынымды айтсам, өліп-өшіп үйленіп едім. Оным сәтсіз болды. Басы - аяғы бір жылдай отасқаннан кейін екеуміз ажырасып кеттік. Әйтеуір абұйыр болғанда, баламыз болмады. Бала болса, онда менің саудам бітер еді. Ар - ұят дегеннен дым сезбейтін көкайыл пәлекеттің өзі болып шықты әлгі антұрған. Қанша уақыт ізіме түсіп алды десеңші. Бір жыл бойына ішкенімді ірің жегенімді желім етіп бітті. Арыз жазбаған жері, үстімнен үйіп - төкпеген пәле - жаласы қалған жоқ.

Қатыннан ажырасып, еңсем түсіп, үй-күйсіз жүдеп жүрген кезім. Көктем айы. Бір күні жападан жалғыз өзім демалыс паркіне бардым. Мәуелеген көк тоғайдың саясында, бір өзім бір скамейкада дем алып қиялданып отырдым. Иығымнан асып алған фотоаппаратым бар. Бір кезде арт жағымнан біреу әлгіні бүлкілдетіп тартқандай болады. Жалт бұрылып, қарасам, басында ақ қалпашығы бар, екі жастар шамасында сүп-сүйкімді кішкентай бала фотоаппараттың құндағын ашқысы келіп, тиегін тартқылап жатыр.

— Көргің келе ме, бері кел, — дедім де, баланы қасыма алып, фотоаппаратты көрсете бастадым. Өзі тіпті кісі жатырқамайды. Сәби тілімен қызық былдырлап бірдеңелер айтады.

Осы кезде арт жақтан:

— Бекәділ! Бекәділ! — деген дауыс шығады, Әйел дауысы. Мені іздеп жүрген бұ кім деп, жалтақ - жалтақ қарадым. Сөйткенше болмады, бұтаның қалқасынан ақшұбар көйлекті жас келіншек шыға келді. Әлгіні көргенде қолқа жүрегім солқ етіп, аунап түскендей болды.

Бұл баяғы сол Нағима еді.

— Нағима! — деп, орнымнан ұшып тұра келдім.— Сен қайдан... Көктен түстің бе, жоқ әлде жерден шыға келдің бе? Жарық дүниенің бетінде бармысың өзің?

— Бармын, — дейді Нағимаш тәтті күлімсіреп. Өңі ашаңдап. Жүдеуірек тартқан ба қалай?

Apт жағында алаңдайтын және біреу бар ма деп ойлап:

— Жалғызсың ба? — дедім.

Жоқ, екеуміз, — деп, менің қасымдағы кішкентай баланы нұсқайды.

— Сенің балаң ба?

— Әзірше өзімдікі деп жүрмін.

— Иә, күйеуіңмен қайта татуластың ба?

— Жоқ.

— Енді мына баланы... айтса да, мұның аты қалай?

— Аты Бекәділ.

Менің атымды қойыпсың ғой?

Нағима жымияды:

Аузыма түскен ат болған соң қоя салып едім.

Әй түсінбестің мен де біреуімін ғой. Жаңа түсіндім. Бaланың түр–түсі менен өзімнен аумай қалған екен. Тұла бойым шымырлап, бірдеңе болып кетті...

Нағима Алматыға жолаушылап келген екен. Менімен кездесермін деп ойламаған. Екеуміз сыр шертісіп көп отырдық.

— О, баста күйеуімнен мен безген едім. Соңынан менен ол безді. Енді міне жесірлік тұрмыстың қамытын мойынға мықтап іліп, өмір кешіп жүрмін, - дейді.

— Сен енді жесір емессің. Біз енді нағыз бақытты жандармыз. Тағдырдың өзі айдап келіп, кездестіруін қарашы. Енді бізді, мына тұрған тәмпіш мұрын кішкентай Бекәділ үшеумізді құдай айырмаса ешкім айырмауға тиіс, - дедім.

Мен байғұста ол кезде белгілі мекен жай да жоқ. Сол күні қаланы зыр қағып жүріп пәтер іздедім. Төменгі нефтебаза жақтан біреудің бір бөлме нашарлау үйін таптым. Бар мүлкім көкезу әйелім берген бір жаман көрпе, жаман матрас. Соларды алып барып, төрдің қақ төбесіне шоқитып үйіп қойдым. Содан кейін Нағима мен Бекәділді алып бардым.

Бір бөтелке шампанскийді тарс еткізіп аштым, бірде бір орындығы жоқ үйде екеумізден екеуміз түрегеп тұрып:

— Бақытты семьялық тұрмысымыз үшін! – деп, қырлы стакандармен тос көтердік. Міне мен осылай үйлендім, шынайы бақытымды осылай таптым, — деп аяқтады Бекәділ сөзін.
25.10.2018
Вернуться назад