Қазақша әңгіме: Фариза Оңғарсынова (Мен қалай журналист болдым)

Қазақша әңгіме: Фариза Оңғарсынова (Мен қалай журналист болдым) казакша Қазақша әңгіме: Фариза Оңғарсынова (Мен қалай журналист болдым) на казахском языке


Гурьев облысында шығатын «Коммунистік еңбек» (менің бала кезімде «Социалистік құрылыс» деп аталатын еді, кейін «Коммунистік еңбек», ал қазір «Атырау» деп атын өзгертіпті) атты газетке ең алғаш келгенім әлі есімде. Бұл 1966-жылғы шілде (біздің жақта Зауза деп атайтын) айының тоғызыншы жұлдызы болатын. Керемет сән-салтанатымен емес, белгісіз әлемнің құпия қасиеттерін жасырған болмысына өз бетімше есігін қағып келген күнім қиындықтарымен жадымда қалды-ау деймін.

Менің мамандығым - мұғалім. Әуелі Алланың, қала берді өз көңілімнің бастауымен аяқ астынан өмірімде иісі мұрныма келіп көрмеген газет редакциясының «партия тұрмысы» атты бөлімінен бір-ақ шықтым. Өзім 30 шақырым жердегі Дамбы ауылындағы «Қызыл балық» колхозында тұрамын. Ол Балықшы ауданының территориясында. Отыз шақырым жердегі колхоздан қаланың қақ ортасындағы редакцияға жету дегенің әбден азап екен. Шырпының қорабындай автобус сағат, сағат жарым сайын Дамбыға жүріп тұрғанмен, жүргіншілерлің бас-аяғы таусылмайды. Бүл жақтағы төрт балық колхозындағы халықта кәсіп жоқ - дені қалаға барып жұмыс істейді. Содан болу керек, Гурьев қаласы мен Дамбы ауылының арасына жүретін маңдайында 12 санды автобус ылғи аузы-мұрнынан шығып, айы - күні жетіп, аяғын әрең басып жүрген итжанды келіншек секілді, ырғалып-жырғалып бара жатқаны. Бұл маршрутқа көбінесе Алексей деген кәріс жігіт пен кавказдық ағайындарға ұқсайтын қалың қабақ, сұңғақ бойлы, бұйра бас жас қазақ жігіті Жолдас жүреді.

Таңғы жетіде үйден шығып, ішінде ине шаншар жер жоқ автобусқа ілесе алмағасын, колхоздың пияз сатуға бара жатқан жүк машинасына отырып, ертеңгі сегіз жарымда редакцияның жұпынылау жатаған үйіне ендім. Бөлмелердің көбі жабық, әлі жұмысқа келе қоймаған екен.

Кеше редактор Түсіп Бисекенов ағамызға келгенімде, «Партия тұрмысы» бөліміне барасың, сол бөлімдегі облыс жастарын тәрбиелеу мәселесімен өзің айналысатын боласың деп жіберген. Коридорда әрі-бері жүрдім, хабарландыру, көр-жер ілінген қабырғаларды көзіммен бір сүзіп өттім. Бір кезде аяғын сылтып басатын жасы алпысты алқымдап қалғанмен, жүзі мен мейірімді көздерінен, жирен шаштарын қолымен қайырып қойып адамға қарағандағы болмысынан жылу мен жастыққа ғана тән бауырмалдық ықылас сезілгендей қара көзілдірікті кісі сырттан еніп, ұзынша тар коридордағы бильярд үстелінің жанында таң атпай шоқиып тұрған маған күлімсірей амандасты да, қоңырқай коридордың түкпіріндегі соңғы бөлмеге барып кірді. Бұл – Сапағали ағай екен, секретариатта жұмыс істейді: макет сызады, материалдарды баспаханаға жібереді, газет санының әр бетіне әр беретіндей әрі сәндендіріп тұратындай фотосурет іріктейді, оларды ретушьтен өткіздіртеді. Кейін білсем, газеттің әр санының көзге көрінбес, бірақ кез келген палуан көтере алмас салмағын жалғыз тартатын редакцияның сары атаны осы кісі екен. Сапағали аға - редакцияның жауапты хатшысының орынбасары.

Қашан, қандай мәртебедегі жұмыс орны болмасын, ондағы қиындық бірінші басшыға түспейді, бәрін оның орынбасары атқарады. Көп адамдардың бірінші басшы болуға ұмтылып, жанұшыра жүгіретінінің бір себебі сол-ау деймін. Бірінші басшы нұсқау беруші, ақыл айтушы, жұмысқа алушы және басқа міндеттерді атқарушы, мәртебелі жиналыстарға қатынасушы, шет елдерге барушы, тағысын тағылар. Ал, көптеген жерлерде барлық қара жұмысын атқаратын - екінші адам.

«Коммунистік еңбек» газетінің күл-күпірін шығарып, бейнетін көретін аз адамдардың бірі осы Сапекең еді.

Бір кезде екеуі де егіз қозыдай бір-біріне ұқсас, тәмпиген бойлары да қарайлас екі жігіт сырттан кірді де, алдыңғы бидай өңді сәл толықшасы маған бұрылып, қолын берді. Сосын үлкен ізетпен:

- Саламатсыз ба? Фаризасыз ғой?.. - деді кідіріп. Мен басымды изеп үлгергенше маған амандаспастан өте шыққан қалың қасты тығыншықтай қарасы «партия тұрмысы» деген әйнектің астында тасқа басқан жазуы бар есікті ашып, емпеңдей ішіне еніп үлгерді. Менің жаныма кідіргені:

- Біздің бөлімге келеді деп еді, кірмейміз бе? - деп, менің нақұрыс адамдай тұрысымда іштей дағдарыстың ұшығы бар екенін бірден аңғарғандай, есікке меңзеді. Сүйткенше болмай, есіктен екпіндерінен жел ескен төрт-бес адам кіріп келе жатты. Алдыңғысы -үстінде ақсары жұқа шолақ жең бешпет, сол түсті шалбар киген қыр мұрынды, жанары жарқ етіп қарағанынан ақ көңіл, жамандық жасау қолынан келмейтін адам екені көрініп тұрған Түсіп Бисекенов, Осы газеттің редакторы. Кеше алдында болып сөйлескенмін. «Аздап өлең жазатының болмаса, Оңғарсынова деген журналисті ешкім білмейді. Бір бас сұғып алғасын, адамды жұмыстан шығару да бұл заманда қиын», - деп Түсекең ақ жарылып, өз көңіліндегі мен туралы, менің газет жұмысына үйрене кетіп, мақала жазуыма онша сенімі жоқ, яғни, күмәнді екенін айтқан. Бірақ облыстық партия комитетінің сол кездегі идеология хатшысы Мұқамбетқазы Тәжинге кіріп, өзім творчестволық орта іздеп жүргенімді, аздап өлең жазатынымды айтып ем, ол кісі редактормен сөйлесіп:

- Біздің облыста мына Фаризадай өлең жазатын, мәдениет, әдебиетке жанын салатын қыздар көп қой шамасы? - деп бірден отырған орындығының салмағын сездірер дауыспен тіл қатты.

Сонымен не керек, облыстық газет редакциясындағы жалақысы ең төмен (сексен сом) жұмыс - кіші әдеби қызметкер болып келіп тұрған бетім осы.

Сырттан енген төртеудің бірі ұзын бойлы, көзілдірік киген қапсағай қара - осы облыстағы аз әдебиетшінің бірі, «Ақ бөбек» пьесасын жазған Берік Қорқытов.

Ақсары өңді, бой-сойы да, орнықты жүріс-тұрысы да, келісті келбет, көркі де сырбаздық пен парасаттылықтың қасиеттерін аңғартқандай үшінші кісі - редактордың бірінші орынбасары Әбуғали Ғабдуллин. Ал, шапшаң қимылды, орақ тұмсықты шағындау арықшасы - Шөпенғали Дәуенов, редактордың екінші орынбасары. Шөпенғали ағамыз да - мен туып-өскен сонау Нарын құмы мен Каспий теңізінің аралығындағы Манаш ауылының түлегі.

