Ғабиден Қожахмет | Баянда ойналған әуен

  Ғабиден Қожахмет | Баянда ойналған әуен


Қожабақы ауылы жайлы ертеректе шыққан "Сағындым сені, Арандым" деп аталатын ән бар. Бұл - ауыл жайлы ән.

Аранды - бұлардың ауылының тұсындағы қырдың аты. Аранды қыры ауылдың төлқұжаты секілді. Ауыл сол қырдың етегінде жатыр.
Өзінің де бір өлеңінде жазғаны бар еді:

Аранды қыр - даланың тауы мұнда-ай,
Дарқан мінез даладай қауымыңда-ай.
Биігіңнен көз салсам атырабыңа,
Қожабақы көлбейді бауырыңда-ай.

Аранды жайлы әннің сазгері Досекең мектептің тәрбие ісінің меңгерушісі болып істеді. Аталмыш әнді шығарған автор. Өлеңін ауылдан шыққан ақын-журналист азамат жазған. Кейіннен аудандық баспасөз саласына ауысып, Қазалы аудандық "Қазалы" газетінде жауапты қызметтер атқарған бұл азамат ол кезде ауылда арнаулы орта білімді дәрігер болып істеген.

Досекең - баян аспабында шебер ойнайтын өнерпаз. Кезінде талай концерттердің басы-қасында жүрген. Жалпы, бір шақта ауылдың бірқатар өнерпаз әншілері халықтың құлақ құрышын қандырғанын ел кейін де айтып отыратын. Өзі де "Ауылдың алты ауызы" деген өлеңінде олар жайлы жазғаны бар. Бұл өлең "Күміс құман-ай" әнімен айтылатын.

Өнер құсы ауылды анық тапқаны-ай,
Ән қанатын көгімде қалықтатқаны-ай.
Сара менен Шамшагүл, Мараштардай-ай,
Әншілері әсем ән шарықтатқаны-ай!

Ауылдастар-ай,
Қауымдастар-ай.
Қожабақы ертеңі -
Ауыл жастары-ай!
Көңіл күймен-ай,
Ойнап биле-ай.
Ән менен жыр орнасын әрбір үйде-ай!

Бұлар мектепте оқушы болып жүргенінде монтажға қатысатын. Монтаж салтанатты жиындарда айтылады. Ондай салтанатты жиындар көбіне мәдениет Үйінде өтеді. Монтаждың арасындағы әндер баянда сүйемелденеді. Сол кездегі монтаждың арасындағы жиі айтылатын белгілі әндердің бірі мынау еді:

Ақ бидай - әнім, ақ бидай - дәнім,
Ақ пейіл халқым, ақ пейіл әр үй.
Еңбегі - шежіре, ерлігі - дастан,
Қазағым осы дәулеті тасқан.

"Қазақтың нағыз шырқаған кезі" - деді ғой Леонид Ильичтің өзі.
Мақтанса бүгін, мақтансын қазақ,
Төбесі көкке тимей тұр аз-ақ.

"Сағындым сені, Арандым" әні баян аспабында бұлардың осы мектепте оқып жүрген кезеңінде шыққан ән еді. Баянда шыққан, баянда орындалған, баянда сүйемелденген. Досекеңнің өзі де сол кезеңде мектепте музыкадан сабақ беріп жүрген кездері болған.

Кейін бұлар ержетті. Бірінші курсқа түсіп, қысқы каникулға келгенінде, сол мәдениет Үйінің алдында Досекеңмен жолығысып қалды. Досекең бұған: "Бітірген соң өзіміздің мектепке кел", - деген еді сонда. Ал оқуын бітіріп шығуына әлі 5 жылдай уақыт бар еді.

Кейін мектепке келгенінде сол Досекеңнің жанында тәлім-тәрбиелік іс-шараларға көп араласты. Ағымдағы жұмыстардың бағдарламасын жазды. Досекеңмен бірге іс-шараларға қазылық жасасты. Бұл іс-шаралар да мәдениет Үйінде өтетін. Оқушылар монтаж айтатын. Баянды енді "Yamaha" аспабы алмастырған еді. Оны мәдениет Үйінің меңгерушісі ойнайды.

Бірде Досекеңнен: "Досеке, осы "Сағындым сені, Арандым" әні қалай шықты?" - деп сұрағаны бар.

- Ол кезде кейбір нәрселерді Жетіскенге жаздыртып алатын едім. Бірде сондай бір жұмысымның не болғанын сұрағанымда, автобусқа мініп, қалаға кетіп бара жатқан Жетіскен: "Қағаздарымның арасында дайын тұр. Өзің үйге барып ала бер", - деді. Сонда қағаздардың арасынан бір өлең шықты.

Сағындым сені, сағындым сені, Арандым,
Төсіңде жүріп білмеуші екем бағаңды.
Жолдарың сенің қол бұлғап әр кез тұрады,
Армандай болып билеп ап менің санамды.

Өлең өзіме ұнап кетті. Осы парақты да өзіммен бірге ала кеттім. Ән осыдан шыққан еді.

Бұл әнді ауылда көп әнші айтты. Соның ішінде өзіме Райсаның айтқаны көбірек ұнады.

Райса Темірбаева - мектепте музыкадан сабақ беріп, кейіннен зейнет демалысына шыққан ұстаз.

"Одан кейін ән шығарған жоқсыз ба?" - деген сұрағына Досекең: "Жоқ, одан кейін ән шығарған жоқпын", - деді.

Осы Досекеңнің әңгімесінің негізінде бұл кейінірек өлең жазды. "Туған жерден сыр ұққан" дейтін бұл өлеңі Қазалы аудандық "Тәуекел туы" газетінде жарық көрген еді.

...Әуен тілеп тұрғандай жыр болыпты,
Сазгердің де болмысы анық соны ұқты.
"Арандым" деп әншілері шырқайтын
Өмірге әуен осылайша келіпті.

Деді ме онда әнге айналып кетер-ау,
Туған жерді жырламасаң бекер-ау.
Төскейінде жүріп те адам өз елін
Осылай да сағына алады екен-ау!

Кемеңгер Өтеп - Досекеңнің ұлы. Ән шығарады. Кемеңгердің де туған жер тақырыбына байланысты мұның өлеңіне "Қожабақы мектебінің вальсі" және "Қожабақы боздақтары" әні жазылған.

Кемеңгердің "Гүл сыйлайық әйелге" әні кеңінен таралды. Оны белгілі эстрада әншісі Есет Сәдуақасов орындайды. Ал "Сағындырған Сыр қызы" әнін дәстүрді эстрадаға ұштастырған белгілі әнші Өмірқұл Айниязов орындаса, "Сағынышым құмарым-ай" әнін астаналық "Тенор" тобы орындап жүр.

Қожабақыда қазірде өнер, білім саласында шыңға талпынып жүрген мектеп шәкірттері аз емес. Жетіскен ағаларының өлең жолдарына жазылған "Сағындым сені, Арандым" әнінің мына бір жолдары сол мектеп шәкірттерін де биікке жетелей беретін секілді.

Сағындым сені, сағындым сені, Арандым,
Өзіңе арнап жазамын жырды, бар әнді.
Арманым болып жетелей берші әрқашан,
Талпынып шыңға өрмелеп жүрген балаңды.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі