DataLife Engine / Үш бақытым

Үш бақытым

«Қазақ тілін білген адам Мұқағали поэзиясын сүймеуі мүмкін емес, Мұқағали поэзиясын сүйген адам, еліне, жеріне адал, табиғатына жанашыр бола алады.»

Үш бақытым.

Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей – кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
... Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен.

Түтін түтет,
Өс, өрбі, көгере бер,
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста :
Жақсылық күтпегейсің!
От емес, оқ сұрасаң менен....

Мұқағалидай ақыны бар халық-бақытты халық. Қазіргі таңда Мұқағали ең көп оқылатын ақынның бірі. Оның жырлары адамға күш-қуат беріп, елімізді, жерімізді сүюге, оларға қашанда қамқор бола білуге тәрбиелейді.

Қарасазда туып, қазақ поэзиясының сөнбес жарық жұлдызына айналған біртуар перзент, ақиық ақын, дара дарын Мұқағали Мақатаевтың есімі әркімге ыстық.
Мұқағали өлеңдері халықтың жадында ән болып шырқалып, жыр болып жатталды.

Адамзаттың бәрін «бауырым» деп сүйе білсек, иманымызға жүк бола қоймас. «Ең бірінші бақытым – Халқым менің, Ал, екінші бақытым – Тілім менің, Бақытым бар үшінші – Отан деген…» дейтұғын атаның да аманатын аяқ асты еттік. Шынтуайтында, өз халқын сыйлап-қадірлемейтін адам өзге халықтың қадір-қасиетін қайдан білсін.

Тілім-тілімі шыққан «тілімді» сөз етсем, Геральд Бельгер: «Қазақ тілін қарабайыр санайтын надандық бұлтын сейілту үшін мынаны еске алу артық болмас: егер бір ғана «Абай жолында» Әуезов 16983 сөз қолданса, ал Шекспир мен Байронның барша лексиконы 15 мың сөзді құрайды» деген екен. Демек, қазақ әдебиетінің дәмін көрмей жатып, әлемдік әдебиетке қол созудың өзі – ақымақтық. «Тіл – қай халықтың болсын басты белгісі» деп Шоқан атамыз да сөз еткен-ді.

Француздың ұлы жазушысы Альбер Камю: «Ия, менің Отаным бар: ол – француз тілі» деген екен. Ал біздің ана тіліміздің Отан дәрежесіне жетуіне не кедергі? Әлбетте, өзіміз. «Ұлан-байтақ» деп ауыз толтырып айтқанмен не ұттық? Ұлы Жаратушымыз қоршаған ортаны игілігімізге берсе, табиғатты адал жолға пайдалану керек. Тазалық – иманның жартысы екенін ескерсек, айналамызды лас қылуға күш жұмсаудың қажеті жоқ. Алла Тағалаға құлшынып құлшылық қылудың орнына, Раббысына өз тілінде құлшылық жасап, зікір етіп жатқан табиғатқа да кедергі келтіруді ар санамаймыз. Қыздардың да көшеде түкіріп-қақырып жатқандарын көріп, жағаңды ұстайсың. Сіздің үстіңізге келіп біреу түкірсе, рахаттанып қалатын шығарсыз, бірақ міндетін орындап жатқан табиғатқа түкіре көрмеңіз.

Авар халқының мақал-мәтелі бар: «Бір қолмен екі қарбызды ұстай алмайсың» деген. Сол қарбыздар бір қолымызға сыймағандықтан, төл тілімізді, дінімізді, ділімізді «жерге жардық та», жаһанданудың жан жолдасына айналдық. Армян халқының «Қасқыр терісін ауыстырса да, қасқырлығын тастамас» мақал-мәтелін ашып айтсақ, іштен шыққандардың өз шаңырағымызға бүлік салуына септігін тигізген миссионерлердің көбейіп кеткенін де көрмеймісіз. Марал Ысқақбай: «Кез келген басы жұмыр пенде әйтеуір бір ұлттық дәстүрде тәрбиеленуі керек екен, әйтпесе, ол тасқа өскен қынадай рухани тамыр тартпайды. Не орыс халқының дәстүрлі ұлттық құндылықтарын, не қазақ халқының дәстүрлі ұлттық құндылықтарын бойға сіңірмегесін, сонау ғасырлардан жалғасып жеткен киелі ұғымды шыбын қаққаннан да оңай мансұқ ете салатын түрі бар» депті.
30.01.2016
Вернуться назад