DataLife Engine / Тәуелсіздік - ел бақыты

Тәуелсіздік - ел бақыты

 Атыңнан айналайын «қазақ» деген,
Қазағым, қайсарлығың ғажап дер ем!
Сақтапсың елдігіңді сағың сынбай,
Көрсең де көресіні азаппенен.
А.Иманов


Қазақстан – бүкіл қазақ халқының атамекені, кіндік қаны тамған киелі жері. Қазақ халқы – «тар жол, тайғақ кешудің» сан ғасырларын басынан өткізген алмастай өткір, қайтпас қайсар, батыл ел. Ұлан-байтақ жері мал шаруашылығына қолайлы болғандықтан, төрт түлік малды бағып-қағып, соның өнімін қажетіне жаратып, күн кешкен қарапайым халық. Миллиондаған малымен кең байтақ далада емін-еркін көшіп жүргендіктен болар, қазақ халқы о бастан ақпейіл, жомарт, дарқан болды. Қазақтың өз бетімен басқа елге, халыққа тиіскенін тарих білмейді.
«Елдестірмек - елшіден» деген. Данышпан Қазыбек бабамыз жас кезінде қалмақ еліне барған сапарында:
- Біз, қазақ деген – мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жерімізді ешбір жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз, - деп қазақ елінің бірлігін, тыныштығын
сақтауды көздеген.




Өткен тарихқа көз жүгіртер болсақ, бұл даланың тауы күрсініп, тасы қақ айырылар еді. Не көрмеді бұл дала?! Даласын жауынан, ұлтын қан сасыған қақтығыстардан сақтап қалу үшін ата-бабамыз батыстан шығысқа, шығыстан батысқа үдере көшумен болды. Әріде Абылай, Қабанбай, Бөгенбай батырлар мен Исатай, Махамбеттер елін, жерін жаудан қорғау жолында «қара қазан, сары бала қамы үшін», толарсақтан саз кешіп жүріп, қасық қандарын қиса, бертінде Алаш атын сақтап қалу үшін жұртына «Оян, қазақ!» деп ұран салып, маса боп ызыңдап, қараңғы халықтың санасын оятуды мақсат етіп, бебеу қаққан арыстарымыз М.Дулатов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаевтар арыстанша алысып жүріп, өмірден өтті.
Тарих - өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге өнегесі, қазақ жері қасиетті, өйткені ата-бабаларымыз бізге бірліктің, тұтастықтың ұлы үлгісін көрсетіп, атының тұяғымен дүбірлетіп өткен атамакенін аманат етіп қалдырды.
«Найзағайы өзгешелеу шатырлар,
Бұл далада көп сортаңдар,
Татырлар.
Бұл далада өседі екен қасқайып,
Секскуіл мен батырлар!»- деп ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, Қазақстан ешкімге, еш уақытта тәуелді болуға тиісті емес екенін уақыт дәлелдеді.
Иә, «тақымымызға бір тисе» деп арман еткен тұлпардың қолымызға ер-тұрмансыз, ноқта-жүгенсіз түсіп, жалына ғана жалаң қолмен жармасқанымызды ұмытпағанымыз жөн.
1986 жылғы желтоқсан оқиғасы шын мәнінде, қазақтың ұлт тәуелсіздігі жолындағы ең соңғы күресі еді. Дүниені дүр сілкіндірген бұл оқиға – қазақ жастарының еркіндікке, демократиялық жүйеге ұмтылысының беташары болды. Ұлан-байтақ жерімізді ат үстінен түспей жанқиярлықпен қорғаған ата-бабалардың ерлік-өнегесін, ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген алаш жастарының қайрат-жігерін осы желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың бойынан көруге болады.
Тәуелсіздік жаршысы, желтоқсан оқиғасының батыры Қайрат Рысқұлбеков: «Еркек тоқты-құрбандық, атам десең, атыңдар!»- деп қасқая қарсы тұрып, ар-намысын сақтап қалды. Сондай батыр ерлердің арқасында Қазақстан бүгінгі таңда ата- бабамыз армандап кеткен «Тәуелсіздік» деген қасиетті ұғымға ие болып отыр.
Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде дүние жүзіндегі барлық елдерге түгел дерлік танылды. Осы тәуелсіз еліміздің басшысы Н.Ә.Назарбаев – білімімен де, табиғат сыйлаған дарынымен де халық қалаулысы болып, бір ауыздан сайланған алғашқы Президенті. Елбасының 2030 жылға дейінгі стратегиялық ұзақ мерзімді бағдарламасы – халықтың өркениетті елдер қатарына бастар ақ жолы. Осыдан он жыл бұрынғы халқына арнаған алғашқы Жолдауында: «Қазақстан 2030 жылы дамыған, өркениетті, гүлденген, жасыл желекті елге, орта Азия Барысына айналады», - деп, қоғамымыздың келешектегі келбеті мен мақсат-мұратын баян еткен болатын.
Тәубе, тәубе! Бүгінгі таңда «жүзі басқа, жүрегі бір, тілі басқа, тілегі бір» бірнеше ұлтты бауырына басқан көпұлтты еліміз бақыт құшағында!
Данышпан ғұлама Ж.Баласағұнның «Құтты білік» шығармасындағы: «Ел басқаратын Елбасы әділ, ақыл-парасатты, ой-танымы кемел, өнер-білімге жетік, сөзі майда, мінезі жұмсақ, кісі алдында кішік, сабырлы, жаудан қайтпайтын қайсар, қолы ашық жомарт, көзі мен көңілі тоқ, пендеге кек сақтамайтын, кешірімшіл, пейілі кең, дарқан мінезді болуы керек, оның міндеті – халыққа құт-бақыт, дәулет әкелу, әділ заң орнату, кедей халықты бай ету, халық санын көбейту»,- деген сөздері дәл Елбасына арнап айтылғандай. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұстанған сарабдал саясаты, даналығы, парасаттылығы, еліне деген ерен еңбегі – біз үшін үлгі-өнеге! Ең бастысы, халық тілегі мен тілеуі болып отырған бейбітшіліктің берік сақталуы, тұрақтылық, шет елдермен қарым-қатынастың нығаюы – бұл Елбасымыздың кемеңгерлігі емес пе?!
Ол кісінің арқасында Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру ісінде үлкен абыройға ие болып отыр. Оның айғағы ретінде Астанамызда өткен ЕҚЫҰ Саммитін айтуға болады.
Тәуелсіз еліміздің туы күннен-күнге биіктеп, халықаралық аренадағы беделінің күн санап артып келе жатқаны көңілімізге қуаныш ұялатып, қиялымызға қанат қақтырады. Тарихымыз бай, бүгініміз баянды, ертеңіміз жарқын боларына кәміл сенемін. Тек қолға қонған бақыт құсын үркітіп алмай, жұмыла кірісіп, кеңесіп шеше білсек, болашақтың таңы жарқын!
Алдағы болатын сайлауда халық қолдауына ие болып, көшбасшымыз Н.Ә.Назарбаевтың жеңіске жетеріне сенімім мол!
Ендеше, бүгінгі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда аға ұрпақтың ерлік істерін жадымызда сақтап, «Отан» деген қасиетті мекенді, ата-бабамыздың көздің қарашығындай сақтап келіп, ұрпағына аманат етіп қалдырған кең байтақ жерімізді, ана тілімізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, аялап, қастерлей білу – біздің перзенттік парызымыз. Қазақ тілінің нағыз мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілуі, еліміздің дамыған елдермен терезесі тең болып қарыштап өркендеуі, Орта Азия Барысына айналуы – біздің, жас ұрпақтың қолында!  

ОЖББ № 4 мектептің оқушысы 9 «В» сынып оқушысы Нұрлан Айсұлу

Қажетті сілтемелер:

14.12.2015
Вернуться назад