Асқар Тоқмағамбетов - Бір орынға үш бастық

Асқар Тоқмағамбетов - Бір орынға үш бастық казакша Асқар Тоқмағамбетов - Бір орынға үш бастық на казахском языке


Бір орынға үш бастық, үшеуінде үш жастық. Үш бастықтың бір жастықты жастанып жатқанының бірі — Қапия. Қапия қалжырап қалыпты, шалығып жетіпті, біресе шалқалап, біресе қырындап жатып үһлейді.

— Егер, мен келмесем осы колхоздың қой фермасына бастық табылмай қалатындай! — деп ренжиді ол.

— Семьяңыз қайда?

— Ауданда, көшіріп келу керек. Оған көлік, оған уақыт, ат, арба, ақша... керек.

— Сізді кім жіберді?

— Аудан! Міне жолдама! — деп машинкаға басқан бір жапырақ қағазды омырау қалтадан суырды.

Ендігі үш жастықтың бірін жастанып жатқан — Бекіш. Бұл осы колхоздың өз адамы, бұрынғы бригадир, қазіргі қой фермасының болашақ бастығы, Бекіш те бойкүйезденіп қалыпты. Салмақтанып сөйлейді, ауыр қимылдайды, әрең қозғалады.

— Арбаға бір ат жеккеннен екі ат жеккен жаман екен. Дырылдата қашып, ала жөнейді. Қарым салдырап, қолым салбырап қалды. Еті жыртылған ба, желке де көтертпейді, шалқая берген соң... — деп ол да қалтасынан қағазды суырып жатыр.

Бекіштің қағазы мықты секілді, мөрі де жалпақ, қойылған қолы да ирек-ирек.

— Аудандық ауылшаруашылық бөлімі арнап шақырып, қолыма жолдама бермегенде, мен көнбеген де болар едім. Басқасы да емес, ең дөкей бастығының өзі кабинетіне кіргізіп алып, осы қағазды берді — деп о да шіренді.

Үш жастықтың тағы бірін жастанған — Смағұлдың өзі, бұрынғы бастық. Анау екеуі "орныңа келдік" десе, ол кеңкілдеп күледі, күледі де кеудесін көтереді, маңғазданып жөтеледі.

— Маған әлі "орныңнан түстің" деген арнаулы бұйрық жоқ! — деді де жастықты бауырына тарта түсті. Сөз сонымен тынды...

Ақырын ғана ыңылдап Қапия жатыр:

Деген екен дегенге деген екен,

Құр әуре боп Қапия келген екен! —

десе, бұрын ойласып осыны айтайық дегендей:

Бізді әуре қып шақырған аудандағы, —

Бюрократ төре ме, немене екен?!

деп Бекіш домбыраны тыңқылдатты.

Смағұл да тіс арасынан сызықтап ысқырып алды да мұқалдап "тоқпағым мықты..." дегендей емеурін білдірді:

— Солай болса, жолдастар, солай шығар,

Қайтқандарың аулыңа қолай шығар.

Менің атым Смағұл, өзім бастық,

Қандай кісі алуды оңай сынар.

Сонымен бір орынға үш бастық, үшеуінде үш жастық. Олар әрі жатты, бері жатты, ақыры бөрі ауданға тартты, мүдделерін айтты.

Мал неғып жатыр? Кім бағып жатыр? Қыс қалай болды, ондағы іс қалай болды? Онда ешкімнің жұмысы жоқ.

Қыс өтті, көктем туды, қой қоздай бастады. Онымен тағы да ешкімнің ісі жоқ. "Сен салар да, мен салармен" жұмыс жүріп жатты.

— Қысқы отарымыз "Қонды", жайылымға онды. Мал семіз - ақ болды, — деп (сұрай қалсаң) Смағұл төсін қағады. Бірақ қыс бойы ол мал басына барып көрген емес. Сырттан жобалап, сырттан шамалап, ауданда жүріп кесіп-пішіп жүр... Айтысу біткен жоқ.

Сонымен үш бастыққа да тыным жоқ. Бастықтар ауданға қарай домалайды, әркім әртүрлі жобалайды. Қайсысының болары белгісіз.

Тегі аудан басшылары осындайды қызық көреді-ау шамасы.




KZ » Қазақша Әңгімелер & Мақалалар жинағы, бастық, Қапия, жатыр, біресе, орынға, керек, Бекіш, колхоздың, болды, жатты, қалыпты, жастанып, үшеуінде, жастық, Смағұл, жастықты, қағазды, қалай, ауданға, жолдама, бастық, Қапия, жатыр, біресе, орынға, керек, Бекіш, колхоздың, болды, жатты, қалыпты, жастанып, үшеуінде, жастық, Смағұл, жастықты, қағазды, қалай, ауданға, жолдама, Асқар Тоқмағамбетов - Бір орынға үш бастық ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер