DataLife Engine / Семей қаласы

Семей қаласы

Семейдің тұрған жері ерте замандардан ежелгі тайпаларға тұрақ болған. Бұл жерде сонау қола дәуірінен бастап, ғұндар, Түрік қағандығы, Қыпшақ, Керей, Найман ұлыстары мекен еткен. ХVІ-ХVІІ ғасырларда қазіргі Семей қаласы тұрған жерде Доржынкит қаласы болған. Құба қалмақтардың аңыздарына қарағанда 1600 жылы Асма тархан Доржи деген кісі Жеті шатыр сарайларын тұрғызған. Ж.Аймауытовтың «Әнші» әңгімесінде осы Жеті шатыр қаласы айтылады. Семей 1782 жылдан уездік қала болды. Сол кезден-ақ Орта Азия халықтары мен көршілес елдердің Шәуешек, Құлжа, Қашғар қалаларымен сауда-саттық жүргізіле бастады. Мұның өзі қаланың жандануына өз септігін тигізбей қоймады. ХІХ ғасырда қалада бірнеше зауыт жұмыс істеді. Оқу-ағарту жұмыстары жүргізіле бастады. Оның нақты көрінісі осында ашылған уездік училище, әйелдер училищесі, бес мұсылман медресесі.

1917 жылы Семей қаласы саяси өмірге араласа бастады. Осында жергілікті Алаш қозғалысы қайраткерлерінің бастауымен Семей облыстық Қазақ сиезі өтті. Қаланың атын Алаш қаласы деп өзгертуге көп күш салды. Алаш партиясының Семей облыстық комитеті 1917 жылы күзде Семей қаласында ашылды.

Семей өңірі қазақтың ұлы ақыны Абайдың, философ-ойшыл Шәкәрімнің, әдебиет майталманы М.Әуезовтің және дүние жүзіне танылған атақты әнші Әміре Қашаубаевтың туып-өскен жері.
10.01.2013
Вернуться назад