DataLife Engine / Тіл – ұлттық қазына

Тіл – ұлттық қазына

Тіл – халық тарихы, тіл – ұлттық қазына. Тіл – біздің намысымыз, арымыз, байлығымыз, барымыз. Қазақ тілі – қазақтың мәдениетімен біте қайнасып жатқан рухани қазына.

Тіл - өз халқымыздың рухани байлығы, өткені мен болашағы. Тіл – ұлттың тірегі. Заңғар жазушы М.Әуезовтің «Ұлт болғың келсе, бесігіңді түзе» деуі тегін айта салған сөз емес.

Тіл – тазалықтың, пәктіктің, имандылықтың жаршысы. Тіл – тәуелсіздігіміздің қуатты құралы, асыл ой мен парасат белгісі, елдігіміз бен бірлігіміздің туы.

Халқымыздың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев: «… Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат ешнәрсе болмасқа тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тынық, біресе құйындай екпінді тарихы, Сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең, тілі бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ», - деп тіл жайында терең толғанған екен.

Бүгінгі қазақ тілінің тағдыры мен болашағы, қадір-қасиеті Елбасын да аз ойландырып, аз толғандарып жүрген жоқ. Бір сөзінде, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Анна тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы», - десе, кейінгі Жолдауында айтылған: «Біз барша қазақстандықтарды біріктіруші басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың анна тілін одан әрі дамытуға күш жігерімізді жұмсауымыз керек», - деген сөзінде қазақ тілінің Қазақстан халықтарының басын біріктіруші ұйытқысы болуын уағыздап отыр. Иә, айта берсең, қазақ тілі туралы проблема көп. Жаза берсең, таусылмайды… Ең бастысы, ана тілімізді ардақ тұтайық, ағайын!!!
09.12.2012
Вернуться назад