DataLife Engine / Ордабасы

Ордабасы

Ордабасы – Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданындағы таулы өңір. Ордабасы тауының қойнауында 1726 жылы Орда тігіліп, қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы ақылдасылады. «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген сөз сол заманнан қалған.

Сол жолы біртұтас Қазақ әскері құрылып, Бас қолбасшы сайланды. Батырлығы, әдіс-айласы, соғыс тәсіліне жетіктігімен танылған кіші жүз ханы Әбілқайыр үш жүздің біріккен Қазақ жасағына Бас қолбасшы болды.

Ордабасыдағы сол баталасу бәтуәлі болды. Қазақ жеңіске жетті. Жоңғардан ел азат етілді. Одан кейін де ұлт басына талай нәубет төнді. Қазақ талай мәрте қару ұстап, атқа қонды. Ұзақ жүріп, тайталаспен, жанталаспен жүріп, Тәуелсіздікке де ие болды.

Осы жеңісті, түпкілікті жеңісті, қазақтың заманалардан бергі арманы болып келген тәуелсіздікке қол жеткен – 1993 жылы осы Ордабасыда тағы бір үлкен жиын болды. Ол – шын жеңістің шынайы тойы еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аса бір тебіреніспен еркін сөйлеп, елдікке үндеп, болашаққа барар жолды меңзеп еді. Әруақ қонып, нар шөккен жеріміздің биігіне ұлт туын тігіп, ел-жұртын бірлікке, бүтіндікке шақырған еді. Ордабасына XVIII ғасыр басында жиналған Қазақ ашулы кек, ар-намыс туы, ел тағдыры шешілер майданға шыбын жандарын шүберекке түйіп, «Уа, тәңірім жар бол!» – деп атқа қонса, бұл жолы, «ұзағынан сүйіндір!» – деп қуанысып тарасқан-ды.

Қазақты үш ғасырда бауырына екі жиған Ордабасының екі жиыны да қайырлы болып, ел тірлігіне, жеңісті істерге бастауда.
10.01.2013
Вернуться назад