Асқар Тоқмағамбетов - Көкек бас

Асқар Тоқмағамбетов - Көкек бас казакша Асқар Тоқмағамбетов - Көкек бас на казахском языке


Гурьевке жаңадан келгем. Мұнай техникасымен таныстығым аз еді. Сондықтан мұнай шығару жұмысымен, оның техникасымен тез танысуға арман болдым. "Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан" дегендей, бір жолдасым тап бола кетті. Екеуіміз шұрқырастық та қалдық. Амандық айтылып, жай-жағдай қазылып жатыр. Мен сөздің бетін мұнай жайына кенет бұра қойдым. Мұнай шығару жөніндегі азды-көпті естігенімді пысықтап алғым келеді.

— Сіз көптен істейсіз ғой? — дедім жолдасыма.

— Енді бір он-он бес күнде он жыл толады, — деді ол.

— Онда сіз мұнай жайын жақсы білетін болдыңыз ғой? — дедім мен, қуанып кетіп.

— Е, азды-көпті білеміз ғой...

Мұнай жайында білетінім шамалы болғандықтан қазбалап сұрағам жоқ, тек қана:

— Сіз маған скважина дегеннің нендей нәрсе екенін түсіндіріңізші, — дедім жолдасыма.

— Скважин дегеніміз скважин - дағы! — деді ол ойланып тұрып: — чесный слово, соның қазақшасын білмеймін.

— Жоқ, оның аты емес маған керегі скважинаның қандай жұмыс атқаратыны.

Ол иығымен қоса миығын көтерді де:

— Скважинаның жұмысы дейсің бе?.. Ой, ол басқасына қарағанда онша елеулі емес... — деді, тыжырынып. Соңына түсіп қазбалай беруге жолдасымның сырын білмеуші ем де, скважинаны жылы жауып қойып, эксцентрик жөнінде сұрауға көштім. Ол мұнымды ұнатпай тыжырынып қалды. Дегенмен:

— Чесный слово, есітпеген затым. "Көкек бас" бір темір бар. Аты жадымда жоқ. Әлгің сол емес пе екен? Өзі жазы-қысы жоғарылы-төменді ырғатылып тұрғаны... Жем шоқыған тауық секілді.

— Сіздің айтқалы тұрғаныңыз качалкасы болар?

— Кім білсін, качалка ма, мачалка ма? Әйтеуір өзім оны "көкек бас" деймін...

Осыдан әрі мен одан түңілгендей болдым.

— Еһе, сөйтіп мұнай өз бетімен, біз өз бетімізбен жүріп жатырмыз десеңізші, — деп едім, ол мұныма шамданып қалды. Дегенмен:

— Қалайша, біз болмасақ, мұнай өздігінен шығар ма еді? Мысалы айталық, көлік жеткізу, азық жеткізу, тағы тағылары бар емес пе оның? Кеңседе отырсақ та, міне, соның бәріне тікелей көмектесеміз, — деді. Осыны айтты да ол кетуге айналды. Мен оны жолынан қалдырғаным жоқ.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар емес пе? Ол жолдасымның аты-жөнін айтуға қазір аузым бармайды. Өндірістің ортасында он жыл отырса да, оның жайынан он ауыз мағлұматы жоқ боп шықты. Тек кеңседе отыра - отыра орындықты жауыр қылған сол жолдасымның өзі "Көкек бас" емес пе тегі? "Көкек өз атын өзі шақырады" деген бар еді ғой.




KZ » Қазақша Әңгімелер & Мақалалар жинағы, Мұнай, техникасымен, сөздің, болдым, дедім, шығар, жолдасымның, Көкек, болар, шығару, тыжырынып, жаңадан, маған, жатыр, жеткізу, слово, жолдасыма, соның, отыра, Мұнай, техникасымен, сөздің, болдым, дедім, шығар, жолдасымның, Көкек, болар, шығару, тыжырынып, жаңадан, маған, жатыр, жеткізу, слово, жолдасыма, соның, отыра, Асқар Тоқмағамбетов - Көкек бас ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер