DataLife Engine / Қазақстан ту еткен бейбітшілік пен келісім әлемді құтқарады

Қазақстан ту еткен бейбітшілік пен келісім әлемді құтқарады

Татулық әлемді құтқарады туралы эссе >>>

Бейбітшілік пен келісім – адамзаттың асыл құндылықтарының бірі. Адамзат өмір бойы үнемі тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді армандап келеді. Бірақ нақты өмірде оған ешқашан толық қол жеткізген емес. Зерттеушілердің деректеріне қарағанда, соңғы 5 мың жылда жер бетінде небары 292 жыл ғана бейбітшілік «билік» құрыпты. Қалған уақыттың бәрінде мемлекеттер «Тыныштық керек болса – соғысқа дайындал» деген қағидамен өмір сүрген көрінеді. Осы аралықта жер бетінде 15 мыңнан астам қантөгіс шайқастар өтіпті. Екінші дүниежүзілік соғыстан бері жер бетінде бейбіт өмір орнады десек те, әлемнің түрлі аймақтарында ірілі-ұсақты соғыстар, қарулы қақтығыстар, лаңкестік әрекеттер жиі кездесуде. Батыстың бір ғалымының есептеуіне қарағанда, өткен ХХ ғасырдың соңғы 45 жылында әлемде бар-жоғы 12 ғана «бейбіт» күн болыпты. Кейінгі 40 жылдың ішінде ғана дүниежүзінде 250 соғыс болып, 354 млн адам қаза тауыпты. Иә, жоғарыда келтірілген бұл деректер өте қорқынышты!..

Соғысты болдырмау үшін, әлемдегі одақтар мен мемлекеттердің, ұлттар мен ұлыстардың бейбітшілікте күн кешуі үшін олардың өзара келісімі болуы керек. Бұл идея сонау 90-жылдары ескерілгенмен, бүгінде мұны әлемдік саясатта мәселе ретінде көтеріп, іс жүзінде бейбітшілік пен келісімнің туын тіккен ел – Қазақстан. Жаһандағы мемлекеттердің өзара бейбітшілігі мен келісімін нығайтуда Қазақстанның, жалпы осы мемлекеттің атынан әлемдік саяси аренаға шығып жүрген президент Н.Назарбаевтың үлесі орасан зор. Мәселен, бір ғана Қазақстан Республикасының дін жөніндегі саясаты дінаралық және конфессияаралық келісімге негізделіп жүргізілуде. Осы орайда діни үнқатысу алаңына айналған Астана қаласында үш жыл сайын әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі өткізіліп келеді. Қазақстанның бұл бастамасы әлемдік қауымдастық пен одақтар тарапынан жоғары бағаланып үлгерді және Қазақстан жаһандық дінаралық диалог мекеніне айналды. Діннің негізгі мақсаты адамдарды адамдықтан ажыратпау екенін ескерсек, Қазақстанда өтіп тұратын Дін Съездері адамзатты бейбітшілік пен келісімге бастайтын айқын әрекет.

Бейбітшілікке, бейбіт тыныш өмір сүруге ұмтылу – қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екенін тарихтан белгілі. «Сырт көз – сыншы» деген ғой, арғы-бергі заманда қазақ жерінде болған саяхатшылар, ғалымдар, елшілер қазақ ұлтының меймандос, сабырлы, момын, ешкімге жамандық, қаскөйлік жасамайтын халық екенін, қазақ елі ежелден бейбітшілік сүйгіш ел, өз бетінше ешкімге ұрынбаған, соғыс ашпаған ел екенін сүйсіне жазған. Тәуелсіздікке қол жеткен тұста да, елбасымыздың және елдің бетке ұстар азаматтарының қажырлы, табанды еңбегінің арқасында біз осы асыл қасиетімізді тағы да бір дәлелдеп, оны әлемге паш ете білдік. Мәселен, сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Семей ядролық полигонын жабу еліміздің өмірінде ғана емес, әлемдегі айтулы оқиғаның бірі болды. Ядролық қару пайда болғалы ешбір ел ядролық полигонды өз еркімен жауып көрмеген болатын. Біздің еліміздің дүниежүзінде бірінші болып ядролық полигонды жабу жөніндегі осы қадамына БҰҰ мен дүниежүзілік қауымдастық үлкен баға берді. Дәл сол тұстан бастап әлем Қазақстанды бейбітсүйгіш ел екенін тани бастады.

Діндер, өркениеттер, мемлекеттер арасындағы ынтымаққа, бейбітшілік пен келісімге үндейтін диалог алаңы ретінде халықаралық қауымдастықпен мойындалып үлгерген Қазақстан бастамаларының ауқымы мен маңызы жыл сайын артып келеді. Діндер Съезі алғаш рет қазақ даласында туын тіккенде оған қатысушылар саны 17 елден 17 делегатты ғана құраған еді. Ал, соңғы Съезде әлемнің 50 мемлекетінен 100-ге жуық делегация жиналды. Қазақстанның беделінің өскені шығар, делегация құрамында әлемдегі ықпалды дін басшылары болды. Атап айтсақ, Дүниежүзілік ислам лигасының Бас Хатшысы Шейх Абдалла бен Абдель Мұхсин ат-Түрки, Мәскеу және бүкіл Ресейдің Патриархы Кирилл, Папаның Киелі Тағының делегация басшысы кардинал Джованни Лайоло, Ислам мазхабтарын жақындастырудың дүниежүзілік ассамблеясының Бас хатшысы аятолла Мұхаммад Али Тасхири, Израильдің бас раввиндері Йона Мецгер және Шломо Амар және т.б. Елбасы айтпақшы, бұл процестер Съездің жаһандық маңызының жыл сайын артып, салмағының сапалы түрде өсіп келе жатқанын дәлелдейді.

ХХІ ғасырдың ең басты заңы – татулық. Президентіміз бұл заңдылықтың құдіретін ерекше түсінетін әлемдегі көреген басшылардың бірі. Бейбітшілік пен келісімсіз әлемнің құрдымға кетуін, адамдардың қырылып кетуін, табиғат анамыздың экологиялық проблемаларға ұшырау мүмкіндігін біздің еліміз бен елбасымыз өте жақсы біледі. Мемлекеттердің тәуелсіздігінен айырылу қаупі туралы елбасымыз Н.Назарбаев «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жолдауында: «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама» – дейді де, жалпы әлемдегі мемлекеттердің мемлекет болып қалу кепілдігі «бейбітшілік пен келісімде» жатқанын тілге тиек етеді.

Жалпы, елбасымыз бүгінгі әлемнің жаңа тарихында бұрынғы халифалар мен сұлтандардай бір басшы, бір жолбасшы ретінде дінаралық және ұлтаралық татулық пен үндестік идеологиясын жүргізіп, әлемге бейбітшілік шаңырағын тұрғызуға қадам жасауы – біздің еліміздің бейбітсүйгіштік қасиетін үлкен айғағы. Мемлекетіміздің көптеген азаматтары Қазақстан халқының діни және этносаралық татулықты ту еткен асыл қасиеттерін әрдайым мақтан тұтады. Бұл жетістіктеріміз әлем жұртшылығына үлгі екені де мәлім. Жаңа мыңжылдықта толастамай отырған әлемнің әр бұрышындағы діни текетірестер мен ұлттық қақтығыстардың алдын алуға ықпал ету үшін еліміз көптеген іс-шараларды қолға алуда. Астанадағы әлемдік Діндер Съезді – еліміздің осындай табанды ұстанымының бір көрінісі. Сондықтан, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының әр үш жылда бір рет өтіп тұратын съезі дүние жүзінде дінаралық келісімнің өркен жайып, өркениеттердің өзара үндестік табуы ісінде айтарлықтай маңызға ие.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан – бұл ортақ мекен, ортақ ұлт пен діннің тоғысқан жері. Барлық қазақстандықтарды ұлтаралық және дінаралық келісімдерді сақтауға шақырамын. Бұл біздің мәңгі құндылығымыз. Бұл біздің мәңгі еліміз бен Астанамыздың мақтанышы» – дегені бар. Басқа елдерге үлгі болып жүрген мемлекетіміз бейбітшілік пен өзара келісім ішінде 140 ұлт пен 40 конфессия өмір сүруде. Республикамыз көпұлтты және көпдінді қоғамнан тұрады. Біздің ішкі саясатымыздың өзі бейбітшілік пен келісімді ту етіп, басқалар құра алмаған қоғам бізде орнағанын нық көрсетеді.

Қазақстан Республикасның Конституциясына сай, еліміз құқықтық, зайырлы және демократиялы ел. Ел басына күн туған қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі екені бізге мәлім. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс мол болары айдан анық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналған «Конституция – мемлекеттің демократиялық дамуының негізі» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөйлеген сөзінде былай деген болаын: «Конституция бойынша, заң бойынша өмір сүру – жай ғана қажеттілік пен азаматтық міндеттілік емес. Бұл – азат адамдардың артықшылығы. Өз құқықтарының бағасын біліп, басқалардың да осындай құқықтарын мойындайтын адамдардың артықшылығы. Осындай жағдайда ғана біз – жеке азаматтар емес, Қазақстан халқымыз, тұрғындар емес, қоғамбыз, азаматтық қоғамбыз. Географиялық кеңістік емес, бізді біріктіретін – еліміз». Әрине, әрбір азамат өз ортасы мен қоғамының бейбітшілігі мен келісімін құрметтей алуы тиіс. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген қазақтың даналық сөзі бүгінде «Мемлекетіне қарап, азаматын таны» дегеннің кері боп тұр. Мемлекетіміз қайтсе «мәңгілік ел» болады? Бұл – замандастарымыздың өз міндетіне деген жауапкершілікті түсінуіне, әділдік пен адалдықты, бейбітшілік пен келісімді басты ұстаным ретінде алуына тікелей байланысты. Бір ғана мысал, президентіміз ЕЭО-ны құрудағы тағы бір мақсат – бұл әлемдегі бейбітшілік пен келісімді сақтаудың төте жолы. Осы одақ арқылы адамзаттың татулығын сақтау үшін көптеген мүмкіндіктер ашылады.

Бірлік бар жерде – тірлік барын ұққан халықпыз. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық, бейбітшілік пен келісім үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатынын еліміздің соңғы жылдардағы тәжірибесі дәлелдеп берді. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, әлемдік беделі қалыптасып, ілгері басып келеді. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің еліміздің ең басты байлығы және бұл жер бетінде қырғи-қабақ боп жатқан басқа елдерге үлгі. «Халқымыздың, еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың бейбітшілігі мен келісімін көздің қарашығындай сақтауға тырысуымыз керек» деген президентіміздің сөзі әрбір Қазақстандықтың жүрегінде нық орнаулы. Біз әлемдік кеңістікте күллі адамзаттың бейбітшілігі мен келісімін сақтау жолында еңбек етіп жүрген президентімізді бір жұдырықтай қолдауымыз қажет. Бейбітшілік пен келісімнің туы құламауы үшін де Қазақстан алдағы уақытта тек Дін Съездерін ғана емес, ұлттар съезін, бейбітшілікті насихаттаған мемлекеттер съезін өткізіп тұруы тиіс. Біз әлемге осылайша нұрымызды шаша береміз!..
Аязбеков Дінмұхамед
28.11.2018
Вернуться назад