DataLife Engine / Қабылданған дұрыс шешімдерім менің өмірлік ұстанымым

Қабылданған дұрыс шешімдерім менің өмірлік ұстанымым

Менің өмірлік ұстанымым-шәкіртіме шынайы білім мен тәрбие беретін ұстаздық мамандық. Бұл мамандық менің мойныма тағылған қасиетті тұмарым.

Шәкірт атаулыны өз жанына серік еткен маман иесін яғни, ұстаздарды былайғы жұрт қоғамдық ойдың көшбасшысы деп қабылдайтыны сөзсіз. Иә, шәкіртінің жүрегіне білім мен тәрбиенің ұясын сала білген қарлығаштардың қоғамдағы рөлі де өзгеше. Жұрт «шәкірттің санасына білім мен тәрбиенің шамын жағып, қараңғылықта жарық сәуле беруші күн» деп құрмет тұтатын оларды жақсылыққа жақ болып, жамандыққа қас болатын, әділдіктің туын көтеретін және сол жолда ұшқыр ойы, патриот мінезін қасқайып тұратын белсенді топқа қосып, оны өзінше қадір тұтады. Осындай ұстаз атты ізгіліктің иесі болу кез келгенге бұйыра бермейді. Білімді де тәрбиелі ұрпақты өсіру өзінің жүріс-тұрысымен , әдепті де сыпайы мінезімен ,сауатты сабағымен шеберлік таныту таудай талапты қажет етеді.

Менің өмірлік ұстанымым – таудай талапты қажет ететін мамандық , ұстаздық мамандық және осы мамандық бойынша шәкірт жүрегінен орын тауып тәрбие мен білімнің дәнін егіп көгерген жасыл ағашқа айналдыру,жақсы адам болып шығуға тәрбиелеу, өмірдегі қабылдаған дұрыс шешімдерімнің ең бастысы болып табылады.

Шәкірт тәрбиелеген ұстаз бен ағаш өсірген бағбанның іс-әрекетті бірдей. Бақша ағаштарына қарап тұрсам егілген ағаштардың баптаумен, қадағалаумен өскен түзуі де, қараусыз өскен қисығы да бар. Бұл ағаштарды дұрыс баптап , қадағалап өсіру бағбанның қолындағы іс. Ол таңның атысымен кештің батысына қарамай ,маңдай терін төгіп қадағалап өсірсе жапырағын жайған көйлеңкелі түзу ағаш өсері анық. Ал қараусыз қалса қисық ағаш та қисық өсіп, қараусыз дүниеге келеді. Ұстазда өз шәкіртіне келген күннен бастап ,партаға отырғызып, қаламды қолына ұстатып,білім мен тәрбиенің сәулесін дұрыс шашып, бағып-қағып өсірсе ағаш секілді түзу өсіп ,жайқалған жапырақты ағаштың көйлеңкесінде жаны сая табады. Бағбанның ағашты баптаудағы құралы –үшкір күрегі мен тынымсыз еңбегі болса, мұғалімнің шәкіртті тәрбиелеудегі басты құралы-өз бойындағы жақсы мінез-құлқы мен адамгершілік қасиеті, сапалы білімі болуы керек.

Ұстаз ең әуелі білім мен тәрбиеден бұрын,өз шәкіртін өз баласындай жақсы көре білу және жүрегінің жылуын, өз бойындағы жақсы қасиеттерін сезіндіре білуі лазым. Сонда ғана шәкірт ұстазының тәрбиесі мен білімін жатырқамай санасына сіңдіре алады. Осы сөзім дәлелді болу үшін мына әңгімені айта кеткенді жөн санадым.

Бір профессор , өз студенттерін Балтимор қаласының кішкентай бір ауылына жібереді. Сондағы тапсырма – ол ауылда тұратын 200 ер баланың мінез-құлқын зерттеп, әрбір баланың келешегі жайлы өз тұжырымын жазу болатын. Тапсырманы орындап келген студенттердің берген бағасы бір болды – балалардың ешбірі “адам” болатын емес деп тұжырымдайды.

25 жылдан кейін социология пәнің басқа бір профессоры осы зерттеу жұмысын тауып, өз студенттеріне жобаны жалғастырып, жобадағы балалар тұратын ауылға барып, балалардың қандай адам болып өскенін қарап келуін тапсырады. Студенттер ол ауылдан көшіп кеткен не болмаса қайтыс болған 20 шақты баладан басқасының бәрін тауып алады. Қалған 176 баланың бәрі де керемет жетістіктерге жетіп, адвокат, дәрігер, бизнесмен болғанын көреді.

Профессор қатты таңқалып, 25 жыл бұрын зерттеу нәтижелерінің неліктен қате болғанын білгісі келеді. Ержеткен балалардың бәрі әлі сол өз ауылдарында тұрғандықтан, ол жерге барып әрқайсысымен жеке-жеке сөйлескісі келеді. «Кішкентай кездеріндегі қиын жағдайларға қарамастан, жақсы азамат болып өстіңдер. Жетістіктеріңді қалай түсіндірер едіңдер?» сұрағына бәрінен де бірдей жауап алады: «Ауылымыздың мектебінде бір мұғаліміміз бар еді. Бәрі де соның арқасы.» деп жауап береді.

Профессор мұғалімді тауып алып, онымен де сөйлескісі келіп, үйіне дейін барады. Бетін әжім басқан құрметті ұстаздан жасөспірімдерді көшенің теріс әсерінен қалай құтқарып, олардың жақсы азамат болулары үшін қандай тәрбие бергендігін сұрайды.

Көздерінен мейірім төгілген ұлағатты ұстаз, күлімдеп қана: «Оп-оңай»,- дейді – «Мен ол балалардың бәрін жүрегіммен, шынайы жақсы көрдім» деген екен.

Иә, өз сөзімді қорытындылай келе: «Егер бір жылыңды ойласаң, дән сеп; он жылыңды ойласаң, ағаш ек; бір ғасырыңды ойласаң, жақсы адам тәрбиеле» дейді.

Сондықтанда жақсы шәкірт тәрбиелеп өсіру менің өмірлік ұстанымым және дұрыс қабылдаған шешімдерім болып қала бермек.

05.11.2018
Вернуться назад