Бәрі де амандасқан болғанмен, нағыз жүректен шыққан ықылас, редакцияның есігін алғаш жасқанып ашқан қыз баланы жасқамай, жатырқамай, қайта, бауырына тартқандай сыңай білдірген біреуі болмады. Партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі, редакция ішіндегі жылы ұшыраған жалғыз адам - Құмарғали босаға жақтағы үстелге мені отырғызып, терезе жақта, яғни төрде, өзіне қарсы отырған бағанағы тығыншықтай қалың қабақты иегімен нұсқап:

- Мына жіпт - Тәжі Әкімов, осы бөлімнің аға қызметкері, енді өзіңмен үшеу болдық, -деді шынайы күлімсіреген күйі.

Редакция бөлмесінің босағасын алғаш көріп отырған менің қызметкерлік жұмысымды неден бастарға білмей, екі қолым алдыма сыймай барады. Ақыры, «түсі игіден түңілме» дегеннен бе, жүзінен мейірім сәулесі көрініп тұрған Құмарғалиға қарадым:

- Мен мұнда келуін келіп қалғанмен, журналистік жұмыс дегеннің қалай екенін білмейтін едім, - дедім бетім бүлк етпей, Құмарғали мен Тәжіге әкем тапсырып кеткендей. Тәжі сықылықтап күлді де, үстелінде жатқан бес-алты ашылған хатты алып, менің жаныма келіп, үстеліме қойды.

- Журналистің жұмысы хатты қорытудан басталады, - деді әлі де күлімсіреген қалпы.

- «Қорыту?»..

- Мысалы, мынау - Сәрсенбай Жұмашевтің хаты. «Жанбай» ауылындағы Жасболат Өкешев деген машина жүргізуші азаматтың адамдығы, адалдығы, еңбегі туралы жазған. Адамның бәрі Жасболат секілді болса, заман түзелер еді дегенді айтқысы келеді. Енді хатты талдап қарасақ, бастауышы бір жақта, баяндауышы тағы бір жақта дегендей, жүйе жоқ. Мысалы, тас қалап үйдің қабырғасын тұрғызсақ, әр кірпіштің жан-жағындағы артығы болса, шауып тастаймыз, кемісі болса, цементпен толтырып жібереміз. Хат қорыту деген де сондай: ішіндегі маңызын алып, олпы-солпы сөйлемдерді қайшымен қиғандай жөндейміз. Хаттың кемшілігі аз болса, үстінен қарап, түзетеміз. Ал, бәрін бастан-аяқ қайта жазатындай күйде болса, хаттың мәнін қалдыратын мақаланы басқа қағазға жазып шығамыз. Тақырыпты тартымды қою -журналист материалының басты шарты. Осының бәрін қарап, тексеріп, тақырыбын қойып болғасын материалды машинкаға бастыруға береді. Өз атыңнан жазған материалдар, бөлімнің қорытылған хаттары, үлкен материалдар көп болса, олардың бәріне сыртына бөлімнің аты мен өз фамилияңызды жазып, бір папкаға салып, сосын барып машинка басушыға берген дұрыс.

- Ии-ә, Оңғарсынова жолдас келіп қалыпты ғой! - деген қуанышты жарқын үн шыққанға басымды бұрсам, екі қолы қалтада Меңдекеш кіріп келеді. - Міне, енді дұрыс болды, - деп қуана күліп қолымды алып жатыр.

«Партия тұрмысы» бөлмесінен шығып жатқан дауысқа ма, жоқ, менің осы бөлімге бүгін келетінімді естіп алған ба - журналистер бірінен кейін бірі келеді. Өңшең саусылдаған жігіттер. Әйел затынан хат бөлімінде жұмыс атқаратын Хадиша апай Сұлтанғалиева екен.

Алғашқы мақалам - Құмарғалидың тапсырмасымен қаладағы бір мектептің білім күні -1-қыркүйекке әзірлігі туралы жазылған сексен жолдық хабар.

