DataLife Engine / Қазақ батырлары

Қазақ батырлары

Шерубай Майра
10 сынып, №8 орта мектеп Астана қаласы
Жетекшісі: Утепова Салиха Камбаровна

Біз солдаттың немересіміз,
Кеш келдік мына жарқын қоғамға,
Жүрілмеген жатыр қанша жол алда.
Біз көбіміз атамызды білмейміз,
Біздер жайлы түк білмейді олар да.
Иә, біз соғысты көрген жоқпыз. Соғыстың қасіреті мен қайғысын, жау зеңбірегінің жарылысы мен сол зеңбіректен жасырынған балалардың үрейлі жанарын, жаралы жауынгердің азабы мен жауған оқтың астынан жаралы әскерді алып шықпақ болып, дәрмені жетпей шарасыздықтан жылаған бүлдіршін қыздың жан қиналысын да көрген жоқпыз.
Қан майданның қақ ортасында болған аталарымыз бен апаларымыздың даңқын, ерлік істерін біздер тек тарихи кітаптар мен көркем туындылардан ғана білеміз. Қанды қырғынның ортасында жүргенде қалай ерлік жасасам екен деп ешкім де ойламайды. Адам ерлікті атын шығару үшін емес, жүрек қалауымен, адал сезіммен істейді. Соғыс кезінде ата –бабаларымыз бен аналарымыз атақ, даңқ үшін емес, елін, жерін, туғандарын қорғап, жанындағы жолдастарына қорған болуды ғана ойлады. Өзінің емес, өзгенің бақытын, өзгелердің амандығы үшін күресті. Сонда ғана жеңіске жетіп, жеңілмеудің жолын таба білді.
Мен өз шығармамды кезінде ерлігі ескерілмей, басқа біреудің атына таңылып, жылдар бойы атақ пен даңқы басқа жауынгерлерге теңіліп, нағыз ерлік жасаған қазақ батырлары туралы жазғым келді. Бұл сол кездегі саясат па, жоқ қазақтың ерлігі мен батылдығын көре алмаған солақай көзқарас па, әлде қазақты төмен санаған қағида ма, соны түсіне алмадым. Бірақ түсінгенім, Сталиндік саясаттың қазақтың зиялылары мен бетке тұтар «қаймақтарын» қырғынға ұшырату жолында қалай күш жұмсаса, қазақтан шыққан батыр ұландар мен биязы қыздарының Ұлы Отан соғысы жылдарында жасаған ерліктерін бұрмалау үшін де солай күш жұмсағанын байқадым. Жасаған батырлығы кезінде бөтен адамның ерлігі саналып, ақиқат тек соғыстан 10 жылдан кейін ашылған, бірақ саясаттың үкімімен шындық жарияланбай , аты көмескіленіп келген қазақ батырының бірі- ұшқыш кіші сержант ,Алматы облысының тумасы, Бақтыораз Бейсекбаевтың есімі тек тәуелсіздік алғаннан кейін мәлім болғанын біз соңғы жылдары ғана біліп отырмыз.
Ата –анасынан жастай айырылған Бақтыораз балалар үйінде тәрбиеленіп тағдырдың қиындығы мен қатыгездігін ерте сезінген. «Халық жауының» баласы деген қара таңба тағылса да, соғыстың алғашқы күндері-ақ қан майданың ортасында болған. 1941 жылы А. Маслов пен Н. Гастелло басшылық еткен ұшақ әуеге көтерілгенімен, екеуі де жау оғынан отқа оранады. Н.Гастеллоның ұшағы жерге құлап, бәрібір өлетінін білген А.Маслов ұшағын жау танкілеріне бұрып, жау техникасының үстіне құлайды. Бірақ бұл ерлікті Н.Гастеллоның ерлігі деп, нағыз ерлік жасаған жауынгерлердің аты аталынбайды. Тек 1951 жылы ұшақ экипажы жерленген қабір, ескерткіш орнатпақ болып, қайта қазылғанда ғана шындық әшкере болады.
Жер қойнауында жатқан әскерлердің біріне, Алматы жерінің тумасы Бақтыораз Бейсекбаевқа, тиесілі заттар да болады. Бірақ өз қателігін мойындауға батылы бармаған үкімет басшылары «қазанды жабулы күйінде» қалдырады. Неліктен олай болғанын түсіне берсек те болады, бұл аты аңызға айналған Гастеллоның атағына қарсы келмеу ғана емес, ерлік жасаған экипаждың ішінде қазақ ұланының болғанын мойындағысы келмегендігі да себеп шығар. Бұл ақиқат тек 1996 жылы ғана нақты анықталып, А.Масловтың экипажының барлық мүшелеріне Ресейдің Батыры атағы берілді. Қазақ батыр ұлының есімі мен ерлігін қазақ халқына жеткізген ұлт жанашырларының еңбегінің арқасында Бақтыораз Бейсекбаевқа Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Халқы Қаһарманы» атағы беріліп, Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлік көрсеткен қазақ батырының саны көп болғанын дәлелдейді. Осылай ерлігі ескерілмей, атағы аталынбай, даңқы толық еленбеген, Жеңістің туын жау Рейхстагына өз қолымен тіккен, дұшпанды тізе бүктіруге үлкен үлес қосып, Екінші дүние жүзілік соғыста Кеңес Одағының жеңіске жеткенін мәлім еткен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі де нақты көрсетілмей, батырлық, ерліктің атағы басқа ұлт өкілінің атына танылғанын қазіргі кезде біздің біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Себебі бұл ақиқат та бұрмаланып келгенін енді біліп отырмыз. Батыр атағына лайық болған атамыз Қызыл туды Рейхстаг төбесіне тігу үшін қарша бораған оқтың астында 7 сағат жерге жабыса еңбектеп жеткен екен. Бірақ осы ерлігі үшін Рақымжан атаға «Қызыл Ту» ордені ғана беріліп, Батыр атағын грузин ұлтының өкілі Кантария мен ұлты орыс Егоровқа беріліпті. Ал олар туды тек ертесі күні, тыныштық орнай бастаған кезде тіккендері туралы мәліметтер кезінде жазылмаған да, айтылмаған да. Бұл сондағы солақай саясаттың әдейі істеген бағыты, қазақ халқын төмен санаған көзқарасының бірі еді. Бірақ әділдік 2001 жылы орнап, Жеңіс туын жау ордасында желбіреткен Рақымжан Қошқарбаевқа «Халқы Қаһарманы» атағы атамыздың ұрпақтарына табыс етілді.
Ер жүрек қаһарман бұл атақты өзі көре алмай кеткен болатын, себебі атамыз 1988 жылы қайтыс болған еді. «Шындық иіледі, алайда сынбайды» дегендей, әділдіктің ақ таңы ұрпақтарына тағы да бір қазақ батырының есімін әлемге танытты. Ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен қайғылы қара түнек 1418 күн мен түн – бұл қасірет пен қайғының , өлім мен өмір арасындағы арпалыстың 1418 күні мен түні болған. Осы қара түнектің бел ортасында жүрсе де, өзінің әділдігі мен шыншылдығымен, жолдастары мен жауынгерлеріне әрі дос, әрі қамқор аға, әрі әділ қолбасшы, әрі қарапайым жауынгер бола білген Бауыржан Момышұлының есімін ерекше атап өтсек, келер ұрпақққа тағы да бір шындықты жеткізген боламыз. Бауыржан атамыз -майдан заңынан гөрі адамгершілік заңын бірінші орынға қойған жауынгер әрі батыл да қайсар ұлтымыздың ұлы перзенттерінің бірі.
Басқа командирлер қолбасшылардың орынсыз бұйрықтарын орындау мақсатында талай әскерін қанды қырғынның ортасына ойланбай, дұрыс шешім қабылдамай жіберетін болған оқиғалар туралы көптеген мәліметтер анықталған. Қолына жай мылтық берілген әскерлер темір танкіге қалай шабуыл жасап, қалай жауды тойтаратыны туралы ойлануға мұрша бермеген. Міне, соғыста кеңес жауынгерлерінің көптеп шығынға ұшырағанының бір себебі де осында. Бауыржан атамыз қатал тәртіптің ғана емес , дұрыс шешім қабылдай алатын командир болғанын да көреміз. Жанындағы жауынгерлерін аман алып қалу жолында орынсыз бұйрықтарды орындамаған, жауға тойтарыс берудің тактикасы мен әдістерін дұрыс ойластырып, дұрыс шешім қабылдауда өзгелерден ерекшеленген. Себебі Бауыржан атамыз үшін жанындағылар жай жауынгерлер емес, олар елінде күткен біреудің аяулы жары, біреудің қамқор әкесі, біреудің сүйікті перзент екенін сезінген. Ол жауынгерлердің ғана емес, оларды елінде күтіп отырған жандардың да үмітін үзіп, арманын баянсыз қалдырғысы келмеген.
Талай рет жау шебін бұзып, талай қала мен деревняны азат еткен Б.Момышұлының басшылық еткен полктің даңқы, командирі мен жауынгерлердің де ерлігі жоғары жаққа жетсе де , ол кісігі Кеңес Одағының Батыры деген атақ берілмеген. Менің білуімше, Б.Момышұлына осындай атақ беру үшін үкіметке екі рет ұсыныс жасалынып, екі рет те кері қайтарылған екен. Бауыржан атамызға Батыр атағын алғаннан гөрі өз жауынгерлері мен халқының ризашылығы абзал болған. Өзінің тік мінезі мен қайтпас қайсарлығын даңқын , атағын шығару мақсатында емес, еліне ,халқына қамқор болу мақсатында көрсеткен қазақтың батыр перзенті бұл атаққа тек 1990 жылы қайтыс болғаннан кейін ие болды. Қазақтың халқы қаһармандарының саны тағы да батыр атағына ие болған ұлт перзентінің санына көбейді. Бұл дегеніміз - Ұлы Отан соғысында Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақ ұлтының өкілі 97 емес, одан да көп болғанының айғағы. Бірақ олардың ерлігі ескерілмей, даңқы еленбей қалған. Ал олардың ерлігі мен батырлығын зерттеу, келер ұрпаққа жеткізу- біздің парызымыз. Себебі, қазақ халқы - батырлық пен ерліктің, азаттық пен еркіндіктің қадірін білетін, қасиетін ардақтайтын халық.
Ұлы Отан соғыстың басталғанына 75 жыл және Ұлы Жеңістің 71 жылдығы қарсаңында ұлтына, ұлысына, нәсіліне қарамастан Отанын, туған жерін жаудан қорғап, адамзатты фашизмнің шеңгелінен азат етуде ерен ерлік жасаған халқымыздың батырларын, қан майданның ортасында болып аты аталмаған, ерлігі ескерілмей қалған бабаларымыздың, өз өмірін біздер үшін құрбан етіп, белгісіз әскер қабіріне жерленген аталарымыздың рухын ардақтап жүру- біздің , тәуелсіздікте өмір сүріп қазіргі ұрпақтың, негізгі де міндетті парызы. Себебі өзі елінің тарихын, өз халқының өткенін , ерлік жолында мерт болған аталарының есімін білу- өзімізді білу,өзгені құрметтеу.
16.01.2020
Вернуться назад