DataLife Engine / Шерхан Мұртаза | Мылтықсыз майдан

Шерхан Мұртаза | Мылтықсыз майдан

Есіл ерлер! Сендерге Алатаудай ескерткіш орнатса да лайық...

Онымен де орындарың талмайды... "Талапты" ауылынан қан

Автор

I

Арай бүгін ала сиырды жаңа түскен келініне сауғызды. Шашағы кере қарыс қыжым орамал бүркенген келін екі күн бойы шымылдық ішінде отырып еді, бүгін енесі оны ерте тұрғызып, тұңғыш рет үй шаруасына қосты.

— Сиыр сау, келін. Өз малыңа ие бол енді, — деді.

Арайдың арманы көп еді. Көбелек қуған баладай көп жүгірді.

Біреуіне жетті, біреуі жеткізбеді. Әсіресе аңсағаны — келін түсіру еді. Дәл бір өзі қайта жасарып, жас келін дәуренін өзі бастан қайта өткерердей күтті ғой бұл күнді. Ауылдас абысыны Зергүл:

— Әй, байғұс, сенде де арман бар ма. Бейнеттен босап жаның кіріп қалды-ау. Біздің Туған бір шүйкебас тауып, мен келін түсірер де күн бар ма екен! — деп күрсініп кетті. — «Рең -басы да түлкінің баласындай сүп-сүйкімді екен. Бізге қандайы жолығады?»

Ала сиырдың бауырына имене барып отырған Тотияға Арай:

— И - и, айналайын, аяғын құтты болсын, мал-жаның көп болсын, - деп күбірледі. Таңғы самал тисе жасаурай беретін көзін кимешегінің омырауымен сүртті. Кім біледі, бұл жолы оның көзінен тамшы шығарған самал жел де емес шығар.

Жас келінге бәрі сын. Емшегін өзінің бұзауы еміп жатқанын, яки Арай сауып отырғанын кейде аңғармай қалатын ада сиыр бұл жолы: «Мынау кім?» дегендей Тотияға алара бір қарап, тұяқтарын сырт-сырт сілкіп, артқы аяғын көтеріңкіреп қойды. Тек, Арай «әу кемдеп» мойнын қасығанда ғана, көзін жұмып, түйіліңкіреп тұрып, қайтадан күйіс алды. Сәрсенбінің базарына жиналған атасы Мамай есек ерттеп жатып, көзінің қиығымен келініне қарап-қарап қойды. «Олақ неме емес пе екен?» Тотия өзіне біреу қарап тұрғанын сезгендей, қиғаштай бұрылып атасын көрді. Жымиып күлді. Атасы тез теріс айналды. «Дені дұрыс па өзінің?»

Тотияның күлімдей салатын әдеті еді. Ал мына таңда қызыл шырайлы домалақ беті ерекше бал-бұл жайнайды. Өте піскен шиедей күрең қызыл қалың еріні бүлкілдеп тұрған сияқты. Бақыт деген бар болса, соны Тотия қолымен ұстап көргендей.

Ал Орақ сыр бермеуге тырысты. Әкесіне тартқан тоң, қуанышы да, реніші де ішінде жүретін жігіт қой, ешкімге қарамай, қорбаңдап қақпадан шыға бермек еді, сиыр сауып отырған келіншегі:

— Орақ! — деді.

Орақ жалт қарады. Тотия ақсия күлді. Жігіт оны бас салып құшақтап сүйгісі келіп кетті. «Апырау, түнде түні бойы сүйіп, аймалай берсемші, қара басып ірге жаққа қарап жатып ұйықтап қалғаным қалай», - деді ішінен.

— Орақ, бұзауды ағытып жіберші, — деді Тотия.

Орақ қысылса да, келіншегінің сөзін қимады. Бұзауды босатып, енесінің бауырына салды. Келіншегіне қарады. Тотия оған қарады. Бірін-бірі жана көргендей.

Орақ келіншегінің қиықша қой көзін, қара қасын, тәмпіштеу мұрнын, қызылы қою, қоңырқай томпақ бетін, шиедей дөңгелек қалың ернін көрді. Түнде сол еріннен сүйгені есіне түсіп, тұла бойы лап ете қалды.

Тотия күйеуінің шот маңдайындағы жалғыз сызықты, оң көзіндегі қоңыр қалды, үлкен мұрның қалың қара мұртын көрді. Сол мұрттың түнде тамағын қытықтағаны есіне түсіп кетіп, күліп жіберді.

Таңның атқанын қаламайтын адамдар да болады. Олардың жан дүниесін түсіну қиын. Таң жаңа ғана атса да, келін ел ұйқыға кеткен түнді сағынып қалғандай еді.

Жаңа қосылған күйеу мен келіншек бір-біріне бұзаулы сиырдың қасында тұрып тағы қарады. Бұзау енесін идіріп әбден қақтап еміп қойғаны сонша, сиыр желіні ақжемденіп кетті.

Үйден самауыр алып шыққан Арай қалт тұра қалды.

— Айналайын, келін - ау, бұзау қақтап еміп қойыпты ғой, — деді.

Тотия екі беті ду етіп, шапшып барып бұзауға жармасты. Томпиған бұзаудың тәмпек тұмсығына дейін ақ көбік саумал сүт сасиды. Орақ артына бұрылып қарай алмай, ауладан атып шықты.

Тотия сөйтіп алғашқы күні сиырды емізіп алды. Бір үйлі жан ақтан қағылды.

Кемпірдің ойына залым ой жүгірсе де, жаманға жорығысы келмеді. Бар ашуын бұзаудан алып, қазыққа тұқыртып байлады да, сиырды бас жібімен санынан сабап-сабап ауладан айдап шығып падаға қосты. Ала сиыр кемпірдің ұрғанын елең қылмай басын сарт қайырып тұра қалып, тікенек тілімен өзінің шоқтығын жалады. Сонан соң: «Қарның ашпайды енді» дегендей бұзауына қарап бір мөңіреп қойды.

Сайдың арғы бетінен құмыра ұстаған қыз жүгіріп келе жатыр екен.

— «Иә, сүт тапсаң аларсың», — деді Арай. Қыз лезде бергі бетке еліктің лағындай ойнап шықты.

— Сәламатсыз ба, апай, — деді. — Мамам сүтке жіберді.

«Осылардың өзгешесі-ай, біздің ауылдың адамдарына ұқсамайды, жібектей есіліп тұрады, беті бәйшешектей, көзінің мойылдайын қарашы», — деді ішінен Арай, тұлымына лента байлаған қызға қарап.

— Бүгін бұзау еміп қойыпты, айналайын кішкене құдаша, сүт жоқ, — деді.

— А – а - а... Бұзау еміп қойған екен ғой... Нұрперзент тұрды ма? — деді қыз сасқанынан, құмырасын арқасына жасырып.

— Кім біледі қыршынды, сиыр да сауыспайды, — деді Арай.

Шытыр мен көккекіренің иісі аңқыды. Анадайда ат косилкамен пішен шапқандар көрінеді.

Қыз Жамбыл жақтан өткен күзде көшіп келген ерлі-зайыпты мұғалімдердің баласы еді. Олар Арайдан күнде таңертең бір тостаған сүт алып тұратын.

— А – а - а, бұзау еміп қойған екен ғой, — деді «кішкентай құдаша».

***

Көрікбасқыш Әлім майда көмірді суға шылап, Ораққа қарап біраз тұрды.

— Келдің бе - ей! - деді Орақтың келгені бір керемет ерлік болғандай-ақ.

Орақ үндеген жоқ. Алдына тері белдемшесін байлап, бұрыштағы темір үйіндісін ақтара бастады. «Астық таситын кез таяп келеді. Арбалардың дөңгелегін құрсаулау керек. Аттарға таға соқ», - деп еді бригадир.

Әлім ешкі көзі ежірейіп, көрік басып отыр. Қарамай мен ыс басқан көрік бір жиырылып, бір қампиып, жануарша пыс-пыс етеді. Пештің көмейіндегі кемір бықсиды. Төбедегі қап-қара ыс қармаған қамыстан сүңгілер салбырайды. Пештің кең кернейінен жел уілдеп, шұбалаңдаған сүңгілерді тербейді.

— Інішек, келін қалай? — деді Әлім. Көсе иегіндегі төрт-бес тал сақал да жауап күткендей селтие қалды.

— Ой, Әлеке - ай, сізге не жоқ? — деді Орақ.— Ұялмайсыз ба, келініңізде неңіз бар?!

Әлім оның не айтқанын есітпейді, тек тұспалдайды.

— Әшейін, ойнап айтамын-ей. Өзің кісі бола қапсын ғой.

Әлім көрікті тарамыс қолымен қатты-қатты басты. Суға шыланған көмірдің арасынан шырайланып от көрінді. Осы бір сәт оған ләззат ала келуші еді. Бықсыған көмірдің арасынан алаулап от көрінген сәт. Сөзін сол отқа арнағандай:

— Қызталақ, сен де кісі болдың-ау, — деді.

Отқа салған құрсау темір қызара түсті. Сұп-сұр суық темірдің қызарып піскені саңырау шалға ұдайы ұнаушы еді. Ол оттың құдіретіне сүйсінуден жалыққан емес. Шынында от емес, екі шақпақтасты бір-біріне соғып тұңғыш рет ұшқын шығарған бабамыз құдіретті ғой. Айналасындағы адамдардың сөзін аңдамай, әңгімеге араласпай, сағаттар бойы көрік басып, жайнаған шоқтан, балқыған темірден ежірек көзін алмай отыратын осы шал сол ұлы бабамен үнсіз сөйлесетін сияқты еді.

Олар күн қызбай жатып, екі дөңгелек құрсаулап тастады. Қой қора жаққа қарай шөп тиеген сатылы арбалар өтті. Дүкенге Зергүл апай келді. Әлім шалмен:

— Амансың ба, жазған? — деп айқайлап амандасты.

— Қайран Зергүл, мені сағынып қалдың ба? — деді Әлім кәдімгідей қоқиланып.

Зергүл апайдың марқұм шалы — Жұмабай Әлімнің құрдасы еді, қалжыңдаса береді.

— О, жазған, саған қарап жүрмін ғой, — деді апай да құйқылжыта айқайлап.

— Мойны қисық керең шалды неғыласың, Тұтан өсті ғой, келін түсірмейсің бе? Міне, жаман Орақта отау тігіп кісі болды, — деді Әлім.

— Қайдам, қандай адам жолығатынын, әлі ойында ештеңе жоқ, әне бір қу домбырасын құшақтап қияли боп кетті ме деп қорқамын.

Әлім құлағын Зергүлдің аузына тосып әрең естіді.

Зергүлді арқасынан қағып:

— О, онда болды дей бер. Қолынан домбыра түспейді дейсің бе? Онда болды дей бер. Кешікпей келін түсіресің. Балаң ашық шығар.

— Қой әрі, ол Мәжнүн бе еді ашық болатын. — Зергүл ернін шығарды.

— Е, оның не мәжнүндігі бар, марқұм Жұмекеңе өзің де ашық болмап па ең? Тұтан жігіт болды. Бүгінгінің жастарына бостандық. Алады да біреуді таңдап жүріп.

— Айтқаның келсін, аузыңа ақ май, жазған - ау, соның рас болса, маған бір көсеу соғып берші, көсеуі құрғырды әлгі Кенжегүл кемпірдің кебенек келгір шыбышын ұрам деп сындырып алдым. Айналайындар-ау, қадаған шыбықты кеміріп жеп қоймайды. Көп жасағыр, әдемілеп, ұсталығыңды салып, соғып бер. Құда қаласа, келінің ұстасын.

Зергүл арызын айтып тұрғанда Орақ пен Әлім тағы бір дөңгелекті құрсаулап тастады.

Осы кезде шұбар тауықтың шарылдаған жан даусы шықты. Орақтың інісі - Нұрперзент айқай салды. Орақ дүкеннен жүгіріп шығып, балапан ілген қарақұсты көрді. Дүкеннің ыс қабырғасында баяғыдан бері ілулі тұрған жалғыз ауыз ескі мылтықты алып үлгергенше қарақшы биіктеп кетті. Сөйтсе де мылтық гүрс етті. Қарақұс кенет жел шайқағандай бір жағына оқыс құлап барып, қайта түзеліп, ұзап сала берді.

II

— Енді біздің күніміз не болады?

Шаршы шал Орақтың аузын аңдиды. Абайсызда аузынан тосын сөз шығып кетпесін дей ме. Аласа адам ұзын бойлы ұлының жүзіне аспандағы айға қарағандай шалқая қарайды.

— Ой, Жәке - ай, сіз де күңірене береді екенсіз. Күніңіз не болушы еді? Көппен көрген ұлы той деп жатыр ғой жұрт. Көп не көрсе, сіз де соны көресіз де.

— Сен келгенше тірі бармыз ба, жоқпыз ба...

Мамай мәсілі аяғының басына қарады. Орақтың аузынан әлгінде жақсы сөз шығуы керек еді, абайсызда ести алмай қалған сияқты. Жақсы сөз жерге түсіп қалған жоқ па деп аяқ астынан іздеп тұрғандай.

Шаршы шал баласынан жұбаныш іздейді. Баласы: «Көппен көрген ұлы той», - дейді. Көрер көзге Орақ мүлде өзгеріп кеткен сияқты. Жұрт жамырап, көңілдерге көлеңке түскенде Орақтың өзгеше бір жарқылдауын қайтерсің. Жайшылықта көп сөйлемейтін момын енді жайраңдап күліп, жарқын-жарқын сөйлеп:

— Ой, Жәке-ай, бір біз емес, барлық елдің басындағы нәрсе, сасатын не бар, — дейді.

«Япыр-ай, мынаның желігуін - ай», - деді Мамай әлденеден жүрегі сескеніп.

Әке мен баланың өмірінде жаңа бір кезең басталған сияқты. Ұлы енді оның арқасынан қағып көңілін жұбатып тұр. Өмір деген осы екен.

— Тірі қайт, балам! — дейді Мамай Орақтың жеңінен тартқылап. Жеңінен тартқыламаса Орақ тірі қайтуды ұмытып қалатындай.

— Ойпыр-ой, Жәке, мені тірі қайтпағанда, бір жаққа кетеді ғой деп пе едіңіз. Ана әйелдердің көңілін босата бермеңіз енді.

Ат жеккен арбалар қозғалды.

— Менің екі-ақ балам бар, Орақ! - деді Мамай даусы тарғыл-тарғыл шығып. — Оны білесің бе?!

— Әлі-ақ немерелі боласыз, Жәке.

Тотия жымия салды. Содан соң ұялып, төмен қарады. Секпіл басқан беті алаулады. Қыжым орамалдың шашағын мыс сақиналы саусағына шиыршықтап орай берді, орай берді. Мамай шалдың жүрегіндегі үркектік Тотиядан сезілмеді.

Тек арбалар алыстап, артында шұбалаңдап бозамық шаң қалғанда, жаман түс көріп оянғандай селк ете түсті. Түсінде қатты қиналып жүріп, ояна кеткенде әлгі тауқыметтің бәрі түс екеніне көзін жетіп, уһ деп бір қуанып қалатын кезің болады ғой. Бірақ Тотияның түсі — шындықтың өзі еді.

«Шынымен кете барғаны ма?» — деді. Оң жақ бүйірі сонда оң қабақтың тартқанындай бүлк-бүлк етті.

«Ол кетті, бұл қалды».

Арайдың құлағынан кетпей қойған бір сөз: «Менің екі-ақ балам бар».

«Сандалған шал санын айтқаны несі? Екеу бере ме, жетеу бере ме — Құдайдың ісі де. Құдай осы екеуден-ақ жарылқасын. Ә, «Тірі қайт, балам!» дегені дұрыс-ақ. Тірі қайт, қозым!»

Қара жолдың үстінде тұрып олар станция жаққа көз талғанша қарады.

— Енді біздің күніміз не болады? — деді Мамай түсі бұзылып.

— Қойшы-ей, сен шал, не көрінді сонша! — деді Арай. — Жүр, бұзау жамырап кететін болды. Үйде ешкім қалмады. Жүр, түге!

***

...Қара аспанды қақ жарардай ақ сызық сумаң етіп ойқастап өтті. Тым-тырыс. Бір сәттен соң Алатау қопарыла құлағандай, дүние азынап қоя берді. Аспан сынған ағаштай қашырлап, қақ бөліне жаздады. Терезенің құранды әйнектері шыңылдады.

— Бісмілдә, бісмілдә, — деді Арай. Асығып-үсігіп, бір шыны шәй ұрттап алайын деп отыра бергені сол еді. Төлеміс шолақ келіп әлгінде:

— Тез қызылшаға бар, кемпір-шал дейтін заң жоқ, қол-аяғы қыбырлауға жарайтынның бәрі жұмысқа шығады! — деп, есіктің алдында ат ойнатып кеткен.

Арай шыныны тастай беріп, орнынан атып тұрды. Күн қайталай күркіреді. Бұл жолы зеңбірек атқандай келте қайырмай, ұзақ сарнап, күтірлеген дауыс бірте-бірте алыстап таудан асты.

— Әлгі келін шошып қалар ма екен, бөле боп!

Тотия суға кетіп еді. Арай:

— Қоя ғой, сайдан шелек көтеріп шыққан саған ауыр болады, - десе де көнбеп еді. Арай далаға атып шықты. Тотия сайдың қабағына мықшиып шығып келеді екен.

Арайдың сезіктенгеніндей, әлгі бір күн күркіреп, аспан қақырағанда, екі шелек су көтеріп қабаққа өрмелеп келе жатқан Тотияның іші бүріп ала жөнелді. Демі бітіп, аузымен ауа қармап, алқынып тұрып қалды. Қолындағы шелектерді жерге сонда да қоймады.

— Осы елдің қағындысы-ай, — деді Арай Тотияға қарай жүгіріп келе жатып. — Қыста бораны соқса, арсыл - гүрсіл алты күн соғады. Көктемде күні күркіресе жаман үйіміз жайрап қала жаздайды. Мына байғұс баласын тастап қоймаса жарар еді. Әй, таста қолындағы қу шелекті. Әкең судан өліп пе еді! Ойпырмай, мынаны - ей, қой деймін қолындағы шелекті жерге!

Тотияға шелектен ажыраса өзі сайдың табанына құлап түсетіндей көрінді. Астыңғы ернін қатты тістеп, саусақтары шелектің тұтқасына сіресіп ажырамай қалыпты. Арай әрең айырды. Әшейінде шиенің күрең қызылындай ерні көгерістеніп тұр. Қолы-басы сұп-суық екен.

Арай оны арқалап есіктің алдына әрең жеткізді.

— Апатай-ай, өлдім-ау, — деді Тотия.

Арай оны қолтығынан көтеріп, үйге кіргізбек еді, келіні екі бүктеліп жерге сылқ етті. Есіктің көзін көлшік алды. Көлшікте ақ көбіктер секіріп ойнады. Жауынқұрттары жана туған баладай қызылшақа күйі жаңбырдың астында рахаттанып көсіле түсіп жатыр. Нөсер басылса, қорадан тауықтар шығып шоқып кетеді – ау деп сескенер емес.

Арай Тотияны қолтығынан демеп тағы тұрғызбақ болып еді, келіні өз білегін өзі тістеп алған екен, зілдей дене жерден көтеріле бере аспан тағы күркіреп ала жөнелді. Сол гүрілді басып тастағысы келгендей бір бажылдақ ащы айқай найзағаймен қабаттаса шықты.

— Ойбу, құдай атты, мына байғұс туып қойды! — деп Арай айқайлады. — Әй, Кенжегүл, әшейінде босағаны босатпайсың, қайдасың! Тұтанның апасы, әй у-у! Зергүл!

Сөйтіп, майданда жүрген Орақтың баласы жауын құртынан үлкенірек болып, нөсерлеткен жаңбырдың астында, батпақ көлшіктің үстіне тыраң ете түсті. Нөсер батыстан келді. Орақ әдейі жұмсап жібергендей. Менің тұңғышымның былқылдақ маңдайынан мен үшін сүй дегендей.

Ініне су кеткен көртышқандай малтығып Мамай келді. Жылқы қайырып жүрген жерінен нөсер басып қалып, үсті-басы малмандай су болды. Киім ауыстырмақ еді. Алдынан Кенжегүл жүгіріп шықты.

— Құдай тілеуіңді бергір шырақ-ау, құдай тілеуіңді берді. Сүйінші, келінің босанды! — деді.

— А! А! Не дейсің, рас па? — деп арсалаңдап, айтуға сөз таппай қалды.

— Рас-ей, сүйіншім кәне?

— Не туды? — деді Мамай апалақтап. Кенжегүл кері жүгірді.

— Ой, әттеген-ай, әлгі ұл ма, қыз ба?

— Қарамаппыз ғой қара басып.

Абыр-сабыр боп жатқан үйді басына көтеріп, анау-мынау адамдардан аттап өтіп, Кенжегүл жөргекке жаңа түскен шақалақ баланы барып бас салды. Қызыл шақа кезін тарс жұмып, әлденеге ашуланып, асықтай жұдырықтарын түйіп жатыр екен. Кенжегүл жөргектің арасынан нәрестенің аяғын ала қолын салып жіберді. Далаға қарғып шығып:

— Әй, шырақ, бай болатын болдың, қырық қысырақ! — деді.

Босанған келінінің үстіне кіре алмай тұрған Мамай:

— Е, тұқымың өссін, тұқымың өскір! Сол қысырақтың жартысы сенікі. Бар, береке тап, — деді.

— Е, қыз адам емес пе екен? Балшықтан бала жасап алсаң - қайда қалдың? О несі - ей, тоба! — деп Кенжегүл жағасын ұстады.

— Әй, тәуіп ене, тәуіп ене! — деп ышқынды іштен бір кемпір. - Ұл! Ұл! Жөндеп қарамай онысы несі, байғұс, қуанғаннан есін шығып кеткен бе?! Ол саран шалдан не дәметіп сүйінші сұрайсың. Онан да айналайындар - ау, анау соғыста жүрген Орақтан сүйінші сұрап хат жазсаңдаршы! Орақтан сұраңдар!

Мамайдың іші жылып сала берді. Тұңғыш рет немере сүюі. Оның өзін біресе қыз, біресе ұл деп шатастырып жатыр. Бөпенің жасы ұзақ болар.

«Үрім-бұтақ, — деп күбірледі Мамай не айтып тұрғанын өзі де андамай, — тұқым». Жарықтық Бақтияр бабасы айтып отырар еді. «Балалы үй - базар, баласыз үй — мазар» деп. Бұл Мамай сол Бақтияр бабасының көзін көрді. Бақтиярдан әрі кімдер өткен? Мамай — шежіреге жоқ адам. Әрі кеткенде Домалақ анаға дейін барады да, арман қарай шатаса береді. О, дүние, дүние! Ақсайдың суындай алға зымыраған замандар.

Ұрпақтар келеді, кетеді. Бірінің қысқа өмірін екіншісі ұзартпақ боп, сапқа тұрады. Сол тізбек бір жерден үзіліп қалуы да мүмкін ғой.

Мамайдың ұйқыға жатарда қараңғы түнде жатып ойлайтыны да осы уайым. Мамай басы жастыққа тисе-ақ қор ете қалатынның бірі. Бірақ сол көр ете түскенге дейін:

— Иә, айналайын, ата-бабам, әруақ өзін қолда, өзін онда, ұрпағымның оты өшпесін, — деп ішінен өткендерге сыйынып та үлгіретін.

Бұл дүниеде бір ұрпаққа бір ұрпақ мұраға жерді қалдырады, тау-тасты, аспанды қалдырады, арманын қалдырады. Өзі дүниеден көшерде осының бәрін қолма-қол тапсырар мұрагері болмаса - ол адам жылай-жылай кетеді. О дүниеге тау мен тасты, айлы аспанды, арманын алып кете алмайды ғой.

Мамай осындайдан қорқар еді. Оқымаған ожар шалға тұншығып жатқан бір сезім осыны айтатын.

Сол сезім қазір Мамайдың кәрі жүрегін елжіретті білем, жайшылықта пейілі тарлау ашқарақ адам енді бар даусымен:

— Нұрперзент, уа Нұрперзент! Қайдасың, қарағым? Өріске шап. Қасқа қозыны алып кел. Әй, мал танымайтын бір қу әдетің бар еді, басқа біреудің қозысымен шатастырып жүрме! -деді.

Жеңгесінің босанғанын естіп, Нұрперзент мектептен жаңа жүгіріп жетіп еді. Әкесі жұмсағанда ұнжырғасы түсіңкіреп тұратын бала бұ жолы өріске қарай құстай ұшып ала жөнелді.

Аспанның кірі ашылып, сай-сайда лайсаң су ағып жатты. Шырышқа мөлтілдеп ілініп қалған тамшыдан Нұрперзенттің шайтан - тері шалбарының балағы малмандай су болды.

Әлгінде зікір салған зілқара бұлттар қазір жынынан айырылған бақсыдай жуасып, Алатаудың басына барып аялдапты.

Лезде күн күлімдеп, кемпірқосақ күмбезденіп, құстар қайта әнге басты.

Ал жауын құрты - шұбалшындар жол үстінде мастар құсап сұлап жатты.

Кешке таман қасқа қозының сорпа-суын ішіп-жеп көңілденіп алған кемпірлер нәрестенің атын қоямыз деп шуылдады.

— Сәуірде туды, Сәуірбек болсын, — деді көбі.

— Жоқ, бұл әкесі әскерде жүргенде туды, Әскербек болады, — деді Мамай.

III

Күздің сылбыр жауыны басылған. Жусанның үлпілдегі езіліп, өлген үйректің басындай салбырап қалған.

Ауылдан армияға кеткен алпыс адамнан екінші оралған осы Тұтан.

— Тұтан келді! Тұтан келді!

Нұрперзент айқай салды. Бүгін оқудан қалып шал әкесінің орнында ауыл сыртында жылқы қайырып жүр еді. Тұтанның станция жақтан май арбаға мініп келе жатқанын көрді.

Май арба айдаған Төлеміс:

— Әй, қызталақ, менен бұрын айтып қоятын болдың, ә, сүйіншісін өзім алайын деп едім. Мейлі, шап, шап! — деді.

Бір бөшке сиятын арбаның алдына ТөлемісТұтан екеуі қатар отырыпты.

Төлеміс майданнан ауылға өткен қыста-ақ бірінші боп қайтты. Сол қолын тастап келді. Келе сала оны колхоз бригадирі етіп қойды. Адам жетпеген соң май арбаны да өзі айдайды. Қазір онымен қатар отырған Тұтан Төлеміс ағасының шолақ қолының орнын толтырғысы келгендей оған тығыла түседі.

Нұрперзент асау тайдан аунап түсіп, Тұтанның мойнына асылды. Екеуінің де иығына бөшкенің қара майы жұғып қалды.

Тұтан оны мейірлене бауырына басты. Әлденені ауырсынғандай боп-боз беті жыбырлап кетті. Оны Нұрперзент кейін білді. Арбадан Тұтан таяққа сүйеніп түсті. Шалдарша бүкшиіңкіреп қалған. Бөксе жағы бөлек біткендей кирелеңдей береді. Кеуде алға жүрсе, бөксесі сүйретіліңкіреп, ырыққа көнбейтін сияқты.

Нұрперзент асау тайды ақ көбікке малындырып ауылға қарай жұлдызша ақты.

— Тұтан келді! Тұтан келді!

Әншейін айдалаға айқай салды.

Бұл айқайға тау селт еткен жоқ. Батысқа қарай топ-топ құзғын қарға қалбаңдай ұшып барады. Сол жақта жемтік молын жер түбінен сезгендей. Жер түбінен қанның иісін сезгендей. Қалбаңдап ұшысы жаман. Анау алыс батыста молшылыққа кенелетін түрі бар.

— Тұтан! Тұтан!

Ауыл шетіне Нұрперзент асау торы тайды алқындыра кірді. Жолда ойнап жүрген бір топ бала тым-тырақай қашты. Зергүл кеше ғана алабота өртеп сақар қайнатып, сабын түсіріп алып, бүгін жалғыз шыт көйлегін жуып отыр еді.

«Тұтан!» деген ащы айқайды естіп шалқасынан түсе жаздады.

«Сорлы жалғыз өлген екен», - деді.

— Зергүл апа, сүйінші! Тұтан келе жатыр! — деді Нұрперзент аласа терезенің алдына атын ойқастатып.

Кемпір байғұс тағы шалқасынан түсе жаздады. Жалаңаш етіне шапан жамылған күйі сүріне-қабына атып шығып:

— Не дейсің, не дейсің! — дей берді.

Жұрт жиналды.

— Байғұс-ау, есін шығып кеткен бе, көйлегіңді ки! — деді біреу.

Көйлегі құрғыр сақар сабынның көкшілдеу көбігіне бөгіп жатыр. Кеше ғана бір арқа алаботаның күлін қайнатып, екі-үш кесек қара сабын түсіріп алған.

Әне-міне дегенше, қос ат жеккен май арба да кеп қалды. Шал-кемпір, бала-шаға демей, ауылға келіншек түскендей, май арбаның алдынан жапырыла шықты. Арбакеш Төлеміс: «Қаш, қаш! Жолдан қаш!» — деп жұртты жалғыз қолыңдағы ұзын қамшымен жасқайды. Солдатты сонау соғыстың тырнағынан өзі жұлып алып келе жатқандай, танауы делдиіп, мақтанып кетіпті. Егде кісінің кейде бала мінез болғаны қандай жақсы.

Кемпір барып баласын бас салып құшақтады, солдаттың белі кирелең ете қалды. Езуінде күлкі, кірпігінде кірбең тұр.

— Айналайын, апашым! — деп сыбырлады солдат.

«Апа, нан берші!» — деп шолжаңдап түске дейін төсектен тұрмай жатып алатын баланың нышаны көрінбейді. Жағы сопайып, мұрыны үшкірленіп, шешектен қалған дақтары тереңдей түсіпті. Маңдайында ашынған бір әжім тұр. Терши береді екен. Әлсіз.

Кемпір тіксініп қалды. Бірақ бұл әскерде тоя тамақ ішпей бірішек боп қалған соң ғой деп ойлады.

Көрші әйелдер сампылдап жүр.

— Балаң келіп көзайым болдың ба, байғұс!

— Орнында бар оңалар. Көрген қорлығың бір күнгідей болмайды, енді.

— Б-і-із қашан өстіп кеткеніміз келіп, бағымыз ашылар екен.

— Апыр-ай, сонда жүрегі түскір жарылып кетпес пе екен.

Адамдар жиналып солдатты аймалап жатыр. Туысқандығы осындайда оянып елжірейді -ай келіп. Ажал аузынан аман келген киелі жандай, соған сірә, табынардай, әлдекімдер сұр шинельдің етегін сүйіп той етіп жатыр.

Арай Тотия келінін ілестіре келді. Арай Тұтанның маңдайынан иіскеді. Жеңінің ұшымен көзін сүртті. Тотия оның артына балаша тығылып, жымиып күлді.

— Біздің Орақпен бірге кетіп ең, көрмедің бе оны, Тұтан? — деп сыбырлады Арай.

Тұтан балтырын обмотка қысып бара жатқандай, ара-арасында саусағын жүгіртті.

— О баста бірге болып едік, Рязань дейтін жерде бізді бөліп жіберді, — деді. Даусы жел тербегендей дірілдеді. - Қайтып көре алмадым.

Тұтан: «Неге ерте келдім» деп те бір ойлады. Ол ерте келіп қалып, басқалардың оралмай жатқанына өзі кінәлі адамдай бір күйге түсті. Ұрланып келгендей. Басқаларды тастап қашып шыққандай. Өзгелер оралмаса, бұ да оралмауға тиіс деген заң бардай. Тұтан сол заңды опасыз бұзғандай. Ай, айналайын әйелдер - ай, елім деп еңіреп, аңсап келгенде қолайсыз болды.

Тұтаннан тер олай да кетті, бұлай да кетті.

— Қайдам, қарағымнан хат жоқ, айналайын Тұтан-ау, өзіңмен бірге кетіп еді-ау, — деді Арай.

Үй іші үнсіз қалды. Содан кейін барып біреу:

— Қойшы-ей, қайдағыны айтпай! Хат жазуға қолы тиіп жүр дейсің бе, — деді.

— Біздің Жәмектен хат болмай тұр, жүрміз ғой шыдап, — дейді біреу.

Үй іші тар, еңсесі пәс, құрқылтайдың ұясындай ғана еді. Енді суық күнде пеш жақпаса да ысып кетті. Сартап болған сағыныштың лептері ысытып жібергендей.

Май арбаға жегілген аттар мүлгіп тұр еді. Осқырынып құлақтарын шанышқылай қалды.

Кенжегүл келе жатыр екен. - «Әккей-ай, гәмәй-ай, кәгда, солдат дамой-ай» — деп үйге екпіндей кірді.

— Айтқаным, кәне, айтқаным. Айтпап па едім, Зергүл, осы аптада балан келед деп!

Тұтанды барып бас салып, көп теңселіп тұрып алды. Бала кезінде түсіне кіретін Кенжегүл кемпірді Тұтан қазір шын тебірене арқасынан қақты.

— О, айналайын апам, аман-есен жүрсің бе, — деді. Кенжегүл мына жылы сөзден қамығып иегі кемсеңдеді.

— Қайтсін, жарықтық, қуанғаны ғой, — деді әйелдер.

— Жалған-ау, жарым көңіл ғой, жалғыз емес пе, — деді әйелдер.

Кенжегүл көзіне түскен кимешегін түріңкіреп, жұртқа оқырана қарап:

— Әй, пыш-пыш демей тиыш отыр, түге, қара булардың тіпті мені есіркей қалуын. Қудай есіркемеген Кенжегүлді адам жарылқамай-ақ қойсын, — деп шапшыды. — Мен сендердің әулиеңмін, өңшең сыпырғы шаш! Тұтан келеді дедім — келді! Әне, кәйт дейсің енді!

— Е, жарықтық - ау! Айтқаның келді! Ашқан балың тұп - тұра шықты. Қалағаныңды ал! -деді Зергүл.

— Айтқаным келді ме, а – а - а! Неңді қалайын? Жалғыз қасқа құнажыннан басқа не бар сенде? Кешегі қайнатқан сабыныңнан бер.

— О, жарықтық әулие! Сабын сенін садағаң кетсін! Бәрін ал! — деді Зергүл.

— Бер қайнатқан сақар сабыныңнан! Өткен саудада мына Арайдың дардай баласына, әлгі Нұрперзентің айтам, тұра бір дорба жұмыртқа қостым, айналайын осыған қара сабын әкеп бер деп. Балам кешке қолақпандай дәу сабын әкеп берді.

Дереу бастаудың суын жылытып жіберіп, қомытымды кірленге атып ұрып, әлгі сабынмен сүйкей бергенім сол, бетім - ау! — Аржағынан ағаш шыға келді. Ағашқа ары-бері шеге қағып, бетіне ғана сабын жалатып, мөр басып лекерлеп қойған екен, алғаның ас болмағыр. Нұрперзентті айтсаңшы, сойталдай боп, соны аңғармаған.

— Ой, тәуіп ене, ол бала да әлі, жанкештілердің сұмдығын қайдан білсін, — деді Арай.

— Ау, айналайындар - ау, Тұтан келгенде тышқан мұрнын қанатпағаным жаман ырым ғой. Әлгі жалғыз құнажыны құрғыр буаз еді, енді қайттім, құдай-ау?

— Қой, құнажынды қайтесің, — деді Төлеміс. — Ол ертең ағарған ғой. Тұтан болса ағарған аңсап келді.

— Е - е, қайран шеше, жалғыз сиырын да аяғысы жоқ. Енді қайтсін. Баяғыша мұның шалы осы Тұтан туғанда «өлгенім тірілді, өшкенім жанды» деп Тұтан қойды ғой атын.

— Е, бұл Тұтан — шешектен кеткен төрт ұлдан кейін аман қалған Тұтан ғой. Әй, Зергүл, енді келін ал тездеп. Жеттің, құдай жеткізе.

Әйелдер бір-біріне сөз берер емес. Ал Зергүл болса, әлі есі шығып жүр. Жаман самаурынды алып ауыз үйге жүгірді. Есіктің көзінде жатқан біреудің кебісіне де сүрініп кетті.

— Айналайындар-ау, алыңдар! — деп кенеп дастарқанның үстіне құртты уыстап-уыстап лақтырды. Тозған қамшыдай бұрымының ұшына байлап қойған қара кілтпен кебеженің аузын ашып жіберіп, қозы қарын май алып шықты. Қарынды капустаның қабығындай қылып қағазбен орай берген екен, майы шыққан газеттің бір жыртындысын ұстап отырып, Төлеміс Совинформ — бюроның хабарын ежіктеп шықты.

— Әй, қызталақ герман, салдың-ау сойқанды, — деді.

— Сол сұмның өзі жөйт дейді ғой, рас па? — деді Кенжегүл.

— Кәдімді өзіміз сияқты адам о да, — деді Тұтан.

— Адамның айуаны да, қызталақ, — деді Төлеміс құртқа май іліп ала беріп.

Дастарқанда нан көрінбеді. Оған ешкім таңданған жоқ.

— Әй, Тұтан-ау, өз көзіңмен көрдің бе, сол пәлені? — деп қоймады Кенжегүл. — Мүйізі, жалғыз көзі болады екен дегені рас па?

— Кәдімгі өзіміз сияқты адам, — деді Тұтан.

— Тәуіп апа, менің Орағыма құмалақ ашып берсеңші. Хат болмай тұр ғой, — деді Арай.

— Қаптың үстіне шашпасам болмайды құмалақты, — деді Кенжегүл.

— Е, жарықтық, әулие ғой, — деді біреу.

— Баяғы Соқбелді жәкемнің қызы емес пе, о кісілер шын әулие еді ғой, — деп Төлеміс шолақ қолының жеңімен маңдайының терін сүртті.

Кенжегүл қапты жайып тастап, қойнынан жарғақ қалта алды. Ішіндегі лобияны уыстап тұрып шашып жіберді.

«Сүфиті» — деді.

— Сүйінші, сүйінші! — деді ыршып түсіп. — Келіп қалды. Маңдайы жарық, жүрегің ашық. Оның босағасынан сенің босағаңа ауды. Орақ па осы? — Оқшия қарады. — Орақ! Орақ!

Енесінің арт жағында отырған Тотияның кеудесі тыпыр-тыпыр етті. Бетіне қызыл теуіп, құлпырып қоя берді. Шаң басып қалған қызыл алманың тозаңын сүртіп алғандай жайнаң қағып, басын созып, құмалаққа үңілді:

«Ол келе жатқанда алдынан қалай шықсам екен? Әскербекті көгеріп ала шығам ба? Әлде апам көгерер ме екен? Құшақтап сүйсем, елден ұят-ау. Бөтен әлдебіреу құсап қол алыса салсаң - тағы ыңғайсыз. Мұрты бұрынғыдай әлі қытығымды келтірер ме екен...»

— Аузыңа май, айналайын тәуіп ене, аузыңа май! — деді Арай.

— Айналайын аруақ! — Жебеп жүрген өзіңсің. Менің білгенім — сенің арқаң. Жатқан жерің жанат болғыр, Соқ белді! Әманда қолдай гөр, әумин!

Кемпірлер күс-күс алақандарын жайды.

Тотия да болар-болмас жоралғы жасады. Семіздеу саусағынан мыс сақина көрінді. Үш тиындық мыстан сақина соғып, нақыштап беріп еді Орақ. Әлі тастамапты. Бірақ жалтырағаны көмескі тартыпты.

Бір мезгіл Тұтанға көзі түсіп еді, белі бүгілген қарт отырғандай көрінді.

«Апыр-ай, осы кісіні апам Орақтан бір жас кіші деп отырмаушы ма еді. Сонда бұл жиырмаға жетер-жетпес қой. Қартайғаны несі? Әлгінде ажарлы сияқты еді, сірә шаршаған ба».

Ал Тұтан Тотияға көз тоқтата алмады. Көбіне-көп кемпірлер жағының сауал-сұрағына жауап беріп, өзін де, өзгені де алдаусыратумен әуре.

— Аузыңа май! — деді тағы да Арай.

— Құда қаласа, той енді сенің үйінде! — деді біреу.

— Екі-үш қарын майы бар бұл пәленің, дайындала бер! — деді тағы біреу.

Ауыз үйде ескі сары самаурын міңгірлеп әнге басты.

Бір кесе шайдан кейін Тұтанның боп-боз өңіне қан жүгірді. Төгілгеннен қалған аз ғана қаны қазір жиылып бетіне шапқандай. Шешектің ізі де білінбей кетті. Оның есіне әлдене түсті. Ол апасынан домбыра сұрады. Шешесі домбыраны шүберекке орап сандықтың артына тығып қойған екен, дымқыл тартып, көкөңезденіп кетіпті. Құлағы сол өзі соғысқа кетерден бұрын бұраған күйі қатып қалыпты. Домбыра мұны жатырқағандай екен. Домбыра қапаста ұзақ тұрып қападан үні шықпай, тыңқылдайтын болыпты. Тұтанның мылтық шүріппесін басып үйренген саусағы да дымданып, көк базданған шектен жөнді ештеңе шығара алмадық

Солдат қысылмасын деп әйелдер әдейі ән бастап жіберді.

Кішкентай үй қауашағы ашылған гүлдей жайнады. Көптен мұндай жиын көрмей бұйығы болып қалған бала-шаға да жиналып, тар үйге сығылысып, сыйғанынша кіріп алды:

Ахау айдаш-ай,

Куда пайдеш-ай

Іздегенің қыз болса

Везде найдеш-ай...

— Әй, бәрекелді! Әй, Тұтан, қарақ, саған айтып жатыр, есіттің бе? — деді Төлеміс.

Жерде шөп бар-ай,

Қызда еп бар-ай,

Құдашаның аулына

Сәлем деп бар-ай.

— Әй, құдай тілеуің бергір! — деп қуанды Төлеміс шолақ. — Әй, Тұтан, қарақ, «құдашаның ауылы» деп саған тиістіріп жатыр. Мына төменгі Терісте қыз деген қамыстағы қырғауылдай, бірінен бірі етеді. Таңдап жүріп аласың. Е; Тұтан батыр, бәрінен де аман келгеніңді айт. Өзім ертіп шығамын сені, тандап жүріп аласың...

Дүние дастан,

Әуелі-ақ бастан

Ақылды дұшпан артық

Ақымақ достан, әлу-ай...

Тұтан ойлайды: Бұл әннің қадірін білмеппіз-ау. Бомба боздап, зеңбірек зіркілдегенде ән құлаққа енді естілместей болып еді, бұған да шүкір. Қайран ауыл, ән қалай көбейіп кеткен, әнші қалай көбейіп кеткен, әлде бұған мән бермеген бе...

Ақылды дұшпан артық,

Ақымақ достан, әлу-ай...

Екі әйел бұл қайырманы аяқтай бере, қарсы жақтан екеу шыға келді:

Айналайын жастар-ай,

Қосылар ма екен бастары-ай,

Қырып - қырып сақалын

Шал құтырды, масқара-ай...

— Тәйт, қарақ, о несі, шалдың бәрі құтырған жоқ, — деп қызарақтады Төлеміс.

— И-и-й, күнім-ай, — деді бір кемпір. — Аман болса, әлі-ақ қосылады бастары, балалар кетіп, ауылдан ажар кетті ғой. Сақалын қырып - қырып қыз алған әлгі жер жұтқыр Қайырқұл ғой, айналайын Тұтан-ау.

Тотия Тұтанға қарап еді, көзіне көзі түсті. Тотия енесінің артына тығылыңқырап жымиып күлді. Өзіне қараған адамға жымиып күле салатын әдеті баяғы.

— Шырағым, Тұтан, екі-үш күннен кейін екеуміз Теріске түсеміз. Бір шүйкебас керек саған да, апаңа да, — деді Төлеміс.

— Әй, Нұрперзент, ә қызталақ, неге алара қарайсың? Маған алып бермей, қатынды Тұтанға алып беретін болды деп өкпелеп отырсың ба? Асықпа, саған да алып беремін. Алдында Тұтан ағаң, одан кейінгі кезек сенікі.

Нұрперзент лап етіп жанып кете жаздады.

— Иә, Төке, қатын алып бер деп қашан айттым?

— Айтпасаң да білемін, қызталақ. Есі-дертің сол. Мамай жәкемнің орнына жылқы баққан күні бәрінен айырылып қалатының өтірік пе? Әне күні Ақсайдан келе жатсам, айдалада аттың үстінде біреу қалғып отыр. Қарасам: Нұрперзент. «Ау, неғып отырсың?» «Өлең оқып отырмын». «Жылқы қайда?» «Жылқы сайда». Сайда сайтан да жоқ. Бәрі үюлі қызылшаны кеміріп жатыр. Білемін ойынды. Өлең оқыдым дегенше, қызға ойым кетті де.

— Өлеңді молдажан әуелі өзі жазады, — деп қалды Тотия.

— Қойыңдаршы-ей, баламды ұялта бермей, — деді Арай. — Өйтпей-ақ, өзінің малға аса қыры жоқ. Колхоздың жылқысы тұрмақ, өзіміздің бұзауды әрең таниды. «Нұрперзент-әй, бұзауды айдап келші» десең, басқа біреудің бұзауын айдап келеді.

— Әне-әне, айттым ғой, келіншек түсіруге көңілі ауса адам сондай болад, — деп қоймады қызып алған Төлеміс.

— Құда қаласа, Орақ, келсін. Одан кейін келін түсіру қашпас, — деді Арай.

***

Жұрт той-томалақтан түн ортасында тарады. Қайын жұртынан қалжырап қайтқан Тұтан бір-екі кесе бозаны көтере алмай, қисайып жатып қалғып кеткен екен. Бір кезде екі-үш әйел сілкілеп оятты.

— Тесегіңе барып жат, — деді бір жеңгесі.

— О несі ұйқысырап! — деді екінші жеңгесі.

Тұтан ұйқылы-ояу төсегіне қисайды.

Тағы көзі ілініп бара жатыр екен, жанына біреу қулағандай болды. Әлгі екі жеңгесі жас келінді күйеуінің жанына әкеп салғандағысы екен.

Шымылдық түсірілді. Білте шамды біреу үрлеп өшіріп «бісмілда» деді. Шик деп есік жабылды. Есіктің сыртында тұрып жеңгелері булығып, ауыздарын алақандарымен басып күлді.

Біреуі тіпті орамалын ысырып, құлағын есікке төсеп тұрып алды. Ақыры олардың да сыбыры өшті. Тұтан жанындағы адамның жүрегі аттай тулап жатқанын сонда сезді. Тұла бойынан суық тер бұрқ ете қалды. Қараптан-қарап жатып қара суға малынды.

Жас келін доп-домалақ келген тығыншықтай сары кыз еді. Демі темір балқытатын көріктің лебіндей жиілеп, кеудесі көрпені көтеріп тастап, қаны тасыды. Байғұс қыздың жан дүниесін бір үрей, бір құмарлық билеп, бұған дейін беймәлім дүниенің құшағына енгендей, әлденені арпалысқан сезіммен күтіп жатты.

Бірақ ешқандай керемет келе қойған жоқ.

Ол қатты шаршаған еді. Ол осы үйден аттанып, қырық адым аттап шыққалы бері демалмаған. Ол дүние - дүние болғалы, адам баласы кешірмеген алапай апатты көзбе-көз көріп, қасіретін арқалап, туған үйіне қайтқанда, ұйқысы қанып бір жатқысы келіп еді. Бірақ ұйқысы қанып бір жата алмады.

Келім-кетім адам, той - томалақ, қыз айттыру, асығыс үйлену - осының бәрін өзі де түсіне алмай қалды.

«Ау, ағайындар, мен қатты шаршаған адаммын, жаралы жанмын. Мен біраз тынығып, тыңайып алайын. Үйлену қашпас, қайда асығасыңдар», - деу керек еді желіккен жұртқа. Солай демекші еді, бірақ ағайыны ауыз аштырмады ғой. Көптен бері ел келін түсіруді аңсап қалғандай, кәрісі де, жасы да осы күнді мойнына ала бұршақ салып тіледі ғой. Бүкіл ауыл алақан жайып тілек айтып отырған соң, көңілшек байғұс көне салды. Оның көңілшектігін соғыс та алып қала алмапты.

Жілік - жілігіне, жамбасына қорғасын құйып тастағандай бойы зіл қаратас тартады. Мұрны шуылдаған сары қыздың ыстық лебі де жібіте алар емес.

Сен өкпелеме оған, сары қыз. Жаман ойлап қалма. Ол соғысқа аттанғанға дейін осы ауылдың балуан бозбаласы еді. Бірінші Мамыр тойында мектеп бойынша күрестен алдына жан салмаған. Тіпті бір пұттық балғаны күні бойы соққылап тұратын Орақтың өзі оны жыға алмаушы еді. Майданда қол пулеметті бір өзі арқалап, ондаған шақырым жер мыңқ етпей жүре беретін Тұтан да осы болатын. Енді ғой оның бұлшық еттерінен әл кетіп, сені аймалаудың өзін күш көріп жатқаны. Егер соғыста қатты жараланбағанда, мына жатыста сені құшақтап қысқанда қабырғаңды күйрете жаздар еді, сары қыз.

Сары қыз таң атқанша дөңбекшіп шықты. Таң атқанда жанында жатқан жат адамның бетіне үңіле қарады. Беті құп-қу шүберектей екен. Аздап тершіпті. Дем алмай жатқан сияқты. Демі мүлде естілмейді. Тек анда-санда тісі шықырлайды. Таң жарығымен бірге қыздың есі енді кіргендей болды. Мына жатысына өлердей қорланып, алагеуім ұрланып кірген үйдің ішінде тұншығып бара жатқандай, көрпені серпіп тастады. Жігіт дегенмен оң қолын оның мойнына асып ұйықтаған екен. Қыз қолапайсыз ұп-ұзын ап-арық қолды өз мойнынан ақырын көтеріп алып, былай сырғытып қойды. Сөйтіп, өзі төсектен сусып жерге түсті.

Ал Тұтан болса езуінде болар-болмас күлкі үйіріліп, әлі ұйықтап жатыр еді. Әлдеқандай түс көріп жатқан болу керек, езу тартқанына қарағанда.

Езу тартқанына қарағанда тәуір түс көріп жатқан болу керек. Түс те бір жұбаныш. Қарқарсыз жұбаныш. Әйтпесе қазір Тұтан оянады ғой. Қанша қалжыраса да қашанғы ұйықтай берер дейсің. Әйтеуір бір тұрады ғой. Сонда әлгі опасыз түс қаша жөнелмей ме. Тұтан сонда өмірдің өзімен, ащы шындықпен бетпе-бет кездеседі. От-жалынның ортасында жүріп, ажалмен көзбе-көз кездесіп, бір өліп, қайта тірілгенде қылау шалмаған шашы енді лезде ағарып шыға келеді. Жұрт оның шашы демде ағарып кеткенін сан-саққа жүгіртер, анау дер, мынау дер, снарядтан намыс күшті екенін олар қайдан білсін. Ал әзірге Тұтан таңғы ұйқының құшағында еді. Езуінде сол күлкі. Сары қыз:

— Несіне мәз боп жатыр екен, бейшара, — деді.

IV

Бір топ бала Кенжегүл үйінің қалқасында алты атар ойнап жатыр еді. Кемпір басқалар құсап асық ойнаған балаларды үйдің маңынан құмайтын. Ол перзенті болмаған соң ба, балалардың жиылып келіп жаман үйінін, күншуақ жағына жиылғанын жақсы көріп тұрушы еді. Сол шырайын байқап, ойыншылар да ұдайы осы жерді жағалайды.

Кемпір үйінен шығып: «әккей-ай, гәмәй-ай, когда солдат, дамой-ай» деп ыңылдап жүр. Тігулі тұрған асықтардың бәрін ұстап көрді.

— Мынау қайсыңдікі, — деді шүкей асықты ұстап тұрып.

— Нұрперзенттікі, — деді балалар.

— Ойбой, ала тушаны сойған екенсіңдер ғой... Сорпа-суына шақырмайды бұрынғыдай. Жұрттың, пейілі тарылды. Жарытып мал сойып жатқан да жоқ. Асықтың бәрі ескі, — деп өзімен-өзі сөйлесіп, көпке дейін күбірлеп жүріп-жүріп үйіне кіріп кетті.

Сол кезде:

— Нұрперзент, а Нұрперзент, қайдасың? — деп Мамай айқай салды. — Қой емес, қозы емес, адам да жоғалады екен-ау, құдая тоба!

Нұрперзенттің ұнжырғасы түсіп қоя берді. Сабақтан қол босаған жалғыз күнде де тыныштық жоқ.

— Жәкең шақырады әй, жәкең шақырады, — деп балалар да қоймады. Ол бір естімей тұрғандай.

Мойны салбырап, ойыннан шығып жүре берді.

— Бас аяғыңды жылдам! — деді Мамай. — Әй, аруағыңнан айналайын Бақтияр бабам: «Болымы жоқ бозбала бейнеттен қашар бұлтақтап», — деуші еді-ау. Дәл сол ғой мына бала.

Нұрперзент басын тұқшита түсіп, тезірек адымдап жетті.

— Көтер еңсеңді, ынжық неме...

Шал жетекке көнбей, шегіншектей берген көк есекті қамшымен бастан қақырата тартып-тартып жіберді.

— Е, құлағыңды ұрайын, арам!

Көк есек бұл қорлыққа үнсіз көніп, ұзын құлағын қағып-қағып басын шайқады.

— Ертеден кешке дейін асық ойнап азғанша, Дәуқаранын диірменіне барып ұн тартып кел, — деді Мамай ұлына.

Сайдың арғы бетіне су алып шығып бара жатқан Мүнира мына сөзді естіп тұра қалды. Шелегін жерге қойып, жақындап келді. Мұғалім апайын кәріп Нұрперзент бас киімін алды.

— Саламатсыз ба, отағасы! - деді Мүнира.

— Амансыз, құдағи...

— Отағасы, Нұрперзент диірменге барады дедіңіз бе?

— Иә, барса не қылад, асық ойнап азғанша...

— Оныңыз дұрыс. Менің айтайын дегенім: мен Айдайды қоса жіберсем бе деп едім.

— Е, кішкентай құдашаны ма? — деп сезге араласты үйден арқан ала шыкқан Арай.

Мұғалім Арайдың басындағы күндікке қарап біраз тұрды. Кемпірдің ақ матаны қаттап басына орай бергені ерсі, ал мұғалім әйелдің жұқа көгілдір орамалмен басын бір тарта салғаны Арайға ерсі. Бірақ екеуі де бұл жайды іштеріне бүгіп қалды.

— Иә, «кішкентай құдашаңызды». Екі пұттай дәніміз бар еді, қол диірменге тартып берекесін алдық. Мүмкін болса, Нұрперзентпен бірге барып тартып әкелсін, — деді Мүнира.

— Неге болмасын, мұғалім құдағи-ау, — деді Арай. — Күн әлі ерте, кешке дейін келіп қалады ғой.

Дәуқара диірмені ауылдан бес-алты километр, Нұрперзент талай рет барып жүрген жер. Жалғыз аяқ жол ирелендеп көптеген сайлардан өтеді. Бұлым - бұлым терең сайлар табанында мөлдіреп бір құлақ су ағып жатады.

Күні тіпті жаздағыдай. Бірақ дала біртүрлі безгектен жаңа оңалған адамдай. Көбелек те шаттанып ұшпай қалт-қалт етеді... Құстардың ұя салып, жем тасыған әрекеті жоқ. Ескі дуалдың үстінде үнсіз отырады. Әлде не ойлайды? Қылышын сүйретіп келе жатқан қыстан қашпақ ойы бардай. Құстар бақытты. Кетем деген жағына кете салады. Ұдайы жылы жақта жүремін десе де өздері біледі. Адам ғой қыспен де, жазбен де бетпе-бет кездесетін.

Қыз сарықұрақ фуфайкасын шешіп, есектің үстіне тастады. Бұл кезде Бурныйдың базарында мата дегеннен осы бір сарықұрақ пен бөзден өзге ештеңе табылмайды. Солдат киімінен қалған сары құрақ қыз ажарына үйлесімсіз екен, енді ескі көк сәндіп көйлектен ақ шәйнектің қақпағындай томпайып қана қос төсі көрінді.

— Папамнан көптен бері хат жоқ, — Деді қыз. Екеуі мына күздің жұмсақ күнінде үндемей келе жатыр еді.

— Біздің Орақтан да хат келмей тұр, — деді Нұрперзент.

Қыздың сол көзінің астында, ақкұба ашаң жүзіне қолмен қойғандай бір мең бар еді. Қадалып алысқа Қарағанда сол мең де жәудіреген көздерге қосыла жоқ іздегендей болады да тұрады. Көлденен жатқан Тескентауға қарайды. Тескентаудан пойыздар өтеді. Бірақ папасы Шығысқа емес, Батысқа кеткен. О да мұғалім еді. Ерлі-зайыпты мұғалімдер соғыстың алдында ғана Жамбыл жақтан келді. Ақсай ауылына туыстай сіңісіп кетті. Қыздың папасы Ақсайдың жігіттерімен бірге майданға аттанды.

Енді мұғалім апай осы қызы екеуі ғана. Тотия келін боп түскелі бері мұғалім апай мен Арай жақындасып алды. Тотия да Жамбыл жақтың қызы ғой. Содан Арай Мүнираға:

— Ay, мұғалім келін қарағым, енді құдағи болдың, әскерден ерің аман-есен қайтып, көзайым бол, — дейтінді шығарды. Ал Айдайды: «Кішкентай құдаша» атап алды.

«Кішкентай құдаша» қазір алыстан көрінген Тескентаудың аузына қарап:

Ай-яй, көкем,

Көкем менің аман-сау

Келер ме екен-ай, —

деп шырылдады.

Елсіз дала, мизамды аспан, меңіреу таулар тебіренген жоқ. Ақсай ауылы — әнші ауыл. Үлкенді-кішілі кішкентай жиын-той ән - айтыссыз өтпейді. Ал мынау... Сағыныштан қыздың кішкентай жүрегі сыздап, даусы дірілдейді. Жол үстінде қара қоңыз жылқының жас тезегін аунатып әкетіп барады. Тобылғы басына түйеқарын, ебелек ілініп қалыпты.

— Папамнан көптен бері хат жоқ, — деді қыз күрсініп.

Күрсінуді үйреніпті.

— Орақтан да жоқ, — деді Нұрперзент.

Ол қызды жұбатпақ болғандағысы.

«Ал айнала әлденеден сезіктенгендей тырс етпейді. Тым болмаса шегіртке де шырылдамайды. Тым болмаса қарға да қарқылдамайды. Не алыстан пойыз айқайламайды. Паровоз түтіні де ауаға іліп қойған декорациядай тырп етпейді.Тек көк есектің тұяғынан қиыршық тас қана тырсылдайды. Күздің осындай бір мүлгіген кезі болады. Бұл күндер әдетте ұзаққа созылмайды. Бір мезгіл әлгі әуеннен дала баяу тербелгендей де болады. Бұл дала бесік сияқты еді.

— Сен қаншадасың, Нұрперзент? — деді Айдай.

— Он беске шығамын. Оны қайтесің? — деді Нұрперзент таңданып.

— Әшейін. Соғыс созыла берер ме екен, Нұрперзент? — деді Айдай тағы да Тескентау жаққа қадала қарап.

— Білмеймін. Өзіңнің мамаң айтты ғой, Германия жеңіліп жатыр деп.

— Соғыс созыла берсе әскерге сен де барасың, ә, Нұрперзент? — деді Айдай.

— Барамын, — деді Нұрперзент.

Дұрыс жүріп келе жатқан есекті шыбықпен құймышақтан салып қалды.

— Сонда сен кімдерді сағынар едің, Нұрперзент? - деді Айдай. Көзін қысыңқырап аспанға қарап келе жатты. Көзін қысқанда жалғыз меңі үлкейіп көрінді. Мизам қалықтап жүр екен.

— Апам мені жақсы көреді, — деді Нұрперзент.

— Апаңнан басқа кімді сағынар едің, Нұрперзент? — деді Айдай. Қолындағы шыбықпен бір ұзын мизамды іліп алды.

— Білмеймін, — деді Нұрперзент. Ширақ жүріп келе жатқан есекті енді артқы тірсектен шыбықпен салып жіберді.

— Ұялшақ, — деді Айдай шылаудай мизамды шыбық басынан сілкіп тастап.

Екеуінің көлеңкесі баттасып аяқ астына қарай тығыла берді.

Күн шаңқай түс еді. Масағын ине жоғалтқандай іздеп жүріп теріп алған аңызда мал жайылып жатыр. Қойлардың үстіне қара торғайлар қонып алыпты. «Қой үстіне бозторғай» неге қонбайды? Неге жұмыртқаламайды? Сонда жақсылық болар еді» деді ішінен Нұрперзент шалдардың сөзі есіне түсіп.

***

Олар Дәуқара сайының терең табанына түсті. Табанда мая — жон жалғыз үй, жалғыз бәйтерек, жалтырап жатқан ақ көбікті айдын керінді. Айдай мен Нұрперзент аяқкиімдерін шешіп, суды тізеден кешіп өтті. Айдай көк сәндіп көйлегінің етегін түріңкіреп алды. Әлде қыздың күн шалмаған ақ санына көзі түсіп кеткеннен бе, әлде айдын судың әсері ме, әйтеуір Нұрперзенттің аздап басы айналды. Көк есек судан өтіп алып дүр сілкінді.

Диірменші Әлім шал тас тісеп жатыр екен. Орақтар соғысқа кеткенде осы диірменді ұстап тұрған Антон дейтін орысты да әскерге алды. Колхоз диірменінің тілін білсе осы біледі деп, темір ұстадан Әлекенді Дәуқараға ауыстырған.

Балалар көп күтетін болды. Олар жүкті түсіріп, көк есектің белін босатты.

— Арамдарыңды әрі алып кет! — деп айқайлады қисық мойын шал. — Есіктің алдын арамдайды.

Нұрперзент бұрын бұл диірменнен қап-қап ұн, қап-қап бидайдың тау-тау болып жатқанын көруші еді. Адамдар тау астында қалған өз қаптарын таба алмай әлекке түсіп жүретін. Бұл жолы біріне-бірі сүйеулі бірнеше қап қана көрінеді. Әлім шалдың шытынап отырғанында мән бар сияқты. Астық болмай қалды. Қол диірмен деген бәле шықты. Жұрт мұнда тым сирек келеді. Диірменші қырсығып отыр. Бұл түрімен балаларды кешке бір-ақ қайтарады. Несіне қырсығады? Ала сиырына үн шылап бергенде мұрнын шүйіріп жемеуші еді сасық. Енді үш-төрт тауығы жем іздеп, диірменге келгендердің қабына қарай тап-тап береді.

***

Диірменнің желкесіне төніп тұрған жартастан ұшып жүрген құстар көрінді.

— Көк қарға әлі кетпеген бе, — деді Нұрперзент.

— Көк қарғаның қауырсынын алар ма еді, — деді Айдай.

— Түу, кек қарғаның қанаты да әуес пе? Жазда талай рет Кенжегүлге ұстап бергем. Ол кемпір оныменен тұмауратқан балаларды емдейді.

— Қанаты қандай әдемі, - деді Айдай. Алдымен папасы, папасынан кейінгі арманы — көк қарғаның қанатындай-ақ күрсініп алды.

«Шыны ма?» - деп Нұрперзент қыздың бетіне қарады. Аяп кетті. Қыз мұңайған сияқты. Сол кейпін көріп, қазір жер түбіне бар десе де дайын тұр.

— Сен отыра тұр. Есек босанып, ауылға қашып кетіп жүрмесін, мен ол көк қарғаны бар болса — көрейін, — деді Нұрперзент.

— Құлап қалма, бармай-ақ қойшы соған, — деді Айдай.

— Есек жібін үзіп кетпесін, — деді Нұрперзент жалғыз аяқ соқпақпен төрт тағандап қиялап бара жатып.

Тайып кетіп, арқан бойы төмен сырғып түсті.

— Шықпай-ақ қой, құрысын, құлап кетесің! — деп айқайлады Айдай.

Ол тасжарғаннан ұстады. Тасжарған сенімді. Болат арқан секілді. Кетпенмен шапсаң, жаншылып, қиылмай тұрып алады. Тасты жансыз дейді — бекер. Тастың өзегін жарып өсімдік өседі. Тастың құрсағынан шыққан шөп жалғанда қатты, кендір арқан оның қасында шірік жіп сияқты.

Тағы да тасжарғаннан ұстады. Тасжарған жоқ жерде жабайы шиенің түбіртегіне жармасты. Құс шоқыған шиенің сүйегі қарайып қатып қалыпты. Торы тобылғы көрінді. Тастар тобылғы мен тасжарғанның бұталарын ұсынып, балаға қолын беріп-ақ жатыр.

Едәуір биікке көтерілді. Төменде диірменнің үйі, байлаудағы есек, оның жанында Айдай -бәрі кішірейіп кетті. Айдай қолын бұлғап қайт дейді.

— Менің кім екенімді білмей жүрген шығарсың, — деп айқайлағысы келді Нұрперзент, аяғын тасқа тіреп, тобылғыдан ұстап тұрып. Оның даусын төменде арқырап аққан су Айдайға есіттірген жоқ.

Көк қарғаның қауырсыны. Айдай сынды қызға керегі сол. Айдай деп атын қалай қойған? Ай сияқты. Ай дидарлас дегені ғой. Келеді соған. Бетіндегі меңі де ұқсас. Бірақ Ай сияқты толық емес, аққұбаша, жүзі ашаң... Көк қарғаны Нұрперзент басқа балалармен бірге бұзылған мешіттің боғатынан талай ұстаған. Қанаты қаракөк, күлгін көк, одан көгілдір, одан жасыл тартып, құлпырып ойнап турады. Түрі әдемі дегені болмаса, өзі бұзық - ақ: тістегенде қолыңнан қара қан дірдек - дірдек ағады.

Нұрперзент көк қарға шоқып қанатқан алақанына қарады. Тасжарған қиып кетіпті. Қанталап тұр. «Көк қарғаның қауырсыны неге керек екен?» Бір мезгіл басын көтеріп төбені шолды. Құрқылтай болар, біраз құс баяу айналып ұшып, жартастарға қонақтап отыр. «Бәсе, көк қарға бұл кезде кетіп қалар-ау. Кетпейтін құрқылтай ғой. Сорлы қыстың қамын ойлап, ұясын жылылап жүр ме? Көк қарғаны енді қайда таптым?» - деді Нұрперзент пышақтай қияқ тасқа ілініп тұрып. Төбеден кемерленіп, ызғарлы құз төнді. «Көк қарғаны тек ұясынан ғана ұстауға болады. Онда да балапан кезінде. Ал әшейінде ол өмірі ұстата ма?»

Бала сасайын деді. Бірақ тастан тасқа тырмысып өрмелей берді. Сары адамның тершеңдігі ұстап, самайынан төмен қарай үрпек жүнді жағын жағалай айғыз-айғыз жол түсті. Ұзын қолынан әлі кетіп, тала бастады. Шайтантері шалбарының тізесі ыдырап, сетінеген тесіктен қанталаған сирағы сығалады. Дәл иегінің астынан тарғыл тастан аумайтын бір топ кекілік пыр етіп жер бауырлай ұшып, бұлым айналып кетті.

«Байғұс басым, көк қарғаның қауырсынын тауып келем деп нем бар еді. Енді құр қол барғаным - не болғаным?»

Тасжарған да, тобылғы да, жабайы шие де - бәрі де төменде қалды. Алда тек жалаңаш тастар. Кеудесін күнге де, ақ боранға да жалаңаш тосатын дүлей тастар. Әр жерінде алақандай жасыл таңдақ — мүк басқан, әр жерінен жарақат жандай шып-шып су шығады. Әр жерінен көздей тесік - құрқылтайдың ұясы көрінеді. Түсі суық сұр тастар:

— Ей, болымсыз бозбала! Қызға қырындаймын деп мұншама қиналғаныңа жол болсын! Көк қарға деген тауық тақылеттес жаман-жұман құстар мұндай биікті мекендемейді. Біздің кеудемізге тек қырандар ғана қонақтай алады, — дегісі келгендей еді.

«Көк қарғаныкі болмаса, бүркіттің қауырсыны табылар, ол көк қарғаныкінен де жақсы емес пе?»

Ойлағанымдай-ақ, түу биікте, тас кемердің жыртығынан аспанның көгі көрінген жерде бір-екі ұзын-ұзын қауырсын жатты. Нұрперзент ақырғы күшін жинап тастан-тасқа секірді.

«Көк қарға деген не ол! Міне, саған мұзбалақ қыранның қауырсынын әкелдім, Айдай!» -деймін.

«Рахмет, Нұрперзент! Сен қандай батырсың, сонау биікке қалай шықтың? Сенің мұндай күшті екеніңді білмеуші едім», - дейді Айдай.

«Пәлі, со да сөз боп па, мен әлі саған самұрық құстың қауырсынын алып берем. Ол тек Найза-Көк шоқысының шыңында ғана болады. Онда мәңгі мұз жатады. Отан жан баласы бара алмайды, бірақ қайтсем де саған алып беремін! — деймін.

«Рахмет, Нұрперзент! Мен өмірімде сендей қайсар, қайратты адам көрген емеспін. Сен ерекше жансың. Мұның бәрін мен мектепте айта-айта жүремін. Мамама айтамын. Ол саған ұдайы «бес» қоятын болады», - дейді Айдай.

Осы ойдың жетегімен ол Дәуқара жартасының ең биігіне шықты.

Күнқағары мыжырайған кепкесін алып, бет-аузының терін сүртті. «Айдай мені көріп тұр ма екен» деп төмен үңілді. Диірмен ойыншық үйдей боп көрінді. Әрең дегенде байлаулы есекті тапты. Жанында тағы бір есек келіп қосылған сияқты. Қанша қараса да Айдайды көре алмады. Бір қолына кепкесін, бір қолына сыпырғыдай ұзын-ұзын қауырсындарды ұстап тұрып:

— Айдай! — деп айқайлады.

«Айдай» деді бейтаныс дауыстар. Нұрперзент сонда ғана барып басын көтеріп жан-жағына қарады. Ол сонда кең дүниеге бесігінің ернеуінен баспалап қана қараған бала сияқты еді.

— Құдайым-ау, мына дүние қандай ғажап! — дегісі келді.

— Биікке шықсаң жер - әлем осылай көрінеді екен ғой.

Ол жартастың ернеуінен екі адым жерде өзінің қайда екенін ұмытқандай есі кетіп ұзақ тұрды.

...Айнала таулар асқақтай түсті. Таулардың өркештеріне өлшеп қиып кигізгендей көгілдір аспан төңкерулі тұр. Тасасында бір нүкте жоқ, не қарлығаш, не қарға жоқ, көкпеңбек. Мөп-мөлдір. Егер молдалардың айтатынындай, Құдай - тағала көкте екені рас болса, мынандай мөлдір аспаннан ол көрінбей қоймас еді. Аспан тасасында бір қарайған көрінбей үңірейіп тұрғаны адамды қорқытқандай. Теріскейдегі Қаратаудың «Күйік» асуы тұсынан мұнартып, баланың жаңа шығып келе жатқан тісіндей боп, Үлкен Бурылдың қос өркеші көрінді. Тескентау, Маймақ тұсынан Қапшағайды қиялай Күркіреусу ақ лентадай ирелеңдеп, Манастың қойнына кіріп, зым-зия болды. Арқа тұстағы Алатаудың Манаспен бойталасар шоқысы Найзакөктің басы Пешіннен құлаған Күнге шағылысып, тәңірінің асыл тасты тәжіндей жарқырады. Күн түспеген шатқалдар қарауытып, қарауытқан сайын құпияға толып барады. Сонда Нұрперзент:

«Қалпе айта беретін құдіреті күшті құдай осы шатқалдарда өмір сүрмей ме екен?» — деп ойлады.

«Бәлкім, Кенжегүл жалынып шақыратын дию - перілер мекендейтін шығар», — деп ойлады.

Күн құлап бара жатқан батыста Шақпақ жоны, Құлан мен Жабағылы таулары түр еді. Аяқ астында алақандай болып Жуалы жатты. О, жарықтық. Доп-домалақ анамыз біздің! Шабағын таулардан тұрғызған берекелі бесігіміз біздің!

Шақпақтың бер жағынан көгілдір күмбез тәрізденіп Бурныйдың элеваторы көрінеді. Оған жазда Нұрперзент көк есекпен талай арпа-бидай тасыған. Оның бер жағындағы тал -дарағы топ - топ болып отырған ауылды «Орақ - Балға» дейді. Онан бері сайларды жағалап отырған өз ауылы.

— Нұрпер-р-р-зент!

Нұрперзент ұйқыдан оянғандай селк етті. Төменде титтей қуыршақ адам қол бұлғайды. Айдай ғой шақырып тұрған.

— Айдай, қазір! — деді Нұрперзент. Дәуқара жартасы күңгір-күңгір қайталап:

— Айдай, Ай-дай... Ай-дай... — деп қайтадан мелшие қалады.

— Түу, қайда жүрсің, тегі! — деді Айдай жыламсырап.

— Не боп қалды?

— Диірменші атай ұрсып жатыр, шанаққа өз бидайыңды өзің сал деп. Мен әрең салдым.

— Мен көк қарға таба алмай... Міне, мынау бүркіттікі. Бәрібір емес пе. Әрең таптым. Айдай:

— Көк қарғаныкі керек еді ғой, — деп жерге қарады.

— Әлгі жоғалып кеткен бала сен бе? — деді диірменші басын қисайтып. — Қайдан жүрсің?

— Сонау құздың басына шықтым, ата. Міне, бүркіттің қауырсынын алып келдім! — деп айқайлады оның құлағына Нұрперзент.

— Әй, баламысың деген-ай! Мына тұрған жаман Дәуқараның басына шықтым деп мәз болады. Сендей бала күнімізде оған күніне он секіріп шығып, он секіріп түсетінбіз. Түрін қара! Киімінен киім қалмапты, қызталақ. Бүркіттікі дейді? Неғылған бүркіт. Кәдімгі жаман қарақұстың канаты ғой, тастап кеткен. Әй, Нұрперзент! Сенің ағаң бозым еді ғой. Орақты айтам. Әне, сол ер еді. Сол Орақтың інісісің ғой сен. Аман бол, әйтеуір. Сорайып сен өсіп қалыпсың, бірақ ағаңа тартпағансың ба, қайдам.

Нұрперзент әлгінде диірменге бұрып салған асау суды кешіп өтіп еді, қызыл тікен жырған сирағы суға тиіп ашып тұр. Оң аяғының бас бармағының астында пышақ кескендей бір жара өмірі жазылмайды-ақ. Шілдехана суы тимей қалған шомылдырғанда дейді. Қазір сол бармағының асты ашығанда көзінен жас шығып кете жаздады. Айдайға қарай алмай, теріс айналды.

— Жарайды, Нұрперзент, мен білем, сен көк қарғаны ұстай аласың, — деді Айдай. — Ауылға қайтатын уақыт болды.

Нұрперзент сары адамның лап етіп құлағына дейін қызаратын әдетіне тағы басты. Ол әлгі ренішті лезде ұмытты.

***

Олар Дәуқара сайынан шығып ауылға беттегенде күн батуға ыңғайланды. Мизам көбейе түскен сияқты. Алыстағы Құлан төбесіне күн ілінген сон, алып жанартауға айналып бара жатты.

Сайлардан көмескі ғана жылтылдақ су ағып жатыр. Түнге қарай жалғызсырайтындай жыламсырап, мұңайып ағады.

Күн батқан замат Құлантау үстінен сағым ойнайды. Құланның өзі желкенді кемедей тербетілді.

Ал Алатау шындары тәкаппар кекірейіп, бастарын соңғы сәуле шалып, күннің батуына іштей күйзелсе де, сырттай сыр бермей, міз бақпай кекшиіп тұр. Қанша кекшисе де Алатау - Ақсай жақтан салқын самал соқты. Кәдімгі боз інгеннің тебіренгеніндей бір сау желген жібек самал. Тек теріскейде Қаратау бұйығы бүк түсіп, бүрісіп, шапанын бүркеніп, ірге жаққа жата кеткен кемпірлер сияқты.

Көк есек беймезгіл шақ түскенін сезгендей жиі-жиі пысқырынып, жорға жүріске салды. Апақ-сапақта кезге көрінбей әлдекімдер сыбырласып жүрген сияқты. Дәл құлақтың түбінен зу етіп жарқанат ұшып етті. Түстік - батыста жалғыз жұлдыз атылған ақсары ракетадай салбырап тұрды да қойды.

Алатау созылып барып-барып, сонау алыстағы Ақсу-Жабағылы, Түлкібас тұсынан беймәлім бір дүниеге сүңгіп кеткендей бұлдырай бастады. Бейне бір алып айдаһар бүктетіліп, әлдеқайда бір інге кіріп бара жатқандай.

Орта жолда Оспан сайының жайдақ суынан өте бергенде дәл есектің тұмсығының астынан дәу бір қарақұс қалбаң ете қалды. Әлдебір жалба шапан өзінен-өзі ұша жөнелгендей болды.

Арамқатқыр жалт берді. Екеуі де ентелеп қаптарды қармады. Сөйткенше болмады: үстіңгі қапшық бұлт етіп шығып, суға күмп берді. Су сықылықтап бір қапшық баға жетпес байлықты құшағына алды. Су да қазір ненің қымбат екенін білгендей-ақ, ақ қапшықты асап жібергісі келгендей аптығып, қақалып - қақалып, қарғи ақты. Жұқа қапшықтан су лезде өтіп кетті. Ұнның көбі иленіп қалыпты.

— Енді қайттім, мамама не бетімді айттым, — деді Айдай даусы дірілдеп. — Үйдегі барымыз осы еді, — енді қайттім! Екі күн отырып, миясын тазалап еді мамам...

Есек ішін тартты. Кінәсін сезіп, өткен іске өкініп тұрған жоқ. Өзінше бір есектің де мұңы бар. Жұлдыздар шығып қалды. Терең сайдың суындағы сәулелері әлдебір асыл тастар сияқты. Жалбыздың жазы ұзақ. Әлі көгеріп, суға төніп тұр. Иттердің үргені естіледі. Ауыл алыс емес. Жетіп қалғанда қырсық шалды.

— Папамнан хат келмей мамам өзі қамығып жүргенде, ол аз болғандай менің істегенім мынау.

Айдай отыра қалып, бетін басып жылап жіберді.

— Қоя ғой Айдай, сен несіне жылайсың? — деді Нұрперзент аузына сөз түспей. — Әншейінде былқ етпейтін мына арамның үрке қалатынын кім білген.

— Папамнан хат келмей жүргенде – е – е - е...

Айдай сезінің аяғын айта алмай, өршіп - өршіп жылады. Бұл мына бір қалта ұнның қайғысынан гөрі молырақ, көкіректе бұрыннан лықсып, шығарға саңлау таппай тұрған қам көңілдің ағыл-тегіл арыны еді.

— Қойшы енді, Айдай, — деді Нұрперзент. Басынан ебедейсіз сипағандай болды. Алақаны дуылдап тыз-тыз етті. Шашы мақпалдай жұмсақ еді. Нұрперзент бұрын мұндай шаш сипап көрген емес. Ол өзінен-өзі қорқып қолын тартып ала қойып, енді екінші рет тигізуге жүрексініп, қарап тұрып қара терге түсті.

Жалбыз әлі шелі қанбағансып, бұлақтан әдейі басын көтермей тұрған сияқты. Осындай елең-алаң аққан судың сылдыры айтып таусылмайтын арман тақылеттес. Бір топ бұлдырық күннің батқан жеріне, сонау Түлкібас тұсына барып қонуға серттескендей, шырылдап ұшып, алдағы бейтаныс ымырт құшағына лезде сіңіп кетті.

Нұрперзент не істерін білмей, ақ қапшықты бір олай, бір былай аудара берді. Бет жағы шыланып, домбазданып қалыпты. Бір үйдің бетіне қарап отырған азығы. Бар сенгені осы. Айлыққа астық сатып алып жетісе қоймайсың... Мамасы ашумен енді Айдайды ұрады - ау деп бір ойлады.

Мақталы сары фуфайканы алып Айдайдың арқасына жапты. Қыз бүрісіп, бір уыс боп жүдеп қалғандай көрінді. Шашынан тағы сипады. Алақаны алаулап ала жөнелген жоқ. Бірақ шашқа жалаңаштанған жүрегі тиіп тұрғандай-ақ кеудесі бір бұлқынып салды да тынды. Беймаза, бейтаныс сезімнен айығып, алдында отырған қыздың аянышты халін енді терең ұққандай еді. Басына бір ой келді.

— Айдай, а Айдай, бері қарашы, — деді. — Сенің мамаң білмей де қалсын. Бетіндегі суланған жерін алып тастайық. Оның орнына менің қабымнан біраз үн ауыстырып салайық. Ешкім де білмейді.

«Ешкім де білмейді» деп айтса да, өзіне-өзі сеніңкіремей тұр. Мамай шалдың білмейтіні жердің астында шығар.

— А... а... саған жәкең ұрсып жүрмесе... — деді Айдай, амалсыз тұйықтан бір саңылау тапқандай.

— Неғылған ұрысқан, бізде бидай жетеді ғой, керек болса жәкем тағы да тауып келеді, — деді Нұрперзент.

— Ал мамам екеуміздің басқа бидай табар жеріміз жоқ. Бірақ сенін ұныңды алмаймын.

— Неге, Айдай?

— Ұят қой біреудікін ұрлағаңдай боп. Тамақтан қайтіп өтеді ол...

— Ұрлағаны несі, мен өзім ықтиярыммен беріп тұрмын ғой.

Қыздың реңі ашылайын деді, жас тығылған көзі жалт етті.

Бірақ лезде қайтадан қатая қалды.

— Өз ықтиярыммен дейсің бе? Жәкеңнің ашуы қатты ғой. Айқайлағаны жаман. Қорқамын.

— Ой, ол айқайлай береді, маған тимейді.

— Мейлі онда. Ойбай-ай, тағы да біліп қойып масқара болмайық, — деп Айдай тартыншақтай берді.

Нұрперзент есектен үлкен қапты түсірді. Аузын сөгіп Айдайдың дымқыл тартқан ақ қапшығына қос қолымен көсіп - көсіп ұн салды. Ақ қапшықтың аузын Айдай ашып тұрды. Нұрперзент қос уыстап үн салған сайын қысылып, ақ қапшықтың аузын тарылта берді.

— Болды енді, жетеді, — деді Айдай бір қылмыс істеп тұрғандай алаңдап.

Ұн әлі жып-жылы еді. Нұрперзент ұнның иісі барын байқай бермеуші еді.

Қазір жана тартылған ұнның иісін анық сезді. Әбден қарны ашқанын сонда білді.

Бұл кезде көк есек Айдай қапшығының аузынан алып тастаған жентекті мимырттап тұрып жеп алды. Қарны ашып, ыза болған Нұрперзент қараптан қарап тұрып көк есекті ыңқ дегізіп іштен бір тепті.

Нұрперзенттің ала қабы ортайыңкырап қалды. Екеуі жуалдызбен қаптардың аузын қайта тігіп, есекке артты. Алдымен ала қапты көтерді. Екеуі қол ұстасып көтеріп еді, Айдайдың жіңішке саусақтары Нұрперзенттің уысынан қаптың салмағымен сусып шыға берді.

Баланың басы дыңылдап, құлағы шуылдай бастады. Кеудесі сарт-сұрт соғып, алқынып қалды.

— Білегімнен мықтап ұсташы! — деді Айдай.

Ол қыздың білегінен ұстады. Буын-буының біреу алып қойғандай. Қаптың салмағымен қыздың білегінен тағы қолы сырғып кетіп, ала қап жерге сылқ ете түсті. Мына бір түн алдындағы көз байланар шақта әлдебір таңғажайып адамдар жиылып, ән салғандай көрінді.

Қойшы, осы қапты шынымен екеуміз көтеріп сала алмаймыз ба, - деді Айдай.

— Саламыз ғой, — деп күңк етті Нұрперзент. Ол қапты әрі-бері жұлмалағаннан жеңілдейтіндей аузынан ұстап тартқылай берді.

— Бүгін әйтеуір қырсық айналдырды, — деді Айдай. — Түнейміз бе?

Неге екені белгісіз, Нұрперзент өзін түннің түсіп келе жатқаны қорқытпағанын сезді. Қайта қапты жылдам көтеріп сала қоймағандары өзіне ұнап тұрғанын байқады. Әдейі тілемесе де Айдаймен тағы қолдасып, қап көтеріп, ол қап тағы жерге түсіп кетсе екен деген бір көмескі тілек барын аңғарды.

Айдайдың «Қырсық айналдырды - ау» дегені оны масаң қалыптан айықтырғандай болды. Буын - буыны босап, қолы дірілдегенді қойды. Қараңғы қаптап келеді. Бұларға не боп қалды деп үйдегілердің алаңдап отырғаны есіне түсті. Ала қаптың ортайып қалғанын сезіп қойып, өзіне қадалған ашулы әкенің көзін көргендей болды. Нұрперзент ала қапты жерге сұлатып жатқызды да, қақ ортасынан қос қолдап ұстап қоржын құсатып ырғап - ырғап көрді. Сөйтті де қапты жерден жұлып алды. Көтерген бойда есектің арқасына былқ дегізіп тастай салғанда байғұс мақұлық белі кирең етіп, теңселіп кетті. Айдай аңырды да қалды.

— Жаңа екеуміз жабылып көтере алмап едік қой...

Нұрперзент үндеместен ақ қапшықты жерден бір шүйке жүн көтергендей жұлып алып, ала қаптың үстіне арқанмен қатты тартып шандып тастады.

Ақсайдан соққан аңқылдақ жел асыранды күшіктей еркелеп жолаушылардың төсіне асылып, бет-аузын аймалады.

Ал ошағанның қурайлары түнделетіп түрегеліп кеткен өліктердің қаңқа сүйектеріндей ербиіп-ербиіп жол ернеуіне қарай ентеледі.

Диірменшілер көңіліне аздап үрей үйелесе де, анау сайдың ар жағында естілген адам даусы, иттің үргені қорқынышты басты.

Алатаудың белуар тұсынан жалғыз-жарым от жылтырайды. Ақыр күзге дейін төмен түспей отырған малшылар болса керек. Заңғар таудың шатқалында бірлі-жарым үй отырып қойшылар қорықпағанда, екі ауылдың ортасында елең-алаңда бойын бір сәт үрей билегеніне Нұрперзент ызаланды.

Мұғалім апай қызы екеуі мектеп үйінің қуықтай бір бөлмесінде тұратын.

— Айдай, Нұрперзент! Сендерсіңдер ме? — деді ол анадайдан. — Қарақтарым-ау, кешіктіңдер ғой. Сендер кеткелі қашан?

— Диірменші диірменнің тасын тісеп жатыр екен. Соны кәп күтіп қалдық, — деді Нұрперзент.

— Айдай алтыным, немене, бір жерің ауырғаннан сау ма? — Мүнира әлденеден секем алғандай қызының бетін өзіне бұрып, кеш қараңғылықта көзіне үңіле қарады. — Қорықтыңдар ма, әлде?

— Жоқ, мама, біз қорыққан жоқпыз, — деп Айдай анасының мойнына жас балаша асыла кетті. Шешесінің бетінен құшырлана сүйіп-сүйіп алды. — Пошта келген жоқ па, мама?

— Жоқ, алтыным, келмеді ғой, — деді мұғалім апай.

— А... Мен жоқта келіп қалған шығар деп ем, — деді Айдай.

— Келсе сенен бағана-ақ сүйінші сұрамас па едім, алтыным.

Анасы қызының басынан сипап-сипап, сары фуфайканың арқасынан қақты.

— Рахмет саған, Нұрперзент, — деді.

Нұрперзент сайды қиялап арғы бетке өткенде, есіктің алдында міз бақпай тұрған тұлғаны көріп жүрегі су ете қалды.

— Бала, барсың ба, жоқсың ба! — деді әлгі қарайған қозғала беріп.

— Диірменші тас тісеп жатыр екен, кәп ұстады, — деді Нұрперзент үні дірілдеңкіреп.

— Тас тісесе, алдымен сенікін салды ма, құртты десеңші онда, жартысы қалады ғой тастан шықпай.

— Жоқ, алдымен басқа бір қап бидай салды.

— Бидайыңды ауыстырып қойған жоқ па? — Шал ала қапты қорбия келіп, бұрышынан ұрып - ұрып көрді. Арқанды шешіп, қапты жерге түсіріп еді, ол тік тұрмай, былқ етіп қисая кетті.

— Әй, сені құдай атып қалыпты ғой. Әлгі ит қисық алдап соғыпты ғой.

Мұндаға дейін көкпарда құнан серкені жерден тулақтай іліп алып, ағызып жүре беретін шаршы шал қара ала қапты қапсыра құшақтап бір тұрды да, жерге қайта қойды.

— Әй, жүгермек! — деді.

Бұл сөз - тек әдетте айтыла салатын арзан қарғыс емес еді. Ар жағында алты батпан зіл жатты.

Нұрперзент еңкейіп, қапты көтеріспек болып еді, жон арқасынан бірдеңе сарт ете қалды. Басын қолымен қорғалады. «Немен ұрды екен?» Қызыл күрең таяқты көзі шалды.

— О, жетпей. желкең қиылғыр! Қияйын мен сенің желкеңді! Ау, неге алданасың, он беске келдің ғой, он бес кесектің астында қалғыр! Сені мен осы жұмыстың үдесінен шығады деп жұмсадым ғой...

Шал таяқты тағы көтере бергенде, Нұрперзент жалт берді. Таяқ көк есектің құймышағын сипай өтті. Есек кіржің ете қалды.

— Сендерге не болды-ей, әкелі-балалы екеуіңе бейуақытта, — деп үйден Арай шықты.

— Мына шірік құртып келді, — деді Мамай. — Қамбаны тақырлап салып ем, мына қап шымшыма болатын, өзің тіктің ғой аузын. Енді қарашы Бір дән бір адамның құны боп тұрғанда.

— Иә, қойшы байғұс - ой, қолында қалған жалғыз балаға да күн көрсетпейін дедің бе. Есейіп, ер-азамат болғанша Орағымды да ұрушы ең - ау, сен шал. Үйірінің берекесін алатын жаман сәурік айғыр сықылды ол нең ол?

Мамай Арайдан аздап болса да именетін. Ал енді Орақты ұрғанын еске салғаны оны мүлдем мұқатып тастады. Үлкен ұлын кәрі жүректің сағынып жүргенін енді сезгендей, жай сыздап қоя берді. Неге ұрдым деп опық жегендей, іштей бір өкініш қинады.

— Жоқ, ұрып неғыламын, дән деген қазір ұшпайды, мынадан кемінде бір пұттай құртқан. Не диірменші қамбаға деп алдап алды бұл көк миды, не мұның өзі алмаға айырбастап құртты. Сөйттің бе-ей, айт шыныңды? — деді Мамай.

Бірақ оның бұл сұрағына жауап болмады. Нұрперзент үйді айналып сайдың қабағына түсіп кетіп еді. Сайдың қабағына келіп екі тізесін құшақтап отырып алды. Жылағысы келді. Әдейі жылағысы келді. Бірақ көзінен жас шықпады. Өзін-өзі аяп, мүсәпір халін мүсіркеп-ақ жылауға тырысып еді, жас шықпады.

Арғы қабақтан мектептің бір-ақ терезесінен көмескі жарық көрінді. Сәл төменірек Тұтанның үйінен де елегізген сәуле елесі білінді. Бұл елде жермай таусылып, білте шамға тоңмай жаға бастаған кез еді.

— Нұрперзент-ау, Нұрперзент!

Бұл - апасының даусы.

«Бармаймын. Айқайлай берсін. Шіркін, мұғалім апай қандай тамаша адам, баланы ұрмақ тұрмақ, зекіп сөйлемейді ғой».

— Молдажан-о-о-у, Молдажан!

Бұл - жеңгесінің даусы. Тотияның даусы.

— Модажан-ау, Модажан-ау.

Бұл — кішкентай Әскербектің даусы. Тілі жаңа шығып келе жатқан бала қораздың даусындай. Орақ әскерге кеткенде іште қалған еді, енді былдырлап, жүгіруге жарап қалды.

Қарап тұрсаң Орақтан аумайды. Аузынан түсіп қалғандай. Кемпір-шал мұны көріп, Орақтың сәби кезін көргендей болады. Арай оның асты-үстіне түсіп, садағасы кете жаздайды. Тотияға жолатпай, өз койнына алып, мамасын емізіп жатады. Тіпті балаға мейірімсіз көрінетін Мамайдың өзі:

— Уәй, уәй, Әсетайым, Әскербегім, — деп қорбаңдап қалады. Осындайда ғана түсі жылиды. Суық көзі күлімдеп, мүлде өзгеріп сала береді.

— Модажан-ау!

Иә, бұл кішкентай Әскербектің даусы. Тотия оған үйретіп жатыр:

— Көке деп айт! Көке, кел деп айт! Модажаны несі.

Сөйтсе, Әскербек:

— Көке деп айт, Көке кел деп айт. Модажаны несі, — деп қайталап шықты.

Оған Тотия ішек-сілесі қатып күлді. Даусы сүп-сүйкімді боп сықылықтап, ішегін тартып Әскербек те күлді.

«Айқайласын. Тапқан екен ұратын адамды. Әрі-беріден кейін әскерге алса екен осы мені ертерек, көрер ем сонда алқоры таяқпен кімді ұрғанын!»

«Шіркін, қазір Айдайдың үйіне барар ма едім. Мұғалім апай: «Кел, кел Нұрперзент! — деп бәйек болады. Дастарқанға шақырады. Солармен бірге отырып тамақ ішудің өзі бақыт - ау. Айдай таң қалар еді. Қой, болмас, әлдене жаман ойлап жүрсе...»

— Нұрперзент, ау-у, Нұрперзент! Қайдасың, кел деймін енді!

Бұл - шешесі.

«Мейлі, менсіз де өлмейсіңдер, бір уыс ұнға бола таяқпен сабайтын мен немене сонша».

— Әй, жүгермек! Бір пәле көрейін демесең жылдам жет үйге!

Бұл - әкесі.

«Әлі кіжініп жүр. Жарар, ертеңгі сабаққа да дайындалмай, кешке дейін соның жұмысын істеп келсем де жақпаймын. Жетті...»

Көз алдында көмескі оттар көрінді. Қырық үйлі ауылдың шашыраған оттары. Жаураған, жалтақ болған ауру көздей оттар. Үзілмеген үміттей. Мейлі, соның өзі де медеу. Қараңғылық басқан жаман ғой. Дүние әлемді қараңғылық басып кетсе не болмақ. Күн тұтылғаны есте. Бір сәтке дүние күңгірт тартты. «Мен болмасам тіршілігің нешік?» дегендей еді.

Қырық көз. Қырық от. Тек қана от па екен? Арман, үміт, үрей, уайым, махаббат, сағыныш...

Кештің осы бір көгілдір шағында тау бөктерін, бүкіл Жуалыны сағыныш кернеп өткендей болды.

***

Ол орнынан тұрып, сайдың табанына қарай тұра жүгірді. Арғы қабаққа Тұтанның үйінің тұсынан көтерілді.

Арт жаққа қарап біраз тұрды. Әз үйінің есігі ашық. Самаурынның оты көрінеді. Бірі шығып, бірі кіріп жүр.

«Іздесін, бәлемдер».

Тұтан үйінің тұсында түп-түп ақ ши өсуші еді. Зергүл апай оны өзі егіп өсіргендей адамнан да, малдан да қызғыштай қорып, ши бойлап піскенде, бәрін біртіндеп суырып алады. Содан ши тоқиды, өреше тоқиды. Қалғанын бау - бау қылып тауықханаға бақанша іліп қояды.

Ақ шидің қазір түбіртектері ғана қалған. Нұрперзент соның арасында тұрып, домбыра үнін естіді. Тұтан ғой!

Тұтан далаға коп шықпайтын болып жүр... Келіншегі кетіп қалғалы бері есіл азаматтың сағы сынғандай.

Іштен тынатын болуы керек. Көрер көзге онысын білдірмей аңқылдап отырады.

Тұтанның ала күшігі шәуілдеп түрегеліп, Нұрперзентті танып қоя қойды. Бұл ауылдың адамдары бірінің есігін бірі қақпай кіреді. Тіпті мұндаға дейін құлып атаулы болған емес. Үйі иесіз қалып бара жатқан адам, тауық кіріп кетпесін деп есіктің тиегіне шөп қыстырып кете береді.

Нұрперзент есікті ашып кіріп келгенде будың арасынан Зергүл мойынын соза қарап:

— Нұрперзент, сенсің бе? — деді.

Қазанның қақпағын енді алып ағаш табаққа бөкпен құйып тұр екен.

— Ay, айналайын Нұрперзент, кел, — деді Тұтан таяғын таянып тұра беріп. Бұдан көрінбей төрде төсек үстінде жантайып жатыр екен.

Олар екеуара бір табақты ортаға алып, қою бөкпенге қасықты енді сала бергенде, ала күшік шәуілдей қалды. Зергүл далаға шығып:

— Жат-әй, жексұрын! — деді. Үйге Тотияны ерте кірді.

— Кел, кел, Тотия, — деді Тұтан.

— Отыр, келін, дом ал, — деді Зергүл.

— Молдажан-ау, сені іздеп жүрсек, мұнда отырсың ғой, — деді Тотия.

— Отырмын, — деп күңк етті Нұрперзент.

— Жүр үйге, атам ұрсып жатыр, келмесе көреді дейді.

— Отыр келін, одан кейін барасыңдар ғой, — деді Зергүл.

— Жоқ, әже, әншейін ауыз тиейін де, кетейін, — деді Тотия. Тотия табақтың шетінен қасықпен қалқып алып, ауыз тиді.

— Бөкпен ғой, келін, кешкі сүттің бәрін құйдым, іш қарағым, — деді Зергүл.

— Апыр-ай, ұшып-қонбай отырсаңшы, — деді Тұтан. Бұрын байқамаған қылық көрсетіп, Тотияны білегінен тартып төрге сүйреді.

— Отырмасаң, төрге шығарам! Онан да сыйыңмен көне ғой!

Бір рет келіншектің серіппе мықынын шымшыңқырап та жіберді. Келіншектің жұп-жұмыр мықыны сонда жағаға лақтырған балықтай қайқаң етіп бұлқынып кеп қалды.

— Құдай-ау, Тұтан, сен де қай-қайдағыны айтасың. Тотия баяғының келіні деп пе ен төрге шықпайтын? Қазіргі келіндерге рұқсат, - деді Зергүл жаулығы қара қазан буынан әрең-әрең ағараңдап.

Елде құрбы-құрдастардың әзіл-ойыны жарасады. Бірақ Тұтандар тым ерте ересек тартып, байсалдылықты тым ерте үйреніп қалған ба, әлде Нұрперзенттен ұялды ма, бұ қылығы өзіне де оспадарлау көрінді де, Тотияны қоя бере салды. Тотияның мықынында Тұтанның қолының табы қалды. Ол әлі шымшып тұрғандай сезілді.

Ащы шымшу емес, асыранды күшіктің еркелеп, аяп тістегеніндей ғана зілсіз қол. Тұтанның қолы тиген жер маза бермеді. Қыздырып темір басқандай бір мезгіл. Өмірі өшпейтін таңба қалғандай сол жерде. Орақтан ұят болатындай... Бірақ, қайран дүние, сонда Тотия, әлдеқалай өзі де байқамай, Тұтан тағы да шымшыса екен деп тілеп тұрды. Тұтанның әлгі мықынға тиген саусақтары дір-дір етті. Қасық ұстауға келіңкіремей қалды. Асау мықын саусақтардың әлін алып қалғандай.

«Апыр-ай, мынандай оңған көне көйлектің ішінде де сиқырлы дене болады екен-ау» деп ойлады Тұтан. Қарны ашқан Нұрперзент өзінен үлкендердің әлгібір болар-болмас әзіл-оспағын елемегенсіп, бөкпенге ағаш қара қасықты қалқыта салды.

Тотия әлденеден сезіктенгендей кінәні қайнысына бұра сөйледі:

— Жүр енді! Осынды ағаң келген соң айтпасам ба. Түн ішінде үйден безіп. Қап, сені ме!

— И – и - и, айналайын, тілеуіңе жет, — деді Зергүл. — Орақ та әлі-ақ кеп қалар, құдай қаласа.

— Сонда мына Молдажанның қылығын айтып сойғызбасам ба, — деді Тотия.

— И – и - и, қарақтарым, айтқаның келсін, — деді Зергүл.

Нұрперзент жеңгесі екеуі сайдың бергі бетінен шыға келгенде есіктің алдында Әскербекті көтеріп Арай тұр екен.

— Әй, Нұрперзент көке, кел, кел деп айт!» — дейді Арай.

— Ә – ә - әй, Нұрперзент көке, кел, кел! — дейді Әскербек.

— Әй, Орақ көке, кел-кел деп айт!» — дейді немересіне Арай.

— Ә – ә - әй, Нұрперзент көке, кел, кел! — дейді Әскербек.

Соны естіп Нұрперзент іші-бауыры елжіреп кетті. Елең-алаңда ата-анаға өкпелеп, тоңкылдап үйден қашқаны көңіліне енді ерсі көрініп, өзіне өзі кейіді.

***

Оның ұйқысы бұзыла берді. Көзі ілініп бара жатып қайта оянып кетеді. Қайта-қайта Тескентау көз алдына келеді. Ән естіледі. Әкесі ақырады. Алқоры таяқ көлбеңдейді...

— Нұраш, қарағым, неғып дөңбекшіп жатырсың бүгін? — деді Арай. — Бір жерің ауыра ма?

— Жоқ, — деді Нұрперзент.

Екеуі де үнсіз қалды. Шал қорылдайды. Анда-санда қатты қор ете қалғанда Арай:

— Не болды, байғұс-ай, — деп түртіп жібереді. Шал:

— А! а! Бисмилла, бисмилла, — деп барып қайтадан ұйықтап кетеді.

Оқтын-оқтын дәл бір боранда далада қалып, есік тырмалаған күшіктің қыңсылағанындай бір үн шығып кетеді. Темір төсекте жалғыз жататын Тотия түсінде жылап жатыр ма, күліп жатыр ма - белгісіз.

Жас келіншек тым ұзақ жападан-жалғыз тізесін құшақтап жатқанда қандай түс көруі мүмкін? Тым болмаса кішкентай Әскербек те жатпайды жанына. Әжесінің бауырынан шықпайды. Бұл үйде ұйқысы түзу сол ғана. Арайдың шандыр төсін кішкентай қолымен ұстап алып пысылдап, түк білер емес.

Кей-кейде Тотия ұйықтап жатып көрпесін серпіп, кеудесін ашып тастайды. Ондайда ұйқысы сақ ене:

— Мына шіркін, қайтеді, — деп келінінің көрпесін қайта жабады. Сонда ұйқыда жатқан Тотияның денесінен жалын шарпығандай бір аптап сезеді. Сонысынан сескенеді де. Әзәзіл айналдырмаса неғылсын деп шошиды. Қараңғыда көрпесі ашылып қап, ағараңдаған төстің алаулап бара жатқаны, әйтеуір, жақсылық емес сияқты көрінді.

— Бір жерің ауырып жатқан жоқ па, Нұраш, — деді шешесі тағыда.

— Жоқ, — деді Нұрперзент.

— Онда не болды, неге дөңбекшіп жатырсың?

— Әншейін.

Әншейін емес еді, түні бойы көз алдынан әлгі құдаша кетпей қойды. Оның жұп-жұмсақ жұмыр білегін әлі ұстап тұрғандай бір сезім буа береді.

...Сары фуфайканы шешіп, қаптардың үстіне тастады. Екі шынтағына жамау түскен көнетоз көк көйлегі кеуде тұстан тырсылдаңқырап тұратынын байқап еді. Керіп кеткендей емес, бүршік тастап жапырақ жарғалы келе жатқан жас шыбықтың бойының сыздағанындай бір құбылыс.

...Сайдың арғы бетіндегі мектептің бір терезесінен ғана жалғызсырап көрінген сәуле мына қараңғы бөлмеден ішке еніп келіп, Нұрперзент көзін жұмса да көңілінен кетпей қойды. Ол, сірә, тағы бір аунап түссе керек:

— Мынаған бүгін не болған! — деп кемпір енді ашулы кейіп білдірді. — Байғұс, ұрса өз әкең ғой. Құдай өзгеге ұрғызбасын. Соны сонша кек тұтып, көкірегін қапалап қапсың ғой. Қой, ұйықта!

— Апа, — деді Нұрперзент.

— Ау, қарағым?

Үн шықпады.

— Не айтайын деп едің?

— Әншейін...

Ол сол түнді көп жыл бойы ұмыта алмады. Бірақ «апа» деп алып одан ары не айтқысы келгенін ұмытып қалыпты. Не айтпақшы еді. Сірә, сыртқа шықпай-ақ кеткен бір сыр болды ма. Сыртқа шықпай кеткен сыр да - көмулі қалған бір қазына ма, кім білсін...

***

— Нұрперзент, ұйқың қанбаған ба, неғып қалғып отырсың? — деді Мүнира апай. Нұрперзенттің көзі алаң етті. Балалар ду күлді.

— Тынышталыңдар, балалар, тынышталыңдар, күлмеңдер. Нұрперзент кеше қарт әкесіне көмектесіп, диірмен тартып келді. Содан шаршаған болар...

...Сонымен біздің эрамызға дейінгі сегізінші - алтыншы ғасырларда біздің сақтар мен массагеттер деп аталатын бабаларымыз Ассирия мемлекетімен қатынас жасап, иық тіресіп тұрған. Бірақ Ассирия патшасы Кир біздің жерімізді тартып алмақ болған. Сонда сақтар мен массагеттер Кирге қатты тойтарыс берді. Тіпті Кирдің өзі тұтқындалып, басы кесілді. Сонда массагеттер падишасы Тамарыс патшайым Кир патшасының кесілген басын торсық толы қанға бөктіріп қойып:

— Ал, қанішер Кир, аңсағанын осы болса, қанғаныңша іш, — деген екен.

— Гитлерді де сөйтер ме еді! — деді Нұрперзент.

— Иә, балалар, Нұрперзент дұрыс айтады: Гитлердің де күні таусылып келеді, о да басынан айырылатын күн жақын, - деді Мүнира апай. - Сталинград шайқасынан кейін Гитлердің шаңырағы шайқалып тұр. Жә, бұл өз алдына әңгіме... Сонымен, сақтар мен массагеттер ассириялықтардың екінші шабуылына да төтеп берді. Дарий патша бастаған ассириялықтар осы біз мекендеген жерлерді: мынау Алатауды, сонау Құлан, Қаратауды, Жуалыны, тағы басқа көп жерлерді басып алмақ болды...

Нұрперзентке соңғы сөздер алыстан естілді. Гитлердің басы... Торсық толы қан...

Арт жақта отырған бала Нұрперзенттің алдына бүктеулі қағаз тастады. Ашып оқып қараса Айдай жазыпты:

«Саған көп қарыздармын. Рахмет! Сен болмасаң кеше жағдай қиын еді. А».

Нұрперзент құлағының ұшы ысып бара жатқанын сезді. Әлгінде ғана қиялына қанат бітіп отырған, енді шыңнан ұшатын адамдай, біртүрлі қозғалақтай берді. Түнде көрген қорлығының бәрі естен шықты.

— Нұрперзент, сен неге сабақты тыңдамай отырсың? — деді мұғалім апай.

Нұрперзент лезде қол көтергенін өзі де сезбей қалды.

— Иә, не айтасың? — деді апай.

— Гитлердің басы, — деді Нұрперзент.

— Гитлердің басы несі?

— Соны торсыққа салса, — деді Нұрперзент. Балалар ду күлді.

— Тынышталыңдар, балалар, тынышталыңдар.

— Нұрперзент, сен сірә, шаршап отырсың-ау, қайта ғой онда, — деді апай.

Нұрперзент кластан шығып бара жатқанда балалар состиып қалды. «Нұрперзентке шынымен бірдеңе болған шығар». Жалғыз Айдай ғана төмен қарады. Ернін тістеледі.

Нұрперзент сайдың табанына түсіп, бастау басына барып жатты. Бастау басына төнген жалбыз бен қорға әлі көк. Ал қырда мия мен сора әлдеқашан қурап қалған. Мұнда бәрі -көк бастау түбі бүлк-бүлк етеді. Бұлқынып кеп қалады. Бастау түбіндегі ұлпа құмды белгісіз бір күш вулканша атқылағысы келгендей. Әлде жүректің оқыс бұлқынып кеп қалғанындай. Мысалы, әлгінде Айдайдың хатын оқығанда, Нұрперзент жүрегі бір тулап түскеніндей.

Су түбінде — өмір-бақи қыбырлағанын қоймай әуре-сарсаңға түскен жамбас құрт. Толқынмен арпалысқан адамдай, әлденеге тырмысады - ай келіп.

Мизамды сай. Жым-жырт. Бірақ біреу біреумен қоштасып жатқандай бір жай. Ол сірә, кетіп бара жатқан жаз ба екен?

Күйіс қайырған сиырдың аузынан шұбатылған сілекей сияқты, мизам күміс жіптей жылтылдап ұшады. Балапан баулыған соңғы қарлығаштар аспанда әлгі мизам үстінен арықтан секірген лақтай қайқаң етіп қалқып өтеді.

Нұрперзент Айдай жазған әлгі бір жапырақ қағазды шалбарының қалтасынан алып қайтадан оқыды. «Саған көп қарыздармын...»

Сол замат Нұрперзент үлкен-үлкен үйдей толқындарды аңсады. Әттең, Жуалыда бәрі бар, тек теңіз жоқ. Мына сай суға толып шалқып жатар ма еді, құлаштап тұрып жүзер ме еді сол айдынында...

***

Жер де, тау да аппақ. Тек бір дүлей құздарға ғана қар дарымайтын сияқты, қарайып жатыр. Бір сот адамдар да осы қатпар-қатпар шыңдар сияқты, бірі биік, бірі аласа, өзгермей, мәңгі өлмей, өмір сүре беретін сияқты. Таулардың тұрақтылығы адамды бір мезгіл сескендірер еді.

Таудан асылып күн шыққанда Тотия сиыр сауып отыр еді. Баяғы Орақ пен екеуі бір-біріне қарап дүниені ұмытарда бұзауы қақтап еміп қоятын ала сиыр. Қыста да суалмай шай қатыққа жарап тұр.

Нұрперзент мектепке асығып, тамағын ішіп жатқан. Арай бір тостаған көк айранға қос уыс тары талқан қозғап беріп еді. Мамай шал есекті ерттеп, Бурныйдың базарына қамданып жүрген.

— Нұрперзент, сен шайға қарамай-ақ қой. Жәкеңмен бірге шал құсап шай ішіп отырасың ба, — деді Арай. — Жәкең базарға барады. Стансадан әскерлерді көрсе, Орақтың хабарын біліп қайтар. Стансаға жол түсті дейді, поштасы қатынаса, хат та келіп қалар.

Мамай ерттеулі есегін есіктің алдына шығарып байлап, алдына бір уыс көшек тастады. Көк есектің көзіне лезде қырау тұрды. Жақ жүні үрпиді. Жанына жақындап келген бөрте шыбышқа құлағын жымырып, тіс ақситты. Байғұс сыбағасына тиген бір уыс сояу шөпті қызғанғандағысы.

Темір дүкеннің ар жағындағы дуал жақтан ала сауысқанның шықылықтағаны естілді. Әлдекімнің үйінен арамза туған қозысын іздеп қой маңырайды.

Мамай қақырынып, көне тонның етегін қағып үйге кіре бермек еді. Бірер шыны аяқ ыстық шай ұрттап алайын жолға деген. Сайдан біреу бұқпалап қарағандай болды.

«Таң азанда қарға омбылап қалған мал болар ма», — деп ойлады.

Сайдан біреу басын қылтитып тағы қарады.

«Мынаның дені cay ма, не нәрсе өзі, — деді Мамай. — Әлде біреу омбылап қалған ба?»

Үйге кіре беріп, сай жаққа тағы қарап еді, серейіп-серейіп түрегелген үшеуді көзі шалды. Мұның бұрылғанын көріп әлгілер бұға қалды.

Шалдың кәрі жүрегі дір етті. Суық леп тұла бойын шалықтап барып, басына қыл бұрау салғандай бір қысып өтті.

«Қой, бекер болар, бала-шаға шығар...»

Әлгінде Арай шығарып төккен күлдің үстіне бір түйдек суықбас торғай қонды. Шүпірлеп күлді шоқып, дән іздеп өзеуреп жатыр. Оттан шыққан күлден дән табылар ма еді. Одан болмаған соң көк есектің алдындағы сояу шөпті барып жағалады.

Торғайдың да аяғы тоңса керек, мамығы қопсып, бір тұяғын бауырына қысып, бүйірлеп жата қалып, жерге жабысады. Есек оларды есіркегендей, құлақ жымырмайды.

Мамайдың есіне өзінің Орақты бір оңдырмай сабағаны түсті. Қалпе жарықтық екеуі шай ішіп отыр еді. Осындай қыстың күні болатын. Орақ үйге жүгіре кіріп ақ шәйнекті ақтарып кетті. Дастарқан бүлінді. Бала қапелімде не қыларын білмей, сасқанынан ыржиып күлді. Дені дұрыс адамның қылығы емес. Сөйтсе, ол осындай суықбас торғай ұстап алған екен. Екі беті аяз сүйіп алаулаған, алқынып келген баланы бассалып ұстап алып, жағына шапалақпен тартып - тартып жіберді.

— Көмгенде күлгір, неменеңе күлесін! — деді әкесі.

— Е, қызталақ! — деді қалпе де сүйсініп.

Қазір, неге екені белгісіз, сол ойына орала кетті. «Неғып ұрдым», — деп өкініп тұрған жоқ, бірақ аянышқа ұқсас бірдеңе өкпесін қысып, алқымына өксік әкелді.

Суықбас торғайлар енді еркелегендей көк есектің құймышағына секең-секең қонып алып, сабалақ жүніне жабысқан қиқым-сиқымды шоқи бастады.

Иә, дәл осындай қылшылдаған қыстың күні еді. Орақ суықбас торғай ұстап алғанына қуанып еді. Оған ол кезде шымшық ұстап алу асқан ерлікпен барабар ғой, қайран. Ақ шәйнек тұрмақ, сары самаурынды төңкеріп кетсе де, баланы әлгіндей бақытты шағында шарт сындырып шапалақпен ұрмау керек еді.

...Көк есек күйсегенін кенет қоя қойды. Аузында бір-екі тал сояу шөп ілініп қалды. Салпаң құлағын тікшитіп, бадырақ көзін кен ашып сай жаққа, онан кейін үйдің тау жақ бұрышына қарады. Бір пысқырып, құйрығын бұлғаң еткізіп, кәшекке қайта кірісті. Үйдің бұрышында біреу шылым шегіп тұрғандай көкшіл бу қылаң етті.

Шалдың кәрі көкірегіне біреу тағы бір қасық су төгіп жібергендей болды. Жан-жақтан жау қаумалап, жаны алқымға келгендей, өзінен-өзі қысылды. Бір сәт басына: «Осы әлгі неміс ит келіп қалған жоқ па!» - деген жаман ой сап етті. Мал қорадан шелекке сорғалаған сүттің сарылы келді құлаққа. Арай ауыз үйде қайнаған самаурынның бықсығын өшіріп, кернейін алып жатты. Нұрперзент болса, айранға шылаған талқанды жеп болып, сөмкесіне кітабын салып тұр еді.

Шал дағдарыстан арыла алмады. Босағада тұрып қалды. Аттап үйге кірсе әлдене албастыдай арт жағынан лап қоятындай бойын лезде үрей биледі. Өзінің қалшылдап бара жатқанын ол қырау тұрған сақалының дірілінен сезді.

Орақ оның үшінші баласы еді. Тұңғышы мен оған тетелесі шешектен шетінеп кетті. Мойнына ала бұршақ салғандай боп, құдайдан сұрап алғаны Орақ еді.

Жоқ, оған әлі Орақ өлді деп ешкім айтқан жоқ. Бірақ жүрегі құрғыр әлденеге әлем-жәлем бей-жай күйге түсті. Тағы да сай жаққа қарады. Бірдеме қараң етіп қайта көрінбей кетті. Анандай жерде бұзылған үйдің дуалында қарға отыр екен. Сауысқан біреу жанын алқымына тірегендей булыға шықылықтады.

«Ұшып жүрген қарға ма екен», — деді ішінен Мамай.

Ескі дуал үстіндегі қарға бұған бір, сай жаққа бір қарады. Түнде жауған қардан соң дүн-дүние аппақ екен. Суық күзде сойдиып сиықсыз қалған шоңайна екеш шоңайнаға дейін қазір үлбіреп жана түскен келіншектей сызылып тұр. Сірә, шоқылардан күн көтерілейін деп келе жатыр-ау, ақша қар бетінің құлпырма жалтылы көбейді. Дүниенің осыншама ақтығынан шығар, Мамайға әлгі бір қылт - қылт етіп қарайған бастар әзірейілдей көрінді.

Іш жақтан Арай дауыстады.

— Әй, байғұс-ау, неғып тұрсың бағанадан бері, шай суып кетті ғой, базарыңнан қалдың ғой.

Жүрегі түскірдің, мазасы кетті. Арайдың әлгі айқайы дем болғандай: «Е, маған не көрінді осы», — деп босағадан ішке аттай берді...

Кей-кейде осындай бір тымықта сонау алыс еңістен паровоздың даусы талып жетуші еді. Сол паровоздың даусы ма, жоқ әлде біреу жылағандай болды ма... Кейде бір құлаған, иесіз үйдің үстінде байғыз жылап отырушы еді, соның үні ме? Бірақ, қыста қайдан байғыз болсын.

«О – оо - ой...» - деп естілді үн тағы да.

— Саған не болған, байғұс-ау, өңің қашып кетіпті ғой? — деді Арай ішкі есіктен аттай берген шалына.

— Апыр-ай, апыр-ай, не боп барады, — деп Мамай Арайдың иығын қапсыра уыстап селк-селк етті.

— Апыр-ай, Арай-ай, — деді. Бұрын ол ешқашан жұбайының атын атап көрген емес. Қазақбайшылап «қатын-әй» деп шақыратын. Көңілі түссе ғана «бәйбіше»деп қалушы еді.

— Бауырым-ой! — деген үрейлі үн босағадан бері аттады. Арай шалының қауқарсыз қолынан сырғып, былқ етігі екі бүктетіліп жерге шөге берді.

Ә дегенде не болғанын біле алмаған Тотияның қолындағы бір шелек сүт әлден соң барып ақтарылды да қалды.

Жаңа ғана сауылған ағарған буы шығып табалдырыққа дейін жылғалап келіп іркілді. Баса-көктеп кірген жаманшылыққа тосқауыл болғысы келгендей есікті көлденеңдеп, аппақ болып көлкілдеп жатып алды.

Нұрперзент бар бітіргені көкірегіне кітабын қыса берді. Біреу тартып алатындай. Мына топырлап кірген адамдар осы кітап, дәптер атаулы қымбат кезде соның сөмкесін тартып алуға келгендей...

«Арманда кеткен бауырым-ой...»

Әскербек бұл уақытта ұйқыдан оянып көрген бала емес. У-шуға аң-таң қалып, көзін уқалап, қыңқылдап қойып біраз отырды. Содан соң «іш» еткісі келді. Жалаңбұт күйі кісілердің арасымен ауыз үйге шығып, кірленді іздеді. Ашық есіктен енген аяздан лезде ұйқысы шайдай ашылды, сонда барып өз шешесін көрді. Күйеуі өлгенде бұрынғы қазақтың жесірлері өз бетін өзі жыртып тастайтынын Әскербек білмеуші еді. Тотияны екі әйел екі жағынан сүйеп отыр екен. Әскербек жүгіріп барып соларды кішкентай жұдырығымен қойып-қойып қалды.

— Неге ұрасыңдар жеңешемді! — деді.

— Арманда кеткен асылым-ай, — деді әйелдер оған жауап ретінде әндетіп.

Әскербек сонда барып шар-шар етіп жылап жіберді...

Аппақ қарға шағылыса шақырайып күн шықты.

Таулар бірімен-бірі көрісіп жылаған адамдардың азанғы көлеңкесіндей — ығы-жығы, теңселіп тұрған сияқты.

***

Тауықтар сарайға жаңа қонақтай бастаған кез еді. Көлденең сырыққа сыйғаны сыйып, сыймағаны тезек үйіндісінің үстіне құрқылдасып, ұйқы қамына кірісті. Ал ең жайлы орын іздегені көк есектің үстіне қонып алады. Есек оны елемеген болып, құлағын қағып қойып, көзін жұмып тұра береді.

Бұл ұйқы қамына да, тіршілік қамына да ерте кірісетін отбасы. Түнімен түсіне тары кіріп, ұйықтап отырып та құрқылдасып қоятыны бар. Баяғы бір шұбар тауықтың балапанын қарақұс алып кеткеннен бері бұл тауықтар отбасына пәлендей қатер төнген емес. Сондықтан болар, мына ымырт алакөлеңкесінде сарайға Нұрперзенттің кіріп келгені олар үшін күтпеген жайт еді. Адам сырықтың дәл ортасында отырған қызыл қоразға жақындады. Жүрісі сезікті. Тауықтар мойындарын созып-созып, адамға қоқиланып қарады. Қызыл қораз ішегін тартып әлдене деді. Адам абайлап барып, аяғынан шап беріп ұстай алған кезде, жан даусы шығып, шар-шар етіп, сарай іші тауықтың сұңқылынан даңғаза болды. Қораздың жалпылдата қаққан қанатынан дауыл тұрды.

Нұрперзент қораздың аяғын жіппен байлап, ірінді көзін жұмып мүлгіп тұрған сабалақ көк есекті ерттеді.

...Арай қатты ауырды ғой. Сол жақ бет-аузы қисайып, сол қол-аяғы қимылдамай қалды. Тілі күрмеле берді. Түннің бір мезгіліңде терлеп жатып дәретке шықса, ай шақырайып тұр екен, әлдене сол жағынан соғып өткендей болыпты да құлап қалыпты. Не соғып кеткенін біле алмайды. Жын-періге, яки аруаққа жориды ғой баяғы.

Арайды есекке көтеріп мінгізді. Нұрперзент құлап кетпесін деп ұстап алды. Кенжегүл кемпір алдыға шықты. Күн батып бара жатқанда, олар үлкен қара жолдың елсіз шетіне кеп тоқтады. Арайды екеулеп есектен түсірді.

— Е, мүсәпір, құбылаға қарап отыр, — деді Кенжегүл.

— Тағы да болса бір қырыңнан жабысқан. Қарсы алдыңнан келгенде тіл тартпай кеткендей екенсің, — деді Кенжегүл ала қаптың ішінен аяғы байлаулы қызыл қоразды суырып алып. Қызыл қораз қап ішіндегі қараңғылықтан сон айдаланың ымырт қараңғылығына үйрене алмай, ішегін тартып, жан-жағына мойнын қылқың-қылқың созып-созып қарады.

Арай қисайған бетін құбылаға қырындата берді. Құлақтың түбінен бет терісін біреу тартып тұрғандай көз қиығын да айнытып кетіпті.

Батқан күннің қызылын көрді. Күннің булай батқаны шатқал ішінен білінбеуші еді. Енді мынау еңістен күнбатыс құбыла қызғылтым кештің мүлгіген тыныштығында өзгеше байқалды. Арайдың ауру жүрегі дір етті. Өлген баласы есіне тағы түсті. Алагеуім әлсіз сағым толқынында үлкен улы бір батып, бір қалқып шығып, өзіне қарай малтып келе жатқандай көрінді. Орағы батысқа қарай кетіп еді ғой.

Кенжегүл айдалада көзге көрінбес әлдекімдермен алысып:

— Басынды баудай кесейін, қанынды судай шашайын, аһ! — деп аласұрады.

Нұрперзентке мұнысы ә дегенде ерсі көрінсе де, бірте-бірте Кенжегүл барын сала жұлынған кезде шешесінің осыдан айығып кететініне сене жаздады. Кенжегүл Арайдың алдында өзін айыпты сезініп жүруші еді. Әлгі бір Тұтан келгенде Арайға құмалақ ашып, Орақты үйге ендіріп қойғаны бар ғой. Айтқаны келмеді, дүние керісінше кетіп, теріс айналды. Орақты естірткенде осы әулие кемпір Араймен көрісіп тұрып:

— Балгерлігім құрысын, қу құдай, Орақтай боздақты алғанша мен қақбасты неге алмайды, — деп бурыл шашын жұлып жылаған. Содан бал ашқанды да қойды. Ал енді Арай айлы түнде күрт құлап қалғанда мұның соқпалы екеніне күмән келтірмеді де, әлгі ібілістермен айқасып бағуға бел байлады. Сөйтіп Арайдың алдында ақталып алмақшы. Кемпір өзінің кереметіне өзі сеніп, дәу перісіне сыйынып, күн батқанда, айдалада, аппақ қарды әрең-әрең сызып өткен қара жолдың үстінде әуреге түсті. Өзін-өзі ұмытып, шыңылтыр аязды кеште қара суға малынды.

— Басынды баудай кесейін. Қаныңды судай ішейін, аһ! — деп ақырғанда аппақ қардың үстін шынында да қып-қызыл қан басып кеткендей болды. Көктің жүзі алапат дәулерге толып бара жатқан секілді көрінді.

Арай бұған тәнті болды.

Нұрперзент Кенжегүлді құшақтап сүйгісі келді.

Көк есек жақ жүні үрпиіп, көзін жұмып әлденеге ішін тартты.

Аяғы буулы жатқан қызыл қораз айнала жұмбақ дүниеге жантайып жатып бойлап-бойлап қарап, бұ әркі-тәркі тіршілікте не сыр барын біле алмай қыли көзін жыпылықтатты.

Түсінбесең енді түсінесің дегендей Кенжегүл оны бассалып буулы аяқтан қос қолдап ұстап, Арайдың басынан шыр айналдырды.

— Алас-қалас,

Бәледен адас!

Қораз жан даусы шығып шар-шар етіп, канаттарын сабалап қалбаң қаққанда, Арайдың үстінде киелі от ойнақтап тұрғандай көрінді.

— Алас-қалас,

Бәледен адас,

Бәледен адас.

— Алас, алас, айқас алас! — деп шыңғырып — шыңғырып алып, Кенжегүл қоразды лақтырып жіберді. Арайды көк есектің үстіне топ еткізіп отырғызып, Нұрперзентке:

— Айда, бала! — деп ақырып калды.

Көк есек қосаяқ қақты. Кенжегүл аулақты қолымен жасқап:

— Алас-алас, ойхой алас! — деп айдалаға айбат шекті. Нұрперзент шешесінің бетіне қарады. Көзінде қуаныш, көңілінде күдік. Арай мына көкпардан жаны қысылса да, жүзі жадыраңқы көрінді.

Қызыл қораз қырау басқан қара жолдың үстінде шар-шар жылап, сілесі қатқан кезде «Ой, тоба!» — дегендей ішегін қайта-қайта тартты.

«Бүгін күн жылиын деген-ау, сірә. Тотия! Мені далаға алып шықшы. Әне, бүл естімейді енді...»

Арай алқоры таяқты сау қолымен жылжып алып, жанында тұрған қара құманды қаңғырлатты. Келіні жалт қарады. Келіні... жалт қарағанда көзі жаутаң ете қалатын. Әлдене күткендей, әлденеден үміт еткендей үнсіз сұрақ бар еді көздерінде.

***

«Бүгін күншуақ бар екен. Мені далаға, үйдің ығына алып шығыңдаршы. Қыс бойы дала бетін көрмей, көкірегім қысылды. Өлмеген құлға келді жаз деген осы - ay, ә. О - о, бісміллә, бәсе дала тіріліп келе жатыр екен ғой. Е, мені ыққа отырғыз. Тоңбайсың ба дейсің бе? Тоңбаспын. Аяқ жағымды бір шапанмен қымтай сал. Нем тоңады менің! Денемнің бір жағы онсыз да жансыз, суығыңды сезбейді де. Жарықтық, даланын ауасы -ай! Тауықтар да құрт-құмырсқа теріп жеп, қыт-қыттап қалыпты. Байғұс қызыл қоразды бұлардан бекер айырыппыз ғой. Одан менің жазылып кеткенім қайсы. Мені соққан жын-пері қызыл қоразбен қаққаннан қорықпайтын боп шықты ғой. Көктем де келді, қызыл қоразбен қаққанда қақаған қыс еді.

И – и – и , жарықтық, наурызкөк пе мынау! Алда, әулием - ай, көктемнің жаршысы кепті ғой. Ау, Тотия, Нұраш! Наурызкөк кеп қапты ғой, наурызкөк, әулие құс қой бұл. Әне, бұлар естімейді енді мені...

Наурызкөк. Наурызкөже жасаушы едік... Жұрт, сірә, жүйкелеген бе, әлде наурызкөк келгенін кермеген бе, наурызкөжеге шақырмайды ғой бір-бірін. Жұрт ұдайы наурызда менің көжемді мақтаушы еді. Он екі түрлі дәмнен пісіруші ем - ау. Ақ бидай түктеп, қыстан қалған сүрді салып, бұршақ, жасымық қосып, құйқалы құйрық шыжғырып пісіргенде, ел ішкенінше ішіп, ішкенінен қалғанын аяқ-табағына құйып, үйді-үйіне әкетуші еді. Кейбіреулердің пісірген қара көжесін ауыз тиіп қана қойып, менікін түк қалдырмай сарқып ішіп кетер еді.

— Ау, Тотия! Естімейді енді бұл мені. Тілі жоқтың тіршілігі құрысын да.

Арай анадай жерде қара арпаның кәріқызы мен тасмиясын теріп отырған келініне әрен бұрылып, сау қолын көтеріп, алқоры таяқпен бусап жатқан жерді салып-салып қалды.

— Ay, Тотия, әне анау кішкентай көгілдір шымшықты көрдің бе? Ол көктемнің хабаршысы ғой. Сүйінші сұрап алыстан келді. Кешегі соғыс алдындағы баршылық заманда он екі дәмнен ас пісіруші ек, қазір оған шама келмес... Анау тазалап отырған қара арпаңнан бір келі түктеп жіберіп, көже пісір, көршілерді шақыр. О, құдая, құдауанда, көрсетпегенің көп екен, арпаның қарасы да болады екен ғой. Мұны да көрдік. Әлгі шал байғұс бір жақтан тауып келеді, әйтеуір. О да қара нардай еді, қайысты ғой, ішінен тынатын адам еді, аппақ қудай боп кетті демде.

Айналайын, Тотия, тумасам да туғандай болған қарағым, айтқанымды екі етпейді. Е, мейлің, келіні осы күншуаққа алып шығып түйемін дейсің бе? Мейлің, айналайын. Ана арпаңа аздап су бүркіп дымдап ал. Сен де аурудан тұрған адамдай боп қалдың - ау, Тотия. Екі бетіңнен қан тама жаздап, деміңнен ыстық леп жалындап жанып тұрар едің, адамнан бақ тайса қиын екен ғой. Келісапты да әрең көтеріп, шөптей болып қалғанын қарашы. Қайран Тотия! Өмір осы да. Жасыма, жаным. Мен де сендей кезімде жесір қалғанмын. Оны сен білмейтін де шығарсың. Кейінгілер оны біле бермейді. Иә, сендей кезім еді-ау. Келіншек боп түскеніме бір жыл толар - толмаста күйеуім түйнектен қайтыс болды. Қазір соқырішек деп жүр ғой. Жесір ерден кетсе де, елден кетпейді деген рәсімі бар бұл жердің. Мені осы ел сонда осы атаң Мамайға қосқан. Бұл бір қатыны өлген кембағал қайнағамыз еді. Тағдыр да. Балалы-шағалы болдық. Тату-тәтті тұрдық, ақыры мұндай боларын, аждаһадай соғыс келерін қайдан білдік...»

Тотия арпаны көпке дейін жөндеп түйе алмады. Келісап тайып кете берді. Келінің ернеуіне тиіп, ішіндегі арпа төгілді. Арқалаған отыны бір жағына ауып кеткен адамдай бір қолайсыздық қолын байлады. Бұрынғыдай көсілтіп түю жоқ. Екі жерінен темірмен құрсаулап тастаған жуан ақ келінің іші берекелі, түюге жайлы. Ауылдастар қайта-қайта сұрап маза бермеуші еді. Көптен бері ішіне түйір түспей ақ келі де келісапты жатырқап қалғандай екен. Тотия өзінің неге кібіртіктей бергенін еміс-еміс енді түсінгендей болды.

Келі дегенді екеулеп түйеді екен ғой. О, әсіресе тары піскенде. Осы Тотия келіншек боп түскен сон екі-үш күннен кейін Арай тайқазан тары қайнатып, оны қуырып, ақтатты. Келіге Тотия мен Орақты қойды. Қос келісап кезектесіп, жарыса соққылағанда жер сілкінгендей еді. Қызыл тары қауызынан лезде аршылып, аппақ қанттай сөк иісі аңқыды. Бір пұттық балға соққылап үйренген Орақтың келісабынан шыққан дыбыс қатқыл, Тотияның соққысы жұмсақтау еді. Кейін Тотия Арай екеуі қолдасып келі түйді. Қос келісап үндері алма-кезек, сағат тілінің ілгері-кейін соғып тұрғанындай, әткеншектің аунағанындай жарасымды келуші еді. Ал жалғыз келісаптың дыбысы... Кенжегүлдің тулақ қаққанындай қаңқ-қаңқ. Жалқы көкектің сұңқылындай. Арай сонда: «Жалғыздық келісапқа да жараспайды екен-ау», - деді.

Қара мойнақ, көгілдір шымшық кір басқан күресін қардан әлдене шоқып, адамды жатырқамай жақындай береді. Мына екі әйелдің әңгімесін тыңдағысы келгендей, айналшықтап кетпейді.

Кірлеген қар күресіні машина басып кеткен иттің өлігіндей жидіп жатыр. Еріп кемерленген жиегінен қылтиып көк көрінеді.

Таудың да қары түріліп, түлеп барады екен. Тау тіркестері бірінің жотасына бірі басын салып, дамылдап жатқан арыстандар сияқты.

Күн өрлеген сайын тау мұнарта берді. Жерден бу көтерілді. Бірер үйдің мұржасынан ілмиіп түтін шықты. Көтерем аттың құйрығындай селдір түтін. Жер жарықтық ауылдың аш-жалаңаш халін жасырғысы келгендей бусай түсті. Жерден көтерілген бу ілмиген арық - тұрақ түтінді қалқалап, аспанға қақпақылдап алып кетіп жатты.

Сайдың ар жағына бір топ кекілік келіп қонғандай болды. Мектептен үзіліске шыққан балалар бірін-бірі қуалап ойнап, у да шу сайдың қабағында асыр салды. Қырық түтін түтеткен ауыл бойынша бар қызық осы мектеп үйінде болар. Мына кезде сыңғырлаған күлкі мол естілетін осы үй бір ізгіліктің мекеніндей еді.

Арай балалардың шуына елтігендей боп отыр. Дәл бір сайдың арғы қабағынан бері қарай біреу күміс теңге шашқандай, соның бірін жоғалтпай жинап алғысы келгендей мына мешел кемпір.

Наурызкөк әрірек отырды. Тауықтар оны жатырқағандай іштерін бір-бір тартып алып, бусаған жерді көсеудей аяқтарымен аямай қазып, азық іздеп жатты.

«Өлмеген құлға келді жаз. Былтыр бұл уақытта Орақтан хат бар еді. Хатын: «Ардақты жаннан артық көруші ата, апа, Нұрперзент, Әскербек, Тотия...» деп бастаушы еді. Келіншегін ен соңынан айтатыны несі екен. Енді хат жоқ, хат болмайды. Мүлде кеткені ғой... Мүлде жоғалу мүмкін бе... Ол шәйіт емес пе? Шәйіт болған адам мүлде жоғала ма? Оның рухы өлмейтін шығар. Рух та анасын таныр ма екен? Мүмкін, ол осы ауаны аралап ұшып жүр ме. О да Отанына оралмай ма. Оның Отаны менмін ғой. Баланың отаны ана ғой».

Арай мүйізі сырқыраған маралдай, орамалмен шандулы басын үйдің қабырғасына шалқайта сүйеп, шайқап-шайқап қойды. Суық тартқан төсінің тұсынан әлдене жыбыр-жыбыр еткендей.

Іші елжіреп көзіне жас емес, жастың елесіндей бірдеңе тығылды. Кемпірдің іші жылқышы. «Менің бұл тебіренгенім жанымның әлі бойдан кетпегені ғой. Мен де әлі — адаммын-ау» деп ойлады.

Арай cay қолымен жасаураған көзін көлегейлеп, тауға қарады. Ақсай шатқалының басын ала құздан құлап, ақ қасқа жолақ жатыр. «Құздан құлаған қасқа судай болған, Орағым, -деді Арай. - Құздан құлаған сарқырама су құзға қайтып оралар ма? Ондай атты күн қайда?!»

Сол сәтте кемпір төскейдегі Керегетастай қарауытып, қалшиды да қалды. Осылайша қанша отырар еді...

Жәудір көз көгілдір шымшық пыр етіп ұша жөнелді. Арай: «Әй, әттеген-ай, кетіп қалды-ау. Қайта оралар ма екен?» — деді.

Сөйтсе, сайдан өтіп бері қарай Тұтан келе жатыр екен. Соның таяғынан сескенді ме, наурызкөк ұшып кетті.

— Армысыздар-ау, — деді Тұтан Арайдың тұсынан.

Арай басын шұлғыды. «Отыр», — деп қасынан орын көрсетті.

Тотия сәлемге жауап ретінде ернін күбірлетті. Сәл - сәл жымиған болды. «Адам көрсе жымиятын қу әдеті қалмаған ба», — деді Арай.

Тотия келісапты қос қолдап қайта көтерді. Арпа түктеліп тап болып қалған ба, әлде Тотияға әл кірді ме, әйтеуір дән бұрынғыдай шашылып-төгілмеді. Келі тәлтіректемеді. Келісап бұрынғыдай тайғанақтамай, қаққан қазықтай қадалып жатыр келітүпке.

Арай аң-таң. Тұтаннан амандық сұрауды да ұмытты. Тұтан оның хал-жайын сұрап жалпылдап жатыр. Арайдың оған жарытып берген жауабы жоқ. Тотияға таңқалады. Тотияның бетінде қызыл шұғыла ойнақ салды. Келісапты қос қолдап енді көтергенде төсі шиыршық атып дір-дір ететінді шығарды. Майыстырған сәмбі талдай тұла бойы серіппелі. Келі түйген кейпі - сәмбі талды иіп тұрып қоя бере салғанындай. Қайқаң бел.

«О дүние», — деді Арай.

Наурызкөк әлдеқайдан қайта ұшып келіп, еріп жатқан күресіннің үстіне қонды.

— Қазір сабақтан қолым бос еді, сіздің көңіліңізді сұрайын деп бері бұрыла салып едім, — деді Тұтан Арайға.

«Кеп жаса, айналайын, — деді Арай. — Мен тәуірмін. Мен өлмейтін де шығармын. Ажал мені алса нетер дейсің. Жас адамның жайрағаны жаман. Сендер аман болыңдар».

— Күн жылынды, енді жақсы боп кетесіз, — деді Тұтан.

«Шүкір, айтқаның келсін, — деді Арай. — Көктем шықты.

Наурызкөкті көрдің бе? Наурызкөже істегелі жатырмыз. Отыр. Кетпе. Наурызкөжеден дәм тат».

— Апам сізге кетпе деп отыр, наурызкөжеден дәм татып кетіңіз деп отыр, — деп түсіндірді Тотия.

— Соның рас болса, келісабыңды маған бере тұршы, — деді Тұтан. — Бұ жарықтық келі түймегелі қай заман.

Бүкшиіңкіреп тұратын белін түзегісі келгендей қос қолымен арқасын басып-басып қойып, қайқайыңқырады. Алақанына түкіріп, келісапты ұстады. Атжақты ашаң жүзі күлімсіресе де, күдіктілеу.

«Тәуекел!» - деген түрі бар.

— Қиналып қайтесіз, өзім - ақ... — деді Тотия алқыныңқырап. Жеңінің ұшымен жіпсіген бетін сүртті.

— Оу, қиналғаны несі! — деді Тұтан келісапты жоғары көтере беріп. «Е, бақ! Жүзімді төмен етпе!» — деп жалбарынды.

«Е, айналайын ер азамат, - деді Арай. - Түйісінің жөні белек. Әлденіп, дімкәсінен айығайын деген ғой. Адам, адам...»

Тұтан күшті құлаштай салды. Бел омыртқасы дамылсыз сытырлап, көшкен мұз сөгіліп жатқандай көрінді. Шешек дақты мұрнының ұшы тершіді. Ескі гимнастеркасының қолтығы дымқылданды.

— Болды, Тұтан, қойыңыз. Түктеліп болды, — деді Тотия дегбірсізденіп.

— Шыннан болды ма? — деді Тұтан демігіп.

— Болғанда қандай!

— Рахмет! — деді Тұтан. Кімге айтқаны белгісіз. Қуанғаны болар, көп жыл бойы айырылмас серік болған таяғын жерден жұлып алып, құлаштап тұрып сай жаққа лақтырып жіберді. Жаңа туған қозы-лақ одан дүркірей қашты. Әскербек айқайлады:

— Неге ұрасың менің қозыларымды!

— Оу, айналдым, Әскербек! Ұрмаймын қозыларыңды. — Тұтан баланы басынан асыра көтеріп алып көп тұрды. Әскербек әуелде сықылықтап күлсе де, енді:

— Иә, түсемін, түсемін, — деді.

Жерге түскесін Тұтанның ескі обмоткасына кішкентай саусақтарын сұғып көрді. Баламысың деген.

— Менің Орақ көкем де осындай етік киіп келе ме, аға, — деді.

— Иә, айналдым! — деді Тұтан. Арай елжіреп басын шұлғыды. Тотия:

— Әй, жүгермек, қақсамай тыныш отыр, — деді.

— Нәрестеге олай деме, Тотия, — деді Тұтан.

Тотия дәу келідегі түктелген арпаны кенеп қаптың үстіне төңкеріп салып тұрып Тұтанға қарап қалды. Түктелген арпаның буы бұрқырады. Тауықтар дәнге қарай тап-тап берді.

Арай:

«Тауық шоқыды, тауық», — деп таяғын жасқады. Тотия жоқшылық жылдағыдай қара арпаны тауықтан қызғанатын қылығы жоқ. Әлден уақыттан соң барып:

— Кіш-әй, кіш, — деді.

Тауықтармен бірге әлгібір наурызкөк те айқайдан жасқанып, әрірек барып отырды.

***

«Винтовканың шаппасын тежеп қойғанда затвордың серіппесі сығылады да, потенциялық энергия жинайды. Винтовканың құлағын басқанда серіппе босатылады да боегімен бірге ударникті соғады, ол барып капсульге соғады, одан патрондағы оқ-дәрі от алады».

Тұтан бұл мәтінді екі қайтара оқыды. Балалар жазып үлгерді. Нұрперзент оны газет қиындысынан құрастырған блокнотқа жазды.

— Ағай, потенциялық деген не? деді бір бала.

Тұтан қуқыл жүзі лезде лап етіп, күлімсіреп біраз отырды. Одан терезеге қарады. Сыртта дегдіген топыраққа бір топ тауық аунап жатыр екен. Дәл бір суға шомылғандай рахаттанып қалыпты. «Потенциялық деген не? Мен қайдан білейін. Мен сенен артық білемін бе, мен де сен сияқты жеті кластық білім алған адаммын. Бар айырмашылығымыз мылтықтың мен адамға атылғанын көрдім, сен нысанаға атылғанын ғана көріп жүрсің».

— Потенциялық дейсің бе? — Ол тағы да далаға қарады. Тауықтар жүнін қобыратып сілкініп жатыр екен. — Оны іс жүзінде көрсек қайтеді? Далаға шығып маневр өткізейік. Класс! Екіге бөлін! Далаға!

Класс екіге бөлініп далаға шықты. Жамырайтын бұзаулар сияқты. Шуақты күн - олардың өрістен қайтқан енесіндей еді. «Мына күн соғысқа лайық емес екен-ау», — деді Тұтан. Бірақ көкейінде:

— Потенциялық деген не? — деген сұрақ тұрды. Оның жауабын беру керек еді. Соны ұмыттыру үшін де балаларды екі топқа бөліп, соғысқа шығарды. Бір тобын сайдың мына жағына, бір тобын сайдың ана жағына шығарып, соңында сол сайдың табанында шайқаспақ.

— Ағай, соғысқа қыздар да қатыса ма? — деді Айдай.

— Сендер санитарка боласыңдар, жаралыларды құтқарасыңдар.

«Әй, қолбасшы! — деді ол өзіне-өзі. - Соғысты сен оз көзіңмен көрдің ғой, шын соғыс мұндай емес. Азынаған апат даусы мұнда естіліп тұрған жоқ, бірақ мен балаларға соғыс сабағын үйретуге мәжбүрмін. Мен әртіс болмақшы едім. Алматыға консерваторияға бармақшы едім. Түсе алар ма едім, консерваторияға. Сахна, халық... ән... күй... Ең шебері мен. Тұтан портреті ілінген афишалар. Радиодан күмбірлеген Тұтан күйі... Гастролмен әлем аралап кеткен де Тұтан. Мен осы командир болуды армандадым ба?.. Иә, мен ауылға аға лейтенант болып қайтсам деуші едім. Үш кубик кейіннен үш жұлдыз болыпты. Менің кезімде пагон болмады. Мен кеткен сон шықты. Аға лейтенанттың үш жұлдызын ала алмадым, консерваторияға бара алмадым. Бала оқытқан сияғым мынау. Потенция... Е, балақайлар... Анау Айдайды қара! Біреуді дәкемен кәдімгідей таңып жатыр. Нұрперзент қой. Е, бауырым, оқ тиіп жаралы болу оңай емес, ол кезде сен құсап, қызға қарап қытығы келген адамдай күле бермейді. Оқ тиген мүлдем басқаша... Оның қандай болатынын мен өзім де білмей қалдым соғыста.

...Смоленск түбіндегі орман еді. Біз блиндаждан шығып келе жатқанбыз. Табалдырықтан аттай бергенімде әуелі жарқырап күн көрінді. Біреу лақтырып жіберген мыс табақтай екен. Әуеде сол күн тарс жарылып кеткендей болды. Онан арғысын мен білмеймін. Мені санитаркалар қазып алған болу керек, бірақ менің оларға қарап, күлуге шамам келген жоқ Бел содан кетті. Соғыста адам қансырап есі кетіп жатады, қызға қарап күле бермейді. Қызға қарап күлуге шама келмейді. Бала ғой. Соғыстың алдында ғана біз де осындай бала едік. Осы сайдың табанында талай күресіп, алысып-жұлысып едік. Орақ бар еді. Сайлау бар еді, Өскен бар еді, Қайып бар еді... Кеп едік қой. Және мына балалардан әлдеқайда ірі едік. Сәуірдің жасылындай бір күн екен ғой өте шыққан. Қызғалдақ айындай екен ғой о кез. Потенция... Әй-әй, балақайлар шыннан төбелесіп қалмаңдар. Соғыста шыннан төбелеседі, бірін-бірі өлтіре береді, біздікі жәй сабақ қой, қызып кетіп жұдырықтасуға болмайды. Болмайды, балақайлар. Бір-біріңнің киіміңді жыртпаңдар. Ойбай, киім қымбат қазір.

Балалардың бір тобы бәйшешек теріп кетті. Бірсыпырасы әлі атысып жатты. Баламысың деген, ойларында ештеңе жоқ, көбісінің қарны аш, сонда да балалығын қоймайды. Бәйшешек терген де бір дәурен. Қылтиып жер астынан бұқпантайлап шығып келе жатады. Үркердей боп үйіліп тұрғанын көресің. Жердің сызы кеппей, күнді көрсе көсегесі көгеріп, қаптап шығады. Қайран бәйшешек дәурені. Кішкентай қозы-лақ қартаң құлақтың жапырағын үзіп жеп, қарны тойса тасыраңдап ойнақ салады. Е, жануар...

Арт жақтан ат дүбірі естілді. Тұтан бұрылып қараса, бригадир Төлеміс екен. Жуан қарагер атты шу-шулеп тебініп таяп келді де:

— Аман ба, қарақ! — деді. Ат үстінен Тұтанға жалғыз қолын ұсынды. Сол кезде қамшының сабын көкпар тартатындай аузына тістеп алды. Аузын да түк басып, ерні жалақ болып әр жерінен қақ-қақ жарылып кетіпті, оған жапырақ жапсырғансып қойыпты. Жалғыз қолымен ердің басынан ұстап ауып түсті, қоңылтақ жеңін жалбаң еткізіп, жел желбіретті.

— Мен саған келдім, Тұтан, — деді жалғыз қолды бригадир атының тізгінін керзі етікті аяғының басына іле салып, жүресінен отыра беріп, бешпетінің желбіреген бос жеңімен мандайын, бет-аузын сүртті.

— Не шаруа?— деді Тұтан да жүресінен отырмақшы болып, бірақ лезде қайта тұрды, таяққа сүйенді.

Бригадир қамшының сабымен қартаң құлақтың түбін қазғылап үндеместен тұқшиып біраз отырды. Қартаң құлақты айнала аспанға жуалдыздай шаншыла көтеріліп, көк қаптап келеді екен. Бригадир былтырғыдан қалған қойдың құмалағын көк арасынан ысырып бөлек қойды. Лақтың құлағындай жасыл жапыраққа күлгін секпіл түсіп қалыпты. Бұл жауқазын, енді бірер аптада қып-қызыл керемет осы жапырақтың ортасынан өрттей алаулап шыға келмекші. Оның аты - қызғалдақ. Қамшы сабымен қазылған топырақты уысымен сығымдап - сығымдап:

— Жер кеуіп барады, - деді.

Тұтан да таяғымен жер шұқылай бастады. Таяққа сүйенген күйі еңкейіп, қопсыған топырақты уыстап көрді.

— Дегдіп қалыпты, — деді.

— Бұл сай қабағы ғой, ал анау төскейде қаудырап кеуіп қалды, — деді бригадир.

Екеуі сайды бойлай төскейге қарады. Тауға дейін көсіліп жатқан дала көгілдір — күлгін көрінді. Дала жап-жасыл болуға тиіс қой, бірақ көгілдір-күлгін тартты. Адам бір сағынғанда немесе бір әдемі ән айтқысы келгенде көңіл осындай көгілдір дүниеге сүңгігендей болады.

Таудың да қазір кар белуарына дейін түріліп, көгілдір түрге еніп тұр. Таудың шоқы жағы данышпан шалдар сияқты мүлгіп қалған.

— Мен саған келдім, Тұтан батыр, — деді бригадир. Енді бір аяғымен шөкелеп отырып, мұғалімнің бетіне тура қарады. Жалғыз қолымен ысталған қара мұртын жан-жағына жатқыза сипады. — Көмектес. Мына балаларыңды бер. Ақыр алысып киім тоздырып жүр ғой. Онан да соқа айдап, жер жыртсын. Адам жетпей, жер кеуіп барады, Тұтан қарақ.

— Сіз қызықсыз, Тәке, — деді мұғалім. — Алысып киім тоздырып жүрген жоқ олар, сабақ өтіп жатыр. Әскери ойын сабағы. Сіз бен біз соғысқа осындай сабақтан өтпей барып сорламадық па. Берілген программа, бөлінген сағат бар. Ерігіп жүрген ешкім жоқ, Тәке.

— Әй, сенің шешең менің жеңгем болады. Боқтап жіберейін бе осы. Онысы несі, мен түсінер деп келсем!

— Тәке, сіздің үйдегі кісі біздің де жеңгеміз болады, абайлаңыз, — деді Тұтан сақ-сақ күліп.

Бригадир бірдеңе деуге оқталып барып үндемей қалды. Айтып салғанда қиын болатын еді. Айтып салғанда ескі жараның аузын жұлып алатын еді. «Сен де еркексің бе?» — дей жаздады. Келе салып, келіншегі кетіп қалғанын бетіне салық етпек еді-ау. Абайламай сөйлеген - ауырмай өледісі рас-ау қазақтың.

— Қалжың ғой, қарақ, - деді бригадир. - Қалжыңдасуға да хал жоқ қазір. Ер-азамат бірді-екілі болмаса, оралмай тұр соғыстан. Жұмыс қолы жетіспейді. Екеуміз, елден татар дәм-тұзымыз бар екен, аман келдік, әйтеуір. Екі жарты — бір бүтін дегендей, бірімізге-біріміз сүйеу болайық та. Бер мына балаларыңды маған бір мезгіл, жер қурап бара жатыр.

Жер шұқылап, жас жусанның балағын уыстап төмен қарап отырып айтты. Даусы қарлықты. Әлденеге тостақ көзі мұңдана түсті. Тұтан үндемей қалды.

— Апыр-ай, Тәке...

— Апырайыңды қой, қарақ. Үлкенге де, кішіге де ауыртпалық түсіп тұрған заман. Әне, анау оқушыларың екеу-екеу бәйшешек теріп жүр. Ойбой, осы бәйшешек теріп жайбарақат жүретін кез бе қазір! Соғысқа барып, ажал аузынан қайтсаң да, сенің де балалығың қалмапты-ау, Тұтан қарақ. Сен де, мен де көрдік қой осы көресіні. Бір қолдан айырылып шонтиған түрім мынау менің... — Төлеміс таяқтың басынан қос қолдап ұстап, қос жұдырыққа иегін сүйеп тұрған Тұтанға қарап, - сонау Псков түбінде қалды. Бұған да шүкір, өзім қайтпай қалсам қайтер едім. Қазір үйрендім, ал түсіме жиі кіреді. Түсімде әлдеқашан өлген әкеммен жолығып жүремін, амандасқанда қос қолымды беріп амандасамын. Жасы үлкенмен қазақ қос қолын беріп амандасады ғой. Мен түсімде әкеммен қос қолдасып амандасып жүрем. Соған қуанып қаламын: е, қолым бүтін екен ғой деп. Ал ояна келсем, қол орнында болмайды. Сенбей біраз жатамын. Оң қолыммен сол қолымды іздеп сипалаймын.

— Е, ерім, қол деген қайтып өспейді, — деймін өзіме-өзім. Ал, қарақ, әңгімелесіп отырып қалдым ғой. Әкеттім балаларыңды!

— Потенция, — деді Тұтан.

— Не дедің қарақ?

— Жәй, әскери сабақты айтамын.

VI

Көбелек жабайы жоңышқаның гүлімен сүйісіп жатқандай еді. Айдай бас салып ұстап алмақшы болды. Көбелектің көзі адамдардың көзіндей екеу-ақ емес, арқасында да бар ғой: Айдайдың ұрлана басып келе жатқанын көріп күліп отырған сияқты. Қыз қолын соза бергенде ұша жөнелді, қорқып ұшпай, ойнап жүрген сияқты. Айдайға: — Ал, ұстап алшы кәне, — деп бұралаңдап алдын орап қалқыды. Көбелек қызды алысқа, тауларға шақырады. Ертіп жүре беруден ерінбейді.

Айдай сықылықтап күліп, белуардан көгал кешіп, аяғына шырмауық оралып көбелекті қуа береді.

— Қызым, әй қызым! Қой, шабындықты таптама! Ойынды қой. Аз да болса шалғы тарт. Әлін келмесе — палды жіңішкелеп ал, — деді Мамай.

Сол жылы жер де бойы жазылып, берекесі кіріп, иіп салған сияқты. Шөп ырғын. Тасқа дейін көктеп кетті. Бүкіл ауыл болып пішен шабуға аттанып еді. Жазық жерді ат машина шабады. Терең сайларға шалғышылар топ-топ болып, бөлініп түскен. Төлеміс бригадир Мамай тобына Нұрперзент пен Айдайды бөлді. Үшеуі Оспан сайының үлкен бір бұлымын еңсере алмай шалдыға бастаған кез еді.

Ай-ай, киікотының аңқуы-ай! Күн ысып, шөп түнгі шықты төккен сайын киікотының иісі дүн-дүниені мас қыла бастайды. Бұл ауылдың қазақтары қымыз ашытатын күбіні арша ағашынан қиып, киікотымен ыстайды ғой. Жазықтағы сарыала арпа арасынан бөдене бытпылықтайды. Жабайы жоңышқаның гүлін ара сорып, маужырайды. Ақ гүл ашқан құлқайырдың бұтағына әнші сары торғай қонып алып сайрайды. Қыздар құлқайырдың гүлін теріп алып жүр. Қайнатып шайырымен шаш жумақшы ғой.

Мамай палды жіңішкелеп ал деген соң, Айдай тым жылдамдатты. Мамайдың желкесінде келе жатқан Нұрперзентті өкшелеп қалды.

— Нұрперзент, ay Нұрперзент! Аяғыңды шауып тастайын ба, шының ба, шауып жіберейін бе? Әйтпесе кібіртіктемей жылдам тарт, — дейді Айдай сықылықтап.

Нұрперзент өкпесі өшіп, қос қолының қары талып барады. Демалайын десе - алда әкесі озып кетеді, арт жақтан бастырмалатып Айдай қуып жетеді. Амалы таусылып, о да палды қияқтай жіңішкелеп алады. Тұра қалып, шалғыны қайрайды, қайта-қайта қайрай берген соң шал зекиді.

— Белорақты қайрай бергенше өзіңді қайрасаңшы, — дейді.

Ай-хой, киікотының иісі - ай! Мұрынды жарып барады. Танауды қытықтайды. Адамдар тұра қалып, аспанға қарап түшкіреді. Сарыала арпаның арасынан бөдене зарлап қосағын шақырады. Құлқайырдың басындағы сары торғай әнін тамылжыта түседі. Бұрыла беріс басқа бұлымнан cap - cap еткен шалғы дауысы, баудай түсіп жатқан атан бел дестелердің сыбдыры естіледі. Ара-тұра шалғы шындап жатқан балға-төстің шықылы шығады. Тас қайрақтар шалғымен қоса адамдарды да өткірлей түскісі келгендей болат жүзінен от шашыратады.

— Ау, Нұрперзент деймін, аяғыңды шауып тастайын ба деймін, неге үндемейсің?

Нұрперзент бұрыла алмайды. Алдындағы әкесінің қарасы өзін арбап қойғандай. Шалдан қалып кеткенді ар көреді. Ал шаршы шал ұзыннан-ұзақ палдың басынан түскеннен аяғына дейін былқ етпей алып шығады. Тозығы жеткен қоңыр шибарқыт шалбарының шуда жіптен өрген шашақ бауы біресе оңға, біресе солға әткеншектей тербетіледі де тұрады. Нұрперзент оның емен қабығындай желкесінің қатпары сәл-сәл ғана жіпсігенін байқайды. «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» дегендей Нұрперзент қара суға түсіп, қарылары қарысып қалды.

Мамай палдың аяғына шығып, шалғысын десте үстіне тастады да:

— Нұрперзент әй, көжені әкелші! — деді.

Нұрперзент маңдайының терін сыпырып тастауға енді қолы тиіп, жүріп бара жатып сүртінеді. Жон арқасынан шыққан тер күнге шағылысып, жылт-жылт етеді. Құм қайнатқан қайнарға қойып, үстін жалбызбен жапқан құмырадағы сусынды ағаш қасықпен қозғап-қозғап жіберді. Үшеуі отырып мұздай тары көжені ішіп алып жан шақырды. Күн шаңқайып тұр екен. Мамай:

— А, балалар, біраз дамылдап алыңдар, — деді де, өзі арпа арасынан бөдене аулауға кетті.

Пай-пай, киікотының иісі-ай! Адамды шала мас қылып, десте үстіне кішкене қисайғанда әсіресе әтірдей аңқиды. Сарыала арпаның арасынан бөдене дауысы естілмей қалады. Мамайдан қорқып бұғып жатса керек. Құлқайыр басындағы сары торғай көрінбейді. Аспанда асықпай қалықтап жүрген қырғидан әнші құстар сескенеді. Оның есесіне шегірткелер сан қилы жырға басады. Нұрперзент Айдайдың көк сәндіп көйлегінің тесілген шынтағынан шөп жүгіртіп қытықтайды. Айдай:

— Тимеші! — деп қолын тартып алып, басын шайқайды. Сонда кекілі желп-желп етеді. Шынтағының тесігінен қыздың қысылғанын көріп, Нұрперзент оны аяп кетеді. «Әттең, ақшам коп болса, көйлек сатып әперер едім» дейді.

Нұрперзенттің көзі Айдайдың қанталаған балтырын шалып қалады:

— Ойбу, аяғыңа не болған? — дейді.

— Жаңа көбелек қуғанда, қызыл тікен жырып кетті, — деді Айдай жыламсырап.

— Абайламайсың ба, — дейді Нұрперзент күн шалған қоңырқай балтырды қолымен болар-болмас сипалап. Қыз үндемей көзін жұмып жатады. Бала байғұс батылданып алақанын тобықтан сырғыта - сырғыта тізеге жетеді. Көк сәндіп көйлектің етегін кәріқыз тікен тұтып қалған екен. Нұрперзент соны теріп алып тастаған болады. Кәріқыз тікен де таусылмайды. Көк сәндіп көйлектің етегін сипалап қашанғы отырады. Тізеден ары аунай бергенде қыздың қолы Нұрперзенттің білегіне сарт ете қалады. Жұлқып тастамайды. Ауыр қолды ақырын абайлап көтеріп, дестенің үстіне салады. Нұрперзенттің ісінген саусақтарын сипалайды. Қыздың орақтан күлдіреп ойылған алақанынан су шығып тұр. Нұрперзент Айдайдың кішкентай қолын өзінің тоқпақтай қолымен қысып, жібермей жатады. Сөйтіп жатып екеуі де ұйықтап кетеді. Көк сәндіп көйлектің етегін кенет ұйтқып өткен құйын желпілдетіп кетеді. Қыздың тікен жырған балтырына өзеуреп қаракөк шыбын қонады. Нән құмырсқалар пішеншілердің бет-аузына дейін жортып өтеді. Сілесі қатқан екеу құмырсқаның жыбырынан ояна қоймайды.

Ал әлі шалғы тимеген жардай шабындық арасында алдыңғы екі аяғын құдайға жалбарынған бәдәуидің қолдарындай аспанға көтеріп, тырп етпестен биесау отырады. Мына екі адамның тыныштығын әлденеден қорғағысы келгендей мызғымай сақшылық етеді.

Бұлт керуендері аспанда маң-маң көшіп бара жатады.

Көбелектер мастықтан тәлтіректеп ұша алмайды.

Бал арасы теңге жапырақтың қызғылтым гүліне тұмсығын тығып шырынын ішеді де, мас болып біразға дейін теңселіп, көтеріле алмай отырады.

Қарлығаштар қуанғанынан жас балаша былдырлап, ішегі тала сықылықтап күліп мәз болады.

Шатқалда күн жарқырап тұрғанда, тауда күн күркіреп, бұлттар буырқанып, бұлқан-талқан болып жатады. Сай табанындағы бұлақ суы тасқа соғып, содан тамшылар аспанға шапшиды. Бірақ отанынан айырылғысы келмейді. Бұлақ қойнына тамшылар қайтадан құлайды.

Су жалап жатқан жасыл өңезді жалқақ үстінде бұтына іші өтіп кеткен баладай екі көз бақырайып, көкқасқа семіз бақалар отыр. Анда-санда арбаң етіп оқыс қарғып шыбын-шіркейді қармайды. Тілін қара найзағайдай қылып ойнап, сәнқой әйелдің көйлегіндей зер қабық су жыланы қылымсып жатады. Әлгі семіз көкқасқаның ажалы содан болардай.

Шалғын арасынан оқшауланып түп-түп шоңайна тікен тікірейіп зәр шашып тұрады. Жалпы тікен атаулы ашулы. Тікендер ажарсыз. Оған кұстар да қонбайды. Одан бел орақтың жүзі таяды.

Құлаған дуал жақтан көкек сұңқылдайды. Аяулысынан адасып қалғандай зарлайды. Адасып қалса өзі кінәлі, көрінген тезек үйіндісінің түбіне, тақыр жерге жұмыртқалап жүре береді. Ал жұмыртқасын бұралқы ит, иә мысық жеп қойса, жатып кеп жылайды.

Мүмкін, олай да емес шығар. Мүмкін, көкектің айтып тауыса алмай отырған арманы бар шығар. Мүмкін, ол адам болсам деп армандайтын шығар. Кім біледі, қарғыс тимегенде, көкек бір кезде адам болған деседі ғой. Ал жер бетінде адам болып жаратылғанына шүкіршілік етпейтіндер де бар. Қарттар:

«Жаратқаныңа шүкір, жасаған», — дейді.

Адам болып жаратылудың өзі таудай бақыт. Соны сезу мұң екен - ешбір бақытсыздыққа бұл дүниеден орын қалмайтын сияқты. Соның бір дәлелі әне анау қосаяқтап, санын шапаттап келе жатқан Кенжегүл.

«Жаратқаныңа шүкір, жасағанды» көп айта беретіннің бірі сол. Ақ сазандай алты ұл тауып, бәрі де қызылшадан қырылды сонау бір ерте заманда. Күйеуден ашаршылықта айырылды. Соққы соңынан соққы адамды сорлы етер еді, Кенжегүл сезбейді.

«Жазған-ау, қартайғанда киікше қарғымай, жайырақ жүр» деп көк шалғын аяғынан шалады. Кемпір ентігіп екі өкпесін қолына алып, салып ұрып келеді.

Боздап әндетіп келеді.

Әккөй-ай, гәмәй-ай,

Көгдә, солдат, дамой-ай...

Ол әрі-беріден соң қылша мен киікотына, тіпті адыраспанның тұнып тұрғанына да қарамады. Жайшылықта адыраспан шыққан жерден айналшықтап кете алмас еді. Дәру шөптің бәрін баптап, айдаладағы малдан қорып, піскенін қиып алып, жаман үйінің боғатына бау-бау күйінде іліп қояр еді.

Намаз оқығанда сауап болады деп, жамау көйлегі мен тік шалбарын теріс киіп отырған жерінен тұра жүгірген екен, киімін оңына айналдырып үлгермепті.

Шегіртке біткен жау тигендей жапырыла ыршып қашып барады. Аяғының астынан есі кеткен бір бөдене «пырр» ете қалғанда, Кенжегүл шалқасынан түсе жаздады, оған да жан керек: «Субихан алла, аруах!» — деп қайтадан қосаяқ қақты.

Әккой-ай, гәмәй-ай,

Кәгдә, солдат, дамой-ай...

Оспан сайына жақындай бере:

— Әй, солдат келді, дамой келді! — деп айқай салды.

Түсте біраз дамылдап, көлеңке қуып жатқан шалғышылар оның айқайын ести қоймады. Сарыала арпаның атызында итқонақтан бөдене іздеп жүрген Мамай ғана көзін көлеңкелеп, Кенжегүл жаққа қарап, аң-таң болып біршама тұрды.

«Құдая, тоба. Адам ба, албасты ма?»

Кәрі жүрегі су етті. Сонау бір аязды ақ таңда таулар теңселген кездегідей, тұла бойына біреу суық су төгіп жібергендей болды.

«Арай өлген болар ма?» — деді, — Бәріміз шөп шауып жүргенде, үйде жалғыз қалған жарымжан иманы үйірілмей кетсе, масқара болдық-ау».

«Солдат, солдат» дегенді есітіп, есі кірді. Енді:

— «Солдаты кім болды екен?» — деді.

Кәрі жүрегі бүлк-бүлк етіп, әлденеден дәмелі. «Орақ оралды ма?» — дейді ғой баяғы.

«Солдат, солдат» дегенді естіп, сайда саялап жатқандар өре түрегелді.

«Біздің Орақ емес пе екен?» - деді Тотия. Артынша: «Апыр-ау әлі үміткер екенмін-ау», — деп өзіне-өзі таң болды.

«Менің Өскенім болса екен, иә құдай!»

«Сұлтан сорлы тірі ме?»

«Қайып емес пе екен?»

«Сайлау келіп, жүрегім жарылар ма?»

«Найын?»

«Нәмет келіп қалды ма?»

«Асан шығар, апыр-ау?»

Сайдың іші қанша адам — сонша сұрақ. Ол - ол ма, қалың шалғын шүйгін шөп түп-түгел сұрақ белгісі құсап бүгіліп тына қалғандай болды.

«Орақ болса... Қой қазір өрісте. Бригадирдің атына мініп Нұрперзент шабады да, алдына өңгеріп келеді», — деді Мамай.

«Орақ келсе... Апам жазылып кетер ме еді. Әскербекті қайтіп көтерер екен?» — деді Тотия.

«Орақ болып шықса... Мені жәкем күзде интернатқа оқуға жіберер еді», — деді Нұрперзент.

Әдейі ойланбаса да, қайран үміт ұясын жел ұшырған балапандай талпынып дауылға қарсы қанат қақты.

Кенжегүл сайдың қабағынан табанына түсе бергенде, Мамай шыдамай:

— Әй, айтсаңшы, кім? Кім ойбай? — деді.

— Ай, құдай, аты кім еді әлгі... Аты кім еді-ей? — деп кемпір алба-далба есі кетіп көптің арасынан әлдекімді іздеді.

Көзі өрттен шыққан ұшқындай, көнтері беттен қара су тамшылайды.

— Байғұс-ау, есің кетіп қалған ба, айтсаңшы! — деді ел қамалап.

— Әлгі кішкентай құдашаның әкесі келді. Әй, құдаша, әкеңнің аты кім еді? — Айдайды адамдардың арт жағынан көріп барып бассалды. Айдай одан жайшылықта сескенер еді. Қазір о да Кенжегүлдің мойнына асылды.

— Ырысының бес елісін-ай, — деді біреу тұрып.

— Әй, кішкентай құдаша, сүйінші! — деп бір әйел Айдайдың құлағындағы сырғаға жармасып жатыр.

Айдай Кенжегүлдің қайыстай бетінен шөпілдете сүйіп-сүйіп алды да, ауылға қарай құстай ұшты. Кемпір дестенің үстіне гүрс етіп отыра кетті.

— Ауылда адам қалмапты. Ана Жанышқұлының машинасынан жолай түсіп қалыпты әлгі кішкене құдашаның әкесі. Шешесі ауданға кеткен екен. Үйінен ешкімді таппай тұрғанда мен көрдім. Сүйіншісін алайын деп екі екпемді қолыма алып жеткенім ғой.

Кенжегүл айқайлап сөйлегенін қоя қойып, айнала адамдарға аңырып қалды.

— Немене, азырқанып тұрсыңдар ма, түге! — деді кекетіп ернін шығарып.

— Бас-басына сүйінші сұрамады деп тұрсыңдар ма? — Кенет тарғыл үні дірілдеп тамағына әлдене тығылғандай солқ-солқ етті. Мыс сақиналы саусағын шошайтты.

— Мен бейбақ сенен Орағың, сенен Сұлтаның келді деп, сенен Сайлауың келді деп, сенен Асаның келді деп, сенен Өскенің келді деп, сенен Нұралың келді деп, сенен Қайып келді деп — бәріңе-бәріңе кеткендерін келді деп сүйінші сұрап, сонан кейін жазған жүрегім тарс айрылып өліп кетсем - екі дүниеде арманым болмас еді! Қайтейін, қайтейін, қу құдай!

— Құдайда нең бар, байғұс-ау, тілінді тигізбе, — дейді Мамай.

— Құдайға шүкір де. Бір-бірлеп келіп жатыр ғой, — дейді бригадир.

— Аманшылық болса, бәрі келеді, — дейді Тұтан.

— Айтқаның келсін, айналайын! — деді әйелдер.

Сарыала арпаның арасынан қайтадан бөдене бытпылдықтайды. Ақ құлқайырдың бұтағына сары торғай қайта кеп қонады. Киікотының иісі аңқи түседі.

Биесау аспанға алдыңғы екі аяғын көтерген күйі әлі отыр. Биесау тілінде мына адамдардың жоғын жоқтап, әлдеқандай құдіретке алақан жайып жалбарынғандай.

Бригадирдің тұсаулы аты танауын киікотының иісі қытықтағандай қайта-қайта пысқырынады.

— Ал отырмайық, күн қайтып бара жатыр. Мен өрістегі малға адам жіберейін. Мұғалім құданың тойына кешке жиналамыз. Қазір тағы біраз өрлеңдер, — деді бригадир.

Жардай шалғын баудай түсіп жатты. Қайрақтас жаныған белорақтар әндетті. Шалғы шындаған төс пен балға қосылды оған.

***

— Неге үндемейсің, Нұрперзент?

— Сен кетіп қалатын болдың, Айдай.

— Папамды қызметке ауыстырған соң көшпей қайтеміз? Қойшы, қолын тыныш таппайды екен... Тоқта, біреу келе жатыр.

Екеуі демін ішінен алды. Таудан соққан самал желден теректер тербетіліп, жапырақтар жамырап тұр. Сайды қиялай жайылып бара жатқан жылқы пысқырынады. Көкқасқа құрбақалар тостақ кездері шарасынан шыға бақылдайды. Мастардың қосылып хор айтқанындай. Қабақта отырған екеуінің желкесінен тасырлатып бір ат шауып өтті. Кісінеп-кісінеп алды.

— Шұбар айғыр. Бастық ауданнан келген екен ғой.

— Босаған соң адасып кетпей жылқыларды өзі тауып келеді о, — дейді Айдай.

— Таппағанда. Өзінін үйірі емес пе.

Аттың шыңғырған ащы даусы, шақ-шақ соғысқан тұяқтар дыбысы естілді.

— Қайран шұбар шайнады сорлы жирен айғырды, — деген айбарлы үн шықты. Құрық сарт -сұрт етті. Айғырлар азынағанын қойды. Сайдың іші жылқының пысқырығына толып, балбыраған тыныштық орнады. Киікотының исі маусым айындай емес, біртүрлі қаңсық, ащылау сезіледі.

— Сен кеткен соң біздің ауылдың қызығы болмайды ғой.

— Ахау деген. Ауыл маған қарап қалып па. Былайда-былайда бәрібір оқуға кетуім керек қой. Сегізінші бітірдік. Мұнда онжылдық жоқ. Папам бір жағынан соны ойлап көшпекші болды ғой. Тыныш отыр деймін, Нұрперзент, қолына ие бола алмайсың ба. Сен де оқуың керек қой, Нұрперзент. Жүрсейші қалаға. Папам интернатқа орналастырар еді сені.

— Жәкем жібермейді. «Үйде ауру бар. Мал-жанға қарайтын адам жоқ. Осы оқуың жетеді» дейді. «Жәкем оқымаған, бабам оқымаған, бабамның әкесі Бахтияр да оқымаған, жәкем ылғи айтып отыратын Домалақ анамыз да оқымаған... Соларға тартып мен де оқымауым керек пе?»

Қыздың тостағандай көзі бұлттан шыққан ай сәулесіне шағылысып жалт ете қалды. Көзінің астындағы ноқат меңіне дейін көрінді. Қараңғыда білінбейді екен, әйтпесе көзіне дейін: «Жүрсеші» деп тұрғандай екен. Бозбала содан қызыңқырады ма, өйткені қыз:

— Енді қолыңды тыныш ұстап отырмасаң, артыңа қайырып байлап қоямын, — деді.

— Байламақ тұрмақ, бригадирдің қолы құсатып оқ жұлып кетсе де сені құшақтамай отыра алатын емес.

— Е, ертең мен кетіп қалған соң қайтеді бұл қолың?

— Кәйтеді дейсің бе? Кәйтуші еді? Бүйтеді. Міне! Міне! Былай!

Қыз суға батып кетіп, бір сәт қайта шығып, аузымен ауа қармағандай алқынды.

— Тоқташы! О не? Сыбдырлайды бірдеңе!

Екеуі құлақ түре қалды. Шөп сыбырлады. Шөп кәдімгідей көп дауыспен сөйлеп жатқан тәрізді.

— Пішен ғой. Тырмадан қалған.

— Көгалдау жерге барайықшы.

— Түу, Нұрперзент, сені мен момын ғой десем.

Бұлт астынан сылаң етіп ай шықты. Оған қарап ұйықтап жатқан иттер шәуілдеді. Иттің үргенінің бәрі ұрсып-боқтағаны емес шығар. Бәлкім, Айды жақсы көргеннен шәуілдейтін шығар. Өйткені баз біреуі шәуілдің соның қыңсылап, еркелегендей, Ай арқасынан сипалағандай ыңырсып барып бітіреді.

Ай сайдың қабағынан табанына түскен екеуге қарап сылқ-сылқ күлді:

«Нұрперзентті момын дедің ә, Айдай. Момынның бәрі құмарлықтан құр қалса - дүние не болмақ. Күнге қарағанда мына мен де момынмын. Бірақ адамдар, алғашқы ғашықтар, алғашқы махаббат иелері күндізден гөрі түнді қалайды, айлы түнді қалайды. Ынтызарлық - құмарлық Күннен гөрі меңде күшті. Ал мен момынмын, Айдай. О, құдіретті құмарлық, қасиетті махаббат! Мен алғашқы сүйіскендерді көрген сайын бір жасаймын. Мәңгілікке қолымды жеткізген солар. Бақытты болыңдар!»

Ай суға сүңгігендей қара-қошқыл бұлттың арасына күмп берді. Дүние күңгірт тартты.

«Класта басқа балалар қыздарды шыңғыртып шашынан тартып, төсіне жармасып, бетінен сүймек боп, сілекей еріндерін ада-ада жүгіргенде, бұл кітап оқып терезенің алдында теріс қарап отырушы еді. Сонау бір екеуміз қолдасып қап көтергенде осының жапырақтай дірілдегені-ай. Енді...» - деді Айдай өткенді ойлап.

— Неге үндемейсің, Нұрперзент?

— Біздің ауылдан көшпей-ақ қойсаңдар болмай ма?

— Папамды Жамбыл жаққа қызметке ауыстырды дедім ғой, мен саған. Қандайсың өзің! Әй... әй, Нұрперзент, құшақтағаның бір жөн. Ал енді қолыңды жүгіртпе. Әйтпесе ашуланамын! Ш - ш - шш!!! Біреу келе жатыр!

Сайдың қабағында қалбайып айға қарап қолын жайып біреу тұр екен. Күбірлеп бетін сыйпады. Еңкейіп жер шұқылады.

— Кенжегүл ғой. Түйежантақ қазып жүр, — деді Нұрперзент.

— Оны қайтеді, түнде қазғаны несі?

— Жантақтың тамыры дәрі ғой. Ай он төртке толғанда түнде қазады деуші еді. Сонысы бүгін шығар.

— Осы кемпірден мен қорқамын, — деді Айдай.

– Мүсәпір ғой. Кей-кейде түнде балаларының атын атап шақырады екен. Алты ұлынан айырылыпты ертеректе. Қазір қойыпты ғой. Әйтпесе, бұрын түн баласына сайды бойлап, тауға қарап, інген боп боздап, көкек болып сұңқылдап ұлдарын іздеп жүреді екен.

— Қорқамын. Қайтайықшы, — деді Айдай. Нұрперзенттің құшағына енді өзі тығыла түсті. Сай табанындағы саздауыттан дермен шөптің кермек иісі аңқиды. Дермен шөп осы өлкеден басқа жерге апарып ексе де өспейді деп отырушы еді шалдар. Нұрперзентке бұл аңқыған дермен емес, Айдайдың шашы сияқты көрінді. Жалбыз арасында баланың былдыр-былдыр тіліндей түсініксіз тау бұлағы ағып жатты. Түнгі бұлақтың тілі осы. Бұдан өзгермейді. Бірақ аққан су өзгеріп жауады. Бұлақ суы бір орында тұрмайды. Нұрперзент пен Айдайдың сүйісуі бұлақтың былдыр-былдыр үніндей еді. Ал өздері бұлақ қой.

VII

Арай тез айыға алмады. Әйтеуір беті бері қарағандай болды. Бетінің қисайғаны сәл-пәл түзелейін деді. Әлде көз үйреніп кеткеннен кейін солай көріне ме...

Түн тым-тырыс. Иттер де үрмейді. Бұйығып ұйықтайтын болуы керек. Қабырғадағы жаман сағаттың жападан-жалғыз талмай сарнап сартылдағаны сондықтан шығар.

Бетіне аюдың суретін салған қаңылтыр сағатты Бурныйдың базарынан Орақ алып келіп еді. Ол соғыстың алдында болатын.

Тау жақ терезенің тұсына Орақ өзі орнатқан болатын. Содан тапжылмай әлі тұр. Анда-санда шынжырды Нұрперзент тартып қояды. Маятнигі адымдаған жолаушы сияқты.

Сағаттың сартылы паралич Арайдың тіліндей түсініксіз. Бірдеңе айтқысы келетіндей, ұдайы әлдене айтқысы келетіндей.

Арай сағат тілін тыңдайды. Үй ішінің үйреншікті тынысы. Өзгеріссіз өтіп келеді. Тек қазір Әскербек өз шешесінің қойнына жатады. Бұрын Арайдың бауырына тығылып жатар еді. Басқа өзгерген ештеңе жоқ. Қашанғы осылай бола берер дейсің. Мұның да шегі бар шығар. Әскербектің ұйқысы тынышсыз - ақ, теуіп - теуіп көрпені ысырып тастайды. Сонда Тотияның үсті ашылып қалады.

— Ей, сорлығар, жап үстінді, атаң оянып кетсе ұят болады, - деп айтқысы келеді Арайдың. Бірақ оны айта алмайды.

Осы келіншек ана бір Орақты естірткен жылы жаман жүдеп кетіп еді. Түнде аһлап - үһлеп ұйықтай алмай шығатын. Жаурап бара жатқандай қос-қос көрпе жамылатын. Әжептәуір арықтап еді. Арай енді оның қайтадан толықсып, ажарланып кеткенін байқады.

Түн қараңғысында адам бір нәрсеге қадалып қарай берсе, жарық бардағыдай анық көретін сияқты. Кемпір келінінің төсі бір көтеріліп, бір тартылып толқып жатқанын байқады. Кеуде көрік сияқты. Көрік көтеріліп тұрса ғана от жанады ғой. Мына келіншектің кеудесінде от жанып қана қоймай, лаулап жатқан тәрізді. Ұдайы солай толқып жатады. Сонда мешел кемпір адам төсінің толқығаны ғажайып сұлу екенін сезгендей болады, қызық - қандай болады, бірақ оны өзі жете сезінбейді.

Жалбаңдаған жаман сағат осы төстің әуеніне төңкеріліп, қошеметшіл билеп тұрғандай болады. Кейде сол залым сағат осы төстің аңсаулы минуттарын шотқа салып, аяусыз есептеп, уақыттың бей-берекет сарп болып бара жатқанын еске салғысы келгендей есерлене түсе ме дейсің. Қайткенде де кемпірге солай көрінеді.

«Естірткелі екі жыл өтті. Бұл болса - жиырма бірде. Үсті - басы реңді. Төркін жағынан екі-үш рет шешесі келіп кеткелі сұлық. Айтпаушы ма еді, айтты ғой: «Байғұс-ау өлгеннің соңынан өлмек жок, тірі адам тіршілігін қылады. Басың жаста біреудің етегінен ұста», -демеді дейсің бе. Оны айтты ғой. Екеуі оңаша шығып үйдің артында отырып алғаны тегін емес шығар. Десе де, құдайға қараған жан екен, естірте сала әкіреңдеп, кетем десе, не бетімізді айтар едік. Мың болғыр Тотия! Мен тірі өлікті төсекке көтеріп салып, көтеріп түсіреді. Баласындай жуындырып, шайындырады. Ау, сонда бұл кетіп қалса, бәрінен бұрын менің күнім не болмақ? Мені тірідей тастап кеткенше, көме кет деп қайтып айтам оған сонда. Бұл ғой баланы да ала кетеді. Қолбайлау болмасын деп қалдырар ма екен әлде? Әй, қайдам, елжірегенде етегі жасқа толып үстіне төнісі жаман ғой. Ол қайдан айырылсын. Балане-е-е, балан-ы, Орақтан қалған жалғызде-еее алып кетеді-і-і! Сормандай сонда боламыз».

Паралич кемпірдің кезі таң қараңғысында ғана ілініп бара жатты. Сағаттың әуені сонда әдемі әуендей естіле берді.

Терезеден әлдекім сығалағандай болды. Арай өң мен түстін арасында жатып:

— Орақ келді! Орақ келді! Ау, ашсаңдаршы есікті! - деп айқайлады. Бірақ оның үнсіз айқайын ешкім естімеді.

***

Ертең ерте бәрі шайға отырды. Ә дегеннен Тотия құрсаулап қойған шыныаяққа ақ шайнектің қақпағын түсіріп алды. Үй іші бұған үйреніп кеткен. Шай құйған сайын шайнектің қақпағы пиялаға қаңғырлап түсе береді. Бірақ үйдегілер бір нәрсеге түсінбейді. Тотия әдейі істей ме, жоқ әлі жетпей қойған бір ол - қылығы ма бейшараның. Мамай шал әдетінше апыл-ғұпыл асап, түннен қалған тұздықты лезде тауысты. Тағы бір жаққа асығып отыр. Нұрперзент те мектепке асығады. Бұл үйде жалғыз асықпайтын Арай еді.

Тотия шай құйып отырып, үйдің төбесінен салбырап түсіп келе жатқан өрмекшіні көрді. Көздей терезеден жаңа шыққан күннің жарығы түсіп, өрмекшінің жібін жалтыратты. Өрмекші асықпай баяу төмендеп келіп, дәл екі ортада салбырап тұрып қалды. Сәл тұрды да тағы төмендеді, кенет әлденеден сескенгендей тез-тез өрмелеп жоғары сатылады. Үйдің төбесіне таман барып ілініп қалды.

Тотия шай құюды да ұмытқандай, өрмекшіден көз алмады. Оны көріп басқалары да үйдің төбесіне үңілді.

— Үйге біреу келетін болды, — деді Нұрперзент.

— Кім болды екен? — деді Тотия.

— Иә, өрмекші, өрмекші, — деп айқайлады Әскербек.

«Кім де болсаң, кел, — деді Арай. — Адамдар осы күні бірінің үйіне бірі сирек кіретін боп барады. Үйге мейман келмегелі қай заман. Кім де болсаң келе бер, жолаушы. Мүмкін, жақсы хабар әкелерсің. Жаман хабарға да үйренген жанбыз. Келе бер, жолаушы, біз бір мұңлы болғандармыз. Әлде Орақты білетін біреумісің».

Өрмекші селт етіп, жиырылып алып, ақырын төмен түсе берді.

— О, ақыры келетін болды, — деді Нұрперзент.

— Кім болды екен? — деді Тотия.

— Иә, ол өрмекші ғой, — деді Әскербек.

Шал ешқандай назар аудармай шарт жүгінген күйі шайды сораптай берді.

«Кім де болсаң келе бер, - деді Арай. - Біз жақсы хабарға зармыз, жаман хабарға үйренгенбіз. Кібіртіктеме, келе бер. Бәлкім, сен Орақтан дерек білетін біреу шығарсың. Бәлкім, сен Орақтың әлі де болса тірі қалғанын білетін біреу шығарсың. Сан-сапалақ қызыл - қырғын деседі ғой. Мың сан адамның қайсыбірін есепке алып жатыр дейсің....

Кім де болсаң келе бер, жолаушы. Мүмкін, сен менің келініме ойың бар біреу шығарсың. Мұндай көрікті келін бұл ауылға бұрын біткен емес. Талайлар қызығады. Көзін шыққырлардың көзі қызады... Қашанғы осылай бола берер дейсің. Бір күні ақыры біреудің етегінен ұстайды ғой. Жиырма бірдегі адамның біреудің етегінен ұстамасқа амалы бар ма. Бәрін де құдай қылат та. Әлі оны да көрерміз. Орақты естірткенде шықпаған жан енді шығар деймісің. Келе бер, жолаушы. Біз тәуекелге бел буған адамбыз».

Өрмекші дастарқан үстіне дейін салбырап түсіп келіп, қайтадан жылдамдата кері қайтты. Бұ жолы аялдамай жібін жинап, үйдің төбесіндегі ұйысқан өрмегіне бір-ақ жетіп дамылдады. Өрмектің ортасындағы қара шыбынның қаңқасы қалтылдады.

— Қайта ойланып қалды. Кетіп қалды. Келмейтін болды, — деді Нұрперзент.

— Онысы несі екен? — деп Тотия төмен қарап ернін сылп еткізді.

— Иә, ол өрмекші деп айттым ғой, иә, ол кетіп қалған жоқ қой. Әне, үйдің төбесінде тұр ғой, — деді Әскербек.

Шал: «Жә, жоққа алаңдамай, шай құйыңдар» дегендей шыны аяғын саусағымен шертіп-шертіп сыңғырлатып, аңырып отырған келініне қарай домалатып жіберді.

«Келмедің ғой, жолаушы, — деді Арай. — Дастарқаны жүдеу екен дедің бе. Бұл ауылда кеше соғысқа дейін менің дастарқанымнан мол дастарқан болмаушы еді. Ақыр байдың баласы аштан өлген. Менің мынандай күйімді көріп шошыдың ба. Ат арыса тулақ болады, адам арыса аруақ болады. Дәулет шіркін кімнің басында қонақтап қалған дейсің. Бәрінен де денсаулықты, амандықты айтсаңшы, бірінші байлық денсаулық деген осы екен ғой. Ол болса, қатықсыз қара су ішкенім де уайым емес-ау».

Тотия шыны-аяқты жиып бола бере, үйдің төбесін сыпырып тастамақшы еді. Әлгі өрмекшінің бөріктей ауынан басқа, су түбіндегі балдырдай сүңгілер де салбырап -салбырап бұрыш-бұрышты тұтып қалған екен. Қолына жусан сыпырғыш алып, келіні төңкеріп үстіне шығып, сүңгілерді іле бергені сол еді, мұжық келі бұлт етіп тайып кетті де, Тотия жерге етпетінен құлап түсті. Құлағанда да оңбай құлады. Қара құманның үстіне иығымен құлады. Қара құмандағы су ақтарылып жүре берді. Тұтанғалы келе жатқан өртті сөндіргісі келгендей мол жайылды.

Келіншек бойын жиып ала алмастан есеңгіреп біраз жатты. Ернін тістеп, көзін тарс жұмып алыпты. Шал қалбалақтап қасына бара берді. Үйректің балапанын басып шығарған күрік тауық сияқты. Суға түскен балапанын шыр айналып құрқылдап жүгіріп жүргендей. Ұстап тұрғызайын десе, келінінің тәніне қолы тиіп кетсе күйіп қалатындай қорқатын қу әдеті тағы бар.

— Нұрперзент! Нұрперзент! Ойбай тұрғызсаңшы! — деп бақырып жүр. Тотия құлардың алдында ғана кітабын қолтықтап ауыз үйге шыққан Нұрперзент әкесінің ойбайын естіп, жүрегі су ете қалды. Келе жеңгесін сүйемелдеп тұрғыза берді. Келіншек тізерлеп тұра беріп қайнысын қатты итеріп жіберді.

— Құры! Құры бәріңде! — деді.— Тиме маған! Күлін суырылғырдың үйінің тозаңын сүртем деп нем бар еді мен бейбақтың. Нем бар еді менің бұл үйде! Қараңғал, қараңғалғыр. Қайда әлгі қу жетім? Тумай жатып әкесін жалмаған жалмауыз қайда? Басыңды жұтқыр, шешек! Кел бері, киін, кетеміз! Әскербек...

Шалдың басы өзінен-өзі қалтаңдап бара жатқандай көрінді.

— Айналайын, балам, аузыңа әзір болшы, аузына әзір болшы, — дей берді. — Не айтып кеттің, балам, ашуыңды бас, ашуыңды бас...

Келіні болса, енді сазарып алды. Tic жармады. Бақырған баласын жұлмалап жүріп киіндіре бастады.

— Қой, балам, ақылың бар еді ғой, жаман іске бастама, — деді шал.

Келіні үнсіз қимылдай берді. Іші алаулап бара жатқандай шыдай алмай шал уһлеп-уһлеп алды.

Тек жаман сағат қана ештеңені елемей, баяғы сартылына салды да тұрды.

Келінінің көзінен жас шықпады. Қызылшырайлы жүзі қуқыл, көзінің алды көгерістеніп кетті. Баласының мойнына бөкебайды қатты сілкіп байлады.

«Бәсе, көптен бері тым-тырыс еді-ау біздің үйдің іші. Қашанғы тым-тырыс болар дейсің. Тымырайғанның артында бірдеңе болады ғой. Әй, сезіп ем-ау... Тотия ғой бұл. Қайран Тотия! Піл екенсің. Шыдаған осындай-ақ болар. Сыйлаған осындай-ақ болар. Мына шал байғұс соны азырқанып тұр ма. Қашанғы осылай отыра береді дейді екен. Көзінің жасын қара. Жылауық болды осы шал. Көздің жасы деген не, тәңірі. Долы қатындардың көзінен бырт-бырт шыға беретін су ғой. Әй, сонда да ақ шашты, ақ сақалды шалдың көз жасынан қорықса болады».

— Қарағым, балам, ақылың бар еді ғой. Кетсең - мына мені бауыздап, өлігімнің үстінен аттап өтіп кет. Ана отырған анаңды да тірідей көме кет, — деді Мамай. Жайшылықта жай шашқандай суық көзін қазір тарс жұмып алыпты. Тұзды судай ақшыл тамшы мұрнын жағалай ағып, буырыл мұртына сіңіп кетіп жатты.

Тотияның көзі бір сәт енесіне түсіп кетті. Кемпір тәкаппарланған екен. Қыбыр етпеді. Ымдаған да жоқ. Кетпе деп жалбарынған да жоқ. Мынау үйдің қырғи тигендей тынышсыз тірлігімен ісі болмай, табалдырыққа сұқтана қарайды. Тотия содан сескенер еді.

Тотия Әскербектің бөкебайын қайтадан шешейін деп, қолы кібіртіктеп қалды. Бала шешесінің бетіне қарап, одан соң шалға қарап жымиып күлді.

***

Өткен жолғы шатақтан кейін бәрі бәз-баяғы қалпына қайтып келген сияқты еді. Бес жаны бар бір ұя құрқылдасқан кептердей келісті-ақ күндер өткізіп жатты. Бір күні үйге Кенжегүл келіп:

— Ay, ағайын, есіттіңдер ме, Өркендегі Қапанның келіншегін қайнысына қосыпты ғой, — деді.

Арай астыңғы ернін қымқырып, басын шайқады. Кенжегүл оны байқамаған болып, балпылдай берді.

— Байғұс Қапан, орнында бар оңалар - о да жақсы, әйтеуір түтіні өшпейді ғой, бала бейшара жылапты дейді...

Енді Мамай алара қарады. «Ондай жағын айтпай-ақ қой».

— Қалпе жарықтық барып некесін қиыпты. Бір тоқтышақ сойып берсе керек Бибісара кемпір. Бары сода, барын аясын ба. Тышқан мұрнын қанатқан ерді айтсаңшы. Өліге сауап, тіріге, әйтеуір, сорпа-ау...

Кенжегүл жайласып тіреудің түбіне отырып алған соң, көмпиген ескі шапанының қойнынан ұршық суырды. Жұмыс орны осы үйдей-ақ ешбір елеңсіз, жіп иіруге кірісті. Соғыс жылдарында барша Ақсай ауылы жіп иіру тоқыма фабрикасына айналып кеткен сияқты еді. Қыс бойы жіп иіріп, шұлық пен қолғап тоқып шығады. Бәрін майданға жібереді. Майданға осы Ақсайдан кеткен адамдарға айнымай тиетіндей - ақ, мынау Сейсенге, мынау Маханға, мынау Өскенге, мынау Нәметке, мынау Қайыпқа деп тоқиды.

Өз үйінен соғысқа аттандырған ешкімі болмаса да, Кенжегүлдің қолынан ұршық түспейді. Иіруін иіреді. Тоқуын Тотияға береді. Орақ опат болғанға дейін:

— Әй, келін. Орағыңа шақтап тоқы. Оның қолы балғадай, басқалардікіндей емес екенін өзің білесің ғой. Әй, бірақ білетін де мезгілің болған жоқ-ау. Орақ бірер рет өзіңді жұдырықтағанда білер едің. Алда айналайын-ай, шекеңнен шертпеуші еді ғой. Шақтап тоқы соған! - дейтін.

Орақ өлді деген соң да кемпір иірген жібін Тотияға әкеле берді. Бір күні Тотия оған:

— Енді кімге шақтап тоқимыз, тәуіп әже-ау, — деп еді.

— Бұрынғыдай тоқи бер, — деді бақсы булығып. Сонан соң:

— Ей, сорлығар, Ораққа шақтап тоқы! Пәнде кебін кигеннен күдер үзеді, кебенек кигеннен күдер үзбейді! — деді ақиланып.

Сөйткен Кенжегүл енді келіп: «Өркендегі Қапанның келіншегін қайнысына қосыпты», — деп отыр.

— Бибісара текті жерден шыққан ғой байғұс, қанша айтқанмен, баяғы Байзақ датқаның тұқымынан емес пе. Қалпеге қойын сойып, қолын қусырып, бұрынғының кәдесін істеп-ақ жатыр.

Тектінің аты текті ғой, шаңырағын шайқалтпай түтінін үзбей, келінін кіші баласына қоса қойды.

Кенжегүлдің көзі әлі шоқтай, бірақ айналасын көріктей әжім басқан, ақсиғанда сояудай -сояудай боп түспей тұрған екі-ақ тісі көрінер еді.

«Қалған тісіңді қағып тастар ма еді, қақбас», — деді ішінен Мамай.

Соны ұға қойғандай, Кенжегүл де:

— Әй, шырақ, ана байлап отырған қара серкені қашан соясың? Өлдік қой көніміз құрап. Жас сорпа жарықтық түнде түсіме кіреді, — деді.

— Сенің жаназаңа сояйын деп отырмын, — деді Мамай. — Сорпашылын қарашы мұның.

Кенжегүл басын қайқандатты. Ұршығымен жер тіреді. Алға ұмсыныңқырап:

— Байғұс-ау, мен өлмеймін, — деді.

— Е, шайтан боп кетіп пе ең өлмейтін, — деді Мамай.

— Маған аруақтар аян берген. Мен, атыңнан айналайын Соқбелдінің қызымын. Оны сен шал білетін жөнің бар. Атыңнан айналайын Соқбелді жәкем түсімде менімен сөйлесіп жүреді, — деді бақсы.

— О жазған, онда Соқбелді жәкең сені ана жайға әкеткелі жүр екен, — деді Мамай.

— Әке балаға жамандық ойламайды. Жұрттың бәрі сен деп пе едің... — Бақсы балпылдағанын кілт қоя қойды. Тым алыс кеткенін өзі де сезе қалып, ұршықтың сабын санына қатты-қатты ысқылады. Ешкінің қылынан иіріп отырған шуда жібі бырт-бырт үзіле берді.

Үйдің іші үнсіз қалды.

***

Қиыршық қар аспаннан жауған ақ жарма сияқты еді. Адамдардың бәрі тауық болып кетті деп ойлады ма, аспаннан әлдекім әлгі ақ жарманы жалықпай жайлап себелеп тұрған сияқты еді. Ауылдас үйлер, сай қабағындағы түп-түп ши, қарайған мал, қарқылдаған қарғалар - бәрі-бәрі әлдебір алыста, перде сыртында тұрғандай.

Дүние шындықтан гөрі елеске, түске ұқсайды. Мың-миллион жылдан кейін қайта айланып келіп, көріп тұрғандайсың. Апырау, өзгермепті - ау дегендейсің. Қаладағы қызметкердің анда-санда туған ауылына бір келіп кететіні сияқты, адам бұл дүниеге келгеннен кейін де жүз жыл, мың жылда бір келіп кетіп тұратын болса. Бәлкім, солай шығар да. Бірақ адамдар бір кезде өмір сүріп, өліп, содан мың жылдан соң қайта туғанын білмейтін шығар. Олардың есінде олардың бұрынғы өмірінен ешбір елес, ешбір естелік, ешбір белгі қалмай, мүлде қайта туатын шығар.

Олар бір кезде өмір сүргенін, туған ата-анасы, сүйген жары, бала-шағасы болғанын еш есіне түсіре алмайтын шығар. Кім біледі. Солай болғанның өзінде адам өмірі кейде қандай аянышты.

Мамай мен Нұрперзент есік алдын малдың қиы мен кәшектен тазалауға кірісті. Шал сарыала мұзды күрекпен қаршылдата ұрып, құлаштап алысқа-алысқа лақтырды.

— Әй, бала, — деді мұрнынан буы бұрқырап, күректің сабына қос-қолдап сүйеніп тымағын көзіне баса киді.

— Не? — деді Нұрперзент айырмен кәшек тырмалағанын қоя қойып:

— Орақ өлді ғой, — деді Мамай.

— Білмеймін, — деді Нұрперзент.

— Кұртты ғой біздің Орақты, — деді Мамай енді тымағын қасқа маңдайына көтеріп.

— Ешкім құртқан жоқ. Отанды қорғау әркімге парыз, — деді Нұрперзент мұғалім апайдың сөзін қайталап.

— Сойлысын сойлының, — деді шал әдейі сақаулана. Тымағын көзіне түсіріп, ернін шығарып, басын шұлғыды.

— Несі бар, жасым жетсе мен де кетем, — деді Нұрперзент.

— Желкең үзілгір, желкең үзілсін деп жүрсің ғой. Аз еді біреуіңнің көктей солғаның, — деді шал. Бұл жолы сақауланған жоқ. Кекететіндей емес, әңгіме қатайыңқырап қалды.

— Енді желкені үзбейді, соғыс біткен. Жасым толса, өзім-ақ кетем, — деді Нұрперзент.

— Әй, әй балам, — деді Мамай. Тымағын қасқа маңдайына ысырды. Қасқа маңдайынан бу қазаннан жана түсірген асқабақтай бұрқырады.

— Орақ енді келмейді, — шал тымағын баса киді. Бір уыс боп жиырылып қалды. Күректің сабын қос-қолдап ұстап, етпеттеп төмен қарады. — Келін кетпекке ой қып жүр. Ол кетсе -бізге Әскербек жоқ. Орақтың оты өшеді. Түсіндің бе-ей, мылқау! Орақтың оты мүлде өшеді.

— Неғыл дейсің өшсе? — Нұрперзент бұлай дегісі жоқ еді, бірақ әлденені алқымға тақап, тәптіштегені жынына тиіп кетті.

— Бірге тумап па едің, тумай кеткір! — деді шал. Аузынан шашыраған түкірігі мұртына мұз боп қата бастады. Шал безгек буғандай селкілдеді. — Жарықтық бабамыз Бақтияр айтар еді. Ол кезде біз бала едік қой. Бақтияр айтар еді. Баяғы бір жаугершілікте біреу атына жалғыз баласын мінгестіріп қаша жөнеліпті. Сонда әлгі кісінің туған інісі:

— Көке, ау көке, мені шыннан тастап кеткенің бе? — деп артынан шырылдап жүгіреді.

Көкесі аттың басын тартып тұра қалып:

— Об-боу, әкпар-ей! Бауырым қалып барады екен ғой. Әй, атасы басқа аттан түс! — деп өз баласын түсіріп тастап, өз інісін мінгестіріп қашқан екен дейді. Сол айтқандай, Орақ менен де гөрі саған жақын. Сен оның бауырысың. Құрсағың ұяң бір. Түсіндің бе - ей, Нұрперзент?!

— Неғыл дейсің енді, — деді Нұрперзент жыларман боп.

— Келінді, Әскербекті жібермейік дейім!

— Жіберме-жібермесең. Кетпе де.

— Ой-бу, мынау ит түк те түсініп тұрған жоқ қой. Қой, болмайды екен. Сен итке басқаша түсіндірмесе болмайды екен.

Шал күректі беталды лақтырып жіберіп еді, малқораның түбінде мызғып отырған тауықтардың қасына барып қаңқ ете қалды. Тауықтар шар-шар етіп, шоршып түсіп, тырағайлап қаша жөнелді.

Мамай жүн белбеуін тартып байлап, түлкі тымағын баса киді. Үйге кіріп кетіп, домалаңдап қайта шықты. Кәшекте тұрған есекті ерттей бастады.

Нұрперзент әлденеге жүрегі суылдады. Жан-жағына қарап еді, ақ қиыршық әлі жауып тұр. Үйдің боғатындағы қамыс содан сытыр-сытыр сыбырлайды. Не айтқысы келеді? Үй — ескі, боғаттағы қамыс көпті көрген.

Мамай аяғын үзеңгіге салып, ердің басын тартып мінген кезде көк есектің құймышағы шөгіп барып көтерілді. Мұздақта төрт аяғы төрт жаққа кете жаздады. Түзеліп алып, кібіртіктеп, бір-бір басып, жалғыз аяқ жолға түсті. Жабысқақ тікен тұтқан қылшық құйрығын екі тақымының арасына қысып алыпты.

Көк есек өзі өз болғалы иесін мұндай ауыр жолға алып шыққан емес. Соны сезгендей кібіртігі көп. Андап басып, мықшиып артқы тірсегі дір-дір етеді.

Мамай көк есекпен көп жүрді, бірақ оны мініп мұндай қиын жолға аттанған емес. Содан болар, ежелгі шабандоздың қаршығадай қақшиып отырысы жоқ. Түлкі тымақты дәу басы домалап омырауына түсіп кеткен. Іші түйнеген адамдай екі бүктеліп барады. Мына ақ буалдыр арасынан Нұрперзентке енді әкесі қайтып келмеске кетіп бара жатқандай көрінеді.

Қиыршықтың арты жапалақ карға айналды. Қардың қанаты бардай еді. Көк есек мінген адамды ақ қанатты періштелер қаумалап беймәлім бір алысқа алып барады. Әкенің аты -әке ғой. Өз балаң өзекке тепкілесең кетпейді, кісі баласы кісендесең тұрмайды деп бұрынғылар осындайды кәріп айтқан ғой. Нұрперзент әкесін аяп кетті.

Жәке! — деп айқай салды.

Шал бұрылып қараған жоқ. Өзі де, есегі де бұл дүниеден оқшауланып, ақ шілтерінің ар жағынан елес сияқты көрінеді. Баласының шақырғанына бұрылмады. Бұрылғанда баласы не айтар еді?

Мамай тоқтамады. Алдында бір қарайған жоқ. Ақ тұңғиыққа сүнгіп барады. Жолы -шексіз, Мамай — мәңгілік сияқты еді.

Шақпақ жақтан жайлап жел соқты. Аспаннан жауған торғайбас қар орай да борай ұйтқи бастады. Жуалының атақты ақ бораны белгі берген тәрізді.

Есек үстіне бір қап тұзды тік тұрғызып байлап қойғандай. Алыстаған сайын қимылсыз қапқа ұқсайды. Нұрперзент өткен-кеткеннің бәрін ұмытты. Дүниеде әкесінен артық адам жоқтай көрінді. Қазіргі халін көріп, көзіне жас іркілді.

— Жәке, қайт! — деп айқайлады.

Мамай бұрылмады.

Үйден жүгіріп Әскербек шықты. Ұзын кірпігіне лезде-ақ ақұлпа ілінді. Ол көзін жыпылықтатып, алаулаған жауқазын бетін қарға тосты. Баламысың деген, қызық көреді.

— Не деп айқайлап тұрсың, аға?

— Жәкемді шақырып тұрмын.

— Жәкем қайда барады, а?

— Орақ көкеңе барады.

— Иә, алдайсың! — деді Әскербек. Сырмақ пима киген, сары құрақты кішкентай фуфайкасы, ақ қозының елтірісінен құлақшыны бар бала жәкесінің Орақты іздеп кеткеніне сенбейді. Мұздың үстіне сырғанап жүр.

— Алдамаймын, — деді Нұрперзент. «Бұ да беске шығып қалды. Мен бұдан он бір жас үлкенмін».

— Иә, жәкем қалпеге барамын, — деді ғой.

— Қашан айтты?

— Жаңа үйге кіріп айтты ғой. Қалпені ертіп келемін, шәй-пай дайындай беріңдер, — деді ғой.

«Қалпені қайтпекші? Тағы да апамды оқыта ма! Оқыта-оқыта болмап па еді?».

— Қалпенің келгені жақсы ә, аға? — деді Әскербек.

— Несі жақсы?

— Иә, қалпе келгенде қант жейміз ғой.

Қалпе келсе қазақ байғұс дастарқанға барын салады. Оны бала екеш бала да біліп алған.

***

Шаршы шал қалпенің үстіндегі карды қағып, киімін өзі шешіндірді. Бұйра қызыл қозының елтірісінен орама жаға салған сары тонды шешкенде қалпе торғайдай-ақ болып қалды. Сәулесі күңгірттеу үйдің ішіне кәрі көзі үйренбей кібіртіктеп басты. Мамай оны қолтығынан демеп, қақ төрге әкеп отырғызды. Қалпе жан-жағына бұрылмай, жасаураған қызыл жиек көзін есіктің маңдайшасына қалап, дәл құдайдың бір өзімен сөйлесіп отырғандай, құран тілінде күбірлей жөнелді. «Осы үйден шәйіт кеткен Орақ деген құлыңа рахымыңды түсір, иманын бер, жалған дүниеде аз жасады, шын дүниеде шет қақпа, Алла», - дегендей еді.

Осыны айтып отырып, Орақтың қандай екенін көз алдына елестеткісі келді. Есейген кезін есіне түсіре алмады. Соғыстың алдындағы бозбалалар бәрі де өрімдей, бәрі бір әке, бір шешенін, перзентіндей бір-біріне ұқсас па еді? Көз алдына біресе Қайып келді, біресе Асан келді, біресе Өскен келді, енді бірде Сайлау, енді бірде Найын елес берді. Бәрі сапырылысып көзінің алдында топырлап тұрып алды. Бірақ солардың бәрі ықтай берді де, тіреудің түбінде, дастарқан басып, ақ шәйнекті ақтарып кеткен бет-аузы алаулаған, аптыққан, ақ қозының елтірісінен құлақшын киген баланы көрді.

«Ой, әттеген-ай!» — деді.

Үйде самарқау отырғандар құран тілінің арасынан әлгі қара қазақ сөздерін бірден аңғара қалып, қалпеге қарасты. Қалпе де мүлт кеткенін сезе қойып, дұғаны доғаруға ыңғайланып қол жайды.

Содан соң барып, терезе жақ түкпірде отырған Арайға бұрылып:

— Келін, тәуірсің бе, шырағым, — деді. Арай тілі бұралып, әрең-әрең:

— Шүкіл, — деді.

Дұға оқылып болғанша ғана әдеп сақтап отырған шаршы шал енді домалаңдап, түрегеліп, шаруа қамына кірісті. Мал қорада оңаша байлаулы тұрған бордақы қара серкені ауыз үйге әкеп, аяғын буды. Басының астына бір қолтық мия тастатты.

Әскербек санын шапаттап қуанып жүр.

— Асығын өзім алам, асығын өзіме бер, — дейді атасына.

— Саған бермегенде кімге берем, қоя тұр, — дейді атасы.

— Иә, Нұрперзент көкем алып қояды ғой, — дейді Әскербек.

Мамайдың есіне сонда Нұрперзенттің әлі асық ойнайтыны түсті. Кенжегүлдің үйінің күншуақ жағына шығып алып, қысты күні қырқысып, асық атысып жататындардың ішінен өзінің Нұрперзентін де көретіні есіне түсті. «Әлі бала екен-ау» деп бір қалды. Лезде өзіне өзі ыза болғандай, қарт денесіндегі қаны қайнап шыға келді. Айналасында аяқ-табақ ұстап, ішек-қарын аршуға келген көрші келін-кепшіктеріне жылан көзімен бір қарап қалды.

— Пышақ тиіп кетеді, кейін, кейін! — деп Әскербекке де қатқыл-қатқыл үн қатып, итеріп жіберді. Серкенің терісі мен ақ шелінің арасына жұдырығын салып, іреп - іреп қалғанда жып-жылы жыбыршыған денеге білегіне дейін кіріп кетті. «Неғылған бала, балшыққа батқыр, зіңгіттей болғанша бала бола бере ме?» деп өзін-өзі қайрады.

Арай: «Қалпе мені тағы үшкіргелі келді ме, — деп ойлады. — Жарықтық, мен алғаш осы елге келін боп түскенде осындай еді, әлі бүргедей секіреді».

Арай өзінің шалына да іші жылып қалды. «Қайтсін, байғұс. Қолынан келгенін аяп жүрген жоқ. Аяқ жетер жердегі қожа-молданың бәрін әкеліп оқытты. Қалпені тағы шақырды, шабылып жүр. Мені аясаң, сені құдай аясын», — деді.

Бірақ қалпе оны үшкірейін демейді. Ала тақиялы басын шыбындаған аттай шұлғып отырды да қойды. Үйге бір-бірлеп көрші-қолаң тола бастады. Ауыз үйдің есігі қайта-қайта ашылып-жабылып, қазан қамына кіріскен келін көбейді. Әне-міне дегенше, самаурын да быжылдап келіп, тіреудің түбінен орын алды.

«Орақтың жылы айналып келіп қалғаны ма, — деді Арай. — Екі жылдың жүзі болғаны ғой. Ораққа құран оқытайын деген екен ғой».

Тотия тіреудің түбіне отырып шай құйды. Ақ шайнектің қақпағы ә дегенде шыны аяқтың ішіне сақыр-сұқыр етіп түсіп кетті.

«Ойпыр - ой, осы байғұс шай құйған сайын шайнектің қақпағына әзір бола алмайтын несі екен, — деді Арай. — Басқа ісінің бәрі әптиектей, қақпақ сияқты қағындысы бар ма?!»

Шышыаяққа қақпақ түсіп кеткенде қалпе селт етіп басын көгерді.

— Қызылың қырда, жасылың жарда қалмай, етек-жеңді жинақтап отырмақ ойларың жақсы, келін шырағым, - деді Қалпе. Шақпақ көк қанттан қырт дегізіп бір тістеп, артынан шай ұрттады. Әскербек қалпенің алдына ғана шашылған қантқа қарап, Арайдың тізесінен асыла қол созды. Аз қант жана қылтиып шыққан бір шоғыр бәйшешектей дастарқанның бір шетінде ғана үркектеп тұр еді.

— Ой, жүгермек, кейін отыр, — деп кейіді.

— Тиме балаға, жарқыным, — деп қалпе Әскербектің басынан мысық сипағандай қолын жеңімен бүркеп сипап қойып, бір түйір қантты қос саусағымен ғана дірілдетіп, шымшуырмен ұстағандай ұсынды. — Бұл бір бұтақ қой. Ұрық. Бар жақсы. Жоқ жаман. Кешегі өткен Жұмабек ақын:

Жаяулық пен жалғыздық

Жалғанның жаман тарлығы, —

деген.

Жалғыздық жаман, келін шырағым. Шүкірлік еткен дұрыс. Нұрперзентіңе серік бұ жаман неме. — Қалпе Әскербектің алдына қойдың құмалағындай тағы бір қант тастады.

— Баяғыда Сәрсенбі жарықтық, жатқан жерің торқа болғыр, сақалын жұлып, бармағын шайнап: «Мен өлгенде кім жылайды? Артынан жаны ашып жылаған адамы болса, шын дүниеде, таң мақшарда құдайдың мейірімі түседі екен. Мен өлгенде кім жылайды?» — деп өкіргенін өзім көрдім. Есіл ер еркеккіндіксіз еді ғой. Айтқанындай үш қызы үш жаққа кетті. Есігі жабылып, оты сөнген жоқ па?

Қалпе сөйлегенде демі кеңірдегінде әлденеге тиіп кетіп жел қаққан боғаттың қамысындай шуылдайды.

Қара серкені жайғастырып, қазанға салысып, қолы - басын жуып, шайға енді ентігіп отыра берген Мамай қалпенің әлгі әңгімесін естіп:

— Құлдық! Құлдық! — деді.

Арай қалпенің өзін үшкіре келмегенін әсте-әсте аңғара бастады. Қара шайға қанағаттанбай, қазан жаққа қарай-қарай көрші-қолаң отырды.

Арай әліптің артын бақты. Үй жылы болса да көрпемен тізесін қымтады. Шапанын иығына тартыңқырады. Жер бетіндегі күйбің тіршілікті байқап отыруға келген өзге бір дүниенің адамындай. Тек анда-санда қасы керіледі. Соның өзі сөзбен тең. Соның өзі өзгелер әрекетін иә қостап, ия даттап отырғанмен тең.

— Мүсәпір ғой, байғұс, — деді аяқ-қолы бүтін адамдар.

Арай ол сөзге тойтарыс бергісі келгендей тәкаппар. Ел бір жапырақ жаңа матаға зар болған кезде, аппақ полотнайдан кимешек, күндігі дәкенің тазасы. Көйлегі сары сылан шәйі. Шаршы шалға:

— Менің қарызымнан құтылғаның болсын, көзімнің тірісінде ахирет киімімді дайындап қой, — деп еді. Мамай Ташкентке қатынап тұратын саудагерлермен байланысып, жан бар жерде қаза бар деп, кемпірінің таза киімін тауып беріп еді. Арай оны басқа біреулер құсап, сандыққа салып тастамай, мұздай боп киініп алды. Падишадай паң. Паңдықтың нышаны да жоқ, ақжарқын адам еді. Енді паңдануды үйренді. «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» деген осындай. Егер сырттан бөтен адам отырса «мынау неткен кердең кемпір еді» деп қалғандай.

Жаратқан Алла қайырымды. Адал пәндесіне жаманшылық ойламайды, - деді Қалпе ұйықтап отырып түсінде сөйлегендей.

«Жаратқан қайырымды болса, пенделерін неге мұнша зарықтырады? Қайда оның қайырымы? Жаратқанға мына мен не жаздым?! Баламды алды. Балаларымды алды. Қыздай қосылған арысымнан айырды. Оны аштан өлтірді. Орақты өлтірді. Оның жалғыз нәрестесін жетім қалдырды. Алғанын бүлдіршіндей күнінде жесір қалдырды. Мені жарымжан етті. Күнәміз қайсы? Жер жүзінде жетім қалғандар мен жесір қалғандар жабыла қол көтерсе аспан астында бос орын аз қалар еді. Не жазыпты соның бәрі Жасағанға! Жасағанның жамандық ойламайтыны қайда?» - деді Арай. Арқасы құрысқан адамша иығын бір қозғап отырды. Жас сорпаның иісі үйдің ішін аралап, адамдардың шыдамын байқағысы келгендей аңқыды.

— Жаратқан Алланың құдіретіне шек жоқ. Бар қылам десе бар қылады, жоқ қылам десе жоқ қылады, — деді Қалпе.

«Жаратқанның құдіреті күшті болса, адамдарды, елдерді неге соғыстырып қояды? Тыйып тастамай ма? Құдіреті күшті екен, күнәкарларды ғана қан қақсатпай ма? Жаппай әлем, жұмыр жерді неге қанға бояйды? Жасаған әділ болса, біз сияқты әлсізді қорғамай ма? Менің Орағымда несі бар. Ол неден күнәкәр? Көзін ашқаннан адамдар үшін тер төккені ме? Ол бір пұттық балғамен солқылдатып темір илегенде Жасағанның жағасына жармасқан жоқ қой. Оның ұрған балғасынан шыққан темір төстіктің шыңылы құлағымда әлі тұр. Соқаның тісі, арбаның дөңгелегі, аттың тағасы оның соққаны. Қан төгер қару соққан емес. Пәлен жыл жалынып жүріп бір пышақ істетіп ала алмадым. Пышақ соққанды жек көруші еді. Сөйткен Орақ мылтық асынды. Соғысты. Көппен көрген ұлы той. Оқ тиді. Өлді. Кімнің оғы ол? Оны атқан адамның әке-шешесі бар ма? Елі, мекені, Отаны бар ма? Елі, мекені, Отанынан жырақта неғып жүрген? Жасаған оны көрмей, тәйт жөніңе жүр демей қайда қалған?» - Арай бала әлдилегендей ілгері-кейінді баяу тербеліп кетті.

— Алла деген адам қор болмайды. Адамның екі иығында екі періште отыр. Не ойлағаныңды жазып отыр. О дүниеде сол ойың, жаман пиғылың бәрі есепте тұрады, — деді Қалпе.

Арайға әдейі арнап айтқан сияқты. Арай сыр берген жоқ. Бірақ ішінен: «Е, Алла, жазсам, жаңылсам кешіре гөр. Мен бір бейбақ мүсәпірмін», — деді.

Қалпе екі аяғының басына ғана қонақтап, тізерлеп, жүзін төмен салып отыр. Селеу сақалының ұшына қарап сөйлейді. Сөйлегенде сөзбен бірге кеңірдегінен желбезек ілесе шыққысы келгендей, әлдене сыр-сыр етеді. Көзі жасаурай береді. Таң қаласың, екі бетінің ұшынан қызылшырай еш ұшпайды.

«Жарықтық енді қанша жасар екен. Мен осы елге келін боп түскенде осындай еді. Менің некемді бір емес, екі рет қиды. Менің келінімнің некесін де екі рет қия ма? Қанша жасамақ? Жасай берсін жарықтық. Адамға жүз жасаса аз ғой. Адам қалай аз жасайды. Жасаған!»

Арай өз ойынан өзі қорқып кеткендей жансыз қолы да ербең етті.

— Бәріне сабыр керек, шүкіршілік керек. Басың аман болса - құраласың. Алла-тағаланың қалауы солай, балам, екі жарты — бір бүтін болып бас құрап, түтін түтет. Орақ біріңнің ағаң, біріңнің адал алған жарың болған. Екеуің қосылып, оның отын өшірмесең — аруағы риза. Ата-баба әлхам - заманнан келе жатқан ғадат: іні - әмеңгер. Алланың қалауы солай, -деді Қалпе.

Аттарын атамаса да, кімге айтқаны белгілі болды. Үй үнсіз қалды. Терезенің түбіндегі боғаттың қамысы сырттан сарнап бір таусылмас күйге басты. Боран арындап тұр еді.

Адамдардың лебінен қабырғаларға теңбіл-теңбіл дымқыл дақ түсті. Бәрі жер шұқылады. Жалғыз сағат қана осындай тыныштықта еркінсіп сарт-сарт соқты. Осы үйде сағаттың бар екенін енді білгендей бәрі де бірінен соң бірі бас көтеріп қабырғаға қарады. Кейбіреулері оны соғыстың алдында Бурныйдың базарынан Орақ алып келгенін еске түсірді. Оның жүрісіне, дыбысына назар салып көрмеген Мамай:

— Мына иттің миды шағуын - ай, жұлып алып отқа тастаса өзін, — деп бір ойлады. Мамай тегі ол сағатты Орақ алып келгенін біле бермеуші де еді. Мамай тегі Орақтан қалған көз еді деп бір затты да бағалап, баққан кісі емес. Мамай үшін Орақтан қалған жалғыз Әскербек еді.

Арай басқаша. Оған сағаттың сартылы әлдебір әуендей, әлдебір соғып тұрған қантамырдай елестейтін. Осы сағат жүріп тұрғанда семіп қалған қолы әйтеуір бір қайта тіріліп, тамырымен лыпылдап қан жүгірердей көрінетін. Әлдеқалай Нұрперзент ұмытып сағаттың шынжыр бауы тартылмай тоқтап қалса, Арай селк етіп шошып кетуші еді.

Қазір Тотияның есіне сағат дыбысы ұзақ түндерді түсірді. Кей-кейде ұйқы қашып, жастық құшақтап, ары-бері аунай береді, — таң атпайды - ау шіркін сондайда. Ал мына сағат сол ұзақ түндерді ерінбей есептейді-ау, сабаз.

Төлеміс бригадир жоғалған қолын ойлады. Бұл кезде ол кемістігін бірте-бірте ұмытайын деп-ақ еді. Бірақ осындай бір ұсақ-түйек сайтан дүние әрнені еске сала береді екен. Бәрі мына сағаттан шығады. Төлемістің соғыста тостағандай бір сағаты болушы еді. Әскерде жүргенде өзіне тиесілі темекісін жинап - жинап соған айырбастап алған. Сол қолын Псков түбінде снаряд жұлғанда әлгі сағат қоса кетті. Содан бері темекіні өзі шегетін болды. Кей-кейде: «Сағат аман қалды ма екен? Қолыммен бірге қалды ма екен, әлде біреу шешіп алды ма екен?» деп те қояды.

Мына үнсіз хал, мына сағаттың сартылы Нұрперзентке сірә таусылмас тәрізді көрінді. Уақыттың осындай бір өтпей қойған кезі қашан еді? Қашан еді? Е - е, сона бір жылы көктемде қос айдағанда екен ғой. Осы Төлеміс бригадир мына Тұтаннан оқушы балаларды сұрап алып жер айдатып, тұқым септірген.

Екі тарғыл өгіз есінде. Екеуінің де мүйіздері шаңырақтай еді. Құйымшақтары жауыр болатын. Оған көк шыбын үймелейтін. Мойынтұрық тіреген шоқтықтары қатпар-қатпар қасаң еді. Осы отырған Төлеміс бір күні айқай салғаны есінде. Сөйтсе Нұрперзент тарғыл өгіздің үстінде ұйықтап кеткен екен.

— Нұрперзент, тракторыңның бензині ағып кетті, қарақ!

Ояна келсе шыннан әлдене шорылдайды. Тарғылдардың «бензині» екен. Тарғылдар трактордың тірлігін атқарған соң, темірден жаралмағанына налығандай өкпесі қабынып, іші солқылдап, бір басуға зорығып тұрып алар еді. Жас бала әсіресе өгіздерге мойынтұрық кигізерде қатты қорлық көрген. Біреуіне мойынтұрықтың бір жағын кигізіп, енді екіншісін жеге бергенде, анаусы шаңырақтай мүйізін шайқап қалып, самиянды шығарып-ақ жібереді, мойынтұрық сақыр-сұқыр жерге түседі...

Нұрперзенттің бір таңқалатыны: тарғылдар мойынтұрықтан мойны босасымен бір жаққа қаша жөнелмейді. Еріне басып, жерге мойнын бірер созады. Алысқа бармай бір-екі рет жапа тастайды, ұзақ тұрып «бензинін» ағызады. Содан кейін көнтек болған тізелерін бүгіп, жамбастай жатып, ыңқ деп бір күрсінеді. Содан кейін күйіс қайыра алмай, түйіліп қалғандай көзін жұмып, ұзақ ойға кеткендей болады. Есіне не түседі, оны кім біледі, бірақ жұмулы көзден жылғасып жіңішке ғана жас ағады. Оған семіз көк шыбындар мен өмірі бүйірі томпаймайтын қара шіркейлер үймелейді...

... Бәрі ұмытылады екен. Бірақ мына сағат еске қай-қайдағыны түсіреді. Діңкесі құрығанда өгіздер де әккі.

Бірде Нұрперзент шығып кеткен самиянды мойынтұрыққа сала бергенде жалаң аяғын өгіз басып қалды. Басты да тырп етпестен тұрып алды. Аяғын жаншып, сүйегін уатып жіберер ме еді, тағы да болса жер жарықтық жұмсақ, баланы аяғандай еді. Нұрперзент өгізді ары итереді, бері итереді - былқ етпейді. Жұдырықпен жауыр арқасына ұрады, көк шыбындар шошып ұшады. Өгіз былқ етпейді. Бір минут - мәңгіліктей, жаны қиналған соң, адамдарды шақырып айқай салды. Сонда жүгіріп жеткен Айдай еді. Қайда екен қазір сол Айдай? Есінде ме екен оның да сол қос айдаған кез? Қыстың ішінде Нұрперзенттің мұрнына жауқазын иісі келді. Сол көктемде қызғалдақ көп еді. Бірақ жер жыртып титықтағанда, қызғалдақ теруге мұрша келмей, үйге жетіп, сүріне жығылушы еді-ау.

Тұтан сағатқа қарап отырып Нұрперзенттің жасын есептеді. «Он алтыда ма, он жетіде ме екен?» деді өзіне-өзі.

— Мәке, осы Нұрперзент нешеге шығады? — деп сұрады Мамайдан.

Тарс жарылып кеткелі отырған шаршы шал шап ете қалды.

— Оны қайтейін деп едің? — Бір шара етті алдына алып, жалаңдаған сары пышақпен табақ-табаққа бөліп салып жатыр. Келін-кепшік, әйелдер жағына ішек-қарын, сирақ сияқты бірдеңелерді лақтырып-лақтырып тастап, қасқаланған сары құйқалы басты жамбас, тоқпан жілік, жауырынмен жабулап, қалпенің алдына қойды да, Мамай өзі де сол табаққа қосылды.

Қалпе жанқалтасынан ақ шүберекке ораған бәкісін ыстық суға шайғызып, хирургтің пышағындай бипаздап сүртіп, өзі де бір операцияға кірісетіндей, ұзын жеңін шынтағына дейін түрініп:

— Иә, бисмілла, — деді.

Бір құлақты кесіп алып, Арайдың жанында ұйықтап қалған Әскербектің алдына қойды. Екінші құлақты кесіп алып, жан-жағына қарады. Бала-шаға көрінбеді. Үйіндегі немересін ойлады ма, құлақты дастарқанның шетіне бүктей беріп еді, Арай сау қолын көтерді. Қалпеге Нұрперзентті нұсқады.

— О да бала, соған бер, — дегенін жұрт түсіне қойды.

— Әй, бұлттай аунақшып, алжымай жөніңе отыр, — деді Мамай көзінен қаһары шашырап.

— Мәке, сізге не болған, алдыға келгенді тістеп, артқа келгенді тепкілеп мазаңыз кетті ғой, тегі, — деді Тұтан.

— Сен де жабыл. Бәрің жабылып, бар бәлеңді маған үйіп-төк те, артылғаны болса, далаға шашып жібер! — деді Мамай табақтан бас алмай. — Неғып баласына қалдың түге Нұрперзентті. Жұмысқа айдағанда бала екен демейсіңдер, қабырғасы қатпап еді-ау демейсіңдер. А, менің түтінімнің тіршілігіне тұс-тұстан тиісіп, жауша жармасасың, бұ нең? Ағайындығың осы ма, әлде ішінде ит өліп жатыр ма?! Жас, бала дейді ғой. Жас па, жас емес пе — өзім білем, туғызған мен. Кіріспе, түге!

Мамай сөздің ара-арасында тұздықталған еттен асап жатыр. Арай дәм сызған жоқ. Міз бақпай қалды. Шалының ниетін әбден түсінді. Бұрыннан сезетін, бірақ мұнша шұғыл кіріседі деп ойламаған. Шаршы шалдың оған әлгіде «тәйт» деп тастағаны ауру жүрегіне мірдің оғындай тиді. Жалқау жатқан жүрегі енді өрекпіп, арық қабырғасын қатты соқты. Тіпті денесінің паралич шалған жағына да жан бітіп, қаны тасып кеткендей көрінді.

«Дүниеқоңыз қорқау шал, енді маған әкіреңдегенді шығарды шаршы топтың көзінше. Бір заманда дәуірледік, бір заманда тоздық шапанның ескісі құсап. Арадан ажар кетті, шырық бұзылды. Бұ да болса тағдыр. Ақыры не болады. Жас баланы шырылдатып, өзінен үлкен жеңгесіне қосқанда не мұратқа жетеміз. Баланың бағын байлап жеткен мұрат бізге опа бола ма? Соны неге ойламайды сорлы шал?»

Тұтан тыйылмады:

— Неге кіріспейін. Нұрперзент сізге ұл болса, маған - іні. Туысқан емеспіз бе, — деді.

Мамай майлы саусағымен аяғындағы мәсінің қонышын жонып-жонып уқалады:

— Итпен құда болсаң - тойың боқ сасиды, - деп өзіңнің Жұмабай әкең марқұм айтушы еді, сол айтқандай сенімен туысқан боп туа шөгерміз түге! Туысқан екенің рас болса, елге күлкі, есекке таң қылмай, тыныш отыр, Тұтан. Мен өзім осы кезде қайнаулы қазанға түсіп тұрмын! — деп шаңқ-шаңқ етті. Жылан көз кірпік қақпай қадалғанда Тұтан шыдай алмай төмен қарады.

Үйдің іші тым-тырыс болды. Тағы да сағат сартылы ешкімді елемей соқты да тұрды. Уақыттың біреудің қуанышында, біреудің ренішінде, адамдардың ұрысында, қырқысында шаруасы жоқ, асқақ еді.

Дастарқан жиылып, қолға су құйылды. Қалпе талған аяғын алға көсілді. Басы төмен салбырап түсе берді. Тоя жеген тамақтан соң маужырап ұйқысы келді. Мамай Қалпенің ұйқысын қашырғысы келгендей қатты-қатты сөйлеп кетті:

— Оу, әрберден кейін мысығың жоғалып кетсе де ішің ашып қалады. Бұ жерде мысық емес, адам жоғалайын деп отыр ғой. Орақтың жалғыз баласынан айырылғалы отырмыз ғой. Масқара болатын болдық қой, Тұтан-ау! Мен көзімнің тірісінде ұрығымды әлдеқайда қаңғыртып, тірі жетім, жаутаң көз етіп жібере алмаймын. Мен өлген соң өздерің білесіндер: ел болмасаң, ебелек боп ұшып кет, түге!

Қалпе басын көтеріп көзін ашты.

— Бір таза кесеге күміс теңге салып таза су құйып әкеліңдер, — деді. Бетін ақ дәкемен жауып әкел. — Басы қайтадан төсіне домалаң ете қалды. Кесені әкелген көрші әйел қалпені мәсілі аяғынан түрткілеп оятты.

Қалпе басын көтеріп көзін ашты. Қалпе күбірлеп аят айтты. Онан соң сырылдақ даусын көтере:

— Таңның ақ қасында, бүгін халық қасында... Мамайдан сызған, Арайдан туған Нұрперзентті қабыл алдын ба, қарағым? — деп кесені Тотияның қолына ұстатты. Тотия ақ орамалын қасына дейін түсіре түнеріп теріс айналды. Үн қатпады.

— Айт, қарағым, Алланың ісі, — деді Қалпе көзіне ұйқы тығылып, есіней сөйлеп.

Бас-басыңа бай қайда бақтығара,

Шал да болса тиіп ал екеуара, —

деп әндетті Кенжекүл.

— Бала да болса деп айтсаңшы, — деді Тұтан.

— Әмеңгерлік — ата жолы. Құдайы әмеңгерің ғой, келін, — деді бір пысық абысыны.

— Туған қайныңның барына шүкір, — деп қалысқысы келмеді тағы бір абысыны.

— Әй, қойсандаршы, бұларың ұят! Масқара, — деді Тұтан.

Тотия оның бетіне бажырая қарады. Кеседегі суды у ішкендей сіміріп салды да, ыдысын лақтырып жіберіп, аузын жаулықпен басты. Әлгі ішіп жіберген суы көзінен көл боп қайта шығып жатқандай ағыл-тегіл жылап қоя берді.

«Қайран Тотия, — деді Арай. — Жыла-жыла. Сенің жаныңды, неге жылағаныңды мына сорпа-суға тойғандардың ешқайсысы түсінбейді. Жыла Тотия, масқарала тәңіріні де, тағдырыңды да. Ит терісін басына қапта Жасағанның. Көз жасыңа көміп тұншықтыр «Алланың ісін!» Адамдарды жылан жылы бір, соғыста бір қырған «құдайдың құдіретіне» лағнет де.

Тастан шыққан бұлақтай көз жасыңнан айналайын, Тотия! Мына Қалпе мен ана шаршы шалды тоғыт соған.

Қайдан білсін олар сенің күйігіңді. Әйел болып көрді дейсің бе олар. Жесір әйел болып көрді дейсің бе? Жастай жесір қалған әйелдің қараңғы түндерде кірпік қақпай жататынын олар қайдан білсін. Наурызкөк келген наурыз айында көшкен бұлтқа қарап, жесір келіншектің не ойлайтынын олар қайдан білсін. Сәмбі талдың шыбығы сыздап бүршікке буаз болған кезде жесір келіншектің жүрегі ел көшкендей жалғызсырайтынын олар білер деймісің! Мен де жастайымнан жесір болғанмын, Тотия. Айтып ем ғой саған. Жесірдің күні лақтырған тас сияқты. Жетім-жесірі көп жердің өзі де лақтырған тас сияқты. Осы Жер әрберден соң денесінен жұлып алып лақтырып жіберген бас сияқты. Сондықтан онда тәртіп аз. Соғыса береді адамдары. Жыла, Тотия! Соғыстың бетін тырналап шиқандай қыл! Абыройын айрандай тек! Бүкіл жетім-жесір қалғандар қауымынан қарғағын қанды соғысты! Менің қол-аяғымды алып, тіл - жағымды байлаған «жын-пері» осы соғыс қой! Мен үшін де төк жасыңды. Өйткені мен жылай - жылай көз жасым тандырдай тартылып, ылғал қалған жоқ. Менде енді бір тамшы да жас жоқ. Бозда, Тотия! Неке қиярында боздаған соңғы келіншек сен бола ғой. Сенен кейінгіге жетпей-ақ қойсын бұл сойқан. Менің некемді екі рет қиған, сенің некеңді екі рет қиған Қалпе енді Әскербектің келіншегінің некесін екі рет қимай-ақ қойсын».

Әркім-әркім:

— Қой, қарағым, құдай жолы, оның несіне жылайсың?

— Туған қайныңның барына шүкір ет, жоқ болса қайтер едің.

— Ата-бабамыздан келе жатқан рәсім шәриәт жолы осылай. Оның несіне қапа боласың, — десіп жатыр.

Тотия тіреуді құшақтап, бұралып қалды. Солығын баса алмай отыр.

Қалпе тағы да кесе, тағы да күміс теңге, тағы да таза су сұрады. Соның бәрін Нұрперзентке ұсына бергенде алқоры таяқ ақ кесеге сарт ете қалды. Кесе сынып, Қалпенің сақалына су шашырады. Жалғыз күміс теңге дөңгеленіп барып-барып есіктің көзіндегі бір кебіске сүрініп жығылды.

Бір тамшы су келі үстіндегі жетілік шамның шынысына да тиіп кетті. Шыны шырт етті де, қақ бөлініп түсті. Тілдей от шалықтап, әшейін, әшейін деп жалпылдады. Семіз қара түтіннің иісі бұрқ ете қалды. Шам сөнген жоқ, бірақ оты ары-бері аунақшып, қай жақтан леп келсе сол жақтан үркектей берді.

— Астафиралла! — деді қалпе тынысы бітіп бара жатқандай қырылдап.

— А, әруақ атқан! — деп Мамай ызадан өз сақалын өзі тауықтың жүніндей жұлып алды.

— Ай - бой, заман-ай, — деді Кенжегүл арқасы құрыстап.

— А, бұ ібіліс жүрген жер оңбайды, бұл мүсәпір Арай келінді ібіліс күрмеп қойған. Бұған кінә жоқ. Назар салмай-ақ қойыңдар, — деді Қалпе ұзын жеңімен бет-аузын сүртіп.

— О басында мұндай істің керегі жоқ еді, — деді Тұтан.

— Көкірегіме қара қан толып кетті. Өзіме-өзім пышақ салып төксем бе екен! Жер сабап, көк жұлып, құлақ естімес, көз көрмес жерге кетсем бе екен, түге! — деді Мамай.

— Апыр-ай, көке-ай, не көрінді сонша, не боп қалды?! — деді Тұтан.

— Шық үйімнен, Тұтан! Шырқымды бұзып, берекемді шайқамай жоғал! — деді Мамай шаршы денесі тарс жарылардай ісініп.

— Орақ өліп, сен аман келгенде көрген жақсылығымыз осы ма сенен. Жақсың аттан жығылса, жаманың тұрып табалар деген осы ма? Бұ нең?

— Шықпаймын, көке! Шатпа басын Нұрперзенттің. Ол оқуға тиіс. Мына біз оқи алмай қалдық. Соғыс оқытпады бізді. Енді тым болмаса Нұрперзент оқуға тиісті. От басы, ошақ қасы етіп баланың бағын байламаңыз, — деді Тұтан.

Мамай тізесімен жылжып Тұтанның алдына барып быртық саусағымен көзін шұқып ала жаздап тұр.

— Сорлысын. Ана мешел кемпірді кім бағады сонда? Орақтың баласы қайда қаңғырып кетпек сонда? Әлде сен бағасың ба? Туысқансың ғой, мешел кемпірді мойныңа мінгізіп жүріп бағарсың, бәлкім? Ау, жанашырым, ойландың ба бір сәт. Сен кешегі өткен Жұмабай ақынның жалғыз баласысың. Сені әкең бабаның ұрпағы, сонау заманнан жалғасып келе жатқан тұқым деп зар илеп құдайдан тілеп алып, атыңды ата ошағы өшпесін деп Тұтан қойған. А неге мен өз тұқымымның үзіліп қалмауын тілемеймін? Орақтың оты өшіп, неге оның аты тылсым, өзімен бірге кетуі керек?

Ертең мен өлгенде шын дүниеде Орақпен дидарласқанда оған пе бетімді айтам мен бейбақ?!

...Қазіргі дүние әлемнің жеп отырған наны о баста бір ғана дәннен өсіп шыққан. Сол жалғыз дәнді топыраққа ұялатып, бір масақ өсіріп, бір уыс бидай алған адамның сауабы мың жылдық. Ол адам екі дүниеде өлмек емес. А сен бала оқытасың, белсендісің, осыны неге білмейсің!

— Менің мұғалім екенім рас болса, мұндай іске жол бере алмаймын. Әмеңгерлік заманы өткен. Ықтиярсыз кәмелетке жетпеген баланы некелеуге қақыңыз жоқ, — деді Тұтан.

— Кеше, соғысқа дейін комсомол болып, мына Қалпенің сәлдесін басынан жұлып алып ең, енді бүгін кәмүніс болып, менің сақалымнан алдың ғой, Тұтан! Сені ме, қап!

— Мамай, қайтесің, сол құдайдан безген күнәкар пендемен айтысып. Құдай онысы үшін жазалап қойған жан емес пе. Осы күнге дейін қатын-баласы жоқ емес пе. Тоқтат сөзді, -деді Қалпе қатуланып. — Тотия мен Нұрперзенттің некесін қидым. Оған мына жұрт куә. Аумиын! — Қалпе тізесіне қолын тіреп орнынан тұра берді.

— Өтірік айтасың, Қалпе. Менің әйелім де, балам да болады, — деді Тұтан орнынан тұрып. Орнынан таяқсыз тұрды. Бойы тіп-тік еді. Үйдің төбесіне жетеғабыл екен.

— Мен қайтайын, Мамай, есегің ерттеулі ме еді? Боран басылды ма екен? Мені үйге жеткізіп сал. Иә, жаппар ием! — Әйелдер Қалпенің кебісіне бірден қол созды. Тіреудің түбіне кебісті арғымақ аттай қосарлап қойды.

Қалпенің соңынан жұрт бір-бірлеп үйді-үйіне тарай бастады.

Тұтан босағада тұрып, артына бұрылып қарады. Арай оған басын изеді. Түсі жылыды. Тұтан қайтып орнына келді. Арайдың арқасынан қақты. Арай оның қолын сүйді.

— Нұлпелзент екеуін біл-біліңе қолған бол, — деді. — Нұлпелзент қалаға балып оқысын. Интелнатқа қағаз алып бел.

Нұрперзент келіп, апасы мен Тұтанды құшақтады. Зындан түбінен бір әлеует күш алып шыққандай тынысы кеңейді.

Тұтан тіреудің түбінде бүк түсіп отырған Тотияның иегінен көтеріп, оның бетінің жасын өз алақанымен сүртті.

Тотия Тұтанның аққұбаша бетіне ұзақ бір көз тастады. «Тұтанның бетіндегі шұбары қайда кеткен?» — деді өзіне-өзі. Онан соң төмен қарап саусағымен жер шұқылады.

Тұтан тұрып:

— Арай апа, егер Тотия біздің үйге барып жүрсе ұрыспайсыз ба? — деді.

— Жоқ, ұлыспаймын. Енді оны жылатпаңдал, — деді. — Ұмытып кетпей, Нұлпелзентке интелнаттың қағазын алып бел, — деп теріс айналды. Іргеде ұйықтап жатқан Әскербектің үстін сау қолымен қымтап жапты. Қайтадан бері бұрылып:

— Шалды кінәламандал. Ол байғұстың көңілі адал, — деді.

Осы әзір ғана қимылдап, сөз сөйлеп отырған қалыптан лезде өзгеріп, қайтадан паң, кердең кемпірге айналды. Табалдырыққа көз қадап, кереге тастай сіресті де қалды.

Табалдырық түбіне содан ширек ғасыр бұрын Орақтың кіндігін Арай өзі көміп қойып еді... Сол жерге ананың құрсағы мен баланың кіндігінен араласып қан тамып еді.

***

Арайдың ұзақ күндер, айлар, жылдар бойы босағадан көз алмай, қақшиып қалатын кездерін жақындары ауру адамның әдетіне жориды. Ал дәл сол кездерде босағаға қарамойнақ көгілдір шымшық келіп қонатынын Арайдан басқа ешкім көрмейді...

Ана үміті өлмейді...

Ана үміті өлмейді.

***

«Тірі қайт, балам!» — деген тілінен бұ күнде Мамайдан өзі де ұмыта бастап еді. Бірақ сол сөз Арайдың құлағынан кетпейді. Табиғат шіркін — шебер–ақ.

25.10.2018
Вернуться назад