Өзімше «қатырып» жазып, мәшенкіге бастырып, Құмарғалидың алдына қойдым. Бөлім меңгерушісі қарауындағы қызметкердің мақаласын қарап, тексеріп, пайдаға асады десе, қолын қонжитып, сосын секретариатқа береді. Секретариат жоспарланған материалды газет бетіне жіберу үшін макет, яғи газет санының сұлбасын қағазға түсіреді.

Түскі үзіліс алдында Құмарғалидың алдында тұрған өзімнің алғашқы мақалама көзім түсіп кетіп еді - масқара! Қызыл-ала шыймай! Құмекең олақ әйелдің тіккен киіміндей олпиып-солпиып тұрған сөйлемдердің үстінен қарап, қызыл сиямен жөндепті. Бірақ жөнде деп өзіме қайтармай, газетке беруге қолын қойыпты.

Жұмыстан кейін отыз шақырым жердегі үйіме жеткесін әйда жылайын! Ызаланып, өзімдей кісінің материалымды қан-жоса қылғанына қорланып, ақыры іштей тістенумен көрер таңды көзіммен атқыздым.

Сол жылы алғаш рет «Жалған санитаркалар» атты фельетон жазғаным бар. Менің ең оқсатпаған жерім - өзімнің туған ауылымдағы, өзімді айлап емдеген аурухананың былықтары жайлы жазғаным еді. Жұрт өз ауылының жаманын жасырып. жақсысын асырып жүрсе, мен олардың кемшілігінен бастаппын ғой. Фельетоным жаман шықпады.

Облыстық газетте істеген 7-8 айда өзімді мойындатам деп тырысқаным сонша, адамгерішлік тақырыбындағы мақалалар, түрлі мәселелер көтерген және басқа очеркгер мен репортаждар, қойшы, әйтеуір бас сұқпаған тақырыбым қалмады.

Дегенмен тырысуым бос кетпеді - кейін Қазақстан Орталық партия комитетінен біздің газетті тексеруге келген мәртебелі комиссия мүшелерінің назарына менің жатпай-тұрмай жазғандарым ілініпті. (Мен ол кезде жұмыс бабымен жолсапарда жүргенмін). Мұның бәрі - өмірлік сабақтарым.

Мен журналистік мамандықты керемет жақсы көремін. Журналист - халықтың жанашыры, адалдық пен әділетке арашашы. Тек осы парызды қолына қалам алғандардың бәрі өмір бойы Аяз бидің шарығындай пір тұтса ғой.

Мен журналистік оқу оқымағасын, жұрттан үйренгім келіп, қазақ, орыс тілдеріндегі газет-журналдарды көп оқитынмын. Әсіресе, адам тағдыры жайлы жазылған, кейбір роман-повеске бергісіз Татьяна Тэсс, Ольга Чайковская және басқа айтулы журналистердің мақалалары маған өте ұнайтын.

Егер мен ақын болмасам, қартайғанша ел кезіп, әділет пен шындықты дәлелдеу үшін азып-тозып айшылық жол жүруге бар журналист болар едім, Алайда, менің ақын ретінде қалыптасуыма да журналистік жұмысымның көп әсері болды,

Мен бұл тағдырымды мақтан етемін.




KZ » Қазақша Әңгімелер & Мақалалар жинағы, фариза онгарсынова Мен қалай журналист болдым ангимелери казакша Фариза Оңғарсынова әңгімелері, фариза онгарсынова ангимелери казакша, Фариза Оңғарсынова әңгімелері әңгімесі, фариза онгарсынова рассказы на казахском языке, Мен қалай журналист болдым, фариза онгарсынова Мен қалай журналист болдым ангимелери казакша Фариза Оңғарсынова әңгімелері, фариза онгарсынова ангимелери казакша, Фариза Оңғарсынова әңгімелері әңгімесі, фариза онгарсынова рассказы на казахском языке, Мен қалай журналист болдым, Қазақша әңгіме: Фариза Оңғарсынова (Мен қалай журналист болдым) ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер