DataLife Engine / Өткенін білмеген ұрпақтың келешегі болмайды

Өткенін білмеген ұрпақтың келешегі болмайды

Рамазанова Дина
10 сынып, № 8 орта мектеп Астана қаласы
Жетекшісі: Утепова Салиха Камбаровна

Еліміздің өткеніне көз салсам, әрине, жүрегім қынжылады. Сонау қиын шақтарды басынан өткізген халқымыз тәуелсіздік үшін қасықтай қаны қалғанша күрескен, жастайынан өмірі қиылған жастарымыз есіме түседі. Бүгінде Қазақ елі егеменді ел болды. Бодандықтан босану мен Тәуелсіздік біздің елге оңай келген жоқ. Осы жолда халқымыз өзінің батырлығы мен қайсарлығын, батылдығы мен ержүректілігін көрсетті. Елі, жері, тәуелсіздігі үшін жандарын ғана емес, абыройы мен жанұясын да, сүйікті жары мен бауыр еті балаларын да, өмір сыйлаған ата-аналарын да құрбан етті.
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беретін ұстазымыз: «Сендер бақыттысыңдар. Біз кезінде қазақтың болашағы мен еркіндігі үшін күресіп, қиянаттың құрбаны болған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сынды Алаш арыстарының туындыларын оқыған жоқпыз. Қазақтың бетке ұстар азаматтарының тамаша-тамаша шығармаларын бізден жасырып, оларды ұлтшылдар деп қаралап келген еді. Сонда біз көп нәрседен мақрұм болғанымызды кеш түсіндік. Ал сендер осы аталарыңның өлеңдерімен ұлғайып, әңгімелерімен сусындап жүрсіңдер»,-деген сөзі бізді ерте есейтіп жібергендей болды.
Иә, біз осы аталарымыздың ерлігі мен еңбегінің құдіретін сезініп келе жатқанымызға қуаныштымыз. Іргесі сөгілмейтіндей етіп 15 республикадан құралған КСРО мемлекетінің ыдырауына Қазақстанда 1986 жылы желтоқсан айында болған жастардың көтерілісінің әсер еткені ме деген ойға барамын. 70 жылдай өз айтқанын істетіп, өз дегенімен жүргізген кеңес өкіметіне деген қарсылықты қазақ жастары жүрегінің қалауымен, қайсарлықтың рухымен көрсете білді. Себебі, өз ұлтын құрметтейтін, өз елін сүйетін жандар ғана мұндай ерлік жасай алатын еді. Өкініштісі, олардың ерлігі сол кезде қолдау таппай, талай жас оқу орнынан шығарылып, талай қыршын құрбандыққа шалынды. Олар сол кезде өлім үшін емес, өмір үшін күресіп, қазіргі әнұранымызға айналған әнді бірлесе жүріп орындаған екен.
Мен қазір әнұранымыз орындалған сайын, жанымызда желтоқсанның құрбаны болған жандардың рухы тұрғандай сезімде боламын.
1991 жылы Қазақстан өз Тәуелсіздігін алған кезде ең бірінші, «ұлтым», «халқым» деп еңіреген Алаш арыстарының есімдерін ақтады, олардың мұрағаттарда «шаң басып» жатқан туындыларын қайта жариялап, қазақтың рухани қазынасын өзіне қайтарып берді. Кезінде «халық жауы» атанған 103 мың қазақтың 27 мыңы тергеусіз атылып, қаншама мыңы сүргіне жіберілгені ауыр жұмыс пен азапты қорлықтан қаза тапқан еді. Тәуелсіздіктің арқасында аттары ақталмай, еңбектері аталмай келген сол арыстарымыздың рухын еске алу мақсатында 1997 жыл- «Жалпы ұлттық татулық пен қуғын- сүргін құрбандарын еске алу» жылы болып атталып өткені де, 31 мамыр сол құрбандарды еске алу күні етіп бекітілгені де халқымыздың тәуелсіздігін алғанының белгісі емес пе?
Елбасымыз Астана қаласын мемлекетіміздің астанасы етіп тағайындағаннан бері, 15 жылдай уақыт болды. Осы жылдар ішінде қаламыз жылдан-жылға көркейіп, жаңа қырынан танылуда. Астана- бұл тек Қазақстанның Отаны емес, Еуразия елінің кіндігіне айналды. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев көптеген мемлекеттермен берік достастық орнатып, түрлі ісшаралар мен жиындар өткізіп, тек менің елімнің ғана емес, бүкіл әлемнің тыныштығына алаңдайтын көшбасшы екеін дәлелдей білді.
Ұлы Абайдың туған жері Семей жерінде ядролық қарудың сынақ полигоны болғаны бәрімізге мәлім. Бұл жерде жарылған атом бомбаларының саны 456 болып, Хиросима қаласында жарылған бомбадан 2,5мың есе көп болғандығы туралы мәліметтер бар. Бұл деген - қазақ халқының қаншама бөлігі залалды ауруға шалдығып, ұрпақтары мүгедекке айналған деген сөз. Елбасының 1991 жылдың тамыз айында Семей сынақ полигонының жабылуы туралы шығарған шешімі де қазақ халқының жеңісінің бірі болып саналады. Биыл осы шешімнің қабылданғанына да 25 жыл болып отыр. Бұл да Тәуелсіздік үшін күрескен халқымыздың алғашқы жеңістерінің бірі емес пе?
Қазақтың қасиетті де құдіретті жәдігерлері – біздің ата-бабамыздың тарихы мен тұрмысын, өмірі мен рухани құндылықтарының бірі. Астана қаласында Ұлттық музейдің ашылуы, ондағы қойылған тарихи заттар мен жәдігерлердің көпшілігі қазақтың өз жерінде емес, басқа мемлекеттердің музейінде болғаны, сол құндылықтарымызды елге қайтару үшін жасалынған жұмыстардың бәрі де еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін іске асырылды. Енді біздер ата-бабамыздың тұрмысын, тіршілігі мен немен тыныстағанын, азаттық үшін күрес жолында жасаған ерліктерін тек оқулықтардан ғана емес, музейден көзімізден көріп, көңілімізбен сезінетін боламыз.
Соңғы күндері тағы да бір жақсы жаңалық: 93 жылдан бері Ресейде сақталған 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің басшыларының бірі Кейкі батырдың басы елімізге жеткізіліп, қазақтың азаттығы үшін күрескен ердің рухы тыныштығын тапты. Батырдың денелері бір жерге жерленуі, қазақтың қасиетті құндылығының қайтарылуы да - біздің елімізде болып жатқан өзгерістердің бірі. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында, өкімет басында отырған ағаларымыздан тағы бір тарихи құндылығымыз- қазақтың соңғы ханы болған Кенесары ханның басын елге қайтару үшін әрекет жасауларын өтінер едім. Кенесары атамыз да кезінде қазақтың азатттығы мен еркіндігі үшін жанын құрбан еткен ұлт батырларының бірі емес пе? Неге атамыздың рухын тыныштандыру үшін денесін арулап жерлемеске?! Неге Тәуелсіздік мерекесіне жақсы қуанышты жаңалықпен толтырмасқа?!
Иә, біз ата-бабалардың өткен өмірі мен келешек ұрпақтың болашағы бірбірімен тығыз байланыста. Өткенін білмеген ұрпақтың болашағы баянды болады деп айта алмаймын. Ата-бабаларымыздың тарихы қайғылы да қасіретті, қуанышты да шуақты болған. Осы тарихты келешек ұрпақ ешқашан ұмытпауы қажет. Сонда ғана біз тәуелсіз мемлекеттің еркін де азат ұрпақтары боламыз.
15.02.2020
Вернуться